Өмірде еткен еңбек, төккен тер еш көрінбей елеусіз жүре беретін жандар болады. Бұл олардың ешкімге еш нәрсесін бұлдамайтын кең пішілген ғажайып болмысынан шығар. Дәл осы дилеммаға қазақтың «Жақсылар жақсымын деп айталмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» өлеңі ғана шын өлшем бола алады деп ойлаймын. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой… Соңғы кездері астын сызып оқыған Абай хакімге қатысты Алмахан Мұхаметқалиқызының «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай», «Абай өмірі мен шығармашылығы хронологиясы» атты еңбегі жеке адамды айтпағанда, бүтін бір академияның атқаратын үлкен жұмысына пар. Соны жалғыз-ақ адам «ынталы жүрегімен» шын беріліп жасаған болса, оған қалайша риза болып басыңды имейсің енді. Әрине, бұл ұзақ жылдарыңды ұрлайтын, керек десеңіз бір ғұмырыңды сарп ететін ауыр мехнаттың өзі. Осы үшін де Алмахан Мұхаметқалиқызының бұл еңбегі қандай мемлекеттік марапатқа болсын шын лайық деп есептеймін. Автордың осы ерекше екі еңбегі жайында өзімен емен-жарқын тілдескен едім. Енді сол сұхбатты көп суытпай назарларыңызға ұсынсам деймін.
-Алмахан апай, алғашқы сауалымды мынадан бастасам деймін. «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай», «Абай өмірі мен шығармашылығы хронологиясы» атты екі еңбегіңізді де ерекше ыждаһатпен оқып шықтым. Сөз жоқ, тамаша еңбек. Осынша ұзақ жылдар бойы көкірегіңізде шайқап, тірнектеп жинаған қазынаңызға шын сүйсіндім. Сол үшінде айырықша алғысымды білдіремін. Жалпы сіздің бір ғұмырыңызды Абай шығармашылығынсыз елестету еш мүмкін емес. Абайға мұншама ынтызар болуыңыздың құпиясы не?
-Иә, шынайы ықыласыңызға мың алғыс! Мен ғұмырымды Абайға арнаймын деп ойлаған жоқпын. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң, Семейде облыстық редакцияларда, оқу орындарында, қызмет атқардым. Семейде жүріп, Абаймен айналыспау мүмкін емес.
Бірақ, мен қызмет бабында Абайға арналған тақырыптар, әдеби кездесу кештерді жұмыс бабындағы міндетім деп қабылдадым.
Менің жазған мақалалар мен өлеңдерімді оқып, Төкен Ибрагимов редакцияға іздеп келіп, мен жайлы сұрапты. Кейін Абай музейіне Төкен ағаның қабылдауымен қызметке кіргенімде Қайым Мұхамедханов, Төкен Ибрагимов, Бекен Исабаев ағалардың әңгіме, пікірлерін көп тыңдадым. Біршама танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткіздім.
Қайым ағамен бірнеше кездесу ұйымдастырдым. Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарына Абай жинаған мұралар жайлы мақалалар жіберіп тұрдым. Музейге келген жылдардан бастап, Төкен аға «Абай жинаған мұралар», «Абай жолы романының кейіпкерлері», «Абай өмірі мен шығармашылығы» тақырыптарын ғылыми зерттеу жұмыстары ретінде ұсынды. Қатты қиналдым. Үшеуі де ауыр тақырыптар. Басқаларға емес, осындай салмақты тақырыптар мен жауапты кездесулерді маған тапсыратын.
«Бұрыннан келе жатқан майталман мамандарға бермей, осындай күрделі жұмыстарды маған беретіні несі?» деп ренжіген кездерім де болды. Бұл ойымды реті келгенде Төкен ағаға айттым. Сонда Төкен аға:
-Қарағым, көп адамдар қызметті кәсіп ретінде қарайды. Сен ақынсың. Атқарып жүрген жұмысыңды жәй кәсіп деп ойлама. Кеше ғана өзің кездесу кешін ұйымдастырған Қайым Мұхамедханов осы мұражайға директор болып келгеннен кейін тарихта мәңгі қалған «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай шығармаларының текстологиясы» сынды құнды еңбектерін жазды.
Музей – келгендерді қарсы алып, шығарып салатын жер емес, музей – ең құнды қазына. Сен қазынаның үстінде отырсың. Осыны пайдалан! Саған ғылыми атақ-дәреженің де, орден-медальдің де керегі жоқ. Егер осы жұмысты табан аудармай атқаратын болсаң, атақ-даңқты да, байлық-қазынаны да Абай өзі алып береді.
Өзің білесің Абайды тану, зерттеу ғұмырлық еңбекті талап етеді. Бір тақырыппен ғана «абайтанушымын» деу өте қате. Мен де осы музейге келген соң Абаймен шынайы айналыстым. Абай шынымен-ақ ғажап қой. Абайтанушылар саусақпен санарлық қана. Енді Абай сендерге аманат! Егер шындап Абайға бет бұрсаң, Абай жолынан ешқашан шыға алмай қаласың», - деп бір күліп алды.
Әрине, Абай әлеміне кіру маған оңай болған жоқ. Шығармаларындағы кейбір сөздерді түсіну, астарлы айтар ойының мағынасын ұғу қиынның-қиыны. Сонда да Абай тұңғиығы мені жетектеген тайлақтай соңынан ілестіре жөнелді. Мен Абайға осылай келген едім.
-Төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясының жиырма алты тарау, екі эпилогтан тұратыны бәрімізге мәлім. Осыншама көлемді дүниенің әр сөйлемін жіті сүзгіден өткізіп, кейіпкерін тізімдеп отыруға кімнің де болсын жүрегі дауаламасы анық. Бірақ бұған сіздің жігеріңіз жетті. Сонымен қанша кейіпкерді есепке алдыңыз? Тек кейіпкерлер ғана емес, төрт кітаптан тапқан өзге де деректерді ортаға сала отырсаңыз?
-Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы көркем әдебиеттердің ішіндегі ең көп кейіпкері бар, жер-су аттары мен ру атаулары молынан берілген күрделі шығарма. Бұл еңбек менің 35 жыл уақытымды жұмсаған әр тарауын тірнектеп оқып, шұқылап, теріп, өзге де абайтанушы ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып жинақталған туынды. Осы еңбектің нәтижесінде «Абай өмірі мен шығармашылығы хронологиясы» жинақталды. Осылайша екі туындыны қатар тізгіндеп шықтым. Әрине, бірнеше ғалымдар бірлесе отырып, бір академияның атқаратын жұмысы ғой. Әлемге кеңінен тараған әйгілі роман-эпопеядағы кейіпкерлердің аты жөндерін тек қана тізіп шығумен шектелмей, әр кейіпкердің туысқандық, достық, рулық байланысы, тарихи оқиғаларға қатысы, өзектес, сабақтастығын анықтау осы күнге дейін толық зерттелмеген тақырып еді. Әлем әдебиетін зерттеушілердің бірінің еңбегінде: «Абай жолы» романы көркем әдебиеттердің ішіндегі ең көп кейіпкері бар, жер-су аттары мен ру атаулары молынан берілген күрделі шығарма» дегенді оқып едім.
Романдағы жер-су атауларын тізбелей отырып Құнанбай әулетінің 15-17 қыстау-қонысы болғаны да белгілі болды.
Бір көңіл бөлетін мәселе – «Абай жолы» романындағы кейіпкерлер мен жер-су аттарының әлі күнге дейін толық тізімі жасалып, нақты саны айтылмаған екен. Интернеттегі тест сұрақтарының бірінде «Абай жолы» роман-эпопеясында 953 кейіпкер бар, оның 91-і Абай өмірбаянынан алынған» деп беріліпті. «Абай жолы» туралы мәлімдемедегі роман кейіпкерлерінің тек 36-сы ғана тізіліпті.
«Абай жолы» романының укипедиясының «кітап кейіпкерлері тарауында бас кейіпкер Абайдан бастап 192 кейіпкердің есімін тізіп, түсінік бергенімен нақты саны жазылмаған. Азамат Қасымның «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында: «Абай жолы» роман-эпопеясында 407 жер-су, 5 мыңнан астам кісі есімі аталады екен. «Шіркін-ай, осы 407 жер-су атауы түгелдей тізімделіп, «бұл жерде ұлы Абай қыстау салған», «мына жерде ақын сүйікті ұлымен қоштасқан» деген белгілер қойылса қандай ғажап болар еді» деген дерек келтіреді. Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекені» жинағындағы деректе 463 кейіпкердің бар екенін жазады. «Абай жолы» романының кейіпкерлері» деген тақырыптағы мақаланың авторы Ж. Өсербай біршама кейіпкелерге түсініктеме беріп, тізбелеп шыққанымен нақты санын көрсетпеген екен.
Зәки Ахметов «Абай жолы» қалай туған?» мақаласында: «Эпопеяда Абайдың өзін былай қойғанда, Әбіш, Мағаш, Оспан, Базаралы, Тоғжан, Әйгерім, Ұлжан, Құнанбай, Әзімбай, Тәкежан, Оразбай, Бөжей, Жиренше, Майбасар секілді сол дәуірде, сол ортада өмір сүрген прототипі бар кейіпкерлер мейілінше, мол. Солармен қатар Дәрмен, Дәркембай, Иса, Иіс, Сейіт, Салтанат секілді түгелдей дерлік ойдан шығарылған кейіпкерлер де аз емес. Және оларды осылай екі топқа тек шартты түрде бөлуге болады. Өйткені, олардың арасынан жарылып айырылғандай пышақ кесті жік табу қиын», – дейді. Романда ойдан алынған кейіпкерлер болса, олар бірлі-жарым ғана екені айтылған. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын - оның өткен өмірін тарихын, оның түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқырай ашылып, жан-жақты айқындала, тереңдей түседі.
«Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүниежүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. 1939 жылы жарық көрген «Абай» трагедиясына дейін-ақ Мұхтар Әуезов Абай жайында роман жазуға бел байлағанмен 1937 жылы жазылған «Татьянаның қырдағы әні» атты үзінді мақала романның тарауы ретінде жоспарлаған екен. Алғашқыда автор романға «Телғара» деген ат бермекші болғанымен жұмыс барысында романның шеңбері кеңейе түседі.
Абай жайында роман жазу жолында жазушыға кездескен кедергілер мен қиындықтар да аз болған жоқ. Ең алдымен материал тауып, жинаудың өзі қияметтей қиындық келтіргені белгілі. Құнанбай, Абай, Бегеш, Жиренше, Оразбай, Базаралы тағы өзгелер туралы көп білетін көнелер, ақылгөй ақсақалдар, шежіреші қариялардың айтқандарын жазушы әр кезде жалықпай 30 жылдан артық уақытын сарп етіп жинақтап, жазып отырған. Мұхтар Әуезов бұл жайды былайша баяндайды: «Жас шағында Абайдың іні-досы Кәкітай, Көкпай, Мұқа сияқты кісілерден естігенім романды шындық мәліметтермен толықтыра түсуге көп себеп болды. Абайдың әкесі Құнанбаймен көп алысқан Жігітек сияқты рулардың қарт-қариясымен көп кездескенім бар. Абайдың өмір бойы досы болып өткен ертегіші Баймағанбет те көп қызық жайларды баян еткен еді» дейді. «Абай жолының» бас кейіпкері – Абай Құнанбайұлы. Абайдың адам, азамат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің ойы-қыры, қия-қалтарысымен өріле суреттеледі. Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық тіршілігін, оның көп бұралаң тағдырын, ой-арманын, мақсат-мүддесін, күрес-тартысын, салт-дәстүрін, дала мектебін, ата жолын, киім үлгілерін, тұрмыс салтын, жылқы атауының түрлерін, ру атауларын, көш барысындағы уақытша тігілетін үйлердің түрлерін бәрін түгел шарлап шықтық. «Халық» дегенде, бұл ұғымның негізінде ұлттың әдет-ғұрпы ғана емес, ұлттық рухтың да жататыны сөзсіз. Демек, «Абай жолында» кешегі қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы ғана емес, күллі рухы сайрап білініп тұрады. Әлем мойындаған роман-эпопеяның ерекшелігі де сол.
-Аталған осы еңбегіңізде Абай дәуіріндегі жер-су атаулары 337 деген цифрды көрсетесіз. Сұрайын дегенім осы есімдер қазақтың байырғы төл атаулары ма? Кешегі кер заманда бұл жер-су атауларының қаншасы бұрмаланды? Осының ішінде орыстанған жер атаулары бар ма? Бар болса қайтадан төл қалпына келтірілді ме?
-Мұхтар Әуезовтің «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» атты кітабына енген «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихынан» деген бөлімінде бірнеше пікірлер берілген. «Абай жолы» эпопеясынын жазылу тарихы романға деректер іздеп, мұрағат көздері болмағандықтан, мыңнан астам кісілермен әңгімелесу, естеліктер жазып алу арқылы, өткен тарихи шындықты табиғи қалпына келтіруге сүйенгені айтылады. Романдағы кейіпкерлер, жер атаулары, рулар, ел билеу жүйесіндегі өзгерістер өмірдегі тарихи шындықтан алыс емес, көркем тілмен өзгеріссіз жазылған. Романдағы жер-су аттарын оқиға желісіне сай түсініктеме берілді. Шығармадағы романның кейіпкерлері, барлық рулар, жетекші адамдар, ру тараулары, тіпті жер-су атауларына дейін өз аттарымен берілген. Мәселен: Түйеөркештің Сүйіндік қонысы, Абайдың Тоғжанмен танысқан жері екендігі айтылған. Бөкенші асуы - Бөкенші руының атымен аталған қоныс. Балпаң – Жігітек, Көкше руының қонысы. Қарауыл төбе – ауыл іргесіндегі биік төбе. Қазір осы жерде Абай тойы өткізіліп жүр. Қарауыл өзені – Абайдың Ерболмен танысқан жері, романда Қарауыл өзенінен Абай Тоғжанның ағаларынан жасырынғанда Ерболдың өгізбен өткізіп алатын достығы тамаша суреттеледі. «Сап-сап көңілім сап көңілім» өлеңіне себеп болған оқиға да осы. «Батыра шалғын» деген жер атауы - барымташылардың мал айдаған жері. Жалпақ – Семейге қарай бекет жолындағы Көкен руының қонысы. Балта-орақ - Семейге жақын жердегі қоныс. «Абай жолындағы» нақты дәлелдерге сүйенсек, «Балта-Орақ» деген атауы болған екен. Кейін фонетикалық жағынан өзгеріске ұшырып, «Балтатарақ» аталған. Қарашоқы – Шыңғыстың үлкен биігінің бірі Қодар мен Қамқа оқиғасы болған жер. Бөкенші, Борсақ руының қыстауы. Верный (Алматы) – қазіргі Алматы қаласы. Кереку – қазіргі Павлодар қаласы. Үркіт – Иркутск. Осылайша шағын түсініктермен тізбектеле береді. Шыңғыс, Жидебай, Қарашоқы, Түйеөркеш, Бетқұдық, Тоқмамбет, Мұсақұл секілді қыстау-қоныстар тартыс, күрес, соғыс алаңына, екі жақ, қалың қол жинап, майдан ашқан аренаға айналған тарихи мекендер. XIX ғасырдың 2-жартысындағы қазақ өмірінің бұл романнан тыс қалған бір де бір қалтарысы жоқ. «Абай жолының» мазмұн жағынан алғанда жалпы жұрт мойындаған энциклопедялық сипаты, жанр жағынан алғанда қазақтың тұңғыш эпопеясы екендігі де осында жатыр. Тағы бір күрделі ерекшелік - осынау кең құлашты халықтық эпопея бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы күштердің қым-қиғаш күресіне құрылған және осылардың бәрі диалектикалық қимыл-қозғалыс, өсу-өрбу, өрістеу үстінде көрсетілген ғой. Осыған көз жеткізу үшін қазақ халқының «Абай жолы» романындағы тұрмыс-салт, ата-қоныс, жер-су, дәстүр, табиғат құбылыстары, киім үлгілерінің атаулары, қазақ даласындағы атақ-лауазымдар, барлығын рет-ретімен тізбеледік.
-Роман-эпопеяда Дәрмен, Дәркембай, Иса, Иіс, Салтанат секілді белгісіз кейіпкерлермен қатар Әзімхан, Шұбар, Шәке, Әзімбай, Елеу секілді жандардың шын өмірдегі прототипі бар ма? Сіз төрт кітапты түгелдей зерделеген адам ретінде «мынау, ананың прототипі» деп кімдерді атаған болар едіңіз?
-«Абай жолы» романы қазақ халқының дәуірін қамтитын тарихи-өмірбаяндық роман ғой. «Абай жолының» бас кейіпкері - Абайдың өзі екеніне куә бола отырып, біз ақын өмірінің елу жылына айғақ боламыз. Абайдың адам, азамат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің ойы-қыры мен қия-қалтарысымен өріле суреттеледі. Романдағы кейіпкерлер, жер атаулары, рулар, ел билеу жүйесіндегі өзгерістер өмірде болған қалпында өзгеріссіз беріліп, ойдан алынған кейіпкерлер болса, олар бірлі-жарым ғана екені айтылып жүр. Мұндағы әр кейіпкердің орны ерекше. Мәселен, «Құнанбай заманының кейіпкерлері, «Абайдың туысқандық айналасы» туралы арнайы бөлімдер бар. Әр кейіпкердің кім екені, оқиғаға қатысты болмысы энциклопедиялық нұсқамен түсіндірілген. Құнанбай, Көкбай, Шұбар, тағы басқа образдары мейлінше ескіліктің құрсауына шырмалып, жаңаның алдында санасы сәуле бермес қараңғы, қаскөй, надан, озбыр болып көрініс тапқанымен, олардың аузынан шыққан сөздерде удай ащы шындық, автордың өмір сүріп отырған заманына, ондағы саясатқа деген көзқарасы жатыр. Романдағы 814 кейіпкердің әрқайсысының атқаратын рөлі ерекше. Солардың ішінде ішінде Абай заманында өмір сүрген танымал тұлғалардың есімдері Мұхтар Әуезовтың өмір сүрген заман ағымына қарай прототип арқылы берілген. Мәселен, бірінші кітапта Шәке бейнесі арқылы көрінген Шәкәрімді артынша келесі кітапта жиынтық образ Дәрменге ауыстырады. Дәрменмен қатар ұшырасатын тағы бір кейіпкер – Шұбар. Романның екінші кітабының жарық көруінен соң қатал сынға ұшырады ғой.
Осы кейіпкер жөнінде Сәбит Мұқанов: «Әуезов жолдастың былтыр басылып шыққан «Ақын аға» деген романында Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді. Оның Шәкәрім екені өзінен-өзі көрініп тұр. Бұндай бандиттің кітабын біз талқылап жатпаймыз», – деп кесіп айтқаны бар.
Шындығында, романға зер сала қарасақ, Шұбардың болмыс-бітімінен, кесек сөздерінен Шәкәрім тұлғасын айқын аңғара аламыз. Романында Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов – Әзімхан бейнесінде суреттеледі. Әлихан мен Абайдың біз көп айта бермейтін туыстық қатынасы бар. Әлихан Бөкейханның сүйегі төре болғанымен, сүті – тобықты. Әлихан мен Шәкәрім екеуі – бөле. Шәкерімнің шешесі мен Әлиханның шешесі – апалы-сіңілі адамдар. Әйгілі Мамай батырдың ұрпақтары. Шәкерімнің анасы – Төлебике, Әлиханның анасы – Бегім. Қарағандылық профессор, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов айтқандай, Әлихан мен Абайды кездестірген екі адам бар. Бірі – Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» роман-эпопеясында Әзімхан деген кейіпкер арқылы Әлиханның бейнесін сомдайды. Екінші адам – Рамазан Тоқтаров. «Абайдың жұмбағы» романында жолықтырады. Туыстығы демей-ақ, Қарқаралы жағын былай қойғанда, біздің пайымымызша, Әлихан орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің статистика бөлімшесінде жұмысқа орналасқан тұста, атақты Михаэлиспен, Тянь-Шаньскиймен, Абаймен қызмет атқарған» дейді. А. Байтұрсынұлының Абай туралы жазған «Қазақтың бас ақыны» мақаласында зерттеуші былай дейді: «…жазушы Ғалихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Луис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған…» дейді. Абайдың алғашқы бата алған ақыны Дулат Бабатайұлы романда – Барлас болып өзгертілген. Абайдың саяси жер аударылып келген халықшыл-ревалюционер достарының бірі – Федор Иванович Долгополов романның «Абай жолы» деп аталуына дейін, «Долгов» деп берілсе, кейін Абайдың Семейде танысқан жаңа досы, Тобольск түрмесінен босап, Семейге келген – Ф.И.Павлов деп жазылады.
Аягөз өңірінің белгілі айтыскер ақыны Жанақ Сағындықұлын романда Садақ ақын деп көрсетеді. Қадырбай ақын да өмірде болған, Аягөз өңірінің тумасы, Найманның Сыбан руынан шыққан белгілі ақын – Сабырбай Ақтайлақұлы. Сыбан руынан шыққан он жеті ақынның бірі, айтыс өнерінің аса көрнекті өкілі, ақын Түбек Байқошқарұлы – Шүмек деп беріледі. Орыс жерінен Семейге айдалып келген Абайдың досы Е.П.Михаэлис романда Михайлов деген атпен белгілі. Семейге келгенде үнемі өзі түсіп жүретін үйдің иесі, Әнияр Молдабаев – Данияр Қондыбаев деп суреттеледі. Әнияр Молдабаев Семейге келіп қызмет жасап жүргенде Абай өзінің әулетінен мал жиғызып, 30 бестінің қаржысына Семейдегі Москвин деген орыстың үйін Әниярға сатып әпереді. Әниярдың үйі Семейге келетін Тобықты елінің игі жақсылары ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермекұлы, Халел Ғаббасұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Биахмет Сәрсенұлы сияқты азаматтар жиі бас қосатын орынға айналған. Қазір Семейдегі бұл тарихи мекен «Алаш арыстары» музейі болып ашылған. Романның өн бойында адам образдарын жасауға қызмет етпейтін бір де бір деталь, штрих, керек десеңіз, бір де бір сызық жоқ. Бәрі де мінездеу мен мүсіндеу, жинақтау мен даралау міндеттерін атқарып тұр. Әр характердің жасалу тарихы бар. Әр образ тип дәрежесіне дейін көтерілген. Басты кейіпкерлер ылғи өрбу, өсу үстінде көрінеді.
-Семейдегі Республикалық Абай қорық-мұражайында 1992 жылдан бастап табаны күректей 18 жыл бойы ғылыми қызмет істеген екенсіз. Қолымыздағы мына «Абай өмірі мен шығармашылығы хронологиясы» атты кітабыңыз сол кезден бері тірнектеп жинаған еңбегіңіздің жемісі екендігі анық. Бұл кітабыңызды «Абай заманындағы абайтану», «Кеңес дәуіріндегі абайтану», «Бүгінгі абайтану» деп үш бөлімге бөліп қарастыруыңыздың мәнісі не?
-Абайды оқыған сайын, әр сөзіне мән берген сайын, заманалар көшінде жіберіп жатқан кемшіліктерімізде саралана түседі. Әр заманның ағымына қарай айтылуға тыйым салынған тұстары болады. Абайтануды үш кезеңге бөліп зерделеу осының айғағы. Абайтанудың тұңғыш бастауында Абай өлеңдерін қағазға түсірген Мүрсейіт Бікіұлы тұр. Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл. Абайтанудың көшін бастап берген және қалыптастырған Алаш қозғалысының жетекшілері, «абайтанудың» тұп қазығы және негізін қалаушы Алашорда көсемі – Әлихан Бөкейхан. Ең алғаш Абай туралы деректерді жинап, қолжазбаларымен танысқан алаш ардақтылары. Алаш көсемдері өздерімен бірге Абай кітабын үнемі бірге алып жүрді. Абай ұрпақтарымен байланыста болып, Кәкітайды алғаш 1900 жылы Семейде көргенін Әлихан айтады. Абай қайтыс болған соң, «Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар!» - деп, балаларына хат жазады.
«1905 інші жылы апрел аяғында Кәкітай, Абайдың жазба кітабын алып, Омбыға маған келді. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-майрам болдық. Анық таныстық ... сонан бері саясат ісінде бір одақ болдық» - дейді. Бұлар алғашқы абайтанушылар.
Абайтану ғылымы алғашқы бастауынан басталғанда біз ақынның өмір жолын, мұрасын толық танитын боламыз.
Бүгінгілер абайтану ғылымын Мұхтар Әуезовтен басталғанын біледі. Бұл Кеңес дәуіріндегі кейбір тарихи деректерді айтуға болмайтын уақыт қой.
1933-1934 жылдан 1961 жыл аралығында қанаты кең жайылған «Абайтану тарихының Мұхтар Әуезов кезеңі» дүниеге келді. Мұхтар Әуезовтің Абай мұрасы туралы іздену, зерттеу, ақын мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру жолында атқарған қызметінің қол жетпес екі шыңы болды. Бірінші шыңы, көркем сөз өнері арқылы, әсіресе, «Абай жолы» эпопеясын әлем халқы жарыса оқып, ХХ ғасырдың ұлы туындысы деп бағалап жатты. «Абайтанудың Мұхтар Әуезовтен кейінгі дәуірі» басталды.
Біршама үзілістен соң жаңа буын, жас талапкерлердің ғылыми-зерттеу еңбектері басылым беттеріне шықты. Осы жаңа буын, жас толқын жастар өкілі ғылыми тұрғыдан ізденіп, жаңа таным, тың көзқарас тұрғысынан келіп, Абай мұрасының шығыстық рухани қазына көздеріне қарым-қатынасы жайлы күрделі мәселелер көтерді.
Ал, бүгінгі абайтану мәселесінің көтеретін жүгі ауыр. Кезең-кезеңдерде айтылмай кеткен тарихи шындықты зерделеу. Абайдың болыс болғандығы, музыкалық мұрасы, заңгерлігі, Абайдың музыкалық мектебінің қалыптасуы туралы мәселе әлі күнге тың жатқан тақырыптар. Абайдың ақын шәкірттерінің зерттеуін Қайым Мұхамедханов енгізді, ал, музыкалық мектебі бөлек зерделеуді қажет етеді. Абай шығармаларының әлем тілдеріне аударылуының өзі үлкен зерттеу еңбек. Абай шығармаларының аудармалары толық түпнұсқа негізіндегі ойды бере алмайды. Біз қазір Абай шығармаларының әлем тілдеріне аударылуының санымен ғана шектеліп келеміз. Мәні, мазмұны, мағынасын талдап жатқан жоқпыз. Абайды театр сахнасы мен кино әлеміне де жарқыратып шығара алмай келеміз. Саны бар, сапасы жоқ аудармалар мен өнер саласындағы Абай образын жасай алмадық.
Әрі кейбір өлеңнің пайда болу, жазылу себебімен онда айтылар ойдың төркіні Абай өмір сүрген заман шындығында, ақын араласқан белгілі әлеуметтік оқиғаларда жатқанын ашуға көп көңіл бөлетін уақыт жетті. Абай әлеміне жаңа көзқараспен, тың бағытпен қарауымыз керек. Қысқасы, Абайға жаңа көзқарас қажет... Негізі әр нәрсені саналап, сатылап қарағанда ғана нәтиже көрсетеді. Абай дәуіріндегі абайтану мен Кеңес дәуіріндегі абайтанудың ара-жігін ажыратып, салалап алмай бүгінгі абайтанудың бағытын табу мүмкін емес. Абай әлемін аласартып алмас үшін басынан, бастаудың тұнығынан бастағанымыз абзал.
- «Абай өмірі мен шығармашылығы хронологиясы» деген еңбегіңіздің 83 бетінде: «1890 жылы Абай шығармашылығында өзі айтқан «Ғақлия» қарасөздері жазыла бастады. ...Бірталай өлеңдерін сол қара сөзде айтқан пікірлерінен шығарып өлең қылғаны да бар. Жалпы саны 46 бөлек шығарма. Кейінгі басылымдарда 16, 19, 20, 24, 31, 45 қара сөздері бірігіп, 41 қара сөзге топталған» дейсіз. Осы жерде «жалпы саны 46 бөлек шығарма» деп нені ишаралап отырсыз? «...16, 19, 20, 24, 31, 45 қара сөздері бірігіп, 41 қара сөзге топталған» түсінігін оқырманға хронологиялық тұрғыдан арасын ашалап айтып берсеңіз?
-Абай шығармашылығында 1890-жылдар Абайдың тоғыз өлеңі дүниеге келген, поэзия түрі жағынан үлкен жаңалықтар берген екінші жемісті кезеңі болады. Бұл жылдары «Сегіз аяқ», «Бай сейілді», «Келдік талай жерге енді», «Қажымас дос халықта жоқ», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Ата-анаға көз қуаныш», «Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай», «Сұр бұлт», «Кейде есер көңіл құрғырың» сияқты өлеңдері жазылған. «Сегіз аяқ» ақынның еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі көркем, келісті шыққан зор шығармаларының бірі. Бұл өлеңнің түрі де ақын жазып келген өлеңдерінің үлгісінен басқаша сегіз жолдан қайырылған шумақтар болғаннан кейін солай аталған. Осы жылы Абай туған халқының тарихын зерттеу мақсатында «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» еңбегін жазады. Табиғи талантына сай ғалымдық дәрежесі де кемеліне келген Абай, Семей кітапханасындағы тарихи әдебиеттер мен журналдарды зерделеп оқығанының ықпалымен туған халқының тарихын зерттеу нәтижесінде жазылған бұл мақаладан соң, қара сөздерге ден қойды. Ұстаздық, үгітшілдік жолына түскен Абай өлеңді азайтып қара сөзбен айтатын өсиетті көп жазуға кірісті. 1891 жылдан соң өлеңмен айтпақ болған сөздерінің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жібереді. Бірталай өлеңдерін сол қара сөзде айтқан пікірлерінен шығарып өлең қылғаны да бар. Жалпы саны 46 бөлек шығарма деп отырғанымызға алдыңғы жазылған мақаланы қостық. Қара сөздердің 6-7 үлгісі қысқа келеді. Кейінгі басылымдарда 16,19,20,24,31,45 қара сөздері бірігіп,41 қара сөзге топталған. Бұл сөздер көркем проза емес, философиялық трактат та емес. Әдеби жанрлық жағынан ескі грек ойшылдарының өз шәкірттеріне айтқан әңгімелеріне ұқсас Абай өз заманынмен тығыз байланысты болған адам. Чернышевский, Добролюбовтардың пікірлерін білгендіктен қазақтың егіншілік, тіршілікке айналмағанын көріп, еңбекшіліктің, өмір мектебінің бағытын ұсынады. Абайдың тыңдаушысы мен оқырмандары бетпе-бет отырғанда айтатын пікірлері өлеңінен оқшау емес. Көңіл күйі жағынан бірін-бірі нық сүйеп отырады. Өлеңде жанама айтқан пікірлерін қарасөзінде ұғымды етіп таратып отырады. Бұл гуманизмнің басты қағидалары. Осы ойлары арқылы Абай дін дүниетанымынан асып кетіп, адамзатқа тән ойлау жүйесіне түскен. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деуі осы айтылған ойлардың дәйегі. Мүрсейіт қолжазбаларының 1905, 1907, 1910 жылдардағы нұсқаларында «Насихат» сөзінің 13 нақылы ретінде ғана берілген. Бұл қара сөздер о баста санамалап тіркелмеген. Әлі күнге дейін терең зерттеуді қажет ететін ақынның жинағына «қарасөздері» 1933 жылдан бастап қана енген. Бұл Қайым еңбектеріндегі жұлынды сала. Мүрсейіттен басқа да бірнеше адамдардың қолжазбаларында сақталған. Олардың ішінде бізге мәлім Дайырбай Қожанұлы мен Рақым Жандыбайұлының қолжазбалары. «Ғақлия кітап» деп аталатын қолжазбалардағы сөздерді салыстырғанда осы күнге дейінгі жинақтарда басылып жүрген тәртібі, әрбір сөздерінің соңынан жазылған уақыты дерексіз болды. Абай шығармаларының 1940 жылғы басылымынан кейін дербес қара сөз ретінде жеке жарияланып келеді.
-Абай шығармашылығындағы хронология дегеннен шығады ғой. Сіз кәсіби абайтанушы ретінде айта аласыз ба? Ақын өлеңдерінің өзара бөлініп, я болмаса екі өлеңнің бірігіп бір өлеңге айналып кеткен жайлары кездесе ме?
-Қазақ әдебиетінің көсегесін көгертуге атсалысқан ақынның айнымас жырларын жаңа белеске көтерген аз ғалымдардың жуан ортасында Мұхтар Әуезовтың адал шәкірті болған Қайым Мұхамедхановтың Абай шығармашылығының текстологиясы, бірігіп кеткен кейбір өлеңдер туралы арнайы зерттеу еңбегі бар. Қазақ тарихымен, Абайдың ақындық айналасымен ұстазы Мұхтар Әуезов арқылы көмбеде жатқан көп сырды алдымен ашқан Қайым Мұхамедханов тарихшылар айтпаған ақиқатты алдымен айтты. Өз қолжазбасы сақталмай басқалардың қолжазбасы арқылы жеткен шығарма, кейіннен әртүрлі дерек жазба негізінде жарияланып, текстологиялық тексеру жұмысын жүргізу қиындай түсті. Сондықтан да Қайым үшін Абай шығармаларын жинау, оларды бастырудағы мәтін өзгешеліктерін зерттеу мен анықтаудың мәні үлкен болды. Ақынның 1909 жылы басылып шыққан алғашқы өлеңдер жинағынан бастап, 1921, 1922, 1933, 1948, 1954 жылдардағы жарияланған өлеңдер тым асығыс, тым үстірт жасалғандықтан берілген түсініктерде қайшылық, қателіктер көп кездеседі. Ақын шығармаларының жазылу тарихы, қате басылып жүрген жеке сөздерді түп-нұсқасына келтіру жұмысы Қайым Мұхаметханов үшін аса жауапты жылдарға созылды. 1909 жылы жарық көрген Абай жинағынан бастау алған Абай өлеңдерінің мың сексен алты сөзіне түзету енгізілді. Абайдың күні бүгінге дейін дау туғызып келе жатқан кейбір сөздері нақты дәлелдермен зерттелді. Абайды зерттеу мәселесін биік ғылыми дәрежеге көтере отырып, ол кезде Қазақстанда полиграфия базасының болмауы, баспасөз мамандарының жоқтығы, Абайдың алғашқы жинақтарының сапалы болып шығуын қамтамасыз ете алмады. Петербург қаласында басылып жатқан Абай өлеңдерінің корректурасын Семейде отырып Кәкітай және басқа Абай балаларының жүргізуі осы қиыншылықтардың айғағы. Ескі араб әрпімен басылған жинақта таза қазақ сөздерінің дәлме-дәл берілмеуін сол сияқты грамматика ережелерінің сақталмауын еске алғанда Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағының көп кемшіліктермен шыққанын көрсетеді.
Өзіңіз айтып жүрген «Көзімнің қарасы» өлеңі Әбішке жазған өлеңмен бірігіп кеткен болуы керек. Өйткені «Көзімнің қарасы» деп қазақ баласына ғана айтады ғой. Абай 1895 жылы 18 өлең жазады. Соның он өлеңі Әбдрахманға арналған.
Соның бірі:
Рәушан сипатын
Тез көрсет пендеге.
Осындай шапқатын
Ұмытам мен неге? – десе, «Көзімнің қарасы» өлеңінде:Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы
Бар демес сендей бір
Адамның баласы – дейді.
Мүрсейіт ақын шығармаларын түгелдей Абайдың тура өз жазбасынан көшірген емес. Ол да ел аузындағы, қолжазба қалпындағы халыққа тараған Абай шығармаларының жинағынан көшіріп жазған.
-«Бүгінгі абайтану» деген сөзіңізден шығады ғой. Абайды бүгінге бейімдеу басты мәселенің бірі. Сөз жоқ, ғылым жасарып, жаңа уақытқа сай бейімделіп отыруы қажет. Соңғы жылдары Абайды бала тілінде сөйлету туралы бастама көтеріп жүрсіз. Мектеп бағдарламасына арналған «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай» іспеті кешенді бағдарламаңыз туралы да айтып берсеңіз?
-Биыл Абайдың 180 жылдық мерейтойын тойладық. Менің көкейімнен кетпейтін бір сұрақ – осы күнге дейін абайтануды мектеп бағдарламасында қалыптастыра алмай келеді екенбіз. Мектептерде абайтану әр жылары әртүрлі авторлардың бағдарламаларымен, оқулықтарымен оқытылып келеді. Мектеп бағдарламасында абайтану бір жүйеге түскен жоқ. Абай шығармашылығындағы осы күнге дейін тереңдеп, талдап айта алмай келе жатқан Абай сусындаған үш қайнар бұлақтың алғашқысы – қазақтың ауыз әдебиеті. Абайтану бағдарламасын мектепте оқытудағы басты кемшілік Абайдың алғаш сусындаған қайнар бұлағы – ауыз әдебиетіне толық ден қоймай, Абайды бала тілінде сөйлете алмаймыз. Ең алғаш ҚазҰУ-дегі қазақ әдебиеті кафедрасында 1942-43 оқу жылдарында Мұхтар Әуезовтің ұйымдастыруымен Абайдың әдеби мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеу басталып, абайтанудың курстық бағдарламалары ашылғаны белгілі.
Бір өкініштісі, осы күнге дейін Мұхтар Әуезов қалыптастырған жоғары оқу орындарына, студенттерге арналған сол абайтану бағдарламасының тек орындары ауысып қана мектеп бағдарламасына ғылыми тілмен ұсынылып келеді. Республика бойынша мектеп бағдарламасына сәйкес оқытылатын абайтану – Ұлы Абайдың сатылай өсу жолдарын негізге ала отырып, балалардың жас ерекшелігіне қарай кешенді оқытуға бағыт, мәтіндік әдістемелік құрал әлі күнге дейін қалыптаспады. Заман талабына сай білім беру – адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени дамудың жоғары деңгейлік және кәсіби біліктілігін қамтамасыз ету бағытын Абай сусындаған үш қайнар бұлақтың алғашқы тұнығы ауыз әдебиетімен байланыстыру керек. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай – бастауыш сыныптарға «Бала Абай», орта буынға «Ақын Абай», жоғары сыныптарға «Хакім Абай» тақырыбымен сатылай оқыту арқылы Абайдың өсу жолы мен ұлттық тәрбие берудің үздіксіз үрдісін қалыптастыру қажет.
«Абайтанудың» барлық мектептерге ортақ тұрақты бағдарламасын жасау үшін заман талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасау керектігі де заманның сұранысы. Абайтану ғылымын «Абай заманындағы абайтану», «Кеңес дәуіріндегі абайтану», «Бүгінгі абайтану» деп үш кезеңге бөліп қарастырған жағдайда ақынның заманы айта алмаған немесе бұрмаланған біраз құндылықтар танылар еді. Соңғы жылдары мектептерге ат басын бұрып, мектептегі абайтану бағдарламасымен танысқаным маған басқаша көзқарас әкелді. Біріншіден, мектепте абайтанудан дәріс беретін ұстаздарға қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болу аздық етеді. Шәкірттерге Абайды таныту үшін өзі терең меңгерген абайтанушы болуың керек. Екіншіден, ұстаздар арасында абайтану ғылымымен түбегейлі айналысып жүрген мамандар жоқ болғандықтан, абайтану тақырыбын бағдарламадағыдай ғылыми тілмен түсіндіру тіптен қиын. Сондықтан да абайтану бағдарламасы үш кезеңге бөлініп, оқушыға да, оқытушыға да лайық тілмен жазылу керек. Жоғары оқу орындарынан арнайы абайтану факультеттерін ашып, ұстаздарға арнайы курстық дәрістер жүргізілсе, абайтанушы ғалымдардың да қатары өсіп шығар еді. Менің айтпағым – абайтану тек қазақ тілі мен әдебиеті пәніне ғана емес, барлық пәндерге кіргізіп оқытуға болады. Абай шығармаларын физика, биология, тарих, математика іспетті барлық пәндерге енгізуге келеді. Менің мектепке ат басын түбегейлі бұрып, үш кезеңнен тұратын «Абай әлемі» бағдарламасын жасап, өзім қызмет жасап отырған № 87- Абай мектебіне Абай музейін ашып, ұстаздармен тығыз байланыста жүруімнің басты мақсаты – Абайды мектепте оқытуға ықпал ету. Бүгінгі таңда менің «Абай әлемі» кешенді бағдарламам Елордадағы 50 мектепте, 25 балабақшада тәжірибе ретінде оқытылып жатыр.
-Алмахан апай, тұшымды әңгімеңізге көп-көп рахмет. Тек есендік болсын!
