Шындық іздеген жүрек
Әсет Аманжоловтың табиғат лирикасында сыртқы көріністен ішкі әлемге үңілетін көзқарас бар. Ол "Қараша басы" өлеңінде анық көрініс береді.
Қазақ поэзиясында ақынның үнін өзгелерден ажырататын бір белгі болады. Ол – ақынның сөз саптауы ғана емес, дүниеге деген көзқарасы. Бір ақын табиғаттан сыр іздейді, енді бірі махаббаттың мұңын жырлайды, үшіншісі елдік пен ерлікті ту етеді. Ал кейбір ақын үшін өлең – адамның өз-өзімен сөйлесетін жалғыз мекені. Әсет Аманжоловтың жырларынан осындай ішкі сырласудың лебі сезіледі. Оның өлеңдерін оқығанда ақынның дайын тұжырым айтуға асықпайтыны байқалады. Ол оқырманға ақиқатты қолына ұстатып бермейді. Керісінше, сұрақ қояды. Сол сұрақтың соңынан оқырманды өзіне елітіп әкетеді. Оның «Шындық», «Салбурын», «Қараша басы», «Маскүнем», «Ескі үй», «Мың күбі» секілді шығармаларының арасында көзге бірден түсе қоймайтын, бірақ ішкі жағынан тартып тұратын бір арна бар. Ол – адамның өзін-өзі іздеуі.
Ақынның «Шындық» өлеңі:
«Шындық қайда?!» – деп сұрайсың,
жас бала! –
деген сауалмен басталады.
Өлеңнің алғашқы жолының өзінен шығарманың табиғаты аңғарылады. Ақын жауаптан бұрын сұрақ қояды. Бұл – оның дүниеге көзқарасын танытатын ұстаным.
Жас бала әлемге сенгіш. Ол дүниені әлі кіршіксіз күйінде қабылдайды. Алайда адам есейген сайын сыртқы әдемілік пен ішкі ақиқаттың арасында алшақтық бар екенін сезіне бастайды. Ақынның:
«Жанды ауыртып, жас көңілді ластама.
Әп-әдемі деп жүре бер әлемді,
Керегі не басты ауыртып басқаға?»
деген жолдарынан да осы ойды аңғаруға болады. Әлем — әдемі! Бірақ сол әдеміліктің ар жағында адам жанын ауыртатын шындық бар. Ақын сол шындықты айналып өтпейді.
«Ізденгенің – жүрегіңнің талабы,
Жанарларың ұшқын атып жанады»
дейді ол.
Ақиқатты іздеу – сырттан таңылған міндет емес, жүректің ішкі қажеттілігі. Адамды ізденуге мәжбүрлейтін де – осы көңілге тыным бермейтін сауал.
Өлеңдегі:
«Өтінемін, іздемеші шындықты,
Керек кезде өзі-ақ іздеп табады»
деген жолдарда парадокс бар. Адам шындықты іздейді. Бірақ кейде шындықтың өзі адамды іздеп табады. Одан қашқың келсе де, құтыла алмайсың.
Ал:
«Бар ғұмырың қаланғанмен шындықтан,
Іргетасы тұрады екен жалғаннан»
деген тұста ақын ойы тереңдей түседі.
Адам өмір бойы шындықты қалауы мүмкін. Бірақ өзі құрып отырған дүниенің іргетасында жалғандық жатуы ықтимал. Бұл – жеке адамның ғана емес, қоғамның да, қарым-қатынастың да мәселесі. Адамның ең қиын қарсыласы кейде сыртындағы біреу емес, өзінің ішіндегі жалғандық. Сондықтан, «Шындық» – сыртқы дүниені сынайтын өлең ғана емес, адамның өзін таразылайтын шығарма. Өлең соңындағы:
«Оны мен де іздегем,
Ол бар екен деп үмітімді үзбегем»
деген жолдар шығармаға ерекше реңк береді. Басында сұрақ болған. Соңында үміт қалады, шындықтың бар екеніне сену – адамның рухани тірегіне айналады.
Ақынның «Шындық» туындысы — адамды өз ішіне үңілтсе, «Салбурын» оның тағдырмен және қоғаммен тартысын көрсетеді.
Өлеңнің алғашқы жолдары:
«Мен – жаралы қасқырмын,
Тағдырымды Тәңіріге тапсырдым.
Кез келгенге бұға бермес кеудемді
Келмейді енді тексіздерге бастырғым!»
деп басталады.
Мұндағы жаралы қасқыр – жай ғана бейне емес, лирикалық кейіпкердің рухани портреті. Қасқыр – еркіндік пен қайсарлықтың, табиғи мінез бен жалғыздықтың символы. Ал, оның жаралы болуы – сол еркіндіктің өмір жолында талай соққы көргенін аңғартады.
«Кез келгенге бұға бермес кеудемді» деген жол осы өлеңнің ішкі кредосындай әсер қалдырады. Өлеңнің
«Салбурын» атауының өзі де ерекше назар аудартады. Салбурын – қазақтың дәстүрлі аңшылық, саятшылық мәдениетімен сабақтас ұғым. Ақын ұлттық дүниетанымға тән атауды адамның бүгінгі рухани күйімен қабыстырады. Өлеңдегі:
«Біреулерге ұнамады түр-тұлғам,
Біреуге – арым биік тұрған құлқыннан»
деген жолдар тұлға мен орта арасындағы қайшылықты аша түседі. Кейде адамның өзгелерге ұнамауы оның кемшілігінен емес, өз болмысынан айнымайтындығынан болуы мүмкін.
«Тік келуге жетпеген соң шамасы,
Тор құрумен шектеледі сыртымнан»
деген жолдарда әлеуметтік психология бар. Қарсы тұруға шамасы жетпеген адам сыртынан тор құрады. Бұл – бүгін де маңызын жоймаған құбылыс.
Ал:
«Еркіндігім ерсі болды біреуге,
Ит тірлікке көнбедің деп мінеуде»
деген жолдар ақынның еркін тұлға мен оны мойындағысы келмейтін ортаның арасындағы қайшылықты дәл көрсетеді. Өлең соңындағы:
«Қайтем енді, қаша алмастай қамалдым,
Шыныменен түскені ме бағамның?»
деген сауалдар трагедиялық тынысты күшейтеді.
Тобырлар-ай... айыра алмас арасын
Жақсы менен жаманның.
Бұл жолдар – жеңілген адамның емес, тағдырмен бетпе-бет келген адамның дауысы.
Әсет Аманжоловтың табиғат лирикасында сыртқы көріністен ішкі әлемге үңілетін көзқарас бар. Ол "Қараша басы" өлеңінде анық көрініс береді. Өлең:
«Қараша басы.
Қала іші.
Қар ұшқындады»
деген қысқа жолдармен басталады.
Қараша – екі мезгілдің арасындағы өтпелі кезең, бұл өздеріңізге де белгілі, күз аяқталып, қыс жақындаған шақ. Бірақ ақын үшін бұл тек табиғаттың мезгілі емес, адамның өміріндегі өтпелі кезеңнің де ишарасы. Өлеңдегі:
«Қалқайып қалған қарайып тал ұсқындары.
Қаңғыбас отыр қара нан, қара су ішіп,
Қаймығып қалған бұл қыстан
байғұстың жаны»
деген жолдардан «қара» сөзінің қайталануы бірден аңғарылады.
Қараша. Қарайған тал. Қара нан. Қара су. Қыс. Осының бәрі өлеңнің көңіл күйін ауырлата түседі. Мұнда табиғат пен адам тағдыры қатар қозғалады. Сырттағы суық бірте-бірте адамның ішкі суығына айналады.
«Қырдағы ел қамданып па екен,
Масайрап жазға қалмап па алданып бекер?!»
деген сауалдың астарында табиғи өзгерістен әлдеқайда кең ой жатыр. Қыс келе жатыр. Ал адам өмірдің қысымына дайын ба? Осы тұста «қыс» өзінің табиғи мағынасынан асып, адамның ауыр кезеңінің метафорасына айналады. Ақын:
«Көшеде көңілсіз келем,
Жүректе мұзға айналар
Өмір – сыз, білем...»
дейді.
Осылайша сыртқы қыс пен ішкі қыс бір арнаға түседі.
Ал:
«Түсім – жаз,
Өңім – күз дер ем...»
деген жолдарда ақынның философиялық ойлау жүйесі анық көрініп тұр. Жаз – жылу, тіршілік, үміт болса, күз – уақыттың өтуі, кемелдену мен солудың белгісі. Адамның түсінде жаз болуы мүмкін, бірақ оның өмір шындығы күз болуы ықтимал. Ақын бұл жерде табиғатты сырттай бақылап қана қоймай, ол табиғаттың әрбір құбылысынан адам тағдырын көреді.
Ал, «Маскүнем» өлеңінде ақын адам тағдырына одан әрі тереңдей түседі.
Шығарманың басындағы:
«Мен отырмын бөтелкенің ішінде,
Сен отырсың бөтелкенің ішінде,
Неге отырмыз бөтелкенің ішінде?!»
деген сұрақтың өзі өлеңнің ішкі мазмұнын ашып тұр. Бөтелке мұнда арақ құятын ыдыс қана емес. Ол – адамның өзін қамап алған кеңістігі. Осы тұста бұл өлеңді «тек ішімдік туралы шығарма» деп қабылдау аздық етеді. Ақынның назары адамның өз-өзінен алыстауына түседі. Лирикалық кейіпкер:
«Бәрін де кешіремін,
Талайына тағайын несіне мін.
Жалпағынан жалғанды басып тұрып,
Кері кеткен не деген кесір едім!»
дейді. Ол өзгені емес, өзін айыптайды. Мұнда шығарманың психологиялық қуаты жатыр. Кейіпкер өзінің қайда кеткенін түсінеді, бірақ түсіну мен одан шығудың арасы алшақ.
Ол:
«Жаһанда жалғыздықты сезінемін»
дейді. Мүмкін, адам кейде ішімдікті арақ үшін емес, өзінен қашу үшін ішетін шығар. Яғни, адам өзінің өткенінен, өкінішінен, жалғыздығынан қашу үшін ішеді. Бірақ бөтелке – жалған пана. Ол адамды құтқармайды, керісінше жалғыздығын тереңдетеді.
«Тағдыр сондай маған да тапсырылды» деген жолдардан адамның өз әлсіздігін тағдырға ысыра салуға бейімділігі көрінеді.
Сөйтіп, шығармадағы негізгі тартыс адам мен арақтың арасында емес, адам мен өзінің арасында өтеді.
Ал:
«Бір грамм аяушылық болса маған,
Жүз грамм алып берші...»
деген жолдар трагедияның шегіне жеткізеді.
Кейіпкерге шын мәнінде бір грамм арақ емес, бір грамм аяушылық керек. Оған адамдық жылу, түсіністік, мейірім қажет. Бірақ ол соны бөтелкеден іздейді. Әсет Аманжолов бұл өлеңде адамды күлкілі кейіпкерге айналдырмайды және жай ғана айыптамайды, оның жан жарасын көрсетеді. Сондықтан ақынның «Маскүнем» туындысын «ішімдік туралы ғана емес, адамның өзін жоғалтуы туралы шығарма», деп қабылдау керек.
Ал, «Ескі үй» шығармасында ақын адамның ішкі жарасын басқа қырынан ашады. Кез-келген адам үшін ескі үй – жай ғана баспана емес. Ол – балалық шақ, ата-ана, шаңырақ, туған орта, яғни, адамның алғашқы әлемі. Сондықтан Әсет Аманжоловтың
«Ескірмеші үй...»
деген тілегіне қарапайым сағыныш деп қана қарауға болмайды. Адам өткенінің жоғалғанын қаламайды. Уақыт бәрін өзгертеді. Балалық шақ қайтып келмейді. Адамдар кетеді. Үйдің өзі де ескіреді. Бірақ адам сол үйді жадында бұрынғы қалпында сақтағысы келеді. Осы естеліктермен «Ескі үй» адамның жадының символына айналып шыға келеді. Кейде адам үйін емес, сол үйдегі өзін сағынады.
Бұл – шығарманың ең нәзік астары. Қазақ ұғымында үйдің орны ерекше. Үй – шаңырақ. Үй – отбасы. Үй – ұрпақ. Үй – адамның рухани тамыры.
Бала елес әлі ойнап жүр сенде,
Тастап шығып тап болдым ғой мұң-шерге.
Сендегідей жылылықты сезем бе,
Хан сарайды салып алып кірсем де!
Міне, ақын ескі үйге тіл қатқанда, шын мәнінде өзінің өткеніне тіл қатып тұрғандай әсер қалдырады.
Сондай -ақ «Мың күбі» триптихінде де ақынның ой кеңістігі ұлғая түседі.
«Көрініс», «Иіс», «Дабыс» деп аталатын үш бөлімнен тұратын туындыда жеке адамның ішкі әлемінен ұлттық санаға қарай беталыс байқалады.
Шығарманың:
«Менің тегім – Қазақ деп,
Менің тегім – Түркі деп»
деген жолдары ақынның ұлттық дүниетанымын анық танытады. Бұл жерде «мен» енді жалғыз адамның ғана «мені» емес, өзінің тамырын іздеген адамның үні.
«Мен кіммін?» деген сұрақ еріксіз «Мен қайданмын?» деген сауалға алып келеді. Ал «қайданмын?» деген сұрақ тарихқа бастайды.
Күлтегін, көне түркілік сана, туған жер, топырақ секілді ұғымдардың қатар келуі ақынның тарихты бүгіннен бөліп қарамайтынын аңғартады. Тарих – артта қалған уақыт емес. Ол – бүгінгі адамның санасында өмір сүретін рухани жад. Сондықтан:
«Менің тегім – Қазақ деп,
Менің тегім – Түркі деп»
деу – құр мақтаныш емес, тамырын мойындау. Ал тамырды мойындау – жауапкершілікті де мойындау.
Мың піспектің дауысы —
қолмен келіп қалғандай
Абылай мен хан Кене,
Тоныкөк пен Күлтегін!
Күрп, күрп, күрп...
Қатар тұрған мың күбі
Жаңғырықты күрпілдеп.
Тобылғы ысты май қымыз
күбісінде кілкілдеп.
Бұл туынды Жаңаарқа жұртының мың күбіге он мың литр қымыз пісуден әлемдік рекорд онатып, Гиннес рекордтар кітабына енген кезінде дүниеге келген.
«Баста!» — деген бұйрық кеп сахнадан,
Мың піспек бір ырғақпен салады ән.
Бусанып сала берді сары далам,
Саф қымыздың исі аңқып самалынан.
Қымыз исі — бұнда тек Жаңаарқаның ғана емес, оқырманның да танауын поэзия құдіретімен жарып жібергендей күй ұқтырады.
Міне, поэзияның өміршеңдігі осылайша тек ұлттық құндылықпен ғана өлшенетіні анық...
Бір сөзбен айтқанда, Әсет ақынның біртұтас әлемі осы шығармаларды қатар оқығанда олардың арасындағы ішкі сабақтастық анық байқалады.
Яғни «Шындық» – адамды өз ішіне үңілдірсе, «Салбурын» – оның тағдырмен және қоғаммен тартысын көрсетеді. «Қараша басы» – уақыттың салмағын табиғат арқылы сезіндірсе,
«Маскүнем» – адамның адасқан тұсын көрсетеді. Ал, «Ескі үй» – ақынды өткеніне қайтарса, «Мың күбісі» – оқырманын ұлттық санаға алып шығады. Сөйтіп, ақын поэзиясындағы қозғалыс біртіндеп кеңейеді: адамнан – тағдырға, тағдырдан – жадқа, жадтан – тарихқа. Әсет Аманжоловтың поэзиядағы бір ерекшелігі, ол адамды мінсіз етіп көрсетуге тырыспайды. Қателескенін де, жалғыз қалғанын да, адасқанын да, өткенін сағынғанын да жасырмайды. Оның кейіпкері өмірдің жеңіл жағын ғана емес, адамның өзімен күресін де арқалап жүреді.
Осы тұрғыдан келгенде, ақынның поэзиясында ар мәселесі де назардан тыс қалмайды. «Шындықтағы» ақиқатты іздеу, «Салбурындағы» еркіндікке ұмтылу, «Маскүнемдегі» өзін-өзі айыптау – бәрі адамдық өлшемге келіп тіреледі.
Ал «Ескі үй» мен «Мың күбісінде» бұл ізденіс уақыт пен тарихи санаға ұласады. Демек, ақынның лирикалық кейіпкері бір орында тұрмайды. Ол өзіне сұрақ қоя отырып, өзінің кім екенін, қандай тағдыр кешкенін, қайдан шыққанын тануға ұмтылады. Өлең аяқталғанмен, оқырманның өзіне қояр сұрағы аяқталмайды.
Әсет Аманжоловтың бұл шығармаларына қарап отырып, оның өлеңді жай ғана сөз өрнегі үшін жазбайтынын аңғаруға болады. Әр туындының астарында адамға қойылған сауал бар.
Шындық қайда?
Адам неге адасады?
Өткен неге ұмытылмайды?
Мен кіммін?
Мен қайдан келдім?
Бұл сұрақтар әр өлеңде әртүрлі сипатта көрінгенімен, бір-бірінен алшақ емес. Олар адамның ішкі әлемінен басталып, ұлттық санаға дейін жететін бір арнаға тоғысады.
Сондықтан Әсет Аманжоловтың осы жырларын жеке-жеке ғана емес, біртұтас дүниетаным аясында оқыған жөн. Сонда ақын поэзиясындағы адам, оның ары, өкініші, жалғыздығы, жады, туған жері мен тарихы бір-бірімен сабақтасып шыға келеді. Ал сол әлемнің ең басында да, ең соңында да жүрек тұр. Ол — шындықты іздеген жүрек. Адам кейде шындықтан қашады. Кейде өзін бөтелкенің ішіне қамайды. Кейде ескі үйге қарап өткенін іздейді. Кейде өзінің тегіне, тарихына үңіледі. Бірақ осы ізденістердің бәрі түптеп келгенде адамның өзін тануына бастайды. Әсет Аманжолов поэзиясының қуаты да дәл осында, деп ойлаймын. Ол оқырманға дайын ақиқатты ұсынбайды. Оның орнына жүрекке сұрақ тастайды. Ал сол сұраққа жауап іздеу – оқырманның өз еншісінде. Мүмкін, ақын поэзиясының ең үлкен әсері де осы шығар. Ол оқырманды өлеңнен кейін де өзімен сөйлесуге мәжбүр етеді.
Жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы
