Сеул көрген я Хан Гаң елінде
Әлем және өмір ‒ өрмекшінің торындай мінсіз тоқылған, бір-бірімен сабақтасқан ұлы құбылыс. АҚШ тумасы, математик, метеоролог-ғалым Эдуард Нортон Лоренц 1961 жылғы тәжірибесі негізінде ең елеусіз жағдаяттың өзі жаһанда ізсіз өтпейтіндігіне көзі жетеді де өзді-өзіне: «Бразилиядағы көбелектің қағылған қанатынан Техаста торнадо туындауы мүмкін бе?» ‒ деп сауал қояды. Кейін бұл феноменге «көбелек әсері» деген ат қойылды, айдар тағылды. Яғни, әлемдегі әр жайт, әр оқиға бірімен-бірі жалғасты келеді, бостан-босқа болмайды.
2023 жылдың 23-24 қазан күндері Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Өнертану» факультетінің ұйымдастыруымен қазақ және корей драматургтерінің тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық семинар өткен-ді. Шара аясында Корея Республикасының драматургтер қауымдастығы және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының арасында екіжақты меморандумға қол қойылған-ды. Сондай-ақ, семинар барысында аталмыш Академияның профессоры, жазушы, драматург, Еңбек Ері Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» драмасы және жас қаламгер Ким Сен Диннің «Бос бөлме» пьесасының корей тіліндегі оқылымы өтіп, корей, қазақ тілдеріндегі заманауи драматургия тақырыбында дәрістер оқылды. Оңтайлы кезді қолданып, Кореядан Алматыға арнайы ат басын бұрған Ким Дэ Хён, Ки Хун Ви, Ян Су Гын, Ким На Ён, Ли Чон Ок, Ан Хи Чхоль, Ким Су Ми қатарлы қаламгер, баспагерлердің электронды поштасына бірнеше сұрақ жолдағанбыз. Әріптестеріміз асықпай, ойланып-толғанып жауап берген-ді. Сөйтіп, 2024 жылы «Қазақ әдебиеті» басылымында «Кореяда әдебиетшілерге субсидия беріледі» деген тақырыппен біз әзірлеген сұқбат жарық көрді.
«Көбелек әсері» дегендей, бұл да бекер емес екен, енді, міне, 2026 жылдың 6-14 қараша аралығында өзіміз де Сеулде боп, Ханкук университетінде (Hankuk University of Foreign Studies) әрі тағылымдамадан өтіп, әрі ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне қарасты «Қазақстан бейнесінің қазіргі әлемдік мәдениеттегі трансмедиалды және көркемдік көрінісі» (АР23489915-ОТ-26 / Инвентарлық нөмір: 0226PK01041, 2024-2026 жж., зерттеу түрі: іргелі) атты ғылыми грант аясындағы жобаны таныстырдық. Жоба жетекшісі ‒ ұстазымыз, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы-ғалым, поэтолог, мұқағалитанушы, Абай атындағы ҚазҰПУ Филология факультеті Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сәуле Әбішева.

Сәуле Жүнісқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі «Достық» орденін алған Хангук шет тілдері университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры, жиырма жылдан астам уақытын қазақ тілін, мәдениетін, тарихын Корей елінде насихаттап жүрген ғалым Сон Ён Хунмен әлеуметтік желі арқылы танысқан-ды. Артынша ол кісі бізге шақырту дайындап берді. Сон Ён Хун ‒ Қазақстанмен байланысты мықтап орнатқан кісі, түркілерді ерекше құрмет тұтады, қазақ ғалымдарымен дос, қолдан келсе көмегін аямайтын, жаны таза, адал, көпшіл адам.
Біз Беңжіңде (Пекин) он екі сағат тоқтап, Инчхон халықаралық әуежайына қонып, ары қарата Сеулге жол тарттық. Екі қаланың арасы ‒ 38-39 шақырым. Пусанға баруға ниеттеніп едік, алайда уақыттың ыңғайы келмеді. «Корея Республикасының теңіз астанасы» саналатын, әлемдегі «Синсеге Сентум Сити» атты ең ірі универмаг орналасқан Пусан ‒ техно-саябақтары бар, турист көп баратын индустриалды қала. Ал, Сеул ‒ әсем, сырлы, модерн, футуро стиліндегі биік ғимараты көп, халқы мол, жолдары кең қала. Бейжің демекші, біз сонда болғанымызда халықаралық әуежайдың қонақүйі, автобусы бар екен. Қонақүйде демалып, тамақтанып, шамалы көз шырымын алып, қайта жолға шықтық. Миллиард халқы бар алып Қытай үшін оншақты қазақты күту, жайғастыру түкке де тұрған жоқ. Қызметі, қаланың тазалығы, технологияның дамығанына қарап таңғалдық-таңырқадық. Қытай экономикасы неліктен қуатты екенін түсінгендей болдық. Көп зат өндіреді, бүкіл әлемге таратады, халқы күні-түні еңбек етеді. Кореяға барғанда да біраз дүние Қытайдан келгенін аңғардық. Десек, те корей ұлты өндірісті, зауыттарды жолға қойған, ал Үкіметі жұрт қамын жеп, барлық жағдайды жасап бағуда.

Корея ‒ ІТ, оқу, косметология, медицина, поп-индустрия, спорт, ғылым, сонымен қатар ринопластика, блефаропластика, контурлық пластика, маммопластика, беттің коррекциялық пластикасы бойынша көш бастап тұрған мемлекет. Алла қаласа, Қазақстан да мықты республикалармен иық тіресе алатындай дәрежеге жететініне зор сенім бар! Біз дамыған, білімді, зайырлы, мәдениетті, тарихи жады оянған, елдігі-отаншылдығы орныққан Қазақ елі үшін. Кореяда ірі орталықтардың ішінде ұлт тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне қатысты жәдігерлер көрсетілген, көшірмелері қойылған, құнды ақпарат берілген. Мәселен, Сеул шаһарының орталығындағы Тондэмун («Үлкен шығыс қақпасы») ‒ Чосон хандығы кезіндегі, Тхэджо король билеп-төстеген тұстағы тарихи ғимарат, 1962 жылы Корея Республикасындағы №1 Ұлттық мұра атанған киелі орын. Ол бүгінгі әлемге әйгілі боп отырған астананың негізі, іргесі іспеттес. Ал, Алматының Көктөбесіне (биіктігі ‒ 371,5 м.) ұқсас боп келген Сеул телемұнарасы (YTN Seoul Tower / Намсан мұнарасы) маңынан төмен қарата көз тастасаңыз Сеул аппақ қалаға ұқсайды. Бұл сол шаһар тұрғындарының пейілі де сондай ақ, таза екенін көрсетсе керек. Мұнараның биіктігі ‒ 236 м.

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесі президиумының мүшесі болғандықтан III Халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысуым керек еді. Алайда, сапарда жүрсек те елдегі жағдайдан хабардар боп отырдық, сөйтіп аталған шараға онлайн қатысуға тура келді. Корейлер «kamsahamnida», біз «рақмет» деуден жалыққан жоқпыз. Қазақстан мен Кореяны байланыстыратын тағы бір дүние ‒ Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның президенті, дипломат, БҰҰ 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мунның (2007-2016 жж.) орынбасары болған. Қос азаматтың бір-бірімен қатар-тең қызмет еткені ‒ бәрімізге абырой және жаһан алдындағы беделіміздің өсуіне өзіндік септігін тигізген жайт. Сеул көшелеріндегі жарқ-жұрқ еткен жарнамаларда айдолдар (aidol) мен атақты футболшы, Оңтүстік Корея ұлттық құрамасының капитаны, «Лос-Анжелес» клубының шабуылшысы Сон Хын Мин суреті барлық жерде ілулі тұр. Корейлер ащы, тұзды, қуырылған тағамды және теңіз өнімдерін көп тұтынады екен. Ұлттық пұлы – вон. Мәселен, 30.000 вон ‒ шамамен 10.000 теңге.

Ханкук университетіне әлемнің түкпір-түкпірінен оқуға тапсырады. Әсіресе, Орта Азиядан, оның ішінде Өзбекстан азаматы көп. Ханкук университеті ‒ аумағы кең, құрылымы ерекше, таудың етегіндегі жайлы оқу ордасы. Барарда да, қайтарда да Бейжің арқылы ұштық. Ол жақтағы Жазғы император сарайы, Тяньаньмэнь алаңы, Қытай ұлттық мұражайы, Лугоуцяо көпірі, Ваньпин қамалы, Чжэн Ицы Бейжің опера театры, Мяоин ғибадатханасы, Нюцзе мешіті, Юаньминъюань саябағы, Жібек көшесі, Ябаолу, Баого, т.б. тарихи, мәдени, рухани маңызы зор нысандар, орындар ойлы жанға әсер етпей қоймасы анық. Сеулге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология факультетінен ұстазымыз Сәуле Жүнісқызымен қатар, Мехриниса Марсқызы, Самал Серікқызы және осы жолдардың авторы, сондай-ақ Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті (YESSENOV UNIVERSITY) Әлем тілдері кафедрасынан Гүлзира Әбубәкірқызы барды. Бәрі ‒ білікті маман, белді ғалым, ұлағатты ұстаз.
Корея Республикасы ‒ экономикасы, ғылымы, инновациясы, қоғам ой-санасы өсіп-жетілген ел. Мұнда елу миллионнан аса халық бар. Сенімі де әрқилы: буддизм (басым бөлігі вон-буддизм, Чоге ордені), христиан (католиктер ‒ 10,9 %, протестанттар ‒ 18,3 %, православие), шаманизм, мормонизм, даосизм, Иегова куәгерлері, т.б. Солтүстік Кореяда (КХДР) атеизм ‒ идеологиялық құрал болса, Оңтүстік Кореяда барлығы ‒ адамның өз еркінде, таңдауында. Десек те, бұл елде атеизм қарқынды дамуда. Мәселен, тұрғындардың 54,9% өзін дінмен байланыстырмайды.
1392-1897 жылдар аралығында Чосон (Choson / Ұлы Чосон Мемлекеті) деген патшалық болған-ды. Ли династиясы үстемдік құрғанда, байырғы халықтың иеліктері кеңейіп, сауда-саттыққа, білімге және әскери қуатқа мән беріледі. Ал, 1897-1910 жылдары бұл ел Корея империясы атанады. Ли Сонге ‒ корей ұлтының қалыптасу, даму тарихындағы орны бөлек тұлға. Корë жұртының мығым болуына әсер еткер фактор молынан. Біріншіден, жапониямен бәсекелестік, екіншіден, саяси-басқару моделінің тұрақтануы, үшіншіден, ұлтшылдығы, төртіншіден, ілім-білімге құштарлығы, бесіншіден, жаңа технологияларды игеруі әрі өндіруі. Ертеректе, яғни XIV-XVI ғасырларда Сеул Ханян, сонан соң Хансон аталған. Сол кездері конфуциандықтың рөлі зор-тын. 1443 жыл ‒ тарихи жыл. Себебі, Седжон патша хангыль ‒ корей әліпбиін қабылдайды. Ал, оны әзірлеген әйдік тұлға ‒ әскери әрі саяси қайраткер, философ, аудармашы-полиглот Син Сукчу. Оған дейін корей халқы қытай иероглифтері негізіндегі ханча жазуын қолданып келген-ді. Үш патшалық дәуірі (Когурë, Силла және Пэкче, б.з.д. I ғ. ‒ б.з. VII ғ.), Корë патшалығы (918-1392 жж., негізін Ван Гон қалаған), Чосон патшалығы (1392-1897 жж.), Корей империясы (Коджон патшаның кезі, 1897-1910 жж.), корей халқының жапондардың отарынан босап шығып, бостандыққа жетіп, өз алдына отау тіккенге дейінгі жүріп өткен жолы ‒ ұзақ әрі азапты. 1910 жылы Корея империясының соңғы императоры Сунджон (Ли Чхок) тақтан түсіп, ел Жапонияға қосылады. Сөйтіп, монархиялық жүйе күйреп, тек 1945 жылдың тамызында ғана тәуелсіздікке қол жеткізеді.
Ұнамды voyage ‒ жан қалауы. Сеулдегі метроның өзі ‒ бір бөлек әлем. Құрылымы күрделі, тамырдай тараған жолдар, көз сүрінетін көпірлер, ығы-жығы, иін тірескен адамдар... Халқы ‒ өте қонақжай, қабағы ашық, мейірімді, киім киісі, мәдениеті ерекше әрі тосындау. Тілі ‒ жұмсақ, құлаққа жағымды. Корейлер ‒ білімді, ұлтшыл, еңбекқор, бір бұйығы, сырға берік, әлемге ашық жұрт. Көбісі Қазақстанды Геннадий Головкин, Шавкат Рахмонов, Димаш Құдайберген, Бибісара Асаубаева арқылы таниды. Олар: «Қазақстанды білеміз! Дамудың даңғыл жолына түстіңіздер! Әрине, оған барлық мүмкіндіктеріңіз бар, біз сіздерге сенеміз. Әлеуметтік желіден небір жақсы жаңалықты естіп-көріп отырамыз!» ‒ деп қуантып, бір желпіндіріп тастады. «Жаратушының жәрдемімен, он-он бес жылда оңаламыз, айтулы өзгерістер болады, біз әлі әлемді мойындатамыз» деген сөз көкейде сайрап тұрды, сол уақытта.

Мен бұрын аса мән бермеген екем. Неге дейсіз ғой, K-pop-тың заманауи өнер құбылысына айналғанына. Мәселенки, жеті жігіттен құралған «BTS» тобының алғашқы студиясы орналасқан жерге әлемнің түкпір-түрпірінен жанкүйерлері кеп, суретке түсіп, тілектерін жазып кетеді. Ең қызығы, Корея K-pop арқылы экономикасын жақсартып, тұрмысын түзеп отыр. Себебі, әнші-әртіс мемлекет қазынасына салық төлейді, тапқан-таянғанын сыртқа шашпайды, қайта сырттан жиған қаржыны құмырсқа ұқсап ішке тасиды. Тағы бір ерекше таңғалдырған нәрсе ‒ әнші-әртістің саяси сауатты, білімді, сергек, қайраткер болғандығы. Мысалы, 2014 жылдың 16 сәуірінде Корей түбегінде «Sewol» кемесі апатқа ұшырап, суға батып, үш жүзден аса адам қайтыс болады, тоғызы із-түзсіз жоғалады, дерексіз кетеді, көбі ‒ «Данвон» мектебінен еді. Чеджудо аралына бет алған ұстаздар мен оқушылар үйіне қайтып оралмайтындығын қайдан білсін. Паром капитаны Ли Чжун Сок пен екі штурман сотталады, елде төтенше жағдай жарияланады. Сол кездегі Корея Президенті Пак Кын Хе қайғылы жағдай туралы айтпауға бұйрық-пәрмен береді. Сонда әншілер өз туындыларында «Севоль оқиғасын» астарлап айтады, елге емеурінмен жеткізеді.
Көбіне-көп корейлер өзін үшке бөледі: Хангук сарам ‒ Корея Республикасының тұрғындары (Оңтүстік Корея), Чосон сарам ‒ Солтүстік Корея тұрғындары және Корë сарам ‒ КСРО мен шеттегі-тысқары корейлер. Мұндағы «сарам» ‒ «адам» дегені. Корея астанасында Сеул ұлттық университеті, Корë университеті, Ëнсе университеті, Корей жетекші ғылыми-технологиялық университеті, Соган университеті, Ханьян университеті, Сунгюнкван университеті, Ихва қыздар университеті, Чунан университеті, Кëнхи университеті, т.б. оқу ордаларын қосқанда бас-аяғы ‒ 84. Ал, республика бойынша 400-ден асады, көбісі ‒ жекеменшік.
Кореяда екі Нобель сыйлығының лауреаты бар. Біріншісі ‒ елдің 8-ші Президенті, саясаттану ғылымдарының докторы (1992 ж.), ұстаз-лектор, саясаткер, менеджер, кәсіпкер Ким Дэ Чжун («Оңтүстік Корея мен Шығыс Азиядағы демократия және адам құқықтары мәселелерін шешкені, сондай-ақ Солтүстік Кореямен татуласуға талпынғаны үшін», 2000 ж.), екіншісі ‒ Ëнсе университетінің түлегі (1993 ж.), жазушы, Медичи сыйлығының лауреаты, «Ет жемейтін әйел», «Ëсудегі махаббат хикаясы», «Қара бұғы», «Отты саламандра», «Ақ кітап», «Мен қоштаспаймын», «Менің атым ‒ Күнбағыс», «Қызыл гүлдің тарихы», «Көз жасына арналған қорап» секілді көркем шығармалардың авторы Хан Гаң («Тарихи жарақаттармен бетпе-бет келген және адам өмірінің нәзіктігін ашып берген поэтикалық прозасы үшін», 2024 ж.). Мұнда Солтүстік Кореяны аса тілге тиек етпейтін ұқсайды. Бір әріптесіміз сөз соңында: «Екі туыс-бауыр елдің қосылғанын қалаймыз! Сол күннің куәсі болайық!» ‒ деп тілек айтқанда көптің көзінен мұңды һәм ерекше сағынышты көрдік. Қазақ және корей халқын байланыстыратын тағы бір дүние бар (тек Қазақстанға ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, т.б. мемлекеттерге де табаны тиген), бұл ‒ отызыншы жылғы сталиндік көші-қон. 1937 жылы Қызылорда, Сыр бойы, Алматы, Жетісу жеріне қоныс аударады, олар күріш өсіріп, егіншілікпен күн көреді. Корë мар деген арнайы диалект қолданады. «Корë ильбо» газетін басып шығарады, әуелгіде, 1932 жылы Корей өлкелік театры деген атаумен ашылады, ал, бүгіндері Алматыдағы Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры тұрақты қызмет етіп, көрермендерін тамаша қойылымдарымен қуантуда...
Еліміз ‒ аман, жұртымыз ‒ тыныш болғай!
Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы-драматург,
әдебиеттанушы-ғалым,
алаштанушы, PhD
