Әлемнің екінші ұстазы және заманауи ғылым

Әбу Насыр әл-Фарабидің қазақ даласынан шыққан ұлы ғалым екендігін әлем жұртшылығы мойындауы – өз тұсында ұлттық білім-ғылым, әдебиет, мәдениет пен өнерге де үлкен серпіліс бергені күмәнсіз еді.

Әлемнің екінші ұстазы және заманауи ғылым - adebiportal.kz

«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби – қазақ даласынан шыққан кемеңгер ғалым. Ғылымның сан түрлі саласындағы іргелі еңбектері арқылы адамзат өркениетінің дамуына аса зор серпін берген ұлы ғалым Әбу Насыр бабамыз туған отанына өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «оралды».

Он бір ғасырдан соң алғаш рет өз елімен, қазағымен қауыштырып, оның Отырар топырағынан шыққан қыпшақ тумасы екенін әлемдік деңгейде дәлелдеген – көрнекті қазақ геологы, тау-кен инженері және фарабитану ғылымының негізін салған заңғар ғалым Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани (Машанов) екенін есте ұстағанымыз абзал.

Ол 1960 жылдары араб елдерімен байланыс орнатып, Сирияның Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың бейітін тауып, басына белгі қоюға және ғұламаның бай мұрасын Қазақстанға алдырып, зерттеуге зор еңбек сіңірді.

Міне содан бері қарай өзінің төл отанында ұлы ғалымның есімі лайықты ұлықталып келеді. Соның ең бір айқын мысалы – 1991 жылы 23 қазанда Қазақстандағы ең іргелі жоғары оқу ордасы, бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне есімі берілген болатын.

Әбу Насыр әл-Фарабидің қазақ даласынан шыққан ұлы ғалым екендігін әлем жұртшылығы мойындауы – өз тұсында ұлттық білім-ғылым, әдебиет, мәдениет пен өнерге де үлкен серпіліс бергені күмәнсіз еді.

Белгілі жазушы, публицист және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» атты роман жазса, ұлы ғалым туған топырақтан шыққан қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановтың «Арман» атты асқақ жыры қаншама буын ұрпақты үлкен адам болуға баулыды, мұндағы шумақтар мен тармақтар афоризмге айналды.

Ал Әбу ше?

Кеңге жайды ол қанатын,

Әбуіміз – әрі ғалым, әрі ақын,

Әбуіміз – біздің ұлы бабамыз

Әбу-Насыр әл-Фараби болатын.

Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,

Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,

Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

Үлкен арман керек екен адамға...

Көптеген іргелі ғылымдардың бастауында тұрған ұлы ғалымның телегей-теңіз мұрасын игеру күні-бүгінге дейін жалғасын тауып жатқан үрдіс және Әбу Насыр әл-Фарабидің мұралары қазақ тіліне де аударылып бастырылды.

Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі негізінен философия, ғылым және мәдениет тарихына қатысты болып келеді. Сондықтан да оқулықтарда оның есімі көбінесе ұлы философ, Шығыстың көрнекті ойшылы, ортағасырлық ғылымның ірі өкілдерінің бірі ретінде сипатталады. Ал шын мәнінде әл-Фарабидің ғылыми, рухани мұрасы мұнымен ғана шектелмейді.

Ғалымның еңбектері қазіргі барлығы дерлік дербес мына ғылымдарға: философия мен логикаға, математика мен музыкаға, тіл мен саясатқа, этика мен тәрбиеге, психология мен педагогикаға, қоғамтануға қатысты болып келеді. 

Әмбебап ғалым неге екінші?

Әбу Насыр әл-Фараби X ғасырда – ғылыми білім белсенді дамып, Шығыстың әртүрлі мәдениеттері арасында кең таралған кезеңде өмір сүрді. Ол антикалық ойшылдардың, ең алдымен Аристотель мен Платонның еңбектерін зерттеп, олардың идеяларын дамытты және өзіндік тұжырымдар ұсынды. Осы тұрғыда оны Аристотельдің, өзге де ежелгі ойшылдардың еңбектеріндегі ғылыми ойларды өз заманында ілгерілетіп, дамытушы ретінде қарастырады және сол үшін де тарихта оны Аристотельден кейін екінші номерге қояды.

әл-Фарабидің ғылыми көзқарасының ерекшелігі – әртүрлі білім салаларының өзара байланысын түсінуге ұмтылуында. Философия ол үшін математикадан, логикадан, жаратылыстанудан немесе музыкадан бөлек тұрған сала емес еді.

Әл-Фарабидің еңбектерінде баяндалған ғылымдарды жіктеу жүйесінде тіл, логика, математика, жаратылыстану ғылымдары, метафизика, саясат және басқа да салалар маңызды орын алды. Бұл оның ғылыми таным туралы түсінігінің қаншалықты кең болғанын көрсетеді.

Бүгінде мұндай қызығушылық аясын бірден бірнеше ғылыми бағытта зерттеу жүргізе алатын энциклопедист-ғалымның қызметімен салыстыруға болады.

Музыка теориясын негіздеген ғалым

Әл-Фараби мұрасының ең қызықты әрі ерекше қырларының бірі – оның музыкаға деген қызығушылығы.

Қазіргі ноталық дыбыстарды ХІ ғасырда бенедиктілік пірәдар әрі музыка теоретигі Ареттік Гвидо (Гвидо д’Ареццо) негіздеген делінеді. Ал музыка жөніндегі іргелі еңбекті алғаш жазған – Әбу Насыр әл-Фараби болып саналады. «Музыка тек көңіл көтеру өнері емес, ол – ғылым» деген қағидатты басшылыққа алған әл-Фараби музыканың ғылыми негіздерін: дыбыстарды, интервалдарды, ырғақты, музыкалық элементтердің өзара байланысын және музыканың адамға әсерін зерттеуге ұмтылды.

Оның ең белгілі еңбектерінің бірі – «Музыканың ұлы кітабы». Бұл еңбекте музыка теориясы, музыкалық аспаптар, дыбыс шығару ерекшеліктері және музыкалық шығармаларды қабылдау мәселелері қарастырылады.

Бір қызығы, өзі математик болған себепті әл-Фараби бабамыз музыканы математикалық заңдылықтармен байланыстыра қарастырды. Ол дыбыстар арасындағы қатынастарды тек музыкант тұрғысынан емес, олардың құрылымын түсінуге ұмтылған зерттеуші ретінде қарастырды.

Осылайша, оның түсінігінде музыка өнер, ғылым және адам психологиясы тоғысатын сала болды.

Ол әртүрлі дыбыстардың үйлесімі адамның бойында түрлі сезімдер мен психологиялық күйлер туғызуы мүмкін екенін түсінді. Музыка адамның көңілін тыныштандыруы, жігерлендіруі, көңіл көтеруі немесе белгілі бір эмоциялық күй қалыптастыруы мүмкін.

Бұл мәселе қазіргі оқырман үшін де қызықты. Өйткені бүгінгі таңда музыканың адамның көңіл күйіне, зейініне, күйзеліс деңгейіне және эмоциялық жағдайына ықпалы арнайы зерттеліп келеді.

Әрине, әл-Фарабидің ортағасырлық түсініктерін қазіргі нейроғылыммен тікелей теңестіруге болмайды. Дегенмен ойшылдың музыканы ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастырып, оның адамға әсерін зерттеуі оның ғылыми ойлау ауқымының кеңдігін көрсетеді.

Әл-Фараби: «Қисын – дұрыс ойлаудың негізі»

Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – қисын немесе логика болғанын көреміз.

Ол логиканы жай ғана абстрактілі философиялық пән ретінде емес, адамның дұрыс ойлауына, дәлелденген білімді қате пікірден ажыратуына және өз ойын жүйелі түрде жеткізуіне мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастырды.

Бұл тұрғыдан алғанда, әл-Фарабидің идеялары бүгінгі күнмен де үндеседі. XXI ғасырда адам күн сайын ақпараттың орасан зор көлемімен бетпе-бет келеді: ғылыми мәліметтер, жарнама, жаңалықтар, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар және тағы басқалардың толассыз толқыны қисынға келіп тірелмей ме?

әл-Фараби тілді адам қарым-қатынасының аса маңызды құралы санады

Әл-Фарабидің ғылыми қызығушылықтары тіл мәселелерін де қамтыды. Ойшыл үшін тілдің маңызы өте зор болды, өйткені адам өз ойын тіл арқылы білдіреді, білімді жеткізеді және басқа адамдармен қарым-қатынас жасайды. Ол сөйлеуге, сөздердің мағынасына, пікірді дұрыс құруға және тіл мен ойлаудың арақатынасына байланысты мәселелерді зерттеді.

Бұл оның адамды жан-жақты зерттеуге ұмтылғанын тағы бір мәрте көрсетеді. Адамның ойлау қабілетін сөйлеу, пікір білдіру және ақпаратты жеткізу мүмкіндігінен толық ажыратып қарастыру мүмкін емес.

Қазіргі кезде мұндай мәселелерді лингвистика, тіл философиясы, когнитивтік ғылым және психология сияқты бірнеше ғылым саласы зерттейді. Әл-Фараби бабамыздың тілдік қарым-қатынас жайындағы ойлары бүгінгі күні де өзекті.

Әл-Фараби және математика

Математика да Әл-Фарабидің білім жүйесінде маңызды орын алды. Ол математикалық ғылымдарды адамның интеллектуалдық дамуына қажетті негіздердің бірі деп санады. Олардың қатарына арифметика, геометрия, астрономия, музыка және сандық әрі кеңістіктік қатынастармен байланысты басқа да салалар жатты. Әсіресе музыка мен математиканың өзара байланысы қызықты. әл-Фарабидің ғылымдарды жіктеу жүйесінде музыка математикалық біліммен сабақтастырыла қарастырылды.

Бұл оның әртүрлі құбылыстар арасындағы ортақ заңдылықтарды іздеуге ұмтылғанын көрсетеді. Ол үшін сан мен пропорция жай ғана абстрактілі ұғымдар емес, қоршаған әлемнің тәртібі мен заңдылықтарын түсінуге мүмкіндік беретін құралдар болды.

Адам және қоғам – әл Фараби назарында

Жан жақты ғалым әл-Фарабидің қызығушылықтары жаратылыстану және нақты ғылымдармен ғана шектелмеді. Ол өз дәуірі мысалында адам, қоғам және мемлекет мәселелеріне де үлкен көңіл бөлді.

Өзінің саяси-философиялық еңбектерінде ол мынадай сұрақтарға жауап іздеді: Әділетті қоғам қандай болуы керек? Адамды бақытты ететін не? Басшының қоғамдағы рөлі қандай? Білім беру қандай болуы тиіс? Бұл сұрақтар қазір де өзекті емес пе?

Ойшылдың ең белгілі еңбектерінің бірі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат».

Бұл еңбекте әл-Фараби бабамыз адамдардың шынайы бақытқа жетуге және жеке тұлғалық кемелденуге ұмтылатын қоғамы туралы ой қозғайды.

Оның түсінігінде мемлекет – жай ғана белгілі бір аумақ немесе саяси басқару жүйесі емес. Қоғам адамға ақыл-ойын, адамгершілік қасиеттерін және қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беруі керек.

Бүгінгі әмбебап ғалымдықтың нағыз үлгісі

әл-Фарабидің ерекшелігі оның қанша ғылым саласына қызығушылық танытқанында ғана емес, ең маңыздысы – оның әртүрлі білім салаларын өзара байланыстыра білуінде, яғни әмбебаптығында.

Ол философия логикамен, логика ойлаумен, музыка математика және психологиямен, білім беру этикамен, ал мемлекет туралы түсініктер адам бақыты мәселесімен байланысты деп қарастырады. Бүгінде мұндай тәсіл пәнаралық зерттеу деп аталады. Мектеп оқулықтарын, соның ішінде «Қазақ тілі» оқулығын қарасаңыз да осы қағидатқа негізделіп жазылғанын көресіз.

Қазіргі ғылым көптеген тар мамандықтарға бөлініп кеткендігін білеміз. Ғалымдар кейде ондаған жыл бойы бір ғана нақты мәселені зерттейді. Ал әл-Фараби өзі өмір сүрген интеллектуалдық дәстүрде әлем туралы барынша тұтас түсінік қалыптастыруға ұмтылғанын көреміз.

Әл-Фарабиге қазіргі адам көзімен, бүгінгі көзқараспен қарасақ, оның тұлғасы әлдеқайда қызықты әрі жан-жақты көрінеді.

Біздің алдымызда күрделі философиялық трактаттар жазған ортағасырлық ойшыл ғана емес, музыка мен математикаға, тіл мен логикаға, тәрбие мен саясатқа, қоғам мен адам бақытына қызығушылық танытқан ғалым бейнесі ашылады.

Оның өмірі мен ғылыми мұрасы білімге деген шынайы қызығушылықтың бір ғана мамандық шеңберіне сыймайтынын көрсетеді.

Бүгінгі таңда әртүрлі ғылым салаларының білімін ұштастыра алатын мамандарға сұраныс жоғары. Мысалы, эколог химия, биология, география және ақпараттық технологиялар әдістерін қатар пайдаланады; жасанды интеллект маманы математика, бағдарламалау, лингвистика және психология тоғысында жұмыс істейді; қазіргі педагог пәндік білімді педагогика және цифрлық технологиялармен ұштастырады.

Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фарабидің интеллектуалдық тәсілі бүгінгі заман үшін де таңғаларлықтай өзекті.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan