Кәдесіне ұрпақтың жарадық па...
Жақсылық Сәтібеков – 1937 жылы 24 маусымда Жамбыл облысы, қазіргі Байзақ ауданына қарасты Теспе ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет істеген.
Сағындым Жексенғұлым, Қосшығұлым,
Өзекті жарып шыққан қос шыбығым,
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның
Зарына құлағыңды тосшы бүгін.
Бұл күнде көңіл азып, төмен болды,
Көкірек қара тастай шемен болды.
Қанша жыл өткені де есімде жоқ,
Жас шыбық, сендер еккен, емен болды.
Қара шаш бүгін аппақ қырау болды,
Тіршілік жауабы жоқ сұрау болды.
Әр күнім тойға сояр малды бағып,
Әр түнім ағыл-тегіл жылау болды.
Күн қайда терлеп ішер қызыл шайды,
Тер емес, көздің жасы жүзім шайды.
Жексенқұл, Қосшығұлым кеп қалды ма,
Аралап қайтайыншы Қызылсайды...
Осылайша басталып, ұзақ толғауға ұласатын «Қара кемпірдің» зарын бәріміздің де тыңдағанымыз рас. Алайда осы толғаудың авторы туралы жиі айта бермейміз. Ал бұл толғауды жазған ақын Жақсылық Сәтібеков еді. Ол 1937 жылы 24 маусымда Жамбыл облысы, қазіргі Байзақ ауданына қарасты Теспе ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет істеген.
«Қара кемпір» толғауын сұрапыл соғыс перзенттерін жалмаған қасіретті аналарға әнмен қойылған ескерткіш деуге болады. Ал осы толғауға тағдыры арқау болған Қали әжеміз бертінге дейін Жамбыл облысы Меркі ауданы Қызылсай ауылында ғұмыр кешкен. Кейіннен артында қалған ел-жұрты азалы ананың аруағына тағзым ретінде ескерткіш орнатты.
«Бұл ұзақ толғауды өлеңмен жазылған реквием десе де болар еді. Өйткені ол қырық жыл бойы, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына қырық жыл толған кешегі жеңіс күніне дейінгі жарты ғасырға жуық уақыт бойы өзінің шыбын жанын, тіпті өзінің бар-жоғын мүлде ұмытып, сағынышпен, үмітпен ғана өмір сүріп келген мұңлық ананың – шүйкедей ғана қара кемпірдің жан азасы болатын. Мен мұндай қасіретті өз замандасымның кез келгенінің от басынан көргем, әлі күнге көріп келем. Талай шаңырақтың оты мәңгі өшіп, талай ұрпақтың жалғасы шорт кесіліп қалғаны да шындық. Мына қара кемпір – Қали атты мұңлық ана да (өз басы қырғыз қызы еді) бір ұрпақтың болашағын соғыс – сұм тағдыр біржола жұтқанына көзі анық жеткен шақта аналық борышты өтей алмадым-ау деген ащы күйіктен жынданып кеткені де шындық еді. Бедеулігі емес, «беу, тағдыры» душар етіп еді мұндай сұмдыққа. Ол аналық қарыз-парызын өтеген болатын. Соғыс еді, оның қос құлынын бірдей жалмап, үмітін қиған. Неміс фашизміне деген менің және менің замандастарымның көңіл қалтарысында үнемі аунап түсіп жататын, ғұмыр бойы кешірілмейтін кектің бір шөкім бұлты ғана деп санаймын «Қара кемпірді», - деп жазған екен автордың өзі.
Жақсылық Сәтібеков ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет істеген. «Таңсәріде», «Сырлы қайың», «Даладағы дастан», «Фосфорлы қала», «Мойынқұм көктемі», «Бозқараған», «Әнші дала», «Айыр өткел» сынды жыр жинақтары мен қатар «Асқаровтың соты» хикаясы, «Ғибрат» атты прозалық кітабы да жарық көрген. Осы еңбектерінің ішінде «Асқаровтың соты» хикаясының орны тым бөлек. Себебі 1986 жылдан кейін Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың басына қара бұл үйіріліп, қамауда отырғанда ақын Жақсылық Сәтібеков араша түсіп бірнеше мақала жазады. Сол мақалалар кейін Асқаровтың ақталуына да үлкен үлесін қосады. Қырын қарағаны үшін қамап, қарсылық танытса қуғынға түсетін кеңестік жүйеде мұндай ерлікке бару екінің бірінің қолына келе бермейтін. Ал Жақсылық Сәтібеков осындай ерлікке барды. Ақындығы мен батылдығы қатар жүрген Жақсылық Сәтібековтің поэзиясын Әдебиет порталынан оқи жүріңіздер. Себебі мұндай тұлғаларды ұмытуға болмайды.
ЖЕР МЕН ЕР ЖӘНЕ БІЗ
1. Туған жер монологы
Мен едім Қаратаудың қайқаң белі,
Маған ерке Шақпақтың «шайтан» желі.
Өзге емес, өзім білер қасиетімді,
Жалған десе Асан шал айтар ма еді.
Айтар ма еді, басын тек шайқар ма еді.
Сұңғыла Асан ел, шөлді аралаған,
Тілеген тамбасын деп далама қан.
Асыл абыз тоқсан жыл толғағанда
Күпірлікке пендесін баламаған.
Кім білген содан бері жер арманын,
Перзентіме барымды бере алмадым.
Ақ шашым — ақ селеуді тарпаңына
Таптатқан тағы жұртқа сене алмадым.
Құлдыққа көнбеу үшін құлақкесті,
Туған жерден ел қанша жылап көшті.
Қарт Қаратау сол бір сәт күрсінгенде,
Жарып шықты мыңдаған бұлақ төсті.
Көз жасындай бұлағым қанша менің,
Күңіренумен ғасырлар шаршап едім.
Бұғалықтан құтқарар бұл халықты
Шын ерлерді үмітпен аңсап едім.
2. Момыштың монологы
– Әлігінде кіріп шықтым баспанаға,
(Бәйбішең тірі ме өзі… қас қаға ма?)
Бір медет мені әйтеуір қолтықтауда,
Маған бүгін жер – іні, аспан – аға.
Демесем де бөпемді арыстандай,
Көз көрді бір жаманды қарыс маңдай.
Тойға кел туыс қалмай, қалыс қалмай,
Қуанышым желменен жарысқандай.
Күмілжіме, Момыш-ау, қара қасқа-ау,
Өміріңе үйдегі бала-бастау.
Жанашырға жүгіртер жан таппасаң,
Жұмса, өзің ғой Көлбастау, Қарабастау.
Неңді аяйсың, байғұс-ау, жан бөпеңнен,
Сен едің ғой Құрмашын сан көтерген,
Асыл сері, арыстан ағаң еді,
Сұратсайшы сүйінші Жандекеңнен.
Батқан кезде барлардың бал бармағы,
Қиянаттан қиянда тал қармады
Десең де, қуаныштан сырт қалмасын,
Ат шаптыр ағайынға Талғардағы.
Қуаныш жеңді бүгін, қайғы ұтылды,
Дастарқанға аямай жай құтыңды.
Екі аяқты ел есітсе өзі-ақ келер,
Тарт төріңе күндіз Күн, Айды түнгі.
Үстінде үзілердей қыл заманның,
Күн кешпек өз-өзіне ырзамен кім.
Япырмау, мұнша неге өрекпідің,
Ертеңі не болмақшы бұл «жаманның».
3. Бала Бауыржанның монологы
Момынқұл көкем берсе бойын маған,
Тірлікте әлсіздікті мойындаман.
Неге мен бай ұлынан жасқанамын,
Неге мен әлдекімнің қойын бағам.
Даламның ортақ көркі, құты маған,
Мен-дағы еркелікпен «құтыра» алам.
Бай ұлының асығы көп болса егер,
Мен оны дау-жанжалсыз ұтып алам.
Кеудем шалқақ, бірақ мен төре емеспін,
Тірлігімде шыға алмас төбеме ешкім.
Қалайтыным — бәтуа тиіскенге
Көрсетемін көкесін төбелестің.
Мен еңкейем, бірақ та құл емеспін,
Жауымын жағымпаздың, күлегештің.
Тауым менің — тас түлек, тауыма ұқсап,
Келеді менің-дағы түлеп өскім.
«Әліңді біл» деген сөз теріс кеңес,
Пенде жоқ құдайменен көріскен еш.
Кедейлік кемшілігім емес менің,
Ерек туған бай ұлы періште емес.
Ұл ғып туған мені де арыс анам,
Көкем айтқан: — Егіз деп, намыс, адам.
Сондықтан да өмірдің бәйгесінде
Кім болса да жалтақсыз жарыса алам.
Жалғызға шөкім шаңын жол шығармас
Десе де, маған серік болсын алмас.
Адаммын, терезем тең өзге жұртпен,
Бір пенде сыбағама қол сұға алмас!
4. Өмір монологы
Мен — өмірмін, оянам құла таңда,
Мен — өмірмін қалдырар мұра, таңба.
Менің ғана қолымда тағдыр кілті,
Күлдірем бе, адамзат, жылатам ба.
Мен — өмірмін — бақимын, мәңгілікпін,
Қоймасымын ақылдың, әңгүдіктің.
Мен күлсем – әлем жайнап, қабақ түйсем –
Қалады қаңғырып күн, мәңгіріп түн.
Бар менің де пешенем, қас-қабағым,
Адамзат, сенсің менің асқақ арым.
Мен сені бесік болып тербетсем де,
Қайсыбір қылығыңнан жасқанамын.
Менің сыйым — шалқар көл, тауың — көрік,
Болсын деп тек тілеймін бауың берік.
Сен долдансаң, мен тұрам дауыл болып,
Сен жыласаң, егілем жауын болып.
Күн көзіндей көктегі асқақ, әсем,
Өзіңе сен, өзіңдей басқаға сен.
Мен — өмірмін, Өмірмін саған бақыт
Тілеймін, мені ендеше жасқама сен.
5. Тағдыр мен Бауыржанның диалогы
— Өзі едің-ау жасыңнан ұрыншақтың,
Бұрын шаптың өзгеден, қырын шаптың.
— Қырын шапсам, ауыздық көрмеген кез,
Кекілімнен жел ескен құлыншақпын.
— Құлыншақ па... жоқ, сені қасқыр дейтін,
— Досым емес, олай деп қас тілдейтін.
— Қалай қалды ол мінез?
— Қалай қалсын
Тұлпар жоқ құнанында бас білмейтін.
— Қанатыңды жайғың кеп құстан да әрі,
Сен емес пе ең шыңдарды құшқан барып.
— Өйткені мен өмірге құштар едім,
Білетінмін жол кесер дұшпан барын.
— Кім айтты осы, деп сені бауырмашыл?
— Досым түгіл дейді оны жауым да шын.
Көкпар тартып қайтқам жоқ, қан кештім мен,
Аман болсын деп елім, ауылдасым.
— Өжетсің.
— Сен үйреткен өжеттікке,
(Тыныштықта біз оны сөз еттік пе.)
Өз сөзің: — Жауың саған оқ кезенсе,
Сен де ұмтыл, басыңды иіп кезек күтпе.
— Өмірде саған күн мен нұр ұсындым,
— Қайтып ал, тегін болса «ырысыңды».
— Домбыраға әуес ең...
— Оның рас,
Жек көрмеймін және мен қылышымды.
Әлде қайда өмір — көш барады ықтап,
Кәдесіне ұрпақтың жарадық па...
Жалғыз тілек — қолда өскен алтын дәнің
Таза болса дейсің ғой қарамықтан.
— Сөзі ғой бұл ақылдың, егделіктің.
— Сөзі десең де өзің біл пенделіктің...
— Мен біттім.
— Онда мына темекіні
Тұтатып бер,
Осымен мен де біттім!
