Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Лаура Дәуренбекова. Әкім ағай...

21.09.2023 1662

Лаура Дәуренбекова. Әкім ағай 14+

Лаура Дәуренбекова. Әкім ағай - adebiportal.kz

Белгілі жазушы С.Мұратбеков «Басында Үшқараның» туындысын қаламдас досы Әкімге деп Әкім Таразиге арнаған. Сондықтанда бұл тақырыпты, жазушы шығармашылығын қарастыруды, жазушы шеберханасына үңілуді, жазушы келбеті, жазушының іс-тәжірибесіне назар аударудың түрлі тәсілдерін тәжірибе жүзінде талдауды  үйреткен  Әкім ағайдан бастасам деп тұрмын. 

Әкім ағай 1997-2001 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Әдеби шығармашылық» бөлімінің студенттеріне «Әдеби шығармашылық» курсынан сабақ берді. Әкім Тарази шығармашылықтың қыр-сыры туралы дәріс оқып қана қоймай, мүмкіндігінше жазушыларды сабаққа шақырып, не болмаса олардың қызмет орындарына жетектеп апарып, сұхбат сабақтар өткізетін. Ш.Мұртаза, Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков, Д.Исабеков, Б.Нұржекеев, Б.Мұқай т.б жазушылардың шығармалары бойынша, ойтүрткі, прототип, тақырыбының атауы, автордың өз бейнесі, сюжеттері т.б. туралы сан түрлі қызғылықты сұрақтарға жауап іздейтінбіз. Біздің сұрақтарымызға бір сыры ашылып қалатындай, не болмаса айтқысы келмейтін тұстарын сырғақтата бастағанда  Әкім ағай «сұрақтарыңды қоя беріңдер. Осы тұсы сендерге керек. Біліп алыңдар» деп бізді қамшылап отыратын. 

Бірінші курс студенттері үшін жазушыға сұрақ қою оңай емес. Біздің сұрақ қоюымызда қызық еді. С.Мұратбековке «Жусан исіндегі Аян өзіңізсіз ғой, балалар үйіндегі өміріңіз қалай болды?»,  Д.Исабековке «Гаухар тастағы, Қайрошсыз ғой. Жеңгеңізге ғашық болғаныңызға ауыл қалай қарады?», Қ.Ысқақовқа «Қоңыр күз дейсіз, күз туралы неге аз айтқансыз?» Әкім ағай айтпақшы сұрақтарымыз «түйеден түскендей» болушы еді. Шығарма жазушының басынан өткені, онда алып-қоспасы жоқ деп қабылдайтын бізге Әкім Тарази өмірлік шындықтың, көркемдік шындыққа айналатыны жөнінде, кейіпкер прототипі бір емес, бірнеше адам болуы мүмкін екенін, кейіпкер автор болмағанымен, оның ар жағы, ойы, идеясы автор болуы мүмкін екенін егжейлі-текжейлі түсіндіретін. Осылайша шығарманың сыртынан емес, ішіне үңіле отырып,  автор сұлбасын байқай білу қажеттілігін ұғындыратын. 

Әкім ағайдың жазушылық өнер туралы айтқан теориясы мен тәжірибесін қатар ала отырып, өзінің замандасы, жазушы С.Мұратбековтың аталған повесіне назар аударайық. Бізді қызықтыратыны жазушы бұл шығарманы неге Әкімге арнады. Оқырман, «Әкімге»  деп арнаса онда повестегі оқиғалар, ситуациялар «жазушы Ә.Таразидың басынан өткендері» деп жобалауы  немесе «осы повестегі жағдайлар автордың басынан кешкендеріне Әкім Тарази  куә болғандықтан соған арналған» - деп түсінуі мүмкін. Әкім ағайдың «Қаламдас дос туралы эссесінде» жолдастарымен Сайын Мұратбековтың ауылына қыдырып барғаны, Қоңыр таудың етегіне орналасқан Ешкіөлмес ауылында қонақ болып, елі мен жерімен танысқаны туралы әсерлі суреттелінеді. 

«Басында Үшқараның» хикаятындағы «Әсетті ауылдастарының, қыз-келіншектердің күтіп алуы, көпке дейін әпкесінің құшақтап, құшағынан босатпауы, жас келіншектердің дастархан жайып, мәз-мейрам болуы, Әсетті өзінен кейінгі жастардың танымауы Жұмекен екеумізге әсер етпей қалған жоқ» [1, 25 б] - дейді. Яғни, шығарманы оқып отырған Ә.Таразидің  көз алдына  Ешкіөлместің етегіне жайғасқан жазушының ауылы, С.Мұратбековтың  әпкесімен кездескен сәті, ондағы қонақты қарсы алған ауыл  тұрғындары  Әкім  ағайдың  сөзімен  айтсақ «Ер мінезді жігіттер мен ғажайып қылықты нәзік қыздар» тізбектеліп өтіп жатты. 

Бұл жөнінде жазушының жары Мәриям Мұратбеккеліні: «Басында Үшқараның» деген әңгімедегі Әсет – Сайынның өзі. Бір жылы Сайын қаламдас достарымен бірге Қапалдағы Сайынның атасының жайлауын аралап, Бұрхан бұлаққа барып қайтқан. Келгеннен кейін ойыма бірдеңелер келіп жүр. Бір шығарма жазсам ба екен деп жүрді. Келер жылы Әкім Тарази өз ауылының жайлауына шақырып кетті. Содан келді де, күзге салым «Басында Үшқараның» әңгімесін жазып шықты». Әңгімесін Әкім ағаға арнау себебі, екеуі бір туғандардай тату, адал дос еді. «Әкім көкеміз 1962 жылы жазда оқуды Мәскеуден бітіріп келгенде алғаш Тахаңмен бірге барып танысып едік», - деп отыратын Сәкең. 1964 жылдан бастап ағалы-інілі бауырлардай бірін-бірі сыйлап, соңғы күндерге дейін жақсы араласты. Саяжайдағы үйде терезесі тауға қараған бір бөлмені Әкім Тарази қатты ұнататын, келген сайын сол бөлмеде жататын. «Бұл жерден Найзақара тауы жақсы көрінеді, сонысымен ұнайды», - деуші еді. Әлі күнге дейін қоңырау шалып, Алматыға келсе, үйге соғып, амандық сұрап, қамқор болып жүреді. Дәл қазір ондай адал достыққа әркім де зәру емес пе. Ал біздің жолдастығымыз тамырын тереңге жайып, бірге туған бауырлардай жақындасып кеткенбіз. Шығарманың басты кейіпкері Әсет - Сайынның өзі. Зағипа - әлі де бар, ақсары, ақжарқын келіншек-тін. Қазір ауылда тұрады. Малшының әйелі. Шын аты - Сәруар. Алматыға келсе, міндетті түрде үйге соғады. Сәулетайға келетін болсақ, әңгімеде баяндалған жағдай шынымен де болған оқиға. Оны Сәкең біраз өңдеп, шығармаға қосқан ғой. Ал әпке деп отырғаны - Мұратбектің інісі Мұратудың қызы. Әңгімедегі ұзатылып жатқан сол қыз болатын. Басқа кейіпкерлер де осы Қоңыр ауылының тұрғындары. [2, 2 б] - деп еске алады.

«Сенің ауылыңда көрген-білгенімнің әсерінен туған еді» - деп әңгімесін маған арнады - дейді Әкім ағай. Бірақ мен ары оқып, бері оқып, шығармадан өз ауылымның бейнесін таба алмадым, керісінше оқыған сайын  Ешкіөлместің баурайына қалай барып қалғанымды аңғармай, таңырқаумен болдым» - дейді автор. Демек, шығармадағы көркем тілмен суреттелінген оқиға желiсiнiң шынайылығы, ауыл табиғаты, тыныс-тіршілігі нанымды суреттелінген. Болашақ шығарманың материалы жөнінде Әкім ағай: «Сөткесіне 24 сағат әлденені іздеймін, іздеуде жүремін. Кіммен сөйлесем, қайда барсам да, шығарма материалын іздеймін. Қажет дегенді миымдағы дискетке жазып қойсам еш уақытта ұмытпаймын» деуші еді. Әрине, кез келген жазушы көргенін көңілге тоқып, көкірек сүзгісінен өткізіп қажет кезінде кәдеге жаратады. «Басында Үшқараның» туындысы да жазушы санасында әбден-пісіп жетіліп, Әкім ағайдың ауылынан оралғанда С.Мұратбековтың өзі айтпақшы 2-3-ақ күнде өмірге келген. Бірде Әкім ағайдан: «Шығармаңызға қажетті өмір құбылыстарын қайдан аласыз?» деп сұраған едік. «Бір оқиға, екіншісімен араласып жатуы заңды. Оқиға өтетін географиялық аймақтың да бейнесі де құранды болып келуі мүмкін. Өңделеді, толықтырылады» - деп жауап берген еді. Демек, бұл шығармада автордың өз ауылы мен Әкім ағайдың ауылы, жалпы қазақ ауылының көрінісі бар деуге болады. Жалпы шығармада, автор бала кезінде аттылы-жаяу жүрген бетегелі белестерден бастап,  масайраған дүние, өзінше бір қым-қуыт өтіп жатқан у-да шу қызық тірлікті артқыға шегініс арқылы суреттеп өтеді. Балалық шақ, жастық шақ, жалындаған махаббат Сәулетай, Зағипа кейіпкерлері арқылы барлығында еске алады. 

«Басында Үшқараның...» - С.Мұратбеков шығармашылығының шыңы. Осы әңгімеде жазушы таланты бар қырынан ашылып, шарықтайды. Тағы да сюжетсіз әңгіме. Ауыз толтырып айтатын пәлендей оқиға желісі жоқ. Бірақ сөз құдіретіне арбалып, оқи бергіңіз келеді. Осы әңгіме бітпесе екен дейсіз. Араға жиырма шақты жыл салып, Әсет Алматыдан өз туған ауылына оралады. Пойыздан түскен бетте біз ауылын сағынған, бүгінде қалалық болып кеткен азаматтың көзімен далаға қараймыз. Балауса шақты еске аламыз. Әсет сияқты ауылын тастап ешқайда кетпеген балалық жастық шағы бірге өткен қатар-құрбыларының бірінен кейін бірімен кездесеміз де отырамыз. Бұл жайт көбімізге таныс. Әсеттің көзімен бейне өзіміздің өткенімізбен кездескендей, өз ауылымызды, өзімізді-өзіміз қайта танығандай, қайта ашқандай боламыз» [2, 18 б]. «Басында Үшқараның» әнімен үндес келетін шығарма тақырыбының астарында қайта айналып келмейтін жастық шақ, қимас сезімдер, қимас сәттер жатыр. 

                 «Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі осында,

                 Апырмай неге келдім сол арадан» 

«Осы бір сәттер үшін, осындай ыстық сағыныш үшін өмір сүру қандай жақсы» [3, 18 б] - бұл шығарманың мотиві. С.Мұратбековтың қай шығармасын алып оқысақ та, лирикалық бір әуен тұрады. Мөлдір таза сезімнен өрілген бұл туынды оқырманын баурап отыратыны да сол. 

Әкім ағайға «кейде жазушылар шығарманы белгілі бір адамға, тұлғаға арнайды. Әкеме арнадым, шешеме арнадым» деп жазып қоятыны бар. Ал, сіздің осындай туындыларыңыз тіпті, әке-шешеңізге арнаған шығармаңыз  бар ма? дегенімізде, «ондай туынды аса биік болуы керек» деп жауап берген еді. Демек, С.Мұратбековтың Әкімге деп досына арнаған шығармасын да аса биік туынды деуге болады. 

Лаура  Дәуренбекова

А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық 

институтының доценті

Әдебиеттер тізімі:

  1. Тарази. Ә. Көркемдік құпиясы.  – Алматы, Санат, 2009. – 224 б.
  2. Мұратбеккеліні М. «Басында Үшқараның» әңгімесінің жазылу тарихы былай еді...// Жалын.  – 2010. №4.
  3. Мұратбеков С.Жабайы алма. -  Алматы, Жазушы, 1987 – 306 б. 

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар