Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Ақын Жанат Әбдіғожиннің поэзия кеші...

Ақын Жанат Әбдіғожиннің поэзия кеші

20.04.2026

1374

Ақын Жанат Әбдіғожиннің поэзия кеші - adebiportal.kz

Өткен жұмада Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана төрінде ақын Жанат Әбдіғожиннің поэзия кеші өтті. Бұл 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Әдебиет порталы» мен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған рухани шаралардың бірі болды.

Айта кетейік, «Мен өлең оқимын» атты поэзия кештері «Әдебиет порталының» өңірдегі ақын-жазушыларды Астанаға шақырып, шалғайдағы қаламгерлер шығармашылығын насихаттауға бағытталған тұрақты жобасының бірі. Бұған дейін дәл осы алаңда Оралдан келген ақын Абылайхан Мақсұтовтың да шығармашылық кеші өткен еді.

Бұл жолы Жанат Әбдіғожин Жезқазғаннан жалғыз келген жоқ. Ақынмен бірге оның қаламдас серіктері – Абай Ораз, Бағылан Оразалы және әнші Ардақ Мұқышев те қатысып, кештің мазмұнын байыта түсті. Ал әдеби кештің тізгінін жас ақын, аудармашы Абзал Мақаш ұстады.

 Абзалдың кеш шымылдығын ашқан алғашқы сөзінен кейін Жанат Өлең оқыды. 

ҚОПА ТОҒАЙ

Тітіркентер қасиетті білгенді,

Қопа тоғай, өрт орады іргенді.

Қарап тұрдым қасіретке малынып,

Қасиеттім, мені қарғап жүрме енді.

 

Тағдырыңа енді қайтіп бал ашам,

Шаттығыңнан шерменің санасам.

Көкірегіме күйік қармай, қамықтым,

Болмаған соң зәредей де арашам.

 

Көрпе қылып жамылғанда күз дертін,

Күйігіңе енді шипа іздер кім?..

Менің де іргем талай отқа оранған,

Тағдырымыз ұқсас екен біздердің.

 

Айырма бар екеумізде бірақ бір,

Өмір дейтін ақ-қаралы тұрақ – бұл.

Сені жоқтап, қара жаулық жамылып,

Ақшоқы мен Айыршоқы жылап тұр.

 

Көз жүгіртіп қарар болсам өткенге,

Айтылатын сұмдық сырлар көп менде.

Сай-суйекті сырқыратар егіліп,

Құба Көктал көздің жасын төккенде.

 

Әділдік пе ақипатпен санаспау,

Күңіреніп,күрсінеді ағаш,тау.

Кемсең қағып, көңіл айтып тұр әне,

Мұндар басы мұңға оранған Ақ-Астау.

 

Зыңдандағы зар үніндей боп даусым,

Маған да енді қарап тұрып, тоқтау сын.

Менен гөрі сен бақытты екенсің,

Табылатын тап іргеңнен жоқтаушын.

 

Күйік көміп кездерімде сорлаған,

Сол бір шақта мені де өрт торлаған.

Бірақ сонда өксігімді жұбатып,

Басу  айтар бірде-бір жан болмаған

 

Өзегімді өрттей шарпып, жалаңдар,

Қопа тоғай,  менің де дерт, жарам бар.

Қолын сілтеп кеткен талай қайрылмай

Жүрегінде жаңбыры жоқ адамдар.

 

Тапқандайын жүрегімнен мекен мұң,

ітпей қойды-ау берекесіз секең күн.

Ақын болып жүргенімше баз кешіп,

Тоғай болып жаралмаған екенмін.

 

ТАС...

Тас қала,тас қабырға,тас босаға .

Тас үйде тас жүректер бас қосады, ә!

Тас түйнек, тас шайнағыр, таста бәрін,

Таспаңды тасқа байлап тастаса да.

 

Тастанды тағдыры бар тас балаға,

Сел болып елжірейді аспан-ана.

Жазылған таспа да емес, басқа да емес,

Тас ғасырдың тарихы тасқа ғана.

 

Таста бір қасиет бар тасалаған,

Түсініксіз сыр ұғам тас обадан.

Тас қылар талабыңды тас жаратын,

Тасырлар тастар болса тас арадан.

 

Тастаса да талантты тас пішінде,

Сақтаймын тасқа тамған жасты ішімде.

Тастаған тас көз уақыт талақ қылып,

Тарланның бәрі айналған тас мүсінге.

 

Хас тұлпар тас боратып тастай ма анық,

Жас бұрқар өзегімді тастай қарып.

Дос түгіл, дұшпаныма елжіреген,

Жүрегім кетпесе екен тасқа айналып.

 

Тасбауыр табынса да басқаға заң,

Өлеңде таласы жоқ, қашпа, мазам!

Тозбайтын тарихымның тақтасы деп,

Жырымды мен де түбі тасқа жазам!!!

Осылайша Жанат өлең оқи бастағанда оның сыртқы болмысы тым биязы көрінгенімен ішкі ақындық қуатының қаншалықты мықты екенін аңғардық. 

Кеш барысында Жанаттың жыры оқылды, арқаның әні айтылды, Ұлытаудан шыққан тұлғалар туралы да әңгіме айтылды. Кештен кейін де әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер жазылды. Соның бірі журналист Аманғали Қалжанның пікірі. 

«Ұлытау облысынан келген ақын Жанат Әбдіғожин елорда төрінде өлең оқыды. Өлең оқылып қана қоймай, әндер шырқалды, жылы лебіздер айтылды, сый-сыяпат та тапсырылды. Жанат Әбдіғожиннің «Қопа тоғай» атты жыр жинағы шыққан. Оның алғысөзін Кенжебай Ахметов жазды. Бұл кітап қолға тимеді. Әйтпесе, осы жинақ туралы бір лебіз білдіруіме болар еді. Жанаттың әлеуметтік желілерден, сайт-порталдардан кездескен өлеңдерін оқып жүргенмен, мән бермейді екенмін. Бұл жігітпен өзі кеше ғана алғашқы рет көзбе-көз кездестік. Кеше өз аузынан естіген өлеңдерінен алған әсерімді айтсам, Жанат - алысқа шабатын ақын екен. Баллада жазуға өте бейім. Жалпы оқиғалы өлеңдері баршылық. Белгілі бір адамның өмірі мен тағдырын, өткен оқиғаны жүрекпен қабылдап, қаламына арқау етеді. Лирикасы да жақсы. Осы шабысынан жаңылмаса, біразға барады, соған тілектеспін».

Сондай-ақ Жанат Әбдіғожиннің ұстазы, әдебиетші Кенжебай Ахметов те Ұлытау-Жезқазған өңірінің ақындық мектебі мен әдеби ортасы туралы сөз қозғап, сол өңірден шыққан ақындардың ұстазы Сайлаухан Нәкеновті еске алды. Ғазиз Ештанаев, Ғалым Жайлыбайдың есімдерін атап өтті.

Жанаттың алғашқы  «Қопа тоғай» кітабы да белгілі аудармашы, әдебиетші Кенжебай Ахметовтің тілеуқор лебізімен шыққан екен. Сол пікірді оқырман назарына да ұсынғанды жөн көрдік.

Поэзия – тылсым өнер.

Ақын – сол тылсымның кілтін тапқан жан.

Тылсымның бәрін түсіну қиын. Түсіндіру де қиын. Дегенмен сезінуге болады. Ол үшін жаратылысыңда өзгелерден бөлек қасиет болу керек. Бұл – ақындық деп аталатын қасиет.

Ақындық – екі сөздің басын құрап, тақпақтай беру емес. Өзіңе кенеттен әсер етіп, қиялыңды самғата, сезіміңді сілкінте, ойыңды қанаттандыра, бір мезетте мың сан күйге түсірген түсініксіз жұмбақтың сырын іздеп, мазасыздана шарқ ұру. Осындай сәтте аспан мен жер арасынан жаныңды қояр жер таппай, қанша аласұрсаң да, әлгібір жұмбақтың кілтін ұстай алмай, өзіңнен-өзің қорлана, өзіңді өзің түкке алғысыз біреудей сезініп, ақырында сен соққан балықтай әрі-сәрі халде меңіріп қалуың да мүмкін. Өмірін сөзбен бауырластырған жан үшін бұдан өтер азап жоқ.

Бұған керісінше, тынышыңды алған жұмбақтың кілтін тауып, сырын түсінген сәтте, одан әрі әлгі жұмбақ өзінен-өзі тарқатыла жөнелгендей болып, өз жүрегіңнен өлең боп өріліп түскен сәтте жаныңды қинаған беймаза күй де, өзіңнен өзің жерініп кетердей азап кешкен сәттерің де қас қағым сәтте ұмытылып, мына жалғанда өзіңнен бақытты жан жоқтай сезініп, рахатқа бөлене, айнала дүниеге өзің шешкен жұмбақтың кілтін – жаңа өлеңіңді ұсынуға асыға, масаттана ұзақ кешесің. Өмірін өлеңге арнаған жан үшін бұдан асар рахат, бұдан асар ләззат жоқ.

Байқасаңыз, ақындық дегеніңіз – жазмышыңызға бұйырған азап пен бақыттың тайталасы. Сол тайталаста бақ жеңіске жетуі үшін қажет шарттардың ең алғашқысы қабілет екені даусыз. Қабілет болғанда, өмірдің қас қағым сәттердегі сан қилы құбылыстары арасынан өзіңнің ғана емес, оқырманның да жан әлеміне әсер етіп, ой салатын құбылысты аңғара білу қабілеті, өмірдің сол бір құбылысын өлең тілімен таныс та бейтанас көркем бейнеге ұластырып әкететін суреткерлік қабілет. Ал енді осы қабілетке көркем тіл мен өмірлік тәжірибе жараса қосылса, өлеңнің салмағы артып, ғұмыры ұзара түспек.

Оқырманға алғашқы өлең кітабын ұсынып отырған Жанат Әбдіғожин – жаратылысына ақындық қасиет дарыған дарынды жас. Ақындықтың қадір-қасиетін сезініп қана қоймай, мехнатты сәттері мен шуақты сәттерін де сан мәрте бастан өткеріп, терең сезініп келе жатқан жас. Ол өмірдің қызыл-жасыл бояуын қызықтап кетпей, ойлы көзбен қарайды, аңғарып, байқағандарынан өзіндік ой түйеді. Тізбелеп, тізбектеп кетпейді, танып-білгендерінің ішінен таңдап алады, талғам таразысынан өткізіп, екшеп ұсынады. Ұсынған дүниесіне әсіреқызыл бояу жақпай-ақ, оқырманын ойландырып қояды. Мәселен, бүгінімізді бейнелеген өлеңдерінің бірінде қазіргі қоғам бейнесін:

Еліктеп есі кеткен сан ғұрыпқа,

Тәуба деп күн кешу де заңдылық па?

«Мен – қазақпын» деген үн ұқсайды екен

Жартастан талып шыққан жаңғырыққа, – деп суреттейді.

Шындық қой. Бағзыдан келе жатқан барымызды бағалаудың орнына, әркімге еліктеп, есіміз шығып жүргені шындық па? Шындық. Ғылым-білімге, жігерімізге сүйеніп, алға қарай қайраттана ұмтылудың орнына, үйренішті шырымыздан шықпай, тәубалап отырғанымыз шындық па? Шындық. Ата-бабамыздың аруақты атын жамылып, ұрандатқандай болсақ та, ол тірлігіміз жартасқа шағылып, өзімізге қайтып оралатын әшейін жаңғырық болып шығатыны шындық па? Шындық.

Осы шумақта жанға батар тағы бір шындық бар.

«Мен – қазақпын» деген үн…» – дейді Жанат. «Ұран» демейді, «үн» дейді. Неге? Өйткені ұрандатып, мақтанып, айбынданып айтуға тиіс сөздеріміз бүгінгі біздің аузымызда күмілжіген үн ғана болып қалғаны шындық. Өйткені біз ұрандатып, мақтанып, жар сала айтқымыз келсе де, өзіміздің ұрандатарлық ештеңе тындыра алмай жүргенімізді іштей сеземіз. Сондықтан да біздің шамамыз өз аузымыздан әрі аспайтын «үн» шығаруға ғана жетеді. Бұл да шындық, ащы шындық.

Бір ғана осы шумақтың өзінде бүгінгі қоғамның әлжуаз бейнесі де, әлжуаз болып жүруіміздің себебі де айтылып тұр. Бұл сипат – Жанат ақынның аз сөзге үлкен мағына сыйғызуға төселе бастағанын көрсетеді.

Әрине, біз шағын ғана «Алғысөзде» Жанаттың алғашқы кітабындағы туындылардың бәріне тереңдей үңілуді мақсат еткен жоқпыз. Дегенмен жас ақынның өлеңдерін оқи отырып, түрлі тақырыпты қамтитын жырларындағы бары мен жоғын бағамдай отырып, оның ақындық жолға адасып келмегенін анық байқадық.

Ақындық жолындағы алғашқы кітабы алдағы асқар биіктерге бастайтын сәтті қадам болсын! Мың сан қырлы Поэзия дүниесінде өлеңнен өлеңге есе бер, өрлей бер! Әрдайым тілеулеспін.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan