Балалар әдебиеті – ұлттың ертеңгі оқырманын тәрбиелейтін, оның қиялын қанаттандырып, дүниетанымын қалыптастыратын маңызды рухани кеңістік. Сол кеңістікте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, жас оқырманға арнап көркем дүниелер жазып жүрген қаламгерлердің бірі – жазушы, аудармашы Қарлығаш Мұқашева.
Оның «Каменный мостик», «Голос ветра», «Легенда о синем камне», «Легенда о лунной домбре», «Тайна старой яблони» секілді шығармалары балалардың сүйікті кітаптарына айналып келеді. Сонымен қатар ол «Көкжиек-Горизонт» баспасында редактор болып еңбек етіп, қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын қазақ және орыс оқырмандарына танытуға үлес қосып жүрген тәжірибелі аудармашы.
Бүгін біз Қарлығаш Мұқашевамен балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, жазушылық жолы, шығармашылық зертханасы, аударма өнерінің қыр-сыры және қазіргі оқырманның талғамы туралы әңгімелеспекпіз.
– Қайырлы күн, Қарлығаш ханым! «Күн мен Ай ертегілері» жобасының дүниеге келуіне не себеп болды?
– Қайырлы күн, Елдос мырза! «Күн мен Ай ертегілері» жобасы қазіргі балаларды қазақтың аңыздары, салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарының сұлулығымен қызықты авторлық шығармалар арқылы таныстыру ниетінен дүниеге келді. Мен ұлттық мәдениетті жай ғана көркемдік фон емес, оқиғаның ажырамас әрі жанды бөлігі болатын ертегілер әлемін жасағым келді.
– Бұл кітаптарды жазуға қанша уақыт жұмсадыңыз?
– Бұл топтамамен жұмыс бірнеше жылға созылды. Ертегілер әртүрлі жылдары жазылды. Бастапқыда олардың біртұтас ертегілер цикліне айналатынын өзім де ойлаған жоқпын. Ең алғашқы әрі, бәлкім, жүрегіме ең жақын ертегі – «Тас көпір» («Каменный мостик»). Оны мен 2016 жылы жаздым. Бұл шығармаға ақындар Жайсанбек Молдағалиев пен Мұқағали Мақатаевтың ғажайып өлеңдері шабыт берді. Ал топтамадағы ең соңғы шығарма – «Кәрі алма ағашының құпиясы» («Тайна старой яблони»). Ол 2025 жылы Әділ есімді балаға арналып және сол бала туралы жазылды. Сондықтан бұл кітаптың басты кейіпкерінің нақты өмірдегі прототипі бар деп айтуға болады.
– Ертегі жазуға сізді не шабыттандырады?
– Маған табиғат, халық аңыздары, туған жердің тарихы және балалардың өздері шабыт береді. Олардың айналадағы дүниеге таңдана білуі, сан түрлі сұрақ қоюы және ең қарапайым нәрсенің өзінен ғажайыпты көре алуы жаңа ертегілердің тууына себеп болады. Әрине, бұл ертегілерді ең алдымен өз балаларым үшін жаздым. Менің алғашқы тыңдарманым – кенже қызым Аянат болды.
– Балалар әдебиетін таңдауыңыздың өзіндік себебі бар ма?
– Жоқ, бұған қатысты қандай да бір ерекше себеп болған жоқ. Оның үстіне, балалар әдебиетіне бірден батыл кірісе қойған жоқпын. Өлеңдер жаздым, қазақ тілінен орыс тіліне аудармалар жасадым, әңгімелер, повестер, новеллалар жаздым. Бірақ мен әрқашан балалар әдебиетін ең салмақты әрі жауапты әдебиет деп есептедім.
– Өзіңіздің бала күніңіздегі сүйікті ертегілеріңіз қандай еді?
Менің ең сүйікті ертегішім – Ханс Кристиан Андерсен. Ал ең сүйікті ертегім – балалар ойыншығы туралы мұңды да әсерлі шығарма «Қалайы солдат» еді. («Стойкий оловянный солдатик») Сонымен қатар бала күнімде «Қобыланды батыр» жырын қайта-қайта оқитынмын. Оның оқиғалары, кейіпкерлері мен рухы мені ерекше баурайтын. Шынымды айтсам, бала кезде мен бәрінен де көп кітап оқуды жақсы көрдім. Кітап оқу менің ең сүйікті ісім болды. Бірақ, өкінішке қарай, сол жылдары мен негізінен тек орыс тілінде оқыдым.
– Топтамадағы бес кітаптың өзара байланысы қандай?
– Бес кітаптың барлығын рухани құндылықтарды сақтау, табиғатты құрметтеу, ата-баба мұрасын қастерлеу және адамның өз орнын іздеуі сияқты ортақ идеялар біріктіреді. Бұлар – әртүрлі оқиғалар, әртүрлі кейіпкерлер туралы шығармалар. Бірақ олардың бәрін ортақ ертегілік рух пен туған жерге деген сүйіспеншілік байланыстырып тұр. Ал «Жел дауысы» («Голос ветра») мен «Көк тас туралы аңыз» («Легенда о Синем камне») ертегілерін тақырыптық үндестіктен бөлек, ортақ сюжет те біріктіреді. «Жел дауысы» ертегісіндегі Самал есімді қыз кейін «Көк тас туралы аңыз» шығармасында алапат дауыл желдің бейнесінде қайта көрінеді. Осылайша екі ертегі бір-бірімен астасып, біртұтас көркем әлем құрайды.
– «Каменный мостик», «Голос ветра», «Легенда о синем камне», «Легенда о лунной домбре», «Тайна старой яблони» шығармаларының ішіндегі өзіңізге ең жақын туынды қайсысы?
– Бұл топтамадағы барлық шығармалар мен үшін қымбат, өйткені олардың әрқайсысына жан дүниемнің бір бөлшегі сіңген. Әр ертегінің өз тарихы, өз тағдыры бар. Дегенмен, маған ерекше жақыны – «Тас көпір» («Каменный мостик») ертегісі. Бұл менің ең алғашқы ертегім ғана емес, шығармашылық жолымдағы ерекше орын алатын туынды. Сондықтан оған деген ықыласым да бөлек.
– Кітаптардағы кейіпкерлердің прототиптері бар ма?
– Менің ойымша, әр кейіпкерден өмірде кездескен адамдардың кейбір мінез-құлық ерекшеліктерін, сондай-ақ өзім маңызды деп санайтын қасиеттерді – мейірімділікті, адалдықты, сөзге беріктікті және жанашырлықты байқауға болады. Алайда «Кәрі алма ағашының құпиясы» («Тайна старой яблони») ертегісінің кейіпкерлерінің нақты прототиптері бар. Тіпті олардың есімдері де өзгертілмеген – Әділ мен Айбар. Олар Іле ауданында тұратын шынайы өмірдегі балалар. Ал Әділдің Томпақ пен Желаяқ атты күшіктері болған. Сондықтан бұл ертегіде қиял мен шынайы өмірдің ізі ерекше астасып жатыр.
– Неліктен шығармаларды орыс тілінде жазуды таңдадыңыз?
– Өкінішке қарай, әрі өзім үшін аздап ұялатын жайт болса да, орыс тілін мен еркін әрі жетік меңгергенмін. Ал қазақ тілін меңгеру деңгейім оған қарағанда төмендеу. Мен қазақ тілінде оқи аламын, аударма жасаймын, поэзиялық тәржімалармен де айналысамын. Жақында тіпті Сергей Есенин мен Марина Цветаеваның өлеңдерін қазақ тіліне аударуға тәуекел еттім. Дегенмен алғашқы шығармаларымның тілі орыс тілі болды. Себебі өз ойымды, сезімімді және көркем образдарымды дәл сол тілде табиғи әрі еркін жеткізу маған жеңілірек еді. Соған қарамастан, менің ертегілерімнің тамыры қазақ мәдениетінде, халқымыздың тарихында және ұлттық дүниетанымында жатыр. Оқиғалардың өзегі, кейіпкерлердің рухы мен шығармалардың негізгі құндылықтары қазақы болмыстан нәр алған.
– Ертегілеріңізде қазақы дүниетаным мен ұлттық құндылықтар қалай көрініс тапқан?
– Менің ертегілерімде қазақы дүниетаным ең алдымен үлкенді құрметтеу, табиғатқа жанашырлықпен қарау, туған жерді қастерлеу, отбасы құндылықтарын бағалау және жақсылықтың жеңетініне деген сенім арқылы көрініс табады. Ертегілердегі көптеген образдар мен оқиға желілері халық аңыздарынан, көне таным-түсініктерден және ұлттық дәстүрлерден бастау алады. Мен үшін қазақ мәдениеті – шығармаларымның сыртқы безендірілуі емес, олардың ішкі өзегі. Сондықтан кейіпкерлердің ойлау жүйесінен бастап, табиғатқа, адамдарға және өмірге деген көзқарасына дейін қазақы рух сезіліп тұрады.
– Бүгінгі балаларға қандай қасиеттер жетіспейді деп ойлайсыз?
– Меніңше, қазіргі балаларға кейде асықпай ойлануға, айналасындағы дүниені байыппен бақылауға және шынайы қарым-қатынас жасауға уақыт жетіспей жатады. Өйткені бүгінгі әлем өте жылдам. Оның үстіне балалар жан-жақтан ағылған орасан көп ақпараттың ортасында өсіп келеді. Бұл оңай емес. Сондықтан бүгінгі күні өзгеге жанашыр болу, армандай білу және айналадағы адамдарға мұқият қарау қабілетін сақтап қалу бұрынғыдан да маңызды деп ойлаймын.
– Балалар әдебиеті ұлт тәрбиесінде қандай рөл атқарады?
– Балалар әдебиеті тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді. Кітап арқылы бала жақсылық пен жамандықты ажыратуды, өзге адамдардың сезімін түсінуді үйренеді, өз халқының тарихы мен мәдениетін таниды. Көркем шығарма баланың қиялын дамытып қана қоймай, оның адамгершілік қасиеттерін де тәрбиелейді. Сондықтан балалар әдебиетін рухани тәрбие берудің ең маңызды құралдарының бірі деп есептеймін.
– Қазіргі технология дәуірінде кітаптың бала өміріндегі орны өзгерді ме?
– Технологиялар ақпарат алудың тәсілдерін өзгертті, бірақ кітаптың орнын баса алған жоқ. Жақсы кітап әлі күнге дейін баланың қиялын, ойлау қабілетін және эмоциялық интеллектісін дамытады. Оның маңызы кеміген жоқ, керісінше, белгілі бір дәрежеде бұрынғыдан да арта түсті деп ойлаймын. Телефон немесе компьютер экранынан оқылған ақпарат көбіне жылдам қабылданып, сол сияқты тез ұмытылып жатады. Ал кітаппен қарым-қатынас мүлде бөлек. Кітапты қолыңа ұстайсың, парақтарын ақтарасың, суреттерін тамашалайсың, оның иісін сезесің. Бала кітаппен бірге өмір сүргендей болады. Сондықтан кітаптан алған әсер де тереңірек сақталады. Кітап оқу – жай ғана ақпарат алу емес. Ол – ойлану, қиялдау, сезіну, кейіпкерлермен бірге қуану мен уайымдау. Осындай сәттер баланың жан дүниесін байытады. Сондықтан цифрлық дәуірде кітаптың құндылығы жоғалған жоқ, қайта бұрынғыдан да маңызды бола түсті.
– Ата-аналар балаларға кітап оқытудың қандай жолдарын қолдануы керек?
– Баланы кітап оқуға баулудың ең тиімді жолы – ата-ананың жеке үлгісі. Егер бала үйінде кітап оқитын ересектерді көрсе, олармен бірге оқыған кітаптарын талқыласа, кітапханалар мен кітап дүкендеріне барып тұрса, онда оқу оның өмірінің табиғи бір бөлігіне айналады. Сондай-ақ ересектердің кітапқа деген көзқарасы да өте маңызды. Бала үлкендердің кітапты қадірлейтінін, ұқыпты ұстайтынын, оқыған дүниесі туралы ойланып, құрметпен әңгімелейтінін көрсе, оның санасында кітаптың ерекше құндылық екені қалыптасады. Ең бастысы – баланы оқуға мәжбүрлемеу, керісінше қызықтыра білу, бірге оқу және алған әсерлермен бөлісу. Бұрын балаларға ұйықтар алдында кітап оқып беру деген тамаша дәстүр болған. Қуанышқа орай, бүгінде де бұл дәстүрді жалғастырып жүрген отбасылар аз емес. Мұндай сәттер баланың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, ата-ана мен бала арасындағы байланысты да нығайтады. Әрине, балалармен олардың қызығушылықтары мен толғандыратын мәселелері туралы жиі әңгімелесу де өте маңызды. Өйткені кітапқа деген сүйіспеншілік ең алдымен дүниені танып-білуге деген қызығушылықтан басталады.
