Егер кейіпкердің тағдырын жасанды интеллект шешсе...

Қазақ әдебиетіндегі XX ғасырда жазылған көркем шығармаларға тереңірек үңілсек, тағдыры ауыр, ескі көзқарас пен салт-дәстүрдің, қоғамдық әділетсіздік пен қаталдықтың құрбаны болған кейіпкерлер жетерлік. Және ондай кейіпкерлердің басым бөлігі – нәзік жандылар. Бірі сүйгеніне қосыла алмаса, енді бірі ескіліктің озбырлығынан еркін таңдау құқығынан айрылып, зорлық-зомбылық пен әйелге деген теңсіздіктің зардабын тартқан. Ал осы кейіпкерлердің тауқыметке толы өмірін жасанды интеллект дамыған бүгінгі заман көзқарасымен өзгертсек қалай болады? 

Егер кейіпкердің тағдырын жасанды интеллект шешсе... - adebiportal.kz

Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы», Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы», Спандияр Көбеевтің «Қалың малы» сынды шығармаларында кейіпкерлердің қиянатқа толы тағдыры, өз бақыты үшін күрескен тартысты жолы, қиындық пен әділетсіздікке тап болған жағдайлары шебер суреттеледі. Айталық бүгінгі XXI ғасырдың озық технологиясының бірі жасанды интеллектіге сүйеніп, Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалын» өзгеше нұсқада аяқтап, өзінше талдап көрсек. Шығарманың басы әдеттегі желімен басталады. Бір балаға зар болған жұп, тоқал алайын десе, әйелінің қас-қабағынан аса алмайтын Сәрсенбай есімді шал. Бір күні сол шалға: «Әй, қубас! Сонша малды айдап жүріп, не дұрыстап зекет бермейсің, не қажыға бармайсың, кім үшін жинап жүрсің? Ақырында Қалампырдан қорқып, тоқал да алмадың!» - деген біреудің сөзі қатты батады. Сол күні үйіне мұңайып әрі іштей нық шешіммен оралады. Осылайша Сәрсенбай тоқал алуға бел байлайды. Алған тоқалы қайтыс болған молданың қызы, он төрт жасар – Шолпан. Молданың қызы болған соң, азырақ сауатын ашқан жан еді. Көп ұзамай Шолпан сүйінші сұратып, өмірге қыз бала алып келеді. Сәбидің әкесі Сәрсенбай: «Мен қайбір ұл-қыз деп таңдайтын кісі едім», -деп сәбилі болғанына қатты қуанады. Алайда Сәрсенбайдың Құдайдан тілеп алған көзі ашық, сұлу да сүйкімді жалғыз қызы Жамалдың тағдыры уақыт өте ескілік пен білімсіздіктің шырмауына шырмалып, биліксүйгіш әкесінің қорқақтығымен көрсоқырлығының салдарынан тағдыры тас-талқан болады. Шығарманы оқып отырып, дәл Жамалдай сен де біреудің қызы, біреудің анасы, енді біреудің қарындасы екенің еске түсіп, шығарма соңында еріксіз көзіңе жас үйірілетіні бар. Әп-әдемі басталған бұл туындыны жасанды интеллектіге сүйеніп, трагедияға толы соңғы тұстарын өзгертіп көріп едік. Жасанды интеллект мынадай бірнеше нұсқа ұсынған екен. Атауының өзін былай дейді. «Бақытсыз Жамал: Бақытқа бастар жол». Бір оқығанда, аса бір мәні жоқ секілді болғанымен, шығармаға үңіле келе, бақытқа бастар жолдың Жамалдың өз еркімен шынайы таңдауынан басталатынын бір түйіп алғандай. Тағы бір тұсында: «Мен Жамалды өлімге емес, еркіндікке жетелейтін жаңа жолға бастар едім. Өйткені Жамалдың тағдыры тек қасіретпен аяқталуға тиіс емес. Оның өз бақыты үшін күресі арқылы тұтас бір қоғамның өзгеру мүмкіндігін көрсетуге болар еді», - дейді ЖИ (жасанды интеллект). Келісуге тура келеді. Дөп басқандай. Неге біз қазақ қызының тағдырын айналдырып алып кеп, үсіп өлтіріп, жардан құлатып, түйеге салып сүйрелеп тіпті болмаса суға ағызып азаппен өлтіреміз де қоямыз? Неге өз бақытына қиындықпен болса да, қол жеткізетін ЖИ ұсынған әдемі нұсқада аяқтамасқа? Заман да, заң да, адам да өзгерген қазіргі қоғамда төл әдебиеттегі мұңды немесе трагедияға толы сюжеттерді басқаша ракурстан қарап, кейіпкердің қиындықтан шығу жолдарын тың нұсқада өзгерткенде тұрғанның айыбы жоқ-ау. Бұл жай нұсқа. 

Шығарманың енді бір тұсында, ЖИ туындыны басты кейіпкер Жамалдың ішкі монологымен былай өрбітеді: «Мен неге бақытсыз болуға тиіспін? Менің де адам болып өмір сүруге, сүйгеніме қосылуға, өз таңдауымды еркін жасауға хақым жоқ па? Неге әйел адам болғаным үшін біреудің айтқанына көніп, өз таңдауымнан бас тартуым керек? Жоқ! Мен енді тағдырымды өзгелердің сөзі мен қолына тапсыра алмаймын! ...Осы кезде алыстан әлдебір жолаушылардың жарығы көрінді. Бұл ауылға келе жатқан адамдардың шырағы еді»,- дегені әбден көңілге қонымды-ақ. Иә, тек қыз болғаны үшін небір қорлыққа көніп, өзінен бәленбай жас үлкен, өзі сүймейтін ер азаматқа қосылып, өмір бойы бірге тұруды ойлаудың өзі қорқынышты. Бар ғұмырын сүймеген жанға арнау оңай дүние емес. Сүймесе де, сүйгендей түр таныту, айтқанына көну – сол замандағы әр әйелдің басында болған, алайда дауыс шығарып еш айтылмаған өкінішке толы көп жағдайдың бірі еді. Жасанды интеллектінің әрі қарайғы ойы былай: «Жолаушылар есінен танған, аязда үсіп-тонған Жамалды тауып алып, жақын маңдағы ауылға жеткізеді. Ол жерде оқыған, көзі ашық бір отбасы паналатады. Жамал есін жиған соң, үй иесіне: «Мен енді ешкімге жүк болғым келмейді. Өз күнімді өзім көремін. Маған білім алуға мүмкіндік беріңіздерші», - дейді. Үй иесі оның бұл сөзіне таңырқап: «Қыз баланың арманын да орындау керек-ау. Білім іздеген жанға есігіміз ашық», - деп жауап береді. «Осы сәтте, Жамал алғаш рет өзін біреудің жеке меншік «заты» емес, жеке тұлға ретінде сезінгені рас», - дейді. «Осылайша арада бірнеше жыл өтеді. Жамал хат танып қана қоймай, өзге де қыздарға білім үйрете бастайды. Ауылда қыз балаларға арналған алғашқы мектеп ашылады. Оның алғашқы ұстазы – Жамалдың өзі. Мектептің ашылу салтанатында көпшілік алдында ұстаз Жамал сөз сөйлейді. «Менің өмірімде талай қасірет болды. Бірақ мен сол қасіреттің құрбаны болмауды, өз жолымды таңдадым. Бір қыздың тағдыры – бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Қыздың бағы – байлықта да, күйеуде де, атақта да емес. Қыздың бағы – өз таңдауын жасай алатын еркіндігінде!» - деп көп алдында ойын қорытындылайды. 

Мұндай желіде аяқталған роман бүгінгі жас қыздар үшін өте әсерлі әрі өнегелі болатыны анық. Себебі бұл заманда «Бақытсыз Жамалдың» басына салған жазмышын ешбір нәзік жанды көтере алмасы белгілі. «Бұл менің тағдырым екен»,- деп, мұндай шығарма желісіне де келісе алмайтынымыз рас. Әр адам өз құқы мен таңдауы үшін өзі жауапты. Бірақ бүгінгінің бақытсыз Жамалдары – міндетті түрде бақытсыздықпен аяқталатын тағдыр иелері болмауы керек. Бірі білім арқылы, бірі батыл шешімімен, енді бірі өз құқығын қорғау арқылы тағдырын өзгертуге талпынып жүрген қайсар да табанды жандар. Жамалдың заманында оның жанайқайы мен ішкі үнін еститіндер аз еді.

Ал бүгін қазақ қоғамында сондай дауыстар бар ма? Болса біздер қаншалықты ести алып жүрміз? 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan