Жас ақын Ерік Нарын Қарағандыдағы әдеби ортаға байырғы үлгіден бөлек пішілген, жағасы мен жеңі қазақы өрнекпен әдемі әдіптелген «Қара шапанмен» кіріп келді. Қалыбы бөлек қазақы болмыс бәрімізді жалт қаратты. Әдебиетші ғалым ағалары да, өлеңдегі үзеңгілес достары да жас шайырдың оюлары образды, тігісі жатық, тысы қымбат «Қара шапанын» ерекше десті. Көбісінің есіне мұзарт Мұқағалидың «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген екі жолы түсті. Асырып мақтау, жасырып жарнамалау емес, жас Еріктің «Қара шапаны» сол Мұқаң айтқан зерлі шекпен, әдібі жібек, қайткен күнде шоқпыт емес еді.
«Қара шапан –
Жауында әкем,
сауында шешем киген,
Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.
Жамау-жамау біз көрген балалықтай,
Қайда қалды шапаным көшерде үйден?»,
деп басталады өлең.
Шынымен де ауылда өскен, кіндік қаны далада кесілген әр қазақтың үйінде осындай әкеміз жауынға, шешеміз сауынға асығыс кие шығатын, иыққа желбегей іле салатын қара шапан болады. Ол шапанды ешкім елемейді де, қадірлеп төрге іліп, қастерлеп сандыққа да салмайды. Ата-бабамыздан қалған көшпелі ғұмыр-салтымыз мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, киіп-шешуге ыңғайлы тігіліп, күнделікті қажеттілікке жарап тұрады. Шапанның орны сонысымен де бөлек. Ерік өлеңінің бірінші тармағында-ақ сол шапанды, мыңдаған жылдар бойы қазақ салтымен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан көне киімді көз алдыңызға әкеліп, тіпті иісін мұрныңызға сездіреді. Қазақтың тамыры да, тарихы да ауылда жатыр. Біздің ұйықтап жатқан ұлттық санамызды осынау Еріктің қара шапанының қазақы иісі түртіп оятқандай болды.
Әкем – қойшы, әкемнің таяғынан,
Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.
Қара шапан ішінде талай қозы,
Көзін ашып нық тұрған аяғынан»,
— дейді ақын әрі қарай. Рас, біз жаңа ғана айтып өткен, бұл қара шапанның шалғайында қазақы далалық өмір тыныстап жатқандай. Шопанның шапанының етегін талай қозы-лақтың төркіндеп өскенін көбіміз білеміз. Қара шапан – қазақ ауылының кіші моделіндей жылы, қарапайым. Ешқандай жылтырақ әшекей жоқ.
Ақын суреткерлігі, образды ойлауы өлеңнің келесі шумақтарында оқырманын тіпті тереңдей түсуге мәжбүрлейді. Күндіз далада қозы-лақ жылынып аяғын нық тұрса, нақ сол шапанды кешке таман үйде енді адам ұрпағы қымтай жамылып, ғажап бір мейірімді сезініп жатады. Автор тура осы жолдарды оқып отырған оқырманның да ішкі жан дүниесіне жетпей жүрген бір жылуды сезетіндей, соны осынау қара шапанмен сыйлағысы келетіндей. Ол шумақ мысалы, былай:
Біз де солай…
Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,
Қара шапан ішінде жылынғанбыз.
Қара шапан ішінен сыз әлемге,
Мейіріммен қарайтын суынған жүз.
Көп ақындар әжесінің түткен жүнін – бұлтқа, иірген ұршығын – шыр айналған дүниеге сәтті теңеп жатады. Ерік те сол ауылды жырлайды, сол пештің түбіндегі аядай ғана өмірді көз алдыңызға айна-қатесіз қара шапан қылып тастай салады.
Барлық түйінді соңғы шумаққа алып қалмайды. Оған дейін де үлкен ойларға батыл барған жас шайыр финалға да сақтаған сарқытын көресіз, және қуанасыз. Қандай үлкен тақырыпқа кішкентай ғана шапанмен келе алуға болатынын көрсетеді, сүйсінтеді!..
«Қара шапан секілді жаным жамау,
Сағыныш боп кеудемде жағылды алау.
Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,
Жамау-жамау шапанды жамылған-ау!»
- деп аяқталады өлең.
Біз үшін бірінші шумақтағы «Жамау-жамау біз көрген балалықтай, Қайда қалды шапаным көшерде үйден?» деген жолдардың өзі түйін сияқты. Шынымен ол шапан қазір қайда? Ауылға барған сайын іздейтін болар, табар-таппас... Алайда, ақын енді сол шапаннан алған барлық ыстық мейірімді, жылу-қамқорлықты күллі адамзатқа сыйлау керегін түсінген...
Шынымен де бәрміз Еріктің «қара шапанын» жамылып жатырмыз, бір-бірімізбен сыбырласып осы өлеңді талқылап отырмыз. Жамау-жамау шапаннан тұтас ой түзген ақын сезімталдығына сенімталдық қосылғанын қалаймыз. Алда үлкен шығармашылық және шын өмір бар. Сол үлкен сапарда Ерік ақын өзі айтқан қозы-лақтардай аяғын нық басып кетсін деп тілейміз.
Мирас Асан
ҚАСЫММЕН СЫРЛАСУ
Шындық біткен бұлқынып кермелерде,
Қаңқудай боп таралып елден-елге.
Жатыр және азалы ғасыр аунап,
Құрт меңдеген жаралы кеуделерде.
«Ар» дейміз-ау, сол ардан аттап алып,
Бөлеміз кеп жалғанды ақ, қара қып.
Мына, біздің құдықтай көкіректе,
Шәкәрімдей бір шындық жатқаны анық.
Айтар сөз көп, кімде не сабыр қалды?!
Айтар едім, сөзде не қадір қалды?!
Кеудем – Карлаг, жүрегім – шерлі тұтқын,
Соққылайды түнімен қабырғамды.
Мінберінен айқайлап ез, жасығы,
Түрмелерден түсе алмай көзге асылы.
Өжеттігі әлдене бүлдірер деп,
Рэмбоны* да қаңғыртқан өз ғасыры.
Көшелерден неше рет шеру көшті ей?!
Сонда да бір толмай жүр мешкей,
Айтармыз деп күтеміз бір уақытты,
Ашынасын сағынған көңілдестей.
* Жан Николя Артюр Рэмбо – француз ақыны
ҚАРА ШАПАН
Қара шапан
Жауында әкем, сауында шешем киген,
Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.
Жамау-жамау біз көрген балалықтай
Қайда қалды шапаным көшерде үйден.
Әкем – қойшы, қойшының таяғынан,
Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.
Қара шапан ішінде талай қозы
Көзін ашып нық тұрған аяғынан.
Біз де солай...
Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,
Қара шапан ішінде жылынғанбыз.
Қара шапан ішінде сыз әлемге
Мейіріммен қарайтын суынған жүз.
Қара шапан секілді жаным жамау,
Сағыныш боп кеудемде жағылды алау.
Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,
Жамау-жамау шапанды жамылған-ау?!
***
«Қазығұрттың басында кеме қалған»,
Бұлаңдайды күдігім белең алған:
Бір кемеге жол бастап барады анық,
Көз алдымда суылдап жебе жалған.
Мерт етер деп түнекке тығылған оқ,
Қорқыныш-ай, сендірген ырымға көп!
Адамзатты жарылқар аян түгіл,
Бір мұңлықты жұбатар жырым да жоқ.
Келер күнім мейірім береді деп,
Көкірегімде шоқ үміт келеді үдеп.
Топан мұңның тербелсін толқынында,
Ақ желкені жыртылған кеме жүрек.
Аулақ ұстап өзді-өзін былықтардан,
Сол жүректе не түрлі тұныпты арман.
Шер-күйіктің кемесі адасып кеп,
Қазығұрттай кеудемде тұрып қалған!
АЯЛДАМА
Ақтоғайдан Айыртас ауылына барар жолда бір аялдама бар. Ол аялдамада жолаушы көлік күтпегелі он жыл өтіпті.
Жолдың бойы
Аялдама жалғыз-ақ,
Бұлтпен бірге тұрады ылғи зар жылап.
Жылайтыны - ең соңғы бір жолаушы,
Қала жаққа кетіп еді таңда ұзап.
Дәрігерден оралар
Бүлдіршіндер күтпейді енді анасын.
Нанбасыңа не амал бар - нанасың!
Сұлулар да сарбаздарын қарсы алып,
Бауырлары күтпейді енді ағасын.
Жалғыздыққа көну қиын
Ал, дауылға төзбес кім?!
Жалғыздыққа ұйқы бердім, шер кештім.
Аялдама тағдырласым боп шықты,
Күтпейді онда сағынғанын енді ешкім!
Маңайында -
Жусандары бұлттың жасын қылғытып,
Күре жолдан ай мен жылды жылжытып,
Жалғыз өзі күре жолдың бойында,
Аялдама - әлдекімді тұр күтіп!
***
Ақында адамзаттан дос болмайды...
Мағжан Жұмабаев
Аярға да мұңын шаққан жат болмай,
Қайран көңіл аңқылдаған ақ маңдай.
Күнде бір дос тапқаныма қуанам,
Бір атадан соңғы тұяқ тапқандай.
Өлең оқып мейірімнің атынан,
Мәңгі серік жалғыздықтың атынан.
Досым көп деп өз-өзімнен мәз болып,
Барда жалғыз отырам.
Серік іздеп көтерілер күн өрден,
Көкірегінде шер сүрленіп, мұң өлген.
Бұл жалғаннан тең таппаған өзіне,
Анау Күнмен тағдырласпын, білем мен.
Күн – құдірет!
Құдіретке тағдыр тәйірі жүк пе екен?!
Күмән бе екен, көңілдегі күп пе екен?!
Тағдырына шыдай алмай өртенді ол,
Мен дегенің мықты екем!
БІЗДІҢ ЖАҚТЫҢ БҰЛТТАРЫ
Дауылда өскен ауылдың бекем елі,
Елге бесік белдері бетегелі.
Төбемізден үйір бұлт барады өтіп,
Сарқ-сұрқ етіп соғылып шекелері.
Сол дүбірден шошынып бала қашты,
Сол үйірде бір бесті жаза басты.
Жаза басқан тұяқтан от шашырап,
Өртеп кетті қартайған қара ағашты.
Алыстаған жылқыға қарамай көп,
Кәрі ағашты өксітіп, табалайды от.
Тас төбемде айналып жел жүреді,
Есі шыққан жылқышы баладай боп.
Қашқан үйір бетке алып арғы бетті,
Ұлы шуға бөледі зарлы көкті.
Шатырлардың үстімен шауып өтіп,
Таулардан да оп-оңай қарғып өтті.
Таулар бөгет болмады биік деген,
Өз-өзіммен мұңлы ойды түйіп келем:
Қашқан асау бұлттардай күндерімді,
Қайыра алмай бір түрлі күйіп келем.
АҢСАУ
Жәутеңдей қарап көп белге,
Елестеп көзге гүл мүсін,
Жеткізбей қойған көктемге,
Күндерге налып жүрмісің?
Толады білем кейде ішің,
Ақтарылғың кеп ақпанға.
Күндерді өтпес деймісің,
Ғасырлар өтіп жатқанда!
Көп күндер - көп ой түюмен,
Жол сілтеп кейде жолсызға,
Сүймейтін жанды сүюмен,
Жатыр ғой өтіп онсыз да!
Сағынып шықсаң бел бір шың,
Шын сүйсең байтақ әлем жыр!
Көктеміңді аңсап сен жүрсің,
Өткенін аңсап әжең жүр!
Күндер бар жылдай созылар,
Жылдар бар өтер бір күндей!
Жүрекке бәрі жазылар,
Шер болып қатып күлдірмей!
Күттірді-ау сонша көктемің,
Төзімің бекем о, қалай?!
Аңсатса бір күн өткенің,
Қайтер екенсің, ботам-ай?!
Қайтер екенсің, ботам-ай?!
ҚАҒАЗ КЕМЕ
Сағыныш шырқау шегінде,
Тірлікті жүрмін елемей.
Жүрегім нәзік менің де,
Кішкентай қағаз кемедей!
Қиял көп мені арбаған,
Самал жоқ мені өппеген.
Төменге қарай заулаған,
Оралмай кетті-ау көп кемем!
Жетелеп алға жел елер,
Дұға деп өлең арнадым.
Қайда екен сол бір кемелер,
Желкені - бала арманым.
Бұлт болып өтіп төбемнен,
Жалынан ұстап сағымның,
Айналып соғар сенем мен,
Жағалауына жанымның.
Күтумен алтынкүректі,
Талай да мұңмен ауырғам.
Кемедей нәзік жүректі,
Сақтай да жүріп дауылдан.
Балалық өтті, әй, қалай?!
Жылғаны бойлап түнердім!
О, бәлкім, ойнап, байқамай,
Кемеге салып жібердім!
ТОРЫ АЙҒЫР
«Жайдақ мініп
Талай қыздың байталын жанай жүрдім,
Тозаңын да қосқанмын талай қырдың ».
Жиырма бесі жалынан ұстап кеткен,
Атам жырын айтады торы айғырдың.
Баяу үнмен шырқайды жылқышы әнін,
Дауысынан сезіліп бір құса-мұң.
Көз алдынан бір үйір жылқы қашып,
Дүбірлетіп кетеді түн құшағын.
Жылқы жыры
Атам көрген өмірдің қызығы бір,
Сыңар езу торы айғыр бұзығы бір.
Торы айғырдың қанаған езуіндей,
Арбай берді жанарын қызыл іңір.
Айтады ылғи
Өзі көрген өмірге өкпе жоғын,
Айым туып, болды деп көпте жолым.
Торы айғырдың жалы деп тарам бұлттар,
Жиі соза береді көкке қолын.
Дала кезді
Елең қылмай азулы қасқырын да,
(Ел не десін жетімек қашқын ұлға?!)
Торы айғырдың жүгенін ұстап өтті,
Сайран салған жүгенсіз жастығында.
Көз алдында кісінеп, шалқыйды кеп,
Атам босап жылайды, балқыйды көп.
Сағыныш боп сосын ол тұяғымен,
Түніменен кеудесін тарпыйды кеп!
ҚҰЛАБЫЗ
«Қалың қаз құлабызсыз болмас»
Халық мақалы
Сарбаздардай айдынына серт беріп,
Құлазыған тіршілікке көз тастап
Кеуделерін кек керіп.
Көктемді іздеп біз жақтағы барлық қу,
Құлабызға кетті еріп
Тәңір жар боп
Жолың болсын, құлабыз!
Қаңқылыңда көктем жайлы жыр-аңыз.
Қайыңдарды сағыныштан сарғайтып,
Тұрып алды мына, күз!
Тілеуіңді тілеуде
Өз орнында қалып көл.
Қалған көлді жұбатуға
Жамырасып барыпты ел.
Сағындырған бейқамкөңіл көктемді,
Ән қып айтып туған жерге алып кел.
Туған жердің алдындағы
Бітпес борыш, сағыныш,
Екеуі де сыңар жүк.
Ал адамдар сағынбаса
Себепсізден жылар ма, ұқ!
Жылап тұрып қанатыңның астында
Қауырсыныңды тағып алдым тұмар қып.
Өзің жайлы
Жұлдыздар мен түн жазып,
Сәулелерін айдыныңа матырып
Жарқыраған күн жазып.
Оларды да тебірентті сағыныш
Қауырсындай мамық әрі тым нәзік.
Құлабызым
Мәңгі сабыр, төзіммен,
Айдыныңмен қосылып
Хабар күтем өзіңнен.
Сен кеткелі қамысыңды жастанып,
Жылы, жұмсақ төсегімнен безінгем.
Жер құшса да жапырақ,
Бейқам емес,
Оның да бір бар мұңы,
Әлде нені аманаттап өзіңе
Қара жерден ең соңғы рет қарғыды.
Қанатыңа артылғанын түсін сен
Жапырақтың үмбетінің тағдыры.
Қош айтысып өзіңмен
Қыр басына салған еді он шал із,
Аяғандай он шалды
Жауратпаған онша күз.
Шат күндердің әнін шырқап қаңқылдап,
Өзіңе еріп кетіп еді он тоғыз.
Соры мұз боп қатыпты,
Сенен қалған айдын сол,
Қандай ғана күй кешер деп ойлап ең,
Құлабызынан айрылса ол.
Сен көктеммен ораларсың бір күні,
Ал он тоғыз оралмайды қайғым сол.
***
Күйу, налу - кең әлемді тарсынып,
Сүйу, жазу - есің кетіп таусылып.
Тамшы жастан жеңіл әрі күрделі,
Менің жаным қардай сұлу һәм суық.
Қар жайында оқып көрші бір өлең,
Оқып көрсең бар сырымды білер ең.
Жатырынан өніп шықтым ақ бұлттың,
Хан Тәңірдің құшағында түнеген.
Өмір - ақпан, әр кезде ақпан көктем жоқ,
Қандай болсын бауыр бастым, өкпем жоқ.
Бұл ақпанда қар да жаурайды екен ғой,
Жылынам деп ойнай бердім отпен көп.
Аямайды қарашаның ызғары,
Қайда қара маңайыңның мұз бәрі.
Бәрін тастап өксіп-өксіп жылар ем,
Жыламаймын - көз жасымда тұз дәмі.
Мен жайында оқып көрсең бір өлең,
Толғандырған ақпан жайлы білер ең.
Жатырынан өніп шыққам ақ бұлттың,
Хан Тәңірдің құшағында түнеген!
Суреттер ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.