Кейде ақын-жазушылардың мерейтойлары аталып өткен кезде кей шығармаларға қайта үңіліп, оқымағанымызды іздеп, мәдени жадымыз қайта жаңғыратын сияқты болатыны бар. Мерейтойдың себебімен жақсы кітап жарық көріп, көрме ашылса, әйтеуір, оқырман қажетіне, қуанышына қызмет ететін шаруа істелсе, ол – тойдың не еске алудың бекер өтпегені. Әйтпесе, жиын көбейген, мақтау бәйге қызып, сөз арзансыған (кейде алақаныңа сыймай төгіліп, сарылдап краннан аққан су сияқтанып...) уақытта сол ағыл-тегіл көп сөздің ішінен бір ой ұстап қалсаң – ол да олжа. Жұмысың болғасын міндет өз алдына, әрбір әдеби кеш, конференцияларға бір жақсы нәрсе естуге, бір тәуір әсер алуға барамыз. Кітапты таныстырда салмақты талдау болса дейсің, қаламгерді еске алу болса, шынайы естеліктер айтылса дейсің.
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасына ақын Шөмішбай Сариевтің туғанына 80 жыл толуына орай «Шөмішбай Сариев – қос қанатты ақын» атты әдеби-сазды кешке барғанымызда Шөмішбай ақын жайлы жақсы әңгіме айтқан ақынның әріптесі, досы, халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижановтың баяндамасын сұрап алып едік. «Әдебиет порталының» оқырмандарына осы дүниені ұсынғымыз келеді.
***

Осыдан 80 жыл бұрын Аралдың бір мүйісіндегі Шөміш стансасында Нағашыбай Сарыұлы мен Мариям Өтегенқызының шаңырағына шекесі торсықтай ұл келді. «Сыр сүлейлерінің ізін жалғастырған өнерпаз болсын», – деп ақ тілек айтушылар аз болған жоқ.
– Шөміште көрген қызығым, бұрын үш ұл шетінеген әжесі: «Баланың атын Шөмішбай қойсаң, бала тұрады» деп еді. Аты Шөмішбай болсын, – деп Нағашыбай шорт кесті.
Әулие әже сөзі шындыққа айналды. Шөмішбайдан кейін бұл шаңыраққа 6 ұл мен қыз дүниеге келді.
…Пойыздар Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа қарай ағылып өтіп жатты. Шөмішбайды бесікпен бірге шойын жолдың ырғағы да тербетіп еді. Ақыры ол өлең ырғағы болып, кішкентай Шөміш стансасының атын қазаққа танытты. Сол Шөмішбай Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль сыйлығының, «Тарлан» платина сыйлығының лауреаты, «Жыл адамы – Алтын адам» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атақ алып, қазақтың Шөмішбай Сариеві болып, мойнына «Барыс» орденін тақты.
***
Шөмішбай ақындық әлемге ерте кірді. Бала кезінде жазған өлеңдері аудандық газетте жиі жарияланып жатты. Зейнолла Шүкіров сынды ақынның назарына ілікті. Бұл Шөмішбай тағдырындағы ерекше кездесу болды. Ұйқас емес, ой қуалау, сөзден кесте тоқу, өрнек салу керектігін Зейнолла жас ақынның зердесіне құйды. Абайды жастана оқуды тапсырды. Әрине, сол арман қанатына ол екі жылдай кешуілдеп жетті. Журналист-жазушы, ақын болу сағымға айналғандай алыстап кете жаздады. Екі жыл ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсу үшін Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде журналист болып қызмет атқарды.
Оқуға түскенде Шөкең өзінің ойы озық, журналистік тәжірибесі бар екенін танытып келді. Мектепті жаңа бітіріп оқуға түскен біздер үшін Шөмішбай Сариев танымал ақын сияқты көрініп, ол бізге ақыл айта сөйлейтінін хош алатынбыз. Сол 1966–1971 жылдары университетте Зейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев, Ханғали Сүйіншәлиев, Темірғали Нұртазин, Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтанғали Садырбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев сынды атақты ғалымдар дәріс оқыды. М.Әуезов атындағы әдеби бірлестікті Сұлтекең – Сұлтанғали Садыбаев басқарды.
Бұл бірлестік университеттің ішіндегі университет болды. Жас ақындар Марат Отарәлиев, Рафаэль Ниязбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Шөмішбай Сариев, Нұрлан Оразалин, Жарасқан Әбдірашев мінберден түспей, өлеңді жарыса оқитын. Сонда ақындықтың буы бұрқырап, зал іші жоғары температурада қызып тұратын.
– «Әй, Кеңшілік, әй, Сариев, қой енді, енді қой», – деп Сұлтанғали ағамыз бәйек болатын. Неге екенін қайдам, Шөмішбайдың атын атамай Сариев дейтін де, Мырзабековті Кеңшілік дейтін. Сол өлең додасына түскен Шөмішбай Сариев қазақ әдебиетінің, ақындық мектебінің ірі тұлғасына айналды.
***
Ақынның бағын ақын ашады. Шөмішбайдың «Балдәурен» кітабының алғысөзін атақты Әбділда Тәжібаев жазды. «Асықпа, Шөмішбай, болдым-толдым екен деп ешуақытта да мастанба. Ақын өмір бойы оқуға, өсуге міндетті, біз жетпегенге сен жет дейміз», – деп Әбекең баталы сөз айтты. Ал кейін атағы дардай Шөмішбайға енді «Толғақ қысқанда ғана жазайық өлеңді…» деп ризашылық танытты.
Демек, Әбекеңнің Шөмішбай поэзиясының көркемдігі мен оның ұлттық құндылығын жоғары бағалағаны ғой.
«Неткен жұмбақ, шексіз аспан, кең едің,
Ғалам деген қандай ғажап кен едің.
Жүрегімнен өлең сыйлап өмірге,
Дүниені жалт қаратсам деп едім…».
Шөмішбай өз өлеңімен ұлтының ұлылығын, даласының кеңдігін, халқының елдігін жырға қосты. Ол халық жүрегіне жол тапты, жырымен жұбатты. Мәңгілік қазақ еліне үн қосты. Ол ұлтын өзіне жалт қаратты.
«Ерекше Құдай берген бір бағалы,
Мен халқымның жүрегімен жырладым.
Ақын болсам, азабыммен ақынмын,
Тұлға болсам, қазағыммен тұлғамын.
…Ұлы өзендей бір аялдап тұрмадым,
Толқын болып аласұрып тұрғаным.
Мен халқымның тілегімен санасып,
Мен халқымның жүрегімен жырладым».
Жүрекпен жырлау, ұлттың мұң-сырын ұғыну, әлемге ғашық көзбен қарау, әр ақынның маңдайына біте бермейтін бақыт. Шөмішбайдың өз жүрегі қандай болса, өлеңдері де сондай таза, мөлдір, тұнық. Шөкеннің құшағы ашық, өмірге ғашық, жақсылыққа асық. Көңіл көзімен көреді, шын досқа сенеді. Жұрттың бәріне бауырым деп қарайды. Құшаққа алғысы келеді, кеудесіне басқысы келеді, ақындық аңғал көңілімен бәрін сүйгісі келеді. Сондай құшаққа алу мінезімен, партиялық сөгіс алған еді. Сол замандағы Үкімет басшысының орынбасары Шәңгерей Жәнібековпен құшақтасып, сәлемдесемін деп жұмыстан шығып қалған да осы Шөмішбай Сариев.
Содан айға жетпей Шөкең қайтадан қызметке алынды. Жазушылар одағының атақты «Қаламгер» атты кафе-бары бар. Сатушыға қарызға жаздырып алып, қалағаныңды ішесің. Сондай күндердің бірінде Шерағаң – Шерхан Мұртаза бардан кофе ішпек болып, төмен түсіп келе жатады. Алдынан Жарасқан шығады.
– Не қызық бар? – демей ме Шерағаң.
– Қызықтың бәрі осында, – дейді Жарасқан. – Шөмішбай жұмысқа оралғанын жуып, бәрін сүйіп жатыр.
– Ойпыр-ай, – дейді Шерағаң, – Шөмішбайдың аузы күймейді екен.
Содан кофесін ішіп, көтеріліп келе жатқанда алдынан енді төмен түсіп келе жатқан Жарасқан қайта кездеседі.
– Не қызық? – дейді Жарасқан Шерағаңа жымия қарап.
– Шөмішбай вице-премьерден төмендегілермен амандасатын болыпты, – деп Шерағаң мырс етті.
Міне, Шөмішбай осылай аңыз адамдардың қатарына қалай қосылып кеткенін өзі де аңғармай қалып еді.
Бірде азалы аста тоқсанды еңсерген Шәңгерей Жәнібековпен кездесіп қалдық. Сәлем бердік.
– Келші енді, мен сені құшақтайын, сүйейін, қолыңды қысайын! Сенің сөздеріңе жазылған әндерді ерекше сезіммен тыңдаймын. Қарт жүрек әлі де сөзі мен әні келіскен әнді естігенде шымырлап тұрады, – деп Шәңгерей көкенің ағалық танытуы қандай жарасты болды десеңізші!
Шөмішбай Сариев қазақ лирикасының көркемдік әлемін кеңейткен Тұманбай Молдағалиевтің, Қадыр Мырзалиевтің, Ғафу Қайырбековтің, Сағи Жиенбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың ерекше ілтипатына бөленді. Олар Шөмішбайдың өлеңдерінің диапазонының кеңдігіне, ішкі гармониясына, формасы жағынан кейде қазақтың қара өлеңінің қалпынан шығатынына, пафостығы мен ұлтжанды рухына тамсанды. Сондықтан да Шөмішбай поэзиясы жасқа да, жасамысқа да, ақсақал мен абыз қарттарға да түсінікті еді. Жүрекке жететіні де осыдан шығар.
Ғафаң, Ғафу Қайырбеков: «Шөмішбайдың дауысы – айқын, азаматтық дауыс. Оның өлеңдерінен өз дәуірі, өз уақытының лебі еседі… Елді, жерді сүю, оның бүгінін танып, ертеңін болжау талабы көзге айқын шалынады» деп еді. Расы сол, Шөмішбай қазіргі, өзінен кейінгі, өзімен қатарлас кейбір ақындардан гөрі өмірді басқаша таныды. «Құрыған», «шіріген», «тозған», «азған» сынды тарығу мен торығуға, өз туған жерінен, тілінен түңілген ақындарға мүлдем ұқсамайды. Ол заманның рухы – Тәуелсіздік деп білді. Ол болашақтың кілті – жастарда деп жырлады. Ол – махаббат сезімді ұлықтады, ол туған жердің егемен аспанында қыран болып қалықтады. Ол – азамат үнді ақын ғана емес, жүздеген, мыңдаған, миллиондаған қазақтың алғысын алған нағыз ұлтжанды ақынға айналды.
«Сүйдім өмірді,
Сүйдім тәңірді.
Арнадым халқыма,
Жүрек пен жанымды.
Әр күн сайын күттім,
Атар арай таңымды.
Әлі де келем күтіп,
Құдай берер деп бағымды.
***
Жаным менің бүгін,
Туған жерімді сағынды,
Аппақ күнім тағы нұрға малынды,
Ақ жүректі ақ адам,
Бәріңді сүйем, бәріңді».
Ақын Тәуелсіз елді жан-тәнімен сүйді! Тәуелсіздік – ұлт мұраты, қазақ мұраты. Ол бабаларымыздың алты ғасырдан бері аңсаған Жиделі-Байсыны, Жер-Ұйығы. Бұл ақынды қалай тебірентпесін, бұл ақынды қалай толғантпасын!
«Я, Құдайым, бере гөр,
Қазағыма – халқыма.
Берген сайын Құдайым,
Халқым толып, шалқыма,
Жан-жағыңа көзін сал,
Қарай-қарай артыңа,
Қарай-қарай алдыңа.
Өмірдің түсін парқына,
Я, Құдайым, бере гөр,
Қазағыма – халқыма».
Бұл – мінәжат. Бұл ақынның қазаққа деген махаббаты мен тілеуі. 69 жолдан тұратын жыр толғауы ғана емес, сондай-ақ Алла-тілеу деп есептеймін. Ол – бостандық, ол – бақыт, ол – дәулет, ол – ұрпақ, ол – ынтымақ, ол – діл, тіл мен дін. Міне, осы қасиеттер қазақтың жүрегіне жетіп, Алла қабыл етсе, қазақ мәңгі жасайды, қазақ тарихтан көшпейді, аты ешқашан өшпейді.
Шөмішбай өлеңдері Қазақ елінің шекарасынан баяғыда-ақ өтіп кеткен. Оның өлеңдері әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылды. Бұл жолда ақын жолы оңай болды деп те айту қиын. Мәскеуде «Литературная газетада» Шөмішбай Сариевтің бір топ өлеңдері аударылып, жариялануға қол қойылады. Қазақтың тағы бір лауреат ақыны газетке бір топ өлеңдерін ұсынып:
– Бұларың қалай? Мен сияқты лауреат ақынның өлеңін жарияламай Шөмішбайды газетке шығарасыздар ма? – деп әжептәуір сөз етеді. Сонда газеттің бас редакторы:
– Сіз білмеуші ме едіңіз, біз лауреаттарды емес, өлеңді жариялаймыз, – деп Шөмішбайдың өлеңдерін нөмірге салып жібереді.
Қазақтың атақты академигі, ғалымы, ұстазымыз Зейнолла Қабдолов айтар еді.
– Мына Шөмішбайдың бір-ақ кемшілігі бар?!
Бәріміз аң-таңбыз!
– Қандай?
– Шөмішбай жаман өлең жаза алмайды.
Алды кең, маңдайы ашық, көсемсөздің көрікшісі Зейнеағамның дүниеден өтерінде теледидардан өлең оқып тұрған шәкіртін көріп:
– Шө-міш-бай, – деп тілге келгендігін ақынның жан-жары Сәуле апайдың күнделік кітабынан оқыдық. Сол сәтте шәкіртімен мақтанған шығар қазақтың ұлы Зейнолла Қабдоловы!
Шөмішбай Сариевтің ән мәтіндері – бүкіл қазақтың жүрегіне жазылған. Ол – оннан астам композитормен бірге қазақтың ән өнерінің інжу-маржанына айналған тамаша әндердің авторы. Осылай Шөмішбай дос еңбектеген баладан еңкейген қарттың төріне шықты. Жастардың жан-сыры гауһартасқа айналып, ән болып төгіліп жатты. Бұл әндер Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев сынды әншілердің репертуарларының алтын діңгегіне айналды. Тіпті, халықтық сипат алып кетті. «Айналдым сенен, атамекен-ай!», «Қарағым-ай», «Боз жорға», «Аяулым», «Сен мені сағындың ба?», «Дос керек», «Сәлем саған, туған ел», «Ойлан, балам!», «Ғашықтар жыры», «Сен менің ертегімсің». Осылай ән жолдары тізіліп кете береді. Бұлар – ғасыр сахнасынан түспейтін әндер текстіне айналды.
Жарты ғасырдан асқан шығармашылық ғұмырында Шөмішбай Сариев қазақ поэзиясына өз қолтаңбасын қойып, өзінің көлеңкесімен жарысып келді. Өзін өзі қамшылап, өзіне сын көзімен қарай алатын адам ғана ақындықтың балы мен уын сезіне алады.
«Жайсам деймін мол өркен,
Гүлдей арай жүрегім.
Озбау үшін көлеңкем,
Күнге қарап жүремін».
Міне, Шөмішбай осындай жарыққа, күнге қарай жүрген ақын. Тынымсыз өмірдің ағынынан қалмай, ұлт сөзін сөйлеу кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Шөмішбай жырының жылуы да, қасиеті де, құдіреті де осында. Ол қазақ өлеңіне, қазақ жырына, қазақ рухына тағзым ете жырлайды, сырласады, мұңдасады, ой бөліседі.
Дүниені жалт қаратсам деп еді.
Жалт қаратты.
Бір сәт Ақын монологына назар аударып көрелікші.
...Бір өлең, сені күтіп келем енді,
Құдіретті сезім күші бөлеп елді.
Ананың ақ сүтіндей уыз дәмді
Мен жазып қалдырармын сол өлеңді!
Өлім – хақ, Адам көкті тірегенмен,
Табысып, тоғысатын тілегі елмен.
Мен өлмеймін, өмірде, мен тірімін,
Айтылған, айтылмаған – бір Өлеңмен!
Сол өлең, сол сөз, сол көркем бейне Шөмішбай Сариевті қазақ руханиятының биігіне көтеріп келеді, көтере береді.
Халқының махаббаты мен мархабатына бөленген ақын Шөмішбай Сариевтің өзі өмірден өткенімен, өлең ғұмыры «Жер бетінде бір қазақ қалғанынша» жалғаса береді, жалғаса береді...
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
