Абзал Мақаш. Үнді поэзиясынан аударма

80

Абзал Мақаш. Үнді поэзиясынан аударма - adebiportal.kz

МОХАН СИНГХ

Мохан Сингх (1905–1978) – ХХ ғасырдағы үнді әдебиетінің көрнекті өкілі, пенжаб тілінде жазған ақын. Ол қазіргі Үндістан мен Пәкістан аумағын қамтитын тарихи Пенжаб өлкесінде дүниеге келген. Парсы тілі мен әдебиетін терең меңгеріп, ағылшын және урду әдебиетімен де етене таныс болған қаламгер. Қазіргі пенжаб поэзиясының негізін қалаушылардың бірі саналатын ақын шығармаларында қауышу мен айырылысу, жалғыздық пен сағыныш, табиғат пен уақыт тақырыптарын жырлады. Мохан Сингхтің «Жасыл жапырақтар», «Екіұдайлық», «Өтірік пен шындық», «Дауыстар», «Ұлы мезгіл» секілді жыр жинақтары жарық көрген. 

Ұсынылып отырған өлеңдер топтамасы ақын Абзал Мақаштың қаламымен белгілі тарихшы Лев Гумилевтің пенжаб тілінен орыс тіліне жасаған аудармасы негізінде қазақшаланды. 

 

ЖАСЫЛ ЖАПЫРАҚТАР

Жапырақ едік ылғи біз,

Ешкімнің қалмас есінде.

Қусырып қолды мүлгиміз

Гүлдердің көлеңкесінде.

 

Қиылар олар, кешір тек,

Гүлшоғы болып кезіге. 

Еске алар, бәлкім, есіркеп,

Шақырар бізді өзіне.

 

ДАЛА ГҮЛІ

Адам болмақ – аласа 

Атақ емес әлі күн.

Тарту етсе тамаша,

Гүл тағдырын Тәңірім.

 

Кір-күнәдан сілкініп,

Пенделіктен жиренсем.

Шырқау күнге ұмтылып,

Мылқау, мұңсыз күйде өлсем...

 

САҚИЛЫҚ

Бақ ішінде жүрсем мен,

Жалғыз-жаяу ілбіп кеп.

Тартып қалды бір шеңгел,

«Кідіре гөр, құлдық» деп.

 

Жетті жанға жаңа леп,

Мен болғандай аңсары.

«Жұпарымды ала кет»

Деді жұмақ раушаны.

 

ҮНСІЗДІК

Сұрады  бұлбұл зарыға:

«Нәрәнжу нәркес гүл достым,

Неге үйір бәрі жаныңа,

Ал мен ше... жалғыз күн кештім?»

 

Ол айтты: «безеп тіліңді

Қоясың.

Ал мен шынымен,

Тамырмен тіндес сырымды,

Суарам сабыр суымен».

 

КҮЛКІ

Ғұмыры, қайран, зайғы гүл,

Қуанып бекер жайнайсың.

Қуаныш түбі қайғы-дүр,

Қаперге алып қоймайсың...

 

«Қажет пе, достым, бұл сақтық?

Бөгелме маған, өрлей бер.

Ғұмырым менің бір сәттік,

Ол сәтке сыймас сендейлер».

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan