Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

04.04.2020 9134

Шыңғыстаудың бір шыңы 12+

Шыңғыстаудың бір шыңы - adebiportal.kz

Тәуелсіздік түңлігімізді түріп, еліміздің еңсесін тіктеді. Кеудеміздегі ұлттық рухты оятып, санамызды сілкінтті. Оянған жұрт тарихын зерделеп, арыстарын түгендеп, әдебиет пен мәдениетіне терең үңіле бастады.

Отар болған елдің тарихын отарлаушылық көзқарастан арылту үшін әр салада ұлттық ғалымдар бой көрсетті. Жалған жаламен аяусыз жапа шегіп атылып, айдалып кеткен арыстарды ақтады. Олардың шығармашылық мұраларына тәуелсіз ой, жаңа көзқараспен үңіліп зерттей түсті. «Халық жауы» атанып кете барған халықтың өз ұлдары, асқақ рух болып қайта тірілді.

Жетпіс жыл отаршылық езгінің астында болған халықтың тұралап қалған тәуелсіз ғылымының бойына қайтадан қан жүгіре бастады. Жалған идеялармен, құдайсыз қоғамда уланған сананы айықтыру оңайға түспегені анық. Озбыр өкіметтің қолымен жасалған бірнеше қиын кезеңді басынан өткерген халық қайтадан бас көтере алмады. Әр жерден бір бас көтерген ғалымдарды, оянған азаматтарды қиянаттың қолы «қырқып» жіберді. Халықтың ауыр тағдырын, азап-мұңын тура айтамыз деп әдебиеттің қаншама өкілдері қуғанға түсті. Заңсыз жазаланып, азаматтардың құқықтары аяққа тапталды.

Өзінің бар ғұмырында қуғын-сүргін көріп, абақты мен айдаудан көз ашпаған ақынның бірі – Шәкір Әбенов. Жасаған күнәсінің не екенін де толық түсініп жатпай, тұтқынға айналды. «Бай баласы» деді, «Абайшыл» деді, жемқор басшыларға тура айтып жақпай қалатыны тағы бар. Өз сөзінде «Азабымды осы тілден тарттым» - дейді ақын. Бірақ қанша қиыншылық көрсе де өмір оны өзі жолынан, тура мінезінен, азаматтық ұстанымынан айнытып, өзгерте алмады. Хәкім Абайды ұстаз тұтқан ақынның басқадай болуы мүмкін емес те еді.

Абай, Шәкәрім, Мұхтардай ой алыптары бастаған даналар көшіне ілесіп өзі де Шыңғыстаудың бір шыңына айналған, ғасыр жасаған абыз ақын Шәкір Әбеновтың есімі қалың оқырманға кеңінен танымал. Өткен ғасырдың басында туған ақынның биыл туғанына 120 жыл толып отыр. Жүрекадырда дүние есігін ашқан жыр жампозы халқының жүрегінен орын алып, Абай мектебінің көрнекті өкіліне айналды.

Өлеңдері қоспасыз сары алтындай өмірдің өзінен туған. «Артық алу, не кем салу» (Шәкәрім) оған жат дүние. Сынағанын шырылдатып жіберетін шақпа тілі шығармаларының шырайын кіргізеді. Кейбір наданның қылығына қаһарланса қаламы қанжарға айналып қиып салады. Ал мейірленсе суретшінің жұмақты елестетер жайлауының бояуындай болып қағаз бетіне ұйып қалатыны тағы бар. Бұл шын таланттың ғана қолынан келсе керек.

Өз тауқыметке толы тағдыры арқылы елінің тағдырын жырлады. Өмірден түйгенін хатқа түсіріп ұрпаққа қалдырды. Заманға күйлеген пысықтарды сынады.

Ақын қаламынан туған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Кейпiн батыр", "Таңшебер-Жапал", "Тоқтамыс" поэмалары ұлттық әдебиетіміздің жауһарлары болып табылады. "Ортақ арал", "Ана махаббаты", "Патша мен байғыз", "Қорқыт қобызы" атты поэмалары аңызға құрылған астары мол шығармалар.

Ақынның бай мұрасы жас ұрпақты еркіндікке, бірлікке, имандылыққа шақырып адамшылыққа, ұлы гуманизімге бастайды.

Шәкiр ақын өткен күннен, терең тарихтан мол сыр шертетiн тұтас бір ғасырдың тірі шежіресіне ұқсайды.

"Кең тынысты ақын" атты мақаласында филология ғылымының докторы, профессор, Рымғали Нұрғалиев "Жалпы Шәкiр Әбенов поэзиясында фольклор мен жазба әдебиет дәстүрінiң жақсы тоғысуын көруге болады» - дейді. Дулат, Әріп, Көкбай сияқты алыптардың ізін басқан Шәкір ақынның шығармаларынан қазақтың ескі жыршы, қиссалық дәстүрін анық аңғарамыз. Оны Абайдың классикалық қара өлең формасына салғанда тіптен құлпырып қоя береді. Ғалым осыны анық аңғарып отыр.

Абай үлгісiндегi ақын Шәкiр Әбенов қазақ фольклорының асқан білгірі, әсіресе поэмаларында кейбір белгілі оқиғалардың өзін ескі сүрлеуден қашып жаңа мазмұнға ауысып, кемелдендіре, көркейте жырлайды.

Ақынның әкесі Әбен де өз заманына белгілі қажы, болыс болған адам. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында Мұқыр болысының сайлауында Оразбай жағынан көреміз.

Шәкiрдiң азан шақырып қойған аты - Мұхаметшүкiр. Әкесi Әбен қажының тәрбиесiнде болған екен. Әке ықпалымен ерте ауыл молдасынан мұсылманша хат танып, Семейдегi приходская школада үш жыл оқып тәмамдайды. Уфадағы Ғалия медресесінде білім алған. Уақытының көбiн Көкбай, Шәкәрiм, Уәйiс, Әрiп, сынды Абай мектебiн көзiмен көрген шәкiрттерiнiң өлеңдерiн, толғауларын, дастандарын тыңдап, жаттауға арнаған. Сондықтан да болар ақынның судай тұнық жадына қайран қалушылар аз болмаған. Қартайған шағында да мүдірмей жатқа соғып отырады екен.

С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлиндермен жақын таныс болған. Сейфуллинге атқосшы болып, ақынмен бірге Қазақстанның көп жерлерін аралайды.

Тума талант Шәкiр жастайынан айналасындағы ақындардың өлеңiн жаттап, ақындық ортада тәрбиеленiп өседi. Жас жiгiт шағында серiлiк құрып, серуендеп, ел аралап, жыр жазып, ән салып, ақын, әншi, домбырашы және өзi де ән шығаратын сазгер өнерпаз болып қалыптасады. Бүгiнгi таңда көпке танымал, әнiмен айтылып жүрген ²Алтай аруы², ²Тарбағатай², ²Ардақтым² өлеңдерi соның айғағы.

Өзiнiң ақындық өнерiнде пiр тұтқан Абайдың өлеңдерiн жаттап, Шәкәрiмнiң ойшылдық ұлағатын аузынан естiп, Сұлтанмахмұтпен танысып, Әсетпен сөз қағыстырған.

Голошекиндiк кiшi Қазан төңкерісі және ауылды колхоздастыру кезеңінде кешегi бай, болыс, қажының баласы, өтiрiкке өгей, шыншыл, ақын Шәкiрдi тыныш жатқызбады. Көз алдында дүние мың құбылып кете барды.

Мына суреттегі ақынның 90 жастық мерейтойына арналған бағдарламалар мен белгілі қаламгерлердің қолтаңбасы қойылған альбомды Шәкір атамыз өзінің жақсы көрген туысқан қарындасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Бақыт Исабековаға Астанаға қоныс аударар шағында қимай қоштасып, «менен естелік болсын» - деп табыстаған екен.

Отбасылық өмірінде өзінің жолын қуып ақындығымен танылған қызы Дауа. Енді толысып жеткен шағында ажалдың торына түсіп жазым болғанында: «Өмірдің сахнасында жарқ етті де, жер қойнына сүңгіді бір найзағай» - деп жоқтайды. 1947 жылы Дана дүниеге келдi, кейiннен Сана тағы басқа балалары болады. Бiрақ олардың Санадан басқасы қайтыс болып кеткен. Қазiр Сана Шәкірқызы Құндызды ауылында тұрады. Шәкiр Әбенов атындағы мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етіп зейнетке шыққан зейнеткер. Шәкір Әбенов мұражай үйінің қызметкері.

Халық композиторлары Бiржан, Ақан, Естай, Әсет, Балуан Шолақ, Мәди, күйшiлер Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттiмбет, Тоқа, ақындар Шернияз, Кемпiрбай, Шашубай шығармаларын орындайды. Өзінің де 20-дан астам төл ән-күйлері бар.

«Мендей жан өлмей, сірә, тыншыға ма,

Жарыдым тыңшыға да, сыншыға да.

Мен өлгенмен, ақындық, сен өлмессің,

Мазамды алып, жанымды шымшылама», – деп жырлаған ақын талай зобалаңдар мен зұлматтарды басынан өткерген екен. 1937 жылдары қаншама алаш азаматтарын, қазақ зиялыларын көктей орған репрессияның салқынын Шәкір ақын да сезініп, түрмеге қамалады. Лагерьден тек Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары ғана босайды. Отан алдындағы «айыбын» жуу үшін штраф батальонға алынып, майдан алаңына аттанады. Соғыстың соңғы жылы қатты жараланып, туған жерге оралғанымен, көп ұзамай тағы да сталиндік режимнің тұзағына түсіп, Сібірге айдалып кетеді. Содан елге тек алпысыншы жылдардың басында ғана оралыпты.

Мұнда қазақ әдебиетінің алыптары: Олжас Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Жүрсін Ерман, Есенқұл Жақыпбаев, Ерік Асқаров, Зейнолла Серікқалиев, Төкен Ибрагимов, Серік Бекбосынов т.б. қаламгерлер қолтаңбасын қалдырған екен.

Өзі өлсе де сөзі өлмейтінін білген ақын «Өлсем өлең көрімді күзетеді» - деп тыңнан түрен салады. Шындығында ақынның көрін өлеңінен басқа кім күзетсін? Жоқтаушысы да, келер ұрпаққа аманатын жеткізушісі де сол өлең, сөзі ғана. Хәкім Абайдың «Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, өлмей тұғын артына сөз қалдырған» - деген толғанысымен үндесіп жатқандай. «Таңдайына сарқылмайтын нәр жиып, Абайдың теңізіне сусындағанының» айқын дәлелі болса керек. Келер ұрпақтың өзін іздейтінін де жүрегі сезеді, көңілі соған сенеді. «Мен өлген соң тарихтың дәптеріне, жас ұрпақтар тіркейді сенемін мен» - деп жырының биік парқын айтып отырғандай. Әрине, оның «түбі терең сөзі, ақылдың дүрбісімен үңілген жанға» ғана байқалмақ. Жәй адамға терең бойлатпайтыны белгілі. Өзі жырлағандай «Көзі ойнақы, ойы соқыр наданға, жарық айдың пайдасы қайдан болсын».

Кәрілік жеңген шағында жанына ілескен «өзінің көлеңкесінен үрейі ұшып» ақын өзін «тоқсанның торындағы тотысына» теңейді. «Орынымнан үш ұмтылып әрең тұрдым, кәрілік бөксеме іліп қойғандай тас». Кәрілік жөнінде мұнан асырып не деуге болады?! Ақынның көп толғанған тақырыбының бірі осы – кәрілік. Мұның дәрісі жоқ. Жалғыз ғана дәрігері бар екен. Ол кім десеңіз, «кәріліктің емдейтін дәрігері ажал» деп тамыршыдай тап басады. Ақиқаты сол. Амалсыз мойындайсыз.

Дүниеден қанша қиыншылық көріп, опасыз дүниеден көп опық жесе де ақынды сақтап келген жалғыз ғана дүние бар екен. Ол – үміт. «Жаратылыс тұтатқан үміт - шырақ, Тағдырдың күші жетпес сөндіруге» - дейді ақын. Демек, үміт – шырағы сөнбеген адам ғана аңсағанына жетпек. Сол үшін күреспек. Ал Шәкір ақынның арманы азаттық таңы еді. Ұлтының азаттығы, ұрпағының еркіндігі болатын. Ақын сол арманына жетті. Тәуелсіз қазақтың төрінде тоқсаннан асқан шағында тұңғыш Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа бата берді. Осылайша, ақын үміт-шырақ арқылы оқырманын, жас ұрпақты күрескерлікке, батылдыққа, қайтпас қайсарлыққа шақырады. Азаматтық рухын оятып, өмірге жігерлендіреді.

Адамды адам ететін жүрек болса, жүректі сақтайтын тазалық. Жүректің кірі – ол жалғандық, жамандық. Адамның әрбір жалған сөзі, жаман ойы мен ісі міндетті түрде оның жүрегіне кір боп жұғады. Ал, күнделікті тірлікте жаман ойға беріліп, жаман сөз айтып, жаман іс қылмайтын адам жоқ. Сондықтан да әрбір адамның жүрегі ластанады. Осылай тазалығынан айырылған соң жүрек қарая береді. Ал, жүрегінің қараюы адамның басына жамандық үйіріп, оны қайғы–қасіретке душар етеді. Ақынның өмірдегі арқасүйері жалғыз-ақ шындық қана. Шындықпен емделеді, шыдықпен дүниеге өң береді. Жалғандыққа жаны қас. Жүрегін сонымен жұбатып, сонымен тазартады. Сондықтан, «шындықпенен тазарар жүрек кірі, кір сіңбеген жүректің сөнбес нұры» - дейді.

«Салғастырып оң-терісін зерттеген адамға, өзге емес, өз өмірі өзіне ұстаз» болады дейді. Бұл да терең толғаныстан туған жыр түйіні. Өзінің өмір жолына үңіліп те адам көп сабақ алуға болады. "Менің ұстазым - өмірде жасаған қателіктерім" деген ойшыл Бернард Шоудың ойымен үндесіп жатқандай. Ал «бір кездері істеген қиянатыңды, көңілдің тасасына шөккен тұманға» теңейді ақын. Ол тұманға сіңе берсең адасып, жоғалып кетуің де мүмкін. Осыдан сақтануға шақырады.

Ұлтына ұл бола алмай, құлқынға құл болған кейбір болыстар Шәкiрдiң қатты сынына ұшырап, кейiпкерiне айналды. Соның бірі Нұғыман болысқа деген өлеңінде: «Ішінде шынжырланған төбет жатыр, сыртына періштенің кебін киіп» - деп суреттейді. Осы теңеуінен-ақ ақынның тіл байлығын, кейіпкерінің қандай жан екенін бағамдауға болады. «Қой терісін жамылған қасқырдай» басшылар бүгін де жоқ емес. Бұл мәселе бүгінгі күннің де ең өзекті тақырыбы болып отыр. Ақын осындай жандарға налиды. Адамшылық пен иманнан ажыраған елдің ертеңі қандай болатынын айтады. Сынға алып, тезге салып түзетуді көздейді.

Шәкiр өлеңдерi өзі өмiр сүрген уақытының айнымас шындығы, сол қалпында бейнелеген. Ақынның жақсылықты, ізгілікті жырларынан бүгiнгi жастарға жарқырап күндей нұрын шашады.

Шәкiр ақын кеңестiк кезеңде дүниеге келіп, "халық жауы" атанды. Қабырғалы қазақ әдебиетiне бай мұра қалдырған халқының адал перзенті.

Ақынның басынан өткен жайлар, Шәкір айтыпты деген сөздер бүгінде аңызға айналып ел ішін кезіп жүр. Оның шығармаларынан өмір сүрген уақыты, сол уақыттың өзекті мәселелерін, қоғамның өзгешелiктерiн көреміз. Ол әділет жолын таңдап, сол үшін басын бәйгеге тікті.

Белгiлi ақын Қалихан Алтынбаев "Шыңғыстың қойнауындай қатпар-қатпар" атты Шәкiр туралы мақаласында соғыс жылдарында колхоздың озбыр басшысын, қоғамдағы басқадай көлеңкелi көрiнiстердi сынап, бiрнеше өткiр эпиграммалар жазған. Ол жазғандары ел арасына кеңiнен тарап кеткен. 1950 жылдың бас кезiнде өзiн қамауға алғандағы негiзгi сылтаулардың бiреуi сол болса керек. Сол кездегi тергеу органдарының әпербақан қызметшiлерi бұған да қанағаттанбай, "Сенiң үкiметтi жамандаған тағы бiр өлеңiң бар екен. Соны жазып бер" деп, түрлi тәсiлмен қинай берiптi. Ақыры айтқанына сенбей, қинай берген соң ақын сол жерде ойдан құрап үкіметке қарсы өлең жазып береді. Бірақ мен ондай өлең жазбаған едім деп жақындарына бар сырын айтып отырады екен.

Сталиндiк репрессия, тас түрме, темiр тор Шәкiрдiң көкiрегiнен сел боп тасыған асау жырға тұсау болмады. Тағдыр тауқыметін арқалап жүрсе де қолынан қаламын тастамады. Мұны ақынның азаматтық ерлiгi деп білеміз.

Өмiрден осыншалық өгейлік көрсе де, сан мәрте құлап қайта тұрып құдайдың берген қайсарлығымен бәрiн де жеңiп шықты.

Шәкір ақын жөнінде әртүрлі естелік мақалалар, әрегідік ғалымдардың айтылған пікірлері болмаса «шәкіртану» ғылымы әлі нақты ғылыми айналымға түспеді. Алғаш ғылыми айналымға енгізіп, «Шәкір Әбеновтың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қадыров Айбар Қабыкенұлы.

Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылы ақынның туған жерінде, 2003 жылы абыз Шәкір Әбеновтың мұражай-үйі ашылды. 1962 жылы салған ақынның өз үйі бүгінде мұражайға айналып отыр. Осы үйде көрнекті ақын ұзақ жылдар бойы 60-шы жылдардың басынан 1994 жылы дүниеден қайтқанша өмір сүрген. Мұражай-үйді күрделі жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру жұмыстарынан кейін, мұражай келушілерге жаңартылған әдеби және мемориалдық экспозицияны көрсету мүмкіндігіне ие болған. Бүгінге дейін халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Мұражайда төлтума экспонаттардың үлкен топтамасы тұр. Барлық жеке заттар – киім, тұрмыс заттары, ыдыс-аяқ, сонымен қатар қолжазбалар, кітапхана, жазысқан хаттар ақынның қайтыс болғанынан кейін Абай атындағы Мемлекеттік қорық-мұражайының қорына тапсырылған. Шәкір Әбенов мұражай-үйі Абай атындағы Мемлекеттік қорық-мұражайының филиалы болып табылады, сондықтан экспозиция осы қорлардан құрылған. Экспозицияны құруда қазіргі кездегі әдеби мұражайларды құрудың басты принциптері толықтай сақталған.

Мұражайда толықтай ақынның шығармашылық зертханасымен танысуға болады. Қолжазбаларын, күнделіктері мен жеке хаттарын көре аласыз. Сол заманның әдеби өмірін көрсететін біршама экспонаттары бар – замандастардың суреттері, кітаптар, ақын достарының еске алулары. Шәкір Әбеновтың сазгерлік және ақындық қызметін ашатын материалдар көрсетілген, мұражай стендерінде дәстүрлі музыкалық аспаптары, соның ішінде жеке аспаптары да сақталған.

Шыңғыстау топырағында туған хәкім Абай, шежіре Шәкәрiмнің ізін жалғап, ұлылар ұлағатын бойына сіңірді. Шәкірдің шәкірті, інісі болған, абайлық ақын Төлеген Жанғалиев ағамыз абыз бұ дүниеден көшкенде: «Шыңғыстаудың бiр шыңы опырылды, қорқынышпен тосып ем осы күндi» - деп жоқтады. Егілмеген ел, езілмеген жүрек қалмаған шығар, сірә.

Өзінің саналы ғұмырында елім деп еңіреп өткен Шәкiр ақын азаттықтың ақ таңын көзiмен көрiп барып, 1994 жылы қазан айының 23 жұлдызында жалғаннан көшті.

Осыдан бірер жыл бұрын ақынның артында қалған ұрпағы Сана апайымыз Семейдің төрінен абыз ақынға көше берілсе деген тілегін басшылыққа айтқан екен. Бұл бір ғана Сана Шәкірқызының тілегі емес, қалың елдің тілегі! Көптен күткен ел тілегі орындалса екен дейміз.

Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар