Гүлнәр Дәнешқызы: Әкем нота білмесе де, әнді жүрегімен жазған
Дәнеш Рақышевтің туғанына – 100 жыл.
Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарынды әнші-композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі әрі халық әртісі атағының иегері Дәнеш Рақышевтің есімі Жетісу жұртшылығына ғана емес, күллі қазақ өнеріне жақсы таныс. Оның әуезді үні, орындаушылық ерекшелігі мен әншілік мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Биыл өнер иесінің туғанына 100 жыл толып отыр. Ғасырлық мерейтой – әншінің шығармашылық жолын қайта зерделеп, артында қалған мол мұрасын жас ұрпаққа танытатын маңызды кезең.
Өнер адамдарының ғұмыры өзгеше. Олар өмірден өтсе де, үні халықпен бірге жасайды. Әндері арқылы дәуірдің тынысын жеткізіп, ұрпақ санасында қайта жаңғырады. Дәнеш Рақышевтің де өнер жолы, осындай мәңгілікпен жалғасқан ғұмыр.
Дәнеш Рақышевтің шығармашылық жолын сөз еткенде, оның әншілік қырымен қатар композиторлық еңбегін де атап өткен жөн. Ол туған жерге, елге, адам сезіміне арналған әндері арқылы тыңдарман жүрегінен орын алды. Оның «Шаттық толқыны», «Мақтанышты елім бар», «Жер сұлуы Жетісу», «Саясында алманың», «Туған жер», «Жеңеше», «Жетісу», «Талдықорған жастарының маршы», т.б. әндері халыққа кеңінен танымал.
Әнші мұрасын бағалағанда, тек шығармалардың санын емес, олардың халық жадында сақталу ерекшелігін де ескерген абзал. Өйткені, дәстүрлі әннің өміршеңдігі оның әуенінде ғана емес, орындаушының оны келесі ұрпаққа қалай жеткізгенінде жатыр.
Дегенмен, Дәнештің отбасылық өмірі туралы деректерді толықтыруда қызы Гүлнәрдің өз аузынан айтылған естеліктердің орны бөлек. Оның әкесі туралы әңгімелері, отбасында сақталған суреттері мен құжаттары өнер иесінің өмір жолын зерттеуге тың мәлімет қосуы мүмкін. Осы орайда, Гулнәр Дәнешқызын аз-кем сөзге тартқан едік:

‒ Дәнеш атамыз Жетісу жерінде туып, кейіндері Қытай асқан. Осы жөнінде баян етіңізші...
‒ Әкем 1926 жылдың 1 мамырында Панфилов ауданына қарасты Еңбекші ауылында (бұрынғы Талды ауылы) дүниеге келген. Алты жасында анасы Тәжіханнан айырылған. Отызыншы жылғы ойран кезінде Рақыш атамыз түнделетіп Қытайға өтіп кетеді. Содан Шығыс Түркістан жеріне тұрақтап, Жарсу, Қарасу мектебінде үш класс оқиды, кейін Жаңашәрі ауылындағы орта мектепті бітіреді. Алғашқы ұстазы – Мырзахан Жақыбайұлы. Әкесі Рақыш Қанайұлы домбырашы болған, анасы екеуі халықтың ортасында айтыскерлігімен елге танылған екен. Сол кісілердің асыл қасиеті қанмен дарыса керек. Әкесінің жанында жүріп, Мәмет, Қадырихан, Қайыпбек сынды ақын-әншілермен танысады, өнерлерін бойына сіңіреді. Әсет Найманбайұлының әндерін жаңғыртады, ел ішінен табады, жинақтайды. Әсет әндерінің күрделі мақамын, кең тынысты әуенін, сөз бен саздың тұтастығын меңгеру үлкен қабілетті талап етеді. Әкемнің осы дәстүрді бойына сіңіріп қана қоймай, оны өзіндік орындаушылық мәнерімен байытты. Оның ән айтуындағы табиғилық, әуенді еркін игеруі мен сөз мағынасына терең бойлауы тыңдарманын баурайтын.
1946 жылы Құлжа қаласындаға ұйғыр-қазақ драма театрында өнерін өрістете жүріп, Б. Майлиннің «Шұға» пьесасындағы Әбдірахман, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектакіліндегі Жапал мен Қалқаман рөлдерін сомдаған. 1948 жылы «Іле қазақ облыстық театры» қайта құрылып, әкем осы ұжымды басқарады.
1959 жылы елге оралғаннан кейін Талдықорған халық театрына басшылық жасайды. 1965 жылдан бастап Көктал ауылында мәдениет саласында қызмет атқарып, халық театрын құрып жетекшілік жасады. Кейін театрды Үшаралға ауыстырды, 1968 жылы «Халық театры» атағын берді, осы театрды 1972 жылға дейін басқарды. Сол жылы Талдықорғанға көшіп келдік, содан облыстық филармонияда жеке әнші ретінде қызмет етті. Оның репертуары өте бай болып, ұйғыр, қырғыз, өзбек, татар халықтарының әндерін қамтыды.
Әкемнің 1976 жылы 50 жасқа толуына орай, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағы берілді, ал 1986 жылы 60 жасқа толу құрметіне Казақ КСР-нің халық әртісі атанды. 1989-1992 жылдары Талдықорғанда филармония жанынан өз мектебін ашып шәкірт тәрбиеледі. Ол Манарбек Ержанов пен Жүсіпбек Елебеков сияқты өнерпаздардың орындаушылық дәстүрін жалғастырып, кәсіби деңгейде дамытты. Қазақстанға оралғаннан кейін туған халқының мәдени өміріне белсене араласып, өнер жолындағы қызметін жалғастырды. Жетісу өңірінің әншілік өнерін дамытуға үлес қосып, сахнада ұлттық музыканың қадір-қасиетін танытты.
‒ Дәнеш атамыздың мінезі қандай болған?
‒ Ол кісі мейірімді, мінезі жұмсақ, ақкөңіл болған. Десек те, мінезсіз адам болмайды. Жұмыс жүрмей жатса, жастар тілін алмай кетсе, ашуланып, көтеріліп, ұрысып та алатын кездері бар-тын. Сондай бір сәттерге куә болдым. Алайда, адамға жөнсіз тиісіп, зіркілдеп, ретсіз сөйлемейтін. Бәрін мәдениетті түрде шешетін. Маған қатты сөйлемейтін, қабағына қарайтынмын. Жай ғана көзін бір аударып қарағаны жеткілікті болатын. Сөйлемесе де, не айтайын деп тұрғанын сезе қоятынмын да, үндемей теріс бұрылып кетіп қалатынмын. Кейде, еркеліктің салдарынан қырғи қабақ танытып қалсақ, бетіме қарап тұрып ұрыса алмай мырс етіп күліп жіберетін асыл әкешім. Әкеміз қарапайым болды, елдің барлығы сыйлайтын, құрмет тұтатын. Қолдан келсе, көмегін аямайтын. Көшеден бір кісілер амандасса танысын-танымасын үйге ертіп әкелетін. Сондай бір тамаша жан еді. Анамызға: «Лағманыңды дайында! Қонақ келе жатыр!» ‒ дейтін. Сөйтіп, қонағын хандай күтіп, жақсылап шығарып салып отыратын.
- Ата-анаңыздың мейіріміне шомған бейқам балалық шақтың сол бір бақытты сәттері көңіліңізді тербеп, сағыныш болып оралатын шығар?
- Мені әкем Талдықорғандағы №1 мектеп-интератқа жетектеп апарған еді. Алғашқы қоңырауды соғып, газет бетіне шығып, қуанышым қойныма сыймай жаңалығымды әкеме жеткізуге жүгіргенім әлі есімде. Өзім мектепке кеш бардым. Өйткені, әке-шешеммен концерттік іс-сапарда жүргенде бірнеше қырқүйек өтіп кететін. Анам Рахилям биші әрі конференсье. Мен мектепке барған соң ол жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Сол жылдары әртістер концерттік сапарға екі-үш айлап кететін. Үлкендер жағы менен: «Үйлерің қайда? деп сұраса, «үйіміз гостиница деп» жауап беретінмін. Шынында, біздің үйіміз - қонақ үй еді. Артынып-тартынып киім-кешек, ыдыс-аяғымызды алып, ұзақ сапарға аттанатын отбасымыздың өмірі мейманханада өтетін. Филармонияның «Кубань» автокөлігі еншімізде еді. Дүниенің кең кезі. Халықтың көңлі жай, қай үйге бас сұқсақ та: «Дәнеш келіп қалыпты, мал сойылсын, ауылымызда той тойлансын» , ‑ деп үлкендер мәз болысып қалатын. Сүйікті әншілеріне таласып, қонақ қылып, төріне отырғызуға құмар еді.

Жаз шығысымен Жаркент өңіріндегі Әдепхан, Базархан Жақыбаев ағалардың қасында жүріп, «Белжайлаудың» тамаша табиғатына малынып, жеріміздің сұлулығына тамсанып, таудан аққан өзенінің зәм-зәм суынан дәм татып қайтатынбыз. Мұның да бар жақсылығын әкеміздің жан достары мен туыстары арқасында көретінбіз. Әрқайсысы бір-бір үй тігіп, сый-құрмет көрсетіп, көкпар тартып, той тойлап демалатынбыз. Жақын достар арасындағы кеңпейілдікке, ағайындылардың сыйластығына тәнті едік. Күнде ет асылады. Ол кезде біз кішкентаймыз «құрмет» дегенді қайдан білейік. «Еттен әбден жалықтық, неге біреулер манты, біреулер лағман жасамайды?» деп кәдімгідей ренжіп, тамақ ішпей қоятынбыз. Сонда әкем: «Әй, қырсықпаңдар, кесірленуге болмайды. Тәуба деңдер, осыған да зар болып қалмаңдар» деп басын шайқап қойып, бала ғой, бұлар не біледі, деп қасындағыларға ақталып жататын. Адам баласы өзін өзі алға сүйремесе, ешкім біреу үшін еңбек етпейді. Біріншіден, көзімді ашқалы ата анамның қасында жүріп, жақсылық пен жамандықты айыра білуді үйрендім. Тәрбие беріп өсірген әкем мен анамның рухының алдында басымды иіп, алғысымды айтамын. Олардан қалған мол мұра біздің, яғни, соңынан ерген ұрпақтарының жеп отырған жемісі.

Суреттер Г. Рақышеваның жеке мұрағатынан алынды
‒ Жезтаңдай әнші ретінде емес ол кісі биге де жүйрік болған деседі...?
‒ Әкеміз жас кезінде мандолин, гармон деген аспаптарда ойнаған. Ол кісі сан қырлы еді ғой. Актерлік өнерді де меңгерген. Бірақ, ол мамандықты арнайы оқымаған. Тума талант. Анамыз екеуі татарша, ұйғырша, қырғызша ән салып, гармонын тартып, сахнаға шығып, айналасын ду-думанға бөлеп жүретін. Ал, Қытайдан бері өтіп, Отанына оралған соң, кеңес заманында қасиетті қара домбырасын қолынан тастаған емес. Мұхтар Әуезов атамыз ол кісімен жолыққан кезде: «Сен осы өнеріңді жалғастыра бер! Сенің дауысың ғажап. Әнің арқылы халыққа танылатын адамсың!» ‒ деп ризашылығын айтып, батасын берген-ді. Мәскеуге аттанып бара жатқанда: «Сен Алматыда ән салуың керек! Орталықта жүргенің жөн! Өзім көмектесемін» ‒ деген, Әуезов. Сол жолы ол Мәскеуге кетіп қайтыс болды.
– Гүлнәр апай, өмір болған соң өкініш, күйініш болады. Сізді не өкіндіреді, әттең-ай деген кездеріңіз бар ма
– Балалықпен көп нәрсенің қадірін жете түсінбейміз. Әсіресе, ата-ананың қадір-қасиетін жанымызда жүргенде сезінбейміз, дәріптемейміз. Енді өзіміз сол кісілердің орнын басқанда кеш түсініп, өкініп жатамыз. Ол кісілер халыққа танымал, атақты болғанымен біздің ойымызда жай ғана ана, әке деп қабылдап, еркелейтінбіз. Мен өзім әртіс болуды армандайтынмын, мектеп қабырғасында жүріп-ақ түрлі сахналық қойылымдардың басы-қасында жүретінмін. Бірақ әкем қарсы болды, мені 8-ші сыныптан кейін Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы музыка колледжіне ұлт аспаптары бөліміне түсірді.
Әкем тума талант еді ғой, өзі нота білмейтін, музыкалық білімі жоқ болса да жүзге тарта ән шығарып, белгілі ақындардың өлеңдеріне ән жазды. Кейін барып дүниеден өткенде ойландым, мені домбыраға бекер бермеген екен ғой, қызымның нотадан сауаты жоғары болсын, менің әндерімді нотаға түсіріп халыққа жеткізеді деген үлкен үмітпен оқытқан екен ғой. Кейін әкем қайтыс болып кетті, сол бір арманына қол жеткізбей кетті, менің ішімде өкініш болып қалды.
Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияда атақты күйші, композитор К.Күмісбеков, М.Әубәкіров, Т.Мергалиев сынды өнер майталмандарының алдында емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. Шертпе-күйдің шебері, күйші Б.Ысқақовтан білім алып жүргенімде әкем дүниеден озып, жалғыз қалған анамды ойлап, оқуымды сырттай бөлімге ауыстырып Талдықорғанға қайттым. Кейіннен Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің музыка факультетін тәмәмдадым.
Еңбек жолымды Талдықорған қаласындағы өзі білім алған №1 мектеп интернатында музыка пәнінің мұғалімі болудан бастадым. Қазіргі таңда бұл мектеп Дәнеш Рақышев атындағы №3 мектеп‑интернат деп аталады. Сол жылдардан бастап облыстық Сүйінбай атындағы филормонияның М.Төлебаев атындағы оркестрінде күйші домбырашы, әрі конференсье қызметін атқарып, «Арай» телеарнасында «Сөз әлемі» хабарын жүргіздім. Талды ауылындағы мәдениет үйінде филиал басшысы, Панфилов мәдениет үйінде директор болдым. 2015-2023 жылдар аралығында Өнер мектебі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында директорлық қызмет атқардым.
- Жалпы Жетісу әншілік мектебінің дәстүрін жалғастырушы, Дәнеш Рақышевтің орындаушылық мәнерін берік сақтаған, мұраларын халыққа жеткізген өнерпаз шәкірттері бар ма?
- Әкемнің әнін ұлықтап, халыққа жеткізген шәкірттерінің бірі - інісіндей болған ҚР халық әртісі, марқұм Мырзахмет Мұқаманов ағамыз, қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің өкілі, шебер орындаушы, талантты әнші Жақсылық Марқаев, әнші-сазгер, Қазақстанның халық әртісі, әкемнің ең алғашқы төл шәкірті Зарықбек Рақыжанов сынды ағаларымызды ауыз толтыра айта аламын. Өкінішке қарай, ән дүлділдері бүгінде бұл өмірде жоқ.
Бүгінде Талдықорған қаласында Дәнеш Рақышев атындағы ән класын ашқан, әкемнің жолын жалғастырып жүрген, жанында сырлас, сапарлас болған шәкірті, белгілі әнші Абылайхан Қармысов ағамыз бар. Сонымен қатар, ұстаз, өнертанушы, халық әндерін шебер орындаушы Серікбол Шыныбаев ағамыз, кенже шәкірті, бір жыл ғана әкемнен білім алған Мәдениет қайраткері, профессор Нұржан Жанпейісов ініміз, әкемнен қалған қасиетті әннің қаймағын бұзбай, сырлы сазын кейінгі ұрпаққа жеткізген өнер жалғастырушылары.
Әкеміз қайтыс болған соң, анамыз Нұржанға: «Мына деректерді халыққа танытуың керек!» ‒ деп зор үміт артты. Нұржанның дауысы керемет қой, бір жағынан әкемізге де ұқсайды. Әкеміздің әндерін грампластинкаға, кассетаға жазып алып қалғанбыз. Сол күйтабақтағы әндерді тыңдау арқылы Рамазан Стамғазы, күйші Мұрат Әбуғазы ағаларымыз Нұржан үшеуі бірігіп кітаптарын, дисктерін шығарып жатыр. Алғысым шексіз.
‒ Дәнеш атамыз қолданған заттар бар ма, сақталған ба?
‒‒ Иә, кезінде біз аудан әкімімен жолыққанбыз. Бердәулет Ешенұлы деген азамат бастаманы құптаған болатын. Сөйтіп, саябақ ішіндегі бір ғимаратты пайдалануға берген-ді. Жарты жылдан соң әкім зейнетке кетіп, орнын босатады. Содан бұл мәселе аяқсыз қалып қалды. Өнер мектебінде тұрған заттарды ешкім қабылдап алған жоқ. Мен ол жақтан кетіп қалдым. Екі жыл бұрын Талдықорған қаласында Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармония ашылған еді. Соның кіреберіс жерінен бір бұрыш жасақтасақ деп отырмыз. Әкем тұтынған барлық затты, мүлік-мүкәмалды сол жаққа қойсақ деген жоспар бар. Қазір сол бағыттағы жұмыс басталып та кетті.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен:
Салтанат Бакеева, Әлібек Байбол.
