Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Габриэль Маркес: Бұл адам өз ажалынан өлді...

24.08.2018 4964

Габриэль Маркес: Бұл адам өз ажалынан өлді

Габриэль Маркес: Бұл адам өз ажалынан өлді - adebiportal.kz

Хемингуэй жайлы бұл мақала 1961 жылы көпке белгісіз әрі қазір шығуын тоқтатқан мексикалық журналда басылып, кейін колумбиялық жазушының көптомдық шығармалар жинақтарының ешбірінде де жарық көрмеген.

Осы жолы, шамасы, рас секілді: Эрнест Хемингуэй өмірден өтті. Бұл хабар бір-бірінен тым қашық, әлемнің түкпір-түкпіріндегі, қиыр шеттегі оның даяшыларын да, автокөлікпен жабайы табиғатқа саяхаттаушылардың жолсеріктері мен бұқамен сайысқа түсушілердің көмекшілерін де, автокөлік жүргізушілерін де, сәттілік көз қырын салуды ұмытқан бірнеше боксшыны да және зейнетке шыққан бірді-екілі қанішерді де қобалжытты.

Сол уақытта, Айдахо штатындағы Кэтчум қалашығы үшін сыпайы бір тұрғынның өлімі бар жоғы жергілікті мәнде ғана қайғылы оқиға болды. Ажал құшқан тән ақтық сапарға аттану үшін алты күн тұрды, ондағысы марқұмды әскери құрметпен тиісінше бағалау үшін емес, бұл уақытта Африкада арыстан аулап жүрген әлдекімді күткендігінен еді. Марқұмның өлігі мұзға айналған леопардтың жанындағы қарлы шыңның басында қалған жоқ әрі құзғындардың олжасына да айналмады, керісінше, марқұм достары айнала қоршаған қауіпсіз америкалық қорымда тыныш дем алатын болады. Жүріп жатқан шын өмірді еске салатын бұл жағдайлар бізді Хемингуэйдің осы жолы үшінші талпынысында расымен де дүниеден өткеніне сенуімізге мәжбүрлейді.

Бес жыл бұрын ұшағы Африкада апатқа ұшырағанда, өлімінің ақиқат болуы әсте мүмкін емес еді. Құтқарушылар оны көңілді һәм шала мас күйінде топ-тобымен пілдер серуендейтін джунгли алаңқайынан тапты. Хемингуэйдің шығармашылығының өзінде кейбір кейіпкерлерінің жеңістің ащы дәмінен артығымен азаптанбастан бұрын өлуге құқығы болмады, өмірден гөрі киноға жарамды, соған ұқсас өлімді мойындамады.

Ал енді 62 жасқа толған, қарттыққа тән сырқаттармен өткен көктемде екі мәрте аурухана төсегінде болған жазушыны өз бөлмесінен басы жолбарыс аулауға арнайылап алған винтовкасының оғымен мылжаланған күйінде тапты. Өз-өзіне қол жұмсаудың пайдаға шешілетін нұсқасы – таза техникалық дәлел: оның қару пайдалану машығы қайғылы оқиғаның болу мүмкіншілігін сәтсіздікке ұшыратады. Қарсы бір ғана дәлел, бірақ әдебиетке негізделген: Хемингуэй өзін өлтіре қоймайтын адамдардың түріне (қатарына) жатты. Оның романдары мен әңгімелерінде өз-өзіне қол салу қашан да қорқақтықпен тең, ал оның кейіпкерлері тайсалмайтын әрі физикалық тұрғыда мықты болғандығынан қаһарман. Қалай болмасын, Хемингуэй өлімінің жұмбағы соншалықты айрықша да емес, өйткені бұл жолы бәрі тәртіп бойынша болды: өзінің қатардағы қарапайым кейіпкері секілді болып жазушы дүниеден өтті және ең алдымен өз кейіпкерлері үшін дүниеден өтті.

Бұл күндері боксшылардың сондай шын күйзелісіне әдебиет сыншыларының арасындағы абыржушылық тым кереғар болып сезілді. Ендігі алдымыздан шығатын ең басты сұрақ: Хемингуэй қандай деңгейдегі ұлы жазушы болды, өзіне қисынсыз әрі адам өмірінде мүлде мағынаға ие болуға тұрмайтын ұсақ-түйек деп қараған мадақ пен табысқа қандай өлшемде еңбек сіңірді?

Анығында, Хемингуэй бәрінен бұрын тек адам табиғатынан ғана емес, адамның жеке дара тәртібі тұрғысынан да қанағатсыз зерттеуші еді. Оның қаһарман кейіпкерлері әлемнің кез келген нүктесінде, кез келген оқиғалар мен қоғамдық баспалдақтың кез-келген сатысында, қайда аянбай күресу керек болса, сол жерде тіпті де өмір сүру үшін емес, тек жеңіп шығу үшін пайда болып отырды. Және мұнан кейін жеңіс физикалық шаршау секілді сезіліп, адамгершілік күмәннің тууына себепкер болды.

Алайда, Хемингуэй әлемінде жеңіс ең күштіге емес, ақылдыға: өмірлік машықтан сүзгіленген ақылға тиесілі болды. Бұл жағынан ол идеалист. Оның сан-сапат шығармаларында дөкір күштің білім күшінен басым түсуі сирек. Кішкентай, бірақ ақылдырақ балық үлкен балықты жеп тынуы мүмкін. Оның аңшысы арыстанды карабинмен (қысқа оқпанды винтовкамен- аудармашы) қаруланғандығынан жеңбеді, керісінше, өз кәсібінің құпия тұстарын ықпыл-жықпылына дейін білгендігімен жеңді. Дегенмен, бір рет арыстан да өзінің жұмбағын жақсы білді. Автордың барлық кемістіктері мен ізгіліктерін бойына сіңіріп алған повесть «Шал мен теңізде» – жалғыз, күштен қираған, дүлей тағдыр соңына түскен балықшы күрес үстінде ақыл күштен басымырақ түсіп, әлемдегі ең үлкен балықты жеңіп шығады.

Хемингуэй тіпті үлкен жазушы болмаса да, өз кәсібінің жасырын жатқан құпияларын, көмулі жатқан қозғаушы күштерін басқару қабілетімен небір алыптардан басым түсетінін әлі-ақ уақыт көрсетеді. Бірде ол қайсыбір сұхбатта өзінің шығармашылығын сегізінші бөлігі ғана көзге көрініп тұрғанын, қалған бөлігі су астынан орын тепкен, сондықтан да оған ешқандай қастық жасалынбайтын су бетіндегі алып мұз сеңімен, яки айсбергпен салыстыра отырып, өз орнын нақ анықтағаны бар.

Хемингуэйдің мәңгілік құндылығы шығармашылығының барлық салмағын су бетінде ұстап тұрған құрылымы нақ әрі анық, кей кезде драматизмге сараң дәл осы жасырын ақылдың арқасында тік тұр.

Хемингуэй бар-жоғы өз көзімен көргенін, өзінің жаны ауырып, өзі ләззаттанғанды немесе өзі сене алғанды ғана жазды. Оның өмірі өз кәсібін үздіксіз әрі тәуекелмен оқумен өтті. Және ол өз кәсібінде шамадан тыс адал болды: кейін өз кейіпкерінің қарапайым қадамын шынайы суреттеу үшін жазушының өз өмірін тәуекелге беруі ойлануға жеткілікті.

Мұндайда, Хемингуэй өз тіршілігіндегі әрбір сәтте толық өмірді сүрген адамнан артық та, кем де сүрген жоқ. Оның тағдыры анық мағынасында қас-қағым сәтте Жердің кез-келген нүктесінде өмір сүрген, алайда, оларды сүйгендердің адалдығының арқасында мәңгілікте қалған өз қаһармандарының тағдыры болды.

Шамасы, дәл осы Хемингуэйдің ұлылығының анықтамасындай. Және бұл мұның соңы емес, әлем әдебиетіндегі ғұмырының бар-жоғы басы екендігін көрсетеді. Ол – шынайы әрі адам таңғаларлық адал еңбекқордың, әлемдік даңқтың жоғары қабатынан да биікке лайық нағыз ұлы адамның табиғи жалғыз дана үлгісі.

Орыс тілінен аударған: Еділбек ДҮЙСЕН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар