Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Айгиз БАЙМҰХАМЕТОВ, башқұрт жазушысы. Тастамашы, а...

19.01.2018 65736

Айгиз БАЙМҰХАМЕТОВ, башқұрт жазушысы. Тастамашы, ана!

Айгиз БАЙМҰХАМЕТОВ, башқұрт жазушысы. Тастамашы, ана! - adebiportal.kz

Айгиз Баймұхаметов (Баймөхәмәтов Айгиз Ғиззәтулы) - 1988 жылы туған. Башқұт жазушысы. Башқұртстан және Ресей Жазушылар одағының мүшесі.

"Әдебиет порталы" жариялап отырған шығармасы үшін Шайхзада Бабич атындағы Мемлекеттік жастар сыйлығына ие болған.

Орыс, татар, чуваш, әзірбайжан, моңғол тілдеріне аударылған шығарманың қазақ тіліндегі нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Хикаят

Меніңше, біздің әкеміз әлемдегі ең жақсы әке. Ешкімге қатты сөйлемейді, ешкіммен ренжіспейді. Біздің сабақтарымызға көмектеседі. Ал жазда біз әкемізбен орманға кіріп кетіп, саңырауқұлақтар тереміз, бүлдірген, қойбүлдірген сияқты орман жидектерін үйімізге шелектеп теріп әкетеміз. Бірде тіпті әкеміз бізге бұғыларды көрсетті!

Анамыздың бақиға аттанғанына төрт жыл болды. Әкеміздің қолында жеті бала қалдық. «Балаларды балалар үйіне өткіз де, үйлен. Ғиззат, өзіңді бекер қинама, саған әлі талай жыл өмір сүру керек»,-деп оған көп адамдар ақыл айтты. «Сен жалғыз өзің балаларды өсіріп-жеткізе алмайсың, оларды балалар үйіне жібер»,- деп барлығы әкемді үгіттеуге тырысты. Әкеміз болса оларды тыңдағысы да келмеді. Жауап біреу болды:

  • Мен тірі тұрғанда балаларымның бір тал шашы да түспейді! Біз оларды дүниеге әкелгенде балалар үйінде өссін деген жоқпыз...

Осылайша әкемізбен өмір сүріп жатырмыз. Бірақ кейінгі кезде ол жиі ауыра бастады. Әрине, сырт көзге білдірмеуге тырысты, бірақ болып жатқан нәрсені жасыра алмайсың, — қолдары менікі сияқты кіп-кішкене болып қалды. Қақпадан сыртқа шықпай қалғанына бір жылдай болды. Оған не болып жатқаны бізге белгісіз. Анамыздың өлімінен кейін көп түндер бойы ұйықтамады. Терезенің алдында қозғалыссыз ұзақ тұрды, біреуді күтіп тұрғандай. Бір күні түнде мен ыстықтап оянып едім, әкемнің анамның суретін құшақтаған калпы отырғанын байқап қалдым. Ол кезде оның не ойлап отырғаны маған беймәлім болатын...

Менің екі үлкен ағам мен әпкем қазір қалада оқиды — училищеде білім алып жатыр. Ендігі екі әпкем Алсу мен Әлия, мен, қарындасым Зульфира әкемізбен тұрамыз, мектепке барамыз. Кейінгі кезде әкем тіпті тамақ дайындауға да әлі келмей қалды. Сондықтан да бесінші сыныптағы Әлияға көже қайнатып, нан илеп, оны пісіруді үйренуге тура келді. Оның пісірген күлшелері кішкене, ал біз болсақ анамыз пісіретіндей, үлкенін сұраймыз.

  • Үлкен болайын, сол кезде үлкенін пісіретін боламын, жарайды ма? Ал қазірше маған соншама нан илеп, пісіру өте қиын болып тұр, - деп әпкеміз ақталатын.

Көктемнің шуақты күндерінің бірі еді. Қар баяғыда еріп кеткен. Алғашқы гүлдер шыға бастады. Көшеде қандай керемет! Әкеміз ғана үйден шыға алмайды, ол күні бойы төсек тартып жатады.

  • Балам, маған келші,— деп мені өзіне шақырды.
  • Иә, әке...
  • Міне, жатып, өткенді есіме алып жатырмын. Неге екенін білмеймін, ойым мені жас кезіме қарай ала қашады. Мен сендердің аналарыңды осындай тамаша бір күнде кезіктірдім. Содан бері қаншама су арнасымен ақты, сол кездегі сәттерді бүгінгі күн сияқты есімде қалдырыппын. Сол шақтарда Гүлнұрыма алғашқы рет бәйшешектер сыйлап едім.

Әкем үндемей қалды да, қабырғаға қарай бұрылды, ойланып жатты да, сергек үнмен:

  • Ұлым, жазыққа барып, бәйшешек теріп келші. Осы көктемде мен бәйшешектерді әлі көрген жоқпын. Сен теріп әкелген гүлдерді төсегімнің жанына қойып, қарап жатайын!
  • Мен тез келем, әке! — басымды изеп, мен бірден үйден жүгіріп шығып, тез арада ең әдемі гүл шоғырын алып кірдім. Бөлменің ішінде жұпар иіс қалқып жүр. Үйіміз жап-жарық болып, әкеміздің де көңілі бір серпіліп қалды. Мен әкемді қуанта алғаныма қуанып, күні бойы көтеріңкі көңіл-күймен жүрдім.

Ұйықтардың алдында әкем мені тағы да өзінің жанына шақырды.

  • Сен енді үлкенсің, балам, бәрін түсінесің. Мен де осылай тез қартайып қаламын деп ойлаған жоқпын. Сендерді аяққа тұрғызып, оқытам-тоқытам, үйлендіріп, той жасаймын деп армандадым. Байқаймын, оған жете алатын емеспін.

Оның сөзінен мен өзімді жаман сезіне бастадым. Әкем болса ары қарай сөзін жалғады:

  • Ешкім де өзін алдыда не күтіп тұрғанын білмейді. Егер кенеттен мені ауруханаға алып кетсе, менсіз тіршілік етіп үйреніңдер. Ұсақ-түйекке бола ұрсыспаңдар, тату өмір сүріңдер! Өмірде көп қиындықтар болады, сен бірақ барлығын жеңе біл. Мен ауруханада болғанда сабақтан қалып қойма. Әпкелерің мен қарындасыңа қамқор бол. Сен енді қолыңа балта ұстай аласың, үйге, шаруашылыққа қара. Мен сені жаныма жайдан-жай шақырмадым, мен үшін құнды бір зат бар еді, соны саған берейін деп едім...

Осы сәтте әкем қатты жөтелге булықты. Мұндай жөтелі ұзаққа барушы еді. Сонымен қатар әкем жөтелген сайын жанындағы шелекке қоңыр-қызыл сұйықтықты түкіретін. Содан кейін күші қалмай, әлсіреп, басын жастыққа сүйеп, үнсіз жататын. Міне, қазір де солай, маған енді бірдеңе берейін деп еді, қайтадан жөтелі асқынып кетті.

  • Жарайды, балам, ертең жалғастырамыз, — деп, әкем терең демалды, — басым қатты айналып кетті.

Әкем ауырғалы бері мен үлкен төсекте әкеммен бірге ұйықтайтынмын. Түнде оған дәрі мен су беретінмін. Бүгін бірақ әдеттегідей емес, басқаша.

  • Балам, бүгін мен өзім жалғыз ұйықтаймын, — деді әкем.

Мен оның жанына жатуымды өтініп қанша сұрасам да ол көнбеді.

Біз әпкем Әлия екеуіміз мектепке таңертең барамыз, сондықтан ерте тұрамыз. Кейде мен қулық жасап, ұйқыдан оянсам да, жылы төсектен тұрғым келмей, жатып аламын. Міне, осылайша Әлия тамақты ысытып, шәй әзірлегенше жатамын. Үйдің ішін тәтті иістер алып кеткенде ғана төсегімнен атып тұрамын. Бүгін де көбірек жатқым келді. Әпкем тұрды, жуынды. Шәйнек те қайнады. Ыдыстардың сыңғыры естіле бастады. Мен болсам әлі ұйықтап жатқан кейіп танытудамын. Әдетте әкем де бізбен бірге шәй ішетін. Сондықтан Әлия алдымен дастарханға әкемді шақырды:

  • Әке, мен саған шәй құйып қойдым.

Жауап болмады.

  • Әке, шәй суып қалатын болды... , — деп әпкем шақырса да әкем орнынан тұрмады...

Әлия оның төсегіне жақындады.

  • Әке, әке... Әкешім! — жантүршігерлік айқайдан мен төсегімнен құлап түстім. Әлия ақ жаймадан да аппақ болып кеткен. Көздерінде қорқыныш, өзінен бірдеңені қуып жатқандай екі қолын сермей береді. Бұл шудан басқалар да оянды. Әлия болса бір сөзін қайталай берді:
  • Біздің әкеміз өліп қалды! Көмектесіңдер! Қайтыс болып кетті!

Мені ток соққандай. Қалайша қайтыс болды?! Бұл сөздерді менің сәби санам қабылдамады. Тісім-тісіме тимей сақылдап, тыныстау тым қиындады. Бір орнымда қаққан қазықтай тұрып қалдым,— жылай да алмадым, бір сөз де айта алмадым.

Балалардың ең кішісі, бірінші сыныпта оқитын Зульфира , нәзік дауысымен жылап жіберді. Менің құлағымда енесінен алғаш айырылған күшіктің өксігіндей сол бір аянышты дыбыс әлі тұрғандай. Кішкентай қарындасымнан кейін Алсу да жылап қоя берді.

Үйіміз тоқтамайтын жылауға, жан күйдіретін өксікке толып кетті. Біздің жасымызды тоқтататын әлемде ешқандай күш жоқтай сезілді. Айналамыз қап-қара, көңілсіз болып қалды. Әкемнің төсегінің жанында төртеуіміз ұзақ жылап отырдық. Әкеміз бізді аяп, орнынан тұрып кетер деп ойладық па екен мүмкін?

  • Әкетай, ояншы, бізді жылатпа! — деп Зульфира оның қолынан тартқылады. Ол болса еш қозғалыссыз жатты. Сөйте тұра оның көздері ашық болды. Ал өлгендердің көздері ылғи жабық жатады! Мүмкін, әкеміз бізбен ойнап жатқан шығар? Біз оның иықтарынан сілкіледік, Зульфира тіпті оның шашынан да тартқылап көрді. Бір кезде біз әкеміздің алақанын қатты жұмып бірдеңені ұстап жатқанын байқадық. Бұл біздің отбасылық фотосуретіміз болатын. Арамызда анамыз да бар еді. Қайда кетті сол бір бақытты күндеріміз?!

Мен өзімнің орманға қалай кетіп қалғанымды білмеймін. Сірә, биік қарағайлардың арасынан жан тыныштығын іздеген болармын. Түске қарай үйге оралдым. Қақпалар айқара ашылып, аулаға адамдар лық толыпты, барлығының жылаудан көздері ісіп кеткен. Әр жақтан құлағыма әңгімелердің үзінділері жетіп жатыр:

  • Әй, сорлы, байғұстар. Әлі тіпті кіп-кішкентай ғой.
  • Жылытатын бір жақын жандары да қалмады.
  • Айтпа, аталары мен апалары да жоқ...

Қыздар жылай бергеннен ісініп кетіпті. Ақ матаға оралған әкемді бөлменің ортасына жатқызды. Үлкендер бізді жұбатып, тыныштандыруға тырысты:

  • Иә, жер бетінде ешкім, ештеңе мәңгілік емес...
  • Сендерге ауыр тиді, бірақ құдай қаласа, аяқтарыңнан тік тұрып кетесіңдер.
  • Бұлайша көп жылай беруге болмайды. Көз жастарың әкелеріңнің қабіріне кіріп, ол содан кейін сыз жерде жататын болады.

Кешке қарай қаладан үлкендеріміз — екі ағамыз бен әпкеміз келді. Біреулер оларға оқу орындары арқылы хабар бергенге ұқсайды.

Қайтыс болған адамды бір түнге үйінде сақтау керек екен. Түнге қарай әкемнің мәйітінің жанына жасы үлкен көршілеріміз жиналды. Балаларға марқұм болған адаммен бір үйде ұйықтау болмайтындықтан бізді қарама-қарсы үйге алып кетуге бекінді. Мен көршінің үйіне баруға қарсы болдым, өйткені әкемнің өліміне әлі сенбеген болатынмын. Әкемнің жанында болғым келді.

  • Жақсы, ұлына қалуға болады, - деп ақсақалдар маған рұқсат берді.

Көзімді жұмып қоймайын деп қорқып түні бойы әкемнің мәйітінің жанында отырдым. Кенеттен ол терең демалды!

  • Әкем тірі, қараңдар! Ол дем алды! Әкем өлген жоқ!— деп айқайлап, орнымнан атып тұрдым. Бетінен барып сипадым. Мен бірде естігем, біреуді қайтыс болды деп ойлаған екен, ал оның уақытша ғана жүрегі тоқтапты. Ол адам өзіне-өзі келіп, орнынан тұрғанда бәрін таң қалдырған екен. Мүмкін, біздің әкеміз де өлмеген шығар!

Үлкендер селт ете қалды.

  • Бала шаршады, ұйқыға жатқызыңдар, — деді біреу. Таңертең мен көршінің үйінде ояндым.

Деревняда барлығы әкемді «ағай» дейтін, әдетте өзінен үлкен ер адамды солай айтады. Ауылдың ақсақалдары да оны «кустым» демей, «ағай» дейтін. Оған себеп те бар еді. Әкемнің техникадан хабары бар еді. Бір күннің ішінде тракторды бір бөлшегіне дейін қалдырмай шашып тастап, келесі күні қайта жинап алатын. Өзіне өтініш білдірген адамнан ешқашан аянып көрмеген еді. Техниканың ақауын қозғалтқыштың дауысынан-ақ білетін. Апталап тұрып қалған тракторды бір-ақ күнде қалыпқа келтіріп жөндеп, тракторшыны қатты қуантушы еді ғой.

Бірде әкемді колхоздың бас механигі етіп тағайындады. Жұмысына ақ жейде киіп шыққан екен. Қараса, жас механизатор өзінің тракторын жөндеп жатса керек. Әкем оған керекті бөлшекті қалай дұрыс шешіп, қайта ауыстырып, бекітуді көрсетіпті. Түстен кейін әлгі адамға келіп білсе, ол әлі аяқтамапты. Әкем шыдап тұра алмай, өзі кірісіп кетіп, жөндеп тастапты. Жұмыстан барлық жері қарамай болып келген екен. Ертеңінде колхоздың төрағасына барып:

  • Маған тракторымды қайтарып беріңіздерші. Басқаларға үйреткенше маған өзім жұмыс істегенім артық, — депті.

Міне, осындай қарапайымдылығы мен елгезектігі үшін ауылдастар оны «ағай» дейтін.

Әкемізді үйден шығарды. Көше толы әкемді ақырғы сапарға жөнелтушілер болды. Тек сол кезде ғана әкемнің үйге қайта оралмайтыны миыма жеткендей болды. Біз енді оның үнін ести алмаймыз. «Ұйқыдан тұратын кез келді, балам»,- деп мені енді ешкім оятпайды. Сыныптастарымның арасында әке әперген жаңа киімдермен де мақтана алмаймын енді. Кім бізді енді орманға жидек теруге апарады?

Мәйітті сыртқа алып шыға бастағанда Зульфира нәзік үнімен:

  • Әкемді әкетпеңдерші! Оны үйде қалдырыңдаршы! –деп шырылдап жылады.

Әлия да жасын іркіп тұра алмай:

  • Менің өмір сүргім келмейді! Әкесіз қалай енді күн көреміз?- деді.
  • Ол бізді тастап кетпеймін, сендер үлкен болып өскендеріңше жүре тұрамын деп еді ғой, -деп Алсу да жылады.

Бейіт басына кіре берісте молда құран оқып, дұға бағыштады. Одан кейін мәйітті терең қазылған шұңқырға әкелді.

  • Әкелеріңді ақырғы рет бір көріп қалыңдар,- деп молда бізді шақырды,- ылғи да осындай мейірімді, тату болыңдар. Тірілерге тіршілікті жалғастыру керек. Көп жылауға болмайды, әйтпесе әкелеріңнің жаны да қиналады.

Мен соңғы рет әкемнің бейнесіне үңілдім. Соңғы рет... Оның жансыз денесін қазылған көрге ақырындап түсірді.

  • Әке, әкешім! – деп мен емес, жүрегім бірге жұлынып кетіп бара жатқандай айқайладым. Бізге үш уыс топырақ алып, қабірге тастауды бұйырды.
  • Әкемді топырақпен көмбеңдерші! — Зульфира жігіттерге жүгіріп барып, күректерін тартып алмақшы болып жүр, — Өтінемін, керек емес! Кетіңдер, сендер жаман адамдарсыңдар. Анамызды да сендер жерге көміп тастадыңдар. Мен білемін, ол жақтан ешкім қайтып келмейді.

Ол кіп-кішкене қолдарымен жігіттердің күректерін тартып алғысы келіп жанталасып жүр. Оны қабір басынан алып кетейін деп біреулер ұмтылғанда Зульфира қолынан шығып кетіп, шалынып, шұңқырға құлап кете жаздады. Үлкендер оны әрең дегенде ұстап қалды. Тез арада әке қабірі төмпешікке айналды. Оны ағаштармен қоршап қойды.

  • Бұл адам тірі кезінде қандай жан еді? – деп молда салт бойынша жиналғандардан сұрады.
  • Жақсы! – деп барлығы бірдей жауап берді.
  • Ағай қайырымды, ықыласты адам болатын.
  • Жаны жәннәттан болсын!
  • Топырағы торқа болсын!..
  • Пейіште нұры шалқысын!
  • Оның жаны жәннатта дамылдасын. Енді, қадірлі қауым, үйлеріңізге қайтыңыздар. Бейіт басында көп тұруға болмайды, - деп молда сөзін қорытындылады.

Жетеуімізді кішкене төмпешіктің жанынан алып кету қиын болды. Біз ол жерді айнала тұрып, жылап-сықтап, өксіп, қиын күйге түстік. Әсіресе кішкене Зульфираның қайғылы күйін көру бәрімізге ауыр тиді.

  • Бұл жерде әкемізді қалай тастап кетеміз? –деп өкірді ол,- Оған бұл жерде қорқынышты. Кім оған дәрісін әкеледі? Мен оны бұл жерде тастамаймын. Қане, оны үйге алып кетейік. Біз әкесіз қалай өмір сүреміз?!

Біз қабір басында ұзақ тұрдық. Менің жаңа үйілген топыраққа жата кетіп, құшақтап, бар дауысыммен: «Әкетай, мен сені ерекше жақсы көремін! Әлемде сенен артық ардақты жан жоқ!» - деп айқайлағым келді. Бірақ ол менің кеш айтылған жүрек сөзімді бәрібір естімейді.

Бұрын тіршілік қайнап жататын біздің үйіміз бірден босап, тып-тыныш болып қалды. Теледидар да, шкафтағы әдемі ыдыстар да көңілсіз жағдайды өзгерте алмады. Мен әкеме жұлып алып келген бәйшешектер де қурап қалды...

Әкемді жерлеп келген соң оны үйде еске алу үшін адамдар жиналды. Әйелдер дастархан жайып, барлығын еске алу асына шақырды. Бәрі дастарханға енді отырып жатқанда үйге бір милиционер мен бейтаныс екі әйел кіріп келді. Милиционер үлкен әпкемді өзіне шақырып алып, құлағына бірдеңелерді сыбырлап жатты. Оған не айтқанын білмеймін, бірақ әпкемнің беті бірден бозарып сала берді.

Үйге қайтқым келеді...

Бұрын бізге ешқашан милиционер келіп көрмеген. Сондықтан болар, біз оны көргенде бірден қорқып кеттік. Ал мына екі әйел кімдер? Барлығы олар не айтатындарын тағатсыздана күтті. Милиционердің сөздерінен кейін әпкем не істерін білмей тұрып қалды да, қарсы екенін білдіріп басын шайқады. Асүйде жүрген көрші Гүлнар тәте мәселенің мәнісін түсіне қойып, ортаға түсті:

  • Бұл не сұмдық! Ұялсаңдаршы! Балалар жаңа ғана әкелерін жерлеп келді, ал сендер мынандай мәселемен келіп отырсыңдар! Қолайлы уақыт емес қазір!
  • Қане, ұрсыспайық, – деді милиционер, барлығына басу айтып. — Біз өзіміздің жұмысымызды атқарудамыз. Үлкен әпкелері кішілерінің заттарын жинауға көмектессе дейміз.
  • Міне, жаңалық! – деп көршіміз өз сөзін жалғастырды. — Қайда апармақсыздар? Олар өздерінің үйінде емес пе? Ешкім сіздерден қонатын жер сұрап тұрған жоқ.

Қаладан келген әйелдердің бірі дауды басу үшін жағдайды түсіндіріп көргісі келді:

  • Мен жетім балалар жөніндегі маманмын. Ата-анасыз қалған балалар мемлекет қарауына беріледі. Сондықтан бұл балалардың ары қарайғы тағдыры біздің қолымызда.
  • Иә, уақытты бекер өткізбейік, — милиционер көзін біздің беттерімізге жүгіртіп өтті. — Қане, киімдеріңді жинаңдар.

Бұл сөздерден бойымда ток жүріп өткендей болды. Бізді үйімізден алып кетпекші! Әлияның шарасыз кейпіне қарай беремін. Кішкентайымыз да жасын көзінде әрең іркіп тұр. Осы кезде бізді ауылдастарымыз қорғауға көшті:

  • Ешқандай ұяттарың жоқ екен! Балалар онсыз да қайғы жұтып отырғанда...
  • Бұл мәселені кейінірек те шешуге болады ғой!
  • Балалардың жанын бұлар қайдан ұқсын...

Ең үлкен әпкеміз ақыры өзінің пікірін айтты:

  • Мен інілерім мен сіңлілерімді ешкімге бермеймін. Егер қажет болса, оқуымды тастаймын да өзім қараймын бауырларыма.
  • Мәселе бұлай шешілмейді, сіңілім, — деп маман сенімді түрде айтып жатыр,- біріншіден, сен әлі өзің аяғыңнан тік тұрып кеткен жоқсың. Екіншіден, сенде тұрақты жұмыс пен үнемі кіріп тұратын табысың болуы керек. Ал сен, сұлуым, тіпті әлі тұрмысқа да шықпағансың. Мемлекет төрт бірдей кәмелетке толмаған баланы саған жалғыз өзіңе бере алмайды. Бұл мүмкін емес. Сондықтан, уақытты созбаңдар, балалардың киімдерін жинаңдар.
  • Біз ешқайда бармаймыз! – Әлия орнынан атып тұрды.
  • Біз өз үйімізден ешқайда кетпейміз, — деп мен де оны қостап қойдым.
  • Сендер бізден қорықпаңдар, — милиционер жасанды күлкісімен маған жақындап келіп қолымды қысты, — қане, бір сағатқа ғана қалаға барып қайтайық. Ол жерде дәрігер сендерді қарап, тексереді, содан кейін біз сендерді қайта үйге әкеп тастаймыз. Әпкелеріңмен бірге тұра бересіңдер.

Мына бір формадағы аға не деген мейірімді! Анау әйел сияқты емес, анау болмайды, мынау болмайды демейді.

  • Бірақ бүгін еске алу асы. Дастархан да дайын тұр. Балаларды тексеруге ертең апарасыңдар, — деп Гүлнар тәте уақытты соза түскісі келді.
  • Жоқ, жоқ, бүгін апарамыз, — деп милиционер өз сөзін табандылықпен айтты. —Балалар ауыр қайғыны бастарынан кешірді, оларға психологиялық көмек қажет. Оларды қараусыз қалдыруға болмайды. Балақай, сен қалаға барғың келеді ғой? – деп ол менің басымнан сипады.
  • Милиционер аға маған сондай мейірімді, сүйкімді болып көрінді. Үлкен аға-әпкелерім бізді жібергілері келмесе де, қаладан келгендер бізді алдап-сулап әйтеуір көндірді ғой. Бізді бір сағаттан соң қайтадан әкеп тастаймыз деп тұр, несіне қарсыласамыз? Бізді көлікке отырғызды, киімдерімізді салды, кеттік. Мен туған үйіме қарап көзімді терезеден аудара алмадым...

Бізді төрт қабатты балалар ауруханасына алып келді. Біздің жанымыздағы әйелдер бір құжаттарды толтырып біткенше дәлізде отырдық. Милиционер біздің жанымыздан бір қадам да аттамады. Міне, ақыры кабинеттен ақ халат киген мейірімді бір әйел шықты.

  • Қараңдаршы, қандай сүп-сүйкімді балалар! Қорықпаңдар, бұл жерде сендерге ешкім де тимейді. Төртеуің де бір палатада боласыңдар. Таңертең сендерге дәмді ботқа, түсте котлет береді. Күн сайын жатар алдында айран береді.

Мен көзімді дәрігерден милиционерге қарай аудардым. Бұл қалай, бізге «бір сағатқа ғана» деп еді, ал дәрігер қайдағы бір таңертеңгі, түскі астарды айтып тұр. Бізді алдағандарын біліп, Әлия ашулана бастады:

  • Біз бұл жерде қалмаймыз. Сіздер бізді қайтадан үйге апарып тастаймыз дегенсіздер!
  • Иә, бізге сендердің ботқаларың мен айрандарың керегі жоқ, — деп мен де қосылдым.
  • Үйге қайтқым келді. Жіберіңдерші бізді, — деп Зульфира қыңқылдай бастады. — Әке, қайдасың сен? Бізді бұл жерден алып кет!
  • Өтінемін, тынышталыңдаршы! — Дәрігер өзінің көп сөйлеп қойғанын сезіп, — сендерді шынында да қарап, тексеру керек. Егер сендердің денсаулықтарың жақсы болса, ертең-ақ үйлеріңе жібереміз. Қане, төртінші қабатқа көтерілейік, мен сендердің палаталарыңды көрсетейін.
  • Ешқандай палатаға барғымыз келмейді!
  • Бізді қайтадан үйімізге апарып тастаңдар!
  • Болды, тоқтатыңдар қарсыласуды! — деп милиционер ашуланды. — Мен сендермен дауласып тұратын бала емеспін.
  • Сіз өзіңіз айттыңыз емес пе, бір сағатқа ғана барамыз деп едіңіз ғой. Үйде жақындарымыз алаңдайды. Ағатай, бізді үйімізге апарыңыздаршы, — деп біздің үлкеніміз ретінде Әлия көндіріп көргісі келді.
  • Болды, менің басымды қатырмаңдар! Онсыз да сендер үшін көп уақытымды зая кетірдім! — Милиционер қарулы қолдарымен Әлия екеуімізді қолдарымыздан қатты ұстап алды да баспалдақпен жоғары қарай күшпен алып жүрді. Алсу мен Зульфираға үнсіз жасқа булығып біздің соңымыздан еру ғана қалды. Бізді палатаға кіргізді де, сыртымыздан құлыптап тастады.

Бұған дейін үйден басқа жерде ұйықтап көрмегендіктен мен түні бойы төсекте аунақшып шықтым. Таң ата Әлия да оянды. Палатада ауа тар екен, дәрілердің иісі де жағымсыз болып шықты.

  • Әпке, қалай ұйықтадың? — деп сұрадым мен.
  • Ой-й, бұл жерде бір күн де қалғым келмейді. Түні бойы жаман түстер көріп шықтым, бейне бір шайтандар табанымды қытықтағандай күйде болдым...
  • Мен де дұрыс ұйықтамадым. Ал бүгін бізді жібереді ме?
  • Білмеймін. Айтты ғой, бұл жерде балалар ұзақ жатады деп, — Әлия терең күрсінді.
  • Жоқ, жоқ, мен қашып кетемін!
  • Менің де үйге кеткім келеді. Бірақ деревняға дейін өте алыс, билетке ақшамыз да жоқ...

Ол да шындық — ақшасыз ешқайда кете алмайсың. Оның үстіне біз төртеуміз. Үйге қалай қайтқымыз келеді десеңші! Өзімнің төсек орнымды, бақшамды, көшемді сағындым. Шіркін, құс болғанымда ғой! Ертегідегідей қанатымды қомдап туған ауылыма ұшып барар ем. Әпкелерім мен қарындастарымды да өзіммен бірге алып алар едім. Әттең, әкеміз қайтыс болды, әйтпесе ол бізді мұндай күйге түсірмес еді ғой!

Есіме әкеммен болған соңғы әңгімеміз түсті. Тоқта, тоқта. Ол сол кезде маған не деп еді? «Менде бір өзім үшін қымбат нәрсе бар. Соны саған бергім келеді...»

  • Ілияс, не туралы ойланып кеттің?
  • Әпке, білесің бе, әкем өмірінің соңында маған бірдеңе бергісі келген еді.
  • Не бергісі келді?
  • Білмеймін, ол өзіне қымбат нәрсе екенін айтып еді.
  • Қайда онысы?
  • Әкем кешке мені өзінің жанына шақырып алып енді сөйлей бастағанда ауруы асқынып, жағдайы ауырлап кетті. Ол таңертең әңгімесін жалғастыратынын айтты. Ал таңертең... — «қайтыс болды» деген сөзді менің айтқым келмеді. Онсыз да әкем туралы еске алу ауыр болып тұрды.

Осы кезде палатаның есігі ақырын ғана ашылды. Тазалықшы апай палатаны жинап, тазалауға келген екен. Ол әпкем екеуіміздің таңертең ертемен оянып алып сөйлесіп отырғанымызды көріп таң қалды.

  • Неге ұйықтамайсыңдар, балалар? — деп сұрады.
  • Үйде болсақ қатты ұйықтар едік, ал бұл жерде қорқынышты, — деп Әлия да ақырын күбірледі.
  • Мейірімді жүз бен жұмсақ дауыс маған ылғи да сенім ұялатып, әңгімеге тартады. Мен одан:
  • Дәрігер болып қызмет ету қиын ба? — деп сұрадым.
  • Білмеймін, ұлым. Мен дәрігер емеспін ғой.
  • Қалайша? Сіздің ақ халатыңыз бар емес пе? — деймін мен.
  • Мұнда барлығы ақ халатпен жүреді. Мен жай ғана тазалықшымын, палаталарды жинастырып, еденді жуамын.
  • Тәте, бізді үйге қашан босатады? — деп Әлия сұрақ қойды.
  • Ах, балалар. Кімге оралғыларың келеді сендердің? Шамасы сендердің тағдырларың осындай ауыр шығар, — тазалықшы еденді жууды бастады. — Сендерге енді бір-біріңмен бірге жүрулерің керек. Балалар үйінде де бір-біріңді қорғап жүріңдер.

«Балалар үйі» деген сөзді естіп менің есім шығып кетті. Бұрын үлкендерден балалар үйінің өмірі жайлы аздап естігенім бар. Әке-шешем ауырып қалғанда олар өліп кетіп, бізді балалар үйіне алып кетеді ме деп үрейленетін едім. Ал бүгін мына тазалықшы солай болғандай етіп хабарлап тұр.

  • Не? Қайдағы балалар үйі? — Әлияның түрі бұзылып кетті, әне-міне дегенше жылайын деп қалды.

Мен өзімді сондай дәрменсіз, шарасыз сезіндім. Сонда ары қарай қайда тұратыным, кіммен араласатыным туралы мен өзім шешім шығара алмағаным ба?! Жоғарыдан біреу сені, сенің ерік-жігер, қалауыңды басқарып тұрады ғой.

Тазалықшы түк болмағандай ары қарай жалғастырды:

  • Мен білмеймін, сендерді қай балалар үйіне бөлетінін. Дәрігерлерден естідім, сендерді тексеріп болған соң балалар үйіне әкетеді екен.

Әпкем орнынан атып тұрып, ашудан жарыла жаздап, тазалықшының қолынан ұстай алып жылап жіберді:

  • Тәте, шын айтасыз ба? Біздің балалар үйіне барғымыз келмейді. Оларға айтыңызшы, бізді үйге жіберсінші! Тәте! — Әлияның жас толы көздері тазалықшыға жалына және үміттене қарады.

Мен де шыдап тұра алмадым. Өзінің сөзі бізді қалай жабырқатқанын көрген тазалықшы апай да мұңайып қалды. Оның бетіндегі әжімдері де көбейіп кеткен сияқты. Ол бізге көмектесетін амал таппағандықтан жұбататын сөз де айта алмады. Ақыры көзінен аққан жасын сүртіп біздің палатадан біржола шығып кете барды.

Әлия екеуіміз өз төсектерімізде отырып ұзақ жыладық. Бұрын мұндай сәттерде бізді тыныштандыратын, басымыздан сипайтын. Ал енді қанша бақырып жыласаң да ешкімнің сенімен ісі жоқ. Бұл ащы шындықты мойындаудың өзі де ауыр екен...

Көз жасымен қайғыны жеңе алмайсың. Бұл жерден тезірек кетіп, бостандыққа шығу керек екені анық. Кенеттен маған «қашу керек, тезірек бұл жерден қашу керек» деген ой келді.

  • Әпке, бүгін-ақ ауылымызға қашып кетейік. Орманға тығыламыз, бізді ол жерден ешкім таба алмайды. Үйдегілер бізді таппай қалған шығар. Әкем маған бергісі келген затты іздеп тауып аламыз. Қораптардың бірінде жатқан болар...
  • Білмеймін... Жол да жақын емес...
  • Ең бастысы автобекетке жетсек болды, ары қарай мен жолды білемін. Ертерек шықсақ, кешке дейін жетеміз.
  • Ілияс, бізді көшеге кім жібереді? — әпкемнің дірілдеген дауысы жүрегі ауырып тұрғанының белгісі еді.
  • Міне, күн режимі, — деп есіктің ішкі жағында ілініп тұрған қағазды көрсеттім. — сағат 11 мен 12-нің ортасында аулада жүруге болады. Аулаға шығамыз деп шығып, қашып кетеміз!

Біздің дауысымыздан кішкентай Зульфира оянып кетті. Ол көзін ашпастан-ақ жылай бастады:

  • Әпке, үйге қайтайықшы. Бұл жерде жаман, қорқынышты...

Әлия оны үлкендерше жұбатуға кірісті:

  • Жылама, кішкентайым, жылама. Бүгін-ақ үйге жетеміз. Сен бірақта жылама, жарай ма?
  • Жарайды, жыламаймын, бірақ үйге тезірек қайтайық.

Біз таңғы 11-лерде қашатын болып келістік. Бірінші аулаға Алсу екеуіміз шығамыз, кейінірек Әлия мен Зульфира шығып, біздің жанымызға келеді. Біздің не ойлағанымызды басқалар біліп қоймау үшін жеңіл киіммен ғана шығатын болдық. Барлық киім-кешек, заттарымыз палатада қалады. Ең бастысы — қашып кету! Төртеуіміз де көшеге шыққан соң басымыз ауған жаққа қашамыз. Ауруханадан алыстап кеткен соң автобекетке қалай жетуді ақылдасамыз. Кеш батпай үйге жетуді жоспарладық...

Барлығы біз ойлағандай болды. Ауруханадан шыға салысымызбен биік үйлерге қарай бағыт алып, көшедегі адамдардың арасына кіріп кеттік. Енді біздерді тауып көрсін! Адамдардан автобекетке қалай бару керек екенін сұрап алдық. Ол қаланың шетінде болып шықты. Бұрын мен бұл жерде болғанмын, қайда бару керек екенін жақсы білемін. Деревняға дейін отыз шақырымдай. Жол айналмалы, бірнеше таудан өту керек.

Автобекеттен көлік тоқтатып көрдік. Төртеуімізге қайту қиын болып кетті: бірде орын болмаса, бірде көлік тоқтамады. Жаяу кетуге бел будық. Күн ашық болып тұрды, бізге де көңілді болды. Жанымыздан көліктер шаңдатып өтіп жатыр. Ал біз тәтті қиялдарға толы кейпімізбен туған ауылымызға кетіп бара жатырмыз.

Қаншалықты көп жүргеніміз есімде жоқ. Күн көкжиекке батуға айналды. Бағанағыдай емес, жүру де көңілсіз бола бастады. Жолдың шетінде демалып алайық дедік. Мотордың дауысына жалт бұрылып қарап едім, милицияның көлігін көрдім. Кеудемде жүрегім атқақтап кетті. Мүмкін бізді іздеп жүрген болар! Алыстан байқағаным жақсы болды — қарындасымның қолынан ұстап алдым да жол жағасындағы ағаштарға жасырындық. Уф-ф, бізді байқамай, өтіп кетті.

  • Жолмен жүру қауіпті, ұстап алады, — дедім мен.
  • Ілияс, мен де солай ойлаймын, — деді Әлия. — Жақсы болды, жасырынып үлгердік. Ұстап алса бізді бірден балалар үйіне апарады. Ауыр болса да орман арқылы жүреміз енді.

Жүру шынында да қиын болды. Біресе бұтақтарға шалынасың, бірде қалың жыныстың арасында денеңді жаралап аласың. Жолға шығуға болмайды. Шыдау керек. Алдымыздағы таудың биігіне шығып алсақ ары қарай жеңіл.

  • Әпке, мен шаршадым! — деп Зульфира қыңқылдап келеді. Оны басында мен көтердім, содан кейін Әлия иығына отырғызып алды. Тауға мұндай жүкпен көтерілу бізге де тым қиын. Қарындасым қанша қыңқылдаса да біздің енді оны көтеруге қауқарымыз жоқ.
  • Ай-яй, — деген Алсудың дауысы орманды жаңғыртты. — Ары қарай жүре алмаймын, аяғым ауырды.

Біз бағана басқаларды күдіктендірмеу үшін бәріміз де жеңіл киінгенбіз, Алсу далаға жұқа матадан жасалған тәпішкемен шыққан болатын. Ол тәпішкесі жыртылып, түгі қалмады, бірақ ол бізге де айтпастан шыдады. Оның аяғына қарап, шошып кеттік — табаны жырылған, кейбір жерлері қанап тұр. Әлия етегінің бір жерінен жыртып жіберіп, Алсудың табанына жолжелкен қойып, сол шүберекпен орап қойды.

Жүру тіптен қиындады. Қарындасым болса: «Әке, әкетай, қайдасың сен? Мен қатты шаршадым. Алып кетші бізді...», — деп қиналуда. Әкем екеуімізге орман сондай ұнайтын. Бүгін керісінше, ағаштардың сықыры, тоқылдақтың тынымсыз тықылы бір түрлі қорқынышты.

  • Кар-р-р! Кар-р-р! — деп бір қарға ағаштан-ағашқа ұшып, біздің соңымыздан қалмай қойды. Үлкендер бұл жақсы белгі емес деуші еді, қарғаның қарқылы бізді ерекше үрейлендірді.
  • Апа, мен қорқамын! — деп барлық жері қалтырап Зульфира жылады. — Ол менің көзімді тұмсығымен ойып алып, басқа жаққа алып кетпекші. Қорқамын! Әкешім, құтқар бізді! Біз қолымыздан келгенше оны тыныштандырудамыз.

Таудың биігіне шыққанымызда ауа райы бұзыла бастады. Аяқ астынан қап-қара бұлттар пайда болып, айнала қараңғы болып кетті. Суық жел соғып, қатты нөсер жауды. Найзағай біресе алдымыздан, біресе артымыздан жарқылдайды. Күн күркірегенде аяғымыздың астындағы жер де қозғалуда. Нөсер жауын, найзағай ойнаған кезде біз үйде төсекте бүркеніп алып жатушы едік. Ал мұндай жағдайда ешқайда тығыла алмайсың. Біз малмандай су болдық.

Енесіне жабысқан күшіктерше біз бір-бірімізге тығыла түсіп жылынуға тырыстық. Еріндеріміз көгеріп, тістеріміз тісімізге тимей дірілдей бердік. Әлия, Алсу, мен шыдауға тырысамыз, ал кішкентай Зульфираның көп жылай бергеннен дауысы шықпай қалыпты.

Біздің құрғақ бір жеріміз де қалмады. Ең қорқыныштысы — найзағайлар. Отты қылыштар барлық жағымыздан жалаңдайды. Найзағай ұрғандықтан бізден жүз метрдей жердегі қарағай жерге дүрс етіп құлады.

  • Қазір біздің жанымыздағы ағашты да найзағай ұрады! — деп Алсу айқайлап жіберді. Қорыққаннан біз жолға жүгіріп шықтық. Бақытымызға қарай сол кезде біздің жанымызға бір көлік тоқтай қалды. Ішінде ерлі-зайыпты екі жан бар екен. Төртеуіміз де артқы орындыққа отыра кеттік. Біздің мына жағдайымызды көрген соң олар бізге артық сұрақ та қоймады. Қайда тұратынымызды ғана сұрап, тура үйдің алдына әкеп тастады.
  • Енді орманда бұлай жалғыз жүрмеңдер, — деді.

Деревняда жаңбыр жаумапты. Үйімізді көргенде көзімізден жас шығып кетті, біз үшін үйімізден артық, үйімізден қымбат жер жоқ еді. Тек қана осы ата-анамыздың шаңырағынан бізді алшақтатпаса екен. Үйдің есігіне құлып ілініпті, демек, әпкеміз бен ағаларымыз оқуға кеткен. Есікті аша алмаған соң біз сол бір қиын күнде қорғауға тырысқан Гүлнар тәтенің үйіне бардық.

  • Ой, балалар! Келдіңдер ме? Ал мен енді не ойларымды да білмей отырғанмын, — деп мейіріммен біздің арқамыздан қақты. — Қане, жамылғыға ораныңдар. Менде үйректің сорпасы дайын тұр, қазір тамақтандырамын.

Күні бойы нәр татпағандықтан нан мен сорпа бізге ханның тамағындай болды.

  • Біздікілер қайда? — деп көршімізден сұрадық.
  • Бүгін таңертең қалаға кетті. Оқу жылының соңы, емтихандарын тапсырулары керек екен. Олар келгенше мен қарай тұрамын сендерге. Құдайға шүкір, барлығымызға азық-түлік жетеді...

Біз жылынып, тамақтанып алған соң үйімізге кетуге жиналдық. Гүлнар тәте құлыпты тез-ақ ашты — бірақ жұлып алды. Үйдің де жаны болады деуші еді, осы шын болар. Біздің үйді бейне бір ауыстырып қойғандай. Қабырғалар да, пеш, төсектер де қайғырып, сағынып тұрғандай. Сонда оларға да біздің күлкіміз, асыр салып ойнағанымыз жетпей тұр ма?

Біздің ойнағанымыз да, күлгіміз де келмеді. Үйіміздің іші ғана емес, ішкі жан дүниеміз де бос болып қалғандай. Ауыр тыныштықты Зульфира бұзды:

  • Анашым, әкешім, біз келдік, — деді ол қабырғада ілініп тұрған фотосуреттерге қарап, бізге бұрылып, — анам мен әкемді қайтарып алайықшы. Бізді олар сағынды ғой. Ертең-ақ қайтарып әкелеміз, солай ма? — деді.

Әрқайсымыз өз орнымызға жайғастық. Таңертең ерте далаға кетіп қаламыз, ол жақтан ешкім таба алмайды бізді. Іздеп келгендер қайда екенімізді білмейтін болады. Ата-анамызды әбден сағындық, олардың бейіттеріне барамыз. Тек таң тезірек атса екен! Ертеңгі күн жайлы тәтті қиялмен жатып қатты ұйықтап кетіппін.

Таңның елең-алаңында әкем қалаға шаруаларымен шықпақшы болды. «Ерте ғой, әке! Сәл кешірек шықсаң да болады ғой», — деп оны тоқтатқымыз келеді. Бірақ ол дегенінен қайтпады, солай істеуі керек болды ғой деймін.

  • Ал, өздеріңді дұрыс ұстаңдар, не болса соған ренжіспеңдер, мен сендер үшін ұялмайтын болайын, — осы сөздерді айтып тұрып ол бәріміздің басымыздан сипады да кетіп қалды.
  • Кішкене қарындасым ұйықтап жатыр еді, әйтпесе әкемізді жібергісі келмей жылар еді. Мектепке баруға әлі үш сағат өту керек, далада қараңғы. Демек, әлі екі сағат бойы алаңсыз ұйықтауға болады. Сөйтіп мен қатты ұйқыға кеттім...

Бір уақытта түс көріп жатып бір тықылды естідім. Біреу «тық-тық» еткізіп терезені қағып тұрғандай. Бірдеңесін ұмытып кетіп, қайта оралған шығар. Тықыл тағы қайталанды. «Мен неге жатырмын, тезірек есікті ашу керек», — деп оймен ояндым. Терезені шынында да біреу қағып тұр екен. Ұйқылы-ояу жүріп әкемнің тірі емес екенін де ұмытып кетіппін. Терезеге жүгіріп барып шымылдығын ашып жібердім. Біздің аулада тұрған милиционерді көріп бірден кейін жүгірдім. Ол менің көздеріме көз алмай қарағаннан қорыққанымнан бүкіл денем қалшылдап кетті. Бітті, біз ұсталдық!

  • Ашыңдар тезірек! — жүрегім бұл сөздерден соң атқақтап, қатты соғып кетті. Мен бірден Әлияны ояттым, тез арада пештің артына жасырындық. Бір әпкем мен қарындасым ары қарай ұйқыларын жалғастыруда.
  • Әй, бала, мен сені көрдім! Есікті аш, милицияға қарсылық көрсетуге болмайды!

Ал біз қозғалудан қорқып отыра бердік. Бірдеңе етіп шыдауымыз керек, есікті ашпауға тиістіміз. Ал олар кеткен кезде орманға қашып кетеміз де, үйге тек түнде ғана қайтып келеміз. Үлкендеріміз демалысқа үйге келгендерінше осылай өмір сүре тұрамыз. Милиционерді жақындатпау керек, бірден қамап қояды. Біз оны жақсы білеміз.

  • Қорықпаңдар! Есікті ашыңдар! — деп қоймады. — Бізге қалада оқитын үлкен әпкелерің телефон шалды. Ол сендерді өзіне алып келіңіздерші деп тапсырды, сендерді қатты сағыныпты. Міне, сендерді әпкелеріңе алып бару үшін келдік.

Әлия күлімдеп кетті. Біздің бір туғандарымызбен кездесетін сәт келді. Барлығымыз бірге болсақ сондай жақсы емес пе?! Милиционер шындығын айтып тұрса қандай керемет болар еді!

  • Қане, ашсаңдаршы есікті!

Саған жақсылық жасайын деп тұрған адамнан қалай тығылып тұра бермексің? Ол бізге әпкеміздің сағынып, көргісі келіп тұрғанын айтып тұр ғой. Әпкеміздің өзі айтпаса мұны ол қайдан біледі?! Шамасы, мына милиционер анау жолғыдай емес, өтірік айтпайтын сияқты.

Терезені тықылдатып тұр әлі.

  • Қазір, ағатай, мен ашамын! — орнымнан көңілді күйде атып тұрып, есіктің күршегін көтеріп, ашып кеп жібердім.

Балалар үйі тағы төртеумен толықты...

Милиционер бөлмеге кіре салысымен, мәз болып күліп жіберді. Жан-жағына тез-тез қарап алды. Мұздатқышты ашып, ішіне бір көз жүгіртті. Менің төсегіме келіп, бірдеңе іздегендей жамылғыны сілкіді.

  • Қане, қыздарды оятыңдар, үлкендеріңе кеттік, — деді ол Әлияға. — Киім-кешектеріңді жинаңдар!

Біз іске кірістік, бірақ жинайтындай ештеңе жоқ. Біздің бүкіл киім-кешегіміз ауруханада қалды ғой. Мен тез-тез өзімнің заттарымнан бірдеңелер алдым. Әлия қыздардың қалған киімдерін жинап, бір сөмкеге салды.

Милиционердің бізді үлкен әпкемізге апаратынына мен қатты қуандым. Екі ағам мен әпкемді көріп, барлығымыз бірге тұратын болғанымызды көз алдыма елестеттім. Ешқандай балалар үйінің қажеті жоқ бізге. Сондықтан милиционер райынан қайтып қалмай тұрғанда тезірек кетуіміз керек.

Біз тез жиналдық та, көлікке отырдық. Туған үйді тастап кету бәрібір қиын екен. Бірақ біз бұл үйге қайтып келеміз деп үміттендік, ішіміздегі қимастық сезімді солайша жеңе білдік.

  • Мен ешқайда бармаймын! Үйде бәрібір жақсы! Ешқайда кетпеймін! — деп Зульфира қарсыласып көрді.
  • Солай болуы керек, кішкентайым, қорықпа! — деп Әлия оны тыныштандырды.

Көлік орнынан қозғалды. Мен көз алдымнан жоғалғанша біздің үйден көзімді алмадым. Бейіттің жанынан өтіп бара жатқанда әкем есіме түсті, қайғыра бір тыныстап, еріксіз айқайлап жібердім:

  • Ұмыттым!
  • Нені ұмыттың? — деп Әлия таңдана қарады.
  • Есіңде ме, мен саған айтып ем ғой, әкем маған бергісі келген затты.
  • Иә, есімде. Ілияс, неге сен оны кеше іздемедің?
  • Мен шаршағаннан бірден ұйықтап қалдым. Ал бүгін асығып жүріп есіме де түспепті. Суырмалардың бірінде жатқан болар. Әлия, қайта барып, іздеп көрсек қайтеді?

Милиционер келіспеді. «Сендерді ол жақта тағатсыздана күтіп отыр. Уақыт тар», — деп қысқа қайырды.

Мен іштей өзіме ұрса бердім: мұндай маңызды зат жайлы қалай ұмытуға болады?! Әкем оны табы алмайтын жерге жасырмаған болар. Есте сақтау қабілетім қандай өзі, ең маңызды кезде мені сатып кететін! Бұл маңызды затқа енді не болады екен? Әкем әлемдегі ең қымбат нәрсе деп айтқан еді ғой. Оны біреу-міреу өзіне алықойып жүрмесін? Жоқ, оны әкем маған тапсырам деген соң менің қолыма тиюуі керек. Жарайды, жуық арада үйге ораламыз, сол кезде іздеп тауып аламын.

Жол ерекше ұзап кеткен сияқты. Көп таулардан, деревнялардан өттік. Бірнеше рет ұйықтап, бірнеше рет қайта ояндық. Бір рет тоқтап, демалып та алдық. Қанша жүргеніміз есімізде жоқ, бірақ уақыт өткен сайын тағатымыз қалмады.

Кезекті деревняға ендік те, орталық көшемен көтеріліп, дөңестеу жерге қарай жүрдік. Барлық жағынан жақсы көрініп тұрған екі қабатты кірпіштен салынған үйдің алдына тоқтадық.

  • Міне, келдік, — деді милиционер бізге бір-бір қарап қойып.
  • Аға, біздің әпкеміз қалада оқиды, ал біз бір деревняға келдік, — деді Әлия дауысы бұзылып. Бұл менің де күдігімді оятты.
  • Алаңдамаңдар! — деді жымысқы күлкімен, — Бұл жерде барлығы сендердікі, жақындарың да осы жерде. Менің соңымнан еріңдер.

Бізді дәліздегі орындықтарға отырғызып қойды. Милиционер бір топ қағаздарды көтеріп соңғы бөлмеге кетті. Бізді бірден балалардың шулы тобы қоршап алды. Олар бізді қарап, көріп, күлісіп, сыбырласып жатты. Бізге күліп жатыр, ал өздері қалай киінген? Біреуінің шалбары жамау-жамау, енді бірінің шұлығы жыртық, бір баланың футболкасы кірден сатпақ-сатпақ болып кеткен. Олардың ата-аналары қайда қарап жүр? Анау бір сарғыш шашты қыз менімен құрдас, шамасы. Оның ұйысып кеткен шаштары көптен бері таралмағанын байқатады. Ал анау баланың көзінің асты көгеріп қалыпты, бәлкім бір төбелескіш, тентек қой деймін. Беті тырналған тағы бір қыз атышулы сотқар сияқты. Олар бізге неге қарап қалды? Онымен қоймай бізге барынша жақындап келе жатыр. Бізбен танысқылары келіп тұр ма? Жоқ! Менің деревнядағы достарым мүлде ондай емес. Ал бұлармен тіпті сөйлескің де келмейді екен — барлығы шеттерінен басқаша.

Цок-цок-цок... Бұл дыбысты естіген соң бізді қоршап тұрған балалар кішкене тарай бастады. Дәліздің келесі шетінен сары шашты әйел көрінді. Ол бізге жақындаған кезде мен оны жақсылап қарап алдым. Оның биік етіп жинастырылған шаштары сабанның үйіндісі сияқты көрінді. Киімдері жақсы, анау балалардыкіне мүлде ұқсамайды. Костюмі жарқырап тұр, саусағында алтын сақинасы бар. Мойнында әдемі әшекейі бар. Жақсы киінгенімен, күлімсіреп жүруге көп машықтанбағаны көрініп тұр. Аяқ киімінің өкшесін тақылдатып кеп бізге жақындады.

  • Сәлеметсіз бе? — деп амандастық.
  • Сәлемет пе? — деп жауапты селқос қайырды. Ол кісінің көңіл күйі болмай тұрған тәрізді және әңгімелескісі де келмей тұр. Тіпті ауруханадағы дәрігерлер де бізді күлімсіреп қарсы алып, әңгімеге тартқан еді. Бұл әйел бізге алыстан көз салып тұрған балаларға ұрсып қоя берді:
  • Не, қойылым көріп тұрсыңдар ма? Жаңа балалар келсе болды, сендер көктен түскендей жетіп келесіңдер! Сендерге бәрін білу керек, барлығын көру керек!

Бұдан кейін біраз балалар бұл жерден кетуге асықты. Әйел ары қарай айқайын жалғастырды:

  • Барлығың мені қалай жалықтырдыңдар десеңші! Күшім қалмай барады! Сендермен жүріп шашым ағарды. Не керек сендерге? Өздеріңнің топтарыңа барыңдар, аш балапандардай тіміскіленбеңдер. Кетіңдер бұл жерден!
  • «Кетіңдер» деген сөзді ести сала бастары төмен салбыраған ұлдар мен қыздар дәлізден жан-жаққа тарап кетті. Біз қайда тап болдық? Бізді алып келген милиционер де бір бөлмеге кіріп кетіп жоқ болып кетті. Бұл жерден тезірек кету керек! Айқай-шудан менің құлағым бітіп қалды.
  • Тәте, сіз кімсіз? — Әлия өзінің сұрағын жасырып қала алмады.
  • Директор! Менің аты-жөнім Мавлида Нұрғалиқызы. Болды, жетер! Мен артық сұрақтарды ұнатпаймын. Еріңдер соңымнан.

Ұзын дәлізбен келе жатырмыз. Оңға бұрылдық, одан кейін тағы оңға. Дәрі-дәрмектің иісі шығып тұрған бір бөлмеге келдік.

  • Міне, бізге тағы төрт сорлы келді, — деп Мавлида Нұрғалиқызы бізді көрсетті.

Оны көре салысымен медбике орнынан атып тұрып, директордың жанына жетіп келді. Бастығының сөзін қостағандай басын изей берді. Ол болса әлі сөйлеуде:

  • Сайда, бұл балалардың бастарын қарап жіберші. Егер бит болса, басқа балаларға жұқтырады.
  • Қазір, Мавлида Нұрғалиқызы, бір минут!
  • Уф-ф, ылғи алқаштардың балаларына қараймыз деп өзімізге де уақыт бөлмейміз. Мұндай мемлекетке масыл болатын балаларды неге ғана табады десеңші?! Бұларды адам етіп тәрбиелейміз деп қаншама жүйкеміз жұқарып жатыр десеңші! Бұлар қазірше момақан сияқты, қалай тойына бастайды, басыңа шыққылары келеді.
  • Тәте, неге бұлай сөйлейсіз? — деп шыдай алмай сөйлеп жібердім.
  • Ой, боқмұрын, ауызыңды жап, — деп директор жұлқына жөнелді.

Қызық, бұл кісінің өзінің балалары бар ма екен? Егер бар болса, оларға қандай жаман! Бұл кісіге балалары қалай шыдайды екен? Біздің анамыз мүлде басқаша болған еді...

Медпунктке фотоаппарат ұстаған бір ер адам кіріп келді.

  • Төртеуін де суретке түсір, — деп Мавлида апай бұйрық берді. Әйтпесе бір жылдан кейін өздерін адам қатарына қосып, қайдан келгендерін, кім болғандарын ұмытып кетеді. Мемлекет қаржысынан тойынып, киініп, құтырына бастайды. Ал біз оларға сол кезде осы суреттерін көрсетеміз, олар сонда бізге қандай күйде келгендерін естеріне түсіреді, — деп ол қарқылдап тұрып күлді.

Фотограф бірнеше рет фотоаппаратымен сыртылдатып алып, қалай тез келсе, солай тез кетіп қалды. Медбикенің бөлмесіне өте толық, көзілдірік киген әйел кіріп, бізді көре сала қатты күліп жіберді.

  • Танысып қойыңдар — Райфа апай. Ол сендердің тәрбиешілерің, — деді директор. Біз амандастық.
  • Мавлида Нұрғалиқызы, қызық, бұлардың ата-аналары қайда?
  • Қайтыс болып кеткен...
  • А, солай ма?! Не болған екен?
  • Шайтан біліп пе. Өлгенше ішкен болар...
  • Өтірік! — Әлия қарсылық көрсетті. — Сіздер біздің ата-аналарымызды білмейсіңдер! Олар жайлы неге олай дейсіңдер?
  • Ой, Мавлида Нұрғалиқызы, байқаймын, бұлармен бізге оңай болмайтын сияқты. Мына қыз ауыз аштырмайды екен.
  • Менің әпкеме ұрыспаңыздар! Бізді жіберіңіздерші, үйге қайтайық, — деп мен ортаға түстім.
  • Мәссаған! Мына қамыт аяқ та сондай екен. Түк етпейді, мен бұларды тез орындарына қоям, — деп Райфа апай деп таныстырған кісі айбат шекті.
  • Райфа, бұларды топқа апар. Кешірек сөйлесерміз.
  • Жақсы, Мавлида Нұрғалиқызы.
  • Тәрбиеші бізді екінші қабатқа алып кетті. Райфа апай бізге бөлмелерді көрсетіп жатқанда бізге қарама-қарсы жақтан бір қыз шығып, тәрбиешіге сұрақ қойды:
  • Тағы да төрт баламен балалар үйі толықты ма?
  • Бар, аяққа оралмай ана жаққа бар, — деді Райфа апай.
  • «Балалар үйінің тәрбиеленушісі» деген сөз жанымды ауырта тілгілеп кетті. Біз таңырқап жан-жаққа қарап қалдық. Әлия кенеттен сұп-сұр болып кетті. Басым айналып кетті.
  • Біз бұл жерде қалмаймыз, жіберіңіздер бізді! — деп әпкем есікке қарай беттеді.
  • Үйге қайтқымыз келеді! — деп Алсу да қостады.
  • Анама айтып берем, — деп Зульфира жылай бастады. Қарындасымды қолынан ұстап мен де олармен бірге есікке қарай жүгірдім. Бірақ есік құлыптаулы екен. Біз жыладық, есікті ұрғылап, тепкіледік, есік ашылмады.

Шарасыздықтан, күшіміз қалмағандықтан біз еденге отыра қалып қатты айқайлап жыладық. Есігі тарс бекітілген бөлмеде біз көз жасымыз тоқтамай ұзақ жыладық. Енді біз балалар үйіненбіз...

Анамның әні

«Балалар үйінен» деген таңбаға да ақырындап үйренісе бастадық.

Бізді көре салысымен үрпиіскен ауыл тұрғындарының:

  • Әне, балалар үйінің балалары жүр. Байқаңдар, бірдеңелеріңді ұрлап кетпесін! — деген сөздері де енді таң қалдырмайды.

Балалар үйінде тұрамыз, сабаққа ауыл мектебіне барамыз. Балалар үйінің балаларына көзқарас өзгеше болды. Ұлдардың бірі бірдеңе бүлдіріп қоймасын деңіз. Бірден қорытынды шығаратын: «Бұлардан басқа не күтуге болады» — дейтін.

Алғашқы күннен-ақ кішкене қарындасымды басқа топқа алып кетті. Балалар үйінде түрлі жасқа қарай бес топ болды. Біріншісінде өте кішкентайлар болса, бесіншісінде жоғары сыныптағы балалар болды. Ең ауыр болғаны — Зульфираның бізден бөлек тұрғаны. Оған барудың өзі арнайы кесте бойынша. Бұл жерде тәртіп өте қатал, сен ол тәртіпке бағынуың керек екен. Кей кездерде қарындасымды көруге барғанда беті тырналған, қолы көгерген сәттерін байқаймын. Сөйтсем, оны ұлдар осылай ренжітеді екен, немесе тәрбиеші «өмірге үйретеді». Біздің балалар үйіндегі өміріміз осындай сынақтармен басталды.

Бұрын үйімізде таза ауада серуендеу күнделікті іс болып есептелетін. Ал бұл жерде мұндай бақытты сәт тәрбиеші рұқсат бергенде ғана болады. Топта біреу «екі» алатын болса, сол топтағы бүкіл баланы жазалайды. Күні бойы бәрімізге кітаптар мен дәптерлерге телміріп қарап отыруға тура келетін.

Тамақ та күнде сол. Колбаса, кәмпит, қаймақ сияқтылардың дәмін де ұмытып қалдық. Азық-түліктің көптеген түрі бұл жерде рұқсат етілмейді. Санэпидемстанция рұқсат етпейді дейді. Мен оның қандай адам екенін мүлде білмеймін.

Балалар үйіндегі алғашқы жарты жылда мен ең бастысын түсіндім: балалар да, тәрбиешілер де әртүрлі болады. Біздің топта бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі тәрбиеші жұмыс істеді. Райфа апай өте қатал болса, Хакима апай, керісінше — әрқашанда ақкөңіл, ашық.

Бұл мерекені мен ылғи тағатсыздана күтемін. Бұл жылы маған бір ерекше бақыт келетіндей, менің армандарымның орындалатын жылы сияқты.

Жаңа жылға екі апта қалған кезде біраз ұлдар мен қыздарды мәжіліс залына жинады. Олардың ішінде мен де бармын. Мен өзімнің деревнямда да мұндай шараларға қатысып жүретінмін. Өзімнің қабылеттерімді балалар үйінде де көрсете алатыныма қуанып кеттім.

  • Балалар! — деп мерекені ұйымдастырушы сөзін бастады. — Жаңа жылға дейін санаулы ғана күндер қалды. Сондықтан ұзаққа созбай, бүгін-ақ бірден бастап кетеміз. Қане, барлығын өзіміздің өнерлерімізбен қуантайық!
  • Иә! — Балалардың көздері жайнап кетті.
  • Мен бұл жерге ең өнерлі балаларды жинадым. Ертегі қоятын боламыз. Зұлым Кощей Аяз ата мен Ақша қарды ұрлап кетеді. Ал қоян, түлкі, аю, және басқа аңдар біздің мерекенің басты кейіпкерлерін құтқарулары керек. Қалай, ойнаймыз ба?
  • Иә! Ойнаймыз! — деп бірауыздан жауап бердік. Мен тіпті қуанып кеттім. Қазір аюдың рөлін ойнап, Аяз ата мен Ақша қарды құтқарам!

Ұйымдастырушы рөлдерді бөліп бере бастады. Бірақ маған орман жануарларының рөлін бермеді.

  • — Ал мен ше? — деп таңдана сұрадым.

— Ілияс, сен Кощей боласың, — деп жауап берді. — Оны тек қана сен ойнай аласың.

  • Апай, неге мен? Менің жағымсыз кейіпкер болғым келмейді, барлығы маған күлетін болады.
  • Ол не дегенің, сүйкімдім! Саған ең жауапты рөл бұйырып тұр. Бұл шын емес қой, жай ғана ертегі.
  • Сен неге тағы дауласып тұрсың? — деген дауысты арт жағымнан естіп, жалт қарасам, тәрбиеші Райфа апайды көрдім. Ол жұмыс қалай жүріп жатқанын көргісі келіп, мәжіліс залына келген екен. Мен басымды төмен түсірдім, ал Райфа апай маған ары қарай ұрсып жатыр:
  • Тағы да мына Ілияс! Сен өзіңді кіммін деп жүрсің? Әртіс, не жазушы, тіпті кейде ғалым боламын деп айтасың. Өзіңнің қисық аяқтарыңа қарап ал! Саған Кощей бол деді ме, демек, боласың!

Қойылымның ұйымдастырушысы мені арашалағысы келіп:

  • Ілияс келісті, бұл жай ғана ертегі ғой! — деді.
  • Ол бірден келісімін беру керек еді, — деп Райфа апай қоймады. — бір рет жіберіп алсаң, бұлар мойныңа мініп алады да, көзіңді шоқып тастайды. Сен әлі жас болған соң оларды әлі білмейсің. Ал мен бұл жерде жиырма жылдай болды жүргеніме. Негізі, Ілиястың Кощейдің рөлін ойнайтыны жақсы болды! Ол дәл Кощей сияқты ғой! Оған арнайы костюмнің де керегі жоқ — футболкасын шешсе, барлық қабырғалары көрінеді. Қолдары жіңішке, аяқтары қисық... Нағыз Кощей!

Балаларға керегі де сол. Барлығы күле бастады:

  • Ха-ха... Ілияс — Кощей!
  • Қолдары жіңішке...
  • Аяқтары қисық...

Реніштің жастары мені буып бара жатты, мен залдан жүгіріп шығып кеттім...

Жаңа жылдық кеште маған бәрібір зұлым кейіпкерді ойнауға тура келді. Аяз атаға айтып беріп, тәтті сыйлықтар алу үшін көп тақпақтар жаттап алдым. Бұл жерде, балалар үйінде тәттілер — нағыз рахат, тек түсімізге ғана кіреді.

Мен бекер тырыспаппын — кеш соңында екі қалтам да кәмпит-печеньелермен толды. Жаңа жылға дейін санаулы сағаттар қалды, топта көңілді күй қалыптасты. Бөлмемізді алдын-ала өзіміз қолдан жасаған жылтырауықтармен, ойыншықтармен безендіріп қойғанбыз. Ал қазір мерекенің құрметіне түшпара пісіп жатқан ас үй жақты төңіректеп жүрміз. Бұл біз үшін ерекше көрініс. Біз сияқты балалар үйінің балаларына мұндай бақыт жылына бір-ақ рет келеді. Менің түшпараның дәмін ұмытқаныма көп болып еді.

  • Райфа апай, түшпаралар дайын болды ма?
  • Кішкене күте тұрыңдар! Аз қалды дедім ғой...
  • Иісі шығып жатыр, дайын болған сияқты, — дейді біреу.
  • Кетіңдер ары, тойымсыз бейшаралар! Сендерді қанша тойындырса да бәрібір аз болып тұрады. Пілді жеп жіберуге де дайынсыңдар! — деп ол қолдарын ербеңдетіп балаларды қуа бастады. — Егер піскен болса да біраз тұра тұрсын. Он екіге дейін әлі ерте!

Бірақ дәмді етіп дайындалып жатқан тамақ та жанның терең түкпіріндегі сағынышты, қайғыны қуып шыға алмады. Шіркін, ата-анамыз тірі болғанда ғой... Ештеңеден қиналмаушы едік. Барлық нәрсе осы түүшпараларға тіреліп тұрған жоқ қой? Әкеміз барлығымызға сыйлық сатып алатын еді, ал біз болсақ оған тақпақ айтып, ән шырқап берер едік...

Райфа апай әрең дегенде бізді дастархан басына шақырды-ау әйтеуір. Бәрімізге ақ ыдыстарға шай құйылды, әрқайсымызға он түшпарадан салынды. Дастарханда мандариндер, кәмпиттер, жеміс шырындары болды. Бірақ бәрібір бірдеңе жетпей тұрды. Бәлкім ата-ананың жылуы шығар...

Райфа апай бізді құттықтап тілек айтты:

  • Балалар,шын жүректен сендерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Өмір болған соң барлығы да болады: кей кездерде сендерге ұрсатын кездеріміз де болады. Бірақ мен оны өзімнің рахатым үшін емес, сендер жақсы адам болсын деп солай істеймін. Жақсы оқыңдар, тәртіпті, тәрбиелі болыңдар, бізді тыңдаңдар. Біздің үйде сендерге тек жақсылықтар тілеймін!

Сағат он екіні көрсетіп тұр. Біз үйде бұл сәтте бір-бірімізге арман-мақсаттарға жетіңдер деп тілек айтушы едік. Демек, қазір де солай істеуге болады. Жанымда сыныптасым Амиля отырған болатын. Одан сұрап қоямын:

  • Сен нені армандайсың?
  • Мамам мені бұл жерден алып кетсе, балалар үйін ұмытсам. Ал сен нені армандайсың, Ілияс?

Амиляның арманы мені тығырыққа тіреді. Мен ата-анам қайта тірілсе екен деп армандай алмаймын ғой, ол мүмкін емес. Баласын тастап кеткен ана ғана перзентін қайта құшақтай алады. Шіркін, менің анам да түрмеде отырғанында ғой! Әйтеуір бір кезде ол бізге келер еді. Мен Амиляны қызғанып кеттім. Тағы да шарасыз күйге душар болдым. Тоқта, тоқтай тұр! Әкем маған бір нәрсе тапсырам деп еді ғой. Бірақ мен әлі күнге ол не зат екенін білмеймін. Сондықтан мен өзіме мақсат қойдым — күндердің бір күнінде бұл заттықолыма алуым керек. Мұндай арманнан соң жаным бір жадырап қалды.

Теледидардан мерекелік концерт басталды. Барлығы көгілдір экранның алдына рахаттанып отыра кетті. Міне, сахнада менің анамның сүйікті әншісі Валентина Толкунова! Неге екенін білмеймін, әйтеуір анама осы бір бұрымы ұзын орыс әншісінің әндері қатты ұнайтын. Бірден маған кішкене күнімнен таныс ән шырқалып кетті:

... Сені әрқашанда сүйетін боламын,

Басқадай амалым жоқ менің...

  • Райфа апай, кішкене дауысын шығаруға болады ма? — деп сұрадым.
  • Сен немене, кереңсің бе?! Жоқ! — тәрбиеші сол баяғы қаз-қалпына түсті.—Ұйықтауға жатқызып қоймағаныма қайта рахмет айтыңдар!
  • Ап-пай! Бұл менің анамның сүйікті әні еді... болады ма? Өтінемін...
  • Мен жоқ дедім, болды! Сенің анаңа ұнаса ұнаған шығар, ал маған бұл ән ұнамайды. Әншінің өзін де ұнатпаймын. Шашын дұрыстай алмай жүріп өзінше махаббат туралы ән салғысы келеді. Қане, теледидарды сөндіріңдер, жатыңдар ұйқыға! Сендердің кесірлеріңнен мерекені дұрыстап сезіне алмай отырмын. Менің не, отбасым жоқ па?! Қане, ұйқыға жатыңдар! Еріндеріңді қисайтпаңдар, менің көңіл-күйімді бұзбаңдар! — Райфа апай ерекше бір зілмен теледидарды токтан ажыратып жіберді. — Таңға дейін ешқайсыңды көрмейтін болайын!

Жаңа жыл кеші менің өтінішімнің кесірінен ойда жоқта аяқталып кетті. Мен бөлмеге жүгіріп барып жастығыма құлай кеттім. Ыстық жастарым бетімді күйдіріп жатты. Көз алдымда — анамның күлімдеген көздері, сымбатты тұлғасы. Ал құлағымда сол ән әлі тұр:

Сені әрқашанда сүйетін боламын,

Басқадай амалым жоқ менің...

Тастамашы, ана!

  • Неге сен бізді қалдырып кеттің, ана? Бұл жерде өте қиын. Сені ойламаған , есімізге алмаған бір күн де жоқ. Естисің бе, ана-шы-м?!
  • Тыныштал, балам, жылама. Сендердің жастарың менің қабіріме құйылуда. Білсеңдер ғой, сендер үшін жаным қалай ауыратынын... Жақында тәрбиешінің сенің басыңнан кілтпен ұрғанын көрмеді деп ойлайсың ба, балам? Маған қандай ауыр болғанын білсең! Бірақ, өкінішке орай, көмектесе алмаймын...
  • О дүниеде жақсы дейді. Шын ба бұл, ана?
  • Сендерсіз маған жұмақтың өзінде де қиын, балапандарым менің. Сендермен қоштасқан күнді еске аламын да тоқтаусыз жылаймын. Сен өзіңді мықты ұстадың, ұлым.
  • Мен ол күнді бүгінгідей есімде сақтадым. Барлығы Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатты. Ал сен сол баяғы төсегіңде жаттың. Анашым, саған көп ауыртпашылықты көтеруге тура келді. Үш жыл төсек тартып жаттың... неге екенін білмеймін, ауруханаға да жатпадың... Неге екенін білмеймін, ауруханаға да жатпадың.
  • Қазірде, әрине, өкінемін. Дәрігерлер ота жасауға көндіргілері келді, ісіктің өсетіндігін айтып ескертті. Бірақ мен сендерді қалдырғым келмеді, бәрің де кішкентай болдыңдар. Әкелерің күнде жұмыста. Бірде ауруханаға жатайын деген едім, бірақ үш жасар зульфира мені құшақтап алып, жібермей жасын төкті: «Тастама бізді, ана, қалдыра көрмеші!» үшеуің де жас толған жанарларыңмен маған : «Тастамашы бізді, ана», — деп жалындыңдар. Қалай тастаймын сендерді? Солайша ауруханаға бармай қалдым. Одан кейін бәрі кеш болды — дәрігерлер ісіктің асқынып, қатерлі болып кеткенін айтты... Ауру мені төсекке таңды.
  • Соңғы айда ауылдың фельдшері Хания тәте саған апта сайын келіп тұрды. Ол өзімен бірге чемоданын алып жүретін — ішінен дәрінің құтысын алып шығып, шприцке толтырып, сенің тамырыңа салатын. Саған сол сәтте-ақ жақсы болушы еді. Бірақ кейінгі кездерде фельдшер бізге жиірек келетін болды. Бірнеше укол салатын, ал қолданылған шприцтер мен дәрі құтыларын бірден отқа тастайтын. Жаңа жылдың алдында саған тіпті жаман бола бастады. Сен қатты қиналдың, бізге қорқынышты болды. Әкем өзін қоярға жер таппай, есіктің алдына шығып кетіп, темекісін бірінен кейін бірін тарта берді. Тіпті бізбен бұрынғыдай ойнамады да. Ақыр аяғы әкем бізді Хания тәтені шақырып келуге жіберді. «Тезірек барып-келіңдер, аналарың өте қиын қалде»,-деді ол. Сірә, өзі сені тастап кеткісі келмеді-ау деймін. Біз фельдшерге жүгіріп кеттік.

Бізді көре салысымен Хания тәте бәрін де сөзсіз ұқты. «Жаңа жылға дейін бірнеше сағат қана қалды, қане, дастархан басына жайғасыңдар, тым болмаса шай ішіңдер»,-деп шақырды. Біз әпкем екеуіміз қарсы болдық — сенің үйде аурудан қиналып, уколды күтіп жатқаныңды білдік. Бірақ фельдшер бізді ақыры көндірді, бізге асығыс-үсігіс бір кесе шайдан ішуге тура келді. Біздің тағат таппай тұрғанымызды көріп Хания тәте ары қарай бізді қыстамады. Дәрілерге толы чемоданын алды да бізбен бірге көшеге шықты.

Бүкіл әлемді ақ жамылғыға ораған қар жауып тұрды. Білесің бе, ана, мен сол сәтте нені армандадым? Сен тезірек сауығып, жазылып кетсе екен дедім... Бірақ менің арманымның орындалуы бұйырмаған екен. «Хания тәте, сонда сізде жақсы бір дәрінің болмағаны ма? Егер бар болса, анамызға беріңізші. Өскен соң міндетті түрде сізге өтеуін төлеймін»,-деп мен фельдшерге өтіндім. Ол болса ештеңе айтпастан терең күрсінді. Ол саған уколды салуын — салды, содан кейін бір қағазды алып саған қол қоюға берді. Жаңа жылға екі сағат қалған кезде саған бір жеңіл болып қалғандай болды. Сонда да бізге мереке тойлайтындай көңіл-күй болмады.

Хания тәте өз міндетін атқарып болған соң әкеме шығарып салуды өтінді. Олар аулада бірдеңелерді ұзақ сөйлесті. Әкем үйге өзіне ұқсамай кірді, бейне бір «салы суға кеткендей». Сен де өзгерісті бірден байқап, әкемнен фельдшер не айтқанын сұрап жаттың. «Гүлнұр, маңызды ештеңе емес, тек қана шығарып салдым»,-деп жауап берді ол. Тағы бір сағат өтті. Біз бәріміз сенің жаныңда болдық. Жаңа жылға дейін санаулы минуттар қалды, бірақ үйде мерекенің белгісі де сезілмеді. Солай бола тұра мен ішімнен сыйынып: «Жаңа жыл біздің үйге бақыт пен бәрімізге денсаулық алып келсе екен» деп қайталаумен болдым. Біраздан кейін сен: «Жарықты өшіріңдерші»,-деп өтіндің. Басыңды біресе бір жаққа, біресе екінші жаққа қаратып бұра бердің. Әкем бізді басқа бөлмеге қарай алып кетті. Сен болсаң «Жарықты сөндіріңдерші!» деп қайталаумен болдың. Сірә, сен балаларыңның қалай қиналғаныңды көрмеуін қалаған болуың керек. Немесе бізді қорқытып алмайын деген шығарсың. Біздің кіп-кішкене жүректеріміз қалай азап шеккенін сезсең ғой, шіркін! Әлия алаңын жасыра алмай: «Анамыз өлейін деп жатыр ғой деймін»,-деп күбірледі. Біз бірден ыстық жасқа булықтық. Сен бұрындары жігіттердің жыламайтындығын айтқан едің. Сондықтан да мен жылаған дауысымды шығармауға тырыстым. Бір кезде көйлегімнің түймесін жұлып алып, дауысымды шығармас үшін тістегенім сондай, алдыңғы тістерім сықырлай бастады. Қыздар тоқтамастан жылады, қанша жерден берік болуға тырыссам да, мен де жыладым.

Әкеміз сенің бөлмеңе шақырған соң біз төсегіңнің жанына келіп тұрдық. Көзі қызарып кеткен әкем біраз үнсіз тұрған соң: «Балапандарым, ылғи да сендерді қалай аймаласа, сендер де аналарыңды солай бір аялап, құшақтап алыңдар»,-деді. Бірінші болып өзі сенің маңдайыңнан сүйді. Біз де сені сүйе бастадық, ал сенің көздеріңнен жас ағып жатты. бірдеңе деп айтқың келетін тәріздісің, бірақ әл-дәрменің жоқ. Бұл біздің сені ақырғы рет сүйгеніміз болатын. «Анамызға қиын болып жатыр, қанекей, аяқтарын бір уқалап жіберейік»,-деп Әлия өзінше сенің халіңді жақсартқысы келді. Біз жыладық, әкеміз ғана көз жасын бізге көрсеткісі келген жоқ. Сені біз құтқарып қала алмадық. Сен көзіңді жұмып, тыныс алуды тоқтаттың... Ах, егерде мен дәрігер болғанымда ғой! Бір-ақ күнде сені орныңнан тұрғызар ем ғой!

  • Жетеді, ұлым, менің жанымды қинамашы. Онсыз да менің жағдайым қиын. Білемін, сендерге де оңай болмады. Қайта әкелеріңнің сендерді өзінің соңғы сағатына дейін тастамағаны жақсы болды....
  • Иә, анашым, әкемізге де ауыр қайғыны басынан өткеру жазылыпты. Сенің өмірден қайтқаныңа бір апта өткен соң ауылдық кеңес пен мектептен адамдар келе бастады. «Жақсы, үшеуі қалада оқып жатыр, ал мына төртеуін жалғыз өзің аяқтарынан тік тұрғыза алмайсың, қиналмай-ақ оларды балалар үйіне бер»,-деп әкемізді үгіттей бастады. Бірақ ол өз дегенінен қайтпады. Аудандық қызметтерден де адамдар келді. Ашуланып, әкем оларға: «Мен тірі тұрғанда балаларымды ешқайда да бермеймін»,-деп үйден қуып шықты. Мектептегі кейбір мұғалімдер де бізге басқаша қарай бастады. Дұрыс жауап беріп тұрсақ та «екі» қоя бастады. Содан кейін әкелері балаларына қарай алмайды, сондықтан да бұл балалар сабаққа үлгере алмайды деген желеумен жиі арызданды. Олардың бар мақсаттары бізді балалар үйіне жіберу болды. Кейбіреулердің тіпті: «Әйелі өлуіне байланысты Ғиззат үкіметтен көп өтемақы алып отыр, сондықтан да балаларын мемлекетке бергісі келмейді»,-деп айтуға да ұяттары барды. Ауыл әкімдігінің ақылсыз біреуінің қызғаныштан әкеме қарап: «Кейбіреулерге жақсы болды, сен енді бәрінен байсың»,-деп айтқан кездері де болды. Әкем шыдай алмай әлгі нақұрысты бірақ ұрды. Ол сен қайтыс болған соң қатты қайғырып жүрді. Түндерде ұйықтай алмай қиналды. Ал бір жыл өткен соң жиі ауыратын болды. Трактор жүргізіп жүріп қатты суық тигізіп алды. Оның үстіне сенен айырылғанды да көтере алмады деп ойлаймын. Сенің қайтқаныңа үш жыл толғанда әкемнен де айырылдық. Бізді осында, балалар үйіне алып келді.
  • Сендердің бастарыңа түскен тағдырды дұшпаныңа да тілемейсің...
  • Есіңде ме, сен маған қаладан бір аяқ киім алып келген едің. Маған сондай қатты ұнады. Мен ол аяқ киімді сен өмірден өткен соң да көпке дейін киіп жүрдім, айырылғым келмеді. Кейін басқа аяқ киімдер де сатып алып берді, бірақ маған осы, сенің әпергенің қымбат болатын. Ол аяқ киім әбден тозса да, мен мектепке ылғи сонымен баратынмын. Бірге оқитын сыныптастарым неге менің ескі аяқ киім киіп жүргенімді сұрағанда: «Мұны маған анам сатып алып берген еді»,-дейтін едім. Есіңде ме, сен әлі бізбенен бірге болғаныңда мен ана туралы ән жаттап алған ем ғой? 8 наурыз мерекесіне орай маған ол әнді сахнада орындауды сұрады.

«Анам, анашым менің аяулы,

Ұзақ болсын өмірің сенің саялы»,-деген жерге келгенде көзіме жас келіп, тамағыма өксік тығылып, әннің сөздерін ұмытып қалдым. Бетімді жас жуып кетті де, көрермендер шапалақ ұрып кетті.

Анасыз өмір сүру қандай қиын! Мұнда біздің бәрімізді алқаштардың балалары дейді. Бірақ мен білемін ғой, сен ондай болмадың. Тірі болғаныңда екі «Алтын алқаңды» өңіріңе қадап, мына тәрбиешілерге кімнің кім екенін көрсетер ең. Біраз балалар шынында да ата-аналарының маскүнемдіктерінің салдарынан осы жерге келген, сондықтан да біз сияқтылар солардың ішінде кетіп қаламыз. Ал біз сияқты әке-шешесіз тұл жетімдер балалар үйінде аз.

Жақында Сәлима деген қызға анасы түрмеден сәлемдеме жіберді. Онда түрлі кәмпиттер мен печеньелер бар болатын. Бізге жеткенше әбден қатып кетіпті. Тастай болып қатып кеткен сәлемдемелерді Сәлима бәрімізге бөліп берді. Оның анасы адам өлтіріп түрмеге түссе де, Сәлима бәрібір анам бар деп мақтанады. Анасының сәлемдеме жібергенін айтып бәріміздің құлағымызға тыныштық бермеді, әлі ұзақ уақыт есіне алып айтып жүреді.

Кешке ұйқыға жатқан соң біз болашақ жайлы әңгімелесеміз. Фаниль деген баланың ата-анасы ажырасып кеткен. Анасы арақ ішіп кеткен соң огы қарындасымен бірге балалар үйіне өткізіпті. Ол анасының маскүнем екенін ешқашан айтпайды. Анасы жұмысқа орналасып, қарындасы екеуін үйге алып кетеді, зоопаркті көрсетеді деп үміттенеді. Мен оларға қатты қызығамын.

Ауылдың орталығында шағын базар бар. Сабақтан соң балалар ол жерге кәмпит пен басқа тәттілерді ұрлауға барады. Бірде мені де өздерімен бірге баруға шақырды. Мен: «Анам ренжиді, болмайды»,-деп қарсы болдым. Олар қатты таң қалды, ал маған сен бәрімізді көріп тұрған сияқтанасың. Сондықтан да сені жабырқатқым келмейді. Анашым, міне, осылайша өмір сүріп жатырмыз. Сен жанымызда болмасаң да сенің жылуың мен мейіріміңді сезінеміз. Ылғи да ұятты бірінші орынға қойып келеміз.

  • Дұрыс, ұлым. Ал мен сендерді үнемі қорғап жүремін...
  • Ана, сен менің күнделігімдікөрсең ғой. Бізді ренжіткен сайын жақсы адам болып қалыптасқымыз келеді. Сондықтан сабақты жақсы оқуға талпынып келемін. Кейбір оқушыларға үй жұмысын орындауға көмектесемін. Ол көмегім үшін маған алма береді. Бәрібір сенсіз бізге өте қиын. Егер сен оралсаң әр күн сайын ән шырқап берер едім. Даладан ең әдемі гүлдерді теріп әкелуші ем ғой. Есіңде ме, сен ауырып жатқанда су апарып беретін едім. Сен тіріліп келсең болды, күні бойы саған су тасудан жалықпаймын. Оралшы, анашым! Өтінемін! Бізді басқалардың езгісіне қалдыра гөрме!..
  • Бұл жақтан қайтатын жол жоқ, ұлым. Алтындарым менің, шыдаңдар...

Қалғып кеттім де, кеудеме біреу ауыр сөмке тастап жібергендей күйде оянып кеттім. Ол тәрбиешіміз Райфа апай болатын.

  • Сол баяғы ұйықтап жатырсың ба?! Асханада кезекші екеніңді ұмытып кеттің бе? Мен анаң емеспін, сен үшін ыдыс-аяқ жумаймын!

Тіс ауырғаннан өлмейді

Тіс ауырған не деген жаман десеңші! Әлемде одан артық қиын нәрсе жоқ шығар! Егер менде алтын таяқша болғанда бұлайша қиналмас ем ғой. Ауыруын бірден қойғызар едім. Өзімді ғана емес, бүкіл әлемді тіс ауруынан арылтушы ем, шіркін! Адамдар бұл жанды қинаған ауруды ұмытар еді.

Тісімнің ауыруы кеше басталды. Жан шыдатпас аурудан кейде тіпті жылаймын. Күндіз кішкене қояды да, кешке қарай жанымды көзіме көрсетеді. Маған десең қабырғаға шық, мейлі, айға қарап қасқырша ұлы... Мұндай сәттерде күніне тісімді қырық рет тазалауға да дайынмын. Бірақ неге екенін білмеймін, оны осындай ұйқысыз түндерде ғана ойлайсың.

Таңертең мейірбике Сайда апайға бардым. Балалар үйінде медпункт болғаны қандай жақсы. Жарақат алсақ та, суық тигізсек те, қызуымыз көтерілсе де бірінші кезекте Сайда апайға жүгіреміз әйтеуір. Ол бізге қажетті дәрілер мен ақылын қатар береді. Міне, бүгін де оның жұмысқа келуін күтіп отырмын. Медпунктке жұмыс басталардан өте ерте келген болатынмын.

  • Амансың ба, Ілияс? Не болды?- деп келе сала мейірімді кейіппен менен сұрай бастады.
  • Апай, тісім ауырып тұр. Бүгін көз ілмей шықтым.
  • Ай, Аллам-ай! Сендерге тісті күніне екі рет тазалау керек деп қанша рет айттым десеңші? Жарайды, бөлмеге кір.

Мен үндемедім — өзімнің кінәлі екенімді білдім. Суық орындыққа отырдым да ол кісінің ақылын ары қарай тыңдадым.

  • Қане, аузыңды аш. Саған қай тіс ренжіді екен? «А-а-а» де... Медбике мені ұзақ қарады да басын шайқады:
  • Иә-ә-ә... тісіңде қанқұрт бар екен. Тез арада емдету керек. Ол үшін қалаға бару керек... — Сайда апай жұмыс үстеліне отырып ойланып қалды. Біресе терезеге, біресе алдында жатқан журналға қарайды. — Мен директордан осы уақытқа дейін қаншама сөз естідім. Өзім үшін жүгіріп жүрген сияқтымын.! Біреудің құлағы ауырады, енді біреудің асқазаны ауырады, ал директор көлік тауып бермейді. «Жигули» ғана жүріп тұр, оның өзі де Мавлида Нұрғалиқызыныкі. Жалғыз сен үшін олар автобусты алып шықпайды ғой, Ілия. Қане, біз былай істейік. Мына дәрілерді ал, тісің мазалаған кезде жарты-жартыжан ауырған жерге қоясың. Көмектеседі. Егер тіпті шыдай алмай бара жатсаң директорға өзің бар. Тіспен ойнаудың қажеті жоқ. Егер рұқсат етсе, бүгін-ақ қалаға барып, дәрігерге көрсетеміз. Ал қазір бара ғой, бөлмеңде тісіңнің ауруы қойғанша жата тұр, – деп ол үш тал дәрі берді.

Былтыр біздің балалар үйіне автобус бөлді. Біз қалай қуандық десеңші! Сол жылтыраған дөңгелекті аппақ автобуспен бізді концерттерге, түрлі байқауларға апаратын. Гаражда жасыл «Жигули» автокөлігі де тұр. Бірақ бұл көлік біз үшін емес — онымен Мавлида Нұрғалиқызы жүреді. Ол кейде күн сайын қалаға қарай шығады. Бүгін де солай қарай шығатын шығар, егер өтініп сұраса мені де жолай ала кететін шығар. Ойланып тұрдым да, бөлмеден шығып, директордың бөлмесіне қарай беттедім. Есігінің алдына келдім де, батылым жетпей тұрып қалдым. Бірақ та бүкіл ерік-жігерімді жұдырығыма түйіп алдыға қарай адымдадым — тісті емдетуім керек қой.

  • Сәлеметсіз бе, Мавлида Нұрғалиқызы! –деп кіріп бардым.
  • Неге сабаққа бармағансың? – деп ол менсінбей қарады.
  • Апай, тісім ауырып тұр...
  • Сендер ызыңдай береді екенсіңдер! Біресе біреуің, одан соң тағы бірің...
  • Мен алдап тұрған жоқпын, кешеден бері...

Директор ары қарай сөйлеуге мүмкіндік бермеді:

  • Білемін сендердің қулықтарыңды. Біреуіңнің ішің ауырады, енді біреуіңнің басыңа бірдеңе болған, үшіншіңнің көзі дұрыс көрмейді — қалаға бару үшін әйтеуір бірдеңе ойлап табасыңдар...Ауруханаға бізді апарып жүреді деп ойлайсыңдар ма?! Тапқан екенсіңдер! Мені алдай алмайсыңдар, боқмұрындар! Міне, жағың да іспеген, ал сен болсаң тісім ауырады деп алдайсың!
  • Апай, түні бойы ұйықтай алмадым. Сайда апай көрді, тісім шіріп жатыр деді.
  • Менің аудандық білім бөлімінде маңызды шаруам бар, сенімен жүретін уақытым жоқ. Дәрілер сұра. Сайдаға айт, директор айтты де, саған анальгинді көбірек берсін...
  • Бірақ дәріден пайда аз болып тұр...
  • Кет ары миымды жемей! — қолында ұстап тұрған қаламды стол бетіне лақтырып жіберді. — Тіс ауырғаннан ешім әлі өлген жоқ. Бар мектепке!

Басымды төмен түсірген қалпы директордың бөлмесінен шықтым. Тіпті маған жаны да ашыған жоқ, шынымен де кішкене кезінде тісі ауырып көрмеген бе? Шіркін, құс болғанымда ғой! Ешкімге жалынбай-ақ қалаға өзім ұшып барар едім. Директордың аяушылық білмес сөздерінен кейін тісім одан да қатты ауырып кеткендей болды. Ол аздай дәлізге шығып, менің соңымнан қатты айқайлады:

  • Қара мұны! Жақсылықты білмейтін жетесіз! Көрсетемін мен саған!

Маған сондай қиын болды. Ауырып тұрған баланы аяп, тыныштандырудың орнына жазықсыздан-жазықсыз ұрса жөнелді.

Біздің балалар үйінде бес топ бар, мен төртіншісіндемін. Әр топта жиырма шақты бала бар. Бізбен екі тәрбиеші мен екі түнгі кезекші жұмыс істейді. Бақытыма орай, бүгін таңертеңнен бастап Хакима апайдың кезегі. Райфа апай баяғыда-ақ: «Жалқау! Сабаққа бармау үшін өтірік істеп тұрсың»,-деп ұрсар еді. Бөлмемде жалғыздан-жалғыз жатудан жалықтым да, кітаптарым мен дәптерлерімді жинап салып, мектепке кеттім.

Сабақтарда әрең шыдап отырдым. Қоңырау соғыла салысымен көшеге қарай жүгірдім де қарды уыстап жедім — ауру аздап басылғандай болды. Сыныпқа өзіммен бірге қардың қатып қалған бір бөлігін алып келіп, тісім ауырғанын қояды ма деген үмітпен ауық-ауық тістеп қойып отырдым. Ақыр аяғында менің қиналысымды көрген мұғалім сабақтан босатты:

  • Мұхаметов! Бар, қиналма. Ауырған тісті барынша тез емдеу керек.

Мен балалар үйіне қардың бөлігін ұстаған қалпы қайттым. Қарама-қарсы бірінші болып Сайда апай кездесті.

  • Әлі басылмады ма ауруы?
  • Жоқ...
  • Ілияс, ертеңге дейін шыда. Жаңа ғана Мавлида Нұрғалиқызымен сөйлестім, ол сені ертең тіс дәрігеріне апаруға келісімін берді. Жүр, тағы да дәрі берейін, тек шыдашы.

Артық сұрақ қоймастан Сайда тәтенің соңынан ердім. Шыда деп айту — жеңіл. Тісің ауырғанда түнің бір жыл сияқты ұзап кетеді.

Кешке қарай тісімнің ауырғаны адам шыдамастай үдей түсті. Анальгиннің жартысы емес, енді тұтас дәрінің өзі де көмектеспейтіндей болды. Менің бұл күйімді көрген түнгі күтуші Флюра тәте менің маңымда не істерін білмей безілдеп кетті.

  • Мынаны ал, сол жақ қолыңа ұстап отыр, бірден көмектеседі,-деп сөйлеп, маған ұсақталып туралған сарымсақты беріп жатыр. — Көресің, көмектеседі, тек орныңнан тұрма, жүрме, тыныш жат. Тіс ауыруынан жаман нәрсені көрмеппін. Қытайлар өздеріне зұлымдық жасағандарға тіс ауруын тілейтінін білуші едім. Бара ғой, орныңа жата ғой.
  • Сарымсақ деген неткен ғажап нәрсе! Жөтелді, суық тигенді емдейтінін білетінмін, енді міне, тіс ауырғанын тоқтататынын көрдім. Таңғы 6-ларда тісім қайта «оянып» мені кеміруді қайта бастады. Бір нәрсе жанымды кішкене жадыратты — тісімнің ауырғаны қоятын болады, бүгін қалаға барып, емдетеміз. Барлығы мектепке кетіп жатқанда мен дәлізде директордың бөлмесінен шығуын күтіп тұрдым. Көлік есіктің алдында тұрды. Демек, қалаға барып қалармыз...

Әйтеуір мавлида нұрғалиқызы шықты-ау дәлізге. Мен орнымнан атып тұрдым да, күлімсіреуге тырысып:

  • Сәлеметсіз бе! – дедім.
  • Сәлемет пе? Тісің әлі ауырып тұр ма? Сен сайданың да мазасын алып біттің, түкке тұрмайтын нәрселермен бара бересің...
  • Не істеймін енді, тісім ауырып жаным қиналды...
  • Бүгін менде конференция, тек кешке ғана босаймын. Тағы да білім бөлімінің бастығына баруым керек. Егер Сайда екеуіңді алсам мен бір сағатымды жоғалтам. Жо-о-оқ, мен осыншама уақытты бекер жібере алмаймын. Әр минут қымбат.
  • Апай, менде тіпті күш қалмады шыдауға!
  • Екі күн шыдадың, тағы бір күн шыдайсың. Айттым ғой, тістің ауырғанынан әлі ешкім өлген жоқ, — деп кесіп сөйлеп, биік өкшелі туфлиімен тықылдатып жанымнан өтіп кетті.
  • Мен қолыммен басымды ұстаған қалпыммен диванда отырып қала бердім. Панасыз баланың қандай сезімді бастан кешіргенін сіздерге айтудың өзі артық шығар. Шіркін, қанатым болғанда ғой!.. Мен «салым суға кетіп», бөлмеме оралдым.

Сабақтан соң сыныптасым Амиля бөлмеме кірді. Мен жалғыз болатынмын.

  • Ілияс, әлі ауырып тұр ма?
  • Иә, — деп жауап бергім келмесе де жауап бердім. Себебі еш мағынасыз сұрақтардан шаршап кеттім. Менің жай-күйім түрімнен-ақ көрініп тұр емес пе!
  • Егер директор ертең де сені қалаға апармаса не істейсің?
  • Білмеймін...
  • Сенің басың бар ма, жоқ па?! Сен бала емессің ғой — жетінші сыныпта оқып жүрсің! Екінші топтағы балаға не болды, есіңде ме? Сенімен де солай болуы мүмкін.

Иә, мен ол оқиғаны ойымда сақтап қалғанмын. Үшінші сыныпта оқитын бір баланың тісі ауырған. Оны да қалаға уақытында апармаған, кейін бәрі кеш болды. Тісі іріңдеп кеткен. Оған ота жасады — бетінің біраз жерлерін кескілеп тастаған. Содан бастап бұрын көңілді болып жүретін сол бала күлімсіреуді қойды, себебі күлген кезде тыртықтар терісін тартатын, беті де бір жағына қисайып кететін.

  • Менің де тісім ауыра бастады. Мен саған бірдеңе айтайын деген ем, ешкім оны білмесін, — деді Амиля.
  • Қане, созбай тезірек айт, — ішімде бір үміт пайда болды, — тезірек айтшы...
  • Ертең, — ол кідіріп тұрып қалды, — қашып кетейік. Мектепке кеткендей боламыз, бірақ қалаға барамыз. Тіс емдейтін емхананы мен білемін.
  • Жоқ... Директор ертең апарамын деп сөз берген. Бүгін конференция болатындықтан ғана өзімен бірге алып кете алмады.
  • Сен сондай аңғалсың, бәріне сене бересің. Керек едің сен оған! Мавлида Нұрғалиқызын бірінші күн ғана біліп тұрғандайсың. Ол бүгін «иә» дейді, ертең «жоқ» дейді.
  • Амиля, ойлану керек. Біліп қойса, басымыздан сипамайды. Өзің білесің.
  • Сен қандай қорқақсың. Егер келіссең, бірге барайық. Мен өзім жалғыз-ақ бара аламын. Өзің байқа. Кейін маған бірге барайық деп айтпадың деп ренжіп жүрмесең болды...

Азырақ ойланған соң мен келістім. Тегін жүру билетін завучтың бөлмесінен рұқсатсыз алдық. Амиля дәптер іздеген болып құжаттар тұрған шкафты ақтарды. Ал мен бұл кезде завучты әңгіме айтқан болып көңілін өзіме қарай бұрып тұрдым. Алақай! Құжаттар қалтамызға түсті! Жоспар құрдық. Ертең таңертең — қалаға. Амиля сияқты тәуекелшіл қыздардың жаныңда болғаны қандай жақсы!

Ол өте ақылды қыз — барлығына жаны ашиды, кімге болса да көмек қолын созуға дайын. Біздің бірге оқитынымыз да жақсы болды. Мықты, ешкімге бой бермейді. Шындық үшін кіммен болса да төбелесуден тайынбайды. Басқалармен салыстырғанда тәрбиешілерден де қорықпайды. Қайткенмен қалалық қой.

Кеш те батты. Сол қолыма сарымсақ ұстасам да бұл жолы сонша жақсы бола қоймады. Барлығы ұйқыға жатты, ал мен болсам жанымды қоярға жер таппадым. Терезені ашып, басымды сыртқа шығардым. Кішкене жақсы болды, бірақ суық еді.

Түнгі күзетшінің бөлмесіне түстім. Менің іскен жағымды көрген ол:

  • Мүмкін темекі тартып көрерсің? — деп ұсыныс тастады.
  • Мен темекі тартпаймын.
  • Түсінікті, мүмкін көмектесер ме дегенім ғой. Мә, бір сорып көр, — деп өзінің темекісін маған ұсынды.

Мен түтінді ішіме жұттым да қатты жөтеліп кеттім.

  • Эх, әлі шикісің ғой! Үйренетін кезің болды ғой. Ақырынырақ тартасың, — деп «ұстазым» үйретіп жатыр.

Тағы бір сорып көрдім. Жоқ, керегі жоқ екен. Бұл маған ұнамады...

Амиля қай кездегідей тура айтыпты. Таңертең тәрбиеші көліктің бұзылып қалғанын, ешқайда бара алмайтынын хабарлады. Жарайды, керегі де жоқ! Басқалар бірінші сабақта отырғанда Амиля екеуіміз қалаға қарай жүйткіп бара жатқан автобуста отырған едік.

Міне, тіс дәрігерінің бөлмесіндемін. Есіктен кіре берісте-ақ көңілім бір көтеріліп қалды. Ақ халат киген дәрігер, ақ үстел, барлық жиһаздар адамға нұр мен үміт құйып тұрғандай. Қорқынышты да, ауырады емес пе? Түк етпейді! Оның есесіне мына мезі еткен аурудан біржола құтыламын. Қанша шыдауға болады! Менің қатты ауырып тұрғанымды көрген соң кезексіз кіргізді. Амиля дәлізде қалды.

Дәрігер абайлап ауырған тісті зерттеп көріп, ине сияқты бірдеңемен шұқылай бастады. Содан кейін қолына дырылдайтын бір құралды алды.

  • Ай-яй-яй! — мені ток ұрғандай, қатты ауырғаннан орындықтан секіріп кеттім. Дәрігердің қолын қалай қағып жібергенімді де байқамай қалдым.
  • Тыныш отыр, балақай. Шыда. Әйтпесе тілсіз қаласың — мынау қолымдағы нәрсе айналып тұр, — деп маған ескертіп жатыр.

Не деген дыбыс! Бұл дыбыстан тіпті жүрек те тоқтап қалардай. Ауырған жерге тигенде еріксізден айқайлап кетесің. Ал ақ халатты аға қайталай береді: шыда, шыда. Оның қолындағы құрылғыдан ауызымнан қоңыр түтін шығып жатыр. Мен бұл ұсақ шаңнан тұншыға бастағандаймын.

Уф, дырылдаған құрал тоқтады-ау! Дәрігер ауызыма су шашты да:

  • Шайқа да мынаған түкіріп таста, — деп сол жақтағы ыдысты көрсетті.
  • Бітті ме? — деп шыдамсыздана сұрадым.
  • Мен қазірше тісіңді тазаладым. Қазір дәрі қойып, уақытша жауып беремін. Одан тіс нервісінің айналасында қорғаныш қабаты пайда болады. Содан кейін тісіңді пломбалаймын, содан кейін болды.
  • Пломбаны бүгін қоясыз ба?
  • Жоқ, бүгін болмайды. Тісті емдеген соң үш күн өтуі керек. Демек, төртінші күні келесің. Уақытты саған белгілеп қоямын, — дәрігер құрал-жабдықтарын жинастыра бастады.

Соңғы сөзді естіп мен абдырап қалдым. Қалайша ол? Төрт күннен кейін! Әлі бүгінгі қашып кеткенім үшін қалай жазалайтыны белгісіз. Тіпті серуенді де тыюуы мүмкін. Қалаға, дәрігерге тағы келу туралы тіпті әңгіме де жоқ.

  • Мен қайтадан келе алмаймын, қазір-ақ пломбалап беріңіз...
  • Болмайды, бала. «Асығыстық — шайтанның ісі». Шарты сондай, — деп дәрігер маған бүгінше осы дегендей басын изеді.

Мен болсам істі соңына дейін жеткізуді шештім. Мені мұнда енді ешкімнің әкелмесі анық. Сондықтан да бөлмеден шығып кетуге асықпадым.

  • Олай болса тісімді біржола жұлып тастаңыз, — деп талап еттім.

Дәрігерді бұл сөзім қатты таң қалдырды:

  • Асықпа, жігіт. Төрт күннен кейін келесің, сол кезде тісіңнің жұмысын аяқтаймыз. Тісті құтқаруға болып тұрғанда оны жұлып тастаудың қанша қажеті бар?
  • Өтінемін, жұлып тастаңызшы. Мен қайтадан келе алмаймын...
  • Сен не, «ит өлген жерде» тұрасың ба? — деп күлді ол.

Қанша күндер бойы бұл жерге әрең келгеніме қарағанда, демек солай болып тұр ғой деген ой келді. Жылап, сұрай бастадым:

  • Ағатай, жұлып тастаңызшы, өтінемін, жұлыңызшы!

Дәрігерді көз жасыммен ыңғайсыз жағдайда қалдырдым-ау деймін, бірақ менде басқа амал қалмады. Аз-кем ойланып тұрды да, маған ренішті жүзбен қарады.

  • Өтінемін, ағатай...

Дәрігер терезенің алдына қарай кетті де ойланып қалды. Бөлменің ішін тыныштық кезіп кетті. Біраздан соң тіс дәрігері жаныма келіп, құрал-жабдықтарын ала бастады, қорабын ашып, ішінен шприц алды.

  • Сен енді солай деп болмаған соң... ауызыңды аш, укол саламыз!

Тістің қызыл иегіне шым етіп ине кірді. Бес минуттан соң ауызым мұздап, қатып қалғандай болды. Тіпті тілімді де сезбей қалдым, бейне бір менікі емес сияқты. Шамасы, бұл ауруды сездірмеудің амалы сияқты. Дәрігер қолына қысқыш сияқты бір құралды алды. Жүрегім атқақтап кетті.

  • Шыдауға тура келеді. Бірақ ауырмауы тиіс.

Бірақ түбір тісті суырып алу оңай емес екен.

  • Жасың қаншада? — деп дәрігер сұрақ қойды. Мен ойланып үлгергенше болмады, қолындағы қысқышпен тісімді тартып қалды.
  • Ай-яй!...

Дәрігер терең бір демалды да қайта тартты. Тісім шықырлап кетті.

  • А-а-а... — мен бөлмені басыма көтердім. Дәрігер тістің жартысын жұлып алды, ал қалған жарты бөлігі орнында қалды. Ауызымнан қан аққандықтан тәп-тәтті болып кетті. Бірақ дәрігер тістің екінші жартысын да жұлып алды. «Түкіріп таста», — деді ол. Бұл оңай болмады — ұйыған қан еріндерімнен сыртқа шығып жатты.
  • Орамалың да жоқ па? Мә, ал, — деп қамқошы дәрігерім ақ дәкенің бір бөлігін ұсынды.

Алғыстың орнына мен тек басымды изедім. Сөйлеу мүмкін болмады. Солайша мен әбден мезі еткен тісіммен қоштастым.

Амиля мені есіктің алдында тағатсыздана күтіп тұр екен. Бірақ ол тіс дәрігеріне кірмеді, мені бірден шығар есікке қарай бастады. Біз автобекетке қарай аяңдадық. Мен сөйлей алмағандықтан, серігімнің сұрақтарына тек басымды изеп жауап бердім.

  • Қалай, Ілияс, ауырмай ма? — басымды изедім.
  • Білесің бе, — деп жалғастырды. Мен оның ары қарай не айтатынын күттім.
  • Менің тісім ауырмаған еді, мен өтірік алдадым, — деп ол күлді.
  • Сені аяп кеттім. Әпкең қаланы білмейді. Ал Мавлида Нұрғалиқызын өзің білесің. Сен жақсы баласың, маған үй тапсырмаларына көмектесіп тұрасың.

Бұл сөздерден кейін мен ерекше күй кештім. Сыныптасым қандай мейірімді десеңші! Мен оған сондай ризамын. Еш сөз айтпастан мен оны қатты құшақтадым. Өтіп жатқан адамдар бізге таң қалысып қарады.

Жол жүру билеті арқылы сағат төртке билет алдық. Әлі сағат үш. Егер балалар үйінде бізден неге мектептен кеш келгенімізді сұраса, вокалдың үйірмесінде болдық деп айтамыз. Біздің ән айтқанды жақсы көретініміз бәріне аян. Ол үшін шу шыға қоймас.

Қарным қатты ашты. Тісім ауырып жүріп мен таңертең түк те ішпеген едім. Түк етпейді, шыдауға тура келеді. Ең бастысы — жанымды жеген аурудан арылдым. Амиля болмағанда, бұл немен аяқталатынын бір құдай біледі.

Ұйқы әлемдегі ең тәтті нәрсенің бірі деп бекер айтпайды екен. Ұйқысыз өткен бірнеше түндерден кейін соған көзім анық жетті. Айналадағы шу да, суық орындық та менің терең ұйқыға кетуіме бөгет бола алмады...

  • Автобус келді, — менің бұл ғажайып күйімнен Амиля алып шықты. — Жүр, хабарлады.

Алаңқайда біздің Сальмановаға келген сол бір жасыл автобус тұр екен. Халықонша көп емес. Билетті көрсеттік те соңғы қарардағы орындықтарға жайғастық. Автобустың іші жып-жылы екен. Ал көшедегі ауа райы бұзыла бастады — боан сырғи бастады.

Жылы жерде Амиля екеуіміз қатты ұйықтап кетіппіз...

Шірік адам болмаңдар!

Ояныңдар, келдік... — көзімді ашсам, тап алдымда қара мұртты бір ер адам тұр екен. Қайда екенімізді білмей біраз отырып қалдым. Жан-жағыма қараған соң барып автобуста келе жатқанымыз есіме түсті. — Бұл соңғы аялдама, сендер қай жерден түсулерің керек еді?

Мені қорқыныш билеп кетті. Амиля да оянды. Біздің деревнямыз жолымыздың ортасында болуы керек, ал мұртты аға біздің соңғы аялдамаға келгенімізді айтып тұр. Демек біз өзіміздің деревнямыздан өтіп кеттік?! Саусақтарыммен терезені қыраудан тазаладым да көшеге көз жүгірттім. Ол жақта қап-қараңғы. Жүрегім тез-тез соға жөнелді.

  • Сендер қай деревнядансыңдар? — деп жүргізуші сұрақ қойды.
  • Сальмановоданбыз, — деп оянған Амиля жауап берді.
  • Қайда бара жатырсыңдар? — деп сұрады қайтадан.
  • Айттық қой, Сальмановоға, — деп серігім дүрсе қоя берді.
  • Қалайша? — ағаның қабағы көтеріліп, таңданысын жасыра алмай қалды.
  • Біз сонда тұрамыз. Үйде ата-аналарымыз күтіп отыр. Қалаға жұмыстарымызбен барғанбыз, билет сатып алдық та осы автобусқа отырдық. Ұйықтап қалыппыз, — деп Амиля өтірік қосып жіберді. Жүргізуші бізді қаңғыбастар деп ойлап милицияға тапсырып жібермеуі үшін солай деді:
  • Не, біз деревнямыздан өтіп кеттік пе?

Жүргізуші терең күрсінді:

  • Шайтан алғырлар! Көздерің қайда?! Сендер басқа автобусқа отырып, мүлде басқа бағытқа кетіп қалдыңдар ғой!

Жүрегім бақайыма түсіп кеткендей, үстіме суық суды құйып жібергендей.

  • Басқа жаққа? — Амиля ауызы ашылып тұрып қалды да шынында да жылап жіберді. — Онда біз біттік, құрыдық!

Мен де өзімді-өзім ұстай алмадым... Неге бұлай болды? Балалар үйінде бізге не болады? Сол сәтте-ақ көз алдыма ылғи айқайлап жүретін Мавлида Нұрғалиқызы, өзімен үнемі алып жүретін бір топ кілттердің жиынтығымен басыңнан ұрып жіберуге дайын тұратын Райфа апай келе қалды. Бізге шынында да жаман болатын болды!

  • Болды, тоқтатыңдар жылауды. Өтіп жатқан көліктер көп. Тоқтатыңдар, қалаға дейін ала кетеді. Жылағанмен іс бітпейді. Уақытты құр өткізбей жолға шығыңдар да көлік тоқтатыңдар, — деп жүргізуші бізді автобустан шығарды.

Менің батыл серігімді біреу ауыстырып қойғандай. Тоқтаусыз жылап менің одан сайын зәремді алды:

  • Райфа апай бізге не істейді?! Ілияс, қайтеміз енді? Неге үндемейсің?! — деп мені жыла дегендей бүйірімнен түртіп қояды.
  • Уақытты босқа өткізбеңдер,, мен гаражға асығып тұрмын. Ей, сендерге айтып тұрмын! — Жүргізуші бізден құтылғанша асықты.
  • Ағатай, сіз бізді қалаға апара алмайсыз ба? Ары қарай Сальмановоға бірдеңе етіп жетерміз, — деп дауысым дірілдей шықты.
  • Ол менің қолымда тұрған жоқ, мемлекеттің көлігін мен қалайша соншама жерге айдап кете аламын, — деп қолын сермеді.
  • Сендер үшін сөгіс алатын жайым жоқ! Байқауларың керек еді. Мен сонша жанармайды қайдан табамын? Мені үйде де күтіп отыр. Уақытты босқа алмаңдар, қане! Біреулер тоқтайтын шығар сендерге.
  • Ағатай, егерде... — бірақ ол маған ары қарай сөйлеуге мұрша бермеді:
  • Түсініңдер мені, жүре алмаймын мен, ба-ра ал-май-мын! — автобусты оталдырды. — Ал жақсы! Гаражға жетіп үлгеруім керек.
  • Дөңгелегің жарылып қалсын! — деп Амиля ренжігеннен айқайлап жіберді. Автобустың есіктері жабылды да, бізді белгісіз жерде қалдырып жүре берді.
  • Біз қалаға апаратын үлкен жолдың бойындағы бір деревняда екенбіз. Анда-санда болса да жарықтары жарқырап көліктердің өтіп жатқаны жақсы болды. Мүмкін біреуі тоқтап қалар. Ауа райы да бұзылды. Суық жел біздің жеңіл киімдерімізден өтіп, денемізді қаруда. Тезірек бір жылы көлікке мінсек қой!

Өтіп жатқан көліктерге біз ұзақ уақыт қол көтеріп тұрдық, бірақ ешқайсысы тоқтамады. Балалар үйінің жұқа қолбақтарынан қолдарымыздың қатып қалғаны соншалықты, саусақтарымызды да сезбей қалдыұқ. Аяғымыз да қатып қалды. Біз орнымызда тұрып секіру арқылы жылынуға тырыстық. Жанымыздан өткен көліктердің бірі де тоқтамады.

  • Ілияс,қалаға қарай жолмен ақырындап жүре берейік. Жолда өтіп жатқан көліктерді тоқтатып көрерміз. Мүмкін сонда біреулер тоқтар, — деп Амиля ұсыныс жасады.
  • Жақсы, көрейік...
  • Көлікті кезек-кезек тоқтатып көрерміз. Әйтпесе менің қолдарым қатып қалды. Сен тоқтатып тұрғанда мен қолдарымды қалтамда жылытып тұрамын. Одан кейін ауысамыз.

Қайткенмен де Амиля ақылды екен! Егер екеуіміз де қол созып тұрсақ екеуімізге де суық. Ал былай істесек кезек-кезек қолдарымызды қалтамызда жылытып тұруға болады.

  • Амиля, сенің жақсы көретін саның қандай?
  • Төрт.
  • Қазір көресің, төртінші көлік бізге тоқтайды, — деп оны үміттендіріп қоям.
  • Айтқаның келсін...

Төртінші көлік емес, бәлкім қырық төртінші көлік те тоқтамай кетті. Автобус әкеп тастаған деревня да алыста қалды. Кері қарай жете алмасымыз анық. Боран болса адамды аяр түрі жоқ — қарды бетімізге лақтырып, ауызымыз бен мұрнымызды жауып тіпті үдеп барады. Аяз дәл Райфа апай сияқты шымши бастады. Ашық жерде тіпті суық болды. Шынын айтқанда, бізді жылытатын әлемде ешқандай жылу жоқ болып көрінді. Көліктер де сирак өте бастады. Айнала түтек боран, қап-қараңғы. Боран тіпті күшейді. Тынысымыз қиындап, жүру одан бетер ауырлады. Аяқтарымыз бізді тыңдағысы келмей барады... Суық пен қараңғылық жан-жағымыздан қоршап алды.

  • Ілияс, менің енді күшім қалмады. Осы жерде қатып қалатын болдық... — Амиля бұл сөздерді еріндері көгеріп, жылап тұрып айтты, — саусақтарым түк сезбей қалды, менің жасымды сүртші, Ілияс...

Оның жастары бетінде мұз болып қатып жатты, мен ақырындап оның бетінен ол мұздарды алып тастадым. Менің де дымданған кірпіктерім бір-біріне жабыса бастады. Суық. Бүкіл әлем суық. Шіркін, анам жанымда болғанда ғой! Өзінің жылуымен, нәзіктігімен бізді ғана емес, бүкіл жер шарын жылытар еді ғой...

  • У-у-у... У-у-у... — жан шошытар үннен біз бір сәт үнсіз тұрып қалдық. Амиля қарға отыра кетті.
  • Қас-қыр-лар... — деп сыбырлап еді, сөзінің соңғы буыны жыланның ысылы сияқты шықты.
  • У-у-у... У-у-у...У-у-у... — жақын жерден естілген бұл дыбыстардан қанымыз да тамырларымызда қатып тұрып қалғандай. Жүрегім тоқтап қалғандай, бүкіл жаным мен тәнімді сұмдық бір нәрсе қатырып тастағандай. Бұрын басқалардан қасқырлар туралы талай әңгіме естігенмін, сондықтан қатты қорқынышты болды.
  • Тұр, қашайық..., — деп серігімді орнынан тұрғызайын дедім.
  • Тұра алмаймын. Аяқтарым өзіме бағынбайды... — жылап отырып Амиля менен ұстай алды. — Тастап кет-пе-ші...

Өлгіміз келмейді. Шынымен де Жаратқан біздің қасқырларға жем болғанымызды қалай ма?! Біздің ата-аналарымыз бар ма, жоқ па, қасқырларға бәрібір, олар балалар үйінің балаларын да аямайды. Олар тобымен келіп адамдарға шабуыл жасайды. Әкем баяғыда айтып берген бір оқиға есіме түсе кетті...

Бір ерлі-зайыпты адамдар түнде көліктерінен түсіп, деревняға жаяу кетіпті. Баратын жерлеріне дейін біраз бар екен. Алдарынан кенет қасқырлар шығыпты. Күйеуі әйелін аққайыңның жуандау бұтағына шығарып жіберіпті. Өзінің шығуына үлгертпей қасқырлар әйелінің көзінше түгін қалдырмаған екен. Әйел таң атқанша ағаштың үстінен түспей отырыпты, адамдар оны түсіріп алып, үйлеріне әкеліпті. Көз алдында болған қайғыдан оның шашы сол түнде-ақ ағарып кеткен екен. Оның үстіне мылқау болып қалыпты...

Жан шошытар қорқыныш менің аяқ-қолымды жұмыс істетпей тастады. Қасқырлардың ұлыған үні барған сайын жақындап келеді:

«У-у-у... У-у-у...» Тыныс алу қиындап әл-дәрменім қалмағандықтан мен де тізерлеп отырып қалдым.

  • Анашым! Әкешім! Көмектесіңдер! — деп сыбырлап өзіме жақын жандарды шақырдым. Амиля да үрей үстінде. Сонда осылайша өлгеніміз бе?! Ешкім де біздің сүйегімізді таба алмайды ма?! «У-у-у... У-у-у...» — деп жыртқыштар тым жақын жерден ұлыды.
  • Жол бойынан бізге қарай жақындап қалған көліктің жарығы көрінді. Құдайым-ау, бұл біздің құтқарушымыз ба?! Тек тоқтамай өтіп кетпесе болды! Бұл — біздің соңғы мүмкіндігіміз. Бар күшімді жинап аяғымнан тұрдым да жолдың ортасына шықтым... Жүргізуші мені байқаса да жылдамдықты азайтпады. «Темір тұлпар» жанымыздан өтіп кетті... Біздің соңғы үмітіміз...
  • Қара, — деп Амиля қарда отырған қалпы айқайлап жіберді. Артыма қарап едім, көлік өтіп кетіп барып, тоқтапты. Енді артқа беріп, бізге жақындаған екен. Терезеден бір үлкен кісінің басы көрінді:
  • Тезірек мініңдер көлікке!

Амиляның аяққа тұруына көмектестім. Есікті ашып орындыққа әрең отырдық. Аллаға мың да бір шүкір, біз құтқарылдық!

Біздің жай-күйімізді көрген ата көпке дейін үнсіз отырды. Біз кішкене жылынып, жан біте бастағанда әкелік кейіппен қамқор болып:

  • Кім мұндай түнде үлкен жолдың бойына шығады? Мұндай ауа райында иесі итті де бұлай далаға қоя бермейді. Қайдансыңдар сендер?
  • Сальмановодан.
  • Мәссаған! Мұнда қалай келдіңдер?

Амиля әлі бағанағы қорыққаннан өзіне-өзі келе алмай отыр — тіпті сөйлеуге әл-дәрмені жоқ. Сондықтан сұрақтарға маған жауап беруге тура келді:

  • Қаладан шатасып басқа автобусқа отырып, мүлде бөлек жаққа кетіп қалыппыз. Бізге беймәлім бір жерде ояндық. Жүргізуші бізді түсіріп жіберді де кетіп қалды, — деп мұртты жүргізушіге деген ренішімді жасыра алмадым.
  • Солай ма? Ал сендер қалада неге өздерің ғана жүрсіңдер? Ата-аналарың қайда?

Осы кезде мен кішкене үнсіз тұрып қалдым, бірақ енді амал жоқ, шындықты айтуға тура келді.

  • Біз балалар үйіненбіз. Тісімді емдетуге келгенбіз. Тісім шіріп, іріңдеп кеткен екен, қатты ауырды. Мені қалаға ешкімнің әкелгісі келген жоқ. Сондықтан қашып шықтық...
  • Мәссаған! Мынаны қара! Менің бір балалар үйінен танысым бар болатын. Ана әлемге тым ерте кетіп қалды. Өзін сақтай алмады, байғұс. — Ата ойланып қалды да, сөзін қайта жалғастырды, — сендер қандай жанкештісіңдер. Тістеріңді уақытында тазалауың керек еді, мұндай болмас еді.
  • Иә, — деп өз кінәмді мойындадым.
  • Өмір сондай, балам, — деп тамағын бір қырнап қойды. Ауру тістің зияны көп. Оны емдеу де қиынның қиыны. Оны жұлып алып қана құтыласың. Адамдарда да түкке керегі жоқтары болады, олардан қоғамға тек зиян келеді. Ондай адамдардан еш пайда жоқ. Сондықтан, балам, шірік адам болмаңдар.
  • Адам деген тіс емес қой, ол қалайша шіріген болуы мүмкін? — деп таңдана тағы сұрадым.
  • Өскенде түсінесің, — деді ата темекісін бір сорып қойып. — Сендердің жолдарың болды. Мен тура астанаға бара жатырмын, бәрібір Сальманово арқылы жүремін. Тура үйлеріңе дейін жеткіземін. Ұйықтай тұрыңдар қазірше...

Енді қайдағы ұйқы! Қасқырлардың ұлығаны әлі құлағымыздың түбінде тұр, жүрегіміз шаншып қояды. Шіріген адам туралы жұмбақ та маза берер емес...

Көлік балалар үйінің екі қабатты ғимаратының алдына келіп тоқтады. Күзетші сол сәтте-ақ жетіп келді.

  • Келдіңдер ме, қашқындар? Дереу топтарыңа қарай жүгіріңдер, — деп бізге дауысын көтерді. Біздің ата күзетшімен бірдеңе деп сөйлесіп тұрып артымыздан айқайлады:
  • Сау болыңдар! Енді ешқашан қашпаңдар!

Ата кетіп қалды. Есіктен бізді түнгі қызметкер Флюра тәте қарсы алды. Сағат түнгі он екіден асып кеткен. Ол Амиля екеуімізді тобымызға дейін алып келді, бірақ одан бұрын асханаға әкелді. Тез арада шәйнекті қайнатып, бізге сүт қосылған шай құйып берді. Матадан тігілген сөмкесінен үйдің нанын алып шықты. Ол кісі кейде осы сөмкемен бізге бірдеңелерді үйінен пісіріп әкелуші еді.

  • Рахмет, апай, біз шынында да қатты ашпыз. Сіз болмасаңыз біз не істер едік, — деп мен алғысымызды білдірдім.
  • Эх, барлық тәрбиешілер осындай мейірімді болғанда ғой, — деп Амиля да қосып қойды. — Таңертеңнен нәр татпадық.
  • Тәрбиеші Райфа сендердің тамақтарыңды басқа балаларға берді. Қашқындар онсыз да күн көреді деді. Жеңдер, ұялмаңдар, — депнанды бізге қарай жақындатып қойды. — Сендер мектептен оралмаған соң Мавлида Нұрғалиқызы шу шығарды. Бір жаққа телефон шалды. .. Ой, ертең не болатынын білмеймін. Барлығы жақсы болсын, балалар...

Ішімізге ел қонған соң ақырын барып бөлмелерімізге жата кеттік. Ұйқы бірден келмеді. Есіме қайтадан қасқырлардың ұлығаны түсті. Оның үстіне бір сұрақ маза берер емес: ертеңгі күн бізге не әкелер екен?

Ауру

Түскі астан соң бәріне мәжіліс залында жиналсын деген тапсырма келді. Барлық бес топ сол жерге бағыт алды. Бірін-бірі итермелеп балалар көңілді сөйлесіп келеді:

  • Жақсы қойылым болады!
  • Тезірек орын алып алу керек!
  • Ал не болады екен?
  • Білмеймін, ешқандай мереке жоқ сияқты...

Ал мені ол жерге мүлде тартпайды. Не болатынын ойша елестетіп қоямын. Амиля да өз бөлмесінен шығар емес. Мектепте Әлия әпкеме қалай қашып кеткенімізді, қайда болғанымызды, басымыздан кешкендерді асықпай айтып бергенмін. Ол ұрысқан жоқ — менің аурудан қалай қиналғанымды өз көзіммен көрген болатын.

  • Жауап беруге тура келеді. Залға жүр, — деді ол маған.
  • Бармаймын. Қашып кеткеніміз үшін ұрсады, ал менің барлығының алдында қызарақтап тұрғым келмейді.
  • Бірақ сендерсіз бәрібір басталмайды, — деп Әлия көндіргісі келді. — Жүр, әйтпесе маған да қиын болады.
  • Сен сондай қызықсың, әпке! Туған бауырыңды сол жерге баруға мәжбүрлеп тұрсың. Түсінбеймін сені. Мен айттым ғой, бармаймын! — деп от алып кеттім. — Онсыз да барлығы таңертеңнен бері Амиля екеуімізге жаман көзбен қарап жүр. Бізге қарап күліп, қашқындар деп мазақтап жүр.

Осы кезде бөлмеге Райфа апай жүгіріп кірді:

  • Қараңдаршы мыналарды, қай жерге жасырынғандарын. Тез арада залға барыңдар! — деп түкірігін шаша айқайлады. Әпкеме қарап тұрып тағы жалғастырды, — сен бауырыңды жақтап тұрсың ба! Ештеңе етпес, мен көрсетемін сендерге! Не қарап тұрсыңдар! Барыңдар!

Дәл сондай күймен ол Амиляның бөлмесіне де кіріп барды. Ол жерде шу қатты шықты. Аздан соң ол менің сыныптасымның басынан ұрған күйі сыртқа алып шықты.

Әпкем, мен, Амиля үшеуіміздің тәрбиешінің соңынан құр сүлдеріміз кетіп бара жатты.мәжіліс залына кіргенімізше басыма қандай ойлар кіріп-шықпады дейсің! Бізді күтіп тұрған жаза маза берер емес. Бәріне дайын болдым.

Залдың іші толыпты. Балалар да, тәрбиешілер де басталуын тағатсыздана күтіп отыр. Залға кіре салып мен бос орын іздеп жан-жағыма қарай бастадым.

  • Әне, анау жерде үш бос орын бар екен, жүріңіздер, — деп әпкеме ұсыныс тастадым.
  • Қайда? Сен бүгін құрметті орындасың! — Райфа апай менің қолымнан ұстап алды да сахнаға қарай алып шықты. Амиля біздің соңымыздан ерді. Әпкем бағанағы бос орындардың біріне отырды.

Балалар үйінің директоры Мавлида Нұрғалиқызы бірінші қатарда отырды. Бізді көре сала түр-түсі бірден өзгеріп кетті, бейне бір ежелгі жауын көргендей болды. Бізді сахнаның ортасына әкеліп тұрғызған соң Райфа апай өзін жеңімпаз сияқты сезінді. Енді ше, сондай маңызды жұмысты атқарды ғой!

  • Міне, — деп бастады кекесінмен, — қашқын мырзалар келді. Бұлар ерекше жандар, арнайы шақыртуды күткен.

Барлығы қарқылдай күлді. Тек Әлия ғана қызарып кетті. Жылап кетпеу үшін ернін қатты тістеп отырды.

  • Ал қане, айтыңдар! Қашуды кім ұйымдастырды, кімнің ойына келді? Қалаға неге бардыңдар? Тыңдап тұрмыз, — деп тәрбиеші сұрақтардың астына алды.

Екеуіміз де түк те айтпаған соң Райфа апай одан сайын ашуланды. Ол өзін-өзі ұстай алмай маған жетіп келді де құлағымнан ұстап алды:

  • Айт қане, қой сияқты неғып үндемей тұрсың?! — Маған ауру сезімі қатты білінгенмен де, түк болмағандай тұра беруге тырыстым. Енді ол Амиляны сілкілей бастады:
  • Ал сен ше, шайтан алғыр, неге үндемейсің? Уақытты созба, айт!

Бізді Райфа апай қалай қинаса да ешбір сөз айтпадық. Мавлида Нұрғалиқызы да бір орында отыра алмады. Нық-нық басып сахнаға шықты. Оның түрі «енді менің кезегім, мен жақындасам болды, бұлар бірден сайрап кетеді» деп тұрғандай.

  • Үндемейміз деп келісіп алғансыңдар ма? — деп директор ренішті жүзін менен Амиляға қарай бұрды. — Жақсы! Мен сендер сияқтылармен бірінші рет ұшырасып тұрған жоқпын. Калонияға жіберемін, бірден барлық шындықты айтып бергілерің келмеді...

«Калония» деген сөзден жүрегім тоқтап қала жаздады. Жоқ, бұлар барлығын білмей тынышталмайды. Бірақ кім бастайды сөйлеуді? Ойлап тұрсам Амиляның ешқандай кінәсі жоқ. Ол тек маған көмектесті. Ал мен не үшін зардап шегуім керек? Жоқ, не болса ол болсын, барлығын өзім айтып беруім керек деп шештім.

  • Қараңдаршы мыналарды! Директорды да елейтін түрлері жоқ, — деп отқа май шаша түсіп Райфа апай «көрермендерге» қарады.
  • Онда калонияға кетуді қалап тұрсыңдар ғой..., — Мавлида Нұрғалиқызы ертегідегі арам жыландай бізді арбап, сөйлетуге тырысты.

Директордың сөздері жанымды суықпен «тоңдырып», қашуымыздың себебін айтуға мәжбүр етті.

  • Апай, бізді ешқайда жіберудің қажеті жоқ. Мен айтамын бәрін... — дауысымдағы діріл менің қорқып тұрғанымды білдіріп қойды.
  • Өте жақсы. Қане, айт бәрін, — деп директор менің сөйлеген кейпімді қостай түсті.
  • Тісімнің ауырғанына тағатым қалмаған соң қалаға өзім баруға бекіндім. Бірақ қаланы мен онша білмеймін. Амиляға өтініш айтуыма тура келді, — ол менің жаныма еруге келісім берді. Тісімді жұлғызған соң автобекетке келдік те, автобусқа шатасып мініп, басқа бағытқа қарай кетіп қалыппыз. Бізге таныс емес деревнядан бірақ шықтық. Бір мейірімді ата бізді осы жерге әкеп тастады...
  • Тағы да сол тіс! Сен не, бір-екі күн күте алмадың ба?! Еркелетіп алыппын сендерді — бәрі бірдеңе талап етеді. Талап етуді тым жиілетіп алған жоқсыңдар ма? Сендер жүз адамсыңдар, мен — біреумін! — Мавлида апай одан сайын өрши түсті.
  • Сенен сұрап тұрмын, Ілияс, сен не, тісің ауырғаннан өліп кетер ме едің?!
  • Енді... Қатты ауырды ғой... Шыдау өте қиын болды.

Амиля да үндемей тұра алмады. Үлкендердің бізді кінәлап жатқанына, ал өз кінәларын сезінбегеніне жаны күйгендіктен шабуылға көшті:

  • Мавлида Нұрғалиқызы, сіз тіс ауруынан адам өлмейді деп айтасыз. Ал екінші топтағы баланың бүкіл бетін кескілеп тастады. Оны да уақытында ешкім тіс дәрігеріне апарғысы келген жоқ қой...
  • Тоқтат! — деп айқайлады директор. — Қарашы, менімен айтысып тұрғанын, сүмелек! Ұмытпа, сен кім екеніңді. Директормен дауласып қояды ғой бұл!

Райфа апай да сөз қосып қоятын мүмкіндікті қалт жібермеді:

  • Не деп тұрсың сен, бастықсымақ! Ақымақ! Сен тіпті үй жұмысын да өзің жасай алмайсың. Ылғи Ілияс көмектеседі. Сен оған алғысыңды білдірмек болып қалаға апармақ болғансың ғой, ақымақ!
  • Апай адамды олай қорлауға болмайды ғой. Барлығы беспен оқып кете алмайды. Мен анау бала сияқты Ілиястың да тыртық-тыртық болып жүргенін қаламадым...
  • О, қандай жанашыр! Сен енді мен үшін шешім шығаратын болғансың ба, сумұрын! Қане, онда сені балалар үйінің директоры етіп тағайындайық. Барлығын тамақтандыр, киіндір... — Мавлида апай өзін-өзі ұстай алмады.
  • Мавлида Нұрғалиқызы, түрмеде отырған әйелдің қызынан басқа не күтуге болады? Амиляның бізге қандай отбасынан келгенін барлығы жақсы біледі, — деп Райфа апай да директордан қалыспай жанды жерін ауыртып қалғысы келді.
  • Менің анама тиіспеңдер! — қызарып кеткен сыныптасымның көздерінен жас шығып кетті. — Мен бүгін-ақ оған хат жазамын. Бізді қалай қорлайтындарыңызды айтып, бәрін жазамын!
  • Қарашы, Райфа, мына қашқын бізді қорқытқысы келеді. Баяғыдан белгілі — «қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды». Егер сенің анаң дұрыс адам болғанда адам өлтіріп, түрмеде отырмас еді. Сені үйіңнен алып кеткенімізде тіпті нанға да зар болып отырған едіңдер. Бар байлықтарың — бос бөтелкелер. Ұмытпа, сенің бүрге-биттеріңнің қандай болғанын! Киімнің орнына қандай шоқпыттарды киіп жүргеніңді де есіңе ал! Жетеді ме? Әлде тағы есіңе түсірейік пе?
  • Өтірік айтпаңыздар — менде бүрге-биттер болмады...

Мен біздің қашуымыз осыншалықты тереңдеп кетеді деп ойламадым. Директор өзіне шақыртып, ұрсып, жазалайды, сонымен бітеді ғой деп ойлаған едім. Ал бізбен барлығының көзінше сот отырысын жасады. Амиляны осылайша олар жер қылды! Мен, мысалы, оның анасының адам өлтіргені үшін түрмеде отырғанын білген жоқпын. Егер оны балалар үйіне әкелгенде биті болған болса да оны сахнадан жар салудың қандай қажеттігі бар? Амиляны да, өзімді де қатты аяп кеттім. Балалар үйінің барлық жандарының көзінше сағымызды сындырып тастады. Енді болжаудың да қажеті жоқ — жазалайды бізді аямай. Бәрі менің кесірімнен болды.

  • Мен бәрінен кешірім сұраймын, — деп кінәмді мойындауға шешім қабылдадым. — Енді ешқашан да қашпайтын боламын. Бәріне мен ғана кінәлімін. Өтінемін, Амиляны жазаламаңыздаршы.
  • Қарашы мұның серілігін! Екеуі де кінәлі! Мен сені бірінші күн біліп тұрғаным жоқ. Директор болып тағайындалғанға дейін сендер сияқтылардың талайымен жұмыс істегенмін. Сондықтан бұл жерге балалар қалай келетінін тәуір-ақ білемін. Егер сендердің аналарың дұрыс адам болғанда қырық жасында өліп қалмас еді. Спирттік ішімдіктермен дос болған ғой, шамасы. Артынан әкелерің де қайтыс болды. Жақсы адамдар ұзақ жасайды. Оның үстіне соңдарынан қаншама бала қалдырды, мемлекетке масыл етіп...
  • Біздің анамыз ондай болған жоқ! — Бұл айқайдан мен салбырап кеткен басымды тік көтеріп алып қарасам, әпкем Әлия екен. Көзінің жасын сүртіп тұрып ол ата-анамыздың неден қайтыс болғанын айта бастады. Кіші топтағы балалардың арасында отырған Зульфира да жылай бастады. — Егер білгілеріңіз келсе, анамыздың төсбелгісі де болатын. Егер ол тірі болғанда ғой...

Директор Әлияның сөзін аяқтатпай, бөліп жіберді:

  • Же-те-ді! Біз сендердің шешелеріңді мақтау үшін жиналып отырған жоқпыз. Бұрыннан білеміз сендер кімдердің балалары екендеріңді. Балалар! Бір нәрсені есте сақтаңдар: кім қашады немесе тәртіп бұзады — бастарыңнан сипамаймыз. Қайталаймын — естеріңде жақсы сақтап алыңдар. Амиля мен Ілиясқа жаза: бір ай бойы ешқандай серуендеуге шықпайды. Тек мектепке барып-қайтады. Бұл — ең жеңіл жаза.

Кішкене жеңілдеп қалдым. Демек, директор бізді колонияға жібермейтін болды. Былтырғы жылы бір баланы сонда жібергендіктен, бізге де осындай қауіп төнген еді. Мавлида Нұрғалиқызы жалғастырды:

  • Кейінгі кезде тым беттеріңмен кеттіңдер. Кейбіреулеріңді орнына қою керек екен. Бізде бұрын үлкендер кішілердің тәртібіне қараушы еді. Бұл жұмыс босаңсыған екен, — ол біреуді іздегендей көзімен отырған балалар жаққа қарады. Даян осында ма? Қане, көрінші...

Орнынан бойы ұзын, қолдарын қалтасына салған бір жасөспірім тұрды. Беті секпіл-секпіл, ылғи ұйпа-тұйпа болып жүретін Даян менен төрт жас үлкен. Бірақ солай бола тұра бізден бір-ақ сынып жоғары оқиды. Тәрбиешілер де, басқа қызметкерлер де онымен ортақ тіл табысады. Басқаларға шаш өсіруге болмайды, ал оған — болады. Бірдеңе болса болды — Даян. Оның еркеліктеріне директордың өзі де кешіріммен қарйды. Даян үшін киімдерді де бөлек сатып алады. Енді ше, ол балалар үйінде — «атаман». Оның алдында тәрбиешілерді тыңдамайтындар да қаздай тізіліп жүреді. Барлығы үшін ол «Даян ағай».

  • Тыңдап тұрмын сізді, Мавлида Нұрғалиқызы.

Ол өзін қалай маңызды сезінеді! Енді ше, директордың сенімді адамы! Оның киімдері де басқалардан ерекшеленіп тұрады — бізді бірдей киімдермен киіндірсе, оның киімдері тіпті басқаша.

  • Даян, не бұл? — деп сұрады директор, — бізді саусағымен көрсетіп. — Жігітім, тәртіп нашар болып тұр. Қалай ма — қалаға қарай қашады. Тәртіп те, режим де жоқ. Мені көздеріне де ілмейді. Бұлай болмайды. Қане, мына балалармен дұрыстап сөйлес... әйтпесе беттерімен кетті!
  • Түсіндім, — деп Даян басын изеді. Мавлида Нұрғалиқызы сахнадан түсті де, аяқ киімімен тықылдата басып шығар есікке қарай беттеді. Бүгінгі «қойылымды» өзі аяқтады:
  • Жақсы, топтарыңа барыңдар. Сендерге бұлай істеуді құдай жазбасын. Қашқандарға кешірім болмайды, — деп айтты да, күлімсіреп залдан шығып кетті.

Балалар өздерінің бөлмелеріне қарай жүгірді. Кішкентайларға қызық керек — директордың сөздерін қайталап жатыр:

  • Ха-ха, қашқындар!
  • Мынау бастық!
  • Қарашы мынау серіні!

Амиля, Әлия, мен, үшеуіміз де өз топтарымызға кеттік. Үй тапсырмасын аяқтау керек.

Кешкі астан соң біздің топтың балалары қар күреу үшін аулаға шықты. Таза ауада жұмыс істеген жеңіл — аз уақытта-ақ ауланың біраз бөлігін қардан тазалап, барлық қарды бір жерге үлкен етіп үйіп тастады. Істелген жұмысқа риза болып отыра кеттік. осы сәтте Даян көрінді, жанында тағы үш бала бар. Олар бірден бізге қарай бұрылды. Жақындай бере ол маған күле бастады:

  • Ой-ой, біздің қашқын мында екен ғой. Сені көруге келе жатыр едім.
  • Менің есімім бар.
  • Жарайды, тыпырлама. Әйтпесе, тіліңді бірден қысқартып алам, — деп Даян өктем сөйледі.
  • Шындығында онымен дұрыс сөйлесу керек. Бірақ мен оған ешқандай жамандық жасаған жоқпын ғой? Мен оның алдында кінәсіз болғандығымнан ақталғым да келмеді. Ол болса мені үндемей тұрады деп ойлады-ау. Мен өз-өзіме араша түсуге бекіндім.
  • Сен неге еш кінәсіз маған соқтығасың, — деп жақтырмай жауап бердім, — мен не істедім саған?
  • Сен не дедің, боқмұрын?! Мә, өзіңнің сөздерің үшін сазайыңды тарт! — ол кенеттен менің құлағымнан ұрып жіберіп еді, басым айналып қоя берді.
  • Даян ағай, не істеп жатырсың? — менің тобымнан біреу маған жақтасқысы келді. Бірақ бұл сөздер біздің «ағатайды» одан бетер ашуландырды.
  • Сендер бұл жерде неге тұрсыңдар? Тез арада менің көз алдымнан жоғалыңдар! Мүмкін сендерді де бір-екі рет ұру керек пе? — Даянның өктем үнінен қорыққан балалар сол сәтте қашып кетті.
  • Мен, Даян, оның үш серігі ғана қалдық.
  • Қалай, өз кінәңді мойындауға дайынсың ба? — балалар үйінің атаманы жұдырығын түйіп алып тұрып сұрады.

Мен басымды шайқадым.

  • Онда мә саған тағы бір рет! — қатты теуіп жібергеннен мен құлап түстім. Оның жандайшаптары тек қана Даянның бұйрығын ғана күтіп тұр, барлығы маған лап қоюға әзір.
  • Ағай, қане, мына есуасқа үйретейік.
  • Ой, онымен ұзақ тәжікелесіп тұрамыз ба?
  • Жоқ! — деп оларды Даян тоқтатты. — Мен мұны қалай жазалау керек екенін баяғыда-ақ ойлап тауып қойғанмын. Ха-ха, қашқын. Маңқаңды сүртіп ал да кешірім сұра!
  • Мен жауап бермедім. Даян енді бетімнен тепті, мұнымнан қан кете бастады.
  • Сен бұл жерде тәртіпке мен жауап беретінімді жақсы білесің. Ал сен, шайтан алғыр, қашып кетуге батылың барды. Директордың бұл үшін Даянға ұрсатынын ұмытып кеттің бе? Мавлида Нұрғалиқызының залда бәрінің көзінше не деп айтқанын естідің бе? Балалар үйіндегі тәртіп ақсап жатыр деді... Ал ол сен сияқты малдардың кесірінен! Білесің бе, сол үшін сені не күтіп тұрғанын? — айқайлап алған менің «ұстазым» Даян аз ғана сәтке тұрып қалды да, жанына үшеуін шақырды. — Қане, қашқынның бәтіңкесін шешіңдер!
  • Не істеп жатырсыңдар? Шешпеймін мен аяқ киімімді!
  • Біз сенен сұрамаймыз да. Мен ұстап тұрамын, сендер бәтіңкесі мен шұлығын да шешіп алыңдар.
  • Қойыңдар, керегі жоқ! Суық қой! — Даян мені әлеуетті қолдарымен ұстап алды, оның «күшіктері» екі бәтіңкем мен шұлығымды шешіп алды. Қарда жалаң аяқ тұрған мен жүздеген инелердің теріме кіріп жатқанын сездім. — Аяқ киімімді қайтарыңдар, суық!

Бұл оларды одан сайын құтыртып жіберді.

  • Атышулы қашқын енді өзінің қабілетін көрсетсін! — деп айқайлады Даян. — Сен енді балалар үйінің маңын айналып жүгіріп шығуың керек. Біз уақытты есептеп тұрамыз. Егер 3 минутта жүгіріп келмесең, онда тағы бір шеңбер жасап жүгіріп келуің тиіс.
  • Жүгірмеймін, аяқтарым қатып қалды! Бәтіңкелерімді қайтарыңдар!
  • Қане, балалар, соңына түсіп, жүгіртіп отырыңдар, әйтпесе басқа жаққа қашып кетуі мүмкін! Ал мен осы жерде уақытты есептеп тұрамын. Неге тұрсың, жүгір! Қашқаның үшін жауап беруің керек.

Менде таңдау қалмады, тістерімді қатты қысып алып алға қарай жүгірдім. Балалар артыма ілесіп жүгіріп келеді. Кішкене шыдай түс деп өзімді-өзім жұбатып қоям. Қатып жатқан қардың табанымды қарығаны сондай, суық сүйегімнен де өтіп кеткендей күй кештім. Бірақ мен тоқтамауым керек, 3 минутта жүгіріп келуге тиістімін. Алдымда — гараж, оның жанынан қалай өтсем екен? Гараждың алдында жүргізушілер ылғи көліктерін жуады, аққан су бірден мұзға айналады. Мұзбенен қалай жүгірсем екен?! 1 секундқа ойланып қалдым. Артымыздағылар: «Ұмытпа, 3 минут», — деп айқайлады. Не болса, ол болсын, алдыға қарай ұмтылдым. Сіз мұздың үстінде жалаң аяқ жүріп көргенсіз бе? Сол бір қиын минуттарды еске алудың өзі қорқынышты. Үшкір шегелердің үстімен жүгіргендеймін. Аяғым мұзға жабыса береді, мен болсам жүгіруім керек. Кішкене тұрып қалсаң болды, екінші аяғың да жерге жабысып қалады. Қиындықпен аяғымды жұлып аламын, ары қарай әр аяғымның ізінен қан қалып жатыр...

Даянға дейін аз қалды. Гараж артта қалғалы қашан. Бірақ күшім таусыла бастады. Аяқтарымды сезбей де қалдым, мен қар мен мұзда емес, үлпілдеген жүннің үстінде жүгіріп бара жатқандаймын. Басым ысып, көзімнің алды тұмандана бастады. Мен қардың үстіне жұмсақ қана құлап түстім, ешқандай ауырлықты сезбей де қалдым...

  • Бір жерің ауырып қалмады ма, балам?
  • Анашым! Сені қатты сағындым ғой! Неге сен бізді тастап кеттің? Сенсіз сондай қиын бізге...
  • Өзіңе-өзің кел, ұлым. Сендердің жандарыңда бола алмағаным маған да қиын. Маған бүгін ауыр күн болды. Тірі болғанымда ешкімнің ренжітуіне жол бермес едім. Қайтсем екен, құдайым-ау?! Аяқтарың қатты ауырып тұр ма, ұлым?
  • Жоқ, анашым, ауырмайды. Маған қардың үстінде емес, жып-жылы жүннің үстімен жүгірген сияқтымын.
  • Ол жүн емес, балам, менің алақаным болатын... Мен жаныңда жүгіріп келе жатып табаныңның астына алақандарымды қойып отырдым. Сен қатты қиналмасын деп солай істедім...
  • Рахмет, анашым! Мен сені қатты жақсы көремін. Бізді бұл жақтан алып кетші, өтінемін...
  • Қолымнан келмейді, құлыншағым! Бірақ мен ылғи сендердің жандарыңдамын. Қолымнан келгенше сендерді ары қарай қорғауға тырысамын. Сендерден сұрайтыным, мен сендер үшін ұялып, қызармайтындай, ешқандай жаман іс істемей жүріңдерші. Қош бол, ұлым! Ұмытпа — мен ылғи қасыңдамын...

Сөйтсем, анам менің түсіме кірген екен. Медпунктің төсегінде ояндым. Жанымда медбике Сайда апай, бірнеше тәрбиеші, тіпті директор тұр екен.

  • О-о-о, сен бізді қорқыттың ғой, Ілияс! — Мавлида Нұрғалиқызы күлімдей бастады. — Жолдасымен мұнша аяусыз іс істеуге Даянға кім рұқсат берді екен! Көресің, мен оны міндетті түрде жазалайтын боламын. Аяқтарың қатты ауырып жатыр ма?

Көзімнен ірі-ірі жас тамшылары ағып кетті, бірақ директордың сұрағына жауап бергім келмеді.

  • Ештеңе етпейді, — деді медбике. — Егер далада енді біраз қалғанда тіпті қиын болар еді. Аяқтарыңды спиртпен сүртіп, қыздыратын жақпа жағып қойдық...

Жауап директорды кішкене тыныштандырды, бірақ болған іске өзінің қатысы болғанын да сезді. Сондықтан оны қамқорсыған кейіп танытып жуып-шайғысы келді:

  • Ілияс, саған жаңа бәтіңкелер сатып алуға қалай қарайсың? Жақын күндерде Уфаға бару жоспарымда бар — сені астанаға қыдыруға ала кетуге болады...

Мавлида апай менің басымнан сипағысы келіп қолын созды. Оның жасанды мінезі менің жанымды жылыта алмады. Мұны көрсе анам не дейді? Мен оның маған жақындағанын қаламайтынымды білдіріп аунап түстім. Маған одан жаңа киім де, астана да керек емес.

Бұл сәтте жанымнан ешкімді көргім келмеді. Жаным қатты ауырды, бұл ауыру тіс ауруы мен жараланған табаннан мың есе күшті болды. Оны шіріген тіс сияқты жұлып алып тастай алмайсың. Жаным ауырып жатыр, жаным жылап жатыр! Одан ауыр не нәрсе бар дейсің?!

Балық пен кәмпиттің дәмі

Көктемнің жаймашуақ күні. Сыныптасым Фарит екеуіміз мектептен қайтып келеміз. Ол кенеттен балалар үйінің жанында тұратын жасы егде әйелдің қақпасының алдына тоқтай қалды.

  • О-о-о, қандай иіс десеңші! Апа балық қуырып жатыр, — досым терезеге қарай бұрылып иіскей бастады. — Эх, шіркін, маған дәл қазір бір табасын берсе, бірден түк қалдырмас едім!

Шынында да иіс керемет аңқып тұр. Балық жемегелі көп болған, сондықтан мен де мұндай тамаққа кет әрі емеспін.

  • Білесің бе, фарит, менің анам балықты сондай дәмді етіп қуыратын. Ұнға аударып алады да... М-м–м, сондай дәмді болатын! — Тәтті иіс анамның ыстық құшағын тағы бір еске салып өтті. — Эх, ата-аналарымыз тірі болғанда ғой — тек балықтың иісін иіскеу үшін басқа біреудің терезесін торуылдап жүрмейтін едік қой! Күнде қуырып жер едік.
  • Айтпа. Балалар үйінде бізге балықты жиі бермейді, — деп Фарит мұңайып бір ішін тартып қойды.

Осы уақытта терезеден апаның өзі қарап қалды.

  • Тағы да мына балалар үйінің балалары! Сол баяғы тіміскіленіп жүреді — бірдеңе ұрлап кеткілері келіп! Кетіңдер, менің қақпамның алдында тұрмаңдар! — деп айқайлады да ашық тұрған терезесін жауып алды.

Біз ары қарай кеттік. Фарит те, мен де апаға жауап бермедік. Үлкен кісіге не айтасың?.. Ақкөңіл фарит ұрсысқанды, ренжіскенді ұнатпайды. Ол балалар үйіне жақында тап болды. Анасы қайтыс болды, әкесі бұл жерге өзі алып келді. Біз бір бөлмеде тұрамыз, бірге оқимыз.

Аз уақытта Фарит өзінің бар талантын танытып үлгерді. Ол суретті жақсы салады, суретші болып туған ба дерсің. Оның үстіне өлең жазады. Мені таң қалдыратыны — қарапайым нәрселерден керемет таба білетіні. Мысалы, көктемгі аққан суларды көреді де: «Бұлар да көктемге қуана алмайды», — дейді. Немесе бетін күнге бұрып, маған: «Күн бізді жақсы көреді, сондықтан біз оған рахмет айтуымыз керек. Ілияс, көз алдыңа елестетіп көрші, егер ол бір тәулікке жоқ болып кетсе біздің жайымыз не болмақ?» ол сондай қызық жан. Міне, ол қазір де бір жақсы ұсыныс айтты:

  • Білесің бе, Ілияс, мен саған бірнәрсе айтайын дегем. Бірақ оны ешкімге айтпа. Қазір түскі ас ішіп алған соң өзенге балық аулаға барамыз! Келісесің бе?
  • Мен ғой келісем, бірақ біздің қармағымыз жоқ қой...
  • Ол да мәселе болп па! Ауылдың балаларының біреуінен сұрай тұрамыз.
  • Ал, жарайды.

Біз қуана бір-біріміздің алақандарымызды қыстық та, балалар үйіне кеттік. Түскі астан соң қалталарымызға дастарханнан қалған нанның қалдықтарынан толтырып салып алдық. Бұл күні Хакима апайдың кезекшілігі болатын. Ол мейірімді тәрбиеші ешқашан айқайлаған емес, бостан-бос ұрыспайтын. Біз оның мейірімді кейпін пайдаландық.

Өзенге жақын барып, сол төңіректе тұратын бір баланың қармағын сұрап алдық. Одан соң ағаштардың астынан жауынқұрттарын тауып алдық. Содан кейін Белая өзенінің баяу бір ағысына барып отырдық. Өзен толып ағып жатты, маған екі жағаны жалғап тұрған ағаш көпірді ағызып алып кететіндей болып кетті. Қызық, мына күшті ағын соншама қайда асығып бара жатыр? Егер ағысқа ұзақ қарап отырсаң басың айнала бастайды.

  • Ілияс, сен қармақты тастардан бұрын жауынқұртқа бір түкіріп, арманыңды айтқан жоқсың ба?
  • Ол не үшін?
  • Салты бар сондай. Олай істемесең, балық сенің жауынқұртыңнан айналып өтіп кетеді. Байқаймын, сенің қармағыңа әлі бір де балық түспеді. Шығар қармағыңды.

Фарит күршекке жаңадан жауынқұртын салып, тез-тез сыбырлап бірдеңелерді айтты. Одан кейін қармақты суға лақтырды.

  • Сенен сұрауға бола ма? — деп оны өзіме шақырдым.
  • Әрине.
  • Сен әкеңмен бірге балық аулауға барғансың ба?

Фариттің бет-бейнесі бірден өзгеріп кетіп, ұзақ үнсіз тұрып қалды. Одан соң өзінің қайғылы оқиғасын айта бастады:

  • Қайдағы?! Әкем менімен ойнамайтын да. Ұзақ күнге достарымен жоқ болып кететін. Кешке мас болып келіп ұрыс-керіңс бастайтын. Қыстың суық күндерінде де бізді үйден қуып шығушы еді. Бірде күндегі әдетінше кеш келіп, тамақ сұрады. «Мен ештеңе пісіре алмадым, отын жоқ», — деді анам. Әкеме жын кіріп кеткендей. Ол есіктің алдына жүгіріп шығып шөрке алып кірді. «Отын жоқ па? Міне саған отын!» — деп айқайлап анамды ұра жөнелді. Біз оны арашалауға тырыстық, бірақ әкемнің ұрғанынан жан-жаққа ұшып түстік. Суыққа қарамастан жеңіл киінген анамды үйден қуып жіберді. Бізге: «Мен сендерге жақсы ана алып келем», — деді. Таңға жақын ғана ұйықтады. Біз есікті аштық, қалтыраған анамыз шөптің үстінде отыр екен. Содан кейін аяулы анамыз жиі ауыратын болды. Түні бойы жөтелетін, ауа жетпейтін. Бірнеше айдан кейін анамыздан айырылып қалдық, — осы кезде Фарит бетін қолдарымен жауып қатты жылады. Маған досымның көз жасын көру ауыр болды.
  • Қоя ғой, Фарит, мен сені түсінемін. Әйтпесе бар балықты үркітіп аламыз, — деп әзілдедім. — Сенің қарындасың қайда? Екеуің бір туғансыңдар емессіңдер ме?

Көз жасын тия алмаған Фарит әңгімесін ары қарай жалғастырды:

  • Иә, ол менің туған қарындасым. Мен бірақ оның қайда екенін де білмеймін. Назгүлді әкем сығандарға сатып жіберді. Ол мас болған кезінің бірінде өзі айтқан солай деп.
  • Кетші ары! Ол ойыншық емес қой! — мен таңданысымды жасыра алмадым.
  • Сығандар деревняда әдеттегіше бірдеңелер сатып жүрді. Әкем қарындасым екеуі аулада болатын. «Қандай әдемі қыз! Бізге сатшы», — депті сығандар. Ол ақымақ Назгүлді сатып жіберген екен, — Фарит тағы да көз жасына ерік берді.

Осы сәтте қармақтың жібі тартылғандай болды. Үлкен балық түскендей.

  • Фарит, балық түсті қармаққа, тарт! Тезірек тарт! — деп шыдамсыздана орнымнан атып тұрдым. Менің досым да жылауын тоқтата қойды. Қармақты тартып еді — үлкен балықты алып шықты!
  • О-о-о, иә!
  • Ілияс, қара, қандай шортанды ұстағанымызды!

Мұңлы естеліктер аяқталып, оның орнына қуаныш келді. Енді ше! Ұсақ-түйек емес, үлкен балық ұстадық — екеуіміз де сылқия тоятын болдық! Шортан болса тулап жатыр, берілгісі келмейді...

Біз балықпен алысып жүргенде көпірге үлкен қара жеңіл көлік тоқтады. Одан әдемі қара костюм киген бір ер адам түсті. Галстук таққан, бәлкім бір үлкен бастық болар. Ағып жатқан өзеннің үстіндегі сықырлаған көпірге бір қарап алды да, бізге қарай жақындады:

  • Сәлем, балалар!
  • Сәлеметсіз бе, — деп бірдей жауап қайтардық.
  • Сендер мектепте оқисыңдар ма?
  • Иә.
  • Мұғалімдерің сендерге судың арнасынан көтеріліп ағып жатқан кезінде өзенге жақындамау керегін ескерткен жоқ па?
  • Ескертті, — дедім мен, — бірақ балықты қатты жегіміз келді.
  • Ата-аналарың балық сатып әпере алмайды ма? — деп қара костюмдегі аға сұрақтарын ары қарай жалғастырды.
  • Балалар үйіненбіз, — дедіФарит. — Қараңыз, біз қандай балық ұстадық! Сізге де жетеді...
  • Балалар үйіненбіз деңдер. Қане, көлікке отырыңдар, мен сендерді үйлеріңе дейін жеткізіп тастайын. Бұл кезде өзен жақта жүру қауіпті.

Жас жүргізуші бізге көліктің артқы есіктерін ашып берді. Бәріміз отырған соң көлік орнынан жеңіл қозғалды. Костюм киген аға бізге бір-бірден кәмпит ұсынды да, біздің аттарымызды сұрады. Қайта-қайта қойын дәптеріне бірдеңелерді түртіп жазып отырды. Балалар үйіне дейін тез-ақ келіп қалдық. Қоштасып тұрып ол кісі түсін суыта бізге қарап саусағын шошайтты да:

  • Енді жалғыз өздерің өзенге бармаңдар. Директорларыңа сәлем айтыңдар, — деді.
  • Кәмпитіңіз үшін рахмет, ағатай!
  • Ал жақсы, сау болыңдар, балықшылар, — деді де кетіп қалды. Фарит екеуіміз соңынан қолымызды ұзақ бұлғап тұрдық.

Балық өте дәмді болып шықты. Асханадан май сұрап алдық та өз тобымыздың ас үйінде қуырып алдық. Бәрімізге аз-аздан жетті, тіпті Хакима апайға да бердік. Ұйықтардың алдында бәріміз баяғыда ұмытылған қуырылған балықтың дәмі жайлы әсерлерімізді қуана бөлістік.

Мені бір сұрақ мазалай берді: қара көлікте болған кісі қандай бастық болды екен?

Үшінші сабақ болып жатқанда мектептің завучы кірді. Көзілдірігін түзеп алды да, қатарларға бір көз жүгіртіп алып, мұғалімге қарай бұрылды да, сөйлеп кетті:

  • Кешіріңіз, маған Ілияс пен Фарит керек еді. Оларды тез арада балалар үйінің директоры шақырып жатыр. — Сол сәтте-ақ зәрем зәр түбіне кетті — біз не бүлдірдік екен?
  • Тезірек, балалар! Директор сендерді шыдамсыздана күтіп отыр, — деп завуч бізді асықтырды, мұғалімге қарады да, — мен директордан сабақтың аяқталуын күтуін сұраған едім. Бірақ ол кісі көнбеді, бірден жіберуімді сұрады, — деді.

Бір жағынан жақсы, сабақтан ерте кеттік, екінші жағынан бізді балалар үйінде күтіп тұрған беймәлім жайт алаңдатуда. Мүмкін біз жайлы біреу арызданды ма екен? Бірақ ешқандай жамандық жасамаған едік қой. Мектепте сабақтарымыз жақсы. Болатын нәрседен айналып өте алмайсың, үйге қарай тартып отырдық.

Балалар үйінің кіре берісіне таяғанымыз сол еді, күзетші біздің бірден директордың бөлмесіне кіруімізді бұйырды. Мавлида Нұрғалиқызының есігінің алдына келгенде үнемі менің аяғым дірілдейді. Сөйте тұра, тәжірибелі адамдай бірінші болып есікті қақтым да, аштым:

  • Сәлеметсіз бе? Кіруге болады ма?
  • А, келдіңдер ме, қойлар! Кіріңдер, тойымсыз көздер! — директордың түрі де, сөйлеу мәнері де ешқандай жақсылықтан хабар беріп тұрған жоқ. Есік ашылғаннан-ақ ашулы көзбен бізге атылардай болып отыр. — Міне, ұжым болып жиналып сендерді күтіп отырмыз. Бізге басқа айналысар нәрсе жоқ қой, рас па?
  • Иә, біз асыр салып ойнап, дәмді тамақ жеп, тәтті ұйықтағаннан басқаны білмейміз, — деп бір тәрбиеші зілмен күлді. — Сендер, балалар, жұмыс істейсіңдер, ал біз ойнаймыз. Солай ма, Ілияс, Фарит?

Не болды? Бәрі бізді жеп қоюға әзір. Басқа топтардың тәрбиешілері де отыр. Ох, бүкіл ұжымның директордың бөлмесінде жиналып отырғаны бекер емес.

  • Қане, кеше сендер қайда болдыңдар? — деп Мавлида Нұрғалиқызы тесіле қарады.
  • Балық аулауға бардық, — деп жауап бердім мен.
  • Ох-ох! Боқмұрын, сен іріленіп, батыр боп кеткен екенсің! Су тасып жатқанда рұқсатсыз өзенге кетіп, онымен қоймай мақтанып тұрғандарын қара, — деп директор ашуланды. — Сендер не, аш болдыңдар ма?
  • Балық жегіміз келді, — деп Фарит те үн қосты.

Бұл сөз ұжымды сілкіп жібергендей болды да, тәрбиешілер араның ұясындай гуілдеп кетті:

  • Бұларға үнемі бірдеңе жетпей жүреді!
  • Айтпа, бұлардың жеп жүргендері балаларымыздың өңі түгіл түсіне кірмейді!
  • Бөлтірікті қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды деп бекер айтпайды ғой.
  • Міне-міне. Алқаштардың балаларын адам қыламыз деп өмірімізді сарп еттік.

Директор тізгінді қайтадан өз қолына алды:

  • Сендер онда кімді көрдіңдер?
  • Қара костюм киген ер адамды. Ол бізді өзінің көлігімен әкеп тастады.
  • Бізге кәмпит берді, — деп Фарит қостап қойды.
  • Білесіңдер ме, сендер кімсіңдер? Сендер тоғышарсыңдар! Үш адамның тамағын жесеңдер де бәрібір ашсыңдар. Сендер жарылып кетіңдер! Білесіңдер ме ол адамның кім екенін?! — деп Мавлида апай сілекейін шашты.

Біз басымызды шайқадық.

  • Өтірік айтпаңдар! Сендер бәрін білесіңдер. Менің атыма кір келтіру үшін әдейі істедіңдер. Өздерің барып, директор анандай-мынандай деп мұңдарыңды шаққан шығарсыңдар. — Мавлида Нұрғалиқызы маған қарады да баж ете қалды, — талтақ, кел, жақында маған. Мына кітаптағы суретке қара! Астында не деп жазылып тұр? Дауыстап оқы!

Суретте кешегі аға тұр еді! Иә, иә. Қателесуім мүмкін емес, тіпті галстугы да кешегі. Оның суретін кітапқа қоятындай ол кім болды екен? Жазуға жақындап қарап, дауысымды қаттырақ шығардым:

  • Аудан әкімшілігінің басшысы... — Маған кенет қатты ыстық болып кетті. Фарит те таңданысын жасыра алмады. Демек бізге кәмпит берген қара костюмдегі аға аудандағы ең үлкен адам екен ғой! Біз қайдан білейік...

Директор үстелінің суырмасынан газет алып шықты да бәрінің көзінше сілкіп қойды:

  • Міне, бізді қалай танымал қылды бұлар! Қараңдар! Аудандық газетте балалар үйінде балаларды дұрыс қадағаламайды, өзенде су көтеріліп ағып жатқанда да маңында ойнап жүре береді деп жазған. Таңертең бастықтың өзі хабарласты. Ілияс пен Фарит деген балаларың пысық екен, анау-мынау емес, Белая өзенінен шортан ұстап алыпты. Мен өз құлағыма өзім сенбедім, ойнап тұрған шығар деп ойладым, — Мавлида апай газетті үстел үстіне лақтырды. — Ұрысты, мен не істеймін енді, барлық су қоймаларын аралап, тәртіпке қатты мән беруімді тапсырды. Білім бөліміне қоңырау шалып, маған сөгіс беруімді тапсыратынын айтты. Не деген жақсылықты білмейтін балалар! Ұят-ай! Екі сұмырайдың кесірінен бүкіл ауданға атышулы болдық! Бұл ақпаратты радиодан да айтқан екен. Басымнан теуіп жібергендей болдыңдар!

Ех, егер балық аулауымыз мынандай келеңсіз оқиғамен аяқталатынын білгенімізде ғой, шіркін! Анау ағаның біздің директорға сонша ұрсатынын біз қайдан білейік? Ол бізге мейірімді болып көрінді, бізбен әңгімелескенде күлімсіреп отырды.

  • Қане, жолдастар, бұларды не істейік? — деп директор сұрақты төтесінен қойды.
  • Арнайы колонияға жіберу керек. Сол жақта олардың орындары!
  • Бір ай бойы балалар үйінің едендерін жусын!
  • Бұларға жаңа киім-кешек бермей қою керек, ескілерімен жүрсін!
  • Иә-иә, тіпті семіріп кетті. Патшаның отбасында өскендей!
  • Көкөністер мен жеміс-жидектерді бермей қою керек!
  • Шын сөз, тойынған ит қожайынына секіреді деген осы.
  • Даянға айту керек. Бұларды біраз сілкіп алсын...

Тағы да көп ұсыныстар айтылды. Бізге қуырылған шортанның терісі сияқты қызарып, осы сөздерді тыңдап тұру ғана қалды.

  • Дұрыс, жолдастар. Осы жазалардың бәрін қолдансақ та бұларға аздық етер, — деп Мавлида Нұрғалиқызы үстелден түрегеліп, қорытындылады.
  • Жақында жазғы киімдер таратамыз, ал мына сұмырайлар ескі киімдерімен жүретін болады. Олар бізді ұятқа қалдырады да, ал біз бұларды аяуымыз керек пе?! Қарындары тойғанша тамақ ішеді, ұйқылары қанғанша ұйықтайды — есесіне осылай бізді қаралайды! Мемлекет бұларға қаншама қаржыларын кетіріп жатыр, ешқандай пайда жоқ! Даяннан да сұрақ сұрау керек деген ұсынысты да қолдаймын. Біраз жөнге келтіріп алсын, әйтпесе тіпті құтырып кетті бұлар. Ал енді мектептеріңе жөнеліңдер!

Ол бізді дұшпандық көзқараспен ұзатып жіберіп, артымыздан:

  • Жазда менен жаңа футболкалар мен шұлықтарды сұраушы болмаңдар! — деп айқайлады.

Бөлмеміздің есігі қатты теуіп жібергеннен серпіле ашылды. Табалдырықта Даян тұрды. Біз Фарит екеуіміз кітап оқып отырған едік.

  • Ей, ботаниктер, мен келгенде кітаптарыңды қоя қоюларың керек! — деп бізді қорқыту үшін жұдырығымен есікті бір ұрды. Оның жасының бізден үлкен болуы — үлкен басымдық. Қолдары ұзын, жұдырығы жуан, одан тіпті ауылдың балалары да қорқады. Еш кінәсіз-ақ Даяннан таяқ жеп қалуымыз мүмкін. Сен ешқандай кінәсіз болсаң да оны ешкім тоқтатпайды, кінәламайды. Оның біздің бөлмемізге келуі ешқандай жақсылықтың белгісі емес.

Кешегі директордың алдында болған әңгімеміз есіме түсті, ол жерде бізді Даянның «қамқорлығына» беру туралы ұсыныс та айтылған еді.

  • Менің рұқсатымсыз балыққа неге бардыңдар? — деп Даян маған жақындап келді.
  • Сен не, біздің топтың тәрбиешісісің бе? — дедім мен де.
  • Тыныш! Тойымсыз тоғышарлар! Барлық қиындықтарды сендерден тартып жатырмыз. Білесіңдер ме, сендер үшін мен таяқ жедім! Директордан жаман сөз есту маған жақсы деймісіңдер. Жетер енді, еркелетіп жіберіппін сендерді! Өмір бойы балық көрмегендейсіңдер. Мен бұны жәйдан-жәй қалдырмаймын.
  • Не болды соншама? Сол бір балық ұстаудан әлем бүлініп кетпеген шығар? — деп Фарит «атаманның» алдында ақталуға тырысты.
  • Сен дауласайын дедің бе? Мә саған! — Фариттің құлақ-шекесіне ауыр соққы тиді. Одан кейін Даян маған да бұрылды, — Саған да керек пе? Мә саған!

Мен оның жұдырығынан жалтарып үлгердім.

  • Сендердей боқмұрындарға қолымды да былғағым келмейді. Менің түсінуім бойынша сендер бір-біріңе адал достарсыңдар. Аштан өліп қалмау үшін балық аулауға да бірге бардыңдар. Балалар үйін бүкіл ауданға танымал еттіңдер. Директор сендердің жазаларыңды беруді маған тапсырды. Мен басқаша жасайтын болып шештім. Бүгін кешкі сегізде сендерді спортзалда күтемін. Ол жерге барлық балаларды шақырдым. Сендер бір-біріңмен төбелесулерің керек. Солай өздеріңнің достықтарыңды дәлелдейсіңдер. Кім жеңіліп қалады, сол менің бүкіл жұмысымды істейтін малайым болады. Менің киімдерімді жуатын болады, анда-мында барып менің тапсырмаларымды орындайтын болады. Түсінікті ме?!
  • Мен төбелеспеймін, — дедім мен. Неге біз Даян айтты деп бір-бірімізді төмпештеуіміз керек?
  • Біз төбелеспейміз, — деп Фарит мені қостады.
  • Тыңдамай көріңдер мені. Онда бүкіл балалар үйі болып ұрамыз сендерді. Екеуің де менің малайым боласыңдар.
  • Ұра беріңдер, бірақ мен сенің құлың болмаймыз, — деп тағы қосып қойдым. Даян не істерін білмей аңтарылып тұрып қалды:
  • Сендер қандай қырсық едіңдер десеңші! Бұған дейін менімен ешкім сөз таластырып көрмеген, — деп басын сипап, ойланып тұрды да, — жақсы, тағы бір шығар жол бар. Сендер білетін шығарсыңдар, мен кәмпиттерді жақсы көрем. Егер төбелеспеймін десеңдер маған кәмпит әкеліңдер. Қайдан алу керек екенін айтайын ба? Ауылдың ортасында жәрмеңке бар. Сол жерге барыңдар да бір килограмм кәмпит ұрлап әкеліңдер екеуің. Сонда мен сендерге тиіспеймін. Басқа тапсырмалар да болмайды сонда. Келісесіңдер ме?

Біз ештеңе деп жауап бермедік.

  • Жақсы, ойланыңдар. Мен сендердің таңдауларыңа қалдырдым: не екуіңді де аямай ұрып-соғып, сендердің үстеріңе аяғымды сүртемін, не болмаса кәмпит алып келесіңдер де кешірім аласыңдар. Кешке дейін уақыт берем, — деп Даян шығып бара жатып есікті қатты күшпен серпе жапты.

Бөлмеде тыныштық орнады. Көп үнсіздіктен кейін Фарит сөйледі:

  • Ал, не істейміз, Ілияс?
  • Білмеймін.
  • Ұрлаған жақсы емес.
  • Әрине. Көктен анам көретін болса, баласының сондай күйге төмендегеніне ұялатын болады. Фарит, төбелескім де келмейді. Достар бір-бірін ұрмаулары керек.
  • Мына Даян дегенің әбден құтырып алды. Оның өзін бір күндері біреулер жәукемдеп кетсе, шіркін. Ілияс, мүмкін базарға барсақ барып көрейік пе?
  • Ұрлауға ма?
  • Жоқ, барайық, көреміз. Мүмкін бірдеңе ойлап табармыз.

Тәрбиешіден сыныптасымыздың үйіне барамыз деп сұрандық та базарға қарай аяңдадық. Сөредегі кәмпиттерді көзімізбен жеп ары-бері бірнеше рет өттік.

Сатушылар сұрап жатыр:

  • Балалар, сендерге не керек?
  • Кәмпит керек, бірақ біздің ақшамыз жоқ.
  • Тегін тек қана шөп өседі, — деп олар бізді қағытып күліп мәз болысады.
  • Фарит, көресің, өскенде сатушы боламын. Кәмпитті тойғанша жеймін. Саған да беремін...

Досым сол сәтте-ақ мен туралы әзіл өлең құрастырып жіберді де, қиындықтарымызды ұмытып, күліп жетісіп қалдық. Сол кезде сатушылардың бірі бізді өзіне шақырып алды да ұсыныс тастады:

  • Бағанадан сендерге қарап тұрмын, бірдеңе күтіп жүрсіңдер. Менің жанымнан бірнеше рет өттіңдер. Менде сендерге жұмыс бар. Анау бос қораптарды жинаңдар, — ол бос картон жәшіктерді көрсетті, — ескі клубтың артына апарып, өртеп жіберіңдер. Мен сендерге ақша төлеймін.
  • О-о-о, біз тез-ақ бітіреміз, — деп Фарит күлімсіреді, —Тәте, біз тез аяқтаймыз!

Клубтың артында ескі қағаздар мен жәшіктерді өртейтін арнайы орын бар. Біз ол жерге төрт бос жәшік апардық та, өртеп жібердік. Сатушы бізге әрқайсымызға үш рубльден берді. Демек, өмір сүруге болады! Біз тіпті қуанып кеттік. Келесі сатушыға жақындадық:

  • Тәте, сізге көмек керек емес пе? — Тағы бірнеше жәшікті апарып өртедік. Біз жұмыстың ретін біліп алдық. Қалталарымыздағы тиындардың сылдыры бізге күш бере түсті. Үшінші, төртінші, бесінші сатушыға көмектестік. Кеш батқанша базарда жүгіріп жүріп жұмыс атқардық. Отқа күйген шаштарымызбен, кірпіктерімізбен, түтінге қақталған киімдерімізбен, бірақ шексіз бақытты болған біз бар ақшамызға кәмпит сатып алдық. Едәуір салмақты кәмпит келді. Тамаша болды! Жұмыс істеп жүріп байқамаппыз, кешкі тамақтың уақытын өткізіп алыппыз, демек ертең таңертең ғана тамақтана аламыз. Ол бірақ маңызды емес. Біз өз күшімізбен бірінші рет ақша таптық. Оған кәмпит сатып алдық. Иә, Даян талап еткендей ұрлап алған жоқпыз, сатып алдық.
  • Көңілді, өз-өзімізге риза кейіппен екі қабатты үйге қарай жүрдік. Кейде кішкене лақтардай секіріп-секіріп қоямыз. Көптен бері кәмпит жемегенбіз, сондықтан бір-бірден дәм татып көруді шештік. Шіркін, қандай тәтті десеңші! Бұрын мұндай тәттілерді көрмегенбіз де. Қалған кәмпиттерді Даянға бердік. Кәмпиттерді көрген «атаман» күліп, мәз болып кетті. Ешқандай жұмыссыз бос жатқан ол төсегінен қарғып түсті де, ауызына бірнеше кәмпитті бірден тығып жіберді де, тамсанып тұрып бізді мақтады:
  • Жарайсыңдар! Демек сендер де ұрлауды үйрендіңдер!

Фарит екеуіміз мектептен қайтып келеміз. Балалар үйінің жанындағы үйден бізге таныс керемет иіс шығып жатыр. Апа балық қуырып жатқан болар.

Көз алдымнан соңғы күндердегі барлық істерім жүгіріп өтті де, мен өзімді тордағы балықтай сезіндім. Тамағыма тас тұрып қалғандай болды.

  • Тезірек жүрейік, — дедім досыма, біз тез-тез жүріп балалар үйіне қарай өтіп кеттік.

Қуаныштан айырды

Бірінші сабақтан бастап-ақ Амиля жанын қоярға жер таппады. Онда бір-ақ ой — мектептен ертерек қайту. Оған себеп бар.

  • Ілияс, бүгін жаңа киімдер таратады, — деп күлімдеп хабарлады, — Түске қарай беруді бастайды, сондықтан басқалардан бұрын баруымыз керек.
  • Қайдан білдің?
  • Қыздардан. Күшті кроссовкалар мен костюмдер әкеліпті дейді, — көздері от ұшқындап сөзін жалғады.
  • Жақсы! Мен де дұрыстау киімдерден алып қалсам ғой...
  • Мен не айтып отырмын саған? Есіңде болсын,ауызыңды ашып аңқиып жүрсең ештеңесіз қаласың. Тәрбиешімен бірге қоймаға бірге барамыз да кезекке бірінші болып тұрамыз. Сол кезде дұрыстау бір киімдер алып қалуға мүмкіндік бар.
  • А, солай ма? Бірақ мұғалім бізді жібермеуі де мүмкін...
  • Жібереді. Қалай болса да бірінші болып үлгеріп баруымыз керек. Әйтпесе жақсырақ киімдерді талап әкетеді де бізге бәрінен қалған керексіз киімдер бұйырады. Есіңде ме, өткен жолы кроссовкилер берген кезде маған үлкен размердегі екі аяқ киім берген. Маған шақ келетін басқасы болмағандықтан алуға тура келді. Одан кейін менің түр-сықпытыма бәрі күлген еді. Тіпті бірде денешынықтыру сабағында аяқкиімдерім аяғымнан ұшып кеткен болатын. Жоқ, жетер! Бүгін маған дәл болатын, ұнаған киімдерді ғана таңдап алам.

Міне, қоңырау да соғылды. Биология сабағы басталды. Мен бір бөлмеде жататын досым Фаритпен бір партада отырмын. Сыныбымызда балалар үйінің балаларынан үшеуміз: мен, Амиля, Фарит. Мұғалім жаңа тақырыпты түсіндіріп жатыр, сондықтан мен ұқыптылықпен дәптеріме түртіп жазып алып жатырмын.

Амиля болса байыз табар емес, қайта-қайта жыбырлап бір орында отыра алмай отыр. Міне, маған бір қағаз лақтырды, мен оған сұраулы жүзбен қарадым. «Қане, сұранып кетейік», — деп ымдайды. Мен басымды шайқадым да жазуымды жалғастыра бердім.

  • Апай, бізге үйімізге баруға рұқсат етесіз бе? — деп Амиля батылдық танытты. — Балалар үйіне медициналық комиссия келуі керек, тәрбиешіміз бізге төртінші сабақтан сұранып келіңдер деп еді.
  • Жоқ! Сабақ кезіндегі қайдағы медициналық тексеріс!
  • Онда мен жазбаймын да, оқымаймын да.
  • Жетер, Амиля, сен енді кішкене бала емессің. Мына ұлдарға қарашы. Бірге тұрасыңдар, ал мінездерің болса әртүрлі. Сен Ілис пен Фариттен үлгі алуыңа болады. Сабақ кезінде өздерін жақсы ұстайды, тапсырмаларды уақытында орындайды, мұғалімдермен ұрысып-керіспейді. Ал сен қыз болсаң да өзіңді дұрыс ұстамайсың. Қане, өзіңді қолға ал.
  • Ой-ой-ой! — деп Амиля ернін шүршитіп күлді, — Олар жақсы болып көрінгілері келеді, ал өздері... Фарит, мысалы, ұйқышыл. Ал Ілияс — еріншек, өзінің киімдерін де жуа алмайды, оған ылғи әпкесі жуып береді.
  • Өзің ұйқышылсың! — деп Фарит та тұрып қалмады.
  • Амиляға біреулерге күліп, мазақтауды берсең болды, — деп сыныптың бір қызы сөйлеп қалды.

Амиля сол сәтте-ақ орнынан атып тұрды:

  • Сен не дедің? Неменеге күйіп-пісіп отырсың? Көптен бері таяқ жемедің бе? Басқаларға тиіскенше одан да өзіңнің үлкен мұрныңа қарап алмайсың ба!
  • Мен екімен оқитындармен сөйлеспеймін, — деп ол қыз теріс қарады.
  • Ах, сені ме! Қазір сазайыңды тартасың! — Амиля ашулы күйде сыныптасымызға жүгіріп барып, бұрымынан ұстай алды.
  • Ай, ауырды! Жібер!
  • Білетін боласың кіммен байланысқаныңды!

Парта құлап, орындықтар жан-жаққа ұшты. Оларды қартаңдау ұстаз қанша қойғызамын десе де қолынан келмеді. Қыздар бір-бірінің шаштарынан ұстап алып жіберер емес. Қалғандары көмекке баруға дәттері жетпеді. Амиляның төбелесқұар мінезі бәріне белгілі.

Қыздарды арашалауға Фарит екеуіміз келдік. Дау бізге бола басталған еді ғой.

  • Амиля, шашын жібер, — деп оны тыныштандыруға тырыстым.
  • Жетеді, сен үшін бәрі бізге күліп жатыпр, — деп Фарит қосылды. — Онсыз да бәріне балалар үйінің балалары кінәлі.

Сол сәтте анау қыз Амиляның қолынан тістеп алды.

  • А-а-а! Қо-лы-м!
  • Мен жібер дедім ғой, — деп ол да ақталып жатыр.

Қызарып кеткен Амиля қарсыласын ұрып жіберді. Қаламдар мен дәптерлер ұша бастады. Қыз еденге құлап түсті. Екеуін арашалап жүріп біз де өз «сыбағамызды» алдық. Амиля Фариттің бетін тырнап алды, ал мені қатты итеріп жібергені сондай, қабырғаға барып соғылдым. Сыныптың бөлмесі у-шуға толып кетті.

  • Болды! Бол-ды дедім ғой! — деп кенеттен мұғалім айқайлап жіберді. Бәрі тыныш бола қалды. Апай бізге кіналаған көзқараспен қарады. — Шығыңдар бұл жерден! Сендер менің сабағымды әдейі бөліп жатырсыңдар!

Амиля бірден өзінің заттарын жинай бастады. Біз Фарит екеуіміз сыныптан шығуға асыққанымыз жоқ.

  • Барыңдар, барыңдар, барыңдар! — деп мұғалім бізге есікті көрсетті, — менің көз алдымнан жоғалыңдар. Амиляның соңынан бізге де шығуға тура келді. Ол бізді есіктің алдында күтіп тұр екен. Сыныпта істеген бейбастақтан кейін біз онымен сөйлескіміз де келмеді. Ол болса түк болмағандай бізге күлімсіреп тұр:
  • Ренжімеңдер.
  • Жоқ, сенімен сөйлескім де келмейді, — деп Фарит тырналған бетін сипады.
  • Жарайды, ренжімеші, — деді Амиля. — Мені анау ұзын мұрынды қыз ашуландырып жіберді. Ол ылғи балалар үйінің ұл-қыздарына кінә артып жүреді. Егер шынымды айтсам, бұл шуды әдейі шығардым.
  • Қалай әдейі? — деп таң қалыстық.
  • Солай. Мұғалім сабақтан жақсылықпен жіберген жоқ, сондықтан мен біреу-міреумен ұстасуым керек болды. Анау қыз аяқ астынан құрбандық болып кетті — өзі сұрап алды. Күшті, иә?
  • Білмеймін... Мұғалім балалар үйіне телефон шалып бәрін айтып қоюуы мүмкін, — деп күмәнімді білдірдім.
  • А, айтса айта берсін! Ұрысады да ұмытып кетеді. Ең бастысы — жақсы киім-кешектер алу. Ұлдар, сендерге костюмді мен таңдап беремін. Менде, құдайға шүкір, талғам бар. Бірақ сендер маған ренжімеңдер!

Қалай ғана өзіңнің бірге тамақ ішіп, бірге оқып жүрген жолдасыңа ұзақ ренжуге болады? Амиля адамды тез өзіне қаратып алады. Тіпті ол кінәлі болып тұрған жағдайда да тез шешім тауып кетеді. Міне, қазір де ол айқай-шудың үйге тез қайту үшін жасалған себеп екенін айтып, көзімізді жеткізді.

  • Жарайды, Амиля. Бірақ енді олай істеме, тәрбиелі қыздар төбелеске араласпайды, — дер ұзақ үнсіздіктен кейін Фарит сөзді қорытындылады.

Амля даяр тұр екен, жауап берді:

  • Үй, й, ақылмандарым менің! Енді өйтпеймін, егер өздері соны қалап тұрса, тоқтамаймын!

Киім-кешек мәселесіне келгенде балалар үйінде үнемі көп шу болады. Жүз адамға бірдей киім-кешек әкеледі де таратады. Отбасындағы үрдіспен әр адамға бөлек-бөлек іздемейді. Содан кейін бәріміз бірдей болып жүреміз — бірдей костюм, күртеше, баскиім, қолғап. Бәріміз бірдей егіздер сияқтымыз! «Әне, инкубаторлар келе жатыр», — депдеревнялықтар бізді табалайды. Мені бұл сөздер ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Тіпті осынау жай киімдердің өзін аялап киіп жүруіміз керек. Егер біреудің қолғабы жыртылса, ол жолдасыныкын ұрлап алуы мүмкін. Оның сенікі екенін дәлелдеп көр! Ол киімдер бір-бірінен ешнәрсемен ерекшеленбейді ғой. Көпшіліктен ерекшеленетін бірнеше ғана киімдер болатын. Амиля сондай киімдерді алуды армандайтын.

  • Өскенде өзіме қалағандарымның бәрін сатып аламын, — деп Фарит армандап кетті. — Әйеліме де, балаларыма да басқаларда жоқ нәрселерді таңдаймын. Қаласаңдар сендерге де ең керемет нәрселер сыйлаймын?!

Сыныптасымыздың жомарттығына біз күліп қоямыз. Арманшыл-ақ біздің Фарит! Тәрбиешіміз Флюра тәте айтады, егер қатты қаласаң, барлық арман-тілектер орындалады. Міне, Фариттің, Амиля мен менің армандарымыздың бәрі орындалса екен.

Бүгін біздің топта Хакима апайдың жұмыс істейтін кезегі. Ол біздің ерте келгенімізге таңданып қарады.

  • Мұғалім ауырып қалыпты, — деп Амиля жауап қайтарды.

Біз мектеп формасын шешіп, басқа киімдерімізді кигенше бәріне үлгеріп жүретін сыныптасымыз қоймаға барып келіп үлгеріпті. «Хакима апай, қазір киімдерді таратайын деп жатыр. Жүріңіз, барайық, — деп тәрбиешіге өтінді. Одан кейін біз «жұмаққа» қарай кеттік.

  • Алақай, біз біріншіміз! — деп Амиля қуаныштан секіріп кетті. — Міне, жолымыз болды! Ұлдар, бірінші маған таңдап аламыз, содан кейін сендерге көмектесемін, жарайды ма?

Жарайсың, Амиля! Шынында да, басқаларға ұқсамайтын бірнеше аяқ киімдер мен костюмдер әкелді. Көпшіліктен кішкене болса да ерекшеленетінімді елестетіп қатты қуанып кеттім. Фарит те қуанышын жасыра алмады.

Амиля өзіне ұнайтын киімдерді таңдап алды. Бақыттан ол алты қат аспанда ұшып жүрді. Біз үшін киім таңдауды бастадық:

  • Ілияс, осы уақытқа дейін жеңі қысқа костюммен жүргеніңді ұмыт! Қазір, қазір... Қане, мынаны киіп көрші.
  • Кеңдеу сияқты.
  • Онда қоя сал оны, — деп Амиля тәрбиеші естіп қалмау үшін құлағыма сыбырлады. — Басқасын көр.
  • Міне, Ілияс, мынау саған құйып қойғандай екен! — деп Фарит те таңданысын жасыра алмады. Оған да дәл келетін костюм таңдап алдық. Аяқ киімді де размеріміз бойынша таңдап алдық. Шексіз қуанышта едік.
  • Кешігіп қалғандарға енді бұлай болған жоқ. Енді оларды «инкубаторлар» деп тағы мазақтайтын болады. Ал бізге енді ешкім олай айта алмайды. Міне!

Басқалардың алдында мақтанып алдық. Бізбен бір топтағылар қызғанып кетті! Мұның бәрі Амиляның арқасында! Мектепте де ол елдің алдында мерейі үстем болды.

  • Қараңдар, бізге қандай киім берді? — деп бір айналып алды. — Балалар үйінен болғандықтан бізде ештеңе жоқ деп ойламаңдар!

Ауылдың ұл-қыздары оның бұл кейпін құптап жатыр:

  • Мәссаған! Амиля, саған сондай жарасып тұр!
  • Жаңаруыңмен...
  • Сендер Ілияс пен Фаритке қараңдар! — деп ол бізге көңіл аудартады. — Костюмдерін өзім таңдап бердім. Жігіттің төрелері ғой!

Костюмдеріміз жарасып-ақ тұр. Жаңа киім киіп жүріп оқу да көңілді болды. Бүгін маған екі «бес» қойды. Амиля да «бес» алды.

Сабақтар бір деммен өтіп кетті. «Тезірек ертеңгі күн басталып, мектепке келсек қой», — деген оймен үйге қайттық.

  • Ой, қандай жақсы, иә, балалар?
  • Иә, рахмет саған, Амиля!

Біздің қуанышымыздың шегі жоқтай болатын...

Сабақтар біткен соң балалар үйінің директоры бізді бөлмесіне шақырып алды. Бізді көре салысымен Мавлида Нұрғалиқызы айқайлап, сілекейін шаша бастады:

  • Сендер әбден шектен шыққан екенсіңдер! Мектепте де, бұл жерде де сендерден ылғи қиындықтар көріп жатырмыз. Кеше сабақта шу шығарыпсыңдар. Тәрбиешілеріңе мұғалім ауырып қалды деп өтірік айтыпсыңдар. Оның үстіне сендердің Хакима апайларың қоймадағы киімдерді сендерге таңдауға рұқсат беріп қойған екен. Жо-о-қ... Мұндай жақсылықты бағаламайтын балаларды еркелетудің қажеті жоқ. Дереу биылғы жылға алған киімдеріңді өткізіңдер! — Директордың сөздерінен жаман болып кеттім. Достарымның да бастары төмен салбырап кетті.
  • Апай, қалай болғанын сізге дұрыстап айтып берейін... — дей бастаған Амиляның сөзін Мавлида Нұрғалиқызы сол сәтте-ақ бөліп жіберді:
  • Же-те-ді! Сендерді естігім де келмейді! Көз алдымнан жоғалыңдар, оңбағандар! Ал мемлекеттің киімдерін дереу қайта тапсырыңдар! Шығыңдар қане, нақұрыстар!...

Ары қарай жаңа костюмде, жақсы аяқ киімде жүру жазбады. Ол аздай оқу жылының басында берілген футболка, жемпір сияқты да басқа киімдерімізді қайтарып алды...

Жұмыс істей алмайды...

Күз — біз үшін қызу еңбек мезгілі. Әсіресе осы бір картошка көп шыққан жылы. Тәрбиеші Райфа апайдың бақшасы өте үлкен. Ол жерде біз күнде жұмыс істейміз. Ол бізге картошка қазамыз деп алдын-ала айтып ескертіп қойған. Біздің сенбі, жексенбіміз сол кісінің бақшасында өтіп жүр. Міне, бүгін де өзі балалар үйіндегі жұмыс орнында қалды да, бізді, алты баланы үйіне жіберді.

  • Ауа райы бұзылуы мүмкін, бүгін аяқтауға тырысыңдар, — деп ескетті ол.

Райфа апайдың бақшасындағы жер өте қатты, оны қазу да қиын. Алғашқы күннен-ақ алақанымыз үлбіреп қалды, оның үстіне түні бойыв арқамыз ауырып жүр. Ол ол ма, Райфа апай жоқта оның күйеуі бізді жұмыскердей көретін болды. Түсте бізді балалар үйіне жібереді: «Барыңдар, түскі астарыңды ішіңдер». Түскі астан соң тәрбиеші тағы бақшаға қарай қуады. Кейбір кезде өздерінің үйінен сүт қосылған шай ұсынатын.

Кеше түнгі қызметкер Флюра тәте бізді өз үйіне қонаққа шақырды.

  • Дәмді сорпа дайындап қоямын, құймақ құйып қоямын. Моншаны жағылып, әзір тұрады, — деді мейірімді тәте.

Түске дейін Райфа апайдың бақшасында картошка қаздық, бірақ түскі астан соң балалар үйінен қайтадан бақшаға барғымыз келмеді. Шаршадым, картошканы көргім келмейді. Байқаймын, Фариттің де бақшаға баратын көңіл-күйі жоқ сияқты.

  • Фарит, Флюра тәтенің үйіне барайық. Ол бізді кеше қонаққа шақырып еді ғой, — деп басқаларға естіртпей досыма сыбырладым.
  • Иә, шынында да. Ал мен мүлде ұмытып кетіппін. Кеттік, әрине...

Түстен кейін Райфа апай алтауымызды тағы да картошка қазуғажіберді.

  • Балалар, бүгін аяқтау керекпіз... — деп тәрбиеші тағы қайталады.

Қақпаның сыртына шыққан соң Фарит екеуіміз басқа жаққа кеттік. Балаларға бізді айтып қоймауларын тапсырдық.

  • Егер бізге сәлемдеме әкелетін болсаңдар Райфа апайға айтпаймыз, — деп уәделерін берді. — күйеуі де үйінде жоқ сияқты. Демек, байқамай қалады.
  • Рахмет. Сәлемдеме әкелеміз сендерге...

Міне, Флюра тәте тұратын өзен жағасындағы әдемі үйге де келдік. Үйдің айналасына түрлі-түсті көптеген гүлдер өскен, керемет көрік беріп тұр.

  • О-о-о, қандай қонақтар! — деп бізді қарсы алып, күлімсіреді. — Кеіңдер, келіңдер. Сорпа дайын болайын деп қалды. Кеше қой сойғанбыз.

Адамның тәбетін ашар сорпаның тамаша иісі бүкіл үйдің ішін алып кетті. Мұндай сорпа ішпегенімізге қанша болғанын біз ұмытып та қалдық.

Флюра тәте бізбен сөйлесе жүріп құймақ пісіре бастады:

  • Ұлымды былтыр әскерге алып кетті, үйде сондай көңілсіз. Шешенстанда әскери борышын өтеп жүр. Күйеуім болса күні бойы жұмыста. Күндіз мен ылғи үйде жалғызбын. Міне, сендер келіп, айналамыз сәуле мен нұрға толып кетті.

Ыстық құймақ пен қаймақ дастарханнан өз орындарын алды.

  • Қазір аяқтаймын, содан кейін сорпа ішеміз... — деп мейірімін төге сөйлеп жүр.

Мен Флюра тәтеге айтар-айтпасымды білмей ұзақ ойланып, басымды қатырдым. Ақыры шештім — ол бізге анамыз сияқты емес пе?

  • Біз Райфа апайдан қашып кеттік.
  • Қалайша? Қашып кеткендерің қалай?

Фарит түсіндірді:

  • Бүгін бақшасында жұмыс істегенбіз. Картошкасын қазуды бірнеше күн бұрын бастағанбыз. Ал бүгін аяқтауымызды тапсырды. Біз түске дейін-ақ шаршап қалдық. Түскі астан кейін төртеуі бақшаға кетті, біз Ілияс екеуіміз сізге келдік.

Флюра тәте ойланып қалды:

  • Иә, міне қалай. Оның өзінің екі баласы бар, бірақ балалар үйінің балаларын жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Білемін, қыста үйіне су да тасисыңдар.
  • Иә, болады.
  • Естігем, біздің балалар малдарға қарайды, астын тазалайды, қыздарға еден жуғызып, үй жинатады екен.
  • Ол да рас.
  • Ал біздің сендермен достығымызды Райфа ұнатпайды. «Оларды еркелетпе, ара қашықтықты сақта», — деп айтады маған. Бірде сендерге сәлемдеме апарғанда ұрысып еді. Қызық әйел өзі.

Содан кейін Флюра тәте бізге ыстық сорпа құйып берді, үйдің көтеріліп піскен керемет нанын кесіп берді. Пісірген сорпасы бізге қатты ұнады. Тіпті жай ғана сүтті шайының өзі өте дәмді еді.

Біз тыңқия тойып алған соң көшеге шығып, көршілердің балаларымен ойнадық. Содан кейін моншаға түстік. Мен тіпті уақытша болса да өзімнің балалар үйінен екенімді ұмытып кеттім. Тура өзіміздің үйіміздегідей болды — ешкім мында барма, тиіспе, ананы-мынаны жеуге болмайды деп тыйым салмайды. Флюра тәте де сондай ақкөңіл, мейірімді. Моншадан соң тағы да балмен шай іштік.

Біз күніміздің қалай зуылдап өтіп кеткенін де байқамай қалдық. Флюра тәтенің үйінде қандай жақсы болса да балалар үйіне қайтуымыз керек. Кешіксек Райфа апай бізге көресінді көрсетеді! Флюра тәте бізге құймақтардан, басқа да тәтті-дәмділерден көп қылып салып берді.

  • Бәріне менен сәлем айтыңдар. Ертеңге дейін, балалар, сау болыңдар! — деп шығарып салды. Қуанышты, риза болған көңілмен секірген күйі балалар үйіне кеттік.
  • Мен де кейін өзіме осындай әдемі үй салып аламын, — деді досым.
  • Ол жерде бәріне орын табылатын болады. Ілияс, сен менің үйіме қонаққа келіп тұрасың.
  • Рахмет. Мен де өзіме Флюра тәтенікі сияқты үй салып аламын.
  • Қане, Ілияс, серт берейік, балалар үйінен кеткен соң өзіміздің жылы ұямызды құрып, өміріміз біткенше отбасымызбен дос болып араласайық...
  • Жарайды! Серт беремін...

Біздің өз бөлмемізге кіріп кеткенімізді Райфа апай байқамай қалды. Балалар өз орындарында болатын, қатты шаршаған екен. Флюра тәте беріп жіберген сәлемдемелерді көрген сәтте-ақ бізді бірден қоршап алды.

  • Қыздарды да шақырыңдар, Флюра тәте барлығына бірдей бөліп беруімізді тапсырған, — деді Фарит.

Қыздар да жиналды. Барлығына екі құймақтан, бір уыс кәмпиттен бұйырды. Ұлдар да шаршағандарын ұмыта бастағандай.

  • Қалай болды? Картошканы аяқтадыңдар ма? — деп сұрадым.
  • Қайдағы... Әлі бір күндік жұмыс бар.
  • Мүмкін екі күндік жұмыс болар.
  • Оның үстіне тәрбиешінің күйеуі келіп, сендерді талап етті.
  • Сендер оған не дедіңдер? — деп төсектен Фарит атып тұрды.
  • Ештеңе деген жоқпыз. Ол бәрібір Райфа апайға қоңырау шалып тексереді ғой.

Сол кезде бөлмеге Райфа апай кіріп келді. Зәреміз зәр түбіне кетті.

  • Қайда болдыңдар, ақымақтар? — деп тәрбиеші Фаритке келіп басынан кілтпен ұрып жіберді. — Кім ойлап тапты мұны?

Ешкім жауап бермеді. Тәрбиеші аяғынан тәпішкелерін шешіп алды да қатты өкшесімен басымнан ұрып еді, құлағым зыңылдап кетті. Біздің бөлмеміздегі ұл-қыздар аман тұрғандарында қашып кетейін деп еді, бірақ оларды Райфа апай тоқтатты:

  • Ешкім ешқайда бармайды! — деп бәрімізге иегінің астынан қарады. — Қаршы, пысықтарын! Бұларға сенуге де болмайды! Ештеңе етпейді, мен сендердің сазайларыңды тарттырамын. Сендердің кесірлеріңнен басқалар картошканы қазуды аяқтай алмады. Егер ертең қар жауса ше? Құдайдан ертең ауа райы жақсы болып тұра тұрсын деп сұраңдар, әйтпесе мен сендерді өлтіремін! Флюраның үйінде болдыңдар ма?

Біз үндемедік. Бұл тәрбиешіні одан сайын ызаландыра түсті.

  • Өзінің үйінде жұмыс істету үшін сендерге кәмпит беріп алдаған ғой.
  • Біз ол жерде жұмыс істеген... — бірақ ол менің сөзімді аяқтауға мұрша бермеді:
  • Тыныш! Жап ауызыңды! Әйтпесе қазір терезеден секіресің... — осы сәтте ол кей балалардың қолынан құймақты көрді.
  • Бар, қане, қоқыс салатын шелекті алып кел, — деп қыздардың біріне бұйрық берді.

Анау болса алып келіп, кір шелекті бөлменің ортасына қойып қойды.

  • Қолдарыңдағылардың бәрін шелекке тастаңдар!

Мұны естіген балалар таң қалысып бір-бірлеріне қарасты. Көпшілігі құймақтың дәмі қандай болатынын ұмытып та қалған еді ғой. Кейбіреуі ғана әкелген сәлемдемелердің біразынан тістеп үлгеріп қалған.

  • Апай, бір рет қана тістеуге болады ма? — деп сұрады біреу.
  • Жоқ! Тастаңдар дереу. Біріншіден, санэпидемстанция рұқсат етпейді. Екіншіден, енді Флюрадан бірдеңе алып көріңдерші осыдан.

Біреу жылап жіберді. Барлығы құймақтар мен кәмпиттерді шелекке тастап, бөлмеден жабырқап шықты.

  • Енді ісім Флюрамен болсын! Ол педагог емес, түсінесіңдер ме? — деп ұрса бастады. — Ол балалармен жұмыс істеуді білмейді. Сендердің режимдеріңді бұзып, үйіне шақырған адамның ісін педагогикалық іске қалай жатқызуға болады? Мен жоғары білімді педагогпын, оның бұл ісін түсінбеймін. Бұл туралы Мавлида Нұрғалиқызымен сөйлесуге тура келеді.

Бір аптадан артық Флюра тәте жұмыста болмады. Оған бірдеңе болып қалды ма деп алаңдадық. Ауырып қалды ма, егер тәуір болса жұмысқа шығатын шығар деп күттік. Бір күні Флюра тәте біздің топқа келе қалды. Оның жұмысқа күндіз келгеніне таң қалыстық. Ол кісімен жылы амандасқан соң біз сол сәтте-ақ оны қоршап алып сұрақтың астына алдық:

  • Сізді сағындық, апай! Қайда болдыңыз?
  • Ауырып қалған жоқсыз ба?
  • Сіз бізбен күндіз де жұмыс істейтін болдыңыз ба?

Бірақ ол кісінің мүлде көңіл күйі болмады. Қолында қандай да бір құжаттар бар. Біраз үнсіз тұрды да, күлімсіреуге тырысып жауап берді:

  • Рахмет, балалар! Менде бәрі жақсы. Енді сендермен жиі жолыға алмаймыз. Солай болды. Бірақ менің үйімнің есігі сендерге әрдайым ашық.

Флюра тәте бәріміздің басымыздан сипады да есікке қарай беттеді. Одан кейін балалар үйіне ешқашан келген жоқ...

Сөнген үміт

Наурыздың басы болатын. Балалар үйінің «атаманы» Даян кешкі тамақтан кейін Фарит екеуімізді өзіне шақырды. Оған тағы не керек болды екен? Біздің енді ешқандай бүлдірген нәрсеміз жоқ сияқты еді...

  • Сендерге маңызды тапсырма бар, — деді Даян. Өздерің білесіңдер, 8-наурыз жақындап қалды. Маған жақсы көретін қызыма сыйлық алып беру үшін ақша керек. Сендер ақылды, қысылған кезде тез жол тауып кететін балалар болған соң осы жерге шақырдым. Екі күн қалды — маған елу рубль тауып беріңдер...
  • Оны біз қайдан аламыз? — деп таң қалдым.
  • Ол сендердің жұмыстарың: қарызға аласыңдар ма, ұрлайсыңдар ма, еңбек етіп табасыңдар ма... Егер екі күннен кейін елу рубль болмаса, өз обалдарың өздеріңе. Мен бәрін айттым, іздеңдер, ойланыңдар, — деді де төсегіне керіліп-созылып жата кетті. — Барыңдар, барыңдар...

Тағы да мына Даян... ол бізден мықтырақ, сондықтан соны пайдалануда. Сабақты нашар оқиды, кішкентайларға әлімжеттік көрсетеді. Ана жолы маған істегені анау. Енді міне, ақша талап етуде. Тәрбиешіге айтсақ одан да қиын болады. Айтып қойғанымыз үшін ұрып тастайды. Басқа балаларды да саған қарсы қойып қояды.

Сонша ақшаны қайдан табамыз! Мұндай соманы ешкім бізге қарызға бермесі анық. Ұрлыққа өлтірсе де бармаймын!

Ертеңінде мектептен кейін дүкенге бардық.

  • Сұрасақ, біреу-міреу беріп қалар, — деп Фарит ұсыныс айтты.

Біреулер кіреді, біреулер шығады. Ақша сұрауға ұялдық. Сөредегі заттарды көрген болып біз дүкенде ұзақ айналсоқтап жүрміз. Орталық көшедегі бір әйел дүкенге екінші рет айналып келді. Бізді қайта көрген ол таңданысын жасыра алмады:

  • Тұз алуды ұмытып кетіппін, қайта келуге тура келді, — деді сатушыға. — Ал мына балалар әлі тұр.
  • Иә. Тұра берсін — олар маған бөгет жасап тұрған жоқ. Сатып алушы бізден сұрай бастады:
  • Сендер біреуді күтіп тұрсыңдар ма, балалар?
  • Жоқ, ешкімді... — Ол біз тәттілер сатып алғысы келіп тұр деп ойласа керек, бізге он рубль берді:
  • Алыңдар, бүгін жұма — садақа беретін күн, — деп жомарт әйел тұз сатып алды да дүкеннен шығып кетті.

Бұл он рубльге біздің қалай қуанғанымызды сөзбен жеткізу де қиын. Енді қырық рубль тапсақ Даяннан құтыламыз. Балалар үйіне қайтып бара жатып тағы екі рубль тауып алдық. Қалтада енді он рубль жатыр!

  • Бүгін жолымыз болды, — деді Фарит ақшаны тағы да санап. — Досым, біздің жолымыз болғыш екен.
  • Иә, егер жақсылап тырыссақ ертең мүмкін елуге жеткізерміз...

Келесі күні дүкенге кірмедік, сатушыдан ұялдық. Өзімізді қайрап өтіп бара жатқан адамнан тиын-тебен сұрап көріп едік, ол бас тартқанымен қоймай бізді ұялтып тастады.

  • Өскенде ешкімнен ақша сұрамайтын боламын, — деді Фарит. — Өзім еңбектеніп көп-көп ақша табамын. Біреу-міреу қарызға сұраса, берер едім. Дүкеннің маңында жүріп-жүріп бір кезде Фарит жақсы бір ұсыныс айтты:
  • Ілияс, жоғарғы көшелерде қар еріп жатыр. Сол жақтарға барып көрейік — егер біреу-міреулер тиындарын жоғалтып алса, қардың астынан шыға бастаған шығар.

Досым жақсы ой айтты. Біз жоғары жақтағы көшеге қарай бағыт алдық.

  • Ойлап көрші, біреу көшеде келе жатып аяғы тайып құласа. Қалтасындағы ақшалары жерге шашылады. Ол болса байқамайды, тұрады да ары қарай қадам басып жүре береді, — деп Фарит болжам жасады. Несі бар, ондай жайт болуы мүмкін. Еріп жатқан жол үсті сырғанақ. Біз көшеде әр метр жерді қарап келе жатырмыз.
  • Қара, Ілияс, қара! — деп сыныптасым қатты айқайлап жіберді. — Елу тиын тауып алдым! Алақай!

Біз солай қараңғы батқанша жүрдік, басқа ештеңе тапқан жоқпыз. Қалтамызда бар-жоғы 12 рубль 50 тиын...

Балалар үйінде бізді Даян тосып тұрды. Біздің келгенімізді көріп бірден өзінің бөлмесіне шақырды.

  • Қане, менің елу рублімді шығарыңдар, — оның түлкі қарасы бізге ешқандай жақсылықтың нышанын білдіріп тұрған жоқ. — Қане, қане!

Ақша Фаритте болатын, ол қалтасынан барлық тиын-тебенді алып шығып, Даянға ұсынды. Азғантай тиын-тебенді көріп «атаманның» түрі өзгеріп кетті:

  • Не бұл? Сендер не, мені мазақтап тұрсыңдар ма?!
  • Басқа таба алмадық, — деді Фарит дірілдеген үнмен.
  • Білмеймін. Не, мен сендерге түсінікті етіп айтқан жоқпын ба?! Сендерден сұрап тұрмын!
  • Екі күн іздедік, — деп мен де ақталып жатырмын. — Қайда бармадық десеңізші.

Жұдырығын қатты жұмып алған Даян шкафты қатты ұрып жіберді.

  • Мен сендерге ескерттім, ал мен сөзімді жайдан-жай айтпаймын. Фарит, бүгін сенімен жұмысым болсын, ал ертең — Ілис, сенімен айналысамын, — ол біздің ақшамызды қалтасына салып алды да бөлмесінен қуып жіберді.

Аздан соң Даян өз бөлмесіне барлық топтардағы балаларды жинап алды. Содан кейін бір бала жүгіріп барып Фаритті шақырып келді. Оған «атаман» не істейді екен? Ал ертең менің кезегім. Даянның бөлмесі біздің жанымызда, сондықтан мен әр дыбысқа құлақ түріп тұрдым. Егер досымды ұра бастаса тәрбиешіге қарай жүгіру керек болады. Көп ұзамай терезенің түбінен дүрс ете түскен дыбыс естілді.

  • А-а-а, басым! — не істерін білмеген ащы дауыс шықты.
  • Өл-дім! Өл-дім!

Жүгіріп барып терезеден қарасам Фарит қардың үстінде жатыр. Бірден оған қарай жүгіріп түстім. Сыныптасым ауырғаннан жерде домалап жатыр. Фаритті тубочкаға отырғызып қойып екінші қабаттан лақтырып жіберген екен. Ғимараттың жанындағы қар әжептәуір еріген болатын, кешке қарай ол маңның бәрі мұзға айналған еді. Досымды көріп оның басы қан-қан екенін аңғардым. Денем қалшылдап, Фаритпен бірге жыладым. Есік алдында жүрген басқа балалардың көмегімен оны медпунктке апардық. Ол жерде медбике басын таңғышпен орап берді де: «Үйленгеніңе дейін жазылып кетеді», — деп қалжыңдады.

Фарит түні бойы ұйықтамады. Ол төсекте дөңбекшіп жатты, кейде тұрып, жүруге тырысты. Таңға дейін көз ілмедік. Оның бетінде қан-сөл жоқ еді. Таңғы астан ол бас тартты.

Даян бәріне ештеңе айтпаңдар деп ескертіп қойған. «Кім айтып қойса, онысына өкінетін болады», — деген еді. Мен бәрібір болған оқиғаны Райфа апайға айтуға бекіндім.

  • Ойдан шығарма. Үнемі сендер Даянды жамандап жүресіңдер, — деп өзіме ұрса жөнелді.

Фарит мектепке бармады. «Басым айналып жатыр, Шлияс, тұра алатын емеспін», — деді ол жасын сүртіп жатып.

Тәрбиеші Райфа апай оны тыңдағысы да келмеді:

  • Сабаққа бармау үшін әдейі істеп жатырсың. Түрің жап-жақсы. Болды, өтірік істеме!

Бірнеше күндер өтті. Менің көңілді, күліп жүретін досымды бейне бір ауыстырып қойғандай. Тамақ жегісі келмейді. Екі қасық жейді де ыдысын итере салады. Оған бас ауруының дәрісін беріп, мектепке баруға мәжбүрледі. «Шекем ылғи ауырады, басым үнемі айналып тұрады», — дейтін Фарит. Бірақ оның сөздерін ешкім тыңдамаушы еді.

Сол күннен бері бір апта өтті. Мектепке баруға қалай мәжбүрлесе де досым енді бара алмайтын болды. Күні бойы төсегінде жатады, ешкіммен сөйлескісі келмейді. Мен оның жанында отырамын, кейде су ішкізем.

Міне, Фариттің дауысы шықты — мүмкін жазылайын деген шығар!

  • Ілияс, сен маған қонаққа келесің бе?

Мен абдырап қалдым — мұны қалай түсінуге болады?! Біз бір үйде, бір бөлмеде тұрамыз ғой.

  • Әне, тура ана жаққа қара, — деп төсегінде жатып бір нәрсені саусағымен нұсқады. — Көрдің бе, менің үйім қандай әдемі. Ауласында көлік тұр...

Құдайым-ау, Фарит өз-өзімен сөйлесе бастады! Қайдағы үй, көлік. Мен бірден медбикені шақырдым. Фарит болса ары қарай бірдеңелерді сөйлеп жатыр. Медбике досымды ауруханаға алып кетті. Фариттің беті көкпеңбек болып кеткен еді...

Бір ай өтті, ол болса ауруханадан әлі келген жоқ.

  • Апай, Фарит қашан келеді? — деп мен күнде сұраймын.
  • Сен мені сұрағыңмен әбден мезі қылдың! Не,онсыз өмір сүре алмайсың ба? Келмейді ол! — деп бірде Райфа апай кесіп айтты. — Оны басқа балалар үйіне ауыстырды...

Маған үстіме мұздай су құйып жібергендей болды!

Басқа балалар үйіне қалайша ауыстырады? Фарит келіспейтін еді. Біз балалар үйінен кеткен соң да дос болып қаламыз деп серт беріп едік қой. Ол Флюра тәтенікі сияқты үй саламын дейтін. Бір-бірімізбен отбасы болып араласып, қонаққа барамыз деуші едік. Фарит өзімнің дүкенім болса деп те армандайтын. Егер Райфа апай шын айтып тұрса, онда біздің арманымыз орындалмайды. Мен енді оны қайдан табамын? Тәрбиешінің сөзінен кейін өзіме-өзім келе алмай ұзақ жүрдім. Сенбеймін. Бәлкім одан құтылу үшін өздері бір жаққа жіберген шығар...

Оқу жылының соңына аз қалды. Ауа райы ашық, мейірімді күн жерді жомарттықпен қыздырып тұр. Мұндай әдемі шақта сыныпта отыру қиын. Қоңырау сабақтың басталуы жайлы хабар береді. Бәрі орын-орындарына отыра қалысты. Мұғалім сыныпқа кіріп келді де, кенеттен сынып журналын алуды ұмытып кеткені есіне түсті.

  • Мұхаметов, мұғалімдер бөлмесіне барып, журналды алып кел, — деп маған тапсырма берді.

Мұғалімнің мұндай сенімі біз үшін үлкен мәртебе. Екінші қабатқа көтерілдім де сыныбымның журналын алдым. Оқу жылының соңы — тоқсандыққа қандай баға қойылып жатқанын көру қызықты ғой. Ешкім көрмей тұрғанда терезенің алдына барып журналдың беттерін аша бастадым. Фариттің аты-жөні барлық жерде сызылып тасталыпты. Журналдың соңғы беттерін көруге қызығып кеттім — мүмкін досымның қай балалар үйіне ауысқаны жазылып тұрған шығар. Мен әлі де досымды тауып алудан күдерімді үзген жоқпын. Міне! Міне, мынау бет. Әрең оқылатын майда жазумен жазылыпты. Әйтеуір оқи алдым: «Мектептен шықты. Негіздемесі: қайтыс болуы туралы куәлік №ХР – 10252.» Мен өз көзіме өзім сенбедім! Ерінім кемсеңдеп кетті. Не? Фарит өліп қалған ба?! Ыстықтап, демалуым қиындап кетті. Басым қатты айналып, құлап түстім...

Қонақтарды күтеміз

Әр жексенбі сайын балалар үйінде жалпы жиналыс өтеді. Барлық топтар бір қатарға тізіліп тұрып өткен аптаның қорытындысын шығарады. Бірінші директор сөйлейді, одан кейін — завуч, соңында — тәрбиешілер... Сол жерде тәртіп бұзғандар, мектепте жаман баға алғандар «сыбағаларын алады». Осы жерде аптаның үздік тобы аталады. Кейбіреулер өздерінің «кінәларын» біліп ол жерге бармауға тырысады. Кім елдің көзінше өзіне ұрысқанды қалайды?! Ал бүгін ешкім жиналысқа қатыспай қалмады, бөлмелерінде қалу үшін өтірік ұйықтап жатқандарды да шақырды. Бірақ күндегідей емес, бұл күні тәртіп бұзушылықтар жайлы айтпады — одан да маңызды мәселелер пайда болған секілді.

  • Балалар! Уақыт тығыз, сондықтан бүгін басқа мәселелерге тоқталмаймын, — деп Мавлида Нұрғалиқызы бастады. — Бүрсігүні бізге Уфадан үлкен қонақтар келеді.
  • Үлке-ен? — деп кішкене топтағы бір қыз таңдана сұрады.
  • Иә, өте үлкен адамдар. Олар жай келмейді — біз қандай жағдайда өмір сүріп жатырмыз, тәрбие жұмыстары қалай жүріп жатыр, соларды тексереді, — деді де, саусағын шошаңдатты, — енді тыңдаңдар да естеріңде сақтаңдар. Қонақтарды қарсы алуға дәл қазірден бастап дайындықты бастаймыз. Бірінші кезекте барлық бөлмелерге жақсылап тұрып тазалық жұмыстарын жасаймыз. Анау жоқ, мынау жоқ деп бөгде адамдарға мұң шақпау үшін қоймада сендерге киім-кешек береді. Тағы бір ескертетінім — қонақтармен сөйлеспейміз. Олар, әрине, сендер қалай тұрып жатырсыңдар деп сұрайды. Ешқандай өтініш-арыз айтпайсыңдар! Олар келеді де кетеді, ал сендер осы жерде қаласыңдар. Бітті, қазір жиналамыз да тәрбиешілермен сөйлесеміз, ал сендер тазалық жұмыстарына кірісіңдер!...

Қонақтар келуінің қарсаңында маған бір жай есіме түсті. Қазір көктем болғаны жақсы болды, әйтпесе өткен жылғы сияқты қиналар едік.

Қыркүйектің соңы болатын. Бір жақтан келетін кезекті қонақтарды күткен едік. Директордың бұйрығымен күні бойы кездесуге дайындалдық. Барлық бөлмелер жарқырап тұрды. Бізде барлығы дайын, ертең енді қонақтар келулері керек. Кешке қарай ауа райы күрт суытып кетті.

  • Мавлида Нұрғалиқызы, түнде үсік жүруі ықтимал, — деп тәрбиешілердің бірі ескертті.
  • Ол сөздерден Мавлида апай сасқалақтап, күйгелектеп, сөйлеп, жүгіріп кеткені байқалады:
  • Қайдағы үсік?! Ондай болса біздің гүлдердің барлығы солып қалады ғой...
  • Онда тұрған не бар, күз мезгілі ғой, — деп әдейі әңгімеге араластым.

Менің сөздерім оны тіпті ашуландырып жіберді:

  • Кет ары, аяқтың астына қыстырылмай! Гүлдер солып қалса қонақтарға не көрсетеміз? Үсік жүрсе, жүрер, бірақ біз гүлдердің үсуіне жол бермейміз!

Сол күні ол тығырықтан шығар жол іздеп көп адамдарға қоңырау шалған дейді.

Балалар үйінің алдында көктемнен бастап алғашқы суықтарға дейін гүлдер жайқалып тұрды. Бізге келген қонақтардың барлығы бірінші кезекте осы түрлі-түсті гүлдерге назар аударатын. Кейбіреулер: «Жарайсыңдар, сендер осы гүлдер арқылы балалардың өмірге деген сүйіспеншілігін оятудасыңдар», — дейтін.

Сонымен, ертең қонақтар келеді. Егер түнде үсік жүрсе, директордың кәріне іліктім дей бер. Бірақ Мавлида Нұрғалиқызы ауа райын алдаудың жолын тапты... Жоғары сыныптың ұлдары бұл түнді ұйқысыз өткізді. Алдымен біз әр гүлдің түбін ескі шүберектермен жаптық. Одан кейін гүлдер өсіп тұрған маңға от жақтық. Әрқайсымызға суықтан сақтау үшін гүлдер бөлініп берілді. Біз таңға дейін отын әкеліп, отты үзбей жағып тұрдық.

Директорымыз қонақтарды жақсы көңіл күйде қарсы алды. Енді ше, бүкіл ауыл бойынша гүлдер үсіп қалған, ал біздікі болса түрлі-түсті әдеміліктерімен көздің жауын алып тұрды. Қонақтар осындай суық күнде де гүлдердің әсемдігіне тоймай ұзақ қарап тұрысты...

Бұл жолы да дайындық жақсы жүріп жатты. Сол күні-ақ терезелерге түрлі түстегі перделер ілінді. Бүкіл дәліз бойынша кіре берістен директордың бөлмесіне дейін, асханаға дейін кілемшелер төселіп, барлық топтардың бөлмелеріне жаңа кілемдер жайылды. Терезенің алдында әдемі вазалар пайда болып, кейбір ескі аспалы шамдар ауыстырылды. Өзгерістер мұнымен біткен жоқ. Біз осы уақытқа дейін ұстайтын жері жоқ шытынаған ыдыстармен шай ішуші едік, сол күні ғайыптан тайып үстелдердің үстінде жап-жаңа, әдемі ыдыстар тұрды. Біз үшін ең үлкен қуаныш жаңа шалбар, көйлектер, шұлықтардың берілуі болды. Демек, шынында да үлкен адамдар келе жатыр, — деп сыбырластық. Жиірек келіп тұруларына болар еді — онда біз ылғи осылай жақсы өмір сүрер едік!

Тәрбиешілер де, басқа қызметкерлер де тыныштықтан айырылды — бәрі мұрындарына су жетпей жүгіріп жүр. Біздің топқа директордың өзі бірнеше рет бас сұқты. Шамасы біздің бөлменің сыртқы көрінісін тағы да қалай жақсартудың қамын ойлап жүр-ау.

  • Райфа, мына гүлдеп тұрған ыдысты есікке жақын қой, ал мына солған жапырақтары барын көзіме көрсетпе! — деп бұйрық берді. Одан кейін Мавлида Нұрғалиқызы бізден «емтихан» ала бастады:
  • Қонақтар сендердің бөлмелеріңе кіргенде не істейсіңдер?
  • Білмеймін, — деп Амиля әдейі жауап берді.

Директордың бет-жүзінде бірден өзгеріс пайда болып, айқайлай бастады:

  • Қалайша білмейсің?! Төсекте отырмаймыз, орнымыздан тұрып қонақтармен сәлемдесеміз. Күлімсіреуді ұмытпаймыз. Әйтпесе ауыздарың ашылып, көңілсіз күйде тұрмаңдар.

Біз келіскен белгі білдіріп басымызды изедік.

  • Егер біреу-міреу жақындап, қалай өмір сүріп жатқандарыңды сұраса не деп жауап бересіңдер?

Директордың сұрағына жауап беретін ешкім табыла қоймады. Мавлида апай тағы да ашуланды:

  • Қойлар! Егер бірдеңе деп арыздансаңдар өз обалдарың өздеріңе! Қайталаймын, былай деп жауап беру керек: «Рахмет, менде бәрі жақсы. Бұл жер ұнайды, өзімді үйдегідей сезінемін.»

Топтан шығайын деп бара жатып ол балалардың бірінің жаңа шалбар киіп алғанын байқап қалып тағы да айқайлады:

  • Ах, сен, шошқа! Былғап үлгердің ғой! Саған жаңа шалбарды киюге кім рұқсат берді, а? — Ол баланың қолынан ұстап алып сілкілей бастады, — тезірек жуып қой, әйтпесе жағдайың қиын болады!

Өзін тоқтата алмай бәрімізге айқайлап алды да өкшесін қатты басып топтан шығып кетті.

Уфалық қонақтар келген күні асхананың ас мәзірінде де өзгеріс болды. Түскі асқа түшпара дайындады! Бәріне бір алмадан, кәмпиттерден берді. «Үлкен адамдардың» құрметіне мәжіліс залында концерт ұйымдастырылды. Мен де ол концертке қатыстым — ән шырқадым. Қонақтар сө сөйледі.

  • Балалар үйіндегі жақсы жағдайды көріп риза болып отырмын, — деді қалың қара шашты әдемі келіншек, — Үйде тұратын барлық балалар мынандай кілемдерде жүрмейді ғой? Барлық отбасыларда мұндай қолайлы жай жасалмаған. Ал қай үйде күнде түшпара жейді? Сендерге қарап көзім тояр емес — бастан-аяқ әдемі киінгенсіңдер! Сондықтан да бет-әлпеттеріңнен бақытты екендіктерің байқалады, көңіл күйлерің де жақсы. Әрине, біздің мемлекетіміз көп мәселелерді шешуде, сендердің өмірлеріңді жақсарту үшін аз ақша бөліп отырған жоқ. Сол себептен де үйлерің гүлдеп тұрған бақтай. Мұндай жұмақ мекенде тұрып жатып жаман оқу күнә болар еді! Балалар, бар күш-жігерімізбен білім шыңдарына жетуге талпынайық. Сендерге Отан үшін пайдалы азаматтар болуды тілеймін! Тәрбиешілер үйреткендей, біз әр адамның сөзінен кейін жабыла қол шапалақтап отырдық. Тағы да бірнеше әндер орындалды, содан кейін көп күттірген қонақтармен болған қойылым аяқталды. Мавлида Нұрғалиқызы оларды асханаға алып кетті. Уфалықтардың барлығы директормен бірге кетті, ішіндегі біреуі ғана залдан шығуға асыққан жоқ. Оны сол сәтте-ақ балалар үйінің балалары қоршап алды. Ол қалтасынан кәмпиттер алып шығып бәріне бөліп берді. Содан соң сахнада тұрған пианиноға отырып көңілді әуендер ойнады. Ақ көңіл, мейірімді әйел бізден аты-жөнімізді, қалай оқитынымызды сұрай бастады.

Бұл уақытта мен шетте тұрдым. Қонақ балалармен сөйлесті де шығар есікке беттеді. Сол сәтте ол мен жаққа қарады да, біздің көзқарастарымыз бір-бірімен түйісті. Маған жақындап келді.

  • Сәлеметсің бе, туғаным. Сен неге шетте қалып тұрсың? — деді күлімсіреп.
  • М-м-м... — мен не деп жауап берерімді білмедім.
  • Сен неге ыңғайсызданып тұрсың?
  • Ммм... Жоқ...
  • Қане, олай болса танысайық. Мен Гүлшат Әмірқызымын. Ал сенің атың кім?
  • Ілияс.
  • Қандай әдемі есім, — маған бұл сөзді есту жаныма жағып кетті де, мен алғысымды білдірмек болып басымды изедім. — Ілияс, саған қарап тұрып сен үшін алаңдап тұрмын. Сен кімнен қорқып тұрсың? Иығың түсіп кеткен, көзіңде дабылдың, мұңның белгісі бар..
  • Жоқ, апай. Менде бәрі жақсы. Бұл жерде өзімді үйдегідей сезінемін, — деп үйреткендей сөйледім.
  • Ал жақсы. Жүр, маған өзіңнің бөлмеңді көрсетші.

Осы кезде маған шынында да ыңғайсыз болды — неге ол мені мұнша айналсоқтады?! Мүмкін мені сынау үшін оны директор әдейі дайындап қойды ма екен? Осы ой маған маза бермеді. Осындай күлімдеген көзді, мейірімді жүзді сүйкімді тәтеге қалай жоқ дей аласың? Бөлмеде басқа ешкім болмады, біз көзбе-көз отырып сөйлестік. Бүгінгі қонақтарымыз шынында да өте үлкен басшылар екен. Барлығы жауапты қызметтерде екен. Гүлшат Әмірқызын өздерімен бірге беделді қоғам қайраткері ретінде алып жүр екен.

  • Қобалжыма, Ілияс. Мен сені жақсы түсінемін. Танымайтын адаммен сөйлескенің үшін директор саған ұрсады деп ойлаймысың? Мен оған бәрін өзім түсіндіріп айтамын. Балалармен ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп жүрген адам ретінде мен сенің мұңлы көздеріңнің жанынан өтіп кете алмадым. Мүмкін саған бір көмек керек болар? Айта ғой, ұялма...
  • Рахмет, апай. Маған ештеңе қажет емес.
  • Сен қай сыныптансың, Ілияс?
  • Тоғызыншы сыныпты аяқтаймын.
  • Қалай оқисың?
  • «Үшім» жоқ. Екі «төртім» бар — денешынықтыру мен химиядан. Мені қолдаған белгі ретінде Гүлшат апай арқамнан қағып қойды да мектеп бітірген соң оқуға қайда барғым келетінін сұрады.
  • Педучилищеге түсетін шығармын, — деп жауап бердім.
  • Жоқ-жоқ-жоқ... Мұндай бағалармен училищеге емес, университетке бару керек.

Гүлшат Әмірқызының бұл сөздері мені таң-тамаша қалдырды. Университет деп айта салу оңай. Ал сен ол жерге оқуға түсіп көр! Мен педучилищеге барамын деген арманды айтқанда біздің тәрбиешіміздің қалай күлгені әлі есімде.

  • Мен ол жерде оқи алмайтын шығармын. Ол университет қой. Сөйлесіп отырған жан менің көзқарасымды өзгерткісі келді:
  • Қалайша оқи алмайсың? Оқи аласың! Көзіңнен көріп тұрмын — сенің қолыңнан келеді. Сен жақсы адам болып шығасың.

Әңгіме үстінде күш-қуат келіп қосылғанын, өзіме деген сенімім артқанын байқадым, бүгін-ақ университетке түсуге дайын болып кеткендеймін. Әңгімеміз аяқталғанда Гүлшат Әмірқызы маған өз қаламын сыйға тартты. Тура осы сәтте бөлмеге Мавлида Нұрғалиқызы кіріп келді. Ол маған бір қарады да Гүлшат Әмірқызына қарай көңіл аударып, күлімсірей қалды. Бірақ оның қолынан ұнатпаған кейпін жасырып қалу келмеді.

  • Ілияс, сен неге қонақтың уақытын алып жатырсың. Ол жолдан шаршап келді, — деді ол. — Гүлшат Әмірқызы, жүріңіз, шай ішеміз.
  • Рахмет, бірақ мен бұл жерге шай ішу үшін келген жоқпын.
  • Жүріңіз, жүріңіз. Шай суып қалады...

Ол кісіге орнынан тұрып директордың соңынан еруге тура келді. Есіктің алдына келгенде ол тоқтап, маған бұрылды.

  • Ілияс, саған айтқан сөзімді ұмытпа. Сенің қолыңнан барлығы келеді! Мүмкін Уфада кездесерміз әлі... — ол тағы да бірдеңе айтайын деп еді, Мавлида Нұрғалиқызы оны асықтырды да, екеуі бөлмеден шығып кетті.

Қонақтар кешке қарай бірақ кетті. Оларды шығарып салуға біз де шықтық. Егер олар келмегенде бізге мына жаңа киім-кешектер берілмейтін еді. Балалар үйі де мынандай адам танымастай болып өзгермес еді. Келгендер көліктеріне отырғанша Мавлида Нұрғалиқызы олармен көңілді сөйлесіп, барлығымен құшақтасып қоштасты. Біз болсақ есіктің алдында қонақтардың соңынан қол бұлғап тұрдық.

Көліктер көрінбей кеткен соң директор кең тыныс алып, риза көңілмен балалар үйіне енді. Балалар да оның артынан кірді. Бірақ ішке кірген соң бірден бәз қалпына түсті — бірден жылан шағып алғандай айқайлауға көшті:

  • Не деген ақылсыз балалар! Өмірінде кілем көрмеген олардан тағы не күтуге болады — таптап, барлығын кірлетіп үлгеріпсіңдер! Енді перделерді де жыртып тастайтын шығар! Егер тағы да қонақтар келсе ше?.. Жоқ, бұлай болмайды!

Сол сәтте-ақ әдемі кілемдер алынып тасталды, перделер бұрынғылармен ауыстырылды, терезенің алдындағы ваза мен ыдыстарды қайтадан қоймаға алып кетті. Тіпті балаларға берілген киімдер де қайта жинап алынды.

Министрге хат

Мен қонақтар кеткен күннен бастап өзімді қояр жер таппадым. Басымда тек бір-ақ ой — университет! Бірақ оған қалай түсуге болады? Қандай емтихандар тапсырады? Өзімді мазалаған шегі жоқ сұрақтарға жауап іздеп кітапханадағы түрлі журналдарды парақтап шықтым. Біреу-міреуден сұрауға батылым бармады. Сен шынында да сол жаққа барғың келе ме, бірақ ол жерде сені ешкім күтіп тұрған жоқ деп мазақтаса не істеймін?..

Менің ізденгенім бәрібір жемісін берді. Сол кезде тағы да бір мәселе шықты — университетке түсу үшін толық орта білім керек екен. Мен әлі тоғызыншы сыныпта оқып жүрмін. Университетке екі жылдан соң түсуге де болады ғой. Бірақ балалар үйінде 11-сыныпты бітіргенге дейін рұқсат берілген ешкімді білмеймін. Тоғызыншы сыныптан кейін барлығын техникумдар мен училищелерге жіберетін.

Қалай істеуге болады? Бұл сұрақ маған маза бермеді. Құлағымның түбінде Гүлшат Әмірқызының: «Сенің орның — университетте. Сенің қолыңнан келеді...» деген сөзі үнемі жаңғырып тұрды.

Мен енді балалар үйінің әлжуаз баласы емеспін. Қалай болғанда да тоғызыншы сыныптамын. Бұрын бізге тек үлкендер ғана тиісетін. Енді олар жоқ. Тәрбиешілер де қазір бізге қол көтере алмайды. Мүмкін тікелей директорға барып мені балалар үйінде мектепті аяқтағанымша тұрғызуын сұрасам ба екен? Егер рұқсат етпесе ше? Оның үстіне кәсіптік-техникалық училищеге барасың десе ше?! Жоқ! Ондай болса тоғызыншы сыныптан кейін құжаттарымды алып туған деревняма кеткенім артық. Ол жерде біздің өз үйіміз бар, мектепті аяқтағанша сол жерде тұрамын. Одан кейін — Уфаға кетемін!

Бірақ көп ұзамай бізді Мавлида Нұрғалиқызының өзі шақыртты. Біз бесеу едік. Директордың бір қызық әдеті бар еді — ешқашан адамның көзіне тік қарамайтын. Бұл жолы да көзқарасы біз жақта емес, төбеде, терезе жақта болды.

  • Бізге тез арада Уфаға есеп беруіміз керек, — деді ернін шүршитіп. — Сондықтан да сендерді шақырттым. Уақыт жоқ, жақында балалар үйінен кетесіңдер. Бізден қайсыңды қай оқу орнына жіберетінімізді сұрап ақпарат беріңдер деп жатыр. Қане, өз пікірлеріңді айтыңдар, — деп сол кезде ғана біз жаққа қарады.
  • Мен суретші болғым келеді, — деді үшінші топтағы қыз. — Оған көркесурет училищесінде оқытады екен.

Директор оған бірден жауап берді. Сөйлемей тұрып қатты күліп жіберді.

  • Сен арманда, бірақ орныңды біл, — деді ол күлкісін тыймастан. — Сенде, әрине, сурет бойынша «бес», бірақ басқа сабақтардың бәрінен «үш» қой. Мен сен үшін уфалық комиссияның алдында ұятқа қалғым келмейді.
  • Апай, маған мұғалім соған түс деп ақыл-кеңес берді, — деп қызарыцп кеткен қыз арманын қорғауға тырысты.
  • Жо-жо-жоқ! — Мавлида Нұрғалиқызы орнынан атып тұрып кетті. — саған сондай алысқа барудың қажеті қанша? Аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищеге бар. Сурет салуды ұнатасың ба — онда бояушының оқуын оқы. Мен, мысалға суретші мен бояушының айырмашылығын көріп тұрған жоқпын.

Сонымен, төрт түлекпен мәселе шешілді. Директор оларды аудандық училищеден ары жібергісі келмеді. Кезек маған да келді.

  • Ал, Ілияс, сен қайда оқығың келеді?

Мен оған өзімнің арманымды қалай жеткізетінімді білмедім. Сөздерім ауызымнан шығуға даяр тұр, бірақ оларды айту сондай қорқынышты.

  • Сен не, тіліңді жұтып қойғанбысың? — деп Мавлида Нұрғалиқызы қолымен үстелді ұрып қойды. — Әлде бұлттарда ұшып жүрсің бе?
  • Жоқ, — деп әрең сөйледім.
  • Қайда оқуға түсесің?

Барлығы тек маған қарады. Көздерінен байқап тұрмын, балалар да менің не айтатынымды тағатсыздана күтіп тұр. Не болса, сол болсын, шешімді ақырын ғана айттым:

  • Университетте.

Таңданысынан директор ауызы ашылған қалпы үнсіз тұрып қалды. Ол көзін менен басқаларға жүгіртіп, олардан қайта маған қарады.

  • Міне, сен жоғары ұштың-ақ! Байқа, ешкім естімесін — күлкіге қаласың! — деп дәптерін үстелдің үстіне тастады да қатты күлді. Одан кейін маған ренішті жүзбен тқарады да қарсылықпен райымнан қайтаруға ұмтылды, — сендердің пікірлеріңді сұрағанымыз ол армандарыңды орындаймыз дегеніміз емес. Сен сияқтыларды Уфада күтіп тұр екен! Екіншіден, біз он бірінші сыныпты аяқтағанша ешкімді балалар үйінде қалдырмаймыз. Сен не, ерекшесің бе?
  • Онда тоғызды бітірген аттестатымды алып өзімнің деревняма кетемін. Сол жерде орта мектепті аяқтаймын да...

Мавлида Нұрғалиқызы ары қарай сөйлетпеді:

  • Олай болмайды! Содан кейін сен үшін жауап беріп жүрер жайым жоқ. Жақында тәрбиешіңе педучилищеге түскің келетінін айтыпсың. Енді тіпті құтырып кеттің — университетке деп желігіп тұрсың.
  • Сіз өзіңіз сұрадыңыз ғой менің арманымды, содан кейін айттым.
  • Оны маған емес, білім министріне айту керек. Сондықтан мына тізімді тезірек жіберуіміз керек. Ал сен болсаң бұл жерде уақытты алып тұрсың, — деп директор ұрысуын ары жалғастырды. — Сен өзің шамаң жететін бірдеңе айтуың керек. Қане, университет туралы ұмыт, сені техникумға орналастырайық. Мысалы, электриктің мамандығы кімнен кем?
  • Ешкімнен кем емес. Бірақ ол маған ұнамайды.
  • Егер ұнамаса, ұнайтын болады!

Біз директордың бөлмесінен шықтық. Ешкімнің де көңіл күйі болмады. Бұл әңгімеден кейін мен тағатымнан мүлде айырылдым. Егер директор шынында да мені техникумға жіберсе не болады! Ешкім құжаттарымды қолыма бермейді. Бірақ қалай болса да мен Мавлида апайдың ұсынысымен келісе алмадым. Өзің жақсы көрмейтін іспен қалай айналысасың? Жарайды, оқып шығып, диплом алдым дейік. Ары қарай? Жаным қаламайды...

Ұйқысыз түндердің бірінде басыма бір тың ой келе қалды. Директор ана жолғы тізімді білім министрі талап етіп жатқанын айтып еді. Қызық, ол қандай адам екен? Оның да жүрегі бар шығар. Әлде министрдің өзіне хат жазып көрсем бе екен?

Келесі күні ол жайында мұғалімдерден сұрастырып алдым. Министрліктің мекен-жайын да тауып алдым. Ешкім ол жайында білмеуі үшін бөлмеде өзім ғана қалған кезде хат жазуға отырдым. Бірінші мен өзімнің кім екенімді, қайдан екенімді, қалай оқитынымды айтып таныстырдым. Маған қандай пәндер ұнайтынын да жаздым. Өзімнің университетке түскім келетін ойымның бар екенін де хабарладым. Директордың оған кедергі болып тұрғанын, тіпті менің туған деревняма да жібергісі келмейтінін де жаздым. «Орта білімді алған соң мен өз күшіммен университетке түсетін боламын, бірақ, сізден өтінерім — менің 11 сыныпты аяқтағанымша балалар үйінде тұруыма көмектесуіңізді сұраймын», — деп қорыттым.

Бір ай өтер-өтпестен бізге Уфадан министрліктің өкілі келді. Сөйлесу үшін мені директордың бөлмесіне шақырып алды.

  • Егер Ілияс осылай оқығысы келсе, қалсын, — деді әлгі әйел. — Оның қалауына кедергі жасамайық. Шынында да, оның қолынан келер...

Ақырында сыныптастарым тоғызыншы сыныпты аяқтап кетіп жатқанда мені балалар үйінде қалдырды. Бірақ министрге жазған хатым үшін маған көп рет таяқ жеуге тура келді.

Туған үйдің табалдырығында...

Бүгін өте ерте ояндым. Басталатын күн маған не дайындап тұр екен? Бұл сұрақ маған түні бойы маза бермеген еді. Өйткені мені алаңдатар оқиғалар күтіп тұр. Бүгін туған деревняма барамын. Үйіміз қандай жағдайда екен? Ауылдастарым мені таныр ма екен? Көршілеріміз тірі ме екен? Сол жолғы милиционердің бізді алдап үйімізден алып кеткен күнді есімде жақсы сақтап қалыппын, бейне бір кеше ғана болғандай. Бірақ бірнеше жыл өтті. Сол кезде қалада оқып жүрген екі ағам мен үлкен әпкемнің бүгінде өз отбасылары бар. Олар жыл сайын бізге келіп тұрды. Тоғызыншы сыныптан кейін Әлия мен Алсу балалар үйінен кеткен. Бүгінде мамандықтарын оқып жатыр. Бұл жерде Зульфира екеуіміз ғана қалдық. Уақыт өткен сайын бәрі өзгереді. Бұрын көңілге келер әрбір сөзден жылауға дайын тұрушы едік. Енді мұндай жайларға етім үйреніп алды. Әкем мен анамды да көзіме жас алмай есіме ала беремін. Бәлкім жылайтын жасым қалмаған болар.

Міне енді 11-сыныпты сәтті аяқтадым. Бірнеше күннен кейін Уфаға университетке түсуге алып барады. Үлкен сапардан бұрын туған үйіме баруға шешім қабылдадым. Енді мен өзіне-өзі жауап бере алатын адаммын. Кезінде тіс дәрігеріне қашып баратын кезде Амиляның көмегіне жүгінуге тура келген болатын. Қазір бәрі басқаша. Айтпақшы, Амиля 9-сыныптан кейін училищеге түскен, тігінші болып шығады. Біз хат жазысып тұрамыз. Біздің жазалаушымыз Даян да балалар үйінен кеткен. Әйтеуір оны техникумға орналастырған, ол жайлы басқа ештеңе білмеймін.

Тезірек автобус келсе екен! Бұл көптен күткен күннің әр минуты мен үшін өте құнды, қымбат қой. Енді біраздан соң үйде боламын. Әлі күнге дейін өзіме-өзім сене алар емеспін. Жүрегім кеудемнен секіріп кетуге даяр. Жаным ең таза, нұрлы сезімдерге толы. Ауа райы да менің көңіл күйіме сай.

Өршіп бара жатқан шуға қарай бұрылып қарадым. Қоқыс контейнерінің жанында екі бомж бір-бірімен ұстасып қалды. Біреуі қолында бос бөтелке ұстап тұр, екіншісі оны тартып алмақшы.

  • Бермеймін, — дейді әлгі жасы үлкенірегі. — Мен бірінші тауып алдым оны. Бар, өзіңе басқа жерден ізде.
  • Бер деймін, әйтпесе сазайыңды тарттырамын!

Бөтелкені тартып алғысы келіп тұрған бомжды бір жерден көрген сияқтымын. Кір-кір футболка мен шалбар киіп алыпты. Сақал-мұрты көптен бері алынбаған, маскүнемдіктен беті ісіп кеткен, көзінің асты көгерген... Өмірде бірінші рет бомждарды жақыннан көріп тұрмын, бірақ анау жастауы маған біреуді есіме салып тұрғандай. Еріксізден соларға қарай екі қадам аттадым да кенет Даянды таныдым! Иә, иә, міне маңдайындағы меңі де сол. Бұл кезінде мені қар мен мұздың үстінде жалаң аяқ жүгірткен, менің досым Фаритті екінші қабаттан лақтырып жіберген сол баяғы Даян болатын! Жек көрушілік сезімі мені тез бұрылып кетіп, бомжардың жанынан тезірек кетіп қалуыма әсер етті. Олар болса бос бөтелке үшін ұрсысқандарын ары қарай жалғастырып қала берді...

Деревняға келісіммен бірінші кезекте бейіт басына бардым. Бұл жерде менің ең жақын жандарым жатыр. Бұл жер менің ата-анамның дамыл тауып жатқан жерлері. Зираттардың аумағына оң аяғыммен бастап аттадым. Бүкіл денемді жеңіл діріл басып, жүрегім тез соғып кетті. Ата-анамның бейіттерін тез таптым. Әкемнен айырылғанда біз күн көре алмаймыз деп ойлаған едім. Бізге қалай қиын болса да ата-анасыз өмір сүруді үйрендік. Бірақ оларды ешқашан ұмытқан жоқпыз. Олар ылғи жанымызда сияқты болып тұратын.

Бейіттері қаралған, тіпті гүлдер отырғызылған екен. Демек ағаларым мен әпкелерім бұл жерге келіп, қараусыз қалдырмаған екен.

  • Рахмет сендерге! — дедім өзімнен-өзім күбірлеп. Әке, сен үйреткендей біз үнемі бірге болуға тырыстық. Балалар үйінде де бір-бірімізді қолдап отырдық. Анашым, мен сені ешқашан ұмытқан емеспін. Сенің аяулы жүзің ылғи менің көз алдымда... — осы кезде анам фотосуреттен маған күлімдеген сияқты болды. Кішкене кезімде анамның менің шашымнан аялы алақанымен сипағанындай жылы леп есті. Көп жылдардан бері бірінші рет бейіт басында маған жеңіл болып, жаным жай тауып қалды. Жүрегіме жақын жандармен ойша сөйлескен соң деревняға қарай шықтым.

Үйімізге дейін санаулы қадамдар ғана қалды. Қазір бұрылысқа дейін барсам ары қарай біздің көше басталады. Қара шаңырағымыз қандай күйде екен? Бәрі жақсы болса екен деп қайталаумен болдым.

Әйтсе де туған үйімді бірден танымай қалдым. Қақпа баяғыда-ақ күнге оңып кеткен. Терезелер сынған... Аулаға кірдім — босап қалғандықтан жаным жабырқап кетті. Үйдің ішінде мүмкін бәрі бұрынғыдай болар деп үміттендім. Алайда үйдің есігі айқара ашық. Абайлап бөлмеге кірдім де қол-аяғым байланғандай тұрып қалдым. Үйде түк те қалмаған. Тіпті үй пешінің темір бөшектеріне дейін алып кеткен. Тек бір төсек қана қалыпты. Ол үйдің ішіндегі өтпе желден жалынышты сықырлап тұрды...

Бұл не болғаны? Бұл жерде ешкім тұрмағандай. Мен болсам бұл жерден отбасылық фотосурет көрем бе деп армандағам. Демек, ол арманның орындалмағаны ғой. Үйде бір де бір бүтін нәрсе қалмаған екен. Кезінде әкем маған бірдеңе берем деген еді, енді ол не нәрсе екенін ешуақытта білмей кететін шығармын. Ол өзі үшін ең қымбат нәрсе деп айтқан болатын. Балалар үйіндегі ең қиын сәттерде мен оны ұмытқан жоқпын, күндердің күнінде үйден тауып аламын деп армандадым. Бұл арман маған жақсы оқуға күш-қуат беріп, әкем тапсырғандай тәртіпті болуым үшін ынталандырып жүрген еді. Бүгін бұл арманым да қайырылмай өтіп кетті. Мен есіктің алдына келіп отырып, еріксіз жасқа булықтым...

Жақын жандарыма бардым, үйді көрдім — енді қайтадан балалар үйіне де қайтуға болады. Ертең мені Уфаға алып барады, демек кешікпей жетуім керек. Мен қақпадан шығып бара жатқанда көшеде бір қарт кетіп бара жатқан еді, кенеттен аялдап тұрып қалды.

  • Маған елестеп тұр ма, әлде бұл шын ба? — деп ата ұзын сақалын сипады, — Ғиззаттың кіші баласысың ғой, шамасы?
  • Иә, кішкентайымын, — деп жауап бердім оған жақындап келіп.
  • Мәссаған! — ата екі қолын жайып жіберіп күлді. — Қаншама жылдар өтті! Аллаға шүкір, күткеніме! — Ол мені құшақтап, арқамнан қақты, тіпті аздап көзіне жас та алды.
  • Ал сен мені танисың ба? — деп сұрады ол.

Ештеңе деп жауап бермедім — ыңғайсыздандым, ол мені таниды, ал ол менің есімде жоқ.

  • Мен Рамазан атамын, — деп ол маған көмектесті. — Қазір деревнядағы ең үлкені менмін. Сендер кішкене болдыңдар, сондықтан есіңде жоқ шығармын. Әкеңді соңғы сапарға шығарып салған едім. Жуып-шайып, кебіндеп, жерлеуге қатыстым. Эх, өмірден ерте кетті, өте ерте...

Мен оның соңғы сөздерін қостағандай басымды изедім.

  • Жүре ғой, балам, мен саған бірдеңе беруім керек, — деп ата таяғына сүйеніп алға адымдады. Мен оның жанына ердім.

Үйіне келген соң ата маған отыруымды сұрады, өзі болса сандықтағы заттарын ақтаруға кірісті. Қайта-қайта өзіне-өзі сөйлеп жүр:

  • Не деген ұмытшақ бас бұл! Мында қойған сияқты едім. Қайда кетуі мүмкін?

Қызық, Рамазан ата ол жерден не іздеп жатыр? Сандыққа салып қойғанына қарағанда, демек маңызды зат болғаны. Ата көбірек іздеген сайын маған да соғұрлым қызықтырақ бола түсті.

  • Міне-міне! Таптым!

Ата қуанып келіп жаныма отырды. Ол өзінің тапқан нәрсесін алақанында ұстап тұрып маған көрсетуге асықпады. Арыдан бастады:

  • Сен қазір қай сыныптасың, балам?
  • Он бірінші сыныпты аяқтадым. Енді университетке түсуге дайындалып жүрмін.
  • О-о-о! Жақсы, керемет! Әкелерің өмірден қайтқанда сендер кішкене болдыңдар. Жаны қиналып жатқанын естіген соң оған барған едім. «Байқаймын, әл-дәрменім кетіп барады, — деді ол. — Егер олай-бұлай болып кетсем мына нәрсені кішкене ұлым Ілиясқа берші». Содан соң көп ұзамай қайтыс болды. Мұны мен саған беруге үлгермедім — сендерді апыр-топыр балалар үйіне алып кетті. Кемпірім өмірден қайтқан соң әкеңнің аманатын орындай алмай мен де өліп қаламын ба деп қорықтым. Жоқ, Аллаға мың да бір шүкір! — Ата маған көзіме тік қарап тұрып қолын созды. — Мә,ұлым, әкеңнің естелігі ретінде қабыл ал.

Алақанында тұмар жатты! Міне, әкемнің маған бергісі келгені осы екен. Асқан жауапкершілікпен, саусақтарым дірілдеп тұмарды қолыма алдым.

  • Сақтап, қорғап жүр оны, Ілияс, — деді Рамазан ата. — Бұл жай нәрсе емес, тарихи жәдігер. Мұнымен сенің атаң соғыстан тірі қайтқан. Иә, иә, бұл тұмар жарты Еуропаны аралап қайтқан. Қайтыс боларының алдында мұны атаң сенің әкеңе берген. Енді міне, Ғиззаттың өтініші бойынша оны саған тапсырамын.
  • Рахмет, ата, сізге көп рахмет! — қуанышымды жасыра алмай атаны құшақтай алдым.
  • Сенің атаң да, әкең де жақсы адамдар болды. Бүкіл деревня оларды құрметтеп, сыйлады. Осы тұмарға сен де адал бол — жақсы өмір сүр, адал бол, ата-бабаларыңның жандары сенің жаман мінездерің мен жаман істеріңе қиналмайтын болсын.
  • Иә, ата, түсіндім бәрін.
  • Сен қалай деп едің, увенисер...
  • Университет, — дедім күлімдеп.
  • Иә, иә. Соған түсуге тырыс, — деп ата да күлімсіреді. — Аудандық газеттен сендер туралы мақалаларды оқып ылғи қуанып жүрдік. Қарашаңырағыңды ұмытпай, осыншама жылдардан соң іздеп келген сен жарадың. Байқауымша, осы жолыңда көптеген сынақтар да болған сияқты. Аллаға шүкір, сен бәрінен өте білдің. Уфада да емтихандардан ойдағыдай өтіп кетесің деп ойлаймын...

Рамазан ата шай әзірледі. Керемет дәмі бар бұлақтың суы мені алыста қалған балалық шаққа қайта әкелгендей. Әлденіп алған соң мен жолға жиналдым.

  • Отбасылық тұмарды үнемі сақтап жүр, балам! — деп ата қол бұлғап қош айтысты.

Кештен бастап ертеңгі сапарға дайындала бастадым. Қоймадан азық-түлік бөлді: екі килограмнан күріш, қарақұмық, макарон, бір килограмнан қант пен кәмпит. Жаңа шұлықтар мен дәптерлер, қаламдар берді. Алдын-ала көйлегім мен қысқа жеңді мектеп формасын жуып қойдым. Барлық азық-түліктер мен заттарды салып алатын тек қана жол сөмкесі ғана болмай қалды.

  • Бізде қанттан босаған қаптар көп, ал, — деп қоймадағылар айтқан соң бүкіл «дүние-мүлігімді» сондай қапқа салуға тура келді.

Менің туған ауылым болмаса да Сальманово да менің өмірімнің бір бөлшегі болды. Бұл жерде жақсы достар таптым, мектеп меніңқалыптасуына әсер етті. Мұғалімдерге көп рахмет! Олар барлық оқушыларға бірдей қарады. Сен ауылдағы отбасынансың ба, балалар үйіненсің бе — бәрібір болатын бәріне бірдей талап қойды. Сондықтан болар, оқу жеңіл болды. Барлығына алғыстан басқа айтарым жоқ.

Мен енді бұрынғы Ілис емеспін. Әрбір ісіме жауап бере аламын. Ал балалар үйіне кіп-кішкене марғау сияқты кезімде келген едім. Райфа апай да, Флюра тәте де, достарым да менің көзімді ашты. Солардың айтуы бойынша қорытынды шығарып отырдым. Керек кезде үлгі алдым.

Алғашқы кезде «мемлекеттің киім-кешегін қайтар», «сені мемлекет асырауда» деген сөздерді естігенде қатты ыңғайсызданатынмын. Мемлекет деген кім екен деуші едім. Енді ғана ол сұрағыма жауап таптым: мемлекеттік есеп — жалпылалықтық қазына екен ғой. Ал мен оны бұрын бір бай адам деп елестететінмін. Бізді ұзын немесе қысқа, өте жұқа киімдермен киіндірсе де мемлекет үшін алғысым шексіз. Демек барлық халыққа да. Ата-анамыз қайтқан соң сол ғой бізді көшеде қалдырмай, қанатының астына алды, аяққа тұрғызды. Сол үшін мен барлық адамдардың алдында қарыздармын.

Уфаға бара жатқан жол бойы мен осы жайында ойланып бардым. Қызық, мұндай ойлар қайдан шығады?! Солайша мен туған мекен болған жерлермен қоштасқан болармын.

Астанаға директор Мавлида Нұрғалиқызымен бірге бара жаттық. Жол бойы ол маған бірде-бір сөз айтпады. Уфаға келіп, үлкен ғимараттың алдына тоқтадық.

  • Мынаны ал, — деді директор менің қолыма салмақты бір қорапты беріп тұрып. Оны кетер кезімізде балалар үйінің қоймасынан алып шыққан болатын. Егер онда құжаттар болатын болса қорап жеңілдеу болар еді. Онда екі толы қалтамен тәттілер бар екенін байқадым.

Директордың соңынан ердім. Үлкен есікті ашып ішке кірдік. Ішінен қарағанда ғимарат тіпті әдемі болып көрінді. Дәліздің екі жағында көп бөлмелер бар екен. Бұл жерде үлкен бастықтар жұмыс істейтін болар. Екінші қабатқа көтерілер жерден солға бұрылып дәліздің соңына дейін жүрдік. Осы жердегі темір есіктің алдына келгенде Мавлида Нұрғалиқызы өзіне-өзі келу үшін сәл бөгеліп қалды. Осы жерде үнемі қату жүретін директордың қабағы жадырап, жүзіне күлкі үйірілді. Есіктің ішінен бізді әйел адам қарсы алды.

  • Қайырлы күн, қамқоршымыз біздің, — деп Мавлида Нұрғалиқызы амандасып жатыр. Қалай білмегенмін, біздің директор басқа адамды осылайша жылы қабылдай алады екен ғой. Мен оның мұндай кейпін бірінші рет көрдім.
  • Сәлеметсіздер ме, сәлеметсіздер ме, — деп әйел көзілдірігін шешіп жауап берді.
  • Мен біздің таулы ауданнан сұлулардың сұлуына, ақылдылардың ақылдысына, педагогтардың педагогына ыстық сәлем әкелдім, — директордың мұндай шешендік сөздері мені таң қалдырды. — Кікентай ғана сәлемдеме — сыйлықты қабыл алыңыз.

Бұл сөздерден кейін тәкәппар әйелдің көздері жарқырап кетті.

  • Рахмет, — деді ол, біресе қорапқа, біресе маған қарап. — Мен ылғи сізді басқа балалар үйінің директорларына үлгі етіп айтып отырамын. Жолдың алыстығына қарамастан Уфаға жиі келіп тұрасыз. Ылғи ізденісте жүресіз.

Мавлида Нұрғалиқызы қысылған қалып танытып, қолын жайды:

  • Барынша тырысып жүрміз.
  • Айтпақшы, Мавлида Нұрғалиқызы, сізді мемлекеттік марапатқа ұсынсақ па дейміз. Мен өзім айналысамын онымен. — Бұл сөзден соң директор тіпті еріп кетті. Менің арқамнан қалай қаққанын өзі де білмей қалды-ау деймін. Мавлида апай да мейірімді бола алады екен ғой! — ал қазір біздің жаққа қандай жұмыстармен келдіңіз? — деп бөлменің иесі сұрақ қойды.
  • Кандидаттық диссертациямды бастайын дегенмін. Айтып-айтпай не керек, тәжірибем жеткілікті.
  • О-о-о, қолдаймын және табыстар тілеймін. Ал мынау жасөспірім кім?
  • Менің балаларымның бірі, — деп Мавлида Нұрғалиқызы күлген кейіп танытып басымнан сипады. — Әйтеуір бірдеңе қылып университетке түсуіне көмектескім келеді. Осы баладан бірдеңе шығатын сияқты. Бұл баланы бірдеңе қылып университетке тықпасам мен болмай кетейін.
  • Сіздің жаныңыздың жомарттығына таң қалуды тоқтатпаймын. Нағыз педагог осындай болуы керек.

Содан кейін менің дәлізге шығуымды өтінді де өздері бірдеңе жайлы ұзақ әңгімелесті. Байқаймын, Мавлида апай өз мақсатына жеткен сияқты — бөлмеден өте риза болып шықты. Көлікке тағы да отырып бір жаққа кеттік. Мен университетті көргім келіп шыдай алар емеспін.

  • Апай, университетке қашан барамыз? — дедім мен ұзақ үнсіздіктен кейін.
  • Ой, иә! Мына құйрық маза бермейді. Көлікті тоқтат, — деп бұйырды жүргізушіге, — Келдік, көліктен шық!
  • Университет қайда?
  • Асықпа, тыңда мені. Міне, сенің құжаттарың. Аттестатың да, барлық анықтамаларың да осында, — деп маған кішкене папканы ұсынды. — Міне саған 500 рубль, өмір сүруіңе. Егер дұрыстап жұмсайтын болсаң жетеді. Бір бөлке нан 15 рубль тұрады, демек мына ақшаға біраз өмір сүруге болады.
  • Сіз мені университетке апармайсыз ба? Мен ол жаққа қалай бару керек екенін білмеймін ғой...
  • Түк білмегенсінсінбе! Менің сыртымнан министрге арыз жазғанда ешкімнен ақыл-кеңес сұраған жоқсың ғой! Сенің тілің ұзын. Сондықтан университетті өзің тауып ал! — директор көлікке отырды да есікті тарс етіп жауып алды, олар ары қарай кетіп қалды.

Бірінші рет үлкен қаладамын. Таныстарым да, жақындарым да жоқ. Университетке қалай жетсем екен? «Горсовет» деген аялдамада ұзақ тұрып өзіме-өзім келе алмадым. Жолаушылар маған таңдана қарасып кетіп бара жатыр, шамасы қап көтерген адамды алғаш көріп тұрған болулары керек.

Асығу керек, кеш түсейін деп қалды. Шіркін, қолымда қаланың картасы болғанда ғой... Киоскіде бар-ау бәлкім. Елу рубльге Уфаның картасын сатып алдым, ол жерде жоғары оқу орындарының мекн-жайлары мен оған қалай жету керектігі белгіленген. Жақсы болды! Мен таңдаған университет Телеорталықтың жанында екен. Алыстау, жаяу жүрсең бір күнде де жете алмайсың. Жолдың арғы жағына өттім де автобусқа отырдым.

Ақыры армандаған оқу орныма келдім. Болашақ мұғалімдер білім алатын жер осы жер екен ғой. Қабылдау комиссиясына кірдім, қажетті құжаттарды тапсырдым, өтініш жаздым. Қолхат беріп барлық құжаттарымның көшірмелерін алды.

  • Емтихан болатын күні келіңіз. Ал қазір бара беріңіз, — деді маған бір маман. Бірақ мен бөлмеден шығуға асыққан жоқпын. Қайда барарымды білмедім. Емтихан болатын күнге дейін көшеде қаңғырып жүре алмаймын ғой. Ақыры әлгі әйелге бәрін түсіндірейін деп оқталдым.
  • Алаңдама, қазір студенттердің кәсіподағына барып сенің тұратын жеріңнің мәселесін шешеміз, — деді ол. — Жетімдерге жатақханаға тегін беріледі. Менің соңымнан ер.

Бір сағаттан соң мен жатақхананың үш кісілік бөлмесінде демалып жаттым. Жолдан шаршап жатып өмірде жақсы адамдардың көп екеніне қуандым.

Міне, астанаға келдім, университетке құжаттарымды тапсырдым, жатақханадан орын алдым. Ендігі менің мақсатым — емтиханды жақсы тапсырып шығу.

Жатақханадан ешқайда шықпадым деуге де болады — жақын жердегі дүкенге барып, қайта бөлмеме келіп отырдым. Күндіз де, түнде де оқи бердім. Маған босаңсуға болмайды. Егер оқуға түспей қалсам үлкен масқара болады! Мавлида Нұрғалиқызы онда қуанады, менің аты-жөнімді бәріне айтып мазаққа айналдырады. Жоқ, олай етуге болмайды! Қалай болса да мен университетке түсуім керек! Кейде кітабымды қолыма ұстап ұйықтап жүрдім. Осылайша өткенді қайталаумен бір аптадан артық уақыт өтті.

Екі емтиханды мен «үздік» тапсырдым. Қуанышымда шек болмады, бірақ оны бөлісетін айналамда ешкім болмады. Басқаларды ата-аналары күтіп тұрды. Ал менімен бірге қуанатын адамның болмауы да маған ауыр тиді. Орыс тілінен диктант жазу мен ана тілінен шығарма жазу ешқандай қиындық туғызбады. Ал енді тарихпен қиындау болды. Ақпараттардың көптігінен басымда бәрі ауысып кетті. Ертең таңертең — соңғы емтихан. Тізем қалтырап қорықтым. Жылдардан шатаспасам екен. Қолыма тұмарды алып, білетін барлық дұғаларымды қайталадым:

  • О,Аллам, өтінемін, сұраймын, көмектесе гөр маған. Менің жоғары білім алғым келеді. Менің дұға-тілектерімді қабыл ете гөр...

Емтиханда бәріне сұрақтар жазылған қағаздар үлестіріп берді. Жауаптарын да сол жерге жазуымыз керек болды. Иә, соңғы емтихан бәрінен қиын болды. Жауаптарымның дұрыстығына өзім де күмәндана бастадым. Көп ойланған да артық екен. Профессор болса үнемі қатар-қатармен жүріп талапкерлерді бақылаумен болды. Бір жігітті шпаргалкамен ұстап алып, аудиториядан шығарып жіберді. Сол сәтте менің жүрегім кеудемнен секіріп кетердей атқақтап кетті!

  • Уақыт бітті, жұмыстарыңды өткізіңдер! — деп емтихан алушы хабарлады. — Ертең осы аудиторияда жиналамыз. Емтиханның нәтижесін хабарлайтын боламыз!
  • Маған сол тәулік бір жылдан да артық болып көрінді. Түні бойы ұйықтай алмай дөңбекшіп шықтым. Ойыма не келмеді десеңші! Соңғы емтиханнан ұшып кетсем не боламын! «Кезінде кәсіптік-техникалық училищеге орналастырайын дегенде тыңдамап едің, жалын енді маған» — деп директор мәз болады. Ұят-ай! Таңертең ерте мен университет табалдырығында тұрдым...

Белгіленген уақытта бәріміз аудиторияға кірдік. Қолында қағаздары бар кешегі профессор да келді. Онымен бірге декан, яғни, факультеттің басшысы да кірді.

Декан емтиханды жақсы тапсырып, қорытынды баға бойынша оқуға түскен талапкерлердің аты-жөндерін оқып жатыр. Біреуінен кейін біреуі аты-жөндерін естіп, орындарынан тұрып оқытушыларға алғыстарын жаудырып жатыр. Кейбіреулер қуаныштан шапалақ соғып, орындарында секіріп жүр. Енді біреулер қуаныштың көз жасын тоқтата алмауда. Он тоғыз фамилияны айтты. Он шақты адамның бастары төмен түсіп кетті.

Менің аты-жөнім де айтылмады... Армандарым бітті осымен! Енді заттарымды жинап, балалар үйіне қоңырау шалу ғана қалды. Қалтамда ақшам да қалмады. Мұғалімдердің көзіне қалай қараймын? Мен үшін әлі балалар үйінде жүрген Зульфира да ұялатын болды.

  • Назар аударыңыздар! — депайқайлады декан, шуылдаған аудиторияны тыныштандыру үшін, — кешіріңіздер, мен тағы бір адамның аты-жөнін ұмытып кетіппін. Ілияс Мұхаметов осында ма?

Қолдарым дірілдеп, тілім де күрмеліп қалды:

  • О-о-осында! — деп орнымнан тұрдым.
  • Құттықтаймын! Сізде де «бес». Бүгіннен бастап біздің университеттің есіктері сіз үшін айқара ашық!

Бұл сөздерден кейін қандай сезім кешкенімді бірдеңе етіп жеткізу де артық болар. Мен бақыттан басым айналып аспанның жетінші, жо-жоқ, мыңыншы қабатында ұшып жүрген шығармын!

Аударған Саят Қамшыгер.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар