Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Күләш АХМЕТОВА, ақын: БІЗДІҢ ҚЫЗДАРДЫ ҚҰРТЫП ЖҮРГЕ...

25.04.2016 4941

Күләш АХМЕТОВА, ақын: БІЗДІҢ ҚЫЗДАРДЫ ҚҰРТЫП ЖҮРГЕН – ТАЛҒАМСЫЗДЫҚ

Күләш АХМЕТОВА, ақын: БІЗДІҢ ҚЫЗДАРДЫ ҚҰРТЫП ЖҮРГЕН – ТАЛҒАМСЫЗДЫҚ - adebiportal.kz


скачанные файлы.jpg
– Күләш апай, өмір бойы ізгілікті, азаматтықты, көктемді, қыз сезімін жырладыңыз. Көп адам үшін көктем мен сіздің жырыңыз егіз болып кеткен. Бірақ сіздің өлеңіңіздегі қыздар басқа, бүгінгі өмірдегі қыздар бөлек. Құдай жаратқан нәрсенің бәрі қалыбында, өзгерген адамның өзі ғана. Қыз-келіншектің табиғаты да өзгерді. Бүгінгі қыз-келіншектердің тәрбиесі мен мінезі көңіліңізден шыға ма?

– Қыз баласына мейірім мен қамқорлық көбірек қажет. Оларға жетпей жүргені де осы қамқорлық. Қыздардың өз бастарында да жетіп артылатын келеңсіздік бар шығар, бірақ жақсы елдің қыздары мықты болады. Өмірлік серігін айнымай тауып, жақсы жерге барған қыз мықты болады деп жатады. Ұрпақ алдында бәрінен де жауапты бүгінгі қыздың тәрбиесіне ата-анасы мен әулет ортасы өте көп көңіл бөлуі керек. Келінді де жасқамай, өз орнында ұстай білген дұрыс. «Орны» дегенде, қазіргі келіннің орны – қазан-ошақтың айналасы емес, қоғам. Ал кез келген қазақ келінінің отбасы мен қоғамдағы орнын тең ұстауға толық мүмкіндігі бар. Ондай әйелдің баласы да қоғаммен бірге өсіп, бірге ілгерілейді. Алла Тағала кімнің арқасына болса да, тек көтере алатын жүкті салады. Қандай ауыртпалық түссе де, отбасындағы берекені айрандай ұйытып ұстап отыруға тиістіміз, міндеттіміз. Ол қолдан келеді. Бірақ қайткенде де тәрбие, қамқорлық, демеу керек. Осы тұрғыда елдің басында отырған азаматтардың көзқарасының түзулігі, қамқорлығы жетпей жатыр-ау деп ойлаймын. Қыз тәрбиесіне, имандылық жолына байланысты ұлттық саясат ұстанымы керек. Онсыз болмайды.

– Сіздің басыңыздағы орамалды көрем де ауылдағы аналарымыз, әжелерміз есіме түседі. Олар да орамалын желкесіне түюші еді. Орамалды қашан салдыңыз басыңызға?

– 1995 жылы біздің үйдегі ағаң 50 жасқа толды. Сәл шегініс жасасам, 1993 жылы исламның белгілі білгірі Халифа Алтай ағамыздың көшенің қарсы бетінде тұратын көршіміз екенін білдім. Көрші тұрған соң танысып, шақырысып дегендей, екі отбасының арасында жақсы сыйластық орнады. Олар да бізді бірден жақсы қабылдады. Сөйтіп Қайыркең 50-ге толғанда, «балаларымның әкесі жігіт ағасының жасына келді. Төңірегімде құран аударған, дінмен нәрленген адамдар жүр. Мен неге имандылыққа бет бұрмаймын?» деп, басымды сәждеге тигіздім. Алланы тануыма сол кісілердің тікелей әсері болды деп ойлаймын және соған қуанамын. Осыдан кейін имандылық жолында жүрген қыздар, азаматтар топ-топ болып өздігінен маған қарай тартыла бастады. Содан кейінгі қоныстанған үйімізде Рәтбек қажымен көрші тұрсақ, сәл кейінірек Мұртаза Бұлұтаймен көрші болдық. Содан кейін-ақ о жағымда да, бұ жағымда да, қайда барсам да, алдымыздан иман жолындағы адамдар кездесе берді. 1990 жылы бір топ ғалымдар, ақын-жазушылар Сирияға сапарлап бардық. Тап осы күні айт болатын, қонақүйде жатып таңғы азанды естігеннен кейін-ақ жүрегім нұрланып, сол жерде өлең жаздым. Өзім де сәулелі күннің алыс емес екенін іштей сезетін едім, имандылыққа бұрылып, енді тіпті жақындай бастадым. Орамал басыма осылай келді.

– Мұны сұрап отырғаным, жақында жұрт алдында белгілі дизайнер- модельер Құралай Нұрқаділованың «высокая мода» деп аталатын деңгейдегі де-люкс класына жататын киім үлгілерінің топтамасын жасады. Сол баяғы ескі сарын: беттен өзгенің бәрін бүркемелеген, тобыққа түскен киімдер. «Мұсылман қыз-келіншектерге арналған киім үлгілері керек» десе болды, осы тақылеттес, бір-бірінен аумайтын униформа тәрізді арабтың киімін алдыға тартып шыға келеді. Кеше ақ орамал, бүгін қызыл орамал, ертең көк орамал, өзгерісі тек түсінде ғана. «Қазақтың қызына арналған бас киімнің үлгісі мынау» деп, сіздің басыңыздағы орамалға ұқсайтын үлгілердің дүниеге келмей жатуы неліктен?

– Біріншіден, мен Құралайдың үлгілерін көргем жоқ. Сондықтан ол туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ бір білетінім, «высокая модаға» «высокая культура», «высокая экономика» керек. Екіншіден, ислам әлемінде жаңалықты ешкім аша алмайды. Сәл ілгеріректе Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында сондай бір көрсетілім болғанда, мен де қатысып, көргенмін. Әйел адам болған соң орамал тартуымыз керек, бірақ оны тартқанда да талғам болуы керек. Заманауи талғам. Біздің қыздарды құртып жүрген – талғамсыздық. Қытайдың, түріктің өңсіз, қарала, торала, алабажақ атлас орамалдарын жауып алып, өзіміздің қара торы қыздар одан сайын ажарсыздана түседі. Көз алдымызда біртүрлі одан әрі бәкене болып, аласарып кетеді. Көргенде, жаным ашиды. Бірнеше араб елдерінде болдым, бірақ дәл біздегідей алабажақ талғамсыздықты ол жерден көргенім жоқ. Біріншіден, бұл талғамсыздық болса, екіншіден, онымен қатар тұратыны – қолдың қысқалығы. Жастардың қолы жақсы бұйымға жете бермейді. Талғамсыздық пен экономикалық қиындықтың салдарынан қыздарымыз келеңсіз көзге түсіп қалып жүр. Бұл жерде талғам, сосын мүмкіндік керек.

– Сіз орамалды қазақша тартасыз, сол туралы...

– Менің жасымда қазақша тартуға болады. Ал бүгінгі жастардың орамал тартуы туралы шариғаттың атынан пәтуа айта алмаймын. Айтатын бір ғана нәрсем, талғаммен әдемі киіне білу керек және оған мүмкіндік сай болуы керек. Сүйретілген киім кию міндет емес және ондай жазуды еш жерден оқыған жоқпын. Әйел баласы өте жинақы, таза, тиянақты болып жүруі тиіс. Жалғыз орамал киім болмайды, үстіңдегі костюм дейміз бе, көйлек дейміз бе, юбка ма, соның бәрі орамалмен үйлесім табуы тиіс, бұл бірталай қаржыны қажет етеді, экономикалық мүмкіндік деп сипақтатып отырғаным сол. Ал Құралайдың мұсылман киімін биікке көтеремін деген талабы жақсы, бірақ кез келген студенттің оны киюге мүмкіндігі жоқ. Ол үшін үлкен мәдениет, талғам, білік керек, екінші жағынан діни тәрбие де керек. Орамал тақырыбы қозғалса болды, кейбір кісілер «қазақ қызы тақия киген, сәукеле киген, бөрік киген» деп шығады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Біз қай заманда өмір сүріп жатырмыз? ХХІ ғасырда өмір сүріп отырып, ХҮІ ғасырға қайта орала алмаймыз. Қиын да болса осыны мойындайық. Мен, мысалы, кимешек кие алмас едім, сол секілді өзің де сәукеле сала алмас ең басына. Сондықтан анау артта қалған ғасырларға да кетіп қалмай, ана араб елдеріне де еліктемей, өзіміздің ұлттық болмысымызға лайық, өз заманымыз бен өз талғамымызға сай, сұлу кейпімізді сақтап жүруге де болады деп ойлаймын. Ең алдымен жүрегіңді иманмен толтыр, ол мейірім мен махаббатқа шүпілдеп толып тұрсын, өзіңді рухани байытып ал, тіліңнен, көзіңнен сол төгіліп, жаныңнан сұлулық есіп тұрсын, тәнің таза болсын, міне, адамға алдымен керегі осы, ал орамал содан кейінгі мәселе. Біздегі бір нашар қасиет, дұрыс-бұрысына бойлап жатпастан шектен шығып кетеміз. Исламда «Әр нәрседе орташа болыңыздар» деген сөз бар. Кез келген мәселеде алтын аралықты ұстағанға не жетсін.

– Барған жеріңізде, дастархан басында діни алауыздықтан туған пікір қайшылығы орын алып, бірін-бірі іліп-шалған дүрдараздықтар туындап жататынын талай көрген боларсыз. Сондай әңгіме Алланы шын сүйген мұсылман баласына тән мінез бе?

– Жоқ, тән емес. Мен өзімнің табиғатымда айтыса кетуді ұнатпаймын. Дәл сол жерде біліміңді демонстрациялап, оқығаныңды дәлелдеуді артық деп санаймын. Бір-екі сағатта ештеңе шешілмейді. Естігеніңді көкейге түйіп, «е-е, мұның жөні осылай екен ғой» деп, өзің үшін ақиқатын біліп, сабыр сақтап кете беруге де болады. Меніңше, айналаңа сөз жарыстырып емес, болмысыңмен, мінезіңмен үлгі бола білуің керек. Тіпті үлгі болу үшін емес, көркем мінез өзің үшін керек. Өзіңнің «дұрыс өмір сүріп жүрмін» деп ойлауың үшін қажет ол.

– Сіздің «сөзге өте сақтықпен қарау керек» деген сөзіңізді оқыған едім бір жерден. Сөзді өнер деп білген ақынға бұл қаншалықты мүмкін нәрсе?

– Әңгімені әріден қозғап айтсам, біз кеңестік кезеңде өмір сүрдік. Ол кездің ең бейпіл нәрсесі арақ еді. Дүкенге барғанда, айран табылмаса да, арақ табылатын. Ет үшін, сүт үшін кезекке тұрасың, бірақ судай төгіліп жататын ақ арақ үшін кезек болмайтын. Сондай қоғамда өмір сүргенім үшін өкінемін. Екіншіден, әдебеиетте «ананы жазба, мынаны жазба» деген екі шоқып, бір қарайтын қатаң цензура болды. Қолына қалам ұстағанның бәрі жазылмаған заң секілді нені жазу керек, нені жазбау керек, іштей біліп тұратын. Сынға ұшырамайтын, тыйым салынбайтын, тексерілмейтін тақырып – махаббат тақырыбы еді. Алдымыздағы апаларымыз, ағаларымыз жайлап жаза бастады, соңындағы біз де бұрқыратып іліп ала жөнелдік. Ол махаббат басымыздан өтіп жатыр ма, өтпей жатыр ма, ол шын ба, өтірік пе, оның иесі кім, өмірде бар адам ба, жоқ па, еш сараптап жатпастан ақын қыздардың бәрі ал кеп жарыса жаза бастады. Менен кейінгі ақын қыздардың алдында кішкентай болса да менің де жауапкершілігім бар-ау деп ойлаймын осы күні. Бірақ қазіргімен салыстырғанда біздікі «Құдайға шүкір» екен. Қазір тіпті аттың басын қоя берді ғой. Кеңес Одағы соғыста жеңіске жетіп, алып империяға айнала бастаған соң адамдардың бойына астамшылықты, эгоистік сезімді еге бастады. Мен аса ірі қазақтың ақыны, мақтанышы Олжасты мысалға келтіруге де ұяламын, бірақ оның «Адамға табын, жер, енді» деген поэмасы бізге де қатты әсер етіп, сондай өршіл рухтағы өлеңдер өмірге көп келді. Бірақ мұның өзі Олжасқа орыс ақындарынан жұққан «дерт» еді. «Мен дүниені олай өзгертемін, мен табиғатты былай бағындырып жіберемін» деген күпірлікті бәріміздің өлеңімізден тауып алуға болады. Ол сөздің сұрауы болатынын, ол сөздің сауабы болатынын ол кезде біз онша аңдамадық. Мен осы астамшылықтан Халифа Алтаймен кездесіп, имандылық жолына бет бұрғаннан кейін бірте-бірте арыла бастадым. Бірақ оны да бір Алла біледі. Біреуді сыртынан «нашар кісі екен» десең де, жауап беретін көрінесің, ал біздің өлеңімізде «ондай-ондайдың» қаншасы кетті. Алайда бір нәрсені бір нәрсе ақтап ала алады. Өзіме өзім сын көзімен қарасам, мен өлеңімде өмір бойы адамгершілік, ізгілік, отаншылдық, гуманистік бағыт бәрінен жоғары тұрды. «Дүниеден өтсе де, артынан сауабы келіп тұратын екі-үш адамның амал кітабы жабылмайды, соның біреуі – артыңда жақсы сөзің қалса, сауабы келіп тұрады» дейді. Өйткені анам туралы, жарым мен балаларым туралы ел жаттап алатындай екі жол өлеңім есте қалса, ол мен үшін үлкен сауап. Арасында қателер кеткенімен, өзіме зиян болатын нәрселер жаздым деп ойламаймын.

– «Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің,
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің.
О, Раббым, Сенен бөлек осыншалық
Нығметтерді мен үшін әзірлер кім?!», – деген екенсіз. Сіз секілді имандылық жолына бет бұрған бір ағаларымызға хабарласып «не жазасыз, не оқисыз» деп сұрасаң, «қарағым, діни, рухани әдебиеттен басқа ештеңе оқымаймын, көркем әдебиетіңді оқуды қойғанмын», – дейді. Сіз кімдерді оқып жүрсіз, кімдердің шығармашылығы жақын?

– Мен бәрін оқимын. Бірінші кезекте поэзияны оқимын. Өзім шығармашылығын жоғары бағалайтын ақындардың жаңа жазылған өлеңдерін жібермеймін. Талантын мойындайтын жақсы ақындарым көп. Мысалы, «Есенғали неге шықпайды екен?» деп іздеп жүремін, Ұлықбекті көрсем, жабыса қалып оқимын. Тыныштықбек, Темірхан, Серік Ақсұңқарұлы секілді поэзияға өзіммен қатар келген, басқа да қапелімде есімі есіме түспей жатқан ақындардың жалқы шумағын көзім шалса да, шұқшия қаламын. Гүлнәр Салықбайдың өлеңдерін жақсы көремін. Жастардан Маралтай, Ерлан Жүністі жоғары бағалаймын. Әдебиет деген қызық өзі, кейде біреудің аты шығып қалады да, аузыңа сол түсе береді және барлық адам соны атайды. Бірақ одан да жақсы ақындар болуы мүмкін ғой. Қазір көз жанарым да талып барады, соған қарамастан қазақ әдебеитінде жарық көрген дүниелерді айтпағанда, әлем әдебиетінің жаңалықтарынан құр қалмауға тырысамын. Жапон поэзиясын жақсы көремін. Түрік поэзиясы ұнайды, аудармамен оқысаң нәрі таңдайыңа бармаған соң, көңілің тыншымайды. Сол себепті қазір түрік тілін үйренгім келіп жүр. Түрікше ауызекі сөйлеу тілін аздап білемін, енді жазып, оқу тілін меңгергім келеді. Химияның, бояудың иісі шығып тұрса да, «мені сыйлап жаздырып берді ғой» деп, үйіме келетін 12-13 мерзімді басылымның барлығын да шексіз ризашылықпен қадағалап отырамын.

– Қайырбек аға екеуіңіздің отасқандарыңызға 42 жыл болыпты, әлі күнге дейін бірін-бірі еркелетіп атайды екен дегенді естиміз. Шын ба?

– Менің «жеңістер мен жеңілістерден тұратын өмірде жаныңда ешкім қалмайды, қалатыны бір адам» деп келетін «Бір адам» дейтін өлеңім бар. Дүниемнің түгел екенінін көрсетіп тұрған бір адам жанымдағы серігім – Қайыркең. Қандай қиындық болып жатса да, уайым келіп киліксе де, әлемді екеуіміз сақтай алмаспыз, Қазақстанның кемшілігін толтыра алмаспыз, бірақ екеуміз бір-бірімізді сақтауға барынша күш саламыз. Сол себепті өзімнің отбасым мен Қайыркең үшін бүкіл күшімді салдым – махаббатымды, ақылымды, білімімді, жігерімді, бәрі-бәрін салдым осы ұлы құндылық үшін. Әлі де салып келемін. «Абайсызда жұрт ішінде сүрінсем, жүгіретін біреу болса қол созып» дегенде, қол созатын адамым – Қайырбек, Қайырбек үшін қол созатын адам – мен деп ойлаймын. Ал еркелету үшін күнде бір сөз таба береміз. Таңертең ұйқыдан ояту үшін – бір сөз, шайға шақыру үшін – бір сөз, асыққанда да – бір сөз, ашуланғанда да – бір сөз. Екеуміз де ақын болғасын ба, күн сайын ондай сөздің жүзін тауып айтамыз. Аялы сөзді айтудың да еш қиындығы жоқ, өз-өзінен шыға береді.


– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар