Баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз?
Балалар әдебиеті – бүлдіршіннен бозбалаға дейінгі ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, қиялына қанат бітіре алатын ерекше «күшке» ие ғажайып әлем. Ал сол әлемге баланы жетелейтін жандардың бірі – кітапханашылар. Осы орайда жас оқырман талғамы, қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі жас буын қаламгерлері және кітап оқуға баулудың тиімді жолдары турасында Астана қаласы #5 балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлшат Жанатқызымен әңгімелескен едік.
- Гүлшат Жанатқызы, қазіргі балалардың кітап оқуға деген қызығушылығы қандай? Кітапханаға келген балалар қандай кітаптарды жиі таңдайды?
- Жалпы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен махаббаты жыл сайын арта түскендей. Бұл – біздің балалар кітапханасына келетін оқырмандар арасында байқағанымнан түйген жеке ойым. Тағы бір байқағаным, бұрын балалар мектеп бағдарламасына енген шығармаларға басымдық берсе, қазіргі жас оқырмандар одан бөлек өз талғамдарына сай, оқиға желісі, тілі жеңіл әрі қызықты кітаптарды көбірек іздейді. Мысалы біздің тұрақты оқырмандар комикстерге, танымдық энциклопедиялар мен түрлі басылымдарға, әлемдік балалар әдебиетінің қазақ тіліне аударылған тақырыптағы кітаптарына көбірек қызығады. Сондықтан кітапхана олардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай сұраныстағы әдебиеттерді ұсынуға ерекше мән береді. Айталық, әріп таныған 5 жасар баладан бастап, шамамен 10 жасқа дейінгі аралықта кітапхананың бүлдіршін оқырмандары көбіне ертегілерді, суреттері қанық, ғажайыпқа сенуге шақыратын қызықты әңгімелерге толы шығармаларды таңдайды. Жас жеткіншек, бозбала немесе бой жетіп қалған оқырмандарымыз шытырман оқиғалы, оқып отырып, соңы қалай бітер екен дейтін тылсым шығармаларға, фантастикаға, детективтерге көбірек қызығушылық танытып жатады. Мұның бәрі баланың жас ерекшелігіне, үйдегі тәрбиеге, араласатын ортасына да байланысты туатын таңдаулар дер едім. Сонымен қатар жұлдыздар әлемін танығысы келетін бүлдіршіндер де келеді. Оларға ғарыш тақырыбы аса қызық болады. Ал енді бір баланы динозаврлар әлемі әлде өзге де жануарларға қатысты танымдық кітаптар қызықтырады дегендей ғой. Және де мектеп бітіруге 1-2 жыл қалған, болмаса бала кезінен арнайы бір сала қызықтыратын кей оқушылар үшін өзі таңдаған мамандығына қатысты әдебиеттер маңызды. Мәселен, техникалық бағыттағы тақырыптарды іздеп оқитын оқырмандар болады. Сол себепті осы тұста айтарым, кітапхана қорында көркем әдебиетпен қатар, танымдық түрлі салаға қатысты балалардың жас ерекшеліктеріне сай кітаптардың да мол болуы маңызды.
- «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы балалардың кітап оқу белсенділігіне қаншалықты оң өзгеріс әкелді?
- Иә, сұрағыңыз өте орынды. Кітапханамызда және жалпы ел бойынша «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы басталғалы кітапқа қатысты көптеген игі істер атқарылуда. Ең алдымен, бұл жоба балалар аудиториясы үшін өте маңызды деп айтар едім. Себебі мұндай жоба балалардың кітапқа деген қызығушылығын бүлдіршін кезінен арттыруға оң ықпалын тигізері сөзсіз. Басында бала кітапты қандай да бір марапат, жеңіс үшін оқуы мүмкін. Алайда уақыт өте күнделікті 10-15 бет оқу үрдіске ұласып, баланың «қанына сіңген» жақсы әдетке айналып кетсе, бұл осы жобаның жетістігі деп білем. Осы тұста дана Абайдың бала ғылым-білімді әуел бастан өздігінен ізденіп таппайтынын, оған ата-ана мен ұстаздың ықпалы, жүйелі бағыт-бағдары қажет екенін түсіндіретін оныншы қара сөзі есіме түсіп отыр. Бұл жоба да дәл сондай, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолындағы «бағыт беруші» деп білем. Мұндай игі жобалар алда көбірек болса деген ниет қана. Ал енді нақты кітапхана оқырмандарына келетін болсақ, жоба аясында тұрақты оқырмандар саны артқаны рас. Оның ішінде мектеп оқушылары, ұстаздар қауымы жоба тізіміне енген кітаптарды кітапханамыздан іздеп тауып, үйге оқуға алып отырады. Ол әрине бізді қуантады.
- Қазіргі балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, өзіне қажет деген шығарманы дұрыс таңдау үшін кітапханашы мен ата-ана арасында тығыз байланыс болуы қажет пе?
- Баланың жады аппақ парақ десек, әр жерден алған, оқыған, көрген ақпараттары бала сол ақ параққа жазыла береді. Ал баланың жадына қандай ақпараттар жазылуда? Қаншалықты пайдалы? Ертеңгі өміріне қажет пе? Өзіне осындай сұрақтар қойып, баласы үшін алаңдайтын кез келген ата-ана үшін ұстазбен, кітапханашымен тағы басқа баланың өміріне қатысы бар өзге де мамандармен тығыз байланыста болуы әрине маңызды. Әлі бұғанасы қатпаған бала үшін дұрыс бағыттаушы ата-ананың көмегі осы тұста аса қажет болады деп санаймын. Себебі баланың кітап оқуға деген қызығушылығы тек кітапханамен ғана шектелмейді ғой. Ол осында отырып оқыған кітабын үйіне барып, дәл сол ынтамен, қызығушылықпен әрі қарай жалғастыруы керек. Ал ол жанұядағы ата-ананың қолдауы мен үйдегі кітап оқу мәдениеті дұрыс қалыптасқанда ғана пайда болатын дүние. Кітапханашының дұрыс бағыт-бағдары, балаға жасы мен талғамына сай қызықты шығармаларды ұсына алуы сынды жан-жақты әрекеттер ата-ана тарапынан берілетін тәрбие мен бөлінетін көңіл арқылы бір-бірімен үйлескенде ғана жақсы нәтиже шығатыны анық. Кітапханашы қызықтыра алған қандай да бір кітапты болмаса шығарманы, ата-ана үйде жалғастырып, баласымен бірге отырып талқыласа, пікірін сұраса, өз ойын айтса, міне, сонда кітап оқу мәдениеті деген көңілді әрі әдемі үрдіске айналады. Тіпті бұл бала мен ата-ана арасындағы достық қарым-қатынасқа жетелейтін, отбасылық дәстүрді күшейте түсетін жақсы тәсілдердің бірі деп санаймын.
Қазіргі қазақ балалар әдебиетінде оқырманның назарын аударған жас авторлар бар ма? Қандай есімдерді ерекше атап өтер едіңіз?
Қазіргі балалар әдебиетінде, оның ішінде, қазақ тілді әдебиетте жаңа бағытта жазып жүрген авторлар жоқ емес. Шығармалары да жап-жақсы. Біздің кітапханада Зауре Төрехен, Елдос Тоқтарбай сынды жас қаламгерлердің кіаптарын балалар іздеп, оқып жүреді. Сонымен қатар, балалар әдебиетінде есімдері белгілі Зира Наурызбай, Сауле Досжан, Серікбол Хасан, Баянғали Алижанов, Толымбек Абдрайым, Есей Жеңісұлы, Әкім Ысқақ сияқты авторлардың шығармаларына да ерекше қызығушылық пен сұраныс бар екенін айта кеткім келеді.
- Гаджет дамыған цифрлық дәуірде балаларды кітапханаға тарту үшін қандай жобалар жасалынуда? Жалпы кітапханада тың форматтағы арнайы бір жобалар бар ма?
- Әрине, тың форматтағы түрлі жобаларымыз бар. Балалардың оқуға деген қызығушылығын арттырып, кітапханаға жақынырақ тарту үшін көптеген істер атқарылып жатыр. Нақтырақ айтар болсам, мектеп жасындағы балаларға арналған әдеби квесттер, көркем әдебиетті қамтығанымен, логиканы да дамытатын зияткерлік ойындар, белгілі бір кітап пен авторға негізделген шығармашылық тапсырмалар сынды әртүрлі жобалар жасап келеміз. Бұл кітапхананың оқырман санын арттыруға, әрі тұрақты оқырмандарымыздың назарын тартуға арналған жаңа жобалардың бірқатары. Сондай-ақ, кітапханада сапалы, бояуы қанық, мұқабасында түрлі-түсті суреттері басымырақ, бала назарын бірден аудартатын кітаптармен безендірілген замануи кітап көрмелері де өтеді. Және қызықты викториналар, түрлі науқандар (акция) болып тұрады. Жаз мезгіліндегі мектеп оқушыларының демалыс уақытына орай, арнайы ұйымдастырылатын жазғы оқу алаңдары да қарастырылған. Белгілі бір шығарманың авторымен әдеби кездесулер жасап тұратынымыз тағы бар. Мұндай форматтардың бәрі кітапханада уақытымен ұйымдастырылып отырады. Заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы арасында жаңа кітаптарымызды таныстырып, кітапханадағы іс-шараларды тұрақты түрде насихаттап келеміз. Осындай әдіс-тәсілдердің барлығы балалардың кітапханаға жиі келуіне, жай келіп қана қоймай, тұрақты оқырман атануына оң ықпал етері сөзсіз.
- Балалармен белгілі бір кітапты талқылау, автормен кездесулер ұйымдастырамыз деп қалдыңыз. Осындай іс-шаралар қаншалықты нәтиже беруде?
- Мұндай кездесулердің нәтижесі өте мол. Және бұл тек балалар үшін ғана пайдалы емес, балаларын кітапханаға ертіп алып келетін ата-әже, әке-шеше үшін де пайда береді дер едім. Мұндай кездесулерде балалар кітап туралы өз ойын еркін айтып, көпшілік алдында пікір алмасуға, сұрақ қоюға үйренеді. Әсіресе, өздері оқыған шығарманың авторымен жүздескенде, олар ерекше әсер алады. Оқыған кітабы жайлы, оның кейіпкерлері туралы жазушының өз аузынан естіп, танып-біліп, автордан қолтаңба алып, шығармаға деген қызығушылығы одан сайын ашыла түседі. Ал әдеби клубтар тұрақты оқырмандар ортасын қалыптастырып, балалардың кітап оқуға деген ынта-ниетін сөндіріп алмай, керісінше әрі қарай дамытуға көмектеседі. Мұндай кездесулерде спикер балалардың өзі болады. Олар өзара еркін форматта отырып, оқыған кітаптарын бірге талқылағанды жақсы көреді. Әрбір кейіпкерге асықпай мінездеме беріп, әрбір оқиғаның себебін іздеуде өз тапқырлықтарын танытып жатады. Сондықтан атқарылып жатқан іс-шараларымыздың қай-қайсысы болмасын, оқырман балаларымыз үшін өте пайдалы деп білемін. Қоғамға пайдалы іспен айналыссаң, жемісін міндетті түрде жейсің. Біздің балалар үшін пайдалы болуымыздың өзі – бақыт.
- Тәжірибелі кітапханашы ретінде балаларға оқуға кеңес беретін бес кітапты атап өтіңізші.
- Қазір балаларға ұсынар қызықты кітаптар өте көп қой. Алайда бізге қызықты көрінген шығарма, басқа біреуге ұнамауы да ғажап емес. Өз талғамыммен бес шығарма іріктеп алатын болсам, онда әуелі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» ұсынар едім. Бұл кітапты бар бала оқу керек деп есептеймін. Балалық шақтың қызығы мен шыжығы қатар үйлескен керемет шығарма. Одан соң, Ыбырай Алтынсариннің «Әңгімелері» тамаша туындылардың бірі. Қазақ балаларына тұңғыш әңгіме жанрында қалам тербеген балалар жазушысының кез келген шығармасы еңбексүйгіштік пен адамгершілікке, үлкенді сыйлау мен білімнің құндылығын терең дәріптейтін туындылар. Үшінші – Мұхтар Әуезовтың «Көксерегі». Табиғат пен адам арасындағы байланысты шебер суреттейтін, оқырманды мейірімділік пен жауапкершілік туралы ойлануға жетелейтін көркем шығармалардың бірі. Бұл тізім біздің классиктерімізден. Ал әлем әдебиетінен бірден ойыма Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасы түсіп тұр. Бала бойындағы ғажайыпқа сенетін нәзік балалық қасиетін көрсететін, ой салатын әйгілі шығарма. Тізімнің соңын Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары» (немесе «Он бес жасар капитан») атты шытырман оқиғаларды ұнататын балаларға қызықты әрі танымдық шығармамен қорытындылағым келіп отыр. Әр баланың кітапқа деген қызығушылығы әртүрлі болады. Ең бастысы сол қызығушылық ұшқынын сөндіріп алмай, уақытында дұрыс бағыт-бағдар беру. Сонда ғана кітап оқу «міндет» емес, сүйікті іске айналады деп білемін.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!
