Дүниені таңғалдырған француз бестселлері қазақша сөйледі

Көшпелілер өмірін өркениет деп бағалаған француз ғалымының еңбегі таныстырылды.

Дүниені таңғалдырған француз бестселлері қазақша сөйледі - adebiportal.kz
Фото: Дәурен Мақсұтханұлы

Күні кеше Алматыда тарихи кездесу өтті. Қазақ ғылымының қасиетті қара шаңырағына француз тарихшысы Мари Фаверо келіп, әлемдік бестселлерге айналған «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты еңбегінің таныстырылымын жасады. Әлем оқырманын таңқалдырған еңбек Steppe & World Publishing баспасы арқылы қазақша сөйледі. Осындай игі істің басында жүрген зиялы Раиса Сайран Қадыр екенін айтпасқа болмайды. Баспагердің қазақ халқына болса деген шын ниеті сүйсіндіреді. Әлемдік талай мықты кітаптарды қазақша сөйлетіп, қазақ қаракөзі қиналмай өз тілінде оқысын деп талай жемісті іс тындырып жүр. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Ұлт жұмысы» деген –  осы. 

Мари Фаверомен кездесіп, аз болса да тілдесіп,  қолтаңба алдым. Автор бізге тарту еткен кітабына: «Қазақ тарихы туралы жазуға деген сүйіспеншілік пен қызығушылық бізге ортақ Елдосқа ізгі тілекпен», – деп жазыпты. Бұл сөзді мен бір ғалымның екінші қалам иесіне білдірген ілтипаты ғана емес, алыста жатқан екі рухани кеңістікті жалғаған ықылас деп қабылдадым.

Мари Фавероның аталмыш кітабының басты құндылығы – Алтын Орданы әлемдік тарихтың бағытын өзгерткен дербес дала империясы ретінде қарастыруында. Автор Орданың ғұмырын жорықтар мен тақ таласының төңірегінде танып қоймаған. Оның сауда жолдарын жалғаған, әртүрлі діндер мен халықтарға кеңістік берген, билік пен байлықты үйлестірудің икемді жүйесін қалыптастырған күрделі мемлекет болғанын көрсетеді. Зерттеушілер де еңбектің осы қырын – Орданың икемділігі, төзімділігі, келісімге негізделген саяси мәдениеті мен дамыған басқару құрылымын айрықша атайды.

Қазақ жазушысының көзімен қарағанда, бұл еңбек бізге тым жақын әрі тым қымбат. Өйткені Алтын Орда – біздің санамызда сөніп қалған мемлекеттің аты емес. Ол – Жошы ұлысынан Қазақ хандығына жеткен мемлекеттілік дәстүрінің алтын арқауы. Даланың еркіндікке негізделген болмысы, көшпелі мемлекеттің кеңістікті басқару қабілеті, ел мен жерге деген жауапкершілік – бәрі де осы тарихи сабақтастықтың тереңінде жатыр.

Ұзақ уақыт бойы көшпелілер тарихы отырықшы елдердің танымдық өлшемімен жазылды. Қаласы аз халықты – мәдениетсіз, көшіп жүрген елді – мемлекетсіз санаған жалаң түсінік үстемдік құрып келгенін білеміз. Мари Фаверо сол ескі қалыпты бұзды. Мықтап орныққан сенімді тұжырымды теріске шығарды.  Ол көшпелілер өмірін  тұрақсыздық емес – табиғи қозғалысқа негізделген қуат, даланы бос кеңістік емес – құрлықтар мен өркениеттерді жалғаған алып күретамыр ретінде танытады. Кітаптың қазақ тілінде жарық көруі де тарихи санамыз үшін елеулі оқиға. 

Бөтен жұрттың ғалымы сенің бабаң құрған мемлекетті әлемге жаңа қырынан танытса, көңіліңде мақтанышпен бірге жауапкершілік те оянады. Өз тарихымызды өзгелер зерттеп бергенде ғана танып отырмауымыз керек. Біз де даланың әр төбесін, әр таңбасын, әр үнсіз қалған есімін сөйлетуге тиіспіз. Мари Фаверомен жүздесуім осы ойды тағы бір мәрте тереңдете түсті. Оның қолтаңбасы қалған бұл кітап енді мен үшін Алтын Орда туралы зерттеу ғана емес, қазақ тарихына сырт көзбен қарап, оның әлемдік салмағын әділ бағалаған ғалым құрметі сияқты... 

Көшпелілер өркениеті деген ұғымды тайсалмай кітабына енгізіп, Алтай мен Дунай арасында жүрген баһадүр бабалардың өмірін француз көзімен танып, бағалаған еңбек қазақ баласының санасына зор әсер етеді деп сенеміз. Бізге осындай кітаптар керек-ақ! Десоветизация үшін... жаралаған жадыңды тазалау үшін де... 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan