Бұған дейін «Замандас пікірі» айдарында бірнеше ақынның шығармашылығы туралы замандастарының шынайы пікірлерін жариялаған едік.
Ал бұл айдарының бүгінгі кейіпкері – ақын Толқын Қабылша.

Неге біздер қанатсыз боп жаралдық?
Дейсің бе, әлде,
ұғына алсаң, ғаламды ұқ?
Мұнша сұлу болармысың, адалдық?!
Неге біздер, ғарышта емес, жердеміз,
Неге біздер қанатсыз боп жаралдық?
Жанарыма жазықсыз бір жас тұнды,
Жан-тәнімде бір сағыныш асқынды.
Іңкәрлікте болмайды екен басқа жол,
Нәзіктікте болмайды екен басқа үлгі!
Жер менен көк қайталамас сәт дедім,
Жаратқаным, сен осынша пәк пе едің?
Періштенің сезіндірген шын хәлін,
Күнәхардың сезіндірген әттеңін.
Қандай қуат, жаратты екен, жан, арды?
Қандай қуат, жалт еткізді жанарды.
Қандай тұнық, біздің осы сағыныш?
Қандай сұлу, біздің осы адалдық?!
Сені жырлау болсын енді маған құт!
***
Сенің мені қызғанғаның ұнайды,
Сыйланбаған қызғалдағың ұнайды!
Ғұмырымда өзің болған әр мезет,
Жақындатар көгімдегі құдайды!
Айналғандай аспан жерді, күн айды,
Менің сен деп сабылғаным ұнайды.
Күллі әлемнің қағидасын тәрк етіп,
Сенің мені сағынғаның ұнайды!
Тағдыр, бізді солай ,
бәлкім, сынайды,
Кейде, сені қызғанған сәт ұнайды.
Білесің бе, саған ғұмыр, бақ тілеп,
Мына жүрек,
таңда қалай жылайды…
Сені адал деп сенген әр күн ұнайды,
Адалдық қой жақындатар құдайды.
Бәз біреулер баз кешетін бұл ғұмыр,
Сенген, сүйген сәтте ғана шырайлы!
Адалдық деп оған өзім ат қойғам
Ар алдында айнымаған сертінен,
Жанның бәрі шынайы.
Жан мен тәннің арпалысы, өртінен,
Ол жеңеді ұдайы.
Ол жеңістің сондай ғажап шаттығы,
Желбірейді туы нық.
Ол аңсардың басылмайды еш аптығы,
Күн кеше алмас суынып.
Жалқы сөзі дәтке қуат,Тәңірдей,
Тіл қатқаны жылылық.
Жүрегімді жаулап алған Әмірдей,
Тәнті етеді ұлылық.
Тынысы оның ауада жүр, өмір боп,
Әміршісі ол сезімнің.
Ол жымиса, жарқырайды көгімде от,
Тамыршысы ол төзімнің.
Адалдық деп оған өзім ат қойғам,
Құп алғанмын шешімін.
Құдірет пе ең?!
жанарымда қап қойған,
Ғұмыр болсын,
енді екінші есімің!
Мүмкін
Көзімнен нені оқисың?
Түн, жарық түн?!
Сыр бағасың, жүзімнен, ұрланып мың.
Тұнжырап аққан судың өксігіндей,
Мұң сырғысын,жанардан,
шын ғаріп мұң.
Сергелдеңнің таба алмай мың бір емін,
Хаққа жайған қолым ғой, шын тілегім.
Сәулесінен сығалап ай қарайды,
Сағынышы сыздатып түн жүрегін.
Кеуде тұсым шым етті,
ұғынбадым,
Сағынғаным, жоқ, әлде, суынғаным?
Мыңға жұмбақ жанымдай аспан да үнсіз,
Ұғынықсыз өзіме бүгін хәлім.
Көздеріме қарайсың көлдей тұнық,
Көлдей тұнық сезімді көлбей тұнып.
Арамызда жол жатыр жалғыз аяқ,
Сағынышқа барар жол, сөнбейтін от.
Сөнбейтін от,
сол алау аңсарым ба?
Жалғыз аяқ жол қанша жер шарында?
Өзен бойлап, бір әуен естіледі,
Мүмкін, менің бақытым сол сарында…
Толқын Қабылша.

Ақын Сағыныш Намазшамова
Мұқағали «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой... Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой», - деп жырлаушы еді ғой. Толқын Қабылша өз өлеңдерімен «Сол сәуле міне!» - деп алдыңа жанының жарығын жайып салатын ақын. Оның: «Мен — Күнмін, жүрегі — нұр, тәні — шуақ», - дегеніне өз басым бір мысқыл да күмәнданбаймын.
Толқынның өз бойындағы аңғалдығы, алғаусыздығы, еркелігі мен еркіндігі тура сол қалпымен өлеңіне көше салғандай. Өлеңі мен өзі – бүтінді құрап тұрған қос бөлшек.
Ол тартына жазбайды, төге жазады, астарлағаннан гөрі ашыла, ақтарыла жазғанды жөн көреді. Егер Толқынның өлеңін бір ғана түспен беру керек болса, мен ақ пен көк түстің алтын аралығын – көгілдір түсті таңдар едім. Көгілдір түс дегенде көз алдыңа бұлтсыз аспан, тербелген теңіз, жеңіл желпіген самал, әдемі бір гармония елестейді. Мұның бәрі Толқынның табиғатында, өлеңінің өзегінде жатқан дүниелер.
Толқынның мезгілі – көктем, мекені – махаббат, өлеңі – өмір, тақырыбы – тағдыр. Бір жақсысы, жырларында бақытты сәтіне де, базынасына да, мұратына да, мұңына да қоюлықты жолатпайды, барынша ашаң түстердің ауанында жырлайды. Соның арқасында қаламын қанат қып ұша алатын өмірсүйгіш қалпынан айнымай келеді. Жырлай бер, жақсы адам, жарық жан!

PhD, лингвист Жанар Мазибаева
Толқын Қабылша – қазіргі қазақ поэзиясында нәзік лиризм мен ұлттық дүниетанымды сабақтастыра жырлап жүрген ақындардың бірі. Оның өлеңдерінде адам жанының иірімдері, әйел болмысы, махаббат пен сағыныш, рухани тазалық мәселелері танымдық тұрғыда терең пайымдалады. Ақын поэзиясы оқырманды тек сезімге жетелеп қана қоймай, өмір құндылықтары туралы ойлануға шақырады. Табиғат пен адам болмысының байланысы, уақыт пен тағдыр ұғымдары арқылы автор ұлттық танымды заманауи көзқараспен ұштастырады.
Толқын Қабылша поэзиясының тілдік құрылымына келсек, ең алдымен лексикалық қабаттың байлығы байқалады. Ақын жалпы халықтық бейтарап лексиканы көркемдік мақсатта ұтымды пайдалана отырып, оған поэтикалық реңк үстейді. Мысалы, табиғатқа қатысты «жел», «жаңбыр», «түн», «сәуле», «көктем» сияқты сөздер тек номинативтік қызмет атқармай, символдық мәнге ие болады. Бұл сөздер контекст ішінде адамның ішкі күйзелісімен, үмітімен немесе сағынышымен астасып жатады. Сонымен қатар ақынның шығармаларындағы басты ерекшелік - тіл тазалығы, бейнелілік және эмоциялық-экспрессивтік бояудың үйлесімді қолданылуы. Өлеңдерінде эмоционалды-экспрессивті лексика молынан кездеседі. «Сағыныш», «мұң», «шер», «үміт», «жүрек» сияқты сөздер жиі қолданылып, лирикалық кейіпкердің ішкі әлемін тереңдетуге қызмет етеді. Мұндай сөздер поэтикалық мәтіннің әсерлілігін арттырып, оқырманға психологиялық ықпал жасайды.
Ақын тілінде көркемдегіш құралдар белсенді қолданылады. Әсіресе эпитет пен метафора айрықша орын алады. Мысалы, табиғат құбылыстары адам мінезімен астастырыла беріледі, дерексіз ұғымдар заттандырылып суреттеледі. Бұл тәсілдер поэтикалық образ жасауда маңызды қызмет атқарады.
Синтаксистік тұрғыдан алғанда, Толқын Қабылша өлеңдерінде қысқа тармақтар, үзік сөйлемдер, риторикалық сұрақтар жиі кездеседі. Мұндай құрылымдар лирикалық толғанысты күшейтіп, интонациялық әсер береді. Кейбір өлең жолдарында қайталау тәсілі қолданылып, негізгі ойды айқындауға мүмкіндік береді.
Ақын шығармаларында “алғаусыз” сөзі жиі әрі орынды қолданылады. Бұл – оның поэтикалық дүниетанымын айқындайтын кілттік лексема. «Алғаусыз» сөзі мағыналық тұрғыдан еш есепсіз, шартсыз, кіршіксіз деген ұғымды білдіреді. Қарапайым лексеманы тұжырымдамалық мәнге көтеріп, оны шығарманың идеялық-рухани өзегіне айналдыра білуі ақынның сөз қолданудағы ұтқырлығын көрсетеді.
Сонымен қатар автор тіліне дерексіз ұғымдарды заттандыру (сағынышты «сөйлету», үмітті «жүргізу»), табиғат пен адам күйін параллель беру, эмоциялық бояуы бар эпитеттерді мол қолдану тән. Қайталау тәсілі арқылы ойды бекіту, қысқа әрі үзік тармақтармен ішкі драматизмді күшейту де – оның стиліне тән ерекшелік.
Сонымен бірге автор поэзиясында антонимдік қарама-қарсылықтар арқылы ойды тереңдету тәсілі байқалады: жарық пен түнек, үнсіздік пен айқай, үміт пен күдік секілді контраст ұғымдар лирикалық шиеленіс тудырады. Синтаксистік параллелизм мен ішкі ырғаққа құрылған тармақтар өлеңге музыкалық әуез береді. Ақын кейде бір ғана кілт сөзді бірнеше қырынан қайталап, оған жаңа мағыналық реңк үстейді, сол арқылы мәтіннің семантикалық өрісін кеңейтеді. Ақын тілі табиғилығымен, сезімталдығымен және көркемдік нақышымен ерекшеленеді. Оның өлеңдері қазақ поэзиясының заманауи бағытта дамуына үлес қосып келеді.
Қорыта айтқанда, Толқын Қабылшаның өлеңдері – рухани ізденіс пен ішкі мәдениеттің көрінісі. Оның жырларынан адамгершілік, мейірім, сабыр, үміт сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды тануға болады. Ақынның поэтикалық әлемі оқырманға эстетикалық әсер берумен қатар, өмірді тереңірек түсінуге мүмкіндік жасайды. Сондықтан оның шығармалары тек көркем дүние ғана емес, танымдық әрі құндылықтық мазмұнға ие мұра ретінде бағаланады.

Драматург Жәнібек Әлікен
Орыстарда «Поэт в России больше, чем поэт» деген сөз бар. Шын мәнінде, бұл пайым қазаққа да дәл келетін секілді. Себебі қазақта «әу демейтін қазақ жоқ», «түйешінің де төрт жол өлеңі бар» деген сөз бар. Демек, өлең қазақтың табиғи болмысы. Ал сол көптің ішінен суырылып шығып, ақын атану - рухани биікке көтерілу деген сөз. Сондықтан да нағыз ақын күнделікті күйбең тіршіліктен бір бас жоғары тұрып, өмір мен өнерді тұтастыра алатын, сөзі мен өзі біріккен тұлға болу керек. Мұндай ақындар бізде тым сирек. Осы ұлы жолды жалғап келе жатқан кейінгі толқынның ішінде ақын Толқын Қабылшаны мен осы сирек ақындардың қатарына қосамын. Оның болмысы қандай нәзік әрі көркем болса, өлеңі де дәл сондай сырлы, сәулелі. Сыртқы сұлулық пен ішкі әлем үйлесім тапқан, оның поэзиясында тазалық пен биік талғам бар.
Туған жердің топырағы да ақын жанына өз өрнегін салғандай. Толқынның өлеңдері Сырдың қою шұбатынай нәрлі. Қызылорданың қоңыр тынысы, дариядай кең мінезі, қою тіршілігі оның жырларынан анық аңғарылады. Сонысымен де оқырманды бірден баурап алады.
Жалпы, ақындық талант бұл – энергия. Толқын Қабылша тек өлеңмен ғана шектелмей өнер адамдары туралы авторлық бағдарламалары жасады. Бұл да оның көкжиегінің кеңдігін, танымының тереңдігін көрсетеді. Сондықтан оны тек ақын ғана емес, рухани кеңістікте өзіндік үні бар тұлға ретінде бағалаймын.
