Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Есенгелді Сүйінов. Қош бол, асылдың тұяғы...

23.04.2021 3166

Есенгелді Сүйінов. Қош бол, асылдың тұяғы 12+

Есенгелді Сүйінов. Қош бол, асылдың тұяғы - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі Есенғали Раушанның өмірден өткеніне де жетілік уақыт болып қалған екен. Ақын өмірден өтті дегенді естіген мезеттен бастап-ақ әлеуметтік желі бетінде ай маңдайлы арысын жоқтаған, көз жасына малшынған азалы жырлар бірінен кейін бірі көрініс беріп, қалың қазақтың көңілін бордай үгілткендей болды. Бұл жырларды ғаламторлық ақпарат құралдары топтап шығарып ұсынып та жатыр. Ақын Есенгелді Сүйіновтің бір ауыз естелігіне қоса, өлеңін беріп отырмыз. Рухыңыз шат болғай, қазақ жырының қасқалдағы.

Қазақ әдебиетінің классигі, қазақ поэзиясының жұлдызы, қара қылды қақ жарып, тура сөйлейтін, әділ сөз айтатын атақты ақын Есенғали Раушанов бақилық болды! Есенғали жоқ дегенге сенгің келмейді! Ол бауырмал еді, жүрегіне бүкіл қазақ даласы сыйып жатушы еді. Көптен бері Есенғали жайлы жазу ойымда жүретін. Көрмейсің бе, тірліктің аяқ астынан осындай ауыр, қоштасу сөздерін жазғызып отырған?!

Сүйген жарым, белгілі ақын Марфуға өмірден өткенде Алматыдан қоңырау шалып, қайғырып, көңіл айтып еді. Астанаға келгенде құшақтап: «Марфуға талантты ақын еді, бағалай алмадық, құрметтей алмадық. Енді өзің аман бол, бала-шағаңа ие бол, өлеңдеріңді жаза бер!», - деп күйзеліп, мені жұбатты. О, ақсұңқар қыраным-ай, сенен қапияда айырылып қаламыз ба деп кім ойлаған? Барлық қазақ даласы сені жоқтап, күңіреніп, жылап тұр!

Қош бол, Есенғали бауырым, алтынның сынығы, асылдың тұяғы!!!

Не деген суық еді мына хабар,

Кімдер бар көңілімнің кілтін табар?

Есенғали бауырымды алып кетті-ау,

Бұ неткен қатал еді арсыз ажал!

Мен сені қалай қиям қара жерге,

Татисың інжу-маржан, дара ерге.

Көктемде күллі әлем оянғанда,

Сен қалай кетіп қалдың лезде, демде?

Көңілім жабырқаулы, астан-кестен,

Өмірің тоқтады-ау ескек ескен.

Қазақтың ай маңдайлы ақыны едің,

Өр тұлғаң күлімдеген кетпес естен!

Әділ ең, адал едің, күрсінемін,

Ауырып, жүрегіммен дүрсілдедім.

Сұңқар ең биіктерде қалықтаған,

Өзіңді кие тұтып жүрсін елің!

Есенгелді Сүйінов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар