Сайын Мұратбековтің шығармашылығын әлем әдебиеті контексінде қарастыру керек

Сайын Мұратбековтің шығармашылық биігін, прозасындағы тақырыптар мен көркемдік шеберлікті әлем әдебиеті контексінде қарастыру әлдеқайда нәтижелі болар еді. Неге десеңіз, ХХ ғасырдың екінші жартысында, әсіресе 1950 жылдардан кейін соғыстан, аштықтан, нәсілдік кемсітушіліктен және түрлі әлеуметтік қасіреттерден қажыған адамзат өзінің балалық шағына назар аудара бастады.

49

Сайын Мұратбековтің шығармашылығын әлем әдебиеті контексінде қарастыру керек - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесіп ұйымдастырған «Ай кітабы» жобасының кезекті әдеби талқысы биыл туғанына 90 жыл толып отырған көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» хикаятына арналды.

Ұлттық академиялық кітапханада өткен кездесудің тізгіншісі ақын Тоқтарәлі Таңжарық алдымен «Ай кітабы» жобасының негізгі мақсатына тоқталды. Бұдан кейін сөз алған спикерлер – әдебиеттанушы Ақеділ Тойшанұлы мен ақын, әдебиеттанушы Ақерке Асан қазақ прозасының көрнекті өкілі Сайын Мұратбековтің шығармашылық әлеміне кеңінен тоқталып, «Жусан иісі» хикаятының көркемдік ерекшеліктерін, символдық мәнінің әлем әдебиетімен үндестігі туралы сөз қозғады.

Тоқтарәлі Таңжарық: Биыл Сайын Мұратбековтің туғанына 90 жыл толуына орай жазушының шығармашылығы туралы көптеген мақала жазылып, түрлі іс-шаралар мен түсірілімдер ұйымдастырылды. Дегенмен біз бүгін «Жусан иісі» повесін арнайы тақырып ете отырып, қаламгердің тұтас шығармашылық әлеміне тоқталуды жөн көрдік. Бүгінгі әңгімемізге әдебиеттанушы, ақын Ақеділ Тойшанұлы мен ақын, әдебиеттанушы Ақерке Асан қатысып отыр. Қош келдіңіздер!

Ақеділ аға, сіз Сайын Мұратбековпен араласып, қасында жүрген адамсыз. Жазушының шығармашылығындағы ерекшеліктер, әсіресе «Жусан иісінде» суреттелетін дәуір туралы айтып өтсеңіз. Жалпы, қазақ әдебиетінде соғыс пен оның зардабын, соғыстың балалар психологиясына әсерін арқау еткен шығармалар көп емес. Осы тұрғыдан алғанда, жазушы бұл тақырыпты қалай аша білді? 

Ақеділ Тойшанұлы: Ең алдымен, Сайын ағамен аға-бауыр ретінде араласқанымды өзім үшін үлкен бақыт санаймын. Ол кісі өте шынайы, ақкөңіл, қамқор адам еді. Өмірде қандай болса, шығармашылығында да сондай болды.

Сайын Мұратбеков өткен ғасырдағы 1950 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың басында қазақ көркем прозасына сапалық әрі стильдік өзгеріс әкелген қаламгер. Оның алдыңғы буын жазушылардан ерекшелігі – фольклорлық, эпикалық сарыннан біршама алыстап, кәсіби прозаның жаңа көркемдік мүмкіндіктерін қалыптастыруында.

Әрине, мұны алдыңғы буынның кемшілігі деп түсінбеу керек. Әр кезеңнің өзіне тән көркемдік ерекшелігі бар. Бірақ Сайын Мұратбеков қазақ прозасын жаңа арнаға бұрған жазушылардың бірі болды. Сайын ағаның көп шығармаларында ауыл өмірі суреттеледі. Алайда жазушының кейіпкерлері бір жағынан бейтаныс көрінгенімен, екінші жағынан оқырманға өте жақын. Ол адамның өміріндегі өтпелі кезеңдерді, мінезіндегі өзгерістерді нәзік психологизммен ашады. «Жусан иісі» – соғыс жылдарындағы балалық шақтың қасіретін бейнелейтін шығарма. Сайын ағаның «Бес тапал» атанған достарының көбі сол соғыс жылдарында балалық шағы өткен, өмірдің ауыртпалығын ерте тартқан буынның өкілдері еді. Олар соғыстың зардабын өз көздерімен көрді. Повесте де символдық мәнге ие бейнелер аз емес. Мәселен, Сайын Мұратбеков шығармаларында жол мотиві жиі кездеседі. Арба, шана, сапар – бұлардың бәрі өмір қозғалысын, тіршіліктің жалғасуын білдіреді.

Ал «Жусан иісіндегі» негізгі символ – жусан. Жусан – қазақтың туған жерімен, даласымен, ұлттық болмысымен біте қайнасқан өсімдік. Оны қазақтың рухани коды деуге болады. Шығармада Аянның туған жерінің жусанын бойына сіңіріп өскені айтылады. Сондықтан ол ағасын сағынғанда киімін иіскейді. Сол арқылы сағынышын басады. Мұнда туған жерге, кең далаға деген сағыныштың нәзік көрінісі бар. Балалардың бір-бірін құшақтап, үстімізден жусанның иісі шығады деп иіскейтін тұсы да ерекше әсерлі. Бұл – олардың өздерінің туған топырағына, ұлттық тамырына жақындығын аңғартатын көрініс. Шығармада балалардың көрген қорлығы да шынайы суреттеледі. Аяқ киімі жоқ, ішер асы тапшы Аянның масақ үгітіп жейтіні, оны достарымен бөлісетіні – соғыс жылдарындағы ауыл балаларының ауыр тұрмысын көрсетеді. Соған қарамастан, Аянның бойында ерте есейгендік байқалады. Әжесі қайтыс болғанда да, ағасынан қаралы хабар келгенде де ол көз жасын өзгелерге көрсетпейді. Ішкі қайғысын сыртқа шығармай, өзін тежейді. Ол – тағдырдың тауқыметін ерте тартқан бала. Сонымен бірге Аянның ертегі айтуы да кездейсоқ емес. Жазушы фольклорлық мотивтерді шығармасына өте шебер енгізген. Аянның ертегілеріндегі дәулер, қанатты аттар, батырлар бейнесі оның арман әлемін танытады. Бір тұста Қобыланды батырдың аты сияқты ұшатын ат туралы айтып, өзінің де болашақ шанасы сондай болатынын армандайды. Бұл – баланың болашаққа деген үміті мен биік мұратының көрінісі.

Аянның тобығындағы кемістік – тән жарақаты. Ал шығармада жан жарақатын алған кейіпкерлер де бар. Соның бірі – Тұржан. Соғыста қолынан айырылған ол кішкентай баланы сабап, оған әлімжеттік көрсетеді. Оның бойындағы қатігездік арқылы жазушы соғыстың адам мінезіне түсірген жарасын да аңғартады. Соғыс тек майдан даласында ғана жүрмейді. Оның зардабы ауыл ішіндегі адамдардың қарым-қатынасынан да көрінеді. Адамның мінезі бұзылып, мейірімі жоғалса, қоғамда жақсылықтың орнауы қиын.

Тоқтарәлі Таңжарық:  Аян әжесі қайтыс болғанда да, ағасынан қаралы хат келгенде де жылағанын ешкімге көрсетпейді. Бірақ кейін қораның түбіне барып, оңашада жылайды ғой. Мұның астарында не жатыр?

Ақеділ Тойшанұлы: Бұл – баланың ерте есейіп кеткенінің белгісі. Тағдыр оны бала күнінен-ақ есейтуге мәжбүр етті. Ол анасынан, әкесінен, кейін әжесінен айырылды. Осындай ауыр жағдайлар оның мінезін қалыптастырды. Мысалы, шығармадағы қоңыр сиырдың да өзіндік символдық мәні бар. Ол бөтен үйге бармайды, өз қорасында қалғысы келеді. Кейде иіскеп келіп, мөңірейді. Сонда Аян: «Бұл қоңыр сиыр бәрін біліп тұр», – дегендей ой айтады. Әжесінің басынан өткен жайларды да сезіп тұрғандай қабылдайды.

Аян да өз қайғысын өзгелерге көрсетпейді. Ішінен қанша күйзелсе де, көз жасын жасырады. Ал түнде шанамен сырғанайтын көрініс – меніңше, шығармадағы ең әсерлі эпизодтардың бірі. Аян аймен сырласып, жұлдыздармен ойнап жүргендей күй кешеді. Шанамен зырлаған балаға қанат бітіп кеткендей әсер қалдырады. Мен көптеген көркем шығармаларды оқимын. Бірақ баланың жалғыздықты осылайша сезінуі, өз әлеміне еніп, сол әлемде бақытты болуы сирек кездесетін көркемдік шешім деп ойлаймын. Жазушы мұнда баланың жалғыздығын, өзгелерден кемсітілгенін, өзін толық түсіндіре алмайтын күйін нақтылап айтып жатпайды. Оның орнына қозғалыс, бейне, көрініс арқылы жеткізеді. Балалар тобында шанасы болмағандықтан іштей намыстанатын Аян түнде жалғыз қалғанда өзін еркін сезінеді. Айға үн қатқысы келетіндей күй кешеді. Бұл – баланың қиялы мен ішкі еркіндігінің көрінісі. Сайын ағаның шеберлігі де осында: бізге белгілі нәрсені қайта баяндап қоймай, оның өзіміз аңғармаған қырын ашып көрсетеді. Әр образынан тосын бір сипат табасыз. 

Сайын Мұратбеков шығармаларының тағы бір ерекшелігі – жазушы оқырманға дайын шешім ұсынбайды. Оқиғаның түйінін өзіңізге қалдырады. Аянның кейінгі тағдыры туралы нақты айтпайды. Оның қайтып оралған-оралмағанын да баяндамайды. Ал оқырман өз қиялымен жалғастырады. Меніңше, Аян – бойында батырлық рухы бар, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бала. Қобыланды батыр туралы ертегі айтатын, қанатты тұлпарды армандайтын, жусанның иісін сағынатын осы баланың болашақта үлкен азамат болғанын өзім де іштей қалаймын. Мүмкін, тобығындағы жарақаты жазылып, жақсы дәрігерлердің көмегімен сауығып кеткен шығар. Мүмкін, ол қазақ қоғамында үлкен қызмет атқарған азаматтардың бірі болған шығар. Оқырман ретінде мен оның тағдырын осылай жалғастыра беремін.

Тоқтарәлі Таңжарық: Рақмет! Ақерке, өзіңіз тыңдап отырғандай әңгімеміздің басында соғыс тақырыбына тоқталдық. Енді сіз әлем әдебиетімен салыстырғанда «Жусан иісіндегі» Аян бейнесіне ұқсас кейіпкерлер бар ма? Жалпы, бұл шығарманың әлемдік әдебиеттегі орны мен өзіндік артықшылығы неде деген сауал төңірегінде айтып берсеңіз.

Ақерке Асан: Ең алдымен бір нәрсені айта кеткім келеді. Біз Сайын Мұратбеков секілді ірі қаламгерлер туралы сөз қозғағанда, олардың шығармашылығын тек қазақ әдебиетінің аясында қарастырумен шектелмеуіміз керек. Сайын Мұратбековтің шығармашылық биігін, прозасындағы тақырыптар мен көркемдік шеберлікті әлем әдебиеті контексінде қарастыру әлдеқайда нәтижелі болар еді. Неге десеңіз, ХХ ғасырдың екінші жартысында, әсіресе 1950 жылдардан кейін соғыстан, аштықтан, нәсілдік кемсітушіліктен және түрлі әлеуметтік қасіреттерден қажыған адамзат өзінің балалық шағына назар аудара бастады.

Мысалы, 1960 жылы америкалық жазушы Харпер Лидің «Убить пересмешника»  («Күлдіршінді өлтіру») романы жарық көрді. Бұл шығармада шағын Майкомб қаласындағы нәсілшілдіктің зардаптары баланың көзімен көрсетіледі. Бүгінде де әлем оқырмандарының назарынан түспеген туынды. 

Ал 1967 жылы жапон жазушысы Акиюки Носаканың «Жарқырауықтар зираты» шығармасын жазды. Кейін бұл туындының анимациялық нұсқасы да түсірілді. Қазіргі жастардың да ықыласына ие шығарма. Онда соғыстан кейінгі бомбалаудан зардап шеккен екі баланың тағдыры баяндалады. Сол кезеңде Латын Америкасында Габриэль Гарсиа Маркес те отаршылдықтың зардабын, халықтың ауыр тағдырын магиялық реализм арқылы бейнеледі. Осы шығармалармен салыстыра қарасақ, кеңестік кезеңде өмір сүрген қазақ қаламгерлерінің туындыларын тек кеңестік әдебиеттің шеңберінде бағалау дұрыс емес екенін түсінеміз.

Сайын Мұратбеков те Харпер Ли, Носака секілді адамзаттың ортақ қасіретіне үн қосқан жазушылардың бірі. «Жусан иісі» мен «Жабайы алма» – соның айқын дәлелі. Бұл ретте біз тек «Жусан иісін» ғана емес, 1950–1960 жылдардан бастап жарық көрген, балалардың көзімен соғыс пен ашаршылықтың зардаптарын бейнелейтін шығармалардың тұтас бір легін назарға алуымыз керек. Мұндай шығармаларда баланың таза көзқарасы арқылы соғысқа қарсы идея, яғни пацифистік ұстаным қалыптасады. Соғысты жек көру, бейбіт өмірдің қадірін түсіну секілді философиялық ойлар көрініс табады.

Бұл қатарда Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасын, Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін», Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» туындысын, Нодар Думбадзенің «Мен, әжем, Илико және Илларион» шығармасын атауға болады. Осы туындылардың барлығы әлем әдебиетінде соғысқа қарсы ортақ үн қалыптастырған шығармалар қатарына жатады. Олар қазақ даласында ғана емес, Жапонияда, Америкада, Еуропада да әртүрлі көркемдік сипатта дүниеге келді. Бұл Абай мен Гетенің рухани үндестігі секілді әлемнің әр қиырындағы әдебиеттердің ортақ адамзаттық құндылықтар төңірегінде тоғысуы.

Сондықтан Бердібек Соқпақбаев, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков сияқты қаламгерлерді тек қазақ әдебиеті немесе ауыл прозасы аясында ғана қарастыру олардың шығармашылық биігін толық тануға мүмкіндік бермейді. Ауыл прозасы да – өзіндік қалыптасу тарихы бар көркемдік құбылыс. Кеңестік әдебиетте бұл бағыт Валентин Распутин, Виктор Астафьев секілді жазушылардың шығармашылығы арқылы кеңінен танылды. Бірақ Сайын Мұратбековтің көркемдік әлемін тек осы бағытпен шектеу жеткіліксіз. 

Оның шығармалары адамзатқа ортақ қасіретті, балалық шақтың жарасын, адам жанының нәзіктігін бейнелейді. Сондықтан «Жусан иісін» Харпер Ли мен Носака шығармаларымен салыстыра отырып, оның әлемдік әдебиеттегі өзіндік үнін қарастыруымыз керек.

Тағы бір назар аударатын мәселе – шығарманың баяндау тәсілі. «Жусан иісі» шамамен 25–30 беттен тұратын көлемді шығарма десек, оның алғашқы жиырма бетінде авторлық баяндау «біз» деген сөзден басталады. Яғни оқиғаға бір адамның ғана емес, соғыс жылдарында балалық шағын өткізген тұтас бір ұрпақтың атынан көзқарас білдіріледі. Ал шығарманың екінші бөлігінде біртіндеп «біз» деген сөз «мен» деген баяндауға ауысады. Осылайша, автор жалпы ұрпақтың тағдырынан жеке Аянның өміріне қарай ойысады. Бұл – үлкен көркемдік шеберлік. Мұндай ерекшелікті бірден байқай қою қиын. Бірақ шығармаға тереңірек үңілсеңіз, баяндау тәсіліндегі осы өзгерістің мәнін түсінесіз. Басында автор өзін соғыстан кейінгі ауыртпалықты бірге көрген балалардың қатарында ұстайды. Кейін сол ортаның ішінен бөлініп шығып, Аянның тағдырына сырт көзбен қарай бастайды.

Бұл – рецептивті эстетика тұрғысынан да назар аударарлық тәсіл. Оқырманның қабылдауына әсер ететін осындай лирикалық поэтиканы қалыптастыру кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді.

Сонымен қатар Сайын Мұратбеков шығармаларының орыс тіліне жасалған аудармалары да сәтті шыққан. Оның Мәскеудегі Әдебиет институтында білім алуы да қаламгердің әдеби көкжиегін кеңейткен факторлардың бірі деп ойлаймын.

Демек, «Жусан иісі» – қазақ оқырманына ғана арналған шығарма емес. Ол әлемдік әдебиеттегі соғыс қасіретін бала тағдыры арқылы бейнелейтін үздік туындылармен үндесетін шығарма.

Тоқтарәлі Таңжарық: «Жусан иісін» оқығанда, мен де бір киноның сюжетін көргендей әсер алдым. Балалардың қыс бойы шана тебуі, жазда суға түсуі, ауыл арасындағы қарым-қатынасы – бәрі қозғалыс үстінде беріледі. Шығармада оқиғаның бір орында тұрып қалуы жоқ. Осы ерекшелікті қалай бағалайсыз? Жалпы, сол дәуірдегі адамдардың психологиясын ашу үшін «Жусан иісін» қазіргі заманда көркем фильмге айналдыруға бола ма? Бұл шығарма да экранда өз көрінісін таба ала ма?

Ақерке Асан: Өте орынды сұрақ. Сайын Мұратбековті лирик жазушы деп атайтын болсақ, оның шығармашылығын талдағанда ең алдымен сюжеті мен тақырыбынан гөрі стилистикасына назар аударуымыз керек. 

Мектеп бағдарламасында Сайын Мұратбековтің шығармаларын бәріміз дерлік оқып өстік. Оның прозасынан артық сөз табу қиын. Абай айтқандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді». Бірақ сол қарапайым тілдің астарында терең көркемдік мән жатыр.

Мысалы, шығармада Аян балалар хат танып, ағаларына хат жаза бастаған кезде: «Аса жаннан артық көретін аға...» деген сөздер қолданады. Осы тұстың өзінде баланың мінезі, ішкі дүниесі көрініс табады. Ол басқа балалардан кем емес екенін, өзінің де ойы мен сезімі бар екенін көрсеткісі келеді. Өзгелердің бірінің әкесі, бірінің әжесі бар. Ал Аян соғыстан қалған жарасын ертегілерімен, қиялымен, шығармашылығымен толықтырғысы келеді. Баланың психологиясын осылай жеткізу – Бердібек Соқпақбаев мектебімен үндесетін қазақ прозасындағы үлкен көркемдік дәстүр.

Сайын Мұратбековтің шеберлігі – трагедиялық оқиғаның ішіне юморды да табиғи енгізе білуінде. Мысалы, баланың ағасына жазған хатындағы әсірелеулер оқырманды бір күлдіріп алады. Бірақ сол күлкінің ар жағында баланың жан дүниесі, тағдыры, арманы жатыр. Қай заманның баласы болмасын, балалық шақтың өзіне тән қиял әлемі болады. Соғыс жылдарындағы балалардың тұрмысы мен ортасы өзгеше болғанымен, бала көңілінің табиғаты өзгермейді. Міне, осы нәзік шекараны бұзбай, ешқандай жасандылықсыз суреттеу – Сайын Мұратбеков прозасының биік жетістігі. Сондықтан бұл шығарманы киноға бейімдеуге болар еді. Себебі, оқиғасы әр адамға таныс, кейіпкерлері жақын, трагедиясының өзінде юморы бар туынды. Оны сценарийге айналдыру, режиссерлік шешім табу – өз алдына бөлек мәселе.

Тоқтарәлі Таңжарық:  Расында да Сайын Мұратбековтің прозасы лирикалық сипатымен ерекшеленеді. Жалпы, соғыстан кейінгі 1960–1970 жылдардағы қазақ әдебиетінде лирикалық проза басым болғандай көрінеді. Сол бағыттың биік шыңы Сайын Мұратбеков шығармашылығы деуге бола ма?

Тағы бір назар аударатын тұс – Аянның ертегі айтуы. Ол күн сайын жаңа ертегі ойлап табады. Әжесінің тәрбиесінде өскен, ата-анасынан ерте айырылған бала ертегі арқылы өзінің ішкі әлемін қалыптастырғандай. Оның ертегілерінде қанатты пырақ секілді ұлттық фольклордан алынған бейнелер жиі кездеседі. Бір қызығы, жазушы ертегінің дайын сюжетін баяндап қана қоймайды. Ертегі айтылып жатқан сәттің өзін, баланың сол кездегі көңіл күйі мен қимыл-қозғалысын суреттейді. Осындай фольклорлық мотивтерді шығармаға енгізу тәсілін қалай бағалайсыз?

Ақерке Асан: Бұл туралы өзім де кітап оқығанда арнайы белгілеп қойған тұстарым бар. Әдебиеттануда интертекст деген ұғым бар. Яғни бір көркем мәтіннің ішінде екінші бір мәтіннің, басқа шығармаларға тән образдар мен мотивтердің көрініс табуы. Мысалы, «Ақ кемедегі» мифтік, магиялық образдар, «Тортай мінер ақ бозаттағы» ақ бозат бейнесі – осындай көркемдік жүйенің бір бөлшегі. Аянның ертегі айтуына да осы тұрғыдан қарауымыз керек. Ол ертегілерін үнемі «Баяғыда бір жетім бала болыпты...» деп бастайды. Ертегі – соғыстан кейінгі ауыр заманда баланың қауіпсіздік сезімін табатын жалғыз мекені. Аян ертегі әлемінде ешкімнен кем емес. Ол жерде өзін бай да, күшті де, қанатты да сезінеді. Ешкім оны кемсіте алмайды, ешкім оған үстемдік жүргізе алмайды. Бұл баланың шынайы өмірдегі қорғансыздығын қиял әлемі арқылы жеңуге ұмтылуы.

Әлем әдебиетінде де балалардың өздерін қауіпсіз сезінетін мекені көбіне ертегі әлемі болып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, «Жусан иісі» әлемдік әдебиеттегі ортақ көркемдік құбылыстармен үндеседі.

Екінші бір назар аударатын көрініс – Аянның түнде шана тебуі. Бұл да жай ғана баланың ойын-сауығы емес. Соғыс, майдан, ауыр тұрмыс адамзатты әбден қажытқан кезде бала табиғатпен оңаша қалып, өзінің ішкі әлеміне оралады. Аймен сырласады, жұлдыздармен ойнайды. Қоңыр сиырдың бейнесі де осы табиғи әлеммен байланысын көрсетеді. Бала оны өзін түсінетін тіршілік иесі ретінде қабылдайды. Жусанның иісі де – туған жермен, ұлттық тамырмен байланыс.

Өндірістік революция, соғыс, қару-жарақ пен майданнан шаршаған адамзаттың фольклорға, табиғатқа, өзінің рухани бастауларына оралуы байқалады. Фольклорлық мотивтерді біз кейде ескіліктің белгісі ретінде қабылдаймыз. Алайда мәселе ескілікте емес. Ауыл, ертегі, аңыз, әпсана – адамның рухани тамыры. Аянның қанаттанатын сәттері де осы ертегілермен астасып жатыр.

Тағы бір ерекше тоқталатын тұс – шығарманың соңына қарай көрінетін бір көзді дәу бейнесі. Бұл образды символдық тұрғыдан соғыспен байланыстыруға болады. Аян ағасынан хабар күтіп жүргенде, әлі де үміт бар еді. Ал қаралы хабар келгеннен кейін оның ішкі әлемінде бір өзгеріс болады. Осы тұста бір көзді дәу бейнесі пайда болады. Жазушы оны егжей-тегжейлі түсіндіріп жатпайды. Бірақ иттердің үргенін, түнгі тылсым дыбыстарды, айналадағы үрейлі ахуалды суреттеу арқылы оқырманға ерекше әсер қалдырады. Меніңше, мұнда готикалық романтизмге тән элементтер де бар. Жазушы бір ғана абзацтың ішінде осындай тылсым әсер қалыптастырады. Бұл – прозадағы үлкен шеберлік мектебі.

Сайын Мұратбеков шағын ғана мәтіннің өзінде әлем әдебиетіне тән көркемдік тәсілдерді қазақ даласының табиғатына сіңіріп, өте жеңіл әрі түсінікті тілмен жеткізе алған. Сондықтан мен «Жусан иісін» бүгінгі көзқараспен де модернистік сипаттары бар шығарма деп бағалаудан тайсалмас едім.

Түйін: Біз «Ай кітабының» кезекті талдауын оқырман назарына ықшамдап ұсынып отырмыз. Сайын Мұратбековтың жалпы шығармашылығы туралы көрермендер сұрақ қойып, оған спикерлер мағыналы жауап берді. Толық нұсқасы YouTuobe-тағы «Әлқисса» арнасында жарияланады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба ай сайын өтеді. Желтоқсан айында Асқар Сүлейменовтың «Бесатар» повесі талданады. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan