Әбубәкір Смайылов. Ескі де жаңа желтоқсан...
Кезінде Кеңестер Одағын дүр слікіндіріп, оның он бес (одақтас республикалар саны) қабырғасының бір-бірлеп сөгілуіне, сосын күйреуіне тікелей себепші болған Желтоқсан көтерілісіне – 40 жыл. Бұл оқиға тарихта ғана емес, сол алаңда намыс отының ортасында жүрген әрбір жастың жүрегінде де өшпес із қалдырғаны анық. Оқырман назарына ақын Әбубәкір Смайыловтың осы Желтоқсан тақырыбына қатысты әр жылдары жазылған жырларын ұсынамыз.
Рух реинкарнациясы
Желкілдеген жеңімпаз тулардай боп,
Желтоқсанда бір ана туғандай боп -
Тура осы алаңда тұрған едік,
Тағы тасқа соғылды қу маңдай кеп!
Тағы Алматы.
Тағы да сол алаңда
Атыс-шабыс, жарылыс, зобалаңда,
Ту көтерген кім екен, - НАМЫС ТУЫН
Соғу керек ескерткіш сол адамға!
Бойындағы асау күш бермей тыным
Болса, шіркін осындай ЕР дейтінің.
Ол қазақтың РУХЫ - мың сан түлеп
Оқтан, оттан кейін де өлмейтұғын!
Қанға бөкті осынау алаң қанша,
Билікке ақыл кірмеді, амал қанша.
Азаттықтың ақ таңы туады әлі,
Ту ұстайтын жігіттер аман болса!
Біздің буын туралы
Құлаш ұрмай қияға дер кезінде.
Өкініштен өртенем енді өзім де.
Ішімізде бір-бір ит өліп жатыр,
Көрінсек те бақытты ел көзіне!
Көмескі ойлар бір кезгі қазір анық,
Көбі кетті өмірдің азы қалып.
«Неден жаздым құдайға?», - дейді қазақ
Алдыменен алаңсыз жазып алып.
Мен де жаздым,
жаңылдым талай мәрте
Ақырында ақ түсті самайға ерте.
Кең пішілген дүние шолтаң етіп
Ес жиғанша боп шықты, қалай келте?!
Шындық іздеп шыққанда алаңдардан,
Оққа қарсы қайран жоқ жалаң қолдан.
Күшігінен таланып біздің буын,
Иттің азу тісінен аман қалған!
Сол бір екі ай –
Желтоқсан ызғарлы аса
Қаңтар қайта жарар ед сызданбаса...
Арман - алыс,
қол - қысқа, күн - кешкірді
Сонда ғұмыр кештік пе-ей біз далбаса?
Түсік
(Отыз жыл өткен соң)
Алматынының алаңы.
Желтоқсанда
Алаңдап бір хабарды ел тосқанда...
Көртышқандай тығылып түгел інге
Жалтақтаған күн еді Кремльге.
Намыс ойнап қазақтың жүрегінде
Қару ойнап биліктің білегінде,
Бірін-бірі ала алмай тірескенде
Қабақтардан қар жауып сірескенде-
Қатып қалған санамда СТОП-КАДР:
Қабаған ит тісінен тіс қаққан ұл
сытылып-ақ шығып ед, бірақ оны
сүйрейді әлі шашынан ұстап қазір!
Сол бір сурет санамда кері айналған-
Қар үстіне қан тамып самайлардан,
Қаршадай қыз көзінде үрей тұрды
Лағындай еліктің қарай қалған!
Тұзы жеңіл қазақтың дәл өзіндей
Жер қозғалса қозғалмас және зілдей-
«Менің Қазақстаным» әуеледі,
Қандай жақсы қалғаны ән ЕЗІЛМЕЙ!
Әлі-ақ толар орыны кем-кетіктің,
Қарны тоқ қой қазақы пенделіктің.
Алматынының алаңы.
Желтоқсанда
Мен де тұттым Азаны, сен де тұттың.
Айтшы, орны толды ма кем-кетіктің
Ел тізгінін ұстайды ер жетіп кім?
Менің ұлым отызға келер еді,
Кетпегенде ұшында керзі етіктің!!!
Қайырсыз іс
«...Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске»
(Махамбет)
Қан болдық, көріп сан қорлық
Нәлет деп біздің жүріске -
Оқ тисе міне, тар қолтық
Оқталғам сонда бұл іске.
Жалындап өңкей жас кеуде
Өрттей боп таудан құлаған.
Жасқанбай, қорқып Мәскеуден
Ақырып теңдік сұраған!
Алаңда үш күн тұрыстым
Алқымға жаным таяды...
Қайтейін бүйткен бұл істің,
Қайырсыз болса аяғы?!
Алланың ісі ал, көндік
Біз салған қане, ұлы жол?
«Шал кет!» деп жүріп шал болдық.
Шамдансаң шамдан, шыны – сол...
«Тәуелсіздік» коктейлі
Тәубе десіп қолдағы осы барға,
Тәу етпесек патшаға кешір, Алла.
Қайта-қайта шабынған бурадайын,
Желтоқсанның қазақта өші бар ма?!
Алматыда, кеше анау Жаңөзенде
Қаны тамды қазақтың қара жерге.
Енді бүгін елім деп еңірейді,
Жалт беріп ап жеткенде жеме-жемге.
Тағы келді Желтоқсан әбігер қып,
Жауды қуған батырдай бәрі дерлік.
Тағы медаль тағынып жатсыңдар ма,
Жасағандай майданда жабыла ерлік.
Жағымпаздар қандырып құлақ құрышын,
Көңілі бос көкелер жылап тұрсын.
Удай ащы коктейль - «Тәуелсіздік»
Тәтті қосқан үстіне бір-ақ шымшым.
Қалып қойып қатардан көп кейінге,
Шөлдеп жүрген халықпыз жоқ мейірге.
Қан аралас қазақтың көз жасы бар,
«Тәуелсіздік» дейтұғын коктейльде.
Ескі де жаңа желтоқсан
Тағы да келді Желтоқсан,
Тағылар төске орден боп.
Осы ма бақыт ел тосқан,
«Өзенде» ешкім өлген жоқ!
Қуылып анау Алаңнан
Қысында 86-ның,
Мен емес итке таланған
Бәрін де ұмыт, жарқыным.
Түңілме деймін бұл елден,
Түбінде жанар шамшырақ.
Сыр бермей сыртқа күлем мен,
Сыздайды жүрек қан жылап:
Қапқан да мені өз итім,
Сатқан да мені өз итім,
Атқан да мені өз итім,
Таққан да медаль өз итім!
Қайтемін босқа кектеніп,
Білем ғой иттің Иесін!
Өлердей оны жек көріп,
(Өз итің...) қайта сүйесің.
Тағы да келді Желтоқсан,
«Алаң да алаң, алаң жұрт».
Осы ма бақыт ел тосқан,
Жүгіріп жүрміз жалаңбұт!..
Годоны қазақша күту
немесе біздің абсурд театры
Алайғайлы күн еді, бұлағайлы,
Сұр мергендер көзге атқан құралайды -
Ойран салған деседі осы алаңда
Ердің құнын енді ешкім сұрамайды.
Ауа ластап, мәз болып жер басқанға
Оттан шашу шашамыз енді аспанға.
Шешілмеді жұмбағы Жаңаөзеннің,
Құпия әлі Қаңтар да, Желтоқсан да.
Өтірік пен өсегі көп қоғамда
Өмір сүру азап қой текті адамға.
Сұрақ қойса қайтемін келер ұрпақ
«Қайда болдың сол кезде?» деп маған да.
Қара күшке қанша рет қарсы шығып,
Қара көзден түссе де тамшы үзіліп,
Күдеріміз үзілмей, күтудеміз
Әлі тірі, өшкен жоқ әлсіз үміт.
Көрмесе екен үміттің өзін көптей,
Өтемін бе шындыққа көзім жетпей?
Қол созым жер - Ақорда бірак соған
Қолым жетпей, қойды ғой сөзім де өтпей.
Оны биік, өзімді төменсініп
Жүрем, өне бойымда көп ерсілік.
Көрген қорлық, бүгінгі тартқан азап,
Ертесіне есімнен кетер шығып.
Р.S.Күтудеміз біреуді...
Біздің ғұмыр
Беккетше* айтсақ емес пе бекершілік?!
*Сэмюэл Беккет – драмтург, «Годоны күте-күте» пьесасының авторы.
