Маржан Ершу: Сатира – садақ

Бұл сатиралық топтама қоғамдағы өзекті мәселелер мен адам мінезіндегі қайшылықтарды ұшқыр әрі өткір тілмен дөп басып көрсетеді. Әрбір туынды оқырманды жеңіл күлкіге бөлей отырып, терең ойға жетелейді және өмірдің шындығына сыни көзқараспен қарауға тәрбиелейді. Өткір юмор мен астарлы ақиқатқа толы бұл шығармалар заман тынысын айнытпай танытатын құнды дүниелер қатарына кіреді. Сатираның қасиетті садағын теңдей ұстаған қаламгердің бұл еңбектері әрбір оқырманның көзін ашып, көңіліне ой салары анық. Оқып көріңіз…!

153

Маржан Ершу: Сатира – садақ - adebiportal.kz
фотоколлаж ЖИ көмегімен өңделді

ТАУ МЕН ТӨБЕ 

-Тазасың деп - сен неден?

Шалшық араз көлменен.

Төбе тауды күндейді

Биіксің деп сен менен! 

ӘУЕЗОВ  ПЕН КЕКІЛБАЕВ

Екі жас ақын сөз таластырып отыр:

- Бальзак  «Шегірен былғарысын» бар ғой, тоғыз мәрте өңдеген. Ақырында адам танығысыз өзгеріске ұшыратқан.

- Сол Бальзагің сөз боп па? Флобер «Иродиасын» он рет өзгертіп, оныншы нұсқасын ғана оқырмандарға ұсынған.

- Гогольдің «Ревизорын» білесің ғой, Гоголь осы шығармасын бес рет өңдеген ғой...

Екіншісінің оның сөзін жалғай кетуге жағдайы жетпей қалды да, - «Шалқыған ойы болмаған адам лепірме сөзге әуес келеді», - деп Абай айтқандай, ұлы таланттар ғана ұлы шығармалар тудыра алады», - деп еді, екіншісі айтты, «Бұл сөз Абайдың сөзі емес!», «Абайдікі» деді бұл. Содан не керек, екеуі ұзақ таласты.

Ақырында Абайдың кітаптарын қолдарына ұстап, әр сөзінің астын сызып тексеріп шыкты. Расында да бұл сөз Абайдікі емес екен. Енді кімдікі? Екі ақын ұзақ ойланды. - Е - деді бір кезде екеуі қосарлана. - Бұл сөзді айтса, қазақта екі адам айтуы мүмкін.  Әуезов не Кекілбаев!...

СУПЕР МЕН АРХАИЗМ

Қаламгер өз-өзіне есеп берді. Бүкіл ғұмыр бойы жазған, сызғанын теріп, жинап көптомдығын шығарды. 40 том кітап сөресінде сіресіп тұр. Күн сайын шаңын бір сүртіп қояды. Сүйсінеді. Елжірейді. Оқырмандармен кездесуге барғанда: «Осы 40 томдығыңыз сіздің таңдамалы еңбегіңіз болып табылады ма?» - деп біреу сұрақ қойды. Қаламгердің жүрегі соғып, тынысы тарылып кетті. Көзәйнегін түзеп: - Қарағым-ау, «таңдамалы» деген архаизм сөз ғой, «көптомдық» дегеннің ұғымы басқа. Қазіргі заманның тілімен айтқанда, «Супер», «Супер» десеңші, - дей берді... 

ЖАҢАЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚ

Өлеңге өзгеріс, жаңа форма керек екен. Бір ақын өлең жазды:

«Біреулер лағып жүр,

Миды шағып жүр,

Олар нағып жүр, Өкінішті!».

Міне, өлең! Ғалым біткен мәз болып, қол соқты. Міне, жаңалық! Жас сыншы: «Бүл өлең емес, жай бір мақала. «Лағып жүр, шағып жүр» - дің несі жаңалық?!  Ой, сезім, көркемдік қайда?» - деп күңкілдеп еді. Әлгі ақын оны естіп қалды да:

«Өзі лаға алмағасын

Миын шаға алмағасын

Маған жаға алмағасын

Қайтсін, байғұс-ай!

Өкінішті», - деп тағы бір өлең жазды.

Кімдікі жаңалық, кімдікі даналық сонда?

Сыншылар нағып жүр,

Кімді танымай, кімді танып жүр?!

АРЫН МЕН ДАРЫН

Сыйлық беріледі. Жас қаламгерлер күпініп жүр, өзін «Дарындымын» деп санайтындардың біразы көкесіне, көкесі шекесіне звондайды. Сол тұста газет біткен сыйлыққа ұсынылған толағай таланттарды мақтап марапаттаған көлдей мақалалардың тасқынында калады. «Бұл бір - Чудо!», «Бұл - елді естен тандыратын талант!» дейді. Осы кезге дейін толағай таланттар туралы газет бетінде неге көп жазылмаған? Неге радио- телехабар түсірілмеген? Кім білсін кейде арын мықты ма, әлде дарын мықты ма аңғара алмай каласың. Әйтеуір таланттар сыйлыққа сырттай ғашық! «Өзің дарынды болсаң, онда саған «Дарын» деген эпитеттің қажеті қанша?» дейтін көке аз боп тұр-ау...

ӨГІЗ БЕН БАҚА

Бірде өгіз өзеннің жанына келіп, су ішіп жатса судан бақа шығып: «Ей, көк өгіз, көк өгіз мықтымын демеңіз», - деп мазақтапты. Өгіз бақылдап тұрған бақаны көріп: «Бақажан! Сен де бір мықтысың», - деп мақтауын асырыпты да суын іше беріпті.

Бақа бұл сөзге ырза болғанымен, ішінен өгізді мұқатпақ болып: «Ей, көк өгіз! Сен неге суды сораптап ішесің? Мен құсап сыздыктатып жұтуды неге үйренбейсің?», - депті.

Ештеңеге де зауқы соқпай тұрған өгіз табанымен бақаны белінен жаншып өтіпті. Шалажансар болып, қиналып жатқан бақаға өгіз сонда: «Бақаға мың өгіздің терісін жалғап жапсырсаң да, бақаның тұрқы кішкентай болғандықтан ол түсіп қалады. Өгізге мың бақаның терісін жалғап жапсырсаң да, ол өгіз болғандықтан бақаның терісін жыртып шығады. Өзім дегенде өгіз қара күшім бар деген осы», - депті.

ШАҢСОРҒЫШ ПЕН СЫПЫРҒЫШ

Шаңсорғыш іске кірісті. Қоқым-сиқымның бәрін теріп, жым-жылас қылып жинап жатыр. Босағада тұрған ескі сыпырғышты да шаң жинап жүріп жұтып қойды. Сыпырғыш әлсіз бе? Шаңсорғыш күшті ме? Шаңсорғыш шаң сор- май қалды. Бақсақ, сыпырғыш шаңсорғыштың ішіне кіріп алып, оның жұмысына кедергі жасап жатыр екен.

АРБА МЕН МӘШИНЕ

Қара жолдың бойында арба мен мәшине ұзақ жарысты. Су жаңа мәшине арбаны шаңына көміп кетті. Арба шегелері босап, әбден шаршап жерге етпетінен құлап түсті. Құлап жатып: 

«Мен - арбамын, арбаңмын, 

Тұпнұсқа да болғанмын.

Жаяу жүрген адамға

Бір кезде арман болғанмын», - деп көмейінен төгіп жыр айтты. Бұл жыры мәшиненің құлағына жетті. Құйындай ағып арбаның жанына жетіп келді де:

«Мен темірмін, тұлпармын,

Жылдамдықпен шырқармын. 

Қисаңдаған ағашсың 

Басып-жаншып құртармын», - деді.

Сол сәтте арбаға айналған ағаштың тамыры бүлкілдеп соқты. Мәшинеге айналған темірдің жүзі сол қалпында қатып, сазарып тұра берді.

ГҮЛ МЕН МҰҢ

Әп-әдемі гүл өсіп тұр. Тамыры бар. Топырақтан қуат, күннен нәр алып, күннен күнге құлпыра түсті. Өзінен-өзі мақтанып, жан-жағына көз салуды қойды. Бір күні қатты соққан дауыл гүлдің әсемдігін қайтсін, тамырынан үзіп алысқа лақтырып жіберді. Қанаттары қайырылып қиқа-жиқа болған гүл есін әрең жиды. Қасында бір бейне тұр. «Сен кімсің?» - деді гүл қорқып кетіп. «Мен – мұңмын», - деді ол. Саған келдім. Гүл солып қалды...

АЙ МЕН ШОЛПАН

Бір күні Ай ауырып қалды. Түнгі аспанды Ай орнына Шолпан жарық қылып тұрды. Шолпан Айдың орнын қалай бассын? Оның әлсіздеу сәулесінен сансыз түндер қалың түнекке оранып тұрғандай болды. Соған мазаланған Шолпан жұлдыз Ай болсам деді де, өзінің түсін, көлемін, пішінін және жолын өзгерткісі келді. Жұлдыздар шоғырында келелі кеңес басталды. Жер мен Күн: Бұлай болмайтынын, өз қозғалыстарындағы бағытын өзгертсе әлемнің жүйесі астан-кестен болатынын айтып бақты. Сол сәтте Ай-ару көзін ашып, басын көтерді. Шолпан сіңлісін қолтықтап оған да жақсы орын беру керектігін Аспан әлемінің есіне салды. Жер өз мекеніне оралды. Күн мен Ай оған қол бұлғап түрды. Әсіресе, Шолпан жүлдыздың куанышы ерекше еді.

ҚАЛАМ МЕН КОМПЬЮТЕР

Үстел үстінде тұратын қалам қожайыны компьютер сатып алғалы, әбден мазасы кетті. Иесі бұған көңіл аударып, көз тастауды қойды. Тіпті қолына алмайды. Қалам иесінің қолын әбден сағынды. Ал төбесінен ежірейген алып компьютер оған менсінбей көз тастайды. Иесі де компьютерге ғашық болып, әбден бауыр басып алды. Қалам одан қашып кеткісі келді. Бірақ қайда бармақ? Қалам ойланды. Шіркін, жазушының қаламы болсам-ау деп армандады. Мұның арманына компьютер тілін шығарып, мазақтап күлді. Бір күні иесі үстелге жақын келді. Әлдебір жерге хат жазды. Әрине, компьютермен. Сосын бір парақ қағазды принтер арқылы шығарып алды. Енді қаламын іздеді. Тез тапты. Орнында тұр екен. Қаламын мейірлене қолына алды да, қағаздың соңына баттитып қолын қойды. Қалам иесіне өзінің ең сенімді жолдас болып қалатынын ойлағанда, бойын мақтаныш сезімі биледі.

 Компьютер бұлардың жақындығына алакөзденіп қарап тұр...

ЖИРАФ ПЕН ПИНГВИН

Кеше, Бүгін, Ертең - үшеуі ажырамас дос болатын. Бір күні дастарқан басында кездескен олардың әзілдері жарасып әңгімелесіп отырған. Кеше деген кісі қарап отырмай: «Ойпырай, осы елдер жабылып журнал шығарғыш» - деп еді. Бүгін досының сөзін іліп алып: «Біз де журнал шығарсақ қайтеді осы», - деп қалды. Ертең ойланып отырды да, «Бұл - жақсы бастама екен», - деп қоштай кетті. Сонымен үшеуінің «шығарған журналы» дайын болды. «Новый» журналға ат қою кезегіне келгенде, олар өзара қызылкеңірдек болып ұзақ айтысты. Кеше: «Аты современный болғаны дұрыс», - деді. Қозғалақтап орнында отыра алмаған Бүгін: «Журналымыздың аты пингвин болса, ғажап болар еді», - деп өз-өзінен мәз болды. Кеше мен Ертең оның бетіне ежірейе қарады да: «Өзің - пингвин! Ол неме судан шығады, қайта суға түседі, Бұл ат лайық емес», деп кесіп тастады. Үзақ үнсіздіктен кейін ақылды да салмақты Ертең: «Жираф» деп үн қатты. Сонымен «Жираф» деген жаңа журнал жарық көріп, оқырмандарға жол тартты...

Бірде журналдардың дискотекасына «Жираф» та келді. «О, Жираф!», - деді басқа журналдар мойындарын барынша жоғары көтеріп. Бұл үн «Жирафтың» ұзын мойынан құлағына жеткенше біршама уақыт керек еді. «Жираф» олардың не дегендерін түсінбесе де «рақмет» деді. Төмендегілердің құлағына бұл сөз жеткенше біраз уақыт керек еді. Бірақ дискотекада тұрыс жоқ. Қызылды-жасыл шамдар жарқ-жұрқ етіп, музыка басталды да кетті. Бұраңдап журналдар арасында біздің «Жираф» та билеп жүр. Музыка тоқтағанша «Жираф» шаршап қалмаса екен деп бәріміз де шын жүректен тілеп тұрмыз...

ӘН МЕН ӘНШІ

Жаңа ән келді дүниеге. Қылтыңдап-сылтыңдап әрі-бері жүргісі келді, елдің көзіне түскісі келді. Әннің әншісіз күні жоқ еді. Бұрышта қысылып тұрған әнге әншілер келіп, әр жерінен нұқып тиісе бастады. Бірі айтты: «Ән әуені жаңа емес!». Екіншісі: «Бұл ән маған лайық емес!». Үшінші әнші: «Мәтіні де біртүрлі» деп бұртиды. Ән сол тұрған бұрышында елеусіздеу қала берді. Кейде осы әнді танитын әншілер де кездеседі...

САХНА МЕН ТЕАТР

Сахнаның өзіне тән бір исі болатын. Сол жағымды иіс көрерменді де, әртісті де өзіне еліктіріп тартып тұратын. Көптен бері сол жоғалып кеткендей. Театр сахнасы мұңайып қалды. Перде ашылды. Әртістер ойын ойнап жатыр. Перде де иіс сезгіш еді. Сахнадағы әртістерге: «Сендерден асабаның, арзанқол теле-концерт жүргізушісінің өткір иісі шығады. Тұншығып барам», -деп айтқысы келді. Әй, бәрбір бұл әртістерге нені болса да түсіндіру қиын...

МҮШӘЙРА МЕН МӘШИНЕ

Газетке хабарландыру шықты. Мүшәйра өтеді. Бас жүлдеге – «Жигули» автокөлігі беріледі екен. Ақындар бұрқ-сарқ еткен қазандай қайнап, көпірігі атылып, жарыса жыр жазуға кірісті. Мәшиненің буы қойсын ба?! Мәрелі күн де келіп жетті. Орындар алдын ала тағы да газет бетінде жарияланды. Сыйлыекең оқып мәз болды. Бас жүлдеге ие бопты. Қуанып жыр оқитын сарайға келді. Дүние деген тұщы ғой, кішкене балаларын қайта-қайта далаға жүгіртіп, нөмірсіз мәшине тұр ма екен, түсі қызыл ма екен, әлде сап-сары ма екен деп сұратумен болды. Балалар да: «Көке! Ешқандай мәшине кергеніміз жоқ» деген сөздерінен бір танбады. Жүлделер үлестіріле бастады. Бас жүлде - Сыйлыекеңе! Ол қомпаңдап сахнаға көтерілді. Бас қазы томпақтау ақ конверт ұстатты. Мәшине мініп қайтам деген ақын мүшәйрадан конверт құшақтап оралды. Бұл мүшәйра айтыстай болмады-ау.

КҮЙ МЕН КҮЙШІ

Күйші күй тартты. Шебер орындаушы екен. Нотамен үйренуші, тартып отырған күйінің әуенін жүрегімен ұға алар ма екен өзі. Елдің бәрі оны «Күйші» дейді ғой. Күйші толқығанда, қуанғанда, тебіренгенде жүрегінен күй төгіп шығармаушы ма еді?! Ал бұл болса Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Нұрғисаның нотаға түскен күйлерін шебер орындағанына мәз. Қайран, Күй! Әй, күйші, күйсең - күй!

ТИЫН МЕН ТИІН

Конкурсқа түскен өлеңдерді сараптап шыққан комиссия төрағасы Жолбарыс: «Мына мысықтың қарымы мықты. Бірінші орынға - осы мысық лайық», - деді. Екінші кезекте сөз алған комиссия мүшесі Қасқыр: «Иттің өлеңдерінде бір мұңды сарын бар екен. Жағдайы оңбай жүр-ау. Осы итті қыңсылатпай екінші орын берейік», - деді. Комиссияның келесі мүшесі Түлкі көзін әрі-бері құбылтып отырды да: «Тышқанжан тынымсыз еңбек етіп жүрген, болашағынан үлкен үміт күттіретін зор талант. «Бұлақ көрсең көзіңді аш» демей ме, осы үшінші орынды Тышқанжанға берсек қалай болар екен, ә?! Егер сіздер қарсы болмасаңыздар.  Дегенмен де өздеріңіз біліңіздер. Мен жай пікірімді айтып отырғаным ғой» - деді қулана. «Болсын», - деді, бәрі бір ауыздан. Комиссияның соңғы мүшесі Тиін не десін. Орын - үшеу еді, үшеуі де белгілі болды. Қалған ақындардың қамын ойлаған Тиін: «Жүлдесіздерге бір парақ мақтау қағазын жаза салайық», - деп комиссияның отырысын жапты...

КІНДІК КЕН ТҮНДІК

Қазақ киіз үйдің шаңырағына жабылатын төрт баулы киізді «түндік» деп атайды. Таңертең ерте тұрған келін, не қыз сол түндікті ашып, үйге жарық күннің нұрлы сәулесін кіргізген. Түндік ашу бір қасиетті іс саналған. Бұл - тіршіліктің, берекелі өмірдің көрінісіндей. Киіз үйлердің орнын бетон үйлер алмастырғанда, ашатын түндік болмағасын қыздар жағы қысылыңқырап қалды да, кіндікті ашты. Күннің нұрлы сәулесі кіндікке түсті. Жап-жарық қылып көз қарықтырады. Түйілген қара бұлттар кіндікке қызыға көз тастап, «нөсер болып үстінен бір жауып өтсем-ау» деп ойлады. Жел болса «ойпырмай, бүл өзі жүмсақ па екен, қатты ма екен сезсем-ау», - деп долы дауыл болып соғуды армандап әуре. Жылтыраққа жұрт құмар...

ШЕШЕКЕ МЕН БӘСЕКЕ

Айна алдын да тұрған жасамыс әйел «Мен - жаспын! Он сегіздегі қыздай қылықтымын» деп өзін іштей жұбатып тұр. Жайқалған гүлдей үлбіреп тұрған қызына көз тастаған шешесі оған көптен бері бәсекелес боп алды. Іштей емес, сырттай. Қызы шортик киіп еді. Әп-әдемі жараса қалды. Шешесі дүкенге барды. Қып-қызыл шортик сатып алды. Әп-әдемі! Қызы шаштаразға барды. Түрлі-түсті қылып шашын боятты. Модно! Модадан қалмаған дұрыс! Шешесі де шашты түрлі-түсті кемпірқосақ қылды. Әлдекімдер оған: й Модно! Сен - суперсің!» - деді.

Бәсекенің әзір тоқтар түрі жоқ...

ЖІГІТ ПЕН ТҮЛІК

Екі құрбы сырласты:

- Маған күйеу керек!

- Қандай?

- Арманымдағыдай. Шіркін, ол жігіт жігіттің тұлпары болса, үстіне ер-тоқым салып мініп алсам. Сиырдың сұлтаны болса, ақшасын сауып, орамалға түйіп алсам. Қойдың қошқары болса, алдыма салып айдап жүрсем. Қалай ойлайсың, осы талаптарымды қанағаттандыратын еркек табылар ма екен? - деп еді. Екінші қыз мырс етіп күлді де: «Саған жігіт емес, түлік керек екен. Жарыңды жануардан ізде», - деді.

АҚЫН МЕН ӨЛЕҢ

Ақын шабытсыз еді. Алайда бір өлең жазғысы келді. Ақ парақты толтырып жыр жазды. Сосын әрі оқыды, бері оқыды. Ұнамады. Оң жағынан келіп оқыды. Сол жағынан келіп оқыды. Тіпті тартымсыз. Ақын не істерін білмей, «әй, қу қаламақы сенің кесірің ғой» деп ұнжырғасы түсіп кетті. Бірақ Ақын «қу қаламақыны» тіленген күні өлең оның жүрегінен шығып, төбесіне қонақтап алғанын білген жоқ. Өлең оның шашына сағыз сияқты жабысып тұр. Содан бері Ақын «Мен - ақынмын ғой, білесіңдер ме?» - деп айқайлай береді...

КӨК ГУРЬЕВ

60-жылдардың іші. Қазақ оқырманының саны артып, қара өлеңнің қасиеті ұлығыланып тұрған кезі екен. Атырау қаласы ол уақытта Гурьев деп аталған. Бірде әуесқой балықшы Жайыққа қармағын салып, балық ауламақ болады. Бірақ қанша уақыт өтсе де қармағына балық түспепті. Соған назаланған әлгі адам бұдан бір шумақ өлең шығарған жеңіл екен деп, сөз құрастырыпты. Әп-сәтте туған өлеңін алып, Жайықтың жағасына орналасқан «Атырау» газетінің (ол кезде «Коммунистік еңбек» деп аталған) редакциясына тартады. Сондағы жазған өлеңі мынау екен:

«Көгілдір Гурьев көк Гурьев, 

Жағаңда отырдым-ау көп мөлиіп. 

Бекірең қармағыма түспей қойды 

Кетті ғой бар уақытым текке күйіп.»

-Жолдастар мен өлең жазып әкелдім, - дейді қуаныштан жүрегі аттай тулап. Содан өлеңі қолдан қолға кешіп, бүкіл редакция мүшелері оқып шығады. Үн қатар біреуі жоқ. Тек күледі де қояды. Осыған түсінбеген әлгі адам: - Немене, өлеңімді ұнатпадыңдар ма? - дейді шыдамсызданып. Редакциядағы бір кісі: «Өлеңіңнің ұйқасы мықты. Бірақ көркемдігі төмен екен. Газетке мұндай өлеңдер жарияланбайды», - деп өлеңін өзіне қайтарып береді. Сонда әлгі өлеңші ашуға булығып: - Өздерің мақтайсыңдар, ал газеттеріңе шығармайсыңдар. Қасқа! Сендерге ерегескенде бар ғой енді өмірімде өлең жазбаспын, - деп есікті тарс жауыпты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan