Шырт ұйқыда жатқан Кәмәл ағашты тырмалаған дыбыстан оянып, дәлізге беттеді. Жер үйдің сыртқы есігін ашқанда, алдында ақшақардай сүйкімді мысық отыр екен. Аулада жанып тұрған сарғыш шамның жарығы мысықтың селтиген екі құлағынан өтіп, оның ашық қызыл түсті терісінің жұқалтаңдығынан тамырларының соғысы анық көрінді. Сипамақ болып, қолын соза берді де, кенет есіне бірдеңе түскендей секемденіп, кейін шегінді. Сол сәтте жақұттай жанған жасыл екі көздің қарашықтарынан өз сұлбасын байқап, қалт тұра қалды.
Есіне сонау жас кезіндегі әлі күнге дейін ұмытылмай, көкірегінде шемендей қатқан күздің суық түніндегі оқиға түсті. Сонда да көкте дәл осындай Сүмбіле туып, түнерген аспан аясы салқындықпен сіресіп көрінген еді.
Сол түні ол өзінің ең жақын досына жасаған сатқындығын, бейкүнә арудың арына қаяу салған күнәсін осы мысықтың көзінен оқығандай болды. Мысықтың жанарындағы оның өз бейнесі өткен күннің тірі куәгеріндей Кәмәлға телміріп тұр еді. Ол енді есігінің алдында жеті түнде ғайыптан пайда болған жануарды ойланбастан үйіне кіргізді.
Сілтідей тынған бөлме ішінде уақыт тоқтап қалғандай сезілді. Мысықтың селтиген құлақтарының алқызыл реңкі біртіндеп солғын тартып, әлсіз мияулады. Ол Кәмәлдан қаймықпай, қайта оның ішкі жан-дүниесінің арпалысын түсінген сыңаймен баяу қозғалып, алға қарай бір қадам жасады.
Кәмәл терең тыныстап, бойын билеген үрей мен секемді сейілтті. Тізе бүгіп, жерге отыра қалды да, бұл жолы еш тартынбастан қолын созды. Оның саусақтары мысықтың мақтадай жұмсақ, бірақ Сүмбіленің лебімен сәл салқын тартқан аппақ жүніне тиді.
- Ақшақар... - деп сыбырлады Кәмәл. Бұл сөздің оның көкейіне қайдан құйылғаны белгісіз, дәл осы сәтте мысыққа бұдан асқан лайық атау жоқтай көрінді.
Түн ортасы ауып, таң әлі ата қоймаған шақта туған Сүмбіле жұлдызы терезеден екеуіне ұзақ қарады. Кәмәл төсегіне жатқанда, Ақшақар бөтенсімей, аяқ жағына шықты. Мысықтарға тән әдетпен танауын алдыңғы аяқтарының үстіне қойып, құйрығын оң жақтан бұрып әкеп, жүзін көлегейледі де, қалаштай оралып, көзін жұмды. Кәмәл болмысынан жұмбақ бір тыныштықты сезінді. Алайда, бұл жай ғана тыныштық емес, күзбен бірге келе жатқан жан дүниелік үлкен өзгерістің бастамасы еді.
Түн ауа туған Сүмбіле жұлдызы бөлменің ішіне сәулесін молынан төкті. Кәмәлдің аяқ жағында бірқалыпты пырылдаған Ақшақардың аппақ түгі көкшіл нұрға малынды. Сол сәтте Кәмәл да ауыр ұйқының құшағына еніп бара жатты. Бірақ бұл әдеттегі демалыс емес, оны беймәлім бір кеңістікке жетектеген тылсым сапар еді.
Түсінде ол иен далада жалғыз өзі тұр екен. Төңірек — қырау басқан шексіздік. Аяғының астындағы шөп тe, ағаш бұтақтары да мұздан жаратылғандай мөлдір. Кәмәл алға қарай аяңдады. Кенет қарсы алдынан жиексіз, үлкен көне айна пайда болды. Ол айнаның алдына жақындап, өз бейнесіне қарамақ болғанда, таңғалғаннан жүрегі тоқтап қала жаздады. Айнадан қазіргі өзі емес, жас жігіт Кәмәл қарап тұр еді. Оның қасында дәл қазіргідей, селтиген құлақтары ашық қызыл түспен көмкерілген, зүбәржат көзді аппақ марғау отыр.
Жас Кәмәлдің көзінен жас сорғалап, айнаның арғы бетінен бұған қолын созады. Ол бірдеңе айтқысы келгенімен, үні шықпайды. Тек еріндерінің қимылынан: «Шындықты айтып, ар азабынан құтыл...» деген сөзді оқуға болатын еді.
Кәмәлдің үрейі ұшып, кейін шегінгенде, аяғының астындағы шыңылтыр мұзда жарықшақтар пайда болып, шытынап сына бастады. Қолымен ауа қарманып, тырбыңдай бастады. Дәл осы сәтте аспаннан Сүмбіле жұлдызы құлап түскендей, бүкіл дүниені аппақ шұғыла басып кетті.
- Кәмәл... Кәмәл деймін... оян... көзіңді аш, балам, - деген анасының таныс, мейірімге толы үні құлағына шалынды.
Кәмәл басын жұлып алғандай, төсегінен үрейлене тұрды. Сыртта сібірлеп таң атып келе жатыр екен. Төсектің аяқ жағында жатқан Ақшақар оған жұмбақ жасыл жанарымен сынай қарады.
Кәмәлдің маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Бұл түс оның санасынан өшіргісі келген, бозбала шағындағы үлкен бір жараны қозғады. Ол кезде де дәл осындай күз еді. Кәмәл жігіттікке салынып, ең жақын досы Саманға қиянат жасаған. Оқиға былай болған:
Саман өзінен бір жас кіші Сәуле деген көрші қызбен бала кезден қатар өсіп, кейін ол ер, қыз бой жеткенде араларындағы достық шынайы махаббат пен сүйіспеншілікке ұласады. Жастар үлкен өмірге бірге аттануға сөз байласады. Сол тұста Саман отан алдындағы борышын өтеуге екі жылға Қиыр Шығысқа әскерге кетеді. Ал Кәмәлды ауылдағы бастық әкесі араға таныстарын салып, әскери міндеттен алып қалады.
Кәмәл сұлу Сәулеге бұрыннан іштей ғашық еді. Бірақ ол сезімін қызға да, досына да ешқашан білдірген емес. Саман мен Сәуленің бір-бірін шын сүйетінін білгендіктен, айтуға батылы бармайтын. Бірақ Саманның жоқтығы мен оның мыңдаған шақырым алыста жүргенін пайдаланып, осындай бір күзгі түнде Сәулені үйінен сылтаумен сыртқа шығарып, қасына бір-екі желөкпе жігітті ертіп, әкесінің көлігімен алып қашты. Көліктің ішінде Сәуленің шырылдап жылағаны, «Кәмәл, есіңді жи... Сен Саманның досы емессің бе? Бұл не қылғаның?!» деп араша сұрағаны құлағында өмір бойы қалып қойды.
Қыздың жүрегін жаулай алмаған Кәмәлдың пешенесіне Сәулемен бақытты болу жазылмапты. Сәуле келін болып түскен сәттен бастап, зар илеп, сүймейтінін, қасында қалмайтынын айтып, өксігін баса алмады. Төркінінен қуғыншылар келгенде де көз жасын көлдетіп, алып кетуді сұрағанымен нәтижеге жете алмады. Туыстарынан қайыр болмайтынын түсінген Сәуле енді Кәмәлдың анасына жалынып, босатуды сұрап, аяғына жығылды. Сұңғыла әйел қыздың ұлына әйел болып жарытпайтынын біліп, обалына қалмауға ұйғарды. Ұлына ап-сап басылғанша Сәуленің бөлек бөлмеде жататынын айтып, қыздың төсегін жеке салып берген соң, ішінен ілгегін ілгізіп, өзі қарауылдап жүрді.
Бір күні таңғы асқа Сәуле келмеді. Анасы соны пайдаланып, ұлына мейірлене қарап, бір әңгіменің шетін шығарды.
- Бұл қыздың қай жеріне қызықтың-ей? Асып бара жатқан сұлу да емес екен, әншейін, тәмпіш мұрын, сары қыз, — деп әзілдеген болды.
- Сұлу деп ана піркәшік Жәмилінің Кербезін айт... Кербез десе кербез-ай... Аршыған жұмыртқадай жүзінен иненің жасуындай бір мең табылмайды-ау... Сұңғақ бой, аққу мойын, бұраң бел... Мінезін айтсаңшы... Қашан көрсең, сызылып тұрады... - деп аузының суы құрыды.
- Біргәдір Сайлаудың қызы Жұлдыздың сұлулығы басқалардан артық болмаса, несі кем екен? Қос жанары шоқ жұлдыздай жарқырап, жан-жағына жылу шашып жүреді.
Кәмәл ары қарай тыңдағысы келмей, орнынан тұрмақ болғанда анасы қатқыл дауыспен:
- Отыр! Мен сөзімді әлі аяқтаған жоқпын! - деді.
- Балам, өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді ал. Осы ауылда саған шыққысы келетін талай қызды білемін. Бойдақ қалатын сен емен. Қоя ғой, буынсыз жерге пышақ ұрма. Сәулені қоя бер. Сүйіктісіне қосылып, бағы ашылсын.
Айтар уәжі қалмаған Кәмәл ләм-мим деместен үйден шығып кетті. Ұлының үнсіздігін келіскені санаған анасы жылдам әрекет етіп, Сәуленің қолына азын-аулақ қаражат ұстатып, қалаға баратын автобусқа шығарып салғанын Кәмәл түстен кейін естіді.
Бұл суық хабар Саманға да жетіп, ол әскери міндеті аяқталған соң ауылға қайтып ат ізін салмады.
Айтпақшы, дәл осы өз анасы емес пе еді, қос мұңлық Ләйлі мен Мәжнүнің ғашықтық хикаясын майын тамызып, «сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деп айтатын? Бүгін ұлына келгенде басқаша сөйлей қалыпты.
Мұғалім анасының білмейтін қисса, жыр, дастаны жоқ. Кішкентай кезінде ертегі мен аңыздың түр-түрін айтатын. Бұл ғана емес, Саман да қастарына келіп, тыңдайтын. Сонда анасы айтқан мына хикая есінде қалыпты.
Мәжнүн есімі бастапқыда қазіргі жұрт айтатындай Мәжін емес екен. Байғұстың шын аты Қайыс болыпты. Ол Ләйлі деген қызды құлай сүйіп, ғашық болады. Қыз да жанын беруге даяр болғанымен, әкесі жалаңаяқ жігітке қызын беруге келіспейді. Анасы айтқан әпсанадағы ғашығына жете алмай еңіреп жүріп, тау-тасты кезген Қайысқа көшеде кездескен Ләйлінің иті де сүйкімді көрініпті. Ол тілсіз хайуанды мойнынан құшақтап, ішіндегі жан сырын ақтаратын деседі. Сөйткен жігітті жұрт Мәжнүн атаған екен. Бұл әңгіме сол кездің қылышынан қан тамған қаһарлы билеушісі Ақсақ Темірдің де құлағына шалынған деседі. Сарайында сансыз кәнизак ұстаған Ақсақ Темірдің алдына орта бойлы, қара торы қыз Ләйліні алып келгенде, оның келбетіне көңілі толмай, билеуші қорашсыныпты. «Ләйліге Мәжнүннің көзімен қарау керек» деген сөздің содан қалғанын анасы көзіне жас алып, баяндайтын.
Кейін Сәуле мен Саман қосылып, бүгінде үбірлі-шүбірлі, бақытты ғұмыр кешуде. Кәмәл да үйлі-баранды болғанымен, өмір бойы осы күнәсін арқалап, ұяттың күйігінен әлі арыла алмай келеді.
Жастықтың қызуымен, қызғаныштың көр соқырлығымен жасалған қиянат оның бүкіл ғұмырына өшпес із қалдырды. Содан бері талай күз өтті. Сүмбіле жұлдызы талай мәрте зәулім көкте тұрып, жерге суық лебін шашты. Бірақ Кәмәлдің кеудесіндегі мұз сүңгісі еш еріген емес-ті.
Кәмәл орнынан тұрып, бөлменің ортасындағы диванға барып отырды. Басын қос қолымен қыса ұстап, ұзақ ойланды. Өткен күннің елесі тамағына өкісік болып тығылды. Сыртта күздің алғашқы бозамық таңы атып келе жатты. Ашық терезеден ескен салқын ауа бетін шарпығанда ғана есін жиғандай болып, төсегінің аяқ жағында жатқан Ақшақарға қарады. Марғау оның әрбір қимылын үнсіз бағып, сұраулы жүзбен телміріпті.
Түсіндегі жас Кәмәлдың: «Шындықты айтып, ар азабынан құтыл...» деген сөзі құлағында шыңылдап тұрып алды. Шындық... Ол қандай шындық? Олар қазір бақытты, бәрібір өткен іс өтті емес пе?
Кәмәл басын көтеріп, аяқ жағында отырған мысыққа қайта қарады. Ақшақардың жақұттай жасыл жанарынан бұл жолы кінәлау емес, үлкен бір аяушылық пен «уақыт келді» дегендей ишара байқалды. Кәмәл кенет бәрін түсінді. Ол Саманнан да, Сәуледен де осы уақытқа дейін көздеріне тура қарап, кешірім сұрамаған екен. Ол тек өз ойында, өз кінәсінің батпағына батып, іштей өзін мүжіп өмір сүрді. Ал шынайы тәубе тәкәппарлықты ысырып тастап, кінәні мойындаудан басталатынын ұқты.
Ол үстел үстінде жатқан телефонына жақындады. Жылдар бойы іздеуге батылы бармаған, бірақ жүрегінің түкпірінде жатталып қалған Саманның нөмірін іздеп тапты. Қолы дірілдеп, жасыл батырманы басты. Тұтқаның арғы бетіндегі созылыңқы дыбыс Кәмәлдің жүрек соғысымен жарысқандай болды.
- Алло, тыңдап тұрмын, - деді егде тартқан, бірақ баяғы сол қоңыр, сабырлы дауыс. Бұл Саман еді.
Кәмәлдың тамағына тас тығылғандай болып, демі тарылды. Көзінен жас ыршып кетті.
- Саман... бұл мен ғой, Кәмәлмін... - деді ол дірілдеген дауыспен.
Тұтқаның арғы жағында ұзақ үнсіздік орнады. Саманның ауыр күрсінгені естілді. Ол Кәмәлдің қоңырау шалуын баяғыдан күткен сияқты.
- Иә, Кәмәл, тыңдап тұрмын. Амансың ба?
- Саман... Мен сендердің алдарыңда кінәлімін. Жастықпен, ақымақтықпен қызғаныштың жетегіне еріп, бақыттарыңды ұрлағым келді. Сен жоқта Сәулені алып қаштым... Кешір, досым. Осы ар азабы мені өмір бойы тірідей өртеді. Сенен де, Сәуледен де тізе бүгіп кешірім сұраймын...
Кәмәл ішіндегі шеменді ақтарғанда, өксігін тыя алмады. Сымның арғы жағынан Саманның дауысы жұмсақ, тіпті мейірімді естілді:
- Кәмәл... Біз Сәуле екеуміз бәрін баяғыда кешіргенбіз. Сенің іштей қиналғаныңды білдік. Сәуле екеуміз қосылғанда, тағдыр бізге бәрін қайтарып берді. Тек сенің өзіңді осы уақытқа дейін кешіре алмай, торға қамап келгенің өкінішті екен. Бүгін Сүмбіле туған түн ғой... Тазару түні. Саған ренішім жоқ, досым. Өзіңді қинағанды қой.
Телефондағы дауыс үзілді. Бірақ бұл үнсіздік Кәмәл үшін әлемдегі ең әдемі әуендей сезілді. Оның иығынан жиырма жыл бойы басып тұрған ауыр тау құлап, тамырында жылы қан жүгіргенін сезді. Жүрегінің мұзы еріп, орнына беймәлім бір жеңілдік пен тыныштық орнады. Күз келген сайын көкірегін мазалайтын белгісіз мазасыздық осы өкініштің салқыны екенін ол енді ғана түсінді.
Кәмәл бөлменің бұрышында тұрған, көптен бері ашылмаған көне сандықтың қасына келді. Оның түбінен балалық шағынан қалған, парақтары сарғайған ескі дәптерді суырып алды. Бұл – Саман екеуінің бірге салған суреттері мен жазбалары еді. Ол дәптердің парақтарын ақтара бергенде, ішінен бүктелген кішкентай қағаз жерге түсті. Кәмәл оны жерден көтеріп, ашып қарады. Онда Саманның балаң қолтаңбасымен: «Сүмбіле туған түні өкпе-реніштің бәрі суыған сумен бірге ағып, кешіріледі...» деп көк сиямен жазылыпты. Кәмәлдың көзіне қайтадан жас үйірілді. Бұл хатты ол кезінде неге байқамаған немесе байқаса да, неліктен мән бермеген?
Кәмәл терең тыныс алып, бөлмеге көз тастады. Терезеден таң шапағы есіп, бөлмені нұрға бөлеп үлгеріпті. Төсектің аяқ жағына көз салғанда Ақшақардың орнында жоқ екенін байқады. Ол ғайыптан пайда болғандай, қайтадан ғайыпқа сіңіп кеткен екен. Тек ашық қалған терезе алдында мысықтың аппақ жүнінің бір қылшығы ғана жылтырап жатты.
Сыртта күздің салқын, тұнық ауасы есіп тұрды. Көктің жүзінде Сүмбіле жұлдызы өзінің соңғы нұрын шашып, жаңа атқан таңның шапағына сіңіп, жоғалып бара жатты. Кәмәл алғаш рет еркін жымиды. Бұл күз биыл оған үрей емес, жанына жаңару сыйлады.
