Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Роман-Өмір...

22.07.2016 3905

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Роман-Өмір

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Роман-Өмір - adebiportal.kz




БАСТАУ


жолтай ага.jpg

ҚАДІРЛІ ДОСТАР! Міне, Наурыз да келіп қалыпты! Күн мен Түн теңесер, табиғат оянар, адамдар шат-шадыман болар, бір-біріне құшақ жаяр, өкпе-реніш атаулыны мүлде кешірер аяулы да әзиз ай бұл! Мұсылманша жаңа жыл қадамы осы кезден басталмақ! Бәріңізге биылғы жыл – бақыт, қуаныш, шаттық жылы болғанын тілеймін! Әр Наурызға аман-есен жетуге жазсын! Мен сіздермен, қадірменді оқырманым, соңғы бірер жыл бойы ФБ-да жолығып жаттым. Кейде «Ел мен Елес» деп толғап, кейде «Ол туралы Ода» боп толғанып, көп сырды ағыттым. Бірін аса айтқан болармын, бірін баса айтқан болармын – әйтеуір көңілде кір сақтап қалғам жоқ. Бәрі де жүрек сыры... Ал, бүгіннен бастап өз өмірімде өшпестей болып есте қалған кейбір сәттерді /әрине, шағын формада/ баян етіп көрсем деп ниет еттім. Оқып байқарсыздар! Ұнамай жатса, еш өкпе жоқ. Талғамға талас жоқ деуші ме еді алдыңғы буын ағалар...

Не туралы әңгімелесем де тек шындыққа жүгінерім хақ. Ұлы Абайдың жасына жеткен жайымыз бар екен. Ендеше, бұдан былайғы сөз – хақиқат аулынан алыстамағаны абзал ғой.


АЛДЫҢҒЫНЫ МОЙЫНДАМАУ


Ұмытпасам, осы Мәуленов Сырбай ақында мынадай жыр жолдары болушы еді.

«Ақындарда асқақтық қашанда әдет,

Ойлап едім Абайдан асам ба деп,

Қардай еріп кететін ғұмыр қалды,

Тағдыр мұрша бермей тұр жасауға көп...»

Бұл арқалы ақын Қасым туралы толғауы болатын-ды. Осындайда еске түседі, университетті бітірер жылы диплом жұмысымды «Тургеневтің романдары – қазақ тілінде» деп алып, біраз тер төккенім бар. Жетекшім болған белгілі қаламгер Жаппар Өмірбеков ағамыз /сол шақта университетте дәріс берді/ бір әңгіме сәтінде «Ой, шіркін, жастық желікті қойсаңшы, енді бастап жазуға кіріскен жылдары Сәбит Мұқанов кім, мен онан қалайда асып түсем деппін, қазір ойласам, Мұқанов қайда, мен қайда» деп өкініш аралас сырын ашқан-ды. Рас-ау, жастық желік не дегізбейді! Біз де әнебір жылдары өзіміздің алдымыздағы талантты ағалардың шығармасына астамсып қарап, өзімізше мықтысынғанбыз. Бұрқырап сөйлегенбіз. Бұрқ-сарқ қайнағанбыз! Байқаймын, бізден соңғы, біздің ізімізді қуған толқын қалам иелері де солай. Ал, олардан кейін көрініп-шығып келе жатқан жас буын тағы да сондай сезімді бастан кешірері тағы шындық! Міне, өмір заңы! Біз кейде жас таланттарға «тым аспандап, биіктеп сөйлейсің» деп ренжіп жатамыз. Асылы, біздікі дұрыс емес. Айтсын! Асқақтасын! Сөйлесін! Уақыт кім-кімді де сабасына түсіріп, бәрін де өз орнына қояды. Біреудің орнын біреу тартып алады деу-қателік! Орның-орнында тұр!


ТАРИХТА ҚАЛАР ДАҢҚЫММЕН...


Абитурент кезіміз есіме түсе береді. Бұл – 1974 жыл болатын! Кезек-кезек емтихан тапсырып жатырмыз. Әуелі шығарма жаздық. Одан өттік. Сосын әдебиет пен қазақ тілінен ауызша сынақ болды, одан да сүрінбедік. Бұдан кейін шет тілі. Біз секілді алыс ауылдан келген қара бала қай шет тілін оқып жарытты дейсің! «Үштік» қойып, тағы да келесі емтиханға жіберген. Төртінші сынақ өте салмақты! Тарих! Анау-мынау емес, СССР тарихы! Ал, кеп дайындалайық! Біздің арамызда кімдер бар дейсіз бе? Айтайын. Ақсұңқарұлы, Раушанов, Әбдікәрімов, Әбілов, Бекқұлов, Әлімбекұлы, Мамырбаева, Ғалымбек Жұматов, Қойтаев, Пірназаров, Орынбаев, тағы кімдер бар еді, жарайды, тізімді қысқарта тұрайын. Әңгіме әзірге бір азамат туралы ғана. Тарих емтиханы да ентелеп келіп қалған. Арамыздағы ең танымал ақын Серік Ақсұңқарұлы /сол кезде «Жалын» альманағына топтама жырлары жарияланған еді/ тарих сынағынан «құлап» қалды. Бәріміз өкініп жатырмыз. Бір досымыз тап осы жайсыздау сәтте Ақсұңқарұлына «Жалынды» әкеліп, автограф сұрамасы бар ма? Секең жазған автографты қараңыз: «Тарихта қалар даңқыммен, Тарихтан құлап қалдым мен...»


«РАУАННАН» БАСТАЛҒАН...


Жас көңілдің асқақтауын қоя беріңіз!

Журналистика факультеті жанынан «Рауан» деген әдеби бірлестік ашқан едік. Бастамашы да – өзіміз. Алғашында мүлде елеусіз болған, ешкім де елемеген, тек жатақханада ғана оны-мұны кездесу-талқылау өткізіп жүрген бізді бір күні факультет деканы Темірбек Қожакеев шақыртты. Сыншы досым Жұмабай Әбілов қашқақтап, кіруге бата алмаған. Мен бардым. Істеп жүрген жұмысымызға риза болмай, сынап, сілкілеп алатын болар деп ойлағам. Қожакееевтің мінезі бәрімізге де аян. Сонда да тәуекел деп кабинетіне кірдім. Темкең мені көре сала жадырай сөйлеп: «Әй, сендер әдеби ұйым құрған дей ме, онда неге бізден жасырып жүрсіңдер?» дегені. Басымды қасығам. Қаһарлы Қожакеев алдында тіліңді сүйреңдетіп көр! «Бар, ана Қабижанға! /Құсайынов ағай/. Соған тапсырдым. Енді бұдан былай сендердің ұйымдарың Сералин атындағы әдеби бірлестік болады» деді. Шығып кетуге асықтым. Мейлі! Кімнің атын берсе, соның атын берсін, әйтеуір жұмыстарың теріс демесе болғаны! Бар жетістік сол! Міне, осылайша «Рауаннан» басталып, аяғы М.Сералин атындағы бірлестікке ұласты. Бұл бірлестік айналасына сол кезеңдегі өлең-әңгіме жазуға бейімі бар қыз-жігіттер көптеп-молынан топтасты. Тіпті өзіміздің қабырға газетіміз де болды. Талай нөмірі жарыққа шықты. Сол қабырға газетінде танылған жас қаламгерлер кейіннен республикалық басылымдарда көріне бастады. Неге ежіктеп жазып отырмын? Маған көптеген курстастарым осы әдеби ұйымның қалай басталғанын неге жазбайсың деп кездескен сайын айтады. 2002 жылы жарыққа шыққан «Оянған ұрпақ» романымда кейіпкер монологы арқылы аз-кем тоқталғаным бар-ды. Бірақ... көп айта беретін не бар? Несі мақтаныш? Осы да жетер...


«АЛА ТОРҒАЙ»


Университеттің бірінші курсында оқып жүрген кезімде «Балдырған» балалар журналы /ол кезде беделі қандай еді/ бір беттік қысқа әңгімелерге жабық бәйге жариялады. Қатысқым келді. Өйткені осыған дейін бір-екі әңгімем «Қаз. Пионеріне» жарияланып үлгерген-ді. Қатар жүрген дос-жоралар қамшылап жіберді ме, дереу отыра қалып «Ала торғай» деген әңгіме жаздым. Бір-ақ бет! Сосын бүркеншік атпен бәйгеге жолдап жіберейін. Озып шығармын деген ойымда да жоқ. Үміттенген де емеспін. Бір күні курстасым, ақын досым Шәкизада Әбдікәрімов түн ішінде бөлмеме іздеп келіп тұр. Қолында – вино! «Ала торғай» үшін ішкім келеді» дейді. Оны қайдан біледі? Ешкімге де көрсетпей, жасырын жолдап жіберген едім ғой. Сөйтсем, Шәки досым күндіз Баспасөз үйіне барып, сол жақтан соңғы жаңалықты естіпті. «Балдырған» бәйге берген авторлар арасында мен де бар екем. Бұл – менің тұңғыш рет аталып, марапатталып, бәйге алуым болатын! 18 жастағы бозбаламын. Қатты қуандым. Әсіресе, осы жаңалықты талантты ақын досымның аузынан естігенім одан бетер қуантты. Айтайын дегенім – осы сыйлық мені қатты қанаттандырды. Студент кезімде балалар тақырыбына көптеген әңгіме-ертегілер жазуыма ықпалы зор болды. Сыйлық тапсыру сәтінде Мұзафар Әлімбаев ақсақалдың арқамнан қағып, «тәп-тәуір балалар жазушысы болатын түрің бар» дегені қазіргі күні де есімде. Осы күнгі төменгі сынып оқушыларына арналған әдебиет оқулығына кірген бірлі-жарым әңгіме-ертегілер сол шақта қағазға түскен еді. Бірақ... аға буын қаламгерлер жүктеген сенімді ақтамадым-ау деймін! Мықты балалар жазушысы деген кім? Қалай және қайтіп жазу керек? Қайтсе жазғаның жас буынды баурап әкете алады, шын мықты туынды деп қабылдайды? Оны бұрын да білмегем, қазір де айта алмаймын! Білсем – болмаймын ба!


БӘРІ «ҚЫРАШТАН» БАСТАЛҒАН...


Қызық! Журналист ағайындар осы күнге дейін менен әлденеше рет сұхбат алған болар. Сол сұхбаттың басым бөлігі «туған жеріңіз қайда?» деген сауалмен басталып жатады.Бір есептен дұрыс та шығар! Қайсыбір қаламгерді алсаң да өзі туған жерді /мейлі, ол өте кішкентай ауыл болсын/ емірене, тебірене еске түсіріп отырады, өлең арнайды, көркем сөз кестелейді. Менің де туған ауылым – кішкене ғана елді мекен! «Қыраш» деп аталады. Сыр бойы мен Қаратау аралығындағы ауыл! Шамамен 100-120 отбасы тұрып жатқан болар-ақ! Сол ауылда мектепке бардым, сол ауылда ең алғашқы шығармаларымды шимайладым. Содан соң... арман қуып, Алматы кеттік. Журналист болып Қызылордада жұмыс істедік. Қайтадан Алматы оралдық. Одан Астанаға дегендей... Айтпағым – өзімнің кішкентай ауылым жайлы осы күнге дейін ештеңе жазбаппын! Естен шықты ма дейсіз бе? Қайдан! Түнде түсіме кіреді, күндіз де ойыма оқтын-оқтын оралып қояды. Бірақ... неге ауылым туралы толғана алмаймын? Өзім де түсінген емеспін. Білерім біреу ғана. Бәрі-бәрі де осы ауылдан басталған. Осы ауылдан тартылған сүрлеу-соқпақ! Мен осы күні қандай жетістікке жетсем де, соның бәріне себепкер – Қыраш! Егер сол ауылда тумасам, оқымасам, суына шомылып, жусанына аунамасам, қуана шаттанып, ызалана жыламасам, іштей буырқанып, арман жолына түспесем – мен кім болар едім? Тұнық ауаңды емін-еркін жұтып, түнгі жұлдыздардың жымыңдағанын қызықтамасам, мейірімі мол кісілердің аялы алақанын сезінбесем, жақсылардың жылы лебізіне бөленбесем – кім болар едім? Білмеймін... Кешір, Қыраш! Сен алып шынар болсаң, біз деген бір бұтағың ғана шығармыз ары кеткенде! Әйтпесе, ол да жоқ! Шынардай боп шырқап, көкке қол созып, мәңгі жасай берші, Қыраш! Сен аман болсаң, әлі-ақ талай-талай таланттар ме мықтыларды дүниеге әкелерсің! Оған имандай сенем! Шексіз сенемін-н...


«ЖАЛЫНҒА» ЖАРИЯЛАНДЫҢ – ТАНЫМАЛ БОЛДЫҢ...


Өзім үшін емес, бүгінгі жастар үшін айтқым келеді. Баяғыда-а...біздің жас күнімізде шығармашылықпен танылу деген өте тез, тіпті бірден құбылыс болып кететін. Айталық, сол кездегі ең танымал әдеби жастар басылымы «Жалын» болса, оған көркем дүниесі жарияланған жас ертеңіне-ақ дүиім жұрттың аузында жүретін-ді. Менің де басымнан өтті. 1976-жылы «Жалынға» «Жүрек тілі» деген шағын әңгімем жарияланды. Сол-ақ екен, жер-жерлерден хат топырласын. Тіпті алыстағы Қарақалпақстаннан да бір жас оқырман менің атыма хат жолдаған. Әдірісімді білмеген соң, университетке жіберіпті. Әттең, балалық қой, сол қарындасқа қайтара жауап хат жазбаппын. Таңғы шықтай сезімін сыйламағаным қандай өкінішті! Айтайын дегенім – сол «Жалынның» кезекті нөмірі біздің ауылға да жетпей ме! Әкем сол кезде ауруханада емделіп жатса керек. Бір таныс құрдасы басылымды әкеліп беріпті. «Балаң жазушы екен ғой» дейді әңгімем шыққан бетті ашып тұрып. Сонда әкей мұртын сипап қойып, «Әй, ол мұрынбоқтың жазушылық несін алғаны, қазақтың қасиетті де кестелі сөзімен осы күні көрінген бала-шаға ойланбай-қорықпай ойнай беретін болыпты-ау!» деп жерге шырт түкіріпті. Мына пақырыңыздың жан қинап, тер төге жазған еңбегіне ең алғашқы естіген сын пікірі осылай болған. Ашығын-ақ айтайын, мен отызға келгенде әкем өмірден озды, бұл пендеңді жазушы деп, кітап шығарған жас талант деп назарына да ілген жоқ. Бәлкім, дұрысы да сол ма? Қазіргі күні бірнеңе жаза бастаған сәтте, аяқ астынан әкем еске түссе, қолымдағы қаламым еріксіз діріл қағатыны бар...



САҒАТ АҒАМА СЫНШЫ КЕРЕК...


Ой, шіркін-ай! Бәрі де еске түсе береді екен ойға берілсең! «Жалынға» әңгімем шығып, өзімше жазушы атанып, шалқып жүрген шағымда бір жолы Жазушылар Одағында Сағат Әшімбаев ағам кездесе кеткені. Ол «Жұлдызда» сын бөлімін басқаратын. Бұрыннан әдебиеттің білгірі, жаны таза аға санап, жақсы сыйлайтынмын. Жылы амандастым. Сол-ақ екен, Сағат ағам мені қолымнан ұстап алды да, кабинетіне алып кірді. Сосынғы айтқаны: «Сен сын жазып көрші!» Айтты да, қолыма екі-үш балалар ақынының кітапшаларын ұстатты. «Осы кітапшаларды емін-еркін талда, ойыңды білдір, ұнамаса сынап жаз!» Бұдан соң сылтау айтуға еш мүмкіндік болмай қалған. Кітапшаларды алып, жатақханаға қайттым. Көп ұзатпай, сын мақаланы да жаздық. Сағат ағаға апарып бергем. Ұнамайтын болар деп ойлағам. Жоқ! Ұнапты. 1976 жылғы «Жұлдыздың» бір нөміріне «Төрт кітаппен тілдескенде...» деген тұңғыш әдеби рецензиям жарық көрген. Айтайын дегенім – сол сын мақала маған сор боп жабысты. Төрт автордың бір-екеуі қыр соңыма түсіп алып, кез-келген жерде мені мұқатады да жүреді. Арыма тиетін сөздерін құлағым шалып қалады. Содан бастап, сыннан мүлде бас алып қаштым. Сағат ағама жақын жолауды қойдым. Сын бөлімін айналып өтем. «Келсеңші» десе де неше түрлі сылтау айтып, қашқақтаймын. Осы күндері сын жоқ дейміз. Неге жоқ? Оны мен, шамасы, түсінетін сияқтымын. Біз, қазақтар, сынды дұрыс, өз деңгейінде қабылдауды үйренбей-ақ қойған халықпыз. Сынаса болды, өзімізге жау санаймыз. Аяқтан шалушы деп есептейміз. Теріс пікірлі адам болып шыға келеді. Содан соң әділ сын қайдан болсын! Сені түсінемін, Сын! Сенің жолың сондай ауыр! Сондай тастақты-ы...


«ФИЛОСОФИЯ» ДАУЫ


Шын сөзім, осы сын жазуды мүлде қойдым, енді ол ауылға ат басын бұрмаспын деп жүрген кезім-ді. Ол біреулерден қорыққандық-сескенгендік емес, ең алдымен сын деген киелі жанрды құрметтеу болса, одан кейінгі сылтау – екі кеменің басын ұстамайын деген ниет-ті. Студент кезде-ақ жас жазушы деген атқа иеленіп алып, кеудемізге нан пісіп жүрген шақ. Өзімнің әңгіме етіп жазармын деген жоспар – ойларыма уақыт әзер-әзер жетіп жүрген шақ. Ал, сыншы болу үшін өте көп білу, өте көп оқу шарт! Шығарманың бетін қалқып айтып, текіректеп шапқаннан жақсы сыншы болып кете алмайсың! Демек, сынның абырой-беделін де сол кезде-ақ барынша түсіне бастасам керек. Тып-тыныш жүрген мені досым, кейін ғылым докторы болған Жұмабай Әбілов қайрап кеп берсін! «Тынымбай мен Мараттың екі повесіне пікір жазайық» деді. Сол жылдары Т. Нұрмағамбетовтің «Қош бол, ата!», М. Қабанбаевтің «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» деген повестері «Жалынның» жабық бәйгесінде жүлде алып, дүркіреп тұрған шағы. Көнбесіме қоймады. Пікірдің сұлбасы да әзір екен. Енді менің ойым керек. «Тынымбай ағаның шығармасы балалардың ұғымына сай шыншыл туынды, ал Марат ағамның повесінде бала ұғымына өте ауыр тіркестер, былайша айтқанда «философия» қаптап жүр» деп едім, Жұмабай осы ойымды қағып алды да, дереу мақалаға кіргізе бастады. Қысқасы, сол әдеби сын мақала 1977-жылы «Жалын» альманағында «Бала ұғымы және шығарма» деген атпен басылды. Жұмабай екеуміздің атымыздан. Арада бірнеше күн өткенде Марат ағам кездесе қалмай ма! Ал жатып кеп ренжісін! «Менің шығармамды дұрыс түсінбепсіңдер, қазіргі балалар өте алғыр, талғампаз, ойлы, терең, олар бұрынғы Қожа емес» деп өкпе-назын жасырмады. Ыңғайсыздандым. Аса қатты сыйлайтын ағам, көңіліміз де жақын, тұңғыш кітабыма редактор болмақшы еді. Айтайын дегенім – ағам енді маған кек сақтайтын болар деп ойлағам. Жоқ! Келесі кездескенде менің «Біздің команда» деген балаларға арналған пышақтың қырындай әңгіме-ертегілер кітапшам турасында келелі кеңес берді. Кейбір дүниелерді қайта қарап, ал кейбірін мүлде алып тастау керектігін айтып, жанашырлық танытты. Сөздерін құп алдым. Біраз әңгімелер жарамсыз болып, «қоржынға» кеткен соң, кітапша мүлде жұқарды. Түгі қалмады десе де болғандай. Баспадан еріксіз алып кеттім. Темпланда тұрған шығарманы баспадан алып кету ол кезде сирек оқиға! Баспа басшылығы мұнымды құп көрмей, реніш те байқатты. Бірақ, амалым қанша! Жаман кітап жарыққа шыққанша, шықпай-ақ қойғаны олжа! Сосын да 1978-жылы емес, келер 1979 жылы басылды. Жаңа дүниелермен толықтыруға уақыт керек болған. Көп толғатуға тура келген. Міне, біздің жас шағымызда осындай кеудесі кең, пейілі дархан ағалар да көп болды. Әттең, Марат ағам өмірден ерте озды. Өмірінің соңына дейін аға-інілік сыйлас көңілімізді суытқан емеспіз! Кей-кейде айналамнан сондай Марат-мінез іздейтін болыппын осы күндері...


«ТҰҢҒЫШ КІТАПТЫҢ» БУЫ


Бала екенбіз-ау ол кездерде. 1979-жылы Ұлттық университетті бітіріп жатқан шақта тұңғыш жинағым – «Біздің команда» деген балаларға арналған пышақтың қырындай жұп-жұқа кітапшам жарыққа шықты ғой. Ол кезде жеке жинақ шығару өте қиын кез! Жолым болды. Әп дегеннен жас талант деген атым тез тарап кетті ме, маған қол созып, көмек берген ағалар аз болмады. Б. Соқпақбаев, М. Әлімбаев, Қ. Толыбаев, М. Гумеров, Қ. Баянбаев, Қ. Ысқақов, О. Бөкеев, Д. Досжанов, Қ. Найманбаев, т.б. Қайсыбірін айтып тауысайын. Бәріне де шоң рахмет! Айтайын дегенім- тұңғыш кітап шыққаны бар болсын, кеудеме нан пісті! Арқаланып алдым. Өзімді сәл кем ұлы жазушы болып кеткендей сезінейін! Қатар жүрген қаламдас- әріптес дос-жораларды өзімше менсінбеймін. Ой, шіркін-ай! Бір жолы Жазушылар Одағының алдында көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевты көре қалдық. Қасымда елдес досым, кейін өте тамаша журналист-публицист болған марқұм Оразбек Мақсұтұлы бар. Аяқты алшаң басып келіп, Бекеңмен амандасып жатырмыз. Оразбек алдымды орап «Жолтайдың тұңғыш кітабы шықты, соны жуып жүрген ғой» деп Бердібек ағаға түсіндіріп жатыр мына сері жүрісімізді. Бекең жылы жымиды. «Ә, білем бұл ауруды! Мен білетін қаламгерлердің бәрі де өткен жалтыр тастай өткелең жол! Тек тезірек, тайып кетпей, аман-сау өтіп кетулеріңді тілеймін!» Осыны айтты да, Жазушылар Одағына кіріп бара жатты. Оразбек маған қарады, мен оған қарадым. Сосын Одаққа кірместен, өз жөнімізбен тайып отырдық. Бердібек ағам қалай дөп айтты! Расында да көңілге уақытша орнай қалған сол бір әулекі бу-мінез кейінірек таяқ та жегізді, орға да жыға жаздады. Әупірімдеп, құрдымға құламастан, аман-сау өттік-ау деймін. Өйткені, аманмын ғой. Бармын ғой араларыңызда! Оған да тәуба!.. 


Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар