Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есенғали Раушанның екі шумақ өлеңіндегі біздің өмі...

23.11.2016 4673

Есенғали Раушанның екі шумақ өлеңіндегі біздің өмір

Есенғали Раушанның екі шумақ өлеңіндегі біздің өмір - adebiportal.kz


Бір өлең – бір әлем

 

Есен.jpg

Ақын деген ауылдың функциясы жаратылыстың жасы ұлғайған сайын күрделеніп келе жатыр. Ілкіде ақындар «көр-жерді» өлеңмен сипаттап, кейін дат, наз, үгіт-насихат айтумен шұғылданса, қазір көрегендік танытатын деңгейге жетті. Ол рас, қазақ қоғамының дертін әлі күнге дейін Абайдан асырып ешкім айта алған жоқ. Бірақ, мына заманда ақынға көсемсіп, біреуге ақыл айтып отырудың өзі этикаға жат болып саналады.


Есенғали Раушанның «Біздің егемендік хақында екі ауыз сөз» деген өлеңі ширек ғасырдағы қазақтың әлеуметтік-рухани хал-ахуалын қаз қалпында суреттейді. Диагнозын дәл қояды. Сан тарау ойды жұмыр шумаққа тас-түйін тоғыстырады. Өлеңді бұлай қарапайым әрі күрделі етіп жазу техникалық тәсілді меңгерумен қатар, өз ұлтыңның таным-түсінігіне тереңдеуді қажетсінеді. Өйткені, әр елдің санасында өзі ғана кейіптейтін, алмастыратын, балама ретінде қолданатын нәзік иірімдер мен фигуралар болады. Әдебиеттің тым әрі тарихында бұндай эксперименттің озық үлгісі Дантенің «Құдіретті комедиясында» кеңінен қолданылған.

Екі шумақтан тұратын бұл өлеңнен өзімізді көріп «өліара» күйге түсіп қалғанымызды мойындаймыз.


Жоқтық деген немене – барлық делік,

Бақыт деген дүние ме – алдық бөліп.

Дүниедегі ең ұлы көрініс не?

Ол шідерін үзген ат қарғып келіп.


Есенғали Раушан оқырманның психологиясын тізгіндеп, еркін көсілетін ақын. Тынысы кең. Қазақы қара өлеңмен-ақ өз дауысын топтың ішінен бөлек алып шықты. Ол өлеңде өзінің пікірін таңбайды, оқырманмен ақылдасып отырып шешім шығарады...


Біз «шідерін үзген ат» сияқты темір бұғауды сан мың тәсілмен, ишарамен, ниетімізбен бұзып-жарып, тәуелсіздік деген балама ұғымға қол жеткіздік. Енді айтыңызшы, адамзат тарихында бұдан асқан қандай ұлы көрініс болуы мүмкін? Әрбірдесін жылқы деген қазақтың өзі ғой. Ақан сері «Баспа-бас қызға бермес жануарым» деп Құлагерге бекер айтқан жоқ. Ол жылқының ақсүйек қимылынан өзіне тән ұқсастықты, болмысты сезінді. Асқар Сүлейменов «Адасқақ» деген романында Біржан салдың ауызымен «жалғанның жалғандығын жылқының жанарынан асырып көрсететін айна қане?» деп бейнеледі. Осы сөздің астарында зілді мұң, азаттыққа деген құштарлық жатқан жоқ па?!


Тәкен Әлімқұловтың Кеңес үкіметі тұсында жазған «Ақбозат» деген шығармасында жүйрік атты сұлу қызға айырбастап алатын эпизод бар. Роман соңында басты кейіпкер оққа ұшқан Ақбозатты құшақтап отырып, «дүниеден ұлы жүйрік кетті» деп еңіреп, жылайды. Шығарманың идеясында ол жүйрік ат – жоғалып, тозып бара жатқан бір ұлт тағдырының көрінісі еді, яғни езгіге алынған қазақтың қасіреті болатын. Шын жазушыға ешқандай цензура бөгет бола алмайды. Қазақ жазушылары сол кездің өзінде де өзіміздің ішкі айқайымызды көрсете білді.


Ақын бұл өлеңнің тақырыбын анықтап, белгілеп «Біздің егемендік хақындағы екі ауыз сөз» деп қойған. Егер жай ғана «Егемендік хақында екі ауыз сөз» деп қойылса бұл өлең өзінің міндетін толық атқара алмай қалатын еді. Біз егемендік алғаннан кейін бар дүние-мүлікті талан-таражға салып, бөліп алдық. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың эпистолярлық публицистикасында кеңінен жазылған «номенклатуршиктер» иен байлыққа тер төкпей қолын сермей салды. Алдымызда сан тарау жол жатты. Не істерімізді білмей сенделдік. Бұл заңдылық.


Бақыт деген ұғым дүниемен өлшенсе, біз неге бақытты емеспіз деген сұрақты ақын өлеңде алға тартады. Материалистік ахуал адамдардың ауызымен көп айтылғанымен, тарихи бағаның көрсеткіші болған емес.


Осы өлеңді оқып отырып, ертеректе ауылда болған бір оқиға есіме түсіп кетті. Қыстың кезінде жабағы үйрету науқаны басталатын. Ен далада адам көрмей өскен тағы жабағыларды қолға үйретіп, жем беріп, қорада ұстайтын едік. Содан бір күні асауды мінуге үйретем деп, далаға мініп шықтым. Ағам, мінсең аттан айрылма, ен далаға безіп кетеді, - деді. Сол үрей санамда сақталып қалған. Ауылдың екі-үш иті арсылдап аттың алдынан шыққанда, асау мені қалайда жерге жығып кетті. Мен жанталасып аттан қара үзіп қалмас үшін шылбырын қолыма байлап алдым. Ат біраз сүйреді, маңдайымнан тепті, қолымды сындырды. Қысқасы менен құтылды. Сәл есеңгіреп, есімді жинасам, менен ұзап алысқа кетпепті. Ауылдың балалары ақырын ғана жанына барды да, шылбырынан ұстап алды. Аттан талай жығылдық қой. Бірақ, осыншама ынта-ықыласпен менен босап шыққан жануардың қайда барарын білмей абдырап қалғанына таңым бар.


Бақсақ, бұл мінез халыққа да тән екен. Өзін билеп, төстеп, бағыт сілтеген адамды жек көргенімен, бағынышты болып қалады. Тағдырын тапсырады. Билік қолына тигенде сенделеді. Өйткені оның бұрынғы өмір тәртібінде өзі үшін ойлау деген болмаған. Есепті формулаға салудың жолын үйренгісі келмей, калькулятормен шығара салатын бала сияқты, біздің қоғамда сірескен жүйемен өмір сүріп жатқан адамадар әлі де көп.


Мен қайрылыдым, сен-дағы бұрылшы, інім,

Қалай не деп ұғамыз мұның сырын.

Аяғыма қараймын – шідерім жоқ,

Неге қақсай береді жіліншігім?


Елімізде болып жатқан ұсақ-түйек түсініспеушіліктен бастап, ардан аттаған ірі тағдырлы істердің артында құлдық сананың таңбасы бар. «Күн құдай», «көсем құдайға» табынып өскен ұрпақ үйретілген сананы жиырма бес жылдың ішінде қайдан тәрк етсін? Біздің «жіліншігіміздің қақсай беретіні», тірлігіміздің ақсай беретіні осыдан. Есенғали Раушанның өлеңі бұл дәлдікті көп сөз шығындамай суреттеп берді...


Өлеңнің жұмбағы, ұлттың құпиясы деген болады. Қазақ бара-бара тамырынан ажырай бастаса, кейінгі жастар бұл өлеңді «жылқыға арналған» деп баға беруі мүмкін. Қаланың жылқы көрмеген баласы өлеңді мүлдем түсінбейтін шығар. Бірақ, бұл басы мен аяғы, көзі мен құлағы бар қазақтың нағыз өлеңі....



Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар