Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұрғали Қадырбаев: Өлең өлкесінің өрелі өрені...

24.01.2016 4974

Нұрғали Қадырбаев: Өлең өлкесінің өрелі өрені

Нұрғали Қадырбаев: Өлең өлкесінің өрелі өрені - adebiportal.kz



(Ақын Ақберен Елгезектің "Көлеңкелер күбірі" өлеңдер кітабы хақында)


Нұрғали Қадырбаев,

Сырдария университетінің профессоры.


Көркем әдебиеттің берері көп. Тағылымының өзі қаншама. Жаныңды жадыратады. Жаңартады. Көркем сөз өнері өренді ұрпақты өнегелікке тәрбиелейді. Тәрбие дегенде осы орайда әдемілік, сұлулықты айтып отырмыз. Мінеки, осынау сұлулық атаулысына көркем әдебиет, оның ішінде көркем поэзия өз оқырманына нұр себелейді. Шуақ дарытады. Алайда бүгінде бұндай ұғымдар тым жұтаң таратқаны да, өкінішке орай, шындық.


Сонымен, қолға алған кітаптың аты «Көлеңкелер күбірі». Авторы – жас ақын Ақберен Елгезек. Ең бастысы, өлең кітабын оқып шыққан соң, ондағы ақындық менің өмірмен тікелей байланыста екендігіне көз жеткіздік. Ақберен өмірді ақындық көркем оймен, өзіндік өрнекпен өрнектей алады екен. Жай поэзия емес, ой коллизиясы, сұлулық үйлесімі мол екен. Дәлелге жүгінелік. «Автопортрет» өлеңінде «Қарашықтың түбінен оқта-текте, оқылады дыбыссыз жыр – иманым» деген қос қатар жолда ақынның рухы, оның ішкі сырының бір иірімі айна-қатесіз аңғарылады.


Ақының өзге адамзат баласынан айырмашылығы да осында, ақын басқалар көрмейтінді, байқамайтынды яки сезбейтінді алдын-ала болжай, түйсіне білуінде дер едік.


Өлең жазу – бұл да ғылым. Ғылымның зергерлік, суреткерлік түрі. Нағыз шебер ғана сөзден көркем сурет салады. Оны көз алдыңа тұтастай елестеткізе алады. Бұны ақын өзіндік ой толғамымен бере білген. «Өлең жазу қасіретін ақынның, Жүрегі жоқ түсінбейді кей пендем». Ақынның аудиториясы болмаған жағдайда, әрине, өлең тағдыры сергелдеңге түседі.


Ақындар атаулысы өмірді, әлемді әр қырынан таниды. Өзінше ұғынады. Өйткені, ақын да адам баласы. «Бұл әлемді өзгерте алмас ешкім де, Мыңдап ақын тұрғанымен әр елде» деп ақын Ақберен айтпақшы, өмір де, заман да өзгерер. Бірақ, шынында да, өзгермес нәрселер де бар емес пе. Мәселен, адам баласы пайда болғалы жақсылық пен жамандық, адалдық пен сатқындық, махаббат пен қаныпезерлік, жарық пен қараңғылық кезектесіп, астасып жатқан жоқ па. Бұдан кейін де солай боларына еш күмән келтіруге болмас та.


Әйтсе де, ақын Ақбереннің поэзиясы шынайылығымен жанға жақын екен. Өмірдің өзін көркем бейнелеген ақын кейде тіршілікті «Геометриялық ойлар» өлеңіндегідей пайымдайды. Тұрған жайлары – бәрінде де төртбұрышты үй болса да, олардың ішіндегі адамдардың көңіл күйлері ешқашанда бір-біріне ұқсамайды. Бірде жылайсың. Кей күндері тәубеңе келесің. Тағдыр, шіркін, тірлігіңді доғадай иетіні де рас. Ғұмырыңның арты – өкініш, алды – мұң болатындығы да көңілдің жұмбақ сырлары. Бірақ ақын өмірді дәу шеңбер деп ұғынып, сол шексіз шеңбердің үзілмеуін Тәңірден тілейді. Өйткені ақынның тіршілік тұрағы «Жарық күнді айналады алып шар» болғандықтан, сол шеңбер ішіндегі нүкте – адамдар «Бір күндері аспан жаққа қалықтар» деп ой түйеді.


Ақын – уақыт перзенті. Сөз қасиеті құнсызданып, зат мәртебесі асқақтаған замана көрінісі де ақындық көзқараспен өз өлеңінде көрініс тапқан. «Иесіз қалған күйіндей қыл қаламның, Болашағы киесіз бұл ғаламның.» Қоршаған тылсым дүние мен адам табиғаты тым күрделенген кезеңде көңіл-күй лирикасы да сөз құдіреті тізбегімен жаңаша берілген.


Ақын Ақбереннің лирикасы зиялы қоғамның, интеллектуальды ой мезгілінің ағымы. Дәстүрлі өлеңнен гөрі заманауи, тосын әрі тың ойлардың ақындық лабороториясынан өткен көркем де парасат-пайымға бөленген әсем де әсерлі әлем.


Адам баласы өмір бойы жетіледі дейді. Дұрыс-ақ. Сол жаңа биікке кейде жеткендей боласың. Кейінірек бұл биігің келесі бір биіктің баспалдағына ғана айналғанына көзің де жетеді, көңілің де сенеді. Десек те, Ақберен дұрыс жырлайды, «Шым-шытырық айнаның әлемінде, өз-өзімді таба алмай сандаламын...» Ақын сергек оқырманының сезімтал көңіл-күйін дөп басып отыр.


Сөз құдіреті ғажайып. Өйткені сөз – поэзияның ең қажетті материалы. Сезімді селк еткізер, ойға қозғау салар, әсемдік пен әдеміліктің бағасын білгізер, ұғындырар рухы. Эпиграфына Інжілдегі «Ең әуелі сөз болған» деген тұжырымды алған ақын «Сөз» өлеңінде сөз өнері – поэзияның көркемдік құдіретін өзек еткен. Тамшыдағы таңбалардың қағазға өлең болып құйылары да даусыз. Ақындық дүниетаным, мінеки, соған жетелейді!


Әдебиет теориясы тұрғысынан алғанда, ақын Ақберен Елгезектің өлеңдері силлабикалық, яғни буын мен ырғақ заңдылығына бағынған төл халқымыздың өлеңдері. Ақын өлең жазу техникасын меңгерумен біргелікте, бүгінгі талғампаз оқырман оқитын поэзияны дүниеге келтіруші ретінде ұнайды бізге. Бұл – мақтағандық емес. Біз жас ақынның жоғарыда аты аталған кітабын оқып шыққан соң, сондай қорытындыға келдік.


Ақын өлеңдерінде адам баласына тән әлсіздіктер, күйрек сезімдер, түсінбеушіліктер, өзін-өзі түсінбеуі секілді сезім иірімдері аз кездеспейді. Бірақ бұндай көңіл-күй адам баласына тән қасиеттер. Осынау көңілдің саналуан қат-қабаттары қарабайыр түсініктен поэтикалық биіктікке көтерілгені жан сарайыңды жаңғыртады.


Өлеңнің туған халқымызда онға жуық ұйқас түрлері бар екендігін ескерсек, ақын өлеңдерінде түгесілмес бұлақ суындай, мөлдіреп ағатын тұмасындай шұбыртпалы ұйқас пішінінде жазылған «Ақиқат» өлеңін айтпасқа болмайды. Жалған дүниедегі тыныс-тірліктің аласапыранға тола көріністері мен қара ормандай ну жыныстары секілді даңғыл жолы жоқ ғұмырдың ең соңы – жер бетінен бақилыққа аттану болса, сол ой-толғам шұбыртпалы ұйқас жолдарымен көмкерілген. Өлеңді бір деммен оқып шығып, «Беу, дүние-ай!» деп тәтті мұңға батасың. Мұңдана білу де, шіркін, ғанибет қой.


Ақбереннің поэзиясында дүниені танып білген, оның күйінші мен сүйінішін тәнімен де, жанымен де өткерген лирикалық кейіпкер бар. Оның күйініші күйкі емес. Сүйінішін де романтикаға тола деуге болмайды. Шынайы сүйініш. Өмірді шынайы сүю бар. Өйткені бұ дүниеде дақпыртпен, қолпаштап сүю де бар емес пе. Бүгінде бәрі де есеп-қисапқа құрылған заманда Ұлы Даланың мәрт мінезі ірі мегаполистік психологиямен, яғни ер мінез орнына амал-айласы мен қитұрқы әдісі көп тәсілдермен алмасқаны да белгілі. «Жүгіну» өлеңі – соның айғағы. Көк түріктің өшкен рухы, көкжалдық қасиеттен айырылған аға, мағынасыз жанарлардағы жалған от, жоғалған тектілік, былықты бақыт деп ұғыну, көк түріктің көп түрігінің көп құдайшыл болуы, шынында да, ақын жанын шымшылайды. Ойын сансыратады. Ақын жүгіне отырып, Ұмай – Анадан, Көк Тәңірден жер-жаһанды тітіреткен бабалар рухын бүгінгі ұрпағының бойына дарытуды тілейді. Өйткені, ақынның шырқыраған жаны шындығынан өтірігі көптеу заманда өзі жазғанындай: «Бір мейірім іздеп жүрміз алданып, сөніп қалған көздерден...» Шыны керек, өкінішті-ақ ақиқат! Бірақ шүкіршілік етесің. Ата-баба рухы қолдасын деп, тілек қосасың.


«Жанымды алсаң ал, пейілімді алма» дейтұғын халықтың өкілі болғандықтан, ақын Ақберен де «Сабыр бер де, ақыл бер аңқылдаған, жүрек төрін жайласын көңіл – қонақ» деп жырлайды «Мінәжат» атты өлеңінде.


Туған жерге, оның топырағына деген сағыныш Ақберен ақынға да тән екендігін осы кітаптың беттеріне зер сала қарағанда байқадық та. Мәселен, «Атамекен» өлеңіндегі шумақ жолдарына көз жіберелік. Ақын былайша толғанады: «Тасы да мұңлы салар ән, Тауы да тірі әулие, Туған жерге оралам, Топырағында бар кие». «Туған жердің әр бұтасы, әр тасы қымбат» мекенге деген іңкәр сезімді ақын өлеңін тұтастай оқып шыққанда, кіндік кескен ортаға деген перзенттік парыз бен қарыздың ешуақытта өтелместігіне илана түсесің.


«Көлеңкелер күбірі» кітабындағы «Дала трагедиясы» өлеңдер циклын бейжай оқу мүмкін емес. Әдетте, ХХ ғасырдың бел ортасына дейін дала, оның табиғаты жайлы өлеңдерді оқығанда табиғат экологиясы деген ой төрт ұйықтасақ та, түсімізге кірмегені аян. Табиғат көріністері, оның бейнелері уыз қалпында, керемет кейпінде суреттелді. Мейлі өзен, мейлі көл немесе тау мен теңіз болсын, олардың мөлдірлігі, тұңғиық тереңдігі романтикалық шындықпен астаса суреттелді.


Ендігіде ше?! Оған уәж ретінде осынау өлеңдер циклында суреттелетін Семей жеріндегі Дегелеңнің талайлы тағдырын айтуымызға болады. Шынында да, Дегелеңде атом бомбасының жарылуы нәтижесінде алапат қасіретті, зобалаң нәубетті санадан және бір рет өткізесің. Дегелең тірі организм болса, ақынның, яғни шайырдың тілімен айтқанда, атом бомбасын сынау нәтижесінде арқайын жатқан даланың сап-сау бүйрегі екіге қақ жарылды. Даланың жанарынан жас парлады. Аспаннан жапалақтап күл жауды. Иттер мен мысықтардың жүні жидіп, жанарлары ағып түсті. Аппақ сүйекке айналған қу бастар ғана қалды. Дауыл соқты жер бетін тұншықтырған. Кербез дала келбеті бір сәтте-ақ өзгеріп сала берді. Жынды атомның алдында аштықты да, айдауды да көрген ұрпақтың көргенінен көрмегені әлі де көп екен.


Ақынның атом бомбасы жайлы ақындық дүниетанымы тың әрі сонылығымен құнды. Дала табиғаты ақынның "Дала трагедиясында" бұрынғы табиғат лирикаларына қарағанда мүлдем кереғар. Басқаша сурет. Аянышты поэтикалық-экологиялық қасіретті көрініс.


«Дала трагедиясы» өлеңдер циклы шағын 5 бөлім-тақырыптардан тұрады. «Психосурет» бөлімінде жарылыстың салдарынан туындаған зардаптарды Дегелеңнің адамдары, олардың ішкі әлемі арқылы ортақ типтік деңгейге жеткізіле суреттелген. Мәселен, «Күлкі орнына – иектегі дірдегі...», «Қуғыннан ба, аштықтан ба білмедім, Ұрпақтары со қалпы жүр түнеріп. Іштегі шер сыртқа лықсып шыға алмай, Күп-күрең боп міз бақпайды реңі. Аралатпас ішкі сарай-бөлмені. Ілінулі жүректердің ілгегі, Жүздерінде – сыр бермейтін салқындық, Жарығы жоқ тас үйлердей түндегі.» Бұл бір ғана болмыс – бейне. Керемет сурет. Әттең, бұл да жалғыздық секілді көптің ортасындағы өзгелерден алшақтаған адами көңіл-күй экологиясы. Бүкіл табиғилығы жарылыстың нәтижесінде жұрдай болған сұлулықтың жұпыны сұлбасы.


Атом бомбасымен біргелікте радиация, оның адамға тигізер зиянды сәулелері жайлы түсінік әлемдік дүниетаным айналымына енді. Әдетте, сәуледен, бір мезеттік сәуле болса да, адам баласы одан қашпайды, бойын сәуле нұрынан алшақ тұтпайды. Ендігіде адамзат баласы радиация атанатын сәуленің аты аталса, бойын лезде жинап алатын болды. Ақын Ақберен өз заманының осынау тажал-суретін де поэтикалық көркем ой трагизмі биігінен суреттей алған. Қазақ тілі сөзінің иірімі мол қасиетін айқын меңгерген шеберлігі де менмұңдалайды. Мысалға жүгінелік. Өлеңнен үзінді келтірелік: «Тірі жүрсең ол – өзіңнің еңбегің, өліп қалсаң, төсегің бар көрдегі. Ғайып болсаң, жоқтамайды да, Сыбдыр етіп теңселместей шеңгелі. Ертеңгілік қабірлері қазулы, Біздің жақтың адамдары қажулы. Шал – жігіттер, кемпір – қыздар қайдағы, Жарылыстан бетке түскен әжімі! Бұл неғылған сұрғылт-сұрғылт суреттер, Бұл неғылған меңірейген жүректер?.. Мұздай нұрға бөлеп жатыр даламды, Қорымдардан сәуле шашқан сүйектер!..» Мінеки, Дегелең даласының траги-психологиялық, портреттік көрінісі. Мұнда публицистика да, ақындық поэтика да бар.


«Қария мұңы» бөлімі де оқырманның ішкі әлемін, ой дүниесін толғандырар өлең жолдарынан тұрады. Жарылысты бастан кешкен Дегелең даласында бүгінде асыр салып ойнап жүрген балалар көзге көрінбейді. Бұзау айдаған, тай мінгескен жеткіншектер де жанарлардан жым-жылас жылыстаған. Бөбек ұстаған келіншектер, өрнек тоқыған кейуаналар да күні кеше жанға жайлы өлең-төсектің толқынында толқи отырып, шаттана өрмек тоқитын. Енді олардың бірі де жоқ. Дегелеңдегі жарылыстан кейінгі тіршіліктің сиқы бұл.


Өлеңді оқи отырып, кеңестік дәуірдегі алапат әскері үстемдік саясатын жадта жаңғыртасың. Диктаторлық Мәскеудің өзім білермендік іс-әрекеттері туған жер топырағын аяқ асты етті. Жерді құнарынан, ерді өз елінен өгейсітті. Осынау цикл өлеңдерінде меңзеу, астарлау яки саяси пікір секілді бірде-бір ой жоқ. Шынайы замана шындығына ақындық-көркемдік, философиялық-психологиялық, азаматтық-поэтикалық тұрғыдан үңілу сарыны басым. Әрі айқын да. Тәуелсіз ел ақынның ақындық шеберханасынан дүниеге келген, өз оқырмандарына жол тартқан көшелі де өрелі өлең жолдарына талғампаз жан да тәнті болары аян.


Ал «Екі ауыл» бөлімінде ақындық шеберлікпен салыстыру тәсілі қолданылған. Бірі – тіршілік ауылы. Екіншісі – өлілер мекені яғни қорым дүниесі. Екі мекен де қатар қонған. Аралары да ұзақ емес. Бірақ бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей. Шыны сол. Жердегілер Күн – шаңырақтың тірлігін бастан кешеді. Өлілер Ай әлемінде яғни көкте рухтары шалқуда. Ақынның тілімен айтқанда: «Біреуінде ұйықтап жатыр жан-әкем, Бұ дүниеге үні жетпей, түнеріп. Қос дүниені жалғап жатыр көпір боп, Екі ауылдың арасында қасқа жол. Екі ауыл да бір атадан тарапты... , Екі ауыл да қалануда кірпіштен. Екі ауылдың арасында – мәңгілік. Мәңгілікті өмір жатыр ән қылып. Екі ауылдан бірі ғана қалар деп, Қорқып жүрмін әр қалада қаңғырып...» Пәни дүние мен бақи дүниені бір қарағанда салыстыра отырып, ақын Ақберен пайымы мол ой толғайды. Ойландырады. Ой дүниесінің шарықтап, шарлай түсуіне, жер-көкке самай ұшуына қозғау салады.


Ақын өлеңдеріндегі поэтикалық троптар мен фигуралар ерекше. Соны әрі тың. Құлаққа бұрын естілмеген көркем де философиялық салмағы қорғасындай әлеуетті, мықты әрі жұп-жұмыр, сөз тіркестері орамды әрі үйлесімді. Мәселен, «Дала трагедиясындағы» «Өлген тарих – өшкен тарих» атты ең соңғы бөліме көз салып, үңіле оқиықшы. «Көне шаһар мүрдесіне қонақтап, Дәуір құсы шаңқылдайды, түрі аппақ. Қауырсыны – календарлық (күнтізбелік десе де боларлықтай – Қ. Н.) парақтар... Әр күн сайын жүрегінді жылатпақ.» Осынау төрт жол өлеңде эпитет те, метафора де, бейнелі сурет те, психологиялық ирімдер де бар. Сурет пен ойды, діл мен сезімді ортақ арнаға құю, оны өлеңнің өзегі ете білу – нағыз ақындықтың белгісі деп білеміз.


Ақын бүгінгі және кешегі ұрпақ жайлы өз топшылауларымен оқырмандармен бөліссе де, уақытқа, заманаға байланысты философиялық ой түйеді. Дәлелі мынау: «Бүгінгі ұрпақ кешегіден қатігез, Олар да ертең ел болады қайғышыл...»


«Ауылда аңсау» өлеңінде ақын қалалық болып кеткен қазақ ақындарының бәріне тән ортақ тақырыпты суреттейді. Сол баяғы базары мол балалық шақ. Құсы мен киігі, таулары мен көк қамысы. Ақселеуі мен тобылғысы, баулары мен достары. Осы өлеңдегі екі-ақ тармақтан тұратын өлең – ой ауылға деген сағынышты селк еткізеді. Ақын былайша жырлайды: «Бала болып қайтадан кетер ме едім. Күнұзаққа шомылған Биікжарға.» Жазғы мамыражай мезгіл, шомылуға еш тоймаған балдәурен шақ көзге мейілінше ыстық, мейлінше жылы. Ұлғайған жасыңа қарамастан, қаншама сезімге берілмейін десең де, қайран да қайран, бейқам да алаңсыз жастық шағыңды көз алдыңа тірілтіп әкелгендей күй кешесің.


Ауылға деген сағынышты әр ақын әр түрлі жырлаған. Сонда да болса, ақын Ақбереннің ауылды аңсауы, туған жерге іңкәр сезімі тіршілік әлемімен көзді де көңілді тоғайтады. Және бір осы өлеңнің екі тармағына назар аударалық: «Қызықтым ғой қартайған қарияларға, Қайтадан бала болған өз елінде.» Расы сол, шынында да, әрі дана, әрі бала мінезі қазағымның сайын даласында әлі де баршылық. Бірақ сондай-сондай қариялардың арамызда жүргенін Ақберен ақындық тілмен әрбір оқырманның көңіл төріне әспеттеп жайғастырғанына разы боласың.


«Лашын» атты балладасы өмірлік тағылыммен суарылған. «Өмірдің өзі –парадокс» демекші, кей-кейде Алла тағала өз пендесінің алдынан «Бір қақпаны жауып қойғаныммен, мың қақпаны ашып қоямын» дегеніндей, жетімдік зарын тартып өскен жас баланың құлыншақты өсіріп, баққанына, оны өзімдікі болса деп арман еткеніне жанымыз іштей ашиды да. Бірақ өгей әке құлыншақтың жанына оны жолатпайды. Тіпті, құлыншаққа мінгені үшін де талай рет таяққа жығады да. Өгейлік өмір соңында сол баяғы қоңыр төбел жоғалады. Сол үшін де бала қорлық көреді. Бірақ өгей әке қоңыр төбелді көрші ауылға, соғымға сатып жібергенін бала кеш біліп қалады. Өгей әкеге деген қырсық мінез бірте-бірте, бала шіркіннің, дәптер бетіне өз өлең жырларын төпелеп жаза бастауына ықпал етеді. Арман болған Қоңыр төбел құлыншақ бала жігіттің ақындық шабытына, яғни Қанатты тұлпарына, Пегасқа айналады. Сол үшін де ақындық мінез дарытқаны үшін өгей әкеге деген кектің орнына, оған кешіріммен қарау мінезі пайда болғаны жайлы ақын ой түйеді. Балладаның тағылымы, айтары – осы ой.


«Жұмбақтау» өлеңінің мазмұны маңызды, көтерер жүгі мығым. Бұл өмірге келу, өмірден кету философиясы қаншама ақындарды толғандырған десеңізші! Бұл өмірдің мәні мен мәнісіне үңіліп, оған жауап іздегенмен, әр толқын осынау мәңгілік мәселені өз толғанысы, тәжірибесі, тағдыр талайы арқылы шешеді. Ақберен ақынның өлеңіндегі ой өрнектері де өзгеше. «Өлім жайлы үрейің – үрейлердің ұлысы, Ажал жайлы ойламау – бақыт дерсің, дұрысы!», «Бейіт қана түзетер – жолы болмас бүкірді, Құдай мені сақтасын, ойларымнан күпірлі!», «Төсектегі қария түк түсінбес бала боп, Бесіктегі балбөбек былдырайды дана боп...», «Бәрі әуелден белгілі... Қар құрсағын жарады қалтыраған қыр гүлі... Өте берер осылай бір заңдылық өзгермей, Өмір деген ұлы көш тозаңдарды көзге ілмей...» Бір қарағанда, бәрі де белгілі жәйттер секілді. Әйтсе де, ақын өлеңдері арқылы өмір – сурет жанды қалпымен жаныңды сергітеді, ойыңды өргізеді.


Ақынның аудармалары да осынау кітапқа еніпті. Иван Буниннен, Дмитрий Мережковскийден, Варлам Шаламовтан, Владимир Высоцкийдің, Гийом Аполлинерден аударған өлең жолдары өмір – тіршіліктің түрлі шешімдері мен санқатпарлы сезімді сәт сайын сергітуімен есте қалдырады.


Ақын өлеңдерінің тұзы тұшымды. Дәмі нәрлі. Қазақы қалыбымыздың құнарлы тілі өлең жолдарының бойына мейілінше дарыған. Соған сүйсінесің. Жас ақынның төл тіліміздің иірімдерін толық меңгеріп, өз білімі мен тәжірибесі, дүниеге тәуелсіз ел ұрпағының ұлт мүддесі көзімен қарай білуі бізге өте ұнады. Ақынның кітабын түйсіну, сезіну үшін, әлбетте, оқу керек дегіміз келеді.      


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар