«Кітап оқитын ұлт»: оқырман мәдениеті және әдебиеттің болашағы

Елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткер ұлт қалыптастыру жолында «Кітап оқитын ұлт» атты ірі жобаның бірі қолға алынғаны белгілі. Былтырғы жылы халыққа «Ұлт оқитын 100 кітап» іріктелген әдеби-классикалық шығармалар насихатталса, биыл жалпыұлттық аталмыш жоба марафон ретінде қыркүйек айынан бастауын алды. Қазір елімізде кітап оқу мәдениеті кеңінен дәріптеліп, халықтың оқуға деген ықыласын арттыру жолында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы жоба аясында кітап оқу мәдениеті жайлы әр салада жүрген маман иелерінің пікірін білген едік. 

«Кітап оқитын ұлт»: оқырман мәдениеті және әдебиеттің болашағы - adebiportal.kz

Жалпы «кітап оқитын ұлт» ұғымын қалай түсінесіз? Кітап оқуды әдет ретінде қалыптастыру қаншалықты маңызды? 

Бақыткүл Тұрымова, Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ №13 көпшілік кітапханасының кітапханашысы:

- «Кітап оқитын ұлт» дегеніміздің ұғымы да, ауқымы да кең ғой. Мұндай ұлт – кітап оқуды жақсы әдетке айналдыра алған,  алдына белгілі бір мақсаттар қойған, болашағы жарқын ұлт деп түсінемін. Кітап оқуды әдетке айналдыру, әсіресе, жастарға өте маңызды деп санаймын. Кітаппен бірге өзің де өсесің, жаңа қырларың ашылады, көкжиегің кеңейіп, дами түсесің, түрлі тақарыптағы кітаптарды оқи отырып, жаңа идеялар мен түрлі бастамалар ойға келетіні де бар. Ерекше атап өтерім, сөздік қордың молаюы. Әрине, мына қауырт заманда кітап оқуға уақыт тапшы болуы да мүмкін. Соның өзінде, күніне ең болмаса, 10-15 минут арнап, кітаптың бір-екі бетін оқысаңыз, ең кемі ми демалып қалады. Өзімде бар тәжірибе.

Аида Жапарова, «Астана» гандбол клубы құрама командасының мүшесі, спортшы-нұсқаушы. Гандболдан ҚР құрама командасының мүшесі:

- Мен кітап оқитын ұлт деген ұғымды – жалпы адамның дүниетанымын кеңейту, ойлау қабілетін дамытып, сыни ойлай білу деп түсінемін. Өзім спортшы болған соң, сыни ойлау аса маңызды дер едім. Ол біздің салада қарсыласыңды дұрыс танып-зерттеуге әсер етеді. Сондықтан кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру мен үшін өте маңызды. Бұл әдетті бала кезден қалыптастырсақ,болашақта сауатты, саналы, өз ойын еркін жеткізе алатын, сыни ойлай білетін халық болып қалыптасатынымыз анық.

Фариза Маденова, Ұлытау облысы, Қаражал қаласы, Жәйрем кенті ауруханасының дәрігер-педиатры:

- Мен дәрігер ретінде «кітап оқитын ұлт» деген ұғымды адамның денсаулығымен тікелей байланыстырамын. Кітап оқу – әр адамға тың ақпарат береді. Ал ол жаңа нейрон қалыптастырады. Жаңа нейрон дегеніңміз – мидың қартаймай, жақсы жұмыс істеуі, дамуы. Адам оқып, дамығңан сайын миында жаңа байланыстар пайда болады. Денсаулық жағынан қарайтын болсақ, бұл есте сақтауды жақсартады, ойлау жүйемізді жылдамдатады, қазіргі екінің бірі күйзеліске түсетін заманда, сол күйзелісті азайтады. Көп оқитын, ізденімпаз адамның миы қартаймайды, ол үнемі жақсы жұмыс істеп тұрады. Сондықтан кітап оқу – бұл тек білім емес, бұл ең алдымен мидың денсаулығы дер едім. Дені сау, жақсы жұмыс істейтін,уақытынан бұрын қартаймаған миы бар ұлт – ойы сау, жаны сау ұлт. «Дені саудың – жаны сау» деп қазақ бекер айтпаса керек-ті.

Мәдина Батырханқызы, Қарағанды қаласы №12 жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі:

- «Кітап оқитын ұлт ұғымы – ең алдымен, болашағына сеніммен қарайтын ұлт»,- деген пікірді оқып қалып едім. Осы ойға өз басым толықтай келісемін. Меніңше, зерделі ұлт – рухани даму мен ұлттық құндылықтарды өз биігінде сақтай алатын және дұрыс қабылдайтын қоғам. Қарапайым өмірде кітап оқитын адам мен кітап оқымайтын адамның ой-өрісін салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей болатыны белгілі ғой. Зияткер ұлт та дәл солай. Жасанды интеллект дамып, көшеде роботтар қызмет етіп жүрген заманда, миды қозғалтып, кітап оқудың маңызы он есе артқандай. Кітаптың адамға берері болмаса, алары жоқ. Көп оқыған адамның артықшылықтары да көп қой. Ойын еркін жеткізе алатындығы, өмірлік қандай да бір мәселелерге тереңірек үңіле алатындығы да бар. Ал мұндай адамдардан құралған қоғамның интеллектуалдық әлеуеті жоғары болады. Кітап осы тұрғыдан адамның ойлау мәдениетін қалыптастыратын ең тиімді құралдардың бірі деп есептеймін. Мемлекет басшысының бастамасымен ұлттық сипатта, ірі масштабта өтіп жатқан қазіргі «Кітап оқитын ұлт» марафоны – ел үшін ұтқыр шешімдердің бірі деп білемін.

Мақпал Бөлтірікқызы, Астана қаласы әкімдігінің «№112 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Кітап оқитын ұлт» жобасының менторы

- Менің түсінігімде, «Кітап оқитын ұлт» – тек қолына кітап ұстап, белгілі бір шығармаларды оқыған адамдардың жиынтығы емес. Бұл – тереңнен ойлай білетін, ізденімпаз, оқығанын дұрыс қорытып, талдай алатын, рухани құндылықтарды бағалайтын, өз болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы қоғамның бейнесі. Кітап оқитын ұлт – тарихын танитын, ана тілін құрметтейтін, төл әдебиетін ардақтайтын және келешегіне білім-ғылыммен жол ашатын ұлт. Кітап – адамзат жинақтаған рухани тәжірибенің алтын қазынасы. Ол адамға дайын жауап ұсынумен шектелмейді, керісінше, дұрыс сұрақ қоя білуге, өз көзқарасын қалыптастыруға, өмір құбылыстарын терең түсінуге үйретеді. Кітап оқыған адамның сөздік қоры мен ойлау көкжиегі кеңейеді, дүниетанымы тереңдейтінін бәріміз білеміз. Әсіресе, бүгінгі ақпарат тасқыны күшейген заманда кітап оқуды әдетке айналдырудың маңызы ерекше арта түсті. Өйткені ақпаратты қабылдау бір бөлек, ал оны дұрыс қорытып, түсіну – тағы бір бөлек мәселе. Осы тұста кітап адамды асықпай ойлануға, ақпаратты саралауға, өз тұжырымын жасауға тәрбиелейтінін алға тартқым келеді. Педагог-ментор ретінде мен кітап оқуды білім алушының ғана емес, әрбір ұстаздың да өмірлік дағдысына айналдыру қажет деп есептеймін. Себебі оқушыға кітап оқуға кеңес беретін мұғалімнің өзі әуелі ізденісті, оқуды, өзін-өзі дамытуды тоқтатпауы қажет. Ұстаздың кітаппен достығы – шәкірттің кітапқа деген махаббаты мен қызығушылығын оятатын ең әдемі үлгі деп білем. 

Сіздің ойыңызша, кітап оқу мәдениеті – жеке адамның қажеттілігі ме, әлде тұтас қоғамның мәдени көрсеткіші ме? 

Бақыткүл Рапқатқызы, кітапханашы:

- Бүгінгі күні кітап оқу мәдениеті – жеке адамның қажеттілігінен қоғамның мәдени көрсеткішіне айналуда. Бұл тек қуантады. Кітапханашы ретінде байқағаным, әр оқырманның өзіне жақын тақырыптары мен оқитын кітаптары болады екен. Маған ұнаған «керемет» деген кітап, сізге ұнамауы бек мүмкін. Қазір елімізде дәл осы ұллтың кітап оқу мәдениетін арттыру жолында баршамыз еңбектеніп жатырмыз деп ойлаймын.

Аида Айтқазықызы, спортшы:

Менің ойымша кітап оқу – ол әр адамның жеке қажеттілігі мен мәдени көрсеткіші. Өйткені  әр адам өзін-өзі мәдениеттілікке, білімге, үздіксіз дамытуға тырысса, ол тұтас қоғамның мәдени көрсеткішін арттырады деген ойдамын. Кітап оқитын адамның сана сезімі, рухани байлығы, талғамы мен мәдениеті жоғары болады деп есептеймін.

Фариза Кәрімқожақызы, дәрігер:

- Біздің салада әр күн – жаңа ақпарат, жаңа шешімдердің нәтижесі. Кітап оқымаған дәрігердің бүгінгі күні білімі «тоқтап» қалғандай әсер болады. Себебі медицина бір орында тұрған жоқ, бұл сала күнде жаңарып, дамып, түрлі жаңалықтар ашылуда. Сол себепті кітап оқу мәдениеті әр салаға керек-ақ. Жеке адамға да, тұтас ұлтқа да қажет. Жалпы адамзат үшін кітап оқу – мидың жаттығуы дерсіз. Байқасаңыз, кітапты көп оқитын адам басқа адамдарға қарағанда, сабырлырақ, байыптырақ, ойын анық жеткізе алатын, күйзеліске аз ұшырайтын болып келеді. Бұл тіпті ғылымда да дәлелденген. Дәрігер болған соң, алдыңа бір күнде жүз адам келеді. Байқағаным, көп оқитын сауатты жан өзінің ауырған тұсын, ауыру себептерін дұрыс түсіндіре алады. Біз айтқан ақпаратты жеңіл әрі дұрыс қабылдайды. Сол себепті кітап оқу мәдениетін медициналық жағынан қарастыратын болсақ, бұл мен үшін қоғамның денсаулық көрсеткіші дер едім. Өйткені кітапты көп оқитын, көзі ашық қоғамда адамдар өз денсаулығына немқұрайлы қарамайды. Және интернеттегі жалған әрі дәлелденбеген медициналық ақпараттарға сене бермейді. Әуелі дұрыс сұрақ қояды, талдайды. Қазіргі күні интернет желісінде адам денсаулығына пайдасы аз, медициналық тұрғыда дәлелденбеген түрлі биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) жайлы ақпараттар өте көп таратылады. Көзі ашық, оқитын адам, бір жарнамаға сенебейді. Ізденеді, саралайды. Сондай-ақ, кітап оқитын отбасында өскен баланың да денсаулық жағдайы мен сауаттылығы жоғары болатынына сенімім мол. 

Мәдина Батырханқызы, ағылшын тілі мұғалімі: 

- Кітап оқу мәдениеті – жеке адамның қажеттілігі ғана емес, тұтас қоғамның мәдени көрсеткіші. Себебі, кітап оқу – ең алдымен, адамның жеке интеллектуалдық және рухани дамуына қызмет етеді. Дегенмен, қоғамдағы кітап оқу деңгейі сол елдің ғылымға, мәдениетке деген көзқарасын да аңғартады. Кітап оқитын қоғамда айқай-шусыз, «менікі дұрыс, сенікі қате» деусіз пікірталас мәдениеті қалыптасады. Адамдар мәселені құр эмоциямен емес, білім мен дәлелге сүйене отырып талқылауға бейім болатыны тағы бар. Осы тқұрғыдан алғанда, кітап оқу мәдениетін дамыту – тек жеке адамның міндеті ғана емес, отбасының, білім беру ұйымдарының және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі. 

Мақпал Бөлтірікқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Кітап оқитын ұлт» жобасының менторы:

Өз басым, кітап оқу мәдениеті – әрі жеке адамның рухани қажеттілігі, әрі тұтас қоғамның интеллектуалдық және мәдени даму деңгейін көрсететін маңызды өлшем деп санаймын. Айталық, жеке адам үшін кітап – өзін танудың, рухани кемелденудің, өмірлік ұстанымын қалыптастырудың құралы. Әрбір оқылған шығарма адамның жан дүниесіне әсер етіп, кейде өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі де ғажап емес. Тіпті мұндай жағдайларды кейінгі кезде жиі естіп те жатамыз. Классикалық көркем әдебиет арқылы біз өзіміз өмір сүрмеген, өткен дәуірлерге сапар шегеміз, өзіміз кездестіре алмаған жандардың тағдырына үңілеміз, тіпті бояюуы қанық көркем суреттеу арқылы берілген кітапты оқып отырып, өзгенің қуанышы мен қайғысын жүрекпен сезінетін де сәттер болады. Бұл – кітаптың адам бойында мейірімділік, жанашырлық, адамгершілік сынды қасиеттерді қалыптастыратын ерекше тәрбиелік тұсы. Ал қоғам тұрғысынан алғанда, кітап оқитын ортада сауатты пікірталас, сыни ойлау, мәдени қарым-қатынас пен зияткерлік ізденіс қалыптасады. Кітап оқитын қоғамда адам дайын ақпаратты тек «жұта бермей», оны сараптап, бағамдай алатын, кей уағында қарсы келіп, өз пікірін дәлелдей алатын тұлғаға айналады. Әсіресе, ұлттық әдебиетіміздің тәрбиелік әлеуеті зор. Ұлы Абайдың даналығы, Әуезовтің көркем әлемі, Мағжанның жалынды жырлары, Мұқағалидың мөлдір поэзиясы – ұлттың рухани болмысын танытатын баға жетпес мұра. Сондықтан кітап оқу мәдениеті бесіктен басталып, балабақша, мектепте жалғасуы, қоғамда қолдау табуы аса маңызды. Мысалы, кітап оқитын әулет – кітап оқитын мектептің, ал кітап оқитын мектеп – кітап оқитын ұлттың негізін қалауға ықпалы зор болмақ.

Электронды кітап пен аудиокітап дәстүрлі қағаз кітаптың орнын баса ала ма? Өзіңіз әдетте қандай нұсқада оқисыз?

Бақыткүл Рапқатқызы, кітапханашы:

- Қоғам, заман қанша жерден дамып кетсе де, электронды кітап немесе аудиокітап бала кезімізде өзіміз иісін иіскеп оқитын, қағаз кітаптың орнын ешқашан да алмастыра алмайды деп санаймын. Бұл менің жеке пікірім. Тіпті мұны оқырмандарымыздың өздері де кітапханаға келгенде айтып қалады.  Жайланып отырып-ап, күздің осындай жаңбырлы күнінде кітапты қолыңа алып,  тыныштықта оқудың өзі – түсінген адамға ерекше бір ләззат, энергия, күш береді емес пе?! Мен өзім мұқабасын ұстап, ішін ашып, мазмұнын қарап, қолыңа алып оқитын қағаз кітапты оқығанды жақсы көремін.

Аида Айтқазықызы, спортшы:

Қазіргі технология дамыған заманда электронды кітаптар мен аудиокітаптардың мүмкіндігін спортшы ретінде жиі пайдаланамын. Себебі сапарда, жарыстарда жүргендіктен, дәстүрлі кітапты қолға ұстап, оқып отыруға уақыт та мүмкіндікте бола бермейді. Сондай кездерде мен үшін ыңғайлы кітапты тыңдау. Осы тұста айта кетейін, кітапқа деген махаббатты жарыстарда жүргенде, бапкеріміз оятты. «Бос уақытта барынша кітап оқыңыздар», - деп бізге жиі-жиі ақылын айтып отырады. Әсіресе спорттық психологияға арналған кітаптар әр жарыстың алдында мықты мотивация беріп, жігерімізді жанып, ынтамызды арттырады.

Фариза Кәрімқожақызы, дәрігер: 

Бұл сауалыңызға былай жауап бергім келіп тұр. Мен өзім барынша қағаз кітапты оқимын. Дәстүрлі бала кезімізден қолымызға ұстап, оқып үйренген қалың қағаз кітапты үйде, тыныштықта оқығанды жақсы көремін. Дегенмен кейде қызметте жүресің, сондай сәттерде кезекшілікте, жолда аудиокітап тыңдайтыным да бар. Қағаз кітапты жақсы көріп оқиысам, электронды кітап – қалтамда жүретін кітапхана дер едім.Бұл заман талабынан туған қажеттілік. Кез келген уақытта қолжетімді, қызметте пайдалана алатын нұсқа. КҒүнде жаңарып жатқан медицина саласында тың медициналық ақпаратты дәл осы электронды форматта көп зерттеймін, оқимын. Бірақ дәрігер ретінде айта кететін дүние бар. Электронды кітап қағаз кітапқа қарағанда, көздің тез шаршауы, ұйқының бұзылуы деген салдарларға жиірек алып келеді. Сондықтан бұл жағынан дәстүрлі қағаз кітап пайдалырақ екені даусыз. 

Мәдина Батырханқызы, ағылшын тілі мұғалімі:

Менің ойымша, электронды кітап болсын, аудиокітап болсын қағаз кітаптың орнын толық алмастыра алмайды. Дегенмен оның мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Қазіргі цифрлық технологияның дамуы кітапты кез келген уақытта, кез келген жерде оқуға мүмкіндік беріп отырғаны қуантады. Әсіресе, біз сияқты жас мамандарға электорнды кітап пен аудиокітап ұтымдырақ көрінеді. Электронды кітаптың қолайлылығы – оның қолжетімділігінде дер едім. Кітаппханаға немесе кітап дүкендеріне барып, керек кітабыңды іздеп жүрмейсің. Сайттарға кіріп, керек нұсқасын жылдам әрі жеңіл оқи аласың.  Ал аудиокітаптарды өзім жақсы көремін. Уақыт тапшы заманда уақытыңды тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Үй тірлігін жасап жүріп, жолда келе жатып, қоғамдық көлік сияқты көпшілік жерде отырғанда да, құлаққапты киіп ап тыңдай беретінің ерекше ұнайды. Дей тұрғанменде, дәстүрлі қағаз кітаптың берген эмоциясын электронды кітап кейде бере алмайтындай көрінетіні рас.

Мақпал Бөлтірікқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Кітап оқитын ұлт» жобасының менторы:

Қазіргі технологиялық даму кітап оқу форматын едәуір өзгерткені рас. Бүгінде электронды кітаптар мен аудиокітаптар оқырманға үлкен мүмкіндік ұсынып отыр. Электронды нұсқаның артықшылығы – қолжетімділігі мен ыңғайлылығы. Ал аудиокітап уақытты тиімді пайдалануға, жол үстінде немесе күнделікті тіршілік барысында, арнайы уақыт бөлмей-ақ, параллельді түрде шығармамен танысуға мүмкіндік беретіні ұнайды. Дегенмен дәстүрлі қағаз кітаптың да өзіндік құндылығы ешқашан жоғалмайды деп ойлаймын. Қағаз кітаптың алғашқы бетін ашып, парақтап оқу, маңызды тұстарының астын сызып қою, сүйікті сөйлемдеріңе қайта-қайта оралу – оқырман мен кітап арасындағы ерекше рухани байланысты қалыптастыратындай. Электронды нұсқадағы шығармаларды оқысам да,  өзім үшін қағаз кітаптың орны қашанда бөлек. Әсіресе, көркем шығармаларды, тарихи және әдеби зерттеулерді қағаз нұсқада оқығанды ұнатамын. Ал электронды кітап пен аудиокітапты қосымша мүмкіндік ретінде пайдалануға болады. Ол да артықтық етпейді. Меніңше, мәселе кітаптың қандай форматта оқылғанында емес, оның адам санасына қаншалықты әсер етіп, оқырманның ой-өрісін қалай дамытқанында сияқты. Ең бастысы – қай нұсқада болса да, адам кітап оқуды тоқтатпауы керек. Қай форматты таңдаса да, оқығанын түсініп, түйгенін өмірде қолдана алса, ең маңыздысы сол деп білемін.

TikTok, Instagram, Threads сияқты қазіргі жастар жиі қолданатын әлеуметтік желілер кітап оқуға кедергі ме, әлде оны насихаттаудың жаңа мүмкіндігі ме, қалай ойлайсыз?

Бақыткүл Рапқатқызы, кітапханашы:

- TikTok, Instagram, Threads сияқты әлеуметтік желілер кітап оқуға кедергі келтіретіні анық. Бұл менің жеке пікірім. Қандай әлеуметтік желіні алсақ та, онда сіз көп уақытыңызды босқа өткізесіз. Басқа біреудің өмірін қарап отырып, өз өміріңіз өтіп кетеді. Мысалы, біздің кітапханада орта буын өкілдері құрайтын оқырмандарымыз: «Телефоннан жалықтық, миымыз істемей қалғандай, бара-бара сөздік қорымыз да азайып қалды», - деп келеді. Бірақ әлеуметтік желілерді уақытпен пайдалнуға болады. Себебі олар арқылы түрлі жаңалықтарды қарап-біліп, қандай да бір ақпаратты лезде таратуға болады. Сондай-ақ, көп қаралым жинау сияқты тұстарын кітап оқуды насихаттауда тиімді пайдалануға болады деп ойлаймын. Мұндай әдістерді кітапханалар пайдаланып та жүр. Сондықтан да біз қандай да бір іс-шаралар өткізгенде, заманауи түрлі форматта, креативті түрде оқырмандарымызға қызықты болсын деп өткізуге барынша тырысамыз. Әлейметтік желілер арқылы кітапханаға оқырмандар тартылып,аудитория күннен-күнге артып, бізге тың бастамалар жаңа идеялар бастауға шабыт беретінін жоққа шығакра алмаймыз.

Аида Айтқазықызы, спортшы:

- Әлеуметтік желілерді жиі тұтынатын буын ретінде оны кітап оқуға кедергі деп айта алмаймын. Әлеуметтік желі уақытты «жейді» деп жатады. Әңгіме оны қалай пайдаланатынымызға байланысты дер едім. Әлеуметтік желілер арқылы қызықты кітаптарды, бұрын таныцмаған авторларды тануға және жастардың кітапқа, әдебиетке, өз саласывна қатысты кітаптарына деген қызығушылығын арттыруға әюден болады. Кітап – адамзатқа ортақ рухани мұра. Технология қанша дамыса да, адамның ішкі жан-дүниесінің нәзік сезімдерін дөп басатын шығармалар болады. Тек бүгінгі заманда сондай иірімдерді әлеуметтік желілер арқылы дұрыс көрсете алсақ болғаны.

Фариза Кәрімқожақызы, дәрігер:

- TikTok, Instagram, Threads – бұл біздің бүгінгі шындығымыз. Оларды қанша шектесек те, толығымен өмірімізден алып тастай алмаймыз. Сол себепті ондай әлеуметтік желілерде дәрігерлер, мұғалімдер дұрыс ақпараттарды насихаттап, дұрыс кітаптар туралы айтпасақ, онда оның орнын бос әңгіме басады да кетеді. Сондықтан желіні барынша асыл мақсат жолында, оң дүниені айтып, насихаттаудың мүмкіндігі ретінде қолдануымыз керек.

Мәдина Батырханқызы, ағылшын тілі мұғалімі:

Менің ойымша, TikTok, Instagram, Threads секілді әлеуметтік желілерді кітап оқуға кедергі ретінде қарастыру дұрыс емес. Әрине, көбіміз әлеуметтік желілер адамның уақытын көп алуы мүмкін дегенді меңзейміз. Қысқа әрі жылдам ақпаратқа үйрену – ұзақ мәтіндер мен бейне ақпараттарды қарап, оқуға деген қызығушылықты төмендетуі де ықтимал. Бірақ мәселе әлеуметтік желінің өзінде емес, оны әр адамның қалай пайдаланатынында деген нұсқаны айтқым келеді. Өз басым «Әлеуметтік желілер кітапты насихаттаудың тиімді алаңына айналып отыр», - деген ойдың қолдаушысымын. Кітап туралы қысқаша шолулар, қазіргі авторлармен сұхбаттар, оқырмандар пікірі, әдеби челлендждер жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырмаса, кемітпесі анық. Кейде бір әлеуметтік желідегі мазмұнды кітап шолуы адамның белгілі бір шығарманы оқуға деген ынтасын оятады. Мысалы мен дәл солай әлеуметтік желіден әсерлі шолу көріп, қызыққаннан бірнеше кітаптарды оқығанмын. Сондықтан әлеуметтік желіні кітап оқуға қарсы құрал емес, кітап оқуға бастайтын көпір ретінде пайдалана білгеніміз оң сияқты. Бұл тұста ең бастысы – ақпаратты тек тұтынушы ретінде ғана емес, саналы оқырман болу үшін пайдалану. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кітап оқитын ұлт қалыптастыра алу, кітап оқу мәдениетін көтеру – болашаққа салынған ең маңызды инвестиция. Жас оқырманға кітап оқуды міндет ретінде емес, өмірлік қажеттілік, рухани байлық, интеллектуалдық өсу жолы ретінде ұғындыруымыз керек. Отбасында кітап оқитын ата-ана болса, мектепте оқуға қызықтыратын ұстаз болса, қоғамда кітапты қадірлейтін орта қалыптасса, міне сонда, оқырман ұлттың іргесі қаланады. Кітаптың шынайы құндылығы оның оқылған беттерінің 

Мақпал Бөлтірікқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Кітап оқитын ұлт» жобасының менторы:

Әлеуметтік желілерді кітап оқуға кедергі деген ойға келіспеймін. Мен оларды дұрыс пайдаланған жағдайда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттайтын қуатты ақпараттық алаң деп есептеймін. Бүгінгі жас буынның ақпаратты қабылдау тәсілі өзгерді. Олар визуалды контентке, қысқа бейнероликтерге, жылдам ақпарат алмасуға бейім. Осы ерекшелікті тиімді пайдалансақ, әлеуметтік желілер арқылы кітапқа қызығушылықты қайтта арттыруға болады. Мысалы, Instagram желісінде оқылған кітап туралы мазмұнды пікір жариялау, TikTok-та шығарманың негізгі идеясын қысқа бейнеролик арқылы таныстыру, Threads желісінде әдеби талқылаулар ұйымдастыру – оқырмандық ортаны қалыптастырудың заманауи жолдары. Педагог ретінде мен үшін бұл бағыттың мүмкіндігі өте зор. Оқушыларға шығарманы тек оқытып қана қоймай, оны заманауи форматта талдату, кейіпкерлерге мінездеме жасату, кітап бойынша подкаст, буктрейлер, бейнерецензия әзірлету олардың шығармашылық қабілетін дамытады. Ең маңыздысы – оқушыны дайын ақпаратты көшіруге емес, өз ойын қалыптастырып, оны еркін жеткізуге үйрету. Әрине, әлеуметтік желілерді шектен тыс пайдалану адамның зейініне, уақытты тиімді ұйымдастыруына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мәселе әлеуметтік желінің өзінде емес, оны қалай қолданатынымызда. Менің ұстанымым: әлеуметтік желі кітаптың орнын алмастырмауы керек, керісінше, оқырманды кітапқа жетелейтін көпірге айналуы қажет. Педагог-ментор ретінде менің басты мақсатым – білім алушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың бойында үздіксіз ізденуге, өздігінен білім алуға, кітап арқылы өзін дамытуға деген қажеттілікті қалыптастыру. Себебі кітап оқитын шәкірт – ойлы тұлға, ойлы тұлға – елдің ертеңі. Біз балаларға «Кітап оқыңдар!» деп айтумен шектелмей, өзіміз кітап оқитын қоғамның үлгісін көрсетуіміз керек. Ұстаз оқыса – шәкірт қызығады, ата-ана оқыса – бала еліктейді, қоғам оқыса – ұлттың ой-өрісі кеңейеді. кітап оқитын ұлттың ойы озық, рухы биік, болашағы жарқын болады. Өйткені кітап – өткеннің мұрасы ғана емес, болашаққа бастайтын рухани жол. Бұл – менің берік сенімім. «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында әрбір оқылған кітапты жеке адамның рухани жеңісі, ал әрбір қалыптасқан оқырманды ұлт болашағына қосылған үлес деп білемін!

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2038

Taza Qazaqstan