Көгершін мұраты

28

Көгершін мұраты - adebiportal.kz

Асфальттің жиегіне қона сала шынының майда-майда сынықтарын, қиыршық тастың тарыдай-тарыдай түйіршіктерін шоқып жеуге кіріскен көкшіл мойын, қара тұмсықты, қара сирақ екі көгершінді көзі шалып қалған жайын ауыз, шәугім бас ақ қаншық жер бауырлай жата қалды.

Ағылшын иті мен түрікменнің алабайының шатысынан болған будан қарақұлақ ақ қаншық жер бауырлаған күйі екі көгершіннен көзін алмай, кесік құлағын жымып, кесірткедей бола қалды. Сыбдырын білдірмей, сақ қозғалады. Жыртқыштық құмарлықпен екі көгершіннен басқа дүниені ұмытқан.

Ит таласынан иттері бәйгі терген ақжағалыдан күшік кезінде 100 долларға сатып алынған, тумысы ит талас чемпиондарының ортасынан шыққан ақ қаншық қорқу дегенді білмейтін еді. Қанаттыларды тарпа бас салып, қашыр-құшыр шайнаса, бір ұрттам ыстық қанын жалап жұтса болды. 

Шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов «Нәпсім – бөрім» дегенімен, рәуайаттарда бөрі екеш бөрі де нәпсіге келгенде иттің қасында жіп есе алмайтыны айтылады. Мысық пен ит баласының кетісуінің өзі нәпсіге байланысты дейді.

Сол рәуайатта: «Бағзы заманда топан суы қаптап, әлем суға қарық болып жатқанда, Нұх пайғамбар: «Кемедегі жұптылар, шариғат жасамаңдар! Алдымызда талай кең заман бар, дегдуге шыққан соң Құдайдың бұйрығын орындарсыңдар», - деп бұйырған. Сол бұйрықты тек осы ит қана орындамай, нәпсі жетегінде кете берген. Бұл хабарды пайғамбарға жеткізген мысықпен ит болмай қалған.

«Сен неге құпиямды әшкере етесің?» - деп ит мысыққа дүрсе қоя берген. Мысық болса: «Құтқарушымыздың бұйрығын неге орындамайсың? Нәпсі кімде жоқ, сезім кімде жоқ? Жұптылардың барлығы да бойұсынғанда, құтқарушымызға неге бойұсынбайсың?» - деп уәж айтқан.

Пайғамбарды ренжіткен ит пен мысық содан бері ата жау, дүрдараз». 

Аяқтары арбиған, денесі тұрықты, қорбиған, тандыр бас болғанымен, суда да жүзген итбалықша дыбысын шығармай, тым-тым жақын келіп қалыпты. Енді тарпа бас салғалы, атылғалы жиырыла бергенде, көгершіннің ұрғашысы құс тілінде:

— Ойбай, жау! - деді де, дүр етіп көтеріліп кетті.

Атылған оқтан шапшаң, ұшқыр еркегі де құс тілінде:

— Тап анаңды бүрейіннің иті-ай, тыныштық бермеді-ау! - деп, гүрс етіп аспанға қарата атылған мылтықтың оғындай дүр ете қалды.

Әрине, олар құс тілінде сөйлейді, құс тілінде кілауызданады.

Көгершінге азар берген адам оңбайды. Көгершін назырқанбасын. Назырқанса, адам тағдыры быт-шыт болады.

Осы еркек көгершінді бала кезінде әке-шешесімен қоса түн ішінде қонақтап отырған жерінен екі аяқты ұстап алып, қараңғы ұяға салып тастады.

Шешесі жыламсырап: «Екі аяқтылар жауыз болады. Бірақ осы қатыгездігі өз басына сор болады. Екі аяқтылардың ішінен кім көгершінге азар берсе, өзі қапаста, ал жетпіс жеті ұрпағына дейін оңбасын», - деген Сүлеймен пайғамбардың сөзі бар еді. Мына екі аяқты соны білмейді-ау.

Әкесі: «Екі аяқтылардың тағдыр туралы ұғымында әңгіме бар. Олар барлығы алдын ала маңдайға жазылған деп ойлайды. Жақсылық, қайырымдылық жасау арқылы тағдырын жақсартуға болатынын, жамандық, қатыгездік арқылы өздеріне жамандық жасайтынын білмейді.

Осыны екі аяқтыларға түсіндіруге кептер липасты перінің қыздары көптеп жерге түскен екен. Оларынан түк шықпаған. Оларды екі аяқтылар ұстап алып, еріксіз өздеріне жұпты еткен.

Бұл ұшпайтын жауыз бізді күн арқан бойы көтерілгенде босатып жібереді. Киеміз мына жауыздың ұяласына жақсы ой салды. Ол осылай қарай шықты. Таң ата жетеді. Бізді көріп босаттыр. Мына жауыз отқа қақтап жеймін деген ойынан айнып, бізді босатқанымен, киеміз мына екі аяқтының сазайын тарттырады. Егер бізді босатпаса, киеміз де оны жетпіс атасына дейін қақпанынан босатпайды», - деп айтты.

Әкесі басқа жыртқыш мақұлықтар туралы айтпайтын. Әкесі көбіне жауыз екі аяқтылар туралы айтатын-ды.

Әкесі айтқанындай, екі аяқты босатып жіберді.

Жоғары-төмен, өрден ыққа ұшып, бір үйдің шатырына қонды. Жан-жағына қарап алып, ұрғашысы сөз бастады.

— Анау үйдің алдындағы, - деді электр тогы жүріп тұрған сымға қонақтап отырған ала қарғаны нұсқап, — сол үйге жаманат хабар айтып тұр екен. Сол үйдің ұшпайтын екі аяқтылары оны бәрібір түсінбейді.

— Алыстағы ағайыны ғой өлетін. Пәлен уақытта деп уақыт сәтіне дейін айтып тұр ғой, - деп еркегі қоштады.

— Мына үйде қызыл сирақ аталастарымыз бар екен.

— Асыранды көгершіндердің неге сирақтары қызарып кетеді екен осы? - деп еркегі қарсы сауал қойды.

— Аталастарымыз да біз сияқты қос жұмыртқа табады. Жұмыртқаны жарып шыққан балапандары қызыл сирақ болып туады, солай болып қалады.

— Үкіден сұрап білу керек, - деді аталығы.

— Үкі де жауыз. «Үлеме» деген атты жамылып алған қанішер, - деді аналығы.

— Қазда жазық жоқ, өмір сүргісі келмеді. Сұңқарда жазық жоқ, өмір сүргісі келеді. Өмірдің берекесі тіресінде, махаббаттың берекесі стресінде, - деп үкі айтады екен.

— Біз өмірдің берекесі үшін жасаймыз, ал мына жауыз ұшпайтындар бұл дүниенің қызығы үшін жасайды. Бұл дүниенің біз үшін берекелі болуы, жауыз ұшпайтындардың бұл дүниеде қанағатсыз, мұраттарының баянсыз болуы осы кірлеген түсініктерінде жатыр.

— Әй, ана төрт аяқты кеткен шығар, барлап келейін, - деп аталық көгершін жеңіл көтеріліп кетті...

Қабыл Әбдірахманұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan