Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзік сыр......

05.05.2018 7042

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзік сыр...

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзік сыр... - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» белгілі тұлғалардың күнделіктерін жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді ұсынады.

Оқырманға ой салу

Қадірлі оқушы!

Елдің, халықтың тарихы болатыны секілді, әрбір кісінің де тарихы болады. Ол әрбір сәттен, сағаттан, күннен, тәуліктен, аптадан, айдан, жылдан тұрады. Сөйтіп, бүкіл өмір тіршілігің сенің өмір шежіреңді құрайды. Басыңнан өткен әрбір күнді, әрбір оқиғаны түгел есте сақтау мүмкін емес. Есте сақтаудың жалғыз жолы – күнделік жазу. Күнделік жазбасаң, соққан жел, көшкен бұлт секілді өміріңнен із қалмайды.

Мен күнделікті кеш жазғаныма өкінемін. Күнделік жазбағанның, оның қадірін білмегеннің кесірінен балалық, жастық, есейген шағым өткен күндердің елесі ғана болып қалды жадымда. Өмірімнің көптеген қымбат сәттері, не бір оқиғалары сағымға айналды, көмескіленді. Жердің жүзін шарқ ұрып үш айналсаң да табылмайды.

Бәрін де есіңде сақтайтын, ұмыттырмайтын құдырет – Күнделік. Шежірең анық болсын десең, үзілмесін десең, өмірің келешек ұрпаққа да ұғынықты болсын десең, күнделік жаз. Күнделікті ләжі болса, үзбей жаз. Мен күнделікті 1993 жылдың қараша айынан бері қарай жазып келемін. Содан бергі өмірімнің әрбір сәті жадымда.

Күнделік – өткен күннің белгісі. Ол сенің жадың, ештеңені ұмыттырмайды, бәрін де сақтайды.

Күнделік – сырласың, мұңдасың, жан досың, сыншың, төрешің.

Күнделік – сенің тағдырың. Онда сенің қуанышың да, жұбанышың да, қайғың да, ренішің де – бәрі-бәрі де жазылады. Күнделіктен ештеңе жасыра алмайсың.

Менің күнделікке арқа сүйеп кеткенім соншалық, «Ұмытсам күнделігім бар ғой» деп, өтіп жатқан күндердің бәрін жадымда сақтай бермеймін. Онсыз да шым-шытырық, шетсіз-шексіз ақпаратты есте сақтау мүмкін де емес.

Күнделікке өтірік жаза алмайсың. Шындықты ғана жазасың. Шындықтан бөтен сөз күнделікке симайды. Жақыныңа айтпайтын сырыңды да оқушы осы күнделіктен табады. Күнделіктің үнемі жариялана бермейтіні де сондықтан.

Күнделік не бір ойларға да жетелейді. Қолыңа қалам алып, күнделіктің бетін ашсаң, уақыт, заман, адам туралы толғанасың. Өзіңді мазалап жүрген, толғандырып жүрген ойлар қағазға түседі.

«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» дегендей, тіршілігінде әртүрлі бағаланатын адамдардың дүниеден өткен соң бәрінің де жақсы болып шыға келетіні – біздің әлі де жалпы адам баласын, тектесіңді, тұрғыласыңды, жақыныңды тіршілігінде бағалай алмайтындығыңнан. Біз жақсының да тірісінде қадіріне жете бермейміз, сыныққа сылтау іздеп жүреміз. Тырнақ астынан кір іздейміз. Қиянат жасаймыз. Кейін опық жеп, өкініп қаламыз. Сондықтан бір-біріңді тіршілікте бағалағанға, қадірлегенге не жетсін. Өзім деген адамдарды да, жанымызда жүрген ең жақындарымызды да, бағалай алмайтынымыз өкінішті-ақ. Әрине, кісінің жаратылысы, табиғаты, мінез-құлқы, пайымы, қабілеті түрлі-түрлі болғандықтан, өмір бойы ғашықтардай сыйласып өту де мүмкін емес. Соның мүмкін болғанына не жетсін!

Өзіңнен кейінгі жастардың ертең кім боларын қайдан білесің. Соған қарамастан, жастарды жерден алып, жерге салып жататындарға таңым бар. Өзің біліп тұрып кісінің білмегендігін кешірмесең білгендігің кәне? Егер адам баласы бірінің қадірін бірі білсе, қабілетіне қарай бағалай алса, бәлкім мемлекет арасында да, ел-жұрт арасында да, тіпті өз бауырластарымыздың арасында да өзгеше ахуал қалыптасуы мүмкін. Онда заман да, тіршілікте, дәурен де басқаша болар еді.

Мен адам баласының бір-бірімен өштесіп, тіпті соғысып жататынына таңым бар. Кейбіреулер бірін-бірі кекетіп, мұқатып, ғайбаттап жатады. Бірінің жүйкесін бірі тоздырып жатады. Базбіреулердің қызғаныштан іші өртеніп жатады, дау-жанжал, өсек-аяңмен өмірін қысқартып жатады. Тырбаңдаған тасбақа мен қалбаңдаған қарға үш жүз жыл өмір кешіп жатқанда, адам баласының ақылы жетіп тұрса да, ұзақ жасай алмайтынына не шара.

Адам баласының өмірі, алдымен өзіне, қала берді қоршаған ортаға байланысты. Жас күнінде өліп-талып қосылғандардың есейе келе иттей ырылдасып күн кешетініне таңмын. Кейде ата жауынан да артық сөз айтып, неше түрлі қысастыққа баратындары да өкінішті. Құс та балапанын, ит те күшігін аймалап жатады емес пе? Ит құрлы болмағанымыз ба дегің келеді.

Бүкіл әлемді алапаттау, жер бетін өртеп жіберу де адамның қолынан келеді. Біздің ең үлкен бақытсыздығымыз да сол адамзатты жойып жіберудің неше түрлі айласын таба білетіндігімізде.

Болашақ, қазақтың келешегі туралы ойлағанда ылғи менің есіме Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін сөзі түседі. Бір-біріне ақыл айтудан қазақ кенде емес. Қазақ қазақ болғалы бір-біріне ақыл айтумен келеді. Бірақ қазақ қазақ болғалы бірін бірі тыңдамаумен де келеді. Осы қу мінезіміздің кесірінен даналар айтқан талай асыл сөз далаға кетті, зая кетті.

Қазақтың бірін-бірі тыңдамайтынын біле тұрсам да «Егемен Қазақстан» газетіне «Сөзді ұғатын кез келді» деген мақала жаздым. Онда Бұқардың да, Дулаттың да зар илеп кеткенін, «Әдірә қалғыр үш қиян» деп Мұраттың да жылап өткенін, «Қалың елім – қазағым, қайран жұртым» деп Абайдың да күңіреніп өткенін, Ахмет Байтұрсыновтың да уәйімдеп кеткенін айтып, «Сен, қазақ, бір-біріңді қашан тыңдайсың, біріңнің сөзіңе бірің қашан иланасың?» - деген едім. Даналарды тыңдамаған қазақ менің де сөзімді артына қыстырған жоқ. Әлі баяғы көрінгенге жалтақтаумен, әлде кімдерге жалбақтаумен, табысын әр нәрсеге, әркімге, өзінен бөлекке шашумен келеді, өз жақсысын өзінен қызғанумен келеді.

Құданың құдыреті, бүгінде қазаққа ата мұрасынан, ата дінінен гөрі жаттың дінін, оның салтын қабылдау оңай болып барады. Ата жолынан тайып, ұлттың тілінен, дінінен безіп, өзгенің дертін арқалап, солардың кітабын көтеріп, дәріптеп жүрген жастар көбейіп барады. Мұның арты неге апарып соғар екен? Жұрт осыны да ойланса жөн еді.

Отырып алып біреуді жамандағанда алдына жан салмайтындар қаншама? Тіріні қойып, олар өлгендерді де жамандайды? «Өлгендерді жамандамаңдар, олар жауап беретін жеріне барды» дейді екен Құранда. Жаманда, жамандама, енді оларды тірілтіп әкеп, ешкім түзей алмайды. Задында әруаққа тиіспеген жөн. Осының бәрі өсектен шығады. Өсек дейтінің де қаулап тұрған өрт, адам баласының тұла бойын жайлаған дерт. Қазақ бұдан да құтыла алмай ма деп қорқамын. Өйткені, жағымсыз, жат мінездің бәрі кісінің өзімен бірге туатындай болады да тұрады маған.

«Қызды қырық үйден тый» дейді қазақ. Еркіндіктің шексіздігі соншалық, жұрттың көбі осы күндері ұлына да, қызына да ие бола алмай барады. Еліміздің келешегі солардың белінде жүргенін жастар ойлай бермейтін тәрізді. «Қарғадан қарға туар қарқылдаған» деп Сүйінбай айтқандай, қарғадан қарқылдайтын қарға туып жатқан секілді. Тектіден – текті, тексізден - тексіз туады, сұңқардан сұңқар туады, жақсыдан жақсы туады, бақсыдан бақсы туады. Қыздарымыз қарға туып жатса, қыранды қайдан табамыз?

Мен мұны айтқанда, ой тоқтатып, көңіл жұбататын ештеңе таппағандықтан айтып отырғаным жоқ, теріс мінез, жат қылық етек алып бара жатқан соң айтып отырмын. Бір сұмдығы – осыны қазақтың бәрі біледі.

Демократия қайдалап, аттан салып жүргендердің, ел ішіне іріткі салып жүргендердің шаршамайтынына таңым бар. Және солар қазақтың қамын ойлап жүрсе бір сәрі ғой.

Күнделік деген осы. Кейде оның тұңғиық тереңіне түсесің. Ойдың жетегінде кетесің. Көңілден кетпейтін, ойдан шықпайтын, абай болатын мәселе – бала тәрбиесі. Біз одан айырылсақ, бәрінен де айырылып қаламыз. Бүгін сен түзелсең, ертең ел түзеледі. Ұлы дала, байтақ жер өзінің иесін табады, бәрі де жүйесін табады, киесін де табады. Жұрттың бәрі кісіліктің жолына түссе, елдің де көсегесі көгереді, керегесі кеңейеді. Сонда біз өнегелі ұлт боламыз. Тұтасамыз. Кемелденеміз. Салиқалы боламыз.

Күнделік жазудың азабы да аз емес. Кейде келешегіңді елестетсең ұйқың шайдай ашылады. Сөйтіп, қолыңа еріксіз қалам аласың, әппақ қағазға шағынғандай боласың.

«Ештен кеш жақсы». Осы уақытқа дейін күнделік жазбасаң, дәл бүгін қолыңа қалам ал да, күнделік жаз, қымбатты оқушым! Мен осы күні күнделік жазбасам, асылымды жоғалтқандай, бірдеңені ұмытқандай боламын да тұрамын. Күнделікті жайғасып отырып жазсаң, шер тарқатасың, әртүрлі ойдан арыласың. Қолыңа қалам ал да күнделік жаз, бауырым.

Автор

26.05.2012

Құдайға шүкір, елге, халыққа хал-қадерімше адал қызмет етіп келемін. Ешбір қызметке сұранғаным жоқ. Жұмсаған жерге бармай қалғаным да жоқ. Қайда барсам да тындырып, көптің көңілін тауып істедім. Ешкімге қиянат жасағаным жоқ. Жастарға қамқоршылықты көп жасадым, олардың қабілеттілерін өсірдім. Мұны жұртшылық жақсы біледі. Отырған орнымды ажарландырып, жүрген жерімді гүлдендіріп келемін. Мені жаңа қызметке шақырғанда інілерім мақтауымды жеткізеді-ақ, бірақ қызметтен кетерде қайдасың демейді. Осынысына таңмын. Еуразия уиверситетінен де, Президент орталығынан да не үшін кеткенімді қалың ел білмей дал болды. Газеттер де шулап жазысып жатты. Қызметке келудің де, қызметтен кетудің де адамгершілік жолы бар екенін ұмытпаған жөн. Әркім мұны басына келгенде біледі.

Мен кеткен соң Президенттік мәдениет орталығы көрге айналды. Бұрын қайнап жатқан орталықтың есігін көпшілік ашпайтын болды. Әйелдер мерекесі, Наурыз мейрамы аталмапты. Қызметкерлер күні бүгінге дейін жалақы алмайтын көрінеді.

Қызметтен кеткелі бері күнделіктің де беті ашылмай қалды. Көңілдің қошы болмаған соң ба, әйтеуір, қолыма қалам алғаным жоқ.

Ертең туған күнім. Жетпіс беске толамын. Бір айдан бері сабылып, көпшілікке бір кеш жасап берейін деп, соның қамында жүрмін. Күләш Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» деген шығармашылық кеш өткізбекпін. Мемлекеттік хатшыдан бастап тойды өзіміз өткіземіз деп мені ауыздарымен қарқ қылып еді, сөздерінің басы бар, аяғы жоқ болған соң, Шырынбекті қасыма алып, кешті өзім әзірледім. Шырынбек көп еңбек сіңірді.

жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар