Қан жылаған қарағай
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
(әңгіме)
Дүрмегі кермегімен кептелген дүние диірменінің тасын дөңгелетіп, тірлік тынысы мен тағдыр талайын таразылаған көк астындағы кеңістік кемерінде Төлепбергеннің бес белестің босағасын аттағанына жылға жетпес уақыт қана өткен. Сіңірі қатып, білегінің тамыры білеуленіп балта шабуға жараған күннен бастап Бесқарағай орман шаруашылығында. Балалығын шайыр сағыз бен бүршік жинаумен өткізіп, кейін инспектор болып жұмысқа алынған ол бұл аумақтағы барлық қарағайдың қыр-сырын бауырындағы баласының болмысындай жақсы таниды. Әкесінен мұрадай боп қалған кәнігі кәсібіне буаз бұлттардың бүйіріне сүңгідей шаншылған сұңғақ та жуан бес қарағай куә. Қия түздегі орман бастауына жайғасқан олар осы жердің өткен-кеткен алашапқын өткелді кезеңдері, дүмбілез дүниенің тасбауырлығы мен жазиралы жомарттығын ұйыстыра өрген шежірелі жылнамасының да тірі төлқұжаты іспетті. Төбеттің тұмсығы өтпестей боп жымдасып өскен барлық самырсындардың арғы аталары тәрізді байсалды. Қолдың салалы бес саусағындай бесеуі тамырын терең тартып, құштарлана аспанға бойлап, аңызақ соқса сығырайтып жүргізбейтін құм даланың қорғанындай боп көрінетін.
Төлепберген қолы қалт кеткенде болсын, жоспарлы жұмысының арасындағы бос уақытта да осы бес қарағайға арнайы ат басын бұрып, көлеңкесінде қаққан қазықтай тапжылмай отырып бой сергітетін. Ішкі мұңын молдаға айтып ұшықталғандай ауыр денесі жеңілдеп, керзі етіктей кеберси бастаған көңілі көк жайлауға айналатын. Бес қарағай да бауырына еркелетіп басқан атасы секілді шуағымен шомылдырып, мол мейірін төгетін. Келген сайын жал-жал боп өскен Бесқарағай орман шаруашылығы бастауын осы жерден алатын шығар деп ой пішетін. Бүгін де солардың түбінде таяныш қылатын сыңар балдағының қолтық ағашындағы шодырайған қоңыр безге безере қарап, бәкісінің ұшымен шұқып көп отырды.
Бүйірлеп шыққан бұтағы,
Қармақ болған қарағай.
Аттылы үйдің алдына,
Шарбақ болған қарағай.
Таянарда сүйеніп,
Балдақ болған қарағай.
Көз қиып, қалай қиярсың,
Ішіңнен шыққан баладай...
Төлепберген теңіз түбінен маржан іздегендей терең бойлады. Шабыт шыңырауындағы тұма тұңғиықтарға қиялы шарлай құлдилап, сүңгіген сайын зіркілдеп зікір салар бақсыдай күйге түсіп көп толқыды. Өңешіне өлең легі кептеліп, толғағы келген келіншектей кең дүниеден күнелтер күрке таппай аласұрып, бұрын миына қатпары түспеген жырлар санасына қашалып жазыла берді. Осы жерге келсе болды оқта-текте шабыты оянып, бүйірі қызған аттай шапқысы келіп-ақ тұратын әдеті.
Бесін ауып барады. Астынан су шыққандай атып тұрды да «сап етіп ойыма келгеннің шимайын шашыратып алармын» дегендей алып-ұшып жиренге мінді де, балдағын қанжығасына байлап, үйіне бет түзеп астындағы атының соңғы құмалағын түсірердей ішін қорс-қорс еткізіп тапырақтатып шаба жөнелді. Жеткен бойда асығып табалдырықтан аттай салып, босағаның қасында тамырымен кесіп алынған, үстіне ешкінің кебенек терісі төселген тақ-томаршаға сылқия отырды да еңкейіп дымқылданып ірімтік бола бастаған шұға шұлғауын шеше бастады. Бойының зілдей салмағы бір аяғына ауған оның қимылы да сылбыр, жуан қарыны да ыңғайына ырық бірмейді. Мінгенде атан өгіздің белі қайқайып шыға келетін батыр тұлғасының көркін ақсақ аяғы ғана кетіріп тұрғандай. Кейде ыза болғанда сол жансыз аяғын салбыратпай балтамен шауып тастағысы келетін. Бұрнағы жылы арғы жағында өзі тұрса, бергі жағынан сұлбасы көрінбейтін қарағай арасында соққыға жығылып, балдаққа сүйенген күннен бастап «лесник Берген» аты ауысып «ақсақ Берген» деген лақап ат жабысты.
Жұрт қанша әжуаласа да өз ісіне мүттақым, шаруашылығынан ши де, шашау да шығарып көрген емес. Оңды-солды ағаш түгілі, шіріген үгінді де сатпайды, шектен тыс отын босатпайды. Өз үйінде жағар отыны болмай жатса да артық «шөрбәк»1 кескен емес. Жұрт та оның осы тістеген жерінде тісі, ұстаған жерінде қолы қалатын өжет те қылжыр-қыңыр мінезін оқып алған. Күзде өздеріне тиесілі отын алғаннан кейін алдына қайталап баспайды. Ал орманнан ұрлап отын әкеліп жағар болса және оны Тәңірберген біліп қойса, бітті дей бер. Көзіне оқала түскен көтерем көк сиырдың күйін келтіреді.
– Әй, Төлеш, тым құрығанда үйге шірік те болсын қу ағаш әкелсейші. Мына суықтан теріміз күлдіреп, тырнағымыз қарая бастады ғой, – деп сөгетін әйелі Кәримә. Сүреңсіз тірлігінде сүбелі дүниесіне де сүйінші сұрамайтын Төлепберген сонда да міз бақпайтын.
– Жай ма, жаз бойы балаларыңа қара қидан қор жасаңдар дегенде шидің басын да сындырмадыңдар. Әкелген көмірді кіргізіп алыңдар дегенде мұрындарыңды шүйірдіңдер. Су тиген көмір үгілді де қалды. Енді маған не қыл дейсіңдер? Сирақтарыңды кесіп жағыңдар. Қыртқаны бұның, – деп жалына қатқан қарды жұлқынып қағатын азбандай қаһарланатын. Күйеуі кейігенде күйкентайлап, үнсіз күйіс қайтарған көк құнажындай бола қалатын Кәримә қарсы шығуға беті де, дәті де шыдамаса да, әйелдік әдетіне басып күбірлеп жүретін.
– Құдықтың қасында отырып шөл қысты деген осы шығар, – дейтін сөз арасында естірте шымшып. Амалы құрығаннан кейін ол жоқта көршілерінен отынды қарызға сұрап та алып, сатып та алып үнемдеп жағатын. Сөйткен әйелінің Төлепберген балдаққа сүйенгеннен бері дауысы өктем шыға бастаған. Бүгін де әй-шәй жоқ беттен алды.
– Бес бәйбішең аман ба екен? Бүйені шығып балаламаған шығар, – деді мысқылдап кенезесіне насыбай сепкендей.
Тиген жеріне тілінің тоты жағылып, табы түсетін, терісі сыдырылған қызылшақаға апиын басқандай ашытып сөйлейтін әйелін сөзден жеңе алмасын біледі. Қарсы келсе қақ маңдайдан ұрғандай етіп сеспей қатыратыны тағы бар. Қауқар-қайранымның жоқтығы жасымның шау тарта бастағаны болар деп өзін сабасына түсіріп, амалсыздан көндігетін. «Жас кезімде оңдырмай сабап алмаған өзімде де бар» деп ой пішетін сосын. Ал бес қарағайға тіл тигізгенде бәрін ұмытып тікені тік қайырылатыны бар.
– Сандалған аузыңды аңқита саламын қазір, айтпады деме. Тантыма босқа, тантыма. Ол бес қарағайдан қатын атаулы құрдымға кетсін. Өйтіп көки берсең кемпір болғаныңда көзің көгереді. Айтпады деме. Осы елдің құты, осы орманның киесі олар. Тілің тиіп тоқалаң асып жүрме, байқап сөйле! – деп ескертіп, лезде ашуға мінді. Жалғыз аяқ екені есінен шығып, отырған томардан екіленіп тұрып келе жатыр еді есіктен шашақ сақал сығалады да артынан ескі досы Сұрағанның басы көрінді. Сақалсыз кезінен танитын саппас еді, бұның сынған сирағы қисық біткен жылы сол Сұрағанның жағына да жарты уыс қылшық біткен. Түнде күзетте бірге болған адамдай амандық-саулық сұрасқан да жоқ. Баланың жейдесінің жең түймесіндей ғана шүңірейген екі көзі бір нүктеге бұрылып алақ-бұлақ етіп тоқтар емес. Төлепбергеннің кейде «бұзау көзді бұқабас» деп қағытатыны бар. Оның үстіне бауырынан өрт өткендей сидалаңданып қалған ұзын сирақ.
– Үйлеріңде мысық бар ма, о, әке-еңнің? – деді ол табалдырықтан бір аяғы бергі жаққа түскен бойда.
– Тышқақ лағы түгілі тышқаны жоқ үйде мысық болушы ма еді, – деп күлді Кәримә.
Бұл сөзінің жалыны Төлепбергенді де жалап өтті. Өзі құралпы орманшылардың олқысы жоқ, сыртқа сүмірейіп қаңқасы ғана көрінгенімен қаладан қос-қостап пәтер алып, астарына жаңа көлік мініп, әйелдері алтындарын тағарға он саусақтарын азсынып жүргенде Төлепбергеннің иелігінде аптасына бір күн жүріп, алты күн гараждаға шұңқырдың үстінде қирап қаңтарылып тұратын УАЗ-ик қана болатын. Заңды аттауы былай тұрсын, үйірлі жылқы иіріле алмайтын орманға беталбаты балта ұрып, томпақ іске баруды қылмыс қана емес, қарағайға жасалған обалдық деп білетін.
– Бірінші амандық сұрассаңшы, тұқымыңды ұрайын, – деді Төлепберген шұлғауын иығына асыра лақтырып Сұрағанға шүйіліп.
– Амандық атқа мініп қашар дейсің бе? – деді Сұраған да құрдасының қатқыл үнін құлағына қыстырмай.
– Қыртты ғой. Мысықты қайтпексің? Үйіңде тышқан балалады ма ма? Әлде сасықкүзен ауламақпысың? – деді сосын қағытып.
– Осы сен Төлепберген, қатының екеуің бұра сөйлемесеңдер тұзсыз ас ішкендей боласыңдар, ә, о, әке-еңнің.
– Енді итті де ұрлап алатын қазақтың мысық сұрап келгенін бірінші рет көріп отырмын ғой, – деп күлді Төлепберген ашуын ұмытып. Миындағы өлең жолдарының бәрі шайылып кеткен.
– Өртеймін, әкиң.
– Нені өртейсің?
– Орманды, о, әке-еңнің.
– Кет қыртылдатпай. Шатқаны мұның. Орманның обалына қалайын деп жүр екенсің. Орман өртейтіндей қатыныңның ескі тоны деп пе едің саған. Оттасаң да қодыраңдамай орнымен сөйлесейші.
– Әй, Төлепберген, былтыр жаңа үйдің қабырғасына күйген ағаштан берді. Берді деген аты ғана. Өзім қимылдап... Жақсы ол басқа әңгіме. Күйіктің иісін жел қақсын деп бір жыл бойы төбесін жапқан жоқпын.
– Ал...
– Онысына рахмет дейік. Енді төбесін жабуға тақтай сұрап барсам, «деловой»2 ағаш жоқ, бәрі жас, саған «пятерка»3 тақтай керек қой, ондай тақтай тілетін жуан ағаш жоқ, ағаш кесуге мораторий жарияланған» деп былшылдап отыр. Бара-бара бұлар «горбыль»4 түгілі төрт құлақты зиратымызға қадайтын бет тақтайымызға да ағаш бермейтін шығар, о, әке-еңнің.
– Кім?
– Кім болушы еді, дөкейің.
– Дұрыс айтады. Табанын жаласа да тамағы түгел қу Сұраған үйінің төбесін жауып алсын деп саған арнап ағаш аралай ма? Сұраншақтың көзі сұғанақ. Дұрыс айтады бастық. Жоқ ағашты қайдан табады?
– Қайдағы жоқ ағаш. Сыңсып тұр ғой Бесқарағайдың бойы.
– Әй, Сұраған, көп нәрсенің қадірі бар ма? Айтшы өзің.
– Енді қаншама жыл бойы орманшы боп жүрміз. Жалақысы мардымсыз. Лесхозға пайдамыз тиген шығар. Бір үйлік ағаш берсе берекелері шашылып қалмас, о, әке-еңнің, – деп салды Сұраған бас терісі аузына түсіп.
– Жапшы аузыңды жаныңның барында. Сөз түсінбейтін тоңмойын топас екенсің өзі. Жалақысы аз дейді. Маңдайың шылқымаса астыңдағы «Джип чирокий» қайдан келді?
– Енді ол деген...
– Обал-сауапты білмейсің сен. Мына беларустар бір қарағай кессең он жылға соттайды. Анау мұнаймен маңдайын сүрткен араптарың құмның ішінде ағаш түгілі гүл өсіре алмай әлек. Ағаш кесу әлемдік трагедия. Канада, Австралия секілді мемлекеттер... – деп бастап келе жатқан Төлепбергеннің аузын Сұраған тағы жауып тастады.
– Қыртылдатпаш, осы сенде. Кестік қой талайын, – деп білтесі біте бастаған майшамдай сығырайып қарап еді досы түтіп жердей боп түтігіп кетіпті. Бұдан әрі үйде қалу сүзеген бұқамен қорада жалғыз қалғанмен бірдей. Жаның барында осы үйден өз аяғыңмен шығу керек, әйтпесе басыңды босағаға қаратып шығарады.
– Кет әкеңнің борбайламай. Шық үйден! – деп зекіді Төлепберген балдағымен босағаны нұсқап.
– Осы сен ақсақ та алжиын деген екенсің, – деген Сұраған тізесін басып орнынан тұрды да шығып кетті.
– О, әке-еңнің, – деді ол сықыр етіп жабылған есіктің сыртында әдетке айналған сөзін қайталап айтып.
Төлепбергеннің ойында сұрықсыз сипаты емес, мысық сұрай келгені қала берді, мазалаған сайын ішін тырналап жатты.
***
Балалары бұғаналары қатып қалаға кеткен Төлепберген мен Кәримә шайға күлісіп отырып, ұрысып тұрады. Сөйте тұра бірі үйде болмаса екіншісі жол қарап мазаланып, іздеп тұрады. Тілімен қазан қайнататын Кәримә жоқ жерден боран ұйытқытатын қаншалықты адуынды болса да Төлепбергеннен именетін. Күйеуі қара санынан қанын сорғалатып жапырақтап ет кесіп жатса да үндемейтін, миығынан мырс етіп қоя салатын. Ал әншейінде қойдың аузындағы шөпті сұрап алатындай болып көрінетін күйеуінің сүйегіне тиетін сөз естісе алдындағының бәрін аждаһа жалағандай қопарып тастайтыны бар. Тіпті, осы Ақүрпек кордонындағы түйе палуан атанған атан жілік жігіттер де қарсы келуге қауқарсыз. Кейде Кәримәнің құлағының етін жеп бажылдаған сөзінен қажығанда алып ұрмаққа да бекінетін. Онысын Кәримә абысындарына күлкіге айналдырып қызық қылып айтатын.
– Дәу ағам бір ұрса төркініңізге төр тимей, ақ кебінге оралып кетпейсіз бе, – дейтін кіші абысын еркелеп.
– Жассың ғой, жассың, әлі өмір көрмегенсің. Пұшпағың үш қанағанға риза боп жүрсің ғой. Еркекті әйел үш нәрсемен жеңеді, – дейтін Кәрима саусақтарын шошайтып.
– Қалай сонда? – деп сөзге араласатын тете абысыны.
– Бірінші қаруы – әйелдігі. Бейшара еркек тау қопаратындай болса да құмарын басқанша етегіңді сүйіп, сүт сұраған күшіктей соңыңда салпақтап жүреді.
– Рас, – деп күлді кіші абысын басынан өтіп жүрген жай екенін сездіріп алып.
– Екінші қаруы – қылығы. Арқасын сипап күле қарасаң жібіп сала береді. Үшінші қаруы – ақылы. Жас күнінде ағаларың үйге ішіп келіп мені ұрмақ болатын. Сол кезде өтірік күлсем болды жылып сала береді. Біраздан соң тағы да екіленіп ұрмақ болады. Бір тартпай тұрып балаларды молдаға жүгірте беруге болады ғой. Сол кезде не істеуші едім, білесіңдер ме?
– Жоқ. Айтсаңызшы тез өртемей, – дейді тете абысыны көгергені қайта бастаған көзінің астындағы ісікті мұз ораған орамалымен басып.
– Қайран қайын атам, сенің осындай азамат болғаныңды көргенде қуанар еді ғой, – деп жыламсыраған боламын. Бейшараға сол да жетеді. Оған көнбесе марқұм енемді мақтаймын. Қосылып қорсылдап бірге жылайды, тіпті «шешем мен әкемнің қадірін білген сен керемет қатынсың ғой» деп мақтап маңдайымнан иіскеп те жіберетін, – деп күлетін Кәримә.
Төлепберген шынымен де әкесін қадір тұтатын. Осы бес қарағайды біздің шалдар егіп, содан осы Ақүрпек кордоны пайда болыпты. Жаңа балапан шыршалар шығып, аң-құс көбейіп, тіршілік жалғасыпты. Әйтпесе бұл жерде бұрын құм бораны соғып тұрады екен. «Әр қарағайда қасиет бар. Оның әрбірін туғаныңдай қадір тұт» дегені жадында жатталып қалған. Шынымен жел соқса сылаңдап билейтін орман аруларында қасиет бар. Тіпті шайырына «қисық көт» қоңыз жоламақ түгілі, тұмсығы түтіктеп қан соратын сары маса да аттап баспайды.
Сұраған келіп кеткелі Төлепбергеннің миында мысықтың миялауған дауысы сарнап қалды. Былтыр көрші кордон өртеніп, артынан тергеу жүргізгенде жартылай жанып кеткен мысықтың өлексесі табылған. Ағаш ұрлайтындар мысықтың немесе иттің мойнына бензинге малынған шүберек байлап, өртеп қоя береді екен. Жаны мұрнының ұшына келген байғұстар далақтап ерсілі-қарсылы шауып, орманды өртей береді. Ал күйген ағашта есеп жоқ, қалған күл мен күйе бар. Күйген ағашты өртеніп кетті деп акт жаса да сата бер, соңыңа майшам алып түскендер де санын таппай жер сипап қалады. Сол кордон өртенгеннен соң «леснигі» Сұрағанның да жаңа үйінің қабырғасы қарағайдан қиып салынып көтерілген.
– Бұл қасақана жасалған әрекет, ұрылардың ісі. Әрбір жартылай жанған қарағайды актілеп, мемлекет меншігіне өткізу керек, – деп облыстан келген басшылар алдында мәселе көтерген Төлепберген сол түні оңбай соққыға жығылған. Қараңғыда беттерін бүркеген үш жігіт тұра алмастай таяқтап, өлімші етіп тепкілеп кеткен. Басында қарсыласып баққанмен көптің аты көп. Төпелеп тастады. Тек етігінің қонышында жүретін сапысын біреуіне қарай сілтеп, бетін тіліп жібергені, «ағаш ұрлығы туралы ауыз ашсаң өлігің сол ағаштармен бірге тиеліп кетеді» деп ескерткендері есінде. Соққыдан сирағының ұршығы тайып, тілерсегі үзіліп, бір аяғы тізесінен төмен жансызданып ықтиярына көнбей қойған. Ұршығы қисық біткен.
***
Түні бойы бұлттардың желіні иіп саулап, сыздықтап жауған жауын таң бозара бастағанда барып толастаған. Терезеден түскен шапақ қытықтап оятқан Төлепберген көрпе қылып жамылған бұланның иленген ауыр терісін аяғынан төмен қарай ысырып, орнынан тұрып далаға беттеді. Ағаш есікті сыртқа итеріп ашып жібергенде қарағайлы алқаптан ескен шайыр иісі аралас саф ауа үйдің ішіне лап етіп кіріп, аралап кетті. Еріне есінеп, қос қолын жоғары көтеріп керілді де атын ерттеуге кірісті. Ұзын сирақ, қысқа бел жуан жиренге бірінші қандырып су берді. Одан кейін шылбырын ұзын салып аунатпақ болып еді, ақылды жануар құрғақ жер іздеп иіскелеп аунамай қойды. Жеңіл орыс ердің астына тоқым төсеп салған Төлепберген қос айылын тартпас бұрын төрт бұрыштап өрген құйысқаны мен өмілдірігін тақты. Ойлы-қырлы орман алқабында ері ауып ерсілі-қарсылы жылжымауы үшін жасалған қам бұл.
Мұрнына кәусар ауа тигенде аюдың түбіті сырылып салынған көрпе астында рахаттана оянған Кәримә да күнделікті әдетімен күйеуінің таңғы асын қамдап, жол азығын дорбасына салып беріп аттандырып салды.
Құмдауытқа қылқанын төккен алқаптың қай жерінде қандай қарағай бой түзегенін қойын дәптеріне нөмірлеп жазып алған Төлепберген өзіне міндеттелген алқаптағы аңдардың да санын жатқа соғады. Бұзаулаған бұландардың қайсысы қайта буаз, қайсы кенже буаз екеніне де жорамал жасап, бұғылардың мүйіз тастайтын, түлейтін уақытын да есептеп жүреді. Тіпі қай қарағайдың шайыры көп екенін де санасына түйіп алған. Биылғы күзде қай жерге қанша өскін егу керектігін шамалап, тәлімбаққа тапсырыс беру үшін есеп жүргізіп, қайтар жолда атының басын терістіктегі бес қарағайға бұрды. Көз жетер жерден көлбеңдеп тұратын бес алып белеңнен белеске шыққанда да көзіне шалынбады. Артық араның дыбысы шықпайтын мүлгіген алқапта оларды жер жұтып кетті ме? Түк түсінер емес. Кордонның ұңғыл-шұңғылына қона жатып, жатқа білетін Төлепберген бес қарағай тұратын жерге атының басын туралап бұрды да өкшесімен тебініп қалды. Құлағының түбі дымқылданған жирен жуан жер-әлемді тұяғымен тарсылдатып жортағына салып аға жөнелді. Дөңнің үстіне шыққан уақытта Төлепбергеннің жаны жүдеу тартып жылап сала берді. Басына бұлт қонақтап жататын бес қарағай ұшты-күйлі жоқ. Түбінен қырқылып, орнында жылаған бес жетімдей бес томар ғана қалыпты.
– Найсаптар, қайсыңның дәтің шыдап қолың барды екен? Бастарыңа балта тигірлер, бұларың не? Қылмыс қой мынау, дәуірлердің даңғазасын бүккен дәптердей болған шежірені балталау барып тұрған қаныпезерлік қой, – деп абдырап айғайлаған Төлепберген әр томарды айналып жүгірді. Сақиналарын санайды, жүзден кем біреуі жоқ. Жылап аққан шайыр тамшылары желімденіп бүртік-бүртік боп қатып қалған. Бесінші томарға жеткенде өз көзіне өзі сенбеді. Бетіне шайыр емес, қызыл қошқыл қан түстес тамшылар іркіліп қатып қалған. Аялап сипап көрді, кәдімгі қан секілді. Қарағайдың қаны. Үлкендер де үйдің құты саналған малдың басы сынды қарағайдың да басы болады. Көзін құртсаң қан жылайды деуші еді. Шын екен, қан жылап тұр. Қолы қиып кескендерге қарғыс айтып тұрғандай.
– О, Құдірет, шын екен ғой. Қарағай да жаны бар тіршілік иесі. Тілі жоқ демесең, бұ да бір құдырет ұясы. Кеш мені, қарағай, кеш. Аялай алмағаным үшін, қорқаулардан қорғай алмағаным үшін кеш, – деп жынды адамша айғайлап жылап жүргенін сыртынан біреу көрсе есі ауысқан деп жорамал жасары сөзсіз еді.
Төлепберген ақыл-есінен адасқан адамдай атына қалай мініп, үйіне қай жолмен жеткенін білмеді.
– Қатындарың аман ба екен? – деп қарсы алды бұл жолы да Кәримә жаттанды сөзін айтып. Төлепбергеннің ашулы екенін күйеуінің қолы кеңірдегінен шап беріп, тілі кәлима айтуға да келмей жатқанда ғана аңғарды. Көзінің ішіндегі быжынаған тамырлар да білеуеніп жарылып кетердей. Төлепберген сабасына мысықтың мияу деген дауысы шыққанда ғана түскен. Көз алдына атылып келе жатқан жолбарыс елестеді. Ашумен өз әйелін өзі буындырып өлтіріп қылмыс жасап қоя жаздаған ол темірдей бүрген тегеурінді саусақтарын жазып жіберді де балдағымен мысықты бүйірінен көтеріп әрі ұшырды. Талмаусырап көкпеңкөк боп түршігіп кеткен Кәримә сылқ ете қалды.
– Тіліңді тартып ұста, – деді Төлепберген құлап жатқан Кәримәға қадалып. – Жоқ олар, құртты бәрін.
Кәримә үндеген жоқ. Бірдеңе деп үн қатса бұл дүниенің дидарын соңғы рет көретініне көзі жеткендей. Бойын тез жинап алды.
– Қой енді, ашуыңды бас. Жуын, киіміңді жаңарт. Сұрағанның үйі қоныстойға шақырған. Жаңа үйлеріне көшіпті. Кешікпей барайық, – деп түк болмағандай жылы су дайындау үшін қазан жаққа қарай аяңдап кетті. Күйеуінің кейісті күйінің себебін суытып барып сұрайтын әдеті.
***
Сұрағанның жаңа үйі шеберлік шыңына жеткен шебердің төлтуындысы екені сыртынан жұтындырып көрініп-ақ тұр. Қиюын қиыстырып, шатырын да су өтпестей бұрыштап шығарған. Тек ішкі бөлмелерін әлі бөліп үлгермепті. Қонақ күтетін де, жатын да, қазан көтеретін ас үй де бір аумақта. Ортаға қалың тақтайдан өрнектеліп жасалған қайың жозы қойылған, ошағынан шайыр сіңген майқарағайдың қабығының қоламтасының иісі аңқиды. Шыртылдап жанған дыбысы да естіледі. Ал Төлепберген өз ойымен әлек. Арбаға арыс болар бұзаусирақтар, аранға аралап алатын сырғауылдар емес, бөлсең төрт бағанға жететін бес қарағайдың ұрланғанын қайтіп басшылыққа айтпақ? Жау аттандап сырттан емес, жыландай жорғалап іштен келгені анық. Олардың тағдыры мазасын алған ол бесқолды5 да мазасыз ойнады. Әншейінде тамағының күре тамыры жарылып кетердей білеуленіп, үстелді жүрген сайын жұдырықтап ұрғанда басылып кеткен карталар кері аунап қалушы еді. Бұл жолы сипай тастап отыр.
– Мына мұртты қарға валетті көтересің ғой, – деді Сұраған ұрлығы бар сұр күшіктей мөлиіп.
– Иә. Бере бер, бәрі сияды.
– Онда мына көзірін де ала кет, о, әке-еңнің. Одан кейін қос алтыны екі иығыңа пагон етіп қадап ал, – деп қос алтылықты үстел үстіне тастай салды да айызы қанғанша рахаттана қарқылдап күлді. Аузындағы темекісінің құйрығын құныға бір сорды да, тұқылын күлсалғышқа тырнағы сарғайған бармағымен тұншықтыра салды. Қарға құсаған дауысы қандай жаман еді деп ойлады Төлепберген өзіне қарай үрленген түтінді қолымен сермеп қағып сейілтіп. Бұрын қайтіп аңғармаған. Оның көзі шықшытының үстіне өндіршегінен бастап тебіндеп өскен сақаланың арасынан тыртықты шалып қалды. Пышақтың терең түскен жарақаты секілді. Жирен жуанын үйреткен жылы тулап көнбегенде бұрау салып, ернінің үстін сапысымен тіліп жібергенде қан атқылап, кейін сол жерінде дәл осындай тыртық қалып қойған. Сұраған күлген сайын терісі тартылып тыртық ішіндегі шұңқырша анық байқалады.
– Шықшытыңның астындағы тыртық бұрын көрмеген нысанам екен. Қайдан келген? – деді ол картаны араластырып таратуға ыңғайланып.
– Е, шиқанның орны ғой, – дей салды Сұраған қипақтап. Желкесіндегі бұйраланған түбіт шашқа біреу өрт қойып, құйқасы қуырылғандай күйіп-жанып барады. «Сенің заң-законды соқпай үніңді өшіріп, сабаңа түсіреміз деп сабағанда сілтеген сапыңның салған жарасы» деп қалай айтсын?! Айтар, батылдыққа барар, бірақ жаны екеу емес қой. Осы тыртықты жасыру үшін өңіне жараспаса да сақал қойған. Төлепберген де сақ адам, мұндай тыртық өткір заттан түсетінін аңғарды. Тереңдеп түртпектемеді. Сұраған алдындағы түбінен тұнған самагонды қырлы стақандарға лекілдетіп, қағыстырды да жұтқыншағы асты-үстіне жүгірген аузын ашып, кеңірдегіне қылқылдатып құя салды.
– Самагонға бір ай бұрын бүршік салып қойып ішсең инсульттің алдын алады, тамырыңдағы қатқан майдың бәрін ерітіп жібереді. Кеудеге таптырмас ем, о, әке-еңнің, – деп рахаттанып үлгермей күркілдеп жөтеліп қойды. Ойы әңгіме ауанын аудару.
– Жөтелгеніңе көп болды ма? – деді Төлепберген.
– Көзімді ашқаннан бері.
– Ішкеніңе ше?
– Жөтелгеннен бері.
– Әндағы ем болса, қарайған өкпең ақ қағаздай болатын уақыт өткен екен ғой.
– Төке, негізі пайдасы бар бұның. Просто мен темекі тартамын ғой, о, әке-еңнің, – деген Сұрағанның сөзіне қонақтардың бәрі іштерінен ішектері ақтарылғанша күлді.
– Құрттаған итке сілекейі де ем болар, ал саған ем қонбас. Меңдеген ауру алмай тұрмас, – деп басын шайқаған Төлепберген орнынан тұрып төрге төселген тұскиіздің үстіне бөстек сұратып алып жансыз аяғын сау аяғының үстіне аударып салды ды шалқасынан шалжия жатты. Қос көзін төбенің тақтайларына қадаған. Үстіріктелген тақтайлар жақында тілінгенге ұқсайды, кеуіп те үлгермей, кейбірі ұзыннан сызық салып жарылған. «Дұрыс тобарсытпаған екен, біраз уақыт көңге көміп қойса кеуіп, қабығы да сыдырылып өзі түсіп қалар еді» деп ойлады. Әр жеріне қатқан шайыр өгіздің желкесіне түскен теміреткенің қотыры секілді кеберсіп тұр. «Өткенде ғана тақтай таппай етегің жасқа толып жүр еді, қайдан алдың» деп сұрауды артық көрді. Жауап болмасын білді. Сұрағанның іш пен сыртқа жайылған көлден құрғақ шығар сужұқпас аты бар.
– Бес қарағайды «пятерка» қылып тілсе де 3-4 тақтай артылып қалады екен, – деді Төлепберген іштей ойға тұншығып төбеге қарап жатып. Ортадан бел мәткеге көлденең салған жуан қарағай қабырғалар үшін ауыр жүк. Екі тіреу салмаса опырылып құлап кететін түрі бар.
Сол күні қоныстойға жиналғандар көпке дейін сілтеді, тек Төлепбергеннің зауқы соқпады. Бір стақан жынды су тоқ ішегінің тұйығына топ ете қалғаннан ыдысын төңкеріп тоқтаған. Ет желінгеннен кейін Кәримә екеуі көп отырмай үйлеріне қайтып кетті.
Күйеуіне арқасын беріп теріс қарап жатқан Кәримә да Төлепбергеннің ашулы келгенінің себебін сұрап білген де, үнсіз жатқан.
– Өмір-ай, – деді ол бір кезде. – Жаңыл да әбден шаршаған екен. Ана дөкіріне айтсаңшы, арақ ішсе болды қолын алып жүгіреді дейді ғой.
– Оларды бір-біріне итеріп мен қосыппын ба? Сабаса өз қатыны. Сұрағанның қай сиқына қызығып тиді екен сол Жаңылың?
– Тағдыр да. Сырты сықиып көрінгенмен іші қырық жамау.
– Тағдыр... Бес бала тапқаннан кейін бойына жиғанын мықынына алып, төртбақтанып құмыра тұрпаты шелектей боп шыға келіпті, – деп күлді Төлепберген.
– Бізге де біреу солай дейтін шығар, – деп күрсінді қызыл қарын мықынсыз Кәримә ренжіген кейіп танытып. Кәримәнің кешегі сұлулығынан қоян көзі сыр шашса да салбыраған сағағы оны көмескілей түскенін айтқысы келсе де, тіс жармады. Жаны нәзік әйел ғой, айнаға қараса кемпір де өзін қыз сезінеді. Бұл да өзегі ішінен өскін жаятын бүрілген бүршік тәрізді.
– Төлеш, – деді Кәримә бір кезде тағы түнгі тыныштықты бұзып.
– Әу.
– Жаңыл белін ауыртып алыпты ғой.
– Бәсе, қиралаңдаған түрі жаман еді. Не болыпты?
– Төбеге тақтай жабамыз деп бір шетін көтеріп қалғанда белім кілт етті де, көзім қарауытып кетті. Бір аяғым қысқарып қалғандай қиралаңдадым да қалдым дейді. Бүгін жүрегім шанши береді деді сосын.
– Бағы ашылмаған сормаңдай. Сол ағаш үй Сұрағанға керек пе? Қалада да үйлері бар. Алатын жалақымыз бірдей.
– Шын ей, алатын ақшаларың бірдей. Сол ақшаны қайдан табады осы? – деп таңданды Кәримә. – Ағаш сататын шығар. Дұрыс істейді.
– Бықсымай жат. Болды, ұйықта, – деген Төлепберген шынымен ағаш сататын шығар деген ойдың құрсауына бата берді.
Түсінде бес қарағай Сұрағанның бес баласын тамырларымен шырмап, бүктей қысып қылқындарып жатыр екен. Балтасын ала салып жүгіріп барды да енді ұрмаққа бекінгенде басын жастықтан жұлып алып оянып, үнсіз қалшиып отырды. Терезеге көз салып еді Сұрағанның үйінің шамы әлі сөнбепті. Сүмектей боп қара терге түскен ол біссімілләсін айтып қайта ұйықтамаққа бекініп еді. Тағы да қалың түстің құрсауына түсті. Сұрағанның әйелі көмек сұрап зарлайды. Шыңырауға қарай құлдилап бара жатып қолын созады. Қолынан шап беріп өзіне тартып қалып еді баж еткен әйелдің дауысы шықты. Кәримә екен.
– Қолымды жұласың ба? – деді ол ұйқылы ояу.
– Не болды? – деді Төлепберген түк түсінбей.
– Сұрағанның баласы келіп тұр.
– Енді не қыл дейсің? Сұрағанын қолына ұстат та жібер. Спирттері таусылған шығар, су сімірген сиыр құсаған сұрқылары жаман еді. Бар емес пе, бер, шөлдері қансын, – деді Төлепберген әйеліне сығырайып.
– Жоқ, сен өзің баруың керек.
– Мүмкін қол-аяғын жуып жатқызып кел дерсің.
– Мамам тұрмай жатыр, – дейді.
– Жаңыл ішпеуші еді ғой.
– Кеудесінде баласы бар емес пе. Қайдағы ішкен?
– Енді не боп қалды?
– Қайдан білейін. Өзім де содан қорқып тұрмын. Жүрегім шым ете қалды таза.
– Қонақ күтемін деп сабылып шаршаған шығар байғұс. Күйеуінің түрі анау.
– Жоқ, Төлеш, барып біліп келейік. Тұр, киін, барып келейік. Бол, тұр. Ішім бір жамандықты сезеді, – деп болмаған соң Төлепберген жеңіл шапанын желбегей жамылды да ит шабалаңдап үріп жететіндей жердегі Сұрағанның үйіне қарай аяңдай басты.
Ағаш үйге кірген бойда қонақтардың тарқап, дастарханның жиналғанын көрді. Бір шетте жалаң тақтай еденнің үстінде Сұраған етпетінен жатыр. Бас жағында жарты бөтелке арақ тұр. Түні бойы не жегенін, әйелі қонақтарға не дайындағанын ішін ақтарып төгіп тастаған лоқсығына қарап білуге болатындай. Шалқасынан аударып жатқызып, иегінен ұстап басын ұңды-солды шайқап еді аузында қалған құсығы лақ ете қалды.
– Сорлы, құсығыңа қақалып өлерсің, – деген Төлепберген бір бүйіріне қарай қисайта салды. Сұрағаннан кейін мектеп жасындағы үш баласы пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр. Олар қонақтан қажыған емес, әкелерінің аузынан шыққан заһардың иісіне мас боп қатып қалған тәрізді. Одан кейін шалқасынан жатқан Жаңылдың қасында өздерін шақыра келген, көмекші болуға жарап қалған бала отыр.
– Мама өлмеші, мама көзіңді ашшы, – деп өксіп жылайды. Қасында жатқан екі айлық ұл оянып кетті де, емшек іздеп іңгәлады. Оны Кәримә көтеріп алып, Төлепбергенге тексеріп көр дегендей иек қақты. Бет-жүзі қарақошқылданып кеткен Жаңылдың ерні көгере бастапты. Түк сезбей сұлық жатыр. Төлепберген тамағындағы күре тамырын басып көрді, саусағын сілекейлеп танауына тосты. Дем білінбейді, тіпті нышаны да жоқ. Жүрек тұсына құлағын тосып көрді, тыныс соққысы жоқ. Жалма-жан жеңін түріп жіберді де кеудесін алақанымен сындырып алмайын дегендей баппен басып, жасанды тыныс алдыру амалын жасады.
– Бір, екі... Он бес... Жиырма бес, – деген ол басын шалқайтып аузын ашты да, танауын қысып аузынан үрледі. Оянар емес. Осылай бірнеше мәрте жасады.
– Амал жоқ, өтіп кеткен екен.
Алақанымен сипап көзін жапты да, жылаған баланы далаға алып шықты.
– Берік бол, балам, – деді. Басқа айтар сөз табылсын ба?!
Сол күні жедел жәрдем көлігі, полиция келіп, Жаңылдың денесін ауданға алып кетті. Инсульттен көз жұмды деген диагноз қойылып, үйіне бір қондырғаннан кейін ел боп жиналып мәңгілік үйіне жөнелтті. Соңында кезектесіп тете туған бес ұл мен сопиып Сұраған қалды. Төлепберген бас болып ас-суын атқарып үйіне оралғаннан кейін өз астауын жаламай жатпайтын әдетімен шайға жайғасқан.
– Төлепберген, – деді Кәримә ақырын сыбырлап самауырдың шүмегін жауып, ыстық су құйылған кесені оттығына қойып жатып. Бұрын есімін толық атамай, Төлеш дей салушы еді. Бұл алдаусыратуында бір гәп бар.
– Иә.
– Бір нәрсе айтайын.
– Айт.
– Шариғат заңы сүйекке түскенде көргеніңді тірі пендеге тіс жарып айтпа, тіліңе тоғыз қорған қой, – дейді ғой.
– Осы сен қатын адамның ішін астан-кестең қылып созбалақтамай турасын айтсаңшы, лөкіте бермей, – деді Төлепберген шыдамы шегінен төгіліп.
– Жаңылдың мойыны былдылдап бос кетті.
– Сенің есің дұрыс емес шығар. Соны уақытында айтсаң ырымдап босағаға шеге қағар едік қой. Енді неменеңе былшылдап отырсың. Менен басқа ешкім естімесін мұны! Мойыны бос кеткен адам соңынан ала кетер адам дәметеді деуші еді. Қап...
– Не ғой.
– Не ғойың не? Ал не ғой? Жерге көміп тастағаннан кейін енді Сұрағандікіне не бетімізбен барамыз? Осы шалықтарың аяқ астынан ұстай қалады екен сендердің. Арты тыныш болсын тек, – деп ашуланған Төлепбергеннің күдігі төрт күннен кейін шындыққа ұласты. Сұрағанның үлкен ұлы сол ағаш үйдің мәткесіне асылып қалыпты. Жаңылдың жетісін беретін күні ұлының жаназасын шығарып, анасының қасына жерлеп, бет тақтайына төбеге жапқан ағаштан қалған тақтайдан таңдады. Сұрағанның сол күннен бастап аузы құрғаған жоқ, қашан көрсең сілейіп жүретінді шығарды. Тіпті әр үйдің қорасының қасына құлай салып ұйықтайтын болды. Төлепберген бірнеше рет ақыл айтқан болды, Кәримә талай ұрысты. Қоймады. Үйіндегі дүние-мүккәмалдарды сатып іше бастады. Тек Төлепбергенге бірдеңе айтпақшы болады да тұтығып жылайды. Маскүнемдікке салынғанын байқаған туыстары Жаңылдан қалған төрт баланы қырқы өтпей өзара бөліп бауырына салмақ еді, араларын бөлмеймін деп бермей қойды. Балалардың ас-суын Кәримә жасап, кішкентайына түнде ересектері өздері қарады.
Сұраған қанша удай мас болып ішсе де жаңа үйіне жолағасы келмейтін. Бір жолы Төлепбергенге тәлтіректеп келіп бір нәрсе айтпақ болған, бірақ тілін шайнап мардымды ештеңе айта алмады. Төлепберген иығына көкпардай өңгеріп салып алды да, қарсыласып тырбаңдағанына қарамай қарағай үйіне апарып құлата салды.
Сол түні Төлепберген тағы да түсінен шошып оянды. Кесілген бес қарағайдың томарынан көрген қызыл қошқыл қан тамшылары Сұрағанның маңдайына шып-шып етіп шығыпты. Біреуін сүртпек болып еді, тамшылар бір біріне қосылды да сырғанап сыздықтай ағып барып ауызына құйылды. Шұңқырға құйған су секілді кетіп жатыр. Аузы толар емес. Маңдайынан шыққан қан да тоқтар емес, бір тамшысын сүртсе екінші жерінен шығады. Төлепбергеннің түсін біреудің терезені тоқылдатқаны бұзып жіберді.
– Бұ қайсың, ей? Түн ішінде мазалап жүрген қайсың?
– Аға, ашыңыз.
– Сен кімсің?
– Ашыңыз аға.
Төлепберген есікті ашып жіберсе ауылдың бозөкпелерінің бірі екен.
– Сұрағанның үйі гүрс ете қалды. Өздері ішінде қалыпты дейді. Сізді әкемдер шақырып жатыр, – деді балаң жігіт айтарын шолақ қайырып.
Төлепберген босағаның бергі жағында жатқан голошты аяғына іле салды да жүгіре басты. Келсе адамдар ағаштарды аршып тастапты. Бел ортадан салынған оқтай түзу жуан қарағай мәтке Сұраған мен төрт баласын кеудесінен жапыра жаншып басып қалыпты. Ұйықтап жатқан күйінде көздерін ашуға мұршаларын келтірмей тіл тартпай кетіпті байғұстар.
Ақүрпек кордонының жамағаты жерлестерін арулап, жаназаға дайындады. Жөн білетін Төлепберген өзі бастап сүйекке түсті. Сұрағанды соңғы сапарға дайындап дәретін алдырып, оң жаққа қойды. Жаназаның алдында кебіндемес бұрын суға салып сақал-мұртын қыруға көшкен. Түктен тазарған шықшытындағы тыртық анық көрінді. Сапымен кесіп тесіп қойғандай екен. Төлепберген тыртықтың ішіне де су жіберіп жумақ болғанда жүрегі алқымына тығылды. Ішінен қарағайдың бүршігіндей қатқан қою қан шықты. Қолы ауыр ол қойдың жүрегін бауыздағанда осы түстес ұйыған қарақошқыл қан шығатын. Бұл туралы Төлепберген жаназада тұрғандардың біріне де тіс жарған жоқ, іші ұлып жатса да көппен бірге «кешу», «жақсы адам» дей салды дауыстап. Жаманның жаназасы да жұртына міндет деуші еді.
Бауырдағы зиратқа апаратын жол бойы өскен қазөті көп нөпірдің аяғынан соқпаққа айналып кеткендей. Сұраған бастаған төрт баласын көтерген қаралы жұрт өліктер керуенін үнсіз шығарып салды.
Сұрағанның бет тақтайына да үйдің төбесінен қалған соңғы тақтай таңдалды.
***
Күзгі ағаш егу науқаны аяқталғаннан соң Төлепберген бес балапан талшықты алып бес қарағайдың томары тұрған дөңге барған. Томардың бетінде қатқан қан жоқ боп шықты. Жауын шайғаны, иә аң-құс шұқып, жалап кеткені белгісіз. Сол күні ол бес балапанды бес бәйтеректің томарының қасына егіп, үйіне үнсіз қайтты.
1Шөрбәк – диалект. Отынға арналған ағаштың кесіндісі.
2 «Деловой» – құрылыс материалы ретінде пайдалануға жарамды ағаш.
3Пятерка – қалыңдығы 5 сантиметрлік тақтай.
4«Горбыль» – қарағайды тақтай етіп тілгенде шығатын жанама өнім.
5Бесқол – карта ойыны.
Лақап аты: Түркебай Байшақ
