Арманда кеткен ана
«–Маған бер!
– Маған бер!..» – дескендеріне қарамастан, ашық терезеден лақтырып жібердім.
Біреу желкемнен нұқып қалды. Әкем екен.
– Ақымақ, ол алтын жүзік, неге лақтырасың, – деп ызғарлы зекірді.
Осы кезде әжемнің қолы сылқ етіп жерге түсіп кетті». Сайын Мұратбеков.
Даусыз, жазушы Сайын Мұратбековте жақсы әңгіме көп. Сайын даланың ұлының жазғанының бәрінде де осы дала, жусан иісі, көкорайы осылай аталатын повесі де бар), тоғайынан тартып, жүлгесін тауып жататын әңгімелердің әрқайсысынан ауылды, ауыл адамын, қазақтың өмірін көреміз. «Жабайы алма» мен «Қалың қарды» кейінгі балалар біз сияқты ынтығып оқи ма, оқымай ма, бірақ, егер оқыса, соғыс жылдарындағы жүдеу ауылды, бір-біріне сүйеу болған ауыл адамдарын тарихи деректерден емес, тап осы Сайын шығармасы арқылы танып-біліп, сол уақытты тым жақын, тым әсерлі сезінер еді.
Былтыр жазушының қарындасы Майра Мұратбековадан сұхбат алғанымызда, ағасы туралы мынадай естелік айтып еді:
«Күсен Күсеке», «Отау үй», «Жабайы алма», «Жусан иісі» шығармаларындағы кейіпкерлер – біздің ауылдың адамдары. Мысалы, «Жусан иісіндегі» Аян – оның балалық шағы, көрген қиыншылығы, жетімдіктің зардабын тартып өскен, сол қиындықтарға қарамастан ел құрметіне бөленген азамат – Керімбеков Наухан. Бүгінде ағаның кейіпкерлері де аз қалды. Наухан ағамыз да дүниеден озды. Осы жерде айта кетейін, біздің Қоңыраулының аржағында Ешкіөлмес деген кішкентай ғана тау бар. Ешкіөлместің бауырында Қызылжұлдыз деген ауыл болған. «Жабайы алма», «Жусан иісі» деген әңгімелердің төркіні сол жерден шыққан. Ағаның тағы бір ерекшелігі – ауылға келгенде ерте тұрып, Қызылжұлдыз бен Қоңырдың арасы үлкен құз, соның арасынан өтіп, жабайы алмаға кетіп қалатын, тауға шығатын. Таңертең бәрі құрақ ұшып ас дайындап, «ойбай, Сайынды оятайық» дегенде, ол тоғызға дейін тауға барып қайтатын. Таудың арасынан тұма су ағатын, соны бөтелкеге құйып әкелетін».
Осы естеліктен жазушының өзі туып-өскен даласына сондай жақын екені, оның әрбір тасын, әр бұтасын жанындай жақсы көріп, адамдарын ерекше аялайтыны көрінер еді. Ал мына «Ананың арманындағы» кейіпкер нақты бір адам болмаса да, бәрімізге таныс бейне. Балаларының бақыты жолында тыным көрмейтін бейнетқор, мейірбан ананы бәріміз танитын сияқтымыз.

Ананың арманы
Бұл әңгімеде белгілі бір уақыт жоқ, қай заманда да, қай кезеңде де оқылатын, кімге болсын тым жақын әңгіме шығар деймін. Жастай жесір қалып, үш ұлы мен бір қызын бейнет кешіп жүріп жеткізген, балалары өсіп, солардың ортасында немере сүйіп отырған ана бір қарағанда, бақытты ана. Бір баласы Көсембай есепші, бір баласы Әсембай ауылдағы, аудандағы мен деген шопан, бір баласы Еселбай жоғары оқу орнын, аспирантураны бітірген болашақ ғалым. Қызы өрісін тауып ұзатылған. Ел айта қалатындай-ақ бақыт. Әжесі біресе Көсембайдың үйінде жүреді, біресе Әсембайдың үйінде. Бір баласының үйінде тезек теріп, бірінің үйіне барып немерелерінің үстін бүтіндеп, бір баласының үйіне барса, дүкеннен тамақ тасып, тыным таппай, соны бақыт деп есептейтін қайран ана.
Жеңістің өзі де айтады ғой: «Мен әжемді бақытты ана деуші едім» деп. Бірақ, кей сәтте ол әжесінің шын бақытты екеніне күмәнданып қалатындай. Баяндай келе жазушы оқырманға біртіндеп басқа шындықты көрсетеді. Сөйтіп оқырманды да әрі-сәрі күйге түсіріп отырады.
Бұл өз өмірін түгелімен балаларына арнаған қазақтың қарапайым әйелі. Тіпті ол балаларының алдында ана емес, солардың арасын жақындатып, жалғап жүретін дәнекер адамға айналып кеткен. «Беу-у, құдай-ай, осылардың арасына дәнекер болам деп-ақ өлетін болдым…» дейтіні бар еді ғой.
Рас, Көсембай да, Әсембай да, Еселбай да, Мәржәпия да соншама жаман адамдар емес, әрқайсысының өз тіршілігі, еңбегі, жетістігі бар. Олар шешелерін жақсы көретін де шығар, бірақ шешелерінің жан дүниесіне үңілуге шамасы жоқ. Әңгімеде «ананың еңбегі көрінбейтін еңбек» ретінде берілген. Күннің ыстығында тезек теріп, отын шауып, соларға болсын деп жүргенде, ешқайсысы: «Апа, өзіңіз шаршадың ғой» деген емес. Ия, біздің бәріміз анамызды жақсы көреміз, бірақ оның жалғыздығын байқамауымыз мүмкін. Кез келген адам шешесі өлім аузында жатқанда жылайтыны анық, бірақ оның тірі кезінде неге мұқтаж болғанын түсінбеуі мүмкін. Біз жақынымызды жақсы көріп те ренжітіп жүруіміз мүмкін...

Қайран ана жүн түткен болып отырып, оңашада жылап алады. Сырын айтар жан таппай, сүйікті немересін далаға шөп оруға ертіп әкетіп, балаларына деген базынасын шөп орып жатқанда сыр қылып айтады. Ағасы Көсембай, есепшілігін пайдаланып інісі Әсембайдың еңбек етіп тапқан алашағын рұқсатсыз алып, жаратып қойған, оны інісі кешірмеймін деп өкпелі, Мәржәпия болса баяғы еркелігіне салып, жеңгесі үйде жоқта келіп, жеңгесінің көйлек тіктірем деп әкеліп қойған матасын рұқсатсыз алып кетіп, арты ашу-араздыққа ұласты. Ағайындылардың бір-біріне тоң-торыстығы ананың жүрегіне батады. Осы жерде әжесімен Терең сайға барғанын әңгімелегенде, автордың өзі ерекше сезімге билететіндей. «Әжемнің өңі жасарғандай, өзгеше бір гүл жайнап шыға келді». Бұл сәтке бәрі сыйған: жас кезде тобылғы шапқанын әңгімелеген үлкен кісінің жастықтағы естелігі, немере мен әженің бір-бірін пана, өте жақын тұтқаны, тіпті бір сәт сырқаттанып жүрген адамның бой жасауы сияқты да көрінетіні бар. Бұл автордың шеберлігі.
Бір күні Жеңістің әжесінің тамағына бір нәрсе тұрып қалғандай болады. Бұл кісінің қылтамақ болып ауырып жүргенін оқырман сезіп отырады, осы күні психосоматика деген бар, адамның сырқатын өзінің мінез-құлқымен, ішкі күйімен байланыстырады. Бұл кейбіреу үшін жай қисын да болуы мүмкін. Бірақ Сайын Мұратбековтің қисыны тереңірек. Әженің тамағынан ас өтпей қалуының алдында біз оның қанша жыл бойы соншама нәрсені ішіне жинап келгенін көрдік қой. Ол балаларына көп нәрсені ашық айтпады, ренішін ішіне жинады, келіндерін ренжітпеуге тырысты,алаларының бір-біріне деген өкпесін де өзі үнсіз көтерді. Жыласа да оңаша жылады. Ақырында осының бәрі жиналып келіп, арты ауыр кеселге апарады. Әйтпесе, Жеңістің әжесі кәрі емес еді, алпыс үш жаста ғана. Автор бұл жерде қылтамақ ауруын бекер алмаған шығар дейміз.
Және мұндағы ең бір жан тоңдыратын жері – шешелері қиналып қысылып жатқанда, ұлдарының ішіп алып, ауыздарынан арақ иісі бұрқырап, әлі жаны шықпаған адамды жоқтап барқырап жылағаны. Келінінің енесімен бақұлдасып отырып, оның қолындағы алтын жүзігін шешіп алмақ болғаны.... Оны қызы Мәржәпия байқап қойып, жеңгесі екеуі жүзікке таласқаны... Шешелерінің жаны шығып жатқанына қарамастан, Жеңіс алтын жүзікті әжесінің қолынан шешіп алып, ашық тұрған терезеден лақтырып жібергенде, қараңғыда сол жүзікті іздеп кеткені…
«–Маған бер!
– Маған бер!..» – дескендеріне қарамастан, ашық терезеден лақтырып жібердім.
Біреу желкемнен нұқып қалды. Әкем екен.
– Ақымақ, ол алтын жүзік, неге лақтырасың, – деп ызғарлы зекірді.
Осы кезде әжемнің қолы сылқ етіп жерге түсіп кетті».
Оқып отырып, ішің мұздап кетеді. Автор шағын әңгімесінде бүкіл адамзатқа тән осы әлсіз мінезді айта отырып, бәрімізге қаратып сұрақ қоятындай. Адам неге осынша дүниеқор болады? Адамның осы қызғанышы, дүниеқорлығын тіпті ең аяулы жанның өлімі де тоқтата алмайтыны несі екен?
Жазушы мұнда «адамдардың бәрі дүниеқоңыз» деген қарапайым қорытынды жасап отырған жоқ, оның айтып отырғаны – адамның бойындағы дүниеқоңыздық, қызғаныш, реніш, өзімшілдік кейде ең бір күрделі, шешуші, адамгершілік сыналатын жерде де сәттің өзінде жоғалып кетпейтіні. Ал Жеңістің оны терезеден лақтырып жібергенінен – әжесінің қасында жүріп, оны түсінге баланың дүние үшін таласты қабылдамағаны, жақсы, жаманды айыратын адам болып өсіп келе жатқаны көрінеді.
« – Арманыңды айтшы, апа? – деді Әсембай.
–… бар ғой, – деді әжем әлсіз үнмен. – Арманым… сендердің татулықтарың…»
Бұл әрбір ананың арманы. Ана балалары үшін атақ-абырой не байлық сұрамайды. Ол тіпті өзіне тағы екі жыл ғұмыр сұрап отырған жоқ. Кез келген ана балалары өзара тату болса дейді, бір-біріне бауырмал болып, қиындық туғанда бір-біріне сүйеу, тіреу болсын дейді. Аналарда басқа арман болушы ма еді! Бірақ оның осы арманы орындалар ма екен…
Марқұмның қол-аяғын уқалап, көзін жапқан көрші шал: «Жарықтық, төрт түлігі сай, үрім-бұтағының алдында жақсы аттанды» дейтін жері бар. Адам баласының көбіне керегі де сол: « өзім өлгенде «байғұс, мына дүниеден бір рахат көрмей өтті» демесінші, «жақсы аттанды» десінші» деп өмір сүреміз. Бұл жерде де сырт көзге шынымен де бәрі бар, бәрі керемет болып көрінетіні рас.
«Мен ақырын басып шымылдықтың тұсына келдім. Енді ашуға оқтала бергенімде, ар жағынан әжемнің «уһ» деп күрсінгені естілгендей болды. Зәре-құтым қалмай атып тысқа шықтым.
– Қорқып кетіпсің ғой, қарағым, не болды? Не болды? – деді қарсы келген көрші шал.
– Әжем күрсініп жатыр…
– Қой, олай бола қоймас, – деп көрші шал үйге кірді, тағы да зарлатып аят оқыды. Онан соң шымылдықты ашты.
– Міне, әжең ұйықтап жатыр, қарағым, – деді. Әжем шынында да аппақ боп созылып, ұйықтаған адамша жатыр. Ұрты суалған, қабағында жалғыз мен ғана танитын кейістік бар».
Жеңіс сезімтал жасөспірім. Әжем күрсініп жатыр дегені оның өз сезімі. Өйткені Жеңіс әжесінің сыртқы қалпын емес, ішкі күйін таниды. Әжесімен бірге отынға барған, сырын тыңдаған, балаларына деген өкпесін естіген, оңаша жылағанын сезген Жеңіс әжесінің жүзіндегі «кейістікті» басқалардан бұрын оқиды. Содан да әжесінің соңғы сәтке дейін бәрін сезіп біліп жатқанына оныңкүмәні жоқ, балаларының осы мінезіне жаны құлазып жатқанын сезімтал бала жүрегімен түсінеді. Бұл жерде автор баланың рухани сезімталдығын ересектердің соқырлығына қарсы қояды.
Е-еее... деңізші, жақынын тым кеш түсінген қанша адам жүрміз…

