Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Гүлзия Пірәлі: Мархабат Байғұттың әдебиеттегі әлем...

12.05.2016 5648

Гүлзия Пірәлі: Мархабат Байғұттың әдебиеттегі әлемі

Гүлзия Пірәлі: Мархабат Байғұттың әдебиеттегі әлемі - adebiportal.kz

Мархабат Байғұт, Көсемәлі Сәттібайұлы. Мархабаттың мақамы (эссе)

Киесі бар сөз өнеріне деген адалдық болмаған жерде әдебиет туралы әдемі сөз болуы екіталай. Зейнетінен бейнеті көп шығармашылықтың азабы да осы адалдықпен астасып жататыны ақиқат. Қолыңа қалам алып, «ұлттың ар-ұятына» (М.Әуезов) жауапты жазушы атын иемденген соң шындық, адалдық, тазалық сынды құдіреттерге бас имес­ке шара жоқ. Мархабат Байғұттың бүгінгі әдебиеттегі әлемі, міне, осынау түсініктерге толықтай жауап береді. Оның шындықпен суарылған шығармалары, бәріміздің бауырымыздай болып кеткен кейіпкерлері – әрқайсымыздың ауылымыздан табылатын ақкөйлек, ақ жүрек ана­ларымызды, аталарымызды, ауылдас­тарымызды еске түсіреді. Қазақы бол­мыс, қазақы мінез, қазақы табиғат тек ауылда сақталатынын ескерсек, М. Байғұт шығармаларының шырайын ендіріп тұрған да осы – ауыл тақырыбы. Қазақтың құты мен киесі болған, ұлттың ұлы рухының мекені болған ауыл өмірі оның шығармаларының үзілмеген арқауы. Қазақты қазақ етіп темір қазықтай әлі де болса ұстап отырған, әрбір ұрпағымыздың ішкі рухани қуатын айнымастай берік байлап, енді «үш емес он тіл оқысаңда ордалы ойыңнан, қазақы болмысыңнан ешқайда кете алмайсың» деп еркіне жіберетін ауылдан жазушының өзі де өмірбойына алыстаған жоқ. Ол өзінің туған өлкесін өгейсітпеді. «Ақындар ауылда туылып, қалада өледі» деп аласұрып Алматыға да қашқан жоқ. Ол өмірбойы өз кейіпкерлерімен бірге, солардың орта­­сында өмір сүріп келеді. Бұдан жазушы ұтпаса ұтылған жоқ. Оның шығармаларындағы шынайылық, міне, осыдан бастау алып, биіктеген, көрік алып кемелденген. Қаламгер қазақы мінез бен ауыл адамдарының образын сомдауды ұлттық мінез-болмысты бейнелеу деп біледі. Өйткені, ауыл мен қазақты ажырата алмасымыз анық.


 

 

 


 

Жазушыны әдеби ортаға танытқан алғашқы туындыларының бірі – «Интер­наттың баласындағы» ауыл көрінісі бәрі­міздің алтын бесігімізді еске түсіреді: «…Ауыл­дың шетіне шыққанда кеу­десінің әлдебір тұсы тыз-тыз етіп, артынша шоғайна тікен шаншығандай ашып кетті. Сәлден соң қияға шықты бұлар. Қия беттегі андыздар пісіп, тіпті, қарайып үлгеріпті. Жапырақтары қау­дыр-қаудыр етеді. Жақсыбайдың жаман тоны секілді….». Қайда сол андыздар, қызыл жиделер, өзі Жақсыбай болып жаман тон киген жаны жайсаң кең пейілді, ақжүректі жандар деп ойлайсыз. Сөйтсек, олардың бәрі Мархабаттың көркем шығар­маларында мәңгілік мәтін болып орнығыпты. «Қызыл ала шыт орамалын тартып, «қос бұрым етіп өрген шашынан айранның исі шығатын» Нұрила қыздың 15-келген Ноқтабайды интернатқа алып келе жатқанда айтқан ақылы да нанымды, ол бірнеше рет қайталанады. Алайда, әрбір қайталанған сайын жаңа ой, жаңа бейнелер, жаңа суреттер пайда болады. Бұл қайта­лаулар кейіпкердің ішкі толғанысының толассыз ауысып, эмоциялық сезімдерінің күрделенгенін көрсетеді. Үл­кен пішін­дік, мағыналық мәнге ие болған ой қай­талаулар, мәтіннің семантикалық линиясын ғана ерекшелендіріп қана қоймай, ком­позициялық қызметін де, кейіпкерді мінез­деуді де әр алуан мағынада қабылдауға үлес қосады. Оқып көрелік: 


 

– Ноқташ, сен енді жас емессің,-деді Нұрила. Үнінде Ноқтабай бұрын бай­қай қоймаған іркіс-тіркіс бірдеңе бар. Әлгінде, ауылдың шетіне шыға бергенде кеудесінде пайда болған шымырлау ұлғая түскендей еді.

– Өзіңе-өзің әзір бол, – деді одан әрі Нұрила. Балалықты таста. Біздің еркелейтін кіміміз бар? Сені оқысын деп, адам болсын деп жүрміз…». Міне, осы азғана мәтінде қаншама қасірет бар. Соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс, жетім балалар тағдыры, жесір ананың соғысқа кеткен жарының жалғыз тұяғын жетелеп, ел қатарына қоссам деген жанталасы, бауырының болашағы үшін өзін құрбан еткен әпке бейнелері бір кезеңнің шындығын алға тартпай ма? Мұндағы әртүрлі көңіл-күйлер, сәт сайын дамып, күрделеніп отырған Нұриланың психологиялық се­зімдері оның жан дүниесіндегі арпалыс­тарды да айқындай түседі. Ақиқатын айтқанда, ауыл, қала, өндіріс дегендердің бәрі де сыртқы сұлба, жайдақ тақырып төңірегіндегі жадағай сөздер. Жазушының бір-ақ тақырыбы бар. Ол – адам тағдыры, оның мінез-құлқы, табиғи болмыс-бітімі. Мархабат Байғұттың шығармаларындағы басты назар да осы кейіпкерлер тағдырындағы түрлі түйткілдер, оның даму жолдары, адам ретіндегі қалыптасу кезеңдері. «Интернаттың баласы» – Ноқтабайдың осы ауылдан алыстап, білімге бет бұрып, интернатқа келген күнінен ректорлыққа жеткенге дейінгі белестеріндегі бүкіл өзгерістер қаламгердің жіті бақылауында болып, суреткерлікпен зерделенеді. Бала Ноқтабайдың өсу кезеңдеріндегі психо­логиялық құбылыстарды, ішкі рухани әлеміндегі арпалыстар мен құпия сезімдер сырын ашу арқылы қаламгер сол кезеңдегі өмірдің шындығын береді. Жазушының адамның мінез-құлқындағы өзгерістер мен сезімдік-эмоционалдық құбылыстарды өзі­не тән жылы юмормен, әдемі әзілмен бейнелеуге бейім қасиеті оның өнердегі мұраты да. Міне, шығармадағы шынайылық, өмірді жете тану, сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігін, сол кезеңдегі адамдар психологиясын зерек зердемен зерделеу. Ол оқиғаларды қызық сюжет құрам деп шындыққа қиянат жасамай бар болмысымен беру Мархабат туындыларына тән қасиет. Жазушы жоқтан бар жасауға талпынбайды да. Өзі көрген, сезінген, куә болған, өз жүрегінен өткен өмір шындықтарын мүмкіндігінше нанымды беруге ғана тырысады. Сон­дықтан да, оның кейіпкерлері – уақыт жүгін адал арқалаған ауыл адамдары, тумысында арамдығы жоқ, жақсылығы да жамандығы да алақандағыдай айқын ақ, адал, таза жандар. «Интернаттың баласы» да соғыстан кейінгі уақыттың шындығы. Сол кезеңдегі адамдар тағдыры. Ел ішінде жүріп, солардың күнделікті өміріне куә қаламгер өз кейіп­керлерінің қуаныш-қайғысымен бір­ге өмір сүреді. Солармен сөйлеседі, сырласады. Міне, жазушының бақыты да табысы да осы, айналасындағы адамдар тағдырында жатыр. Бүгінгі дәуірдің тыныс-тіршілігін, ондағы адамдар тағдырын, олардың саналарында жүріп жатқан өзгерістерді сезінгісі келген оқырман М. Байғұт шығармаларындағы сезім толқындарына бір сәт көңіл бөліп, сырласқаны жөн. 


 

М.Байғұт шығармашылығына тереңде­меген адам оның туындыларындағы бір-біріне ұқсамайтын, іс-әрекеттері мен мінез-болмыстары қайшы, табиғаты қым-қиғаш ерекшеліктерімен танылатын кейіпкерлер тағдырының сырын ұғына да алмайды. Олар соншалықты қарапайым пенделер бола тұра барлық қайшылықтарымен көрінген күрделі кейіпкерлер. Өз дәуірі туралы ұлт пен ұрпақ алдындағы қаламгерлік парызын терең түсінген М.Байғұт өз заманының көркем тарихы мен адамдар тағдырын шынайы бейнелейді. Жазушы иығына артылған жауапкершілік оны маңайындағы барлық оқиғаға еріксіз араластырып отырады. Өйткені, шын талант қана табиғи құбылыстарды дәл өмірдегідей табиғи жаза білуі арқылы танылса керек. Достоевскийдің өзі айтпай ма, «мені психолог дейді, мен бар-жоғы реалист қанамын» деп. Олай болса М.Байғұт шығармашылығының ерекшелігі де өзі білетін тақырыпты қозғап, өзі білетін адам­­дарды ғана бейнелеуінде болса керек. Кешегі кеңестік кезеңдегі тоталитарлық санадан арылып рухани еркіндікке ие болған тәуелсіздігіміздің алғашқы тұс­тарында да ол тоқырамай өз жанындағы адамдардың тағдырына үңіліп, олардың ой-саналарындағы жаңа өзгерістерді өзінше өрнектеп, зерттей бастады. 90 жылдардағы жазушы шығармаларындағы кейіпкерлер тағдыры, олардың жаңаша сарапталған мінез-құлықтары мен болмыс-бітімдері бізге бейне бір ХХ ғасыр басындағы алма­ғайып кезеңді жедел әрі нанымды бейнелеген Бейімбеттің туындыларын еске түсіреді. Кеше ғана ата-аналарының қолымен салынған мәдениет сарайлары, клуб, кітапханалар, дәрігерлік бөлімшелер, бала бақшалар көрінгеннің қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанын, елдің-тоз-тозы шыққанын көріп, шыбын жаны шырқырады, жаны ауырды, жүрегі езілді. Ал, желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұл-қыздардың ата-аналары бастан кешкен жан азаптарына куә болудың өзі қандай ауыр, өзек өртерлік өкініштер еді. Міне, осылардың бәрі жазушы шығармаларына арқау болды. Екі қоғамның алмасып жатқан кезеңдеріндегі адамдар тағдыры, олар­­дың жан әлеміндегі ой мен сезім қай­шылықтары ізін суытпай суреткердің зер­герлік сүзгісінен өтіп жатты. 


 

Қаламұшын жан-жағында болып жат­қан өмір шындықтарына малып отырып, өзіне тән жанкештілікпен еңбек етті. Оның ел алдындағы абыройын, басшылар алдындағы беделін бетке ұстап, өз мұңын шағып келген қарапайым жандардың шерт­кен шерлері шетінен шығарма болып жазыла берді. Тап сол кездері М.Байғұттың «Қорғансыз жүрек» әңгімелер мен повестер. (А.Жазушы, 1993), «Жоғалған жұрнақ» (Желтоқсанға 20 жыл. әңгіме. Шым­кент, «Жебе» 2006), «Дауыстың түсі» (әңгімелер. Шымкент, Жібек жолы. 1993), «Ма­шаттағы махаббат» (Ш.Шымған, 1995), «Әдебиет пәнінің періштесі» повесть (Шымкент: Жібек жолы, 1999), «Ақпандағы мысықтар: әңгімелер мен повесть (Алматы: Қазақпарат, 2000) т.б атты туындылары бірінен соң бірі жарияланып жатты. Бұларда ескіден арыла алмай, жаңаны жете қабылдай алмай жатқан тұстағы адамдардың рухани дағдарысы асқан байқампаздықпен зерттелді. Міне, Мархабат Байғұттың қазақ әдебеиетіне, оның көркем прозасына қосқан өзінің үлесі де табысы да осында жатыр десек артық айтқандық болмас. Оның дарынының даралығы да, суреткерлік шеберлігінің ерекшелігі де төңірегінде болып жатқан, толып жатқан осы бар тақырыптарды су­реткерлік ой елегінен өткізіп, көркемдікпен кестелеп өзіне тән жылы юмормен, стиль­дік тәсілмен тереңдей зерттеп, оқушы зердесіне құя білуінде. Оның көркемдік елегінен ел ішіндегі басбұзарлар да, мемлекет мүлкін талан-таражға салғандар да, тәуелсіздік әкелген жақсы қасиеттер де, қала берді осы алмағайып кезеңді пайдаланып екі асағандар да қалыс қалған жоқ. Тіпті, егемендікті теріс түсініп, еркін жүріп-тұруды да қаламгер санаторийдің хикаялары арқылы шенеп, санаға сыналап кірген батыстық бей-берекетшілікті де ащы мысқылмен түйреп отырды. Әңгіме жанры жедел әрі шағын болғандықтан да қаламгердің қалауына қолайлы. 


 

М. Байғұт өте сезімтал, аңғарымпаз суреткер. Ол рентген секілді адамның ішкі жан-дүниесіндегі психологиялық сезімдік, эмоцияналды құбылыстарды қалт жібермей бақылап, тап басып бейнелеп отырады. Тіпті, одан «Дауыстың түсін де» жасыра алмайсыз. Сөзіңіз бен қимыл-әрекетіңіздегі елеусіз сәтті де, ішкі дүниеңдегі астан-кестеңі шыққан жасырын құпия сырларды да жан тамыршысындай жайып салып отырады. «Дауыстың түсі» деген әңгімесінде оқуды бірге бітірген екі маманның бірдей қызметке келіп, бірі тез өсіп, бірі сол отырған қалпында қалып қойған достар диалогындағы дауыс түстері арқылы олардың ішкі құпия сезімдері, жан арпалыстары ашылады. Адамдар арасындағы бәсекелестік, күншілдіктің ақыры неге апарарын, ол адамның мінезін ғана емес, тағдырын да тығырыққа тірейтін қасіретке әкелетінін нақты әдеби фактілер, кейіпкерлердің өкінішті өмірі арқылы бейнелеп береді. «Алғаш осы қалаға келгенде апта сайын бас қосып, бірге шай ішпесе, бірін-бірі аңсап тұратын еді. Бірте-бірте аралары алыстады…кейін телефон арқылы сөйлесіп тұрып, бір-бірінен ертерек құтылуға тырысатындай болып көрінетін. Оның үнінен ештеңе аңғара алмай дал болатын кейде. Өз даусынан өзі іш жиятын» деген сөздері арқылы Есмақанның таза адал пейілін өзінің көрсоқыр пасықтығы пернелеген Еңсебек Әсіловтің опасыздығын автор осылай әшкерелейді. Шағын жанрдағы шып-шымыр сюжет – екі достың дауыс құбылыстарының құбылуына құрыла отырып, мансап жолында өзгерген мінез-құлқын мінейді. Өз кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі өзгерістерді осылай дамыта, күрделендіре отырып бейнелейтін жазушы адамзат табиғатындағы кереғар екіұдай сезімдерді де барынша зерделей біледі. Психолог жазушының суреткерлігі міне осындай ұсақ детальдарды дәмді пайдаланудың нәтижесінде әрбір әрекеттің нанымдылығына қол жеткізеді. 


 

М. Байғұттың жаны өзінің «Нәуір­зегін­дей» нәзік болғандықтан балаларға арналған шығармалары да бір шоғыр. Атап айтсақ, «Интернаттың баласы», «Таудағы андыз» повестері мен «Қозапая», «Тоғызыншы сынып», «Жоғалған жұрнақ» атты әңгі­мелері. Алайда, автор үшін жанрдың үлкен-кішілігі қаншалықты маңызды болмаса, кейіпкерлерінің жас шамасы да оны толғандырмайды. Оны толғандыратын бір ғана мәселе – адам тағдыры. Шағын әңгімесіне де романға бергісіз сюжетті, яғни, мінез-құлықты, мың тағдырды сыйдырып жіберсе, балаға да бүкіл адамзатқа тән адами қасиеттерді дарыта алады. Оларды да өз шамасына шақ мұңы бар, шері бар, қуанышы мен күлкісі бар кейіпкер ретінде жүрегіңді жаулайтындай табиғилықпен, нанымдылықпен бейнелейді. Сондықтан да, қаламгердің туындылары барлық жастағы оқырмандарға ой салып, жанын қозғайды. Бұдан артық қолына қалам алған қаламгер үшін бақыт, сірә болар ма? 


 

Мархабат Байғұт кейіпкерлерінің атта­рының өзі олардың табиғатын танытып, мінез-құлқын айшықтап отырады. Мәселен, «Жалпыдан жырылған жалқы» атты әңгімесіндегі Пақырдиннің көзімен кес­теленген жоғары оқу орындарындағы қа­былдау комиссиясының мүшелері-шегір көзді сарының Қадалған, сазару жағын жақсы меңгерген жігіттің Сазарған, үнемі сәл күлімсіреп отыратын келіншектің Сәл-Күлім атануы олардың характерін де айна-қатесіз ашады. Оның кейіпкерлері өзгеге ұқсамайтын оқшау іс-әрекеттерімен, тобырдың ішінде жүріп кісікиіктік танытатын тосын тіршіліктерімен оқушы ойында қалады. Осы әңгімедегі «жалпыдан жырылып жүрер жалқы күйде, жабысқы шөптей тырмыса тірлік кешетін» Пақырдиннің тамыр-танысы жоқ, тек жоқ­тау жанры туралы жақсы шығарма жаз­ған қызға «он-он бес жылда қойылмаған «5» деген бағаны қойып сенсация жасауы сон­шалықты сенімді. Не шықса да осындай па­қырлардан, өзге жұртқа жұмбақ, түсініксіз жандардан шығатыны белгілі емес пе? Алайда, Пақырдиннің парасат пайымы алдамапты: «…Естуінше, ауызша емтиханда әлгі қыздан ерекше сұралған көрінеді. Тіл жөнінен Тең-Төрайым, әдебиет жөнінен Сазарған екеулеп тергеген тәрізді. Бірақ, «бес» қойылған шығарманың иесі бірде бір сұрақтан мүдірмеген деседі». Міне, осы қыз ғана Пақырдиннің өзгеге түсініксіз табиғатын ашып береді: «– Оқуға түсетін жылы жалғыз ағамнан айрылып едім, – деді әлгі қыз. – Ауылда тракторшы еді. Се­нетін ешкімім жоқ еді, ағай… Сөйтсем, сіз секілді адамдар да бар болып шықты ғой, аға..ай…Рақмет, көп рақмет, ағ-ай!» («Алмағайып»: Әңгімелер. Алматы: Жазушы, 2001.-200 бет. 17-б). Алайда арада оншақты жылдар өткенде сол қыздың қан базардың қызуын қыздырып тұрғанын көргенде қызға емес, қоғамға, әділетсіздікке іші удай ашыған Пақырдин пақырдың жанарынан жас парлауы да осындай кесек кейіпкерге тән мінез болмыс екендігін еске салады, автор. Мархабаттың мөлдіреген көркем мәтіндері сатираның уытты ащы тілімен әдіптеліп, қоғамдағы осындай олқылықтарды әшкерелейтіні әдепкі дағдыға айналғалы қашан. Алайда, олардан жалған патротизмді емес, осындай елеусіздеу оқиғадан өз дәуірінің барлық қайшылықтарын шеберлік ұстаханасында 100 пайыздық ыстықта қайнатқан шындықты байқаймыз. Еш­кімнің алдында бас имегенімен шарасыз сәттері көп болып ары алдында алуан түрлі күй кешіп жан азабына түсетін кейіпкерлер тағдыры да сауатты, кәсіби деңгейде суреттеледі. Шағын жанрдың шын шебері атанған Мархабат Байғұт сөйтіп өз ортасында әділдігімен әпенде атанып, ерсі, қайшы, қым-қиғаш ерек­шеліктерімен «Жалпыдан жырылған жал­қы» қалпында жүретін Пақырдиндердің жырым-жырым болған жүрегін, жанын, жалынды ойын терең талдап береді. Оймақтай ой арқылы дүйім жұртты дауға қалдырар дәуір дерттеріне дәрі (шипа) іздеген жазушы осындай күрделі табиғаты бар кейіпкерлер галереясын ұзын арқау, кең тұсаулы күрделі жанр-романға сюжеттік желі етіп, желімдетіп, көлемін ұлғайтып беруіне де болар еді. Бірақ жазушының өзі де кейіпкерлері секілді Пақырдиннің біреуі болса не етерсіз. 


 

Суреткер терең толғаныстан гөрі аз сөзге көп мағына сыйғызуды өнеріне серік еткендей. Осы шағын жанрлы шығармаларында шым-шым қайнаған өмір шындықтары мен кейіпкерлер тағдырындағы тартыстардың себеп-сал­дары, түйін байланысы терең тамырланып жатады. Жазушының әң­гі­ме­лері бәрі қосыла келе бүтін бір дәуір­дің, қазіргі заманның әртүрлі әрі көкейкесті мәселелерін қозғаған көр­кемдік тұтастықты танытады. Оның кейіпкерлерінің іс-әрекеттері ішкі рухани қуаттан нәр алады. «Келестен келген келіншектің» де бөгде адамға келіп құ­пия сырын ашуы, «Әдебиет пәнінің пе­ріш­тесіндегі» Баубектің қалада қалуға мүмкіндігі бола тұра көптің бірі болмай шеттегі ауылға барып ел ішіндегі өз ұрпағымызды тәрбиелеуге деген талпы­ныстарының, өз мамандығы мен ар-ұяты ал­дындағы жауапкершілігінің себеп-сал­дары сыр болып шертілмей, тек іс-әрекеттері, тосын тіршіліктері, ала бөтен болмыс-бітімдері ғана баяндалады. Бұл қасиет бізге Мұхтар Әуезовтің : «Тегі адам құр әрекет етпейді, ол белгілі байлау жасап, соның нәтижесінде мінез көрсетеді. Сол байлаудың жасалуын ішкі бір қажетті сырдан туатын байлау екені бізден жасырын қалады. Ал, оқушыға ең керекті, ең қызық жай сол бүркемеде қалған жасырынның өзі емес пе!» деген даналығын еске түсіреді. Шынында да, Мархабат Байғұт шығармаларындағы кейіпкерлер көп сөйлемейтін, тек ерекше іс-әрекеттерімен, мінез-қылықтарымен бой көрсеткен. Баяндаушы-нарратор да артық сыр ашуға сараң. Жалпы, қазіргі әлемдік әдебиетте болсын, ұлттық сөз өнерінде болсын шағын жанрдың шарықтап өскен кезеңі. Өйткені, бүгінгі уақыттың рухани қажеттілігі бірнеше кітаптарға ұласқан күрделі романдардан гөрі жедел әрі шағын жанрды алғы шепке шығарған. Осы ретте Мархабат Байғұт бүгінгі кезеңнің көркемдік шежіресін шертіп отырып жазатын өз жанрын тапқан және оның шеберлік құпияларын терең менгерген талантты жазушы дей аламыз. Ақиқатын айтар болсақ, автордың өзі жазғанындай: «…мына жалғандағы қоқырсып кеткен пасықтық, толып жатқан тоғышарлық, қат-қабат қатыгездік, әулекі надандық…» өріс алған бүгінгі қоғамның қасіреттері мен өмірдің өкініштері туралы жазса да Мархабаттың мәтіндерін миығыңыздан кү­ліп отырып қана оқисыз. Суреткердің сатирасы бар, юморы бар, сол күлкімен-ақ күрделі мәселелерді көтеріп, оқырманына түрлі ой салып отырады. 


 

Тынымсыз еңбектің тарланбозы Мар­ха­бат Байғұт қазақ әдебиетіндегі өз тақы­рыбын, өз қаламына тән стильдік өрнегін, ой орамдарын, мәнер-машығын тапқан су­рет­кер. Әсіресе, М.Байғұттың бүгінгі қа­зақ прозасына оңтүстік өңіріне тән диа­лект сөздердің дәмін кетірмей енгізуі де сүйсінерлік құбылыс. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің осы облыстарды аралағанда әрбір жергілікті сөздерді жа­зып алып, оларды өз очерктері мен шығармаларына шұрайландыра, тың тілмен өзгеше өрнек дарытып берулері әдеби тіліміздің байлығын қордаландырғанын ескерсек, Мархабаттың да оған қосқан үлесі қо­мақты. Жазушының осы күнге дейін жарияланған 7 повесть, 100-ден астам әңгі­мелері бүгінгі қазақ прозасының да жеткен же­тістігі.


 

М. Байғұттың осынау мол әдеби мұрала­рындағы адамдар тағдыры, кейіпкерлер галереясы, тілдік, стильдік, көркемдік ерекше­ліктер туралы әлі де талай еңбектер жазылар. Алайда, ол әңгіме болашақтың еншісінде. Өйткені, Мархабат Байғұт дарынының даралығы неде, ол қазақтың сөз өнеріне нендей жаңалықтар қосты, қандай тақырыптарды алып келді, қандай кейіп­керлерді көпшіліктің көкейінен шыға­тындай етіп бейнелеп бере алды, ол келешекте уақыт сынынан өте ала ма, жоқ па, Бейімбеттің Мырқымбайларындай, Мархабаттың Ноқтабайлары да мәңгілік бейне болып қала ала ма деген сауалдар төңірегінде толғану бір мақала негізінде ашылатын дүние емес. Мұндай талдаулар кәсіби интеллектуалдық деңгейді талап ететін, әдебиеттану ғылымының өз категориялары арқылы сөйлейтін әдеби көркем сындар мен ғылыми зерт­­теулерге арқау болатыны анық. Біз мүмкіндігінше талантты жазушы, қай­раткер, көрнекті публицист Мархабат Бай­ғұт­тың қазақ әдебиеті әлеміндегі өзіндік қолтаңбасын айқындауға, стильдік, түрлік ерекшеліктерін танып-талдауға, бүгінгі қалың оқырман қауымының әділ бағасын жеткізуге тырыстық.


 

Гүлзия Пірәлі, 

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар