Жазушы Мұқадес Есламғалиұлы көзі тірі болса, биыл 80 жасқа келер еді (1946-2004). «Әдебиет порталындағы» Авторлар бөлімінде жазушыға қатысты мынадай мәлімет берілген.
Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, «Ақырап» ұжымшарында дүниеге келген жазушы Мұқадес Есламғалиұлы еңбек жолын 1976 жылы Орал облыстық радиотелевидение комитетінде аға редактор болып бастап, 1979 жылдан республикалық «Жалын» баспасында аға редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, республикалық телеарнада «Тамаша» ойынсауық хабарының Бас редакторы, «Денсаулық» журналында Бас редактордың орынбасары, «Жазушы баспасында жетекші редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеген.
Жазушының «Аққу сазы» (1977), «Екінші тыныс» (1982), «Қайырлы таң» (1984), «Екі басқа дүние» (1986), «Пробный камень» (1990, орыс тілінде) атты повестері мен әңгімелері, «Толқын мен ағын» романы (1992), «Өз жүрегіңе үңіл»(1996) атты роман, повесть және әңгімелер кітабы, «Тұман ішіндегі көш» (2000) романы, пьеса мен әңгімелер жинағын оқырман қолына тиген. 2003 жылы «Әйтеке би» атты тарихифилософиялық дилогиясы, тарихи зерттеулері топтастырылған «Сан қилы сауал» (1995), «Әйтеке би» (ғұмырнама, 1998); «Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар» (2000) атты кітаптары жарық көрген.
Одан бөлек «Төле би», «Партизан Қасым Қайсенов», «Ақ бата», «Тамаша», «Жаһанша Досмұхамедов» атты жинақтарды құрастырған. В.Распутин, В.Шукшин, т.б. шетел жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған. Сондай ақ, «Жазықсыз тамған жас» атты пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында және облыстық театрларда қойылды.
2001 жылы «Тұман ішіндегі көш» романы үшін қаламгерге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілген.
Осы жерде айта кетейік, жазушының туған інісінің немересі Фариза Бауыржан порталымызға арнайы хабарласқан еді. Фариза осы Астанадағы колледждің оқытушысы, өзі ағылшын тілінің маманы болса да, қазақ әдебиетіне жақын екен. Өзінің инстаграм парақшасына атасының әдеби мұралары жайлы ойларын, жазушы сөздерін салып отырады. Жазушы атасының жазған дүниелерімен таныс, қандай еңбегі бар, қандай дүниесі насихатталмай жатқанына дейін білетін жас адамға бір жағы сүйсіндік те. Әдебиетке үлес қосқан атамның оқырмандары бар деп ойлаймын, - деген ол бізге осы мақаланы жолдаған еді.
Төменде жазушының досының естелігін жариялап отырмыз. Сонымен мақалаға кезек берейік.
***
Аймақтарда телевизияға кадрлардың келу жолы әр жылдарда әртүрлі. Алайда бастапқы уақытта оларды іріктеу дейтін атымен болмады. Себебі жеткілікті дәрежеде мамандар даярлайтын арнаулы оқу орындары жоқтың қасы. Тек Орал телестудиясы ашыларда 1964 жылы жаз шыға Қазақ мемлекеттік университетін бітірген Айталиев Карл, Ғазезов Сапуатолла, Қабашев Сағынғали жолдамамен келіп жұмысқа орналасты. Мамандығы журналист демесең түлектердің жаңа салаға көзін енді ашқан балапандай үрке қарағаны анық. Өйткені республика астанасы Алматымен іле-шала ашылу мүмкіндігіне ие болған Өскемен, Қарағанды, Жезқазған секілді ірі өндіріс ошақтары бар екі-үш аймақтағы телестудиядан басқа өңірлерде оның аты да, заты да көзге ілінбейтін. Сондықтан оралдық телеқарлығаштар өз кәсібін көре келе, жүре бара үйренгендер. Кейін де телестудияның журналистік қызметіне келушілерді таңдағанда алдымен газетте, радиода істегендерге, басылым беттерінде тырнақалды өлеңдерін, шағын әңгімелерін жариялағандарға басымдық берілетін. Оны айтып отырған себебім, 1979 жылы ақпанда мен облыстық телевизияға алғаш қызметке алынғанда редакцияда прозамен айналысатын Есламғалиев Мұқадес те, өлең жазатын Баймұқанқызы Ботагөз екен. Бірақ Ботагөз баламен декреттік демалыста болғандықтан бірер жыл өткесін қатарға қайта қосылды. Мұхаң туралы айтар болсам, менен төрт жас үлкендігі бар. Жымпиты, қазіргі Сырым ауданының тумасы. Мен 1967 жылы орта мектеп бітіргенде, ол Орал педагогикалық институтын тамамдапты. Ал телестудиядағы еңбек жолын менен үш жыл бұрын 1976 жылы бастапты. Сөздің қысқасы, өмірде де, кәсіби қызметте де жолы үлкен жанды төл ағамдай құрмет тұттым. Қадірлі әріптестің қай-қай жасында тұла бойында артық салмақ білінбегесін, дене бітімі қашанда түзу болғасын, әрі өзін әрдайым тік ұстағасын бойшаң көрінетін, ал шындығында орташадан сәл биіктеу еді. Ақсары жүзі келісті келбетті аңғартатын. Көзілдірігін тастамайтын. Еңбек Ері, атақты жазушы Мүсірепов Ғабит, қайсар жүректі дауылпаз ақын Молдағалиев Жұбан сынды буынның таңдаулы өкілдеріне көзәйнек түрлері қалай үйлессе, оған да сондай жарасатын. Эфир бағдарламасы сол жылдары күніне бір-ақ сағатқа (18:00-19:00) созылатын. Редакцияның қамтитын мәселелері сан алуан бола тұра, облыстық газеттердегідей салаларға негізделген бөлімдері жоқ. Соған қарамастан штаттық кесте бойынша редакторлар деп аталатын журналистер қаланың өнеркәсібін, құрылысын, абаттандыруын, сонымен қатар ауыл шаруашылығын, бұларға қоса білім мен денсаулық, мәдениет пен өнер салаларын үзбей қамтитын. Мұның бәріне атсалыса жүріп, қаламының қарымы бар болашақ жазушы сенбі сайын көрермен қауым қауышатын «Жұлдыз» әдеби-музыкалық телеальманағын арнаға тұңғыш енгізуші. Жұмыс аяқталып, эфир біткесін бәріміз үйлерімізге бағыт алсақ та, көп ұзамай әркім тұратын жағына беттейді. Жол айрығы – жерасты өткелі бар бұрынғы Ленин (Достық-Дружба), қазіргі Назарбаев даңғылы. Одан әрі Мұқаң екеуміз бұрынғы Мир, қазіргі М.Мәметова көшесінің бойымен бірге кетуші едік. Мұның да өзіндік сыры бар. Мен Гвардейская, қазіргі Ә.Молдағұлова көшесіндігі сауда базасына қарама-қарсы төрт қабатты үйдің жоғарысында тұрдым. Ағамыздың мекенжайы - 8-ші мектеп маңындағы Дзержинский (Евразия), қазіргі Абай даңғылындағы көп қабатты үйлердің бірі.
- Көп кешікпей журналға әңгімем шықпақшы,- деп бастағаны әлі есімде. Ол кезде республикада жарық көретін екі-ақ журнал. «Жұлдыз» бен «Жалын». Қайсысында екенін ашып айтпады. Ойымды дәл тапқандай кідіріп, маған бұрылған жүзінен екеуін де оқитын шығарсың деген кейіпті аңғардым. Менің тыңдауға даяр екенімді ұққасын:
- Байтақ даланың тіршілік бейнесі киік туралы. Алдымызда құла түздің аспанмен тілдескен көкжиегінен басқа ештеңе жоқтай. Сәл үнсіз тұрды да дауысын шығарыңқырап: «Зауал ауар шақ. Алау күн жер бетін шыжғырып алатындай күйіп тұр. Кедір-бұдырсыз жазық дала табиғаттың бұл қыспағына көнбістік жасап, бәз-баяғы күйінде атан мінез танытып жатыр». Маған тап бір диктант жаздырып тұрғандай. Жоқ. Жоқ. Мұғалім оны буынға бөліп, тақпа-тақтап кітаптан оқушы еді ғой. Ал Мұқаң өлең оқығандай бәрін жатқа соғып тұр. Мен болсам жыр тыңдағандай сүйсіне түсем. Осылай біраз уақыт өткіздік. Сөйтсек Мир көшесінің Ораз Исаев көшесіне мен бұрылар тұсына тоқтаппыз. Өткендегі алғашқы таныс-білістен соң қоштасқанда кеткен жағымды жадына түйіп алыпты. Мынау нағыз жазушыға керек қасиет аңғарымпаздық қой деймін іштей.
- Жақсы, бүгінше осымен доғаралық. Жалғасын ертең айтам,-деп орнынан қозғалды. Келесі күні үйге қайтқанда кешегі әңгіменің жалғасын тағы тыңдаймын. Әр сәт мектеп жасымда мың бір түннің ертегісін көзіме оралтқандай. Ең қызық жеріне келгенде, ол әңгімесін тоқтатып:
- Ертең,-дейтін.
Осылайша оның «Екінші тыныс» туындысын жарияланбай тұрып, өз аузынан естіп, кейін оқыған едім. Ағамен жеке-дара тілдескен күндер мұнымен біткен жоқ. Өзге де повесть, әңгімелерінен айтылған көрініс 1979 жылдың сары шұнақ аязы мен қарлы боранға толы қытымыр қыстан көк солып сары түс күшіне енген күзге дейін созылды. Алматының әдеби ортасымен қауышсам дейтін мақсаты жүзеге асты. Барды да «Жалыннан» бір-ақ шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде де жазушылық шеберлігін одан әрі шыңдады. Ішкі дүниесі өзіне жақсы таныс республикалық телеарнада «Тамашаның» бас редакторы болды. Сатира мен юмордың бейнелік мазмұны мен тілін ұштастырудағы еңбегіне тәнті болған қаламдас әріптестері:
Жазушы Есламғалиев Мұқадесті
Тамашаға барған соң,
Бәрі де Мұха десті, -
деп достық әзіл шаржын да арнаған-ды. Негізі ол қолына қалам ұстаған сәтінен тілші болсын, жазушы болсын қашан да Мұха еді. Мұхаң қоғамдық орта түгіл екеу ара дидарласуда да тек әдебиетке қатысты әңгімелер қозғайтын. Өз шығармасындағы киік тәрізді еркін көсілгенге еш қиналмай, қайта қолтығы сөгіліп, екінші тынысы төгіліп, шабыттана түскенін енді ғана ұққандаймын. Әрине, табиғи таланттың егізі іспеттес еңбекқорлығы болғаны даусыз. Ағамыздың үлгі тұтар тағы бір қасиеті - қарапайымдылығы.
1996 жылдың жазы. Жұмыс орнында отырғам. Телефон шылдыр етті. Тұтқасын көтерсем, таныс дауыс. Облыстық радионың бас редакторы Сүндетқали Сариев. (Редакцияның мекенжайы әлі бізден бөлек қала орталығындағы ғимаратта болатын.) Мұхаң Алматыдан келген, Мұқадесті айтам.
- Жұмыс істеген жерім телестудияға кіріп шықсам,-дейді.
- Әңгіме жоқ.
- Айтпақшы, биыл елуге толды. Қазір келеміз.
Төраға М.Р.Сулейманов Оралда жоқ. Сүкең (Сүндетқали) Мұхаңмен жасы жағынан шамалас. Бірге де істеді. Қазағы, орысы бар редакция ұжымын басқарады. Бірінші басшы болмағасын орынбасары деп маған әкеле жатыр. Елуге толды дегенін солай түсіндім. Мекеменің қоймасында бір-екі шапан болуға тиісті. Бар екен. Дереу шаруашылық бөлімінің меңгерушісі әкеліп берді. Көп кешікпей Мұхаң да келді. Қасында Сүкең. Біздің отырған жеріміз 1964 жылы пайдаланылуға беріліп, кейін қосымша салынған кейбір бөлмелері бар сол баяғы ғимарат. Студияны аралап көрсеттік. Алған жаңа түсіру, мантаждау сияқты техникалық құралдарымыз болмаса, қатты өзгеріс жоқ. Түс мезгілі таяу. Жұмыстағы бар қызметкерлерімізді жинап, ағамыздың атына жылы лебіз-тілектерімізді жеткіздік. Шығармашылық табыстар тілеп, иығына шапан жаптық. Мұхаң шын көңілден дән риза болды. Оны өзінің жауап сөзінде аңғартты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасы қиын кезеңнің уақыты. Ердің жасына жетсе де, соның бәрін ескеріп, ол алдын ала мен шығайын деп жатырмын деп Алматыдан телефон шалып ешкімді әурелемеді, елді дүрліктірмеді. Туған жер топырағын басқанын зор мәртебе санады. Оралдан Алматыға қайта оралған соң «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш», «Әйтеке би» романдарын тоғытты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған қаламгер жерлестерінің ғана емес, барша Алаш жұртының мақтанышы.
Баян Мұхамбетәлиев,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
Қазақстанның құрметті журналисі
