Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Ерлан Нұрланов. Екі әңгіме...

Ерлан Нұрланов. Екі әңгіме

252

Ерлан Нұрланов. Екі әңгіме - adebiportal.kz

Ерлан Керімжанұлы Нұрланов – 1998 жылы қазан айының 7-жұлдызында Тараз қаласында дүниеге келген. Бір топ әңгімелері 2025 жылы Жамбыл облысы прозашыларының «Шер» әңгімелер жинағына енген. Жас қаламгердің екі әңгімесін жариялап отырмыз.

Тіршілік

Себелеген жауын. Жаңбырға шомылған көктемгі енді ғана шыққан көк таранған бойжеткендей бұралаңдайды. Кейбіреулері басын ала қашқандай көрші жапырақтардың астына тығылады. Алғашында өткінші көрінген жауын бір сәтте сатырлап жиілей түсті. Аспан да түнере түсіп, жинала түскен қою қара бұлтқа оранды.

Құрсайдың жотасында жоқ іздеп келе жатқан Керім қанжығасына байлаған жасыл плащын киіп, беткейлеп жалғыз аяқ жолмен сайдың табанына түсті. Астында сары ат, аяғында керзі етік, қолында долана сапты қамшы. Іздеген жоғының ізін, айналасынан жапасын қарады. Әзірге көзге көрінер белгі жоқ. Су болып қалмайын деп сары атты желдіртіп ықтай тұратын жер іздеді. Жалғызаяқ жол мұны екі түп қарағай мен тастан қаланған, биіктігі адам бойымен шамалас екі бөлмелі ескі қораға әкелді. Сары аттан секіріп түсіп, бір шыбыққа байлай сала, өзі де талдың қалың бұта жапырақты жағына плащын төсеп қисая кетті. Бар ойы жоғалған ала сиырында. Сиырдың бұзаулайтын уақыты да келіп қалғаны есіне түсті. Не де болса бір ықтасын жерде жатарын біліп, бір демалып, із кесуді жауынға қарамай жалғастырмақ ойда жатыр. Жоғын іздеуге бесінге таяу уақытта шыққан. Екіндіге де таяп қалыпты. Күн райы Керімге көмектесейін деді ме, орнынан тұра атының ер-тұрманын реттеп, тартпасын тартып жатқанда жауын бәсеңдейін деді. Сары атқа мініп сайдың басына қарай апаратын жолға қайта түсті. Қалың жыңғыл, беткейдегі жартастардан құлаған тастар мен тас қоралар. Арасында ғана төбеден тамған жауын тамшысы. Басқа дыбыс жоқ. Мүлгіген тыныштық. Осы тыныштықта ат үстінде Керім ала сиырын табатын із не белгіні әлі көре қоймады. Осы сайда бір ықта жатқанын іші сезеді. Себебі кеше сиырлары осы сайда жатқан. Керімнің мал баққанына отыз жылдан асыпты. Осы күнде бағатыны отыз сиыр, екі жүз қой, он бес жылқы. Әр малының түрі мен түсін, мінезіне дейін біледі. Бірақ, біреуі де өзінікі емес. Жалданып, елден жырақта, біреудің малын бағады. Талай рет қалада жұмыстың әр түрін істеп көрді. Бірақ аңсары далаға, қырға, ат үстіне ауып тұрды. Қолынан келмеді емес, небір жұмыстарды істеді. Сонда да ең аяғындағы жанына жаққаны, нантабары осы кәсіп болды. Бұл күнде Керімге қызығар шаруа қожалықтары көп. Бәрі өзіне шақырады. Алайда Керім жалғыз. Отбасына қалай қараса, қолындағы малына да солай қарайтын. Әр ауырғанын адамды емдегендей емдейтін. Керімнің келіншегі мен бес баласы бар. Үш баласы өзімен бірге тауда. Мектеп жасындағы екеуі қаладағы туыстарында. Бар тапқан таянғанын екі ерлі зайыпты осы балаларына арнап келеді. Керімнің өзі де ақкөңіл ғой, шіркін! Қыдырып келген туыс не дос болса бір сояры даяр тұратын. Арасында ақтан да алып, үш-төрт күндей соның құлы болып, оған да қозы-тоқтысын талай құртқан. Осылай мал да жиналмады. Бірақ аш та емес. Өзіне ұнайды. Еті әбден осы кәсіпке үйренген. 

Сайдың тірелер тұсына да жетуге аз қалды. Оң жағының беткейінен ішке кіре сайды бөле жатқан бір жарлы ықтасын жер бар еді. Бұрылып соны көре салайын деп аты басын бұрып қарап қалып еді, ала сиыры шаймаң қағып жатып алыпты. Қасында өзінен аумай қалған ала бұзау төрт аяғы төрт жаққа кетердей, тәлтіректеп әзер тұр. Ала сиыр орнынан атып тұрды. Бұзауын иіскелеп, бір мөңіреп алды. Керім сиырды түртіп айдап көрмек. Шамасы түнде туған болу керек. Бұзаудың үсті кеуіп, әлденіп алыпты. Айдап еді, енесінің артынан тәлтіректеп ере бастады. Бұл уақытта қас қарайып қалған. Сай ішімен тіке тартса бір сағатта үйден шығады. Ала сиырды бұзауымен алдына салып алып, атын жетектеп үйіне тартты.

Ертесіне ала сиыр бұзауымен қорада қалатын болды. Таң ағарып атысымен Керім бұзаудың бас жіптерін алып, Назира қос темір шелегін көтеріп сиыр қораға кірді. Назира – Керімнің әйелі. Сауынды бес сиыры бар. Күнде қораз шақырған кезден тұрып, үй ішін жылытып, күйеудің малға алып кетер азығы мен баланың таңғы асын дайындау оның күнделікті күйбең тірлігі. Арасында сиырын сауып келіп, оны ыстықтай балаларына дайындап та үлгереді. Бүгін де сол әдетімен сауынға келді. Керім сауындыларды шетінен қора ішіндегі ағаштарға байлап, кезекпен Назираға дайындап жатыр. Бірінші Дәу қараны сауатын болды. Әр сиырға осылай ат қою – екеуіне үйреншікті. Назира қолындағы үш өрім болып өрілген бір метрдей жіпті Керімге ұстатты. Дәу қараның екі аяғын байлап саумаса, шелегін төгіп жібереді. Алдын ала Керім ақырын артқы аяғының санына төмен етіп байлап қойды. Әйелі де астына келіп отыра кетті. Сауыннан тастамайтын кесеге дайындап алған құйрық майын алып сиырдың желініне жақты. Қалың шөптің арасымен жүретін сиырларға бұл керек. Желіндері тікен мен шөптен кесіліп кететін. Әрі, бұзауы емеді. Қолмен ұстағанда ашытпай, жұмсақ сауылуы үшін қойдың майы таптырмас ем. Бес сиырын осы тәртіппен сауып, бес сиырдан екі шелегін толтырып Назира үйге жүрді. Керім туған сиырды бұзауымен алып қалып, қалғандарын өріске жіберді. Сары ат кеше біраз қызмет етті деп, бүгін мініске торы атты алды. Жылқысы мен сиырын үйден әрірекке айдап салып, Назираның таңғы ыстық шайына кірді. Назира да үйге кіре сала сүт толы шелегін қоя сала таңғы шайдың қамына кіріскен. Орта бөлменің шетінде үйді жылытып тұрған ақ пешінің үстінде шайнегі не сақылдап қайнап, кешегі түннен қалған ыстық сорпасы ысып даяр тұр. Тапшан үстінде бұрышта әке-шешенің ыстық қамқорлығында балалары ұйқыда. Балалары оянып кетпесін деп екеуі сыбырласып сөйлесіп, дастарқан басына жайғасты. Бұл екеуінің отыз жылдан бері қайталанып келе жатқан тірлігі мен күн көрісі. Назира күйеуінің қоржынына термосқа ыстық етіп шайын құйып беріп шығарып салды. 

Көктемгі таң салқын тартып, даладағы енді шыққан көктің иісі жауынмен араласып, аспандағы бұлт біресе жауын болып жауарын, біресе жаумасын білмей тұрғандай. Қара бұлт біресе күнді жауып, біресе бетін ашып, көк аспанда екеуі батырлардай айқасқа түскен. Керім торы атына мініп бұл уақытта сай ішін қуалай көк қуған отарының артынан кетті. 

Мал баққан қазақтың тіршілігі таң атқаннан күн батқанға дейін жалғасып жататын қарбаласқан өмір. Назира күйеуін жіберіп, шелектегі сүтін сепараторға құйып тарта бастады. Бір жағынан сыздықтап сүттің суы, обраткасы ағып, екінші жағынан сап-сары болып қаймақ тама бастады. Үй ішінде дызылдатып тартып отырғаны осы. Мұндай жерде уақыт та тез өтеді. Бұлардың мал-жайы сайдың ішінде, жан-жағын қоршап тұрған төрт таудың ортасында. Мұнда байланыс та жоқ, жарық та жоқ. Бұлар болмаған соң теледидар дегенің атымен жоқ. Кеш түссе шиша шамның жарығымен отыратын. Елден бөлек, шамдары жарқырап, көлігі мен көшесі көп қала өмірінен жырақта күн кешкен екеудің өмірі осы еді.

Жолаушы

- Тыңдаңыздар құрметті жолаушы азаматтар… Жолаушы темір жол бекетіне кіре бергенде осы дауысты естіді. Бұл басқа бағыттың пойызы екен. Қол жүгін алып, таң атпай үйден шығып, жарты сағат бұрын келіп алған беті осы. Дала салқын. Жаздың соңғы күндері біресе суып, біресе ысып, күздің келетінін еске салып тұрғандай. Жолаушы бекет ішіне кіріп, темірдей мұздай орындаққа  жайғасты. Бекетте адам қарасы көп емес екен. Жанқалтасынан  билетті алып поездің уақыты мен отыратын орын санына қарап алды. Сағатқа қарады, уақыт бес минут қалған екен. Бірақ оператор бұл мінетін поезді әлі хабарламады. «Тағы кешікпесе жарар еді» - деп ойлап үлгермей жатып, бекет операторының поездің жарты сағатқа кешігіп келетінін айтқан дауысы естілді. Енді не істесем екен деп орнынан тұрып ары жүріп-бері жүріп, ақыры жүгін алып екінші қабатқа көтерілді. 4-5 адам әр жерде жалғыздан, екі-екіден отыр. Біреуі орындыққа қисайыпты. Ерте тұрғандікі ма ұйқы қысып тұр. Бұл да ортада тұрған екі адамдық отырғышқа қол жүгі бар сөмкесін қойып, басын сүйей кетті. Ұйықтап кетпеудің амалын жасап, оятқышты қосып қойды. Ұйықтап қалмайын деп шала күйде көзін бір ашып, бір жұмып жатып, ұйықтап бара жатқанда әлгі дауыс тағы естілді:

- Тыңдаңыздар құрметті жолаушы азаматтар және сақ болыңыздар… Бұның пойызы – оңтүстік-батыс бағытындағы пойыз. Сонымен пойыздың келе жатқанын естіп астыға түсті. Халықтың қарасы да жүктерін алып, поезді күтіп алуға сыртқа шықты. Жолаушылаған адам. Бірі отбасын асыраймын деп жыраққа жұмыс істеуге кетіп жатса, енді бірі оқуға, бірі той той тойлауға шыққан. Пойыз да келіп тоқтады. Көк көйлегі мен бұтына көкшіл түсті шалбар киген, толық денелі жасы елулерді еңсерген жолсерік қолындағы телефон секілді электронды құрылғыға қарап жолаушыларды тегімен тексеріп кіргізе бастады. Неткен технологиясы дамып, цифрланған заман-ай десейші! Алдын ала сен туралы мәлімет даяр тұрады. Тіпті кейбір вагон жолсеріктері билет тексермей-ақ мінгізетін болған. Жолаушы ішке кірді. Сол баяғы 30 жыл бұрын мінген пойыз вагоны. Түк өзгермеген. Тек өзгерген цифрланған билет қана екен деп ойлады. Вагон ішіндегі үшінші орын жолаушынікі. Орнында біреу ұйықтап жатыр екен. Оған қарама-қарсы жасы қырықтарды еңсерген, аздап қарны бар бір ер адам отыр екен. 

- Сенікі асты ма? - деді жолаушыға әлгі қарынды.

- Иә, менікі осы асты-  деді жолаушы.

- Бұл А қаласынан мінген қазір Қ қаласынан түседі - деді. Жолаушы ұйықтап жатқан адамды оятқысы келмеді. Тәтті ұйқысын бұзбай-ақ қояйын деп ойлады. Жүктерін төбеге қойып, әлгі ояу отырған кісінің қасына жайғасты. 

- С қаласына дейін барасың ба? - деді қарынды.

- Иә, өзіңіз ше? 

- Мен де сол жаққа дейін - деді. Осы таныстықтан кейін біразға дейін екеуі үнсіз отырды. Қарынды қасыма жөні түзу адам түскен секілді деп ойлап қояды. Адам жолаушылап шыққанда адамның да, мәдениеттің де түр-түрін көресің дегені рас-ау. Бұл вагон ішіндегілер де өмір сапары секілді бірге кетіп барады. Кезегі келгендер вагоннан түсіп қалып жатты. Екеуі де вагон терезесінің ар жағындағы біресе жазық, біресе төбе, бірде таулы, бірде сулы жер ананың ғажабына ғашық болып ой үстінде келе жатыр. Әлгі ұйқыдағы оянайын деді. Оның оянғанын байқаған қарынды:

- Астында мына жігіт екен - деді. 

- Жақсы болды, жолымыз бір екен. Үстіне ақ мәйкі киген, денелі қара әлгі жігіт жолаушыға қарап:

- Сен қазір ұйықтап, болмаса жатасың ба? - деді.

- Жоқ, сіз отыра беріңіз - деді.

- Сөйтейік, мен қазір бір-екі сағатта түсемін деді. Үш жігіттің таныстығы енді басталып, қызайын деді. Сол уақытта жолсерік мырзамыз да келіп бұлардың қасына отырып әңгімелеріне араласа бастады. Жолаушымен танысты:

- Әй дегенмен жақсы екенсің, сенің орныңда басқа біреу болғанда, неге менің орнымда адам жатыр деп шу шығарар еді - деді.

- Жоға, ештеңе етпейді - деді жолаушы. Жолсеріктің бұл қызметте жүргеніне жиырма бес жылдай уақыт болыпты. Өзінің өмірінен өткендерін айта бастады:

- Жолда ойға сан түрлі ойлар оралады екен. Сан түрлі адамдарды да көресің. Жасы егде мен жасы кіші, жасы орта. Үлкен-кіші деу жоқ, ұрысуға, бәле іздеуге даяр бәрі қазір. Көңілге қарап сөйлеу қалды деп ХХ ғасыр мен қазіргінің адамдарын салыстыра бастады. Баяғыда үйде жарық сөніп қалатын кездер де болатын, қаланың қақ ортасында газ жоқ, көп қабатты үйлер бірігіп далаға қазан-ошақ асып, бір үйдің баласындай едік, біреудің үйіне қонақ келсе етіңді, тағы басқасын сұрап көршің келсе бере салушы ек. Кейін ауылдан ол үйге базарлық келгенде ол әкеліп тастайтын. Сондай қала бола тұрса да, бір үйдің баласындай едік. Ал қазір мына кішкене бір вагонның өзінде бір-бірін аңдып, ұрысып, бәле іздеуге даяр тұрады. Қолына телефонын алып түсіріп әкетеді. Баяғыда ғой жарық бірнеше күндеп болмай қалса да отыратын едік жанғанша. Жағдай дұрыс болмаса да пейілі кең заман-ай, пейілі кең адам-ай дейсің!- деп бір күрсініп алды. Жолаушы тыңдап отыр. Енді әлгі қарынды қосылды:

- Біз кішкене кезде туғаның болмаса да барлығымен бауырдай араласатынбыз. Бауырмалдық, ағайындық  деген болушы еді. Қазір туған ағайындар бір-бірімен араласпай жатады. Бір-біріне көмектесу қалды ғой. Бала кезімізде үйде жатқанда, ауылда кімнің үйіне көмекке керек, сол үйге әкеміз бар, көмектес деп жүгіртіп жіберетін, сонда әкемізге де дым деместен кете беруші ек. Қазір соның арқасында ағайын, дос қай жерге барсаң да құшақ жая қарсы алады, соның бәрі сол кездегі жігіттер екен деді. Пойыз жүріп барады, жүріп барады...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan