Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Көбелекке тиіспе!...

Көбелекке тиіспе!

182

Көбелекке тиіспе! - adebiportal.kz

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жас ақын Ернар Жақсыбаевтың «Жүректегі дауыл» атты алғашқы жыр жинағының таныстырылымы өтті. Бұл «Әдебиет порталының» жыр әлеміне жаңа қадам басқан өңірлердегі жас ақындарды қолдау мақсатында ұйымдастырған жобасы еді. Бұған дейін де «Мен өлең оқимын» жобасы бойынша екі рет осы Фариза залында келісті жыр кеші өткені жұртшылықтың есінде шығар.

Сурет пен лирика үндесіп…

Жақында бір топ өлеңі порталда жарық көрген жас автор Ернар Жақсыбаев Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында туған. О баста сурет өнеріне әуестенген жігіттің өлең-сөзге деген құштарлығы оны жыр өлкесіне алып келген. Бұл «Әдебиет порталының» арнайы жобасы болғанымен, игілік - ортақ, өлең кешін   Ернар інісіне тілектестік танытып жүрген ақын Асантемір Қаршығаұлы  өзі жүргізіп отырды. 

Таныстырылымға жиналған жұртшылық жас ақынның өзі оқыған және оқушылар оқыған өлеңдерін тыңдауға мүмкіндік алды. Осы ерекше сәт үшін елден арнайы келген Ернардың әкесі Талап Жақсыбаев, ақын Сұраған Рахмет және Ернардың сыйлас ағасы Сайран Дүйсен кітаптың лентасын қиып, кеш иесіне жүрекжарды лебіздерін арнады.

Ақын Сұраған Рахмет Ернардың өлеңдеріндегі нәзік иірімдерді байқап, әсіресе, «Қызылоба» деген өлеңді ерекше атап өтті. «Сурет пен лирика үндесіп, суретшінің жан әлемі арқылы дүниенің сұлулығын сезінуі бар», деп бағалай келіп, Ернардың суретшілік тәжірибесі оның өлеңдерінен де байқалатынын, ол ойдан бұрын көріністі ұсынатынын, сезімнен бұрын бейнені сөйлететінін, сондықтан оның жырларында көзбен көріп тұрғандай әсер қалдыратын суреттер жиі кездесетінін айтты. «Ақынды сақтайтын бір нәрсе бар, өзінің ішкі жартысы өте күшті, қуатты болу керек деп ойлаймын. Еліктеуден аулақ болса, онда ақын өзінің мәресіне жетеді»,  - деп үміт етіп, жас ақынға сәт сапар тіледі.

 Күйші, «Мәдениет саласының үздігі» Досым Мақсұтов күй тартып, әдеби кештің ажарын аша түсті. Оның орындауындағы ұстазы Қаршыға Ахмедияровтың күйі  өлең кешіне өзінше мазмұн үстегендей болды. 

Айтпақшы, Ернардың «Ауылым», «Көшімім», «Ұстаздарға арнау», «Досыма», «Есен аға», т.б. сөздеріне ән жазылған екен.  Замир Гумаров атты әуесқой сазгер Оралдан арнайы келіп, ән орындап, көпшілік ықыласына бөленді. Сондай-ақ, елден келген достары, ақын жігіттер өлеңдерін оқыды. 

Осы жыр кешіне арнайы дайындығымен келген «Artist» студиясының оқушылары, болашақ актерлер Ернардың өлеңдерін жастық қабылдаумен тебірене жатқа оқыды. 

«Әдебиет порталының» бас редакторы Ынтымақ Сағымбеков жоба туралы айта келіп, Ернарға портал атынан әзірленген арнайы сыйлықты табыс етті. «Жүректегі дауыл» тек бір ақынның алғашқы кітабы ғана емес, өңірден шыққан жас қаламгерлердің әдебиеттегі жаңа буынының көрінісі деуге болады. Мұндай жинақтар қазіргі қазақ поэзиясының тынысын кеңейтіп, әдеби ортаға жаңа есімдердің келуіне жол ашады» деді ол.

Ернардың өмірді байқауы

Бардық, көрдік, оқыдық, демек, оқырман ретінде бірер ауыз пікір білдіруге болатын шығар. Автордың «Көбелек» деген өлеңі ең жинақы әрі поэтикалық дүние көрінді. Бұл өлеңде автордың ақыл айтқысы келгені емес, көрген бейнесі  сөйлеп тұр екен:

Ұстағаннан сүртіледі бояуы,

Сұлулығын жояды.

Үлбіреген қанатында дақ болып,

Саусағыңның ізі қалып қояды.

 

Көбелектей көп нәзіктің тағдыры,

Саусағыңның ұшында.

Түсінесіз,  айтып тұрғаны кәдімгі  жәндік емес, нәзіктік, сенім, махаббат, адамның ішкі әлемі,  автор адамдардың бір-біріне бір сөзбен, бір қылықпен әсер ете алатынын, бәлкім, тағдырын өзгертуі мүмкін екенін тұспалдайды. 

Бір-ақ күндік ғұмыры бар бейкүнә,

Көбелекке тиіспе, - деп  адамның бір-бірі алдындағы жауапкершілікті  айтады.

Осы әдеби кеште «Artist» өнер студиясының оқушылары (арасында Ернардың өз ұлы, болашақ актер Талап Мансұр бар) оқыған «Пілтелі шам» оларға қалай әсер еткенін білмейміз, бұлар интернет заманының баласы ғой, ал біздің ойға баяғы өзіміз көрген тоқсаныншы жылдар, пілтелі шам жарығында өткен бала шақтар оралады.  Ернар бұл жерде: 

Махаббат-үйден ұғамыз айқын,

Интернет емес, ертегі тыңдап...

-         деп, балалық шақты емес, сол дәуірдің рухын сағынатындай.

Сонымен бірге  «Иттер» туралы өлеңі де бір қарағанда мысал өлең сияқты көрінгенімен, астарында адамдар тұрғанын ұғасың. Өйткені мінездің типтері бар.

Сен берген асыңды жеп тұрып,

Өзіңді тістейтін.

 

Қасқырға кезіксе тығатын,

Құйрығын бұтына.

 

Ит деген адамның досы ғой,

Кей кезде болады пайдасы.

Сәйкестік дегенің осы ғой,

Секілді айнасы.

«Қалада» деген өлең  бірінші оқылды. Қазіргі қоғам туралы мұндай сарындағы өлеңдер бізде аз емес, артықшылығы ойдың  қарапайым берілуінде.

Арулар - бірінші бояну,

Еркектер - көлігін қыздыру...

 Бұнда біреу сыртқы келбетін дайындайтын, біреу темірін дайындайтын, яғни адамнан бұрын образ бен көлік қозғалатын біздің Астананың таңғы психологиясы тұр.

Шамалы кешіксең күтпейтін,

Уақыттар, қашықтық, көлемдер.

«Уақыт күтпейді» деген үйреншікті тіркес бар, бәріміз қолданамыз. Бірақ оған автордың қашықтық пен көлемді қосуы қызық. Бұл қалалық өмірдің адамның өзінен үлкен механизмге айналғанын көрсетеді.

Қалдырып ұйқыны, күлкіні,

Телефон, хаттар мен қоңырау,

Осылай тынымсыз бір күні,

Өтерсің өмір-ау…

Байқасаңыз, Ернардың өлеңдерінің өзегінде қазіргі адамның мінезі, қоғамның сипаты, уақыттың өзгеруі және адамдық қасиетті сақтау мәселесі тұрады екен. Егер қоғамның сипатын толық көрсетуге талпынса, онда неге публицистика жазбайды деуге асықпайық. Иә, ең алдымен, бұл өлеңдер өлең бе деген сұраққа келсек, әрине, өлең, ұйқасы да, ырғағы да бар. Бірақ, олардың басты күші техникасында емес, бақылауында ма дейміз. Автор айналасын көп бақылайды. Көп ақын көргенін суреттесе,  бұл авторда  көргенінен қорытынды шығару басым. Бұл Ернардың тырнақалды дүниесі, оқыған кезде қарапайым тілмен сөйлейтін әлеуметтік лирика дәстүрі еске түседі. Пафоспен емес, тұрмыстық деталь арқылы сөйлейді. Өмірді жақсы байқайтыны көрініп тұр. Рас, көбіне қорытындыны өзі айтып беретіні де бар екен. Мысалы, 

«Несие, төлемдер.

Көкесіз нәтиже бермейтін,

Кәсіптер, нәсіптер, жоспарлар… » - деген сияқты. Үлкен поэзияда ойды дайын бермей, кейде қорытындыны оқырманның өзіне қалдыратыны белгілі. Кейде артық түсіндіріп жатпай, бір-екі шумақ қысқарса, жинақырақ шығар еді. Бақылаушылығы мықты автор енді символдық ойлауды көбірек тереңдетсе, өлеңнің ауқымы үлкейе түсер еді. Біз жас ақынға шығармашылық жеңістер тілей отырып, осы жерде Ернардың өлеңіне қатысты 1-2  пікірді берсек дедік.

 

Жақсы адамдардың пендешілігін көріп, жек көріп кетуден қорқады

Асантемір Қаршығаұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: 

Ернар Талапұлымен алғашқы таныстығымыз тойда басталды. Бізге арналған дастарқан басында бұйра бас жігіт отыр. Кешігіп келген бізге орнынан көтеріліп амандасты, көргеннен-ақ іш тарттым. Той дастарханы орталанған тұста сыртқа бет алғанмын. Ілесе шықты. Әңгіме ауанынан өлеңге қатысы бар екенін аңғардым. Әңгімеге қосыла шаппаса да, өзіне кезек келгенде ойын ортаға салады. Өлеңдерін сұрадым. Жіберді. Оқып көрген соң, әлеуметтік парақшама жүктедім. Ернармен Теке қаланың төрінде сан мәрте тізе түйістірдік. Бас қостық. Кейін келе отбасымызбен араласып кеттік…

Астанаға көшуге бел байладым. Алдымен өзім барып жұмысқа орналасып алуым керек болды да, қасыма серік іздей бастадым. Ойлана келе Ернар бауырыма қолқа салдым. «Жүрсеңші, бас қалаға барайық, сол жерде болайық» дегеніме кешігіңкіреп жауап берді. Бірге жолға шығатын болып уағдаластық. Мүмкін, өзінің де Астанаға бару ішкі арманы болған шығар, әйтеуір менің ұсынысымнан бас тартпады. Жігітті жол сынайды. Ұзақ жолға шыққан екеуміз бұрынғыдан да бетер жақын болып кеттік. Аз сөйлесе де, көзі сығыр, сөзі шымыр бауырым кісі көңіліне қарап тұрады. Елордаға Ернар ерте үйренді. Бұл енді басқа әңгіме…

Ол өлең жазады. Аз жазса да, саз жазатыны бар. Жұртқа ұқсап ақыл айтпайды, оның әрбір өлеңі жігерлендіру, құлшындыру, ынталандыру тұрғысында өріледі. Оның кейде мен жақсы көріп, кейде жек көретін бір әдеті бар. Ол қырсық. Мойындамайды, бірден мойындатқысы келеді. Мұны енді өзінің жаратылысы, болмысы, мінезі десек болатын шығар. Әйтпесе, ақылсыз емес қой…

Әр жүрек - бір әлем, әр сезім - толқыны мен дауылы бар теңіз. Ернар Жақсыбаевтың «Жүректің дауылы» атты алғашқы кітабы дәл сол әлемнің айнасы. Бұл жинақтағы өлеңдер әр оқырманға рух береді, әр сәтінде үміт сыйлайды және жүректегі күдік пен қорқынышты жеңуге шабыттандырады.

«Сағынғанда туған жерді, ауылды,

Өскен ұя, ағайын, дос, бауырды,

Өлең қылып шығарамын ішімнен,

Жүректегі дауылды», 

деп жырлаған Ернардың тағы бір әдеті бар. Ол адамдардан алшақ жүретіндігі. Жан баласына қосылғысы келмейді. Оны өзі де мойындаған.

 

«Жақсы адамдардан қашып жүремін,

Қашық жүремін, ұнатып…

Құлақты кейде басып жүремін,

Жүректі қайтем жылатып?» 

дейді. Осылай дейді де:

 

«Кемшілік көрсең көсемсіп егер,

Өзіне барып айт емін.

Мен жаққа ақпар бәсеңсіп жібер,

Жек көріп кетсем қайтемін?».

Міне, ақын жақсы адамдардың пендешілігін көріп, жек көріп кетуден қорқады. Осының барлығы сайып келгенде ақынға тән қасиет.

 

Ернардың тұңғыш жыр жинағы оқырман үшін тек сөз емес, ой мен сезімнің теңізіне жасалған саяхат. Мұнда әр жолдан өмірдің нәзік сәттері, махаббат пен үміт, қайғы мен қуаныш аңғарылады. Ернардың өлеңдері жүректің терең түкпіріне жетіп, ойға қалдырады, кейде күлімсіретеді, кейде күш береді. Сөз басында оның өлеңдері жігерлендіреді дегенім содан болса керек. «Жүректің дауылы» автордың өз жүрегі мен жан дүниесінен туған, шынайы эмоциялармен жазылған бірегей туынды.

Бұл кітап әрбір оқырман үшін рухтандыратын серік. Ол сізге: «Сен жалғыз емессің, сенің жүрегіңде де дауыл бар, бірақ ол дауыл сенің күш-қуатыңа айнала алады» деген ойды жеткізеді. Осы өлеңдер арқылы Ернар бізге тек өмірдің қиындықтарын емес, сонымен қатар олардың үстінен қалай көтерілетінімізді, әр сәттің құндылығын сезінуді үйретеді.

Осы жинақ әр оқырманның жүрегіне өз дауылын тудырып, өмірге сенім мен шабыт сыйлайтынына сенімдімін.

Ернарға ақ  жол!

Дариға Мұштанова, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директор-өкілі, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

«Өлеңге таласы барлардың» (Абай) ішінде Ернар Жақсыбаевтың есімі анық көрініп тұрады маған. Айтары бар, өзіндік көзқарасы бар, ойлы ақын. Ернар о баста суретші болуды армандап, сол мамандықтың иесі де болып шыққан. Сол қылқаламнан басталған жасампаз өнер жолы оны өлең әлеміне жетелеп әкелді. Табыссыз да емес, өлеңдері жергілікті мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып, жыр мүшәйраларының жүлделеріне ие болып жүреді. Ернардың астарлы, ұстамды да ұтымды шешіммен тиянақтай салатын, аз сөзбен көп мағына бере алатын әдемі туындылары өз оқырмандарын тауып, қанаты кеңге жайылады деп сенемін. Алғашқы қарлығаш кітабы құтты болсын. Ақ жол!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan