Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Боранда жоғалып кеткен ақын туралы не білеміз?...

01.08.2016 5727

Боранда жоғалып кеткен ақын туралы не білеміз?

Боранда жоғалып кеткен ақын туралы не білеміз? - adebiportal.kz


Sagat-Abdugaliev.jpg

Ақын Сағат Әбдуғалиев Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында 1948 жылы дүниеге келген. 1967 жылы Алматыда С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМУ) журналистика факультетінде оқыды. «Құлыншақ көктем», «Көзайым келешек», «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның», «Жанымның жалғыз бұлбұлы» атты жыр кітаптарын кезінде оқырмандар жылы қабылдады. Бетке айтып салатындығы, партократтардың «уысына» сыя бермейтіні, өжеттігінің «кесірі» тиіп, ол Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен қалаларында түрме дәмін татты. 1984 жылы қыста қатты боранда адасып кетіп, сүйегі 1985 жылы көктемде Калмыков ауылының шетінен табылды.


Саңлақ Сағат ақын туралы ой өру қиын. Қиындығы сол, сөз қиынын келтірер тапқырлығын тап басу, ұйқас пен үндестігін келтірер керемет көрегендігін көруге де жай көз емес, өткір көз керек. Өлең ой өрмейді, ой өлең өреді. Ой да, өлең де бір кеудені мекендегенде ғана тұтастық, турашылдық кеңдікте қанат жаяды. Міне, Сағат та, өлең де, ой да бір жолда табылып, бірлесіп өнер туын көтеріп келді. Оған Сағат өлсе де өлмейтін өлеңдерін куә етемін.


Ақынға өнерге деген сыншы, өлеңге деген пайғамбарлықтың қажеттігі айдан анық. Ол осыны бойында өсіре білді. Көрер көзі, көркем көсемдігі, пайым-патшалығы мол болатын. Сөйтіп, Сағатты да, Сағаттың өлеңдерін де жай сезініп қана қоймау керек, сілкініп оқу керек, сағынып оқу керек. Осындай бір сағыныш билеген шағымда, 2013 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің №52 санында бір топ ақын: Әбдікәрім Ахметов, Аманжол Шамкенов, Ізтай Мәмбетов, Зейнолла Шүкіров, Еркеш Ибраһим, т.б. танымал тарландардың өлеңдері қатарында өзіміздің Сағат ақынның да төрт шумақ жыры көзіме оттай басылды.


О, тағдыр, тірлігімде өлең өпкіз,

Адамдар гүлге ұмтылған көбелекпіз.

Ақынның ақ жүрегін алаң қылған

Жаһанда жоқ-ау сенен керемет қыз.

Ешкімнен емес еді күлкісі кем,

Параққа жүрегімнен жыр түсірем.

Жоғалтып алғандайын мені іздейсің,

Жайқалған жапырақтай жұрт ішінен, – деген жыр шумақтары түсінген кісіге бір ғана ғашықтық мәселесімен көзге қиықты көрік салып тұрған жоқ. Сөз бен сурет салып тұр. Осындағы «адамдардың көбелекке айналуы», «жапырақтай жұрттың болуы», «жүрек­тен жазу түсіруі» сияқты оқыс суреттеу мен мүсіндеу оқырманды ойсыз қалдырмайды. Мазмұн мен мағына, келбет пен көрік, кесте мен түр та­уып, түндігіңді түрткілеп тұрғандай. «Сағынышқа саяхат» өлеңінде:


Түндерде құбылғанда түсім қырық,

Болады сыртым – бүтін, ішім – бүлік.

Жүректің жанталасқан жалқы

даусын,

Айтамын қай пендеге түсіндіріп, –деген ақын шумағы біраз сөз құдіретін арқаланып тұрғаны ақиқат. Көркем сөз – ойдың жемісі. Ал ақын ойы әлемдік әдемілікпен астасып жатады. Жоғарыдағы «қырық құбылған түс», «іштегі бүлік», «жүректің жалқы дауысы» сияқты сөз тіркестері де ойдан олжа тапқан жанның қалам сілтеуі. Тілдің төрелігін салмақтаған, киесін келбет еткен жанның сөзі.


1976 жылы Сағат ақынмен кездейсоқ таныстым. Жаздың кезі болатын. Калмыковтан Оралға жүргелі тұрған автобусқа ентелей мінген, менен 3-4 жас үлкен ақсары, қағылез жігітпен тығылысып қалаға дейін бардық. Басқа да таныс жігіттер болды. Сол кезде Тайпақ аудандық «Ленин жолы» газетінде өлеңдері жиі басылып жүрген ақын Сағатпен сөйтіп жарастығымыз жалғасып жүре берді. Мен ол кезде Харькин сегізжылдық мектебінде мұғалім едім. Сол аудандық газетке менің де өлеңдерім шығатын. Сөйтіп, Сағат ақынның өзімен де, өлеңімен де жақын болып кеттім. Сағаттай өлең жаза алмайтынымды біліп, оның алдында көп сөйлемейтінмін. Әрі жасы да менен үлкен еді. Көбіне оның тыңдаушысы болдым. Өлеңдерін оқиды. Төгілдіріп, төндіріп оқиды. «Өлеңің жақсы екен» деген бір ауыз сөзден әріге бармаймын. Сақтанамын. Ақынның жолына, өлеңге деген төтендігіне төрелік айтар жай қайда? Оның «Есімде тұр Есенсай» өлеңінде:


Таңертеңнен тұңғиық түнге шейін,

Жүрегімнен жекенсал жырды есейін.

Жалғыз итің үрмеді маған қарап,

Мылқау жатқан таспен де тілдесейін, – деп маған қарап: «Тілес, тас емессің ғой, бірдеңе деші», дейді әзілдеп. Құдіретті өлең мысымды басып, тек бас изеймін. Ақындығын, өлеңге қойылар талап, тармақ, бунақ, ұйқас үйлесім тауып, мазмұн мен өлең арқаланар тұсты шабыт шаңырағында шайқап тұрған ақынның бейнесі әлі де көз алдымда.


Марқұм өлеңнен өмір іздеуші еді. Оны қорған етуші еді. Ол кезде өлең оқушылар сиректеу ме деймін. Әлде, Сағаттың салқамдығынан сақтана ма, әйтеуір, оған деген құрметтің бол­мағаны ақиқат. Бетің бар, жүзің бар демей айтып тастайтындығы, дұрыс болсын, бұрыс болсын ешкімнен кешірім сұрамайтындығы бір бүйірден тартып жатқандай болатын. Ол өз бағасын өзі білетін.


Сағаттың жекелеген аудан басшы­ларына арнаған, ауыздан-ауызға тараған әзіл өлеңдерін сан-саққа жүгіртушілер де болмай қалған жоқ. Бұл бір. Екіншіден, ол кезде ақын-жазушы атау­лы ауылда жүрмейді ғой. Олардың бағасын танып, бағын ашушылар да ауылда жоқ. Сөйтіп, Сағат жалғыз еді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген бар. Осы сөз төріне Сағаттың бар өмірі сыйып тұрғандай. Оны төмендегі «Идиллия» өлеңіндегі төрт шумақ төркіні аңғартады.


Тепсінетін табанда темірді үзіп,

Шындықты мойындар небір бұзық.

Ірі қылып жаратып әлдекімді,

Ірілікті сүймейтін өмір қызық!

Құдайшылар күткенде көктен шырақ,

Өмір деген – ағызып өткен сұр ат.

Қасық қаны қазақтың болса менде

Шенділерден жүрмеспін

шекпен сұрап.

Қасиетін танытқан қаспақ беттің,

Балалықтан басталар бастапқы екпін.

Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде,

Тіршілікті келеді тастап кеткім.

Төзімдердің тоздырып көк тағасын,

Жөнсіздіктен айтамыз жоққа да сын.

Адам да бір мәжнүн көбелек қой,

Өзі тығып жүреді отқа басын! – дейді. Осында ақын өзінің туа біткен ірілігін «мойындайды». Бірақ, оны өзге­лер мойындағысы келмейді. Турасын айтсақ, талантты көргісі келмейді. Шенді-шекпенділерден не күтсін. Тек өзіне ғана сенеді. Қулықтар мен сұмдықтарға қарсы өлеңді ождан етеді. Жөнсіздіктер көп, оған сын айтсаң жаратпайды. Сөйтіп, төзімі төртке бөлініп, шыдамы шытынайды. Ақыры, азап отына көбелектей жанып түсті.


Ақын ғұмырының қысқа болуын да мен осы бір ақындық келбетті танымаған уақыт, мезгіл төрінен көремін. Ақын деген аяулы есімді аялай алмаған заман көшіне кінә артпағанмен, күдігім мол. Сағаттай сезім сілкілеген, талант табына таңдайын күйдірген жан адамдардың арасынан арашашы таппаған соң, сөйтіп тыншып тынды. Билікке жағынудың жолын білсе де, қайсарлығы, бірбеткейлігі ақындығымен астасып, осы бір көбелектей күйген күнге жетеледі. Оған «Жанымның жалғыз бұлбұлы» кітабындағы «менменшіл» жырлары куә.


Азаматқа арман, жігер – қос арна,

Жігітсің бе, төзіміңді тос алға.

Мансабына сеніп жүрсе біреулер,

Өз-өзіне сенген адам осал ма? –

немесе,

Баршаңызға бармақтайын бақ тілеп,

Жүрегімнен жыр самалы қақты леп.

Таразының екі басын теңгерсем,

Қиындықтың қиқым наны тәттірек,

– деп келетін ақын төреліктері осы бір өз басындағы ойдың жалаң, жадағай көрінісі емес, өткір кестесі, қиындыққа төзген, өзіне-өзі сенген жанның сезімтал серілігі деп қарау төте болар еді.

Сорлымыз ба ана сүтін мүлт емген,

Үміт өзі жолаушыға үлкен дем.

Жүректегі көп жараның қотырын,

Бәрің үшін өлеңменен сүртем мен, – деп өлеңнен араша сұраған түрін қара. Өлеңнен пана тапқан жайын көр. Өміршең өлең сөйтіп ақынға өршіл ес те, мұқалмас мұрат та сыйлап тұрғандай.


Иә, өлеңнен ақынды бөлектеп қарай алмайсың. Өлеңсіз ақын, өлеңсіз Сағат, Сағат болудан қалады. Оның азаматтығы да, адамдығы да айдаладан тумайды. Өлең ішінде туып, өлең ішінде өледі. Талантқа «тек» деу қиын. Тосқауылға тұра алмайсың. Себебі, ол өлеңге сүйенеді, өлеңнен күш алады.


Оның Махамбет ақынға арналған өлеңіне көңіл қойып, көз сүріндірелікші. Өз басына бір ұқсастық тапқан ақын дәлдігі де діттеген жерден шығады. Махамбет те өз тұсында шектен асқан қуғындық көрген жан. Шектен шыққан қысымшылыққа қарсы найза сілтегені, отты өлең өргені таптаурын тарихта қалды. Ерлігі ел есінде. «Қараойдағы толғаныс» атты өлеңін оқып көрелік:

Аяулы анаң – ақиқат та,

Атаң – кек!

Төрелердің тәтті нанын татам деп.

Бөрілермен бөрілерше белдескен,

Сен менен де бақыттысың,

Махамбет!

Заман деген

Заман емес – қари түн.

Бытырадай бөлініпті жан ұйқың.

Басың кетті,

Мынау мылқау даланың

Адамдыққа жеткізем деп «әр итін», – дейді. Міне, Махамбет өмірінің түйір дән берер ең өнегелі елдік мұраты екі шумақ жырға сыйып тұр. Махамбеттің бағын асырған да, патшалы Ресейдің құтын қашырған да от тілді, орақ ауыз­ды, қылыш қасиетті өлеңдерін ел жатқа айтты, жолына ту етті. Ал ол ел билеушілеріне тікенектей қадалды.


Қайран, Сағат! Тірі кезіңде тілек­тестер жоқ, тірсекке тіс салғандар көп еді. Бүгінде сені жоқтаймыз! Бүгінде баршамыз сені ауыздан тастамаймыз. Абайға да қамшы көтердік, мұқалмас Мұқағалиді да мұқаттық. Саңлақ Сағаттың да сағын сындырып, мойындағымыз келген жоқ. Бірақ осы тұлғалардың бәрі де кейіннен Алты алаш қазаққа қадірін танытты. Қасиетін биіктетті.


Кемеңгер – қашанда кемеңгер. Олар келешекке сенді. Келешек оларды ақтап алды. Себебі, үлкен әріппен айтсақ, олардың өлеңдегі жолы, өмірдегі жолы жаратылыспен жапсарлас келетін. Табиғатпен тағдырлас, өмірмен өзектес өрілетін. Күнмен бірге шығып, күнмен бірге бататын. Айды аялайтын, жұлдызды бағалайтын. Сондықтан да олар тірліктен туған қиындықтарға түкірген де жоқ. Бас имей өмірге келді, бас имей өмірден өтті. Оның «Дауыс туралы дискотека» өлеңінде:

Шабады шабдар ой мыңға,

Сырлардан тартсам суыртпақ.

Тірлікте балға тойдың ба,

Ушықтың неге у ұрттап…

Жалғанда кімдер бас ұрған,

Күлліні көрді көз мынау.

Қарғалар сайрап қасыңнан,

Жарығым, кейде тоздың-ау.

Ұласып түндер таңға аман,

Жондардан соқты майда леп.

Жоқтайды екен жан далам,

Сағаттың даусы қайда деп?, –

деген өз өмірінің бар қырын жайып салған ақын жыры әулие дерсің.

Кезінде Қадыр Мырзалиев «Сағат Әбдуғалиевке қызмет ету – түбінде әдебиетке қызмет ету болып шығады», деген ойлы пікірі біздің де айтар сөзіміздің мазмұн шаңырағын көтеріп тұрғаны белгілі. Мен оны жақсы білемін. Сондықтан да сөзіме куә іздемеймін. Ақынның өзін көрдім, өлеңін оқыдым. Өлеңінің түрін, түсін таныдым. Тыңдарман болса, осылай бағасын беріп келемін. Сағаттың арқалаған азабы аз болған жоқ. Темір торлы түрмеде өмір кешті. Қарқылдаған қарғалармен бірге жүрді. Сөйтіп, у ішті. У ішпес еді, егер бағын бағалай білсек… Енді, міне, өзі айтқандай сол Сағатты жоқтап отырмыз. Сағаттың сүйегі жер астында жатса да өлеңі бізбен бірге.


Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар