Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Айгүл Үсен. Әдебиеттегі «кішкентай адамдар»...

07.09.2018 7436

Айгүл Үсен. Әдебиеттегі «кішкентай адамдар»

Айгүл Үсен. Әдебиеттегі «кішкентай адамдар» - adebiportal.kz

(Б.Майлин мен А.Чехов әңгімелері негізінде)

Б.Майлин – өз қоғамы мен дәуірінің шынайы суретшісі әрі қатал сыншысы. Жазушылықты өз қоғамының мәселелеріне белсенді үн қосып, өз түсінігі мен таразысы арқылы бағалап, өз уақыты мен болашаққа оқу арқылы ой түйіп, ой түю арқылы қоғамды түзетпекті мақсат еткен Бейімбет шын мәнінде өте көреген, қырағы да шыншыл, батыл қаламгер еді.

Жазушы қаламынан қайбір шығармасын алсаңыз да өз қоғамының мәселеріне тереңдей еніп, батыл талдау жасап, дәлдікпен суреттей білген. Қандай бір болмасын тақырыпты боямасыз дәлдікпен суреттеу, кейіпкерді бар болмысымен шанайы жасау Бейімбетті өзгелерден ерекшелейтін қасиет. Қоғамының диагнозын дәл қойып, оның шипасы мен дертін оқырманға қалдыру, сол қоғамды жасаушы адамдарға ескерту, ашық айту Бейімбеттің қол жеткізген табысы. Орыс әдебиетінде А.Чеховпен сабақтастыра талдаудағы мақсат екі жазушының өмір мен өнерге деген көзқарас жақындығы, көркемдік әдістің ұқсастығы, тақырып пен идеяның жақындығы, стиль мен тіл жақындығы ерекше байқалады. Екі қаламгердің өнерге қойған талабы, өздерінің қоғамдағы орны мен өмірлік, шығармашылық ұстаным мәселесі екеуін де ұлттық әдебиеттегі зор ролін айқындап, ерекше орнын анықтап берді.

А.Чехов – әлем әдебиетінде өз орны бар қаламгер. Б.Майлин қазақ елінің кеңестік империализм құрсауында тұншыққандығына байланысты көрші елдерге де таныла алмады. Саясаттың көркемөнер мен қаламгерлерге, тұтас ұлт пен халыққа жасаған қиянатын терең сезінген халықтың бірі – қазақ. Сөз өнері – өнер атулының төресі бола отырып, сан ғасырлық бай рухани мұрасы бола тұрып, шетелге белгісіз, үнсіз әлем болып келген едік. Кеңестік идеологияның қатаң сыны мен цензурасын талантты қаламгерлер де, небір терең, көркем, шынайы шығармалар да шыға алмасы анық. Оны тек уақыт пен халық қана биікке көтереді. Талай жылдар өтіп, еркіндікке шығып, тәуелсіз ел болған Қазақ елі сол біртуар асыл тұлғалардың орыны айқындап, ақиқатын танып, бағасын беріп, биікке шығаратын уақыт жетті.

Сондықтан әлемдік сөз өнерінің биігінде тұрған А.Чехов пен Ф.Кафка шығармашылығы мен Бейімбет шығармаларын қатар қоя суреттеу, қазақ халқының да биігін табудың маңызды мәселесі екені белгілі.

Бұл үш қаламгер кішкентай адамдардың өміріне назар аударады. Олар үшін өмірді көркем шығармаға тән пафос пен көркемдік идея тұрғысынан емес, барынша «жалаңаш» көрсету, адамның ішкі дүниесіндегі шынайы үдерісті көрсету басты мақсат болды. Сондықтан бұл қаламгерлердің шығармалары қоғамын, уақытын «жалаңаштай» көрсеткен, адамдарының ішкі әлемін «теріс аудара» көрсеткен аса шыншыл туындылар екеніне күмән жоқ. Қоғам мүшелерінің проблемаларын қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен арман-мұраттарын көркем шығармаға арқау ету орыс әдебиетінде ХYIII ғасырда басталған-ды. Карамзиннің «Бейшара Лиза» шығармасындағы кейіпкерлердің қарапайым өмірі мен тұрмыс-тіршіліктерінің түйіткілдері басты позицияда көрінген-ді. Кейін А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гоголь, Ф.Достоевский, А.Чехов ештеңемен ерекшелене қоймайтын қарапайым адамдардың өмір иірімдеріне үңіліп, олардың ішкі сарайын ашуға назар аударды. Осының арқасында орыс әдебиетінде «кішкентай адамдар» деген бейнелердің категориясы пайда болып, реализм принциптері алға шықты.

Прозалық шығармалар көркем бейнені жасау мен көркем идеяны беру арқылы ерекшеленеді. Кей шығармалардың құрылымында шарттылықтар көп болса, кейбірінде ондай көркемдік шарттылықтар бой көрсетпей, өмірдің өзін көшіре салғандай әсер қалдырады. Бірінші сипатты шығармалардың мақсаты сол көркемдік әлемге жинақтай берілсе, екіншілерінде жинақталған көркем шығарма әлемі өмірдегідей шашырап беріледі. Сондықтан біріншіден екіншісінің пафостық сипаты төмен, образдылығы қанық емес сияқты. Мысалы, қазақ әдебиетінің ірі өкілдері Б.Майлиннің «Түйебай» әңгімесі мен М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімелері екеуі де әлеуметтік тақырыпты көтереді. Кейіпкерлерінің де тағдыры ауыр. Жазушылардың көркемдік әдістері мен стильдік ерекшелігіне қарай әртүрлі сипатта. М.Әуезов шығармасында тақырыпты терең әрі эмоционалдық-экспрессивтік сипатын қоюландырып, қорғансыздық тақырыбын терең ашуды мақсат етсе, Бейімбет жоқшылық пен қорғансыздықты өмірге жақын бейнелеуді мақсат етеді. Екі кейіпкердің қасіреті жақын, екі жазушының стильдік ерекшелігі мен көркемдік әдісіне сай әр бейне өз болмысымен көрінеді. Сол сияқты Чехов те өз қоғамының прозалық, тұрмыстық қалпын терең ашуды көздейді. Оның кейіпкерлері өз қоғамының сан түрлі адамдары. Олар адами шынайы қалпымен тәнті етіп қана қоймай, пафос пен поэтикадан алыс күйбең тіршілікті күйттеген адамдар.

Чехов шығармаларындағы кішкентай адамдар өзінің кішкентай өмірін сүріп жатады. Оларға көп нәрсе керегі жоқ, сол барына қанағат қылып, тыныш өмір сүріп жатады. Сол кішкентай адамдардың елеусіз өмірі мен қара басын күйттеген мінез-құлықтарынан қоғамның тынысын сездіре біледі. Сондықтан кішкентай адамдар – Чеховтың сатиралық шығармаларындағы басты кейіпкерлер. Ал Бейімбет шығармаларындағы кішкентай адамдар – өз күйбеңімен жүрген қарапайым адамдар.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы прозаның шеберлері Ж.Аймауытов, Б.Майлин және М.Әуезов болды. Олар өз шығармаларында қазақ халқының өмірін еш саясат пен идеологияның ықпалынсыз, шынайы көрсетуді мақсат етті. Қазақ өмірінің бар қырын боямасыз көрсетуді міндет санады. Ол қарапайым адамдардың, кішкентай адамдырдың тағдырынсыз, олардың сан қилы образдарынсыз шынайы көріне алмасы анық. Сондықтан бұл қаламгерлердің шығармашылығындағы кішкентай адамдардың бейнесі санқырлы, тағдыры да қилы, деңгейі де түрлі.

Әдебиетте кішкентай адамдардың бейнесінің жасалуы Н.Гоголь, Ф.Достоевский, А.Чехов шығаармаларында кең өріс тапты. Реалистік әдебиеттің принциптері әдебиетке тереңдеген сайын кішкентай адамдардың бейнесін жасау өзекті бола түсті. Адамдарды қоғамдық арқауда таныту үшін кішкентай адамдардың проблемаларын шынайы көрсету маңызды. Олардың тұрмыс-тіршілігі мен ой-армандарын шынайы тану арқылы қоғамдық сананың шынайы болмысын тануға болады. Класссикалық реалистік проза адам проблемаларын қоғамдық дамудан, сыртқы фактордан іздейтіні белгілі. Қоғамдық орта, қоғамдық сана, қоғамдық мінез құлықты саралай отырып, адамның ішкі және сыртқы қайшылықтарын таныту – 19-20 ғасырдағы әдебиеттегі негізгі проблемалардың бірі болды.

Елеусіз адамдардың шынайы бейнесін прозаларында шебер жасаған жазушылардың алғашқысы А.Пушкин болды. Ал қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың басында ғана дами бастаған проза жанры да реалистік принциптерге негізделді. Б.Майлин, Ж.Аймауытов, М.Әуезов шығармаларында сол кезеңдегі түрлі кейіпкерлердің образдары жасалды. Реалистік принциптер бір болғанмен, әр жазушының стильдік ерекшелігіне сай шығарма композициясы, тілі мен көркемдік жүйелері түрліше өрілді. Ж.Аймауытов пен М.Әуезов шығармаларында кішкентай адамдар бейнесі басты емес, қосымша сипат алса, Б.Майлин прозасында кішкентай адамдардың көркем галереясы жасалды. Сондықтан орыс әдебиетіндегі кішкентай адамдардың бейнесін А.Чехов шығармалары арқылы саралап, қазақ әдебиетінде оны Б.Майлин әңгімелері арқылы зерделеу тақырыпты кең ашып, терең түсінуге мүмкіндік береді. Екі жазушы шығармаларындағы кішкентай адамдар болмысының терең ашылуы, шынайы суреттелуі қоғамды сол адамдардың ойы мен сезімі, түйсігі арқылы қабылдаудың бар сырын түсінуге мүмкіндік береді. Екі жазушының шығармашылық әдіс тәсілдері соншалықты жақындығы да екеуін ерекше алып салыстыра талдауға орайласады. Өз кезеңдерінің ащы шындығын таза адами мінез-құлық арқылы жеткізу, олардың ой мен сезім сүзгісі арқылы өткізуде де сабақтастығы күшті.

Қоғам проблемаларын қарапайым елеусіз адамдардың өмірі мен олардың қарабайыр тіршілігі арқылы, ойлар, арман, мақсаттары арқылы өмірдің сүреңсіз қалпын сипаттау, боямасыз болмыстың көркем бейнесін жасауда екі жазушының реалистік принциптері ортақ. Шындықты поэзияға тән пафостық тұрғыдан емес, натуралистік шындық тұрғысынан сипаттау арқылы әдебиетті өмірге, болмысқа жақындату бұл – жазушылардың көркемөнердегі мақсаты. Б.Майлин өз кезеңінің шенеуніктері деп атауға болтын әкім, күзет бастығы, молда, оқытушы, тілмаш, начальник сияқты өз ортасының адамдарын сурттесе, Чехов та өз кезеңіндегі қоғамдық тұлғалардың көркем бейнесін суреттеуде шеберлік танытады. «Чиновниктің ажалы» атты әңгімесінде байқаусызда түшкірген чиновник өзінен жоғары қызметтегі адамға байқаусызда түшкіргенін үлкен трагедиялық жағдай ретінде қабылдап, қорқыныштан өліп кетеді. Өмірде бастықтан қорқу деген сезім кең жайылғаны белгілі. Осы бір халді осындай трагикомедиялық сипатта жеткізу жазушы шеберлігінің шыңын байқатты.

«Түшкіргенде не тұр, жұрттың бәрі түшкіреді. Червяков те қысылған жоқ, орамалын алып сүртініп, көргенді кісілеріне түшкіремін деп емес, біреу-міреудің мазасын алған жоқ па екенмін деп жан-жағына көз тастап еді, зәресі зәр түбіне кеткені». «Тіпті сөйлескісі де келмейді. Ешқандай арам пиғылым болмағанын әбден түсіндіруім керек еді... табиғаттың заңы осындай болғасын қайтесіз енді... үстіме түшкіріп қорлағысы келді деуі де мүмкін-ау. Қазір ойламағанмен, кейін ойлайды ғой...». «Сөйлескісі де келмеді - ау! - деп ойлады Червяков, өңі боп-боз болып.

– Демек, өлердей ашуланған ғой... Жоқ, бұны бүйтіп аяқасты қалдыруға болмайды... Мен оған дұрыстап түсіндірейін...». « - Жоғал дегесін жоғал енді! – деді генерал жерді теуіп қалып. Червяковтің ішінде әлдене үзіліп кеткендей болды. Ештеңені көрместен, ештеңені естіместен есікке қарай шегіне берді, көшеге шығып, ілбіп басып жүріп кетті... Үйіне кірген бойда вицмундирін шешпестен диванға құлай кетті де... дүние ауып жүре берді...».

Әр кешірім сұрауға барған сайын оның қорқынышы күшейе түседі. Ол өзінің үрейіне байланып қалғандықтан, жағдайды дұрыс бағалай да алмады. Бұл нанымды әңгіме, қаншалықты абсурд көрінгенмен, өмірде осындай жайлардың орын алатыны анық. Чеховтің әңгімесінің реалистік принципті сақтауда терең психологиялық динамиканы аса дәлдәкпен, нақтылықпен қырағылықпен жеткізеді. Жазушы әңгімелерінің аз сөзді, нәзік психологиялық штрихтерді дәл беруі барлық әңгімесіне тән. «Жуан мен жіңішке», «Анықтама» сияқты әңгімелеріндегі адам психологиясы мен физиологиясының бір-біріне қабысуы шебер қабысып, адам психолгиясын, сол бір сәттегі жан дүниедегі өзгеру үрдісі анық сипаттау жазушының реалистік принциптерінің негізі. Өз заманын аса шынайы түрде бейнелеп, оның әрбір адамының көркем бейнесін жасаған бірегей жазушы Б.Майлин. әрбір әңгімесінде сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы өзгерістердің адамдардың іс-әрекеті мен ой сезімі арқылы қалай өткенін толық көрінеді. Жаңа заман өзгерістерін қабылдау, олардың ойларындағы өзгерістер мен бір-біріне көзқарасы мен қарым-қатынасының түрленуі аса дәлдікпен, боямасыз, өзіндік табиғи болмысымен бейнеленеді.

«Әйелдер де қалмай келсін деп айтады деген соң, Айша да барды. Сартайдың үйі аузы-мұрнынан шығып отыр екен. Сақалы күйектей болып төрде Қайралап отыр. Бөтегесі бұлтиып Ыдырыс отыр. Екеуі де биылғы астық науқанында «майкот» болғандар. Сондағы бір жиылыста:

– Біздің арамызда шыршың бұзар байлар отырмаса екен, кедей мен батырақтың жиылысын өзіне берсе екен! — деп Бірмағамбет, осы Қайралап пен Ыдырысты жиылыстан айдатып шығып еді. Енді Бірмағамбет ауылда болмаған соң дандайсығандай, екеуі бірдей жиылысқа келіп, қатар түзеп отыра қалыпты! Айшаның ашуы келген сияқтанды. Бірмағамбет жоқ деп неге басынады бұлар? Бірмағамбет ертең келгенде, Айша оған айтып, бұлардың төбесін тестірмей ме!»

«Сындырмасын дегеніңіз дұрыс қой, бірақ, «біреудікі» дегенді қойса да болады ғой. Мана өзіңіз бар емес пе едіңіз, не деп еді өкіл? «Керекті құралды ортақ пайдаланасыңдар» демеп пе еді? Сол құралдың бірі шелек қой. Ортақ мүлікті алып-пайдаланар болар. «Сындырмасын» деңіз, оныңызға қосылам. Бірақ, «сен сындырамысың» деп ұруға бола ма? Өкіл олай деген жоқ еді ғой. Өзіңіз соған бастық болып сайландыңыз. Бастық адам ұрмас болар, «бастығымыз осылай қылды, ұрды» деп арыз берсек, «пот-сот» кететініңізді білесіз бе?».

Осы үзінділер Бейімбет кезінде қазақ даласында өткен асыра сілтеу мен ұжымдастыру деген екі үлкен үдерісті қарапайым адамның түсінуі мен іс-әрекеті. Байларды жиынға қатыстырмай, жиылыстан қуып шығару әрекеті, екінші үзіндідегі шелектің ортақ пайдалану туралы кейіпкер түсінігі жазушының қоғамға сынын айтып, мінін көрсетуден туған деп түсіну керек. Бейімбет шығармаларының барлығы дерлік саяси әлеуметтік сипатта болады. Және оларда жазушы қоғамның бұрыс бағытын нұсқап, кемшілігін көрсетуді мақсат етеді. Бұл туралы жас зерттеуші: «Осы тұрғыдан қазақ әңгіме, новелласының үздік шебері Б.Майлин өз шығармаларында халық өмірінің көркем шежіресін жасап кетті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол – көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Жалбыр, Таңсық, Мұқыш, Айша, Раушан, Берен, Бәкен, көк сиырлы Дайрабай, Арыстанбайдың Мұқышы, Азамат Азаматыш... Бұл тізімді соза беруге болады. Солардың әрқайсысы типтік дәрежеге көтерілген жанды бейнелер. Бейімбет шығармаларын оқығанда бұлардың бәрін көргендей, бәрімен бірге жүргендей боламыз. Осы сияқты Бейімбет жасаған ондаған образдар болмаса, қазақ әдебиетінің портреттер галереясы ойсырап тұрар еді.» - деген орынды пікір айтады. Б.Майлин шығармаларына жаңа көқарас, жаңа тәуелсіз ел дамуы тұрғысынан бағалау маңызды. Сондықтан жас зерттеушілердің пікірлері мен көзқастары жазушы шығармаларында бұрын жасырын болып келген тұстарды ашып, нағыз шынайы бағалауда үлкен мәнге ие.

Б.Майлин мен еуропада аса жоғары бағаланып келген орыстың озық жазушысы А.Чехов шығармаларындағы реалистік принциптер, кішкентай адамдардың сүрең тіршілігін көркем әдебиеттің арқауы етіп, заман мен қоғамның поэтикалық бейнесін жасаудағы шеберліктерінде сабақтастық көп. Ол қаламгерлер мақсаты, дүниетанымы, шығармашылық принциптері, көркемөнерге көзқарасы, стилі мен тілі сияқты шығарманың сан қабатын қамтиды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Чехов А. Чиновниктің өлімі. http:// kitap.kz
  2. Майлин Б. Қара шелек. http:// kitap.kz
  3. Ерзат Ермағамбетов. Бейімбет Майлин мен Акутагава Рюноскэ. http:// adebiportal.kz

Айгүл ҮСЕН

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

ф.ғ.д., профессор


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар