Елорда төріндегі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «М. Жолдасбековтің мемориалды кітап коллекциясы» залында үш томдық «Алтын тұғыр» жинағының беташары болды. Жинаққа үш жылдан бері «Ауыл» партиясы мен «Әдебиет порталы» ұйымдастырып келе жатқан «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсына биыл қатысқан қаламгерлердің шығармалары енген. Әрине, іріктеліп. Үш том – проза, поэзия және драматургия жанрлары бойынша топтасқан. Атаулы бәйгенің (әділ)қазылар құрамында «тағдыр шешіп едік», проза жанры бойынша. Сондағы аз-кем алқау сөзімізге көз жүгіртсеңіз.
Ілкідегі өзіміздің Б.Майлиннің ауыл новеллалары, О.Бөкейдің ауыл әңгімелеріндегі кейіпкерлердің көркем бейнесі санамыздың бір қатпарында әлі күнге түтінін түтетіп, аман-есен тіршілік кешіп келеді. Орыс әдебиеті – әлем үшін небір қилы тағдыры бар орыс деревняларындағы адамдардың көркем бейнесімен ерекше. Тургенев, Гоголь, Горький, Толстой, Достоевсий, Чехов, Бунин, Шукшин, Паустовский... қай қайсысының да деревняны айналып өткен жері жоқ. Петербор, Мәскеу секілді ірі мегополистар кез-келген шығарманың географиялық фонына жаман келмес еді. Сондықтан біз ауыл прозасын азайтып, қаланы жазайық деген «лозунгті» жыртайық та, жақсы шығарма жазуға мүмкіндік тудырайық деген бір келісім болғандай.
Еуразия құрлығында ғажап өмір сүріп жатқан Қазақстан деген елдің кең даласы мен сол далада бытырай қоныстанған ауылдардың басқа бір тіршіліктен сәл ғана ерекшелігі – құрып, құм басып қалмай, жасап келе жатқаны. Қазақтың басым бөлігі әлі де болса сол ауылда өмір сүріп жатыр.
Бүгінгі ауылдың көрінісін, ондағы адамдардың жан-дауысын қаламгерлер қауымның құлағына жеткізуге мұрындық болып отырған «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының бұл ісі өте-мөте игі әрекет. Партия Қазақстандағы екі мыңнан астам ауылдың қайсыбірін жарылқап үлгереді, одан да ауылдағы адамдардың бүгінгі бет бейнесі қандай, олардың уайымы, мұңы, жұбанышы не, соны айқара әлемге адамзаттың шарайнасы Әдебиет арқылы көрсетсек деген алғадай мақсаты бұл. Сол жауапты істе еңбегі сіңген өнерліні ынталандырып, әлеуметтік тұрғыда қолғабыс жасап жатса, бұл басқа партияларға да үлгі боларлық жағдай.
«Ауыл» партиясы мен «Казконтент» АҚ «Әдебиет порталы» бірлесіп биыл үшінші мәрте өткізген «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсының проза аталымына 288 жуық шығарма келіп түсті. Тұшымдысы - көп. Көркемдік талабы төмен, өзінің ауылы жайлы немесе ауыл деген бірер сөз кірістіріп жібере салған лайықсыз шығармалар да жоқ емес. Кей жастардың тіптен баяғыдан айтылып, жазылып келе жатқан жауыр суреттер мен сюжеттерді қайталауы, ауыл туралы деп жолдағаны маңыраған мал, өлі табиғаттан арғыны елестете алмайтын, ауыл адамдарын кейіптеуден мүлде алшақ кеткен шығармалар да кездеседі.
Лайықты, көркемдік талғамы биік, жаңаша баяндау, тың образдар жасауда жақсы жетістігі бар туындылар да көптеп жарияланғанын әл-әзірде айтқанбыз. Енді солардың біразын шолып өтсек.
Құрманжан Қасымжанұлының «Киізқұйрық қара айғыры». Үлкен идеялық жүк көтерген этнографиялық реңі басым әңгіме. Шекараның арғы бетіндегі қазақтың тіршілігі суреттеледі. Қ.Қасымжанұлының биографиясын оқысаң да, шығармасын оқысың да әуелі филолог екені айпарадай анық көрінеді. Сөйлемі жұмыр, сөзі дәмді, ойы нақ. Ауыл десе қазақтың есіне жылқы түседі. Жылқы деген қазақтың өзі ғой. Әсем сөздің акедемигі атанған Қалихан Ысқақ: «Қазіргі шығармалардың оқылмайтындығы – тілдің жоқтығынан. Тілсіз сурет салынбайды. Тілсіз ой оқушыға жетпей қалады. Газеттің тілімен көркем әдебиет жасалмайды», – дейді. Құрманжан Қасымжанұлындағы тілдік құнар көп жазушыға жетіспей жатады. Құрманжан ендігі жерде кейіпкердің ішкі психологиясына кеңірек үңіле түссе деген тілегіміз бар.
Гүлнұр Қасымзада – «Менің ғайып періштем...». Сюрреалистік үлгіде жазылған психологиялық шығарма деуге болар. Киелі Қазығұрт тауы, ғайып періште секілді тылсымға толы дүниелерді суреттеген Гүлнұрдың бұл туындысы күрделі-құпиялығымен де тартымды шыққан. Қазығұрт тауының аңызға толы қойнаулары, аңызақ желі мен аппақ тұман арасында өз қасіреті мен күнәсін арқалаған кейіпкердің монологындағы толғаныстардың сыры тереңде, оны автор тым тереңге жасырады, шығарма бәлкім осымен тартымды шығар.
Малғұлан Ақан – «Бұлт үстіндегі ауыл». «Мен де кетем! Қалғым келмейді қалада. Ауылға барып ақ уыздан дәм татып, қымыз сіміріп қайтқаным жақсы. Сен ше, Темір?» - дейді Ақанның кейіпкері. Темір де ауылды іздейді. Бұлт үстіндегі ауылды. Жалғыз күнде аспанға ұшып кеткен ол ауылды екі аяғы жоқ, арқасында қанаты бар, қос жанарын қабағы жауып қалған, алты саусақ, алты башпайы бар адамдар мекендейді. Және ешкім ауызға алмайтын, ешкім еске түсіргісі келмейтін, ешкім ол жаққа аттап баспайтын – ұмытылған ауыл, ұмытылған адамдар – шын мәнінде полигон құрбандары болатын. Мистикалық сарында жазылған, неомифологизм ұстанымы андағайлайтын осынау қысқа әңгімесі арқылы Марғұлан Ақан Семей қасіреті жайлы үлкен ой айта алған.
Бақытбек Қадырұлының «Құлабызына» эссе-элегия деген жанрлық анықтауыш беріліпті. Шығармада қазіргі ауыл бейнесінен гөрі өткен өмірге деген лирикалық аңсау басым. Және аңызға құрылған сюжеттің көркемдік деңгейін біршама жоғары. Жазушы әдебиет айдынына жаңа сөз, жаңа тіркес қосу – бір арал ашумен теңдей табыс. Сол тұрғыдан алғанда автор байырғы Түркіден тамыр тартатын «құлабыз» сөзін қайта жаңғыртып һәм сиқырлы сыбызғы үні, қарт қурайшы мен бала тыңдаушы тандемі арқылы ескі мен жаңаның, өткен мен бүгіннің шежіресін шерткендей әсерге бөлейді.
Есболат Айдабосын – «Қайда барамыз?..» Есболат Айдабосын қаламы төселген, көптің аузына іліккен жазушы. Ол ауыл тақырыбында кең мол көсіліп жазатын жаузы. Тіптен оң жамбасына келетін тақырыптардың бірі деп бағалуға да болады. Мына әңгімесінде де ауыл тағдырын, әсіресе ауыл жастарының тағдырын жиынтық бейне – Сырлан образы арқылы жақсы аша алған. Яғни бір адамның тағдыры арқылы бүтін бір ауылдың деградациясы баяндалады.
Әдебиеттің бір жүгі – адам. Қай жерде адам болса, соны жырламақ. Ол адам қалалық па, ауылдық па, әйел ме, ер ме, ақ па, қара ма бәрібір – бәрін қамтымақ. Ендеше әдебиет ауыл тіршілігін нақыштап, ауыл адамын айналып-толғанып жатса, біз неге оған тосқауыл болуымыз керек?!
Нұрлан Қабдайұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.