Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Біржан Ахмер. Көкжиекке сіңген ой...

23.05.2019 5883

Біржан Ахмер. Көкжиекке сіңген ой

Біржан Ахмер. Көкжиекке сіңген ой - adebiportal.kz

Көкірек тұсын мазасыздыққа бөлеген адамзат баласының зауалды ойларын, залалды ниетін бір сәтке ысырып, өзінің «меніне» оралуына шайыр қаламы барын салары белгілі. Мәселе тәрбиелеуде немесе түзу жолға түсіруде емес, адамшылықты сақтауда. Ақын не үшін күйінеді? Не үшін маңдайын тас пен тауға ұрады? Өзі үшін бе? Жоқ, өзі көріп, біліп, естіп жүрген небір жаралы жағдаяттарға жамау болғысы келетіндіктен, түнектің түңлігін түріп, санаға оймақтай сәуле түсіргісі келетіндіктен жыр жазады. Сондықтан да ақын қаламынан туған әр шығарма – тасқа басылған таңбадай қастерлі. Мұрат Шаймаранның мұңлы һәм ойлы әлеміне енгенде осындай ойлардың жетегінде кетіп, шынайы поэзияның «шарабын» жұтқандай күй кешеріңіз анық. Алматы аспанында жыр қалықтап, сөзге қанат біткен кездер болған еді өткен ғасырда. Мұзбалақ Мұқағали, сыршыл Тұманбай, жыр қағаны Жұматай жолдарымен бүгінде Мұрат Шаймаран жүріп келеді. Темекісін тұтатып, көкжиекке батқан қызыл-күрең Күнге ойлы жанарымен үнсіз қарап тұрған бейнесі көпшілікке таныс. Бәлкім, таныс та емес шығар.

Жат жерден атамекенге сағына оралған ақын өмірі көпшілікке бәймәлім. Жұмбақ күйде. Сол жұмбақты шешуге тырысқан адамдардың Шаймаран әлеміне «шырмалып» қалатынын қайтерсің. Әлде, сұхбат беруге, көкжәшіктен көрінуге, жалпақ жұртқа танылуға ақын жаны қас па екен? Кім біліпті. Бір анығы – құшағына ойдың ыстық шоғын қысып алып, шайыр жаны оңашада өзімен (өлеңімен) күбірлеседі. Поэзия! Осы бекзада өнердің қасиеті мен қадірін жоғалтпауға бегінген, қара сөздің киесінен қорыққан Мұрат ақын жүрек толқынысын, кеуденің бұлқынысын тек өлеңге ғана айтады. Тек өлеңнің азабы мен рахатына батып, өмірдің бағы мен сорын қатар кешеді. Ақын болып туу бар да, ақын болу бар. Осы екі сөздің арасында жер мен көктей кеңістік сыйып кететін шығар. Қаламгер үшін қолдан жасалған жалған өлеңдердің дені бағзыда келмеске кеткен. Сөйтіп, ойдың құдығында жатқан мөлдір сөздерді теріп, алдияр оқырманға шынайы поэзия ұсынса, таңғалмасқа шара бар ма?

Тірліктің аптығын,

Өзімен бірге алып батты Күн,

Күбірлеп жанымның дұғасы айтылды.

Баяғы жұмақтай жасыл кеш жоқ бүгін,

Қайықтай қалықтап Ай туды.

Жалғыз ауыз сөздің жүрек тірілтер иірімдері бұрынырақтағы классик ақындарымызбен сабақтас, ойы үйлесімді. «Тірліктің аптығы» бір сәтке басылмайды. Уақыттың ығына жұтылған қоғам ақын көзіне «құмырсқа-қырғындай» елестесе, елестеп қана қоймай әсер етсе, айып бар ма? Бағы батпан, бәсі мен дәулеті тасып тұрған пенденің де, қара су мен қара нанға зар болған қараша жұрттың да өмірі – «бір кем дүние». Ілкі дүниенің ізгілігін іздеп, шартарапқа шарқ ұрсаң да, мәңгіліктің симфониясына құлақ түрсең де, көретінің – тағдырыңның көлеңкесі, жаныңның келбеті. Жалғандағы қара ниетті, қара ойларды, қара қылмысты мейірбан Күн өзімен бірге алып кетсе екен деген ақын пайымына бір сәт үңіліп көрейікші. Бұдан асқан арман бар ма? Және бұдан асқан тілек, «дұға» бар ма? Әрине, Мұрат ақын өзінің мазасыздығынан қорықпайды, қоғамның күнәлі күйінен түршігеді. Сондықтан да шайыр «Баяғы жұмақтай жасыл кеш жоқ бүгін» деп толғана күрсініп, тағы да үн қатады.

Шаштарым ағарған –

теңіздің аппақ жал толқыны,

Жұтады бір бірлеп иірім.

Жығылған желкеннің

(Тағдыры мың түрлі)

Үмітсіз күйімін.

Тағдыр талқысы, тауқіметі мен тұлдыр күйі жетімек жүректің кеберсіген «ерінін» одан бетер айғыздап, одан бетер күйіндірсе, көкіректің төрт қабырғасында теңселген жанның бұлқынып, уақытқа ара-тұра арыз айтатыны бар. Ол арыз, әлбетте, сөз түрінде сыртқа шығады. Кейде адамның самайына ақ түсіреді. Неге? Өйткені ғаламат уақыттың алып ағыны дамылдамайды және тоқтамайды. Осылайша, «мың түрлі» тағдырлар түйісіп, «өмір» дейтін желкенді кемемен шексіздікке сіңе береді. Артына аңсармен, болашаққа беймәлім «үреймен» қараған шайыр дүниетанымы, пайым-парасаты, көзқарасы өмірлік сабақтардан жаралып, санасын ерте есейткен. Сол сананың ар жағында тереңдік пен тамырлы ойдың жатқанын біреу білсе, біреу білмес.

Жұлдыздың салқындау сәулесі төгілген,

Кімдерге жұбаныш?..

Болады кімге азық?!

Бойыма у тарап сол Мұңның ернінен,

Отырам жыр жазып.

Түн ғаламатының таңғажайып еліткіш қасиеті адамзат баласын кейде тұңғиыққа, кейде асқақтыққа жетелейді. Аспан сырының адам өміріне қандай қатысы бар деген орынды сұрақ тууы мүмкін. Әлбетте, қатысы бар. Егер ғарышты зерттеу арқылы адамзат шексіздіктің жұмбағын шешуге тырысса, әрі сол арқылы шексіздіктің бар екенін түсінсе, міне сол кезде сана мен ойдың құбылуы, өзгеруі ықтимал. Ақын эксперимент ретінде сәуленің «салқындығын» меңзеп отыр. Сәуленің жылылығын ғана сезген біздер үшін бұл тіркес жалған һәм түсініксіз болары анық. Бірақ ақын көзімен қарасақ, мұндай тіркес өлеңнің өзегін ашып, өзгеше өрілуіне септігін тигізген. Физикалық құбылыстың мұндай экспериментке ұшырауы тек бұл ақында ғана емес, көптеген қаламгерлерде бар. Рас, «Жұлдыздың жып-жылы сәулесі төгілген» дей салуға болады. Алайда мұнда ешқандай әсер болмай, оқырманды селт еткізбейді. Бір жағынан егер жұлдыздың сәулесі жылы болса, онда ол біреуге жұбаныш, рухани азық болуға татитын еді. Бұл арада ақын адамзаттың салқын ойынан әлемнің өзі салқындап кетті деген жаңа тұжырым шығарғандай. Ал шумақ соңындағы оңашада жыр жазып отырған образ – сол салқын ойлардың әсері, салқын тіршілікті қағазға түсіруге бел буған ақынның өзі. Әйтпесе «Жалғыздығым мойнында – ғалам мұңы, / Ал ғаламның қойнында – қара мысық» дер ме еді?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ұлықбек Есдәулет. Ақсақ әнге аяқ салу

***

Салқын сәуле ақынның табиғат лирикасында да жалғасын тапқан. «Күз» өлеңінде «Салқынды шырайлар, Салқынды Иіндер» деп тіршіліктің басқаша түсін, бояуын, болмысын шебер айшықтап, тағы да салқын мұңға шомылады. Әрине, күз мезгілі – бүкіл шығармашыл адамдарға шабыт беретін сиқырлы шақ. Бірақ сол мезеттің жасырын күйін, образын дәл әрі анық жырлау кез келген қаламгердің қолынан келетін іс емес. Әуелі ақынның күз әлеміне еніп, осы шақтың құбылысын қандай деңгейде сезіне алғанына назар аудару ләзім. Мұндай сәтте Мұрат ақын «сүрінбейді», керісінше поэтикалық қуатын одан әрі күшейтіп, қарапайым тілмен қорғасын ойдың салмағын сездіреді.

Көз алдым боз мұнар – алатау жоқ енді,

Өзімен әкеткен өмірдей өлеңді...

Құстардың даусындай алыстап кетті арман,

Үмітім ескірді,

Көңілім көнерді.

Әрине, бұл шумақтағы «үміттің ескіруі» мен «көңілдің көнеруі» бір оқығанда ерсі, шала болып көрінуі мүмкін. Десе де, оның алдындағы жол күрең күздің образын мейлінше ашып, шумақты «тірілтіп» тұр. Мұндағы құстардың қоштасқан сәті, өзімен бір дәуірді ілестіріп әкеткені бізді бір сәтке аспанға қаратып, құстардың сұңқылын сағынуға жетелейді. Немесе ақынның «Тырналар» өлеңінде: «Жеткенін күздің естіртіп, / Тырналар кетті тыраулап» деген жолдардан-ақ оның суреткерлік қырын анық тани аламыз. Табиғат лирикасы, әсіресе оның ішінде күз мезгілі ақын жанын осылайша тілгілеп, көңіліне мөлдір мұң сыйлағанын сезу қиын емес.

Шаймаран шығармашылығынан қыс мезгілінің де бейнелерін көре аласыз. Ақын қарашада жауған қардың сұлу көрінісін өлең тілімен әспеттеп, оқырманына соны образдар ұсынған. Сұлуына жыр арнаған шайыр қараша арқылы өзінің жайсыз күйін, қоштасуды қаламайтын жүрек толқынысын астарлы сөзбен айшықтап кеткендей. Сірә, бұл мезгілдегі ұлы тыныштық жанның даусын естіртуге жаралған орайлы шақ секілді. Сөйтіп, дабырлаған даңғаза дауыстар басылып, тыныштықтың таңғажайып мезеті орнағанда ақын көкірегінің алтын сарайы ашылады.

Қоштасу –

Қарашаның қарлы кеші,

Біз көндік,

Тағдыр салды – жарлық осы.

Құшағы аппақ бүрлі аңқау әлем,

Жалқы емен,

Жайқын қала...

Қалды елесі.

Иә, аппақ әлемнің ішінде жүректі кірлетпей ұстау ләзім әуелден. Сол тазалықтың, мөлдірліктің, сағыныштың сарқылмасын тілеп пенде-ғұмыр не істемеді? Сүйгенімен қауышқан ақын жүрек қоштасуды қаламайды. Бірақ өмір заңдылығы басқа. Ақыры бәріне «көндіккен» шайыр тағдырына қарсы шыға алмай, аруының «елесін» ғана құшақтап қалғандай. Өмірдің өзі қауышу мен қоштасудан тұрады десек, мұндағы шынайы бейне – орнықты, таза, саф көңілдің айнасы екеніне шүбә жоқ. Ал қарашада жауған қардың жұбатып, ақын жанына сеп болып тұрғанын байқау қиын емес.

***

Ақын қоғамдағы әлеуметтік түйіткілдерге бей-жай қарай алмайды. Әр қазақтың көз жасы ақын үшін теңіздей тұңғиық екені рас. Олай болмаған жағдайда, шайыр қаламы ақ қағаз бетіне қанды сиясын төгер ме еді? Бұл аяқ-асты, шала ойдан туа салған шығарма емес, көңілден еріксіз ытқыған шердің тамшылары. Ақын – қоғамдағы құбылыстарды бір қырынан ғана емес, жан-жақты тұсынан саралап, ішкі толқынысын қағазға түсіретін тұлға. Сондықтан қым-қуыт тіршіліктің қиын-қыспақ жағдаяттарын жырлауда ақынның қоғамдағы ролі зор. М.Шаймаран «Мүгедектер арбасындағы қайыршы қыз туралы жыр» өлеңінде ауыр хәлге түскен қыздың психологиясын шебер суреттеп, бізге былайша баяндайды:

Сүйдірмек һәм жаралған сүймек үшін,

Кемтар тағдыр...

Өртеніп күйген іші.

Асау, тентек музыка ырғағына

Оның да бір келеді билегісі.

Адамның арман-мұраттарының ішіндегі ең ұлысы – қарапайым тіршілік ету, қарапайым өмір сүру. Бұл бақ-дәулеттен де құнды қазына. Пенде ішіндегі оймақтай бақыттың сыртқы өмірде орындалуы өзін һәм өзгені «сүюге» негіз болады. Осыдан көңілдің сезім пернелері ойнап, ғұмыры құлпыра түседі. Әу бастағы адам жаратылысының мәні де осы оймен сабақтас. Егер тәндік тұрғыдан бір кемшілік пайда болса, онда тағдырға налу, күйзеліске душар болу секілді күйініштер сананы торлап, ақылды түнекке айналдырады. Осындайда Мұқағалидың: «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, / Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге», - деген жұбаныш сөзі жанға медет болатыны рас. Сол секілді М.Шаймаран да өлең арқылы адамға үкілі үміт сыйлағысы келеді, жаралы жанға жұбаныш болғысы келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ақеділ Тойшанұлы. Шамбаланы іздеген ақын

***

Ақынның қалыптасу кезеңдері – сонау жастық шақтағы көрген-білгенінде, оқыған-түйгеніне тікелей байланысты десек, қателеспеспіз. Осы кезде алдыңғы буын ақындарына еліктеу, сол секілді өлең жазу үрдісі болады. Түгелдей «жұтылмаса да», М.Шаймаран Жұмекен ақынның өлеңдерін жата-жастана оқитыны, оның поэзиясын қадір тұтатыны көрініп тұр. Жұмекендегі ой иірімдері, ұйқас пен буындары М.Шаймаранның алғашқы туындыларында жиі кездеседі. Бұл жерде біреуді қайталау немесе стильді ұрлау ұғымы жатқан жоқ. Тек қана әлемді ақын ағасындай танудың, сол секілді жүрек сырын жеткізудің ұшқыны менмұндалап тұр. Поэзияда бір қалыпты үрдіс жоқ. Ақын жүре келе өз соқпағын тауып, өзінше стиль қалыптастыра алады. М.Шаймаран:

Жапырақтар өледі ғой табандарда жаншылып,
Қардан ақтық байлап алып аза тұтар бар шыбық…
Ал, менікі өлім емес,
Ажалды аң-таң қалдырып,
Топыраққа кетем сіңіп,
Жатам сонда мәңгілік!


- деп жырласа, Жұмекен:

Жылт-жылт еткен ебелек – жылап аққан су сынды, –
...өз тіліңнен жоқ өзге басатұғын сусынды...
О, дариға, осынау қарап тұрып далаға,
тым құрыса, бір минут мұңаймасқа бола ма;

- дейді.

Екі шумақтың сыртқы формасы бір қалыпқа құйылғандай немесе бір тілде «сайрап» тұрғандай көрінеді. Шын мәнінде, екі ақынның айтар ойы да, қалам тербеу мәнері де – екі түрлі. Алайда осындай ұқсастықтарды көргеннен кейін, бұл мәселеден айналып өте алмадық. Бұл бір жағынан М.Шаймаран шығармашылығының шеберханасына терең бойлау, қалыптасу үрдісін тануға деген құштарлық болса керек. Расында да, Жұмекенде талай дәуірге азық боларлық, талай ақынды шынайы өлең әлемі жетелерлік поэтикалық қуат бар. Оның ағынына ілеспей кету мүмкін емес. Сол секілдің хәкім Абайдың да бөлек әлемі қалам ұстаған кез келген ақынның шығармашылық қалыптасу жолына сіңіп кеткен. Әдеби стиль осындай адасқақ ойлардан, тынбай ізденуден пайда болады. Сөйтіп, ақынның өзіндік қолтаңбасы қалыптасады һәм оқырманның есінде солайша сақталады.

***

Алматының бульварларында әлі де ақындықтың, асыл өнердің ізі мен иісі бар. Оны сезіну үшін қаламның қасиетін танып, бір сәтке сөздің киесіне бас ию керек секілді. Ал сөз бен ой әлемі тереңге тартатыны белгілі. Одан үрейленудің қажеті жоқ. Тек қана азабы мен рахатын сезінген жөн.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар