Нұрымбайдың пернедегі ізі...

Ол - сарынды сазгер, зерделі зерттеуші. Қазақтың музыка өнерінде бойтұмардай сақталып келе жатқан күй өнері бүгінгі өркениетті қоғамда әлемдік сахна деңгейіне көтеріліп, ұлт өнерінің ұлылығын асырып, мәдениетіміздің алтын қорынан өшпестей орын алғаны белгілі. Халқымыздың дәстүрлі музыка мәдениетінің  дамуына 1980 жылдардан бастап бір топ күйші-орындаушылар аянбай атсалысып келеді. Солардың ішінде Нұрымбай Сүлейменұлының күйшілік өнерін алдымен ауызға алуымызға болады.

81

Нұрымбайдың пернедегі ізі... - adebiportal.kz

Күйші Нұрымбай Сүлейменұлы 1956 жылы ақпан айында Текес ауданының Қарадала ауылы, Қапсалаң қыстағында өнер дарыған отбасында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен медреседе оқып, сауатын ашқан. Көзі ашық, көкірегі ояу, өз заманының ұлағатты адамдарының бірі болған. Сүлеймен ақсақал ел ішінде сыбызғышы атанған, ел-жұртына сыйлы, өнерге шын ықыласпен берілген жан еді. Қазақтың қара қурай сыбызғысын тартқанда, сыбызғының дауысы бес шақырым жерге естілетін. Ол кісінің мұңлы сыбызғысының дауысын естіген адамдардың жүйке-жүйесі босап, еріксіз көзіне жас келетін, тіпті адам баласы емес, хайуанаттар да әсерленіп, жылқы кісінеп, сиыр мөңіреп, қой маңырап, түйе боздап, артынан еріп алады екен. Ал шешесі Жамалқан да сөзге шешен, ашық-жарқын, өлеңші адам болыпты.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, Нұрымбайдың өнерге құштарлығы отбасынан басталады. Нұрымбайға домбыраны бала кезінде әкесі Сүлеймен үйретеді. Нұрымбай 7-8 жасында әкесінің сыбызғыда тартатын «Ала айғырдың азынауы», «Жетім қыздың зары», «Аққу», «Бұғының шақыруы» қатарлы халық күйлерін үйреніп, домбырада орындайды.

Сүлеймен қария баласының талабына сүйініп: «Атамыз қазақ: «жігіт адамға жетпіс өнер де аздық етеді», – дейді. Нұкешім, сен домбырашы болатын көрінесің. Осы талабыңнан жазба, жаңылма, өнеріңді әрі қарай дамыта бер»,  – деп ақ батасын береді. 

Талантты баланың талғамын таныған әке баласы Нұрымбайды Текес ауданының Қарадала өңіріндегі атағы дүйім елге жайылған Мұқаметжан, Жабықпай, Шамұғын қатарлы халық күйшілерінің алдына апарып, шәкірттікке беріп, күй үйреткізеді.

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын қағылез, зерек бала өнерге біржолата тәнті болып, «осыдан үлкен өнер, осыдан биік мұрат жоқ» деген ойға келеді. Ықыласты ұстаздың ынталы шәкірті тез жетіледі. Халық күйлері «Аңшының зары», «Сал күрең», «Күйген шапан», «Қара жорға», «Сары өзен», «Аққу», «Төрт жаяу», «Бес ұры» тағы басқа күйлерді үйренеді.

Ауылда «Бала домбырашы» атанып, өзі оқыған Қарадала ауылдық №14 бастауыш мектебінің ұйымдастырған ойын-сауық үйірмесіне қатысып, сахнада жеке күй шертіп, жеке ән салып, өнер бәйгелерінен жүлде алып жүреді. «Бала домбырашы» бозбала шағына енді жетіп, халқына жаңадан таныла бастаған шағында атышулы «Мәдениет зор төңкерісі» бұрқ ете түседі де, Нұрымбайдың отбасы «Мәдениет зор төңкерісінің» ықпалына ұшырап, әкесі Сүлейменге «қалпақ» кигізіліп, бақылау астына алынады. Сол тұстағы апербақан бүлікшілер Сүлейменді «тап жау элемент», «көне дәстүрді тірілтуші» деген түрлі жаламен ұрып-соғады. Ауыр еңбекке салып, айдау, қинау сынды түрлі шаралар көрсетіп, соның салдарынан жазықсыз әке 1972 жылы шілде айында мезгілсіз дүние салады.

Партияның 11-кезекті Орталық Комитетінің 3-жалпы мәжілісінен кейін ғана Сүлеймен қария ақталып, атақ-абыройы қалпына келтіріледі. Алайда басынан құс ұшырмай ержеткізіп, өнерге баулып, халқының алдына шығарған ардақты әкесінің нақақтан болған қазасы Нұрымбайдың жанын қатты азаптайды. Көңілін босатып, толқытады да толғандырады. Әкеден жастай жетім қалған Нұрымбай өмірдің қиындығын белшесінен кеше жүріп, барлық ауыртпалықты көкірегінен өткізіп ержетеді. Оның сол тұстағы жұбаныш тауып, шер тарқатары да, әке қасіретіне араша түсері де домбырасы болады.

Нұрымбай Сүлейменұлы арнаулы көркемөнер мектебінде оқымаса да, еліміз көлемінде аты әйгілі, бармағынан бал тамып, домбыра шанағына небір нәрлі шығармалар жаратқан Қожеке Назарұлы, Бейсенбі Дөненбайұлы, Қайрақпай Шәлекенұлы, Әшім Дүңшіұлы қатарлы күй алыптарының жолын қуып, солардың мұрасыына мұрагерлік етіп, қазақ музыкасының асыл қасиетін бойтұмарындай сақтаған, аз болмаған назды да сазды көркем туындылар жаратқан, елеулі еңбектерімен дәуір сахнасынан орын алған аға буын күйшілеріміз Тайыр Белгібайұлы, Әліпбек Мәлікұлы, Кәсімбай Құсайынұлы, Дәулет Мазақұлы, Кәмал Мақайұлы, Дәулет Халықұлы, Қизат Сейітқазыұлы қатарлы бір топ күй саңлақтарының жолын қуып, оларды ұстаз тұтып, олар орындаған күйлерді радио толқындарынан естіп үйреніп, репертуарын молайтып, орындаушылық өнерін мықтап шыңдай береді.

Фотосурет ашық дерекөздерден

Нұрымбай Сүлейменұлы 1976 жылы шілде айында Текес аудандық №1 орта мектепті (толық орта) үздік нәтижемен тәмамдап, сол жылы күзде Қарадала ауылындағы  мектепке халық мұғалімі болып орналасады. Ауылда алты жыл мұғалімдік кәсіппен шұғылданып, мектептің дене тәрбиесі және көркемөнер сабақтарын өтеді. Мектептің кәсіптен тыс ойын-сауық үйірмелерін басқарып, әр сыныптағы әнге, күйге, биге қызығатын, бейімі күшті оқушыларды таңдап ұйымдастырып, көркемөнер нөмірлерін даярлап, мектептің ішінде және Қарадала ауылына қарасты қыстақтарды аралап, концерттік бағдарламалар қойып, халықтың мәдениетке деген қажетін қанағаттандыруға құлшынып, бұқаралық мәдениет жұмыстарын дамытуға өзіндік үлесін қосып, өнерпаз жас жеткіншектерді тәрбиелейді.

1982 жылы мамыр айында Іле №1 педагогикалық мектебіне емтихан беріп, сол жылдың күзінде Күнестегі Іле №1 педагогикалық мектебіне оқуға түсіп, екі жылдық білім алуға барады. 1984 жылы шілде айында Іле №1 педагогикалық мектепті жақсы нәтижемен тәмамдап, туған ауылына қайтып оралады. 1984 жылы қараша айында Текес аудандық халық үкіметі қаулы шығарып, Нұрымбайды аудандық мәдениет мекемесіне ауыстырып әкеліп, мәдениет мекемесінің бұқаралық мәдениетке жауапты кәсіби маманы етіп орналастырады. Бұл қызметте ол мәдениет орындары мен қыстақ мәдениет ошақтарын құру, ақындар айтысын ұйымдастыру, түрлі ойын-сауық үйірмелерін құру жұмыстарына кәсіби тұрғыдан жетекшілік етеді. 1985 жылдан 1987 жылға дейін Шыңжаң радио-телевизия университетінде сырттай оқып, жоғары техникум дипломын алады.

Ол қоғамдық қызметке араласқаннан бастап, өз халқының мәдениет қазынасын байытуға шындап берілді. Халық ауыз әдебиетін жинақтау, реттеу жұмысына ерте бастан кірісіп, осы салада ерінбей еңбек еткен мәдениет қайраткерлері Махмұт Әбілқайырұлы, Әбілез Шәріпұлы, Дәулет Мазақұлы, Дүйсенбек Тұрлықожаұлы, Әбдүшкір Тұрдыбекұлы қатарлы Текестегі бір топ мәдениет қызметкерлерімен бірлікте, Текес ауданындағы халық арасында сақталып келген мол ауыз әдебиеті мұраларын жинап, реттеп, оны «Төрт томдық кітап» етіп баспадан шығарады. Елеулі еңбекке тер төгудің нәтижесінде ол 1992 жылы автономиялық аудандық фольклор қоғамы жағынан халық ауыз әдебиетін жинап, құрастырудағы «Үздік жеке» болып сыйланады. Аудан көлемінде өткізілген әрбір ақындар айтысында айтыс ақындарына арнаулы сабақ беріп, олардың сапасын жоғарылатуға өзіндік үлес қосады.

Нұрымбай Сүлейменұлы халық ауыз әдебиетін жинау, реттеу жұмысымен айналысып қана қалмай, өз халқының мәдениет қазынасын ардақтап, ұрпақтарға жалғау жолында да көптеген ізденістер жасады. Айталық, «Мұра» журналының 1992 жылғы №3 санында «Домбырашы қыздың жар талдауы», «Ұлттар ынтымағы» журналының 1992 жылғы №1 санында қазақ халқының дәстүрлі ойын түрлерінің бірі болған «Ақ сүйекке аялдағанда», «Іле оқу-ағарту» журналының 1994 жылғы №1 санында «Халық ағартушысы Тоғжан», «Мұра» журналының 2002 жылғы №5 санында «Тойекенің асы және ондағы мәдениет» қатарлы зерттеу, таныстыру, күй аңыздары мақалалары облыстық, өлкелік, мемлекеттік дәрежедегі ғылыми журналдарда жарияланып, оқырмандармен жүздесті. Сонымен қоса Орталық халық радиосының «Ән-домбыра» бағдарламасында «Домбыра, күйші» және «Домбырашы қыздың жар талдауы», «Сыбызғының барлыққа келуі және дамуы», «Сан өнердің саңлағы – күй кешірген бармағы» қатарлы ән-күй және халық композиторларының тарихына қатысты жазылған шығармалары жарияланды.

Нұрымбай Сүлейменұлы 1986 жылдан 1990 жылға дейін Текес аудандық мәдениет үйінің орынбасар бастығы болып істесе, 1990 жылдан 1993 жылға дейін Текес аудандық мәдениет үйінің бастығы болып істеді. 1993 жылдан 1995 жылдың 8 тамызына дейін Текес аудандық мәдениет мекемесінің орынбасар бастығы болып істеді.

Нұкeң – бұқаралық мәдениеттің іскер ұйымдастырушысы әрі маманы. Мемлекеттік музыканттар қоғамының мүшесі, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аудандық халық ауыз әдебиеті фольклор қоғамының мүшесі, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аудандық музыканттар қоғамының мүшесі, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аудандық Таңжарықты зерттеу қоғамының мүшесі, Іле қазақ автономиялық облыстық музыканттар қоғамының мүшесі. Іле қазақ автономиялық облыстық «Алпыс екі қоңыр» зерттеу қоғамының мүшесі. 2001 жылы қазан айында Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы кадрлар мекемесінің кәсіби ғылыми атақ бағалау кеңесі жағынан бұқаралық мәдениет ғылымының жетекші аға зерттеушісі атағын алады.

Нұрымбай Сүлейменұлы бұқаралық мәдениеттің іскер ұйымдастырушысы әрі маманы ғана емес, шебер домбырашы, сондай-ақ өз жанынан көптеген күйлер шығарған көрнекті күйші, композитор. Оның күй жарату мен күй орындаудың әр қырынан өзіндік стилін, сарын байқатып жүрген танымал сазгер-күйші екендігіне жұрт куә. Бәлкім, бұл жағындағы толық бағасын күй әлемінің барша тыңдармандары мен майталман күй саңлақтары және осы саланың мамандары бере жатар. Ол домбыраның аспаптық музыкадағы орнын жоғарылатып, домбыраның әуендік мүмкіндіктерін кеңінен игеруде өзіндік дәстүр қалыптастырып, көптеген құнды күйлер жаратып, халыққа ұсынды.

Нұкең жалпы 80-нен аса ән-күй жаратты. Жазған күйлері аты-затына сай қуатты туындылар болып, қоғамдық өмір мен табиғат дүниесіндегі түрлі құбылыстарды домбыраның қос ішегі арқылы образды бейнелейді. Содан да болар, оның күйлері ішкі мазмұнға бай, толғамдары терең, әуен-сазы мұңды болып келеді. Бұған қоса, ол домбыраның бар мүмкіндігін еркін пайдалана білген. Оның бұрынғы дәстүрлерді жалғастыра отырып, бүгінгі заманның талабына сай тақырып тапқаны көңіл қуантарлық жағдай. Әсіресе тақырыпты тек өз жерін, өз еліне арнаумен бірге жүрген тұған жерлерін, көрген-білгендерін, табиғат дүниесі мен қоғамдық өмірден алған әсерлерін өз шығармашылығының арқауы етуі нағыз шығармашылық болмысқа тән қасиет деп білген жөн.

Күйшінің екінші бір қыры – шығармашылыққа арнамақ. ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында қазақтың рухани, киелі күй өнерінің өлкесіне Нұрымбайдың сазды да салиқалы, сырлы әуені келіп қосылды. Бабалар дәстүрін жалғастырған автордың ән-күйлері сан алуан тақырыптық, мазмұндық, ырғақтық, құрылымдық, орындаушылық ерекшеліктерімен дараланып, жаңа соны лебімен көңіл аударады. Нұкеңнің күй туындылары «Арнаулы күйлер және тарихи күйлер» сынды екі түрлі күй жанрын өзек етіп өрбиді. 

Автордың «Сағыныш», «Қайран әке», «Ана мейірі», «Ыстық ұя», «Қос аға», «Қарт толғауы», «Таңжарыққа арнау», «Шалықма», «Әлди бөпем», «Сырласу», «Ғасыр аунаған», «Шашу» тағы басқа күйлерінде сағынышқа толы үміт пен арман, нақтылы өмір шындығы жатады. Күйлерінің атының өзі айтып тұрғандай – асқар таудай әкеге, ардақты анаға, алтын ұя – ана мектебіне, қос жанарындай болған аяулы ағаларға, сондай-ақ көзі ашық, көңілі ояу данышпан қариялар мен халықтың ардагер асыл азаматтарына, шалқыған көңілі, албырт жастық шағы, нұрлы болашақты бетке алып қаулап өсіп келе жатқан жас ұрпақтар мен қимас дос, сүйген жарға, сағынған ел арманы өмірде болып өткен сан-салалы уақиғаларды еске алып, өткен ғасырдың құпиясынан сыр шертіп, күйден шашу шашып, күй тілі арқылы нақтылы өмір құбылысын дәл образды бейнелеп береді.

Күй өмірден туады, күйшіде өмірдегі барлық құбылысты барлап-бақылай алатын терең ойлы және күй тілін елден ерек түсіне алатын ерекше қабілет болу қажет. Нұкеңнің өз сөзімен айтқанда: «Тек бір мезеттік тамашаның, дыр-думанның қажетіне бой ұрған күйші – нағыз өнер иесі болмақ емес. Күйшінің жаратқан күйі күллі адамзаттық көңіл-күйіне ортақ. Белгілі дәуірлік сипат алатын қасиетке ие болу қажет». 

Десе дегендей, Нұкеңнің «Қайран әке» күйі «он жылдық бүлікшілдік» барысындағы мезгілсіз қаза тапқан барлық ақ ниетті әкелердің жоқтауы болып, дәуірлік астары бар философиялық ой толғайтын, сағынышты да сазды, сиқырлы да мұңды, жұрт сүйініп тыңдайтын көркем туындыға айналды.

Туған өлкесінің сұлу табиғаты ешбір композиторды әсерлендірмей қойған емес. Солардың қатарында Нұрымбай да туған жерінің әсем табиғатын, жасыл орманын, кең байтақ даласын күйге қосып, мың құбылтып күй шерткен күйші. «Ата мекен», «Дала сыры», «Текес толқыны», «Құстар салтанаты», «Әсем толғау» тағы басқа күйлері ата-бабаларымыздың өсіп-өрбіген ата мекені, ну орманмен көмкерілген жасыл алқап, тіршілік тірегі болған байтақ даласы, дала төсінен бұлақ аққан мөлдір бұлақ, туған жерінің кеудеге ерлік қуатын дарытқан асау, ақ жал өзендері мен өзі өскен ортаның таңға жайып сұлу көріністері, оның аясындағы жан-жануарлар болмысы бір сәттік жағдайлардан көрініс тауып, алуан түрлі сезім күйіне ұласады. Нұкеңнің бұл күйлерінде табиғат, қоршаған орта еш уақытта жалаң алынбайды. Адам мен табиғаттың, адам мен жануарлар дүниесінің, адам мен қоғамның біте қайнасқан тұтастығы өзара шебер шендестіріледі.

Бүкіл адамзат дүниесі тап болып отырған күрделі өзгерістер мен Жер-Ана төсін мүшкіл халге кіріптар еткен экологиялық апаттарды сезіне білу, оны әдебиет-көркемөнердің әр қырымен суреттей алу – барша өнер адамдарының алдына қойылып отырған тың тақырып. Нұкеңнің «Дала сыры» атты күйі міне, осындай құдіретті ойдан туған кесек туынды. Қазіргі кездегі орман-тоғайлардың ойрандалып, өзен-көлдердің бөгеліп, былғануы, жасыл жайлаулар мен тың жерлердің беталды игерілуі (жер көшу) салдарынан табиғат-Ана төсіне салынған айықпас «жарақаттар» жанын ауыртқан автордың осы күйі қоңыр даланың қоңыр әуеніне басып, «Табиғат – тал бесігің, оны аялай біл» деп өтінгендей бір түрлі ғажайып ойға батырып, тебіреністі мұңды сарынға басады.

Ал, «Өкініш», «Жалған-ай», «Арман-ай» атты күйлері өмірде болып өткен оқиғаларға арналған. Арманда кеткен асыл жандардың орны толмас өмір өкінігін, қайғы-қасіретін, мұң-мүддесін, арман-үмітін күй тілімен жанды да, образды бейнелейді.

Нұрымбай күйлерінде терең толғаныс, тебіреністі қиял, сырлы сезім, өмірге құштарлық, көксеген мұраты мен көкейіндегі арманын күй сазымен ақтарады. Күй арқылы адам жанымен сырласып, мұңдасады. Оның күйлерінің танымдық-тағылымдық дәрежесі өте кең, көркемдік, философиялық өрісі жан-жақты кейде өз арна-көнеуінен асып төгіліп те жатады.

Қос ішектен шыққан дыбыс перне басқан сайын құлпырып, адамды терең ойға шомылдырады. Нұрымбай Сүлейменұлы негізінен шертпе күй дәстүрін ұстанған сазгер-күйші. Оның туындыларында музыкалық образдардың ауқымы өте кең, формасы жағынан бір жүйеге түскен ауқымды туындылар. Күйлерінің құрылысы, бітімі жағынан екі бөлім немесе үш бөлім, тіпті кейде үлкенді-кішілі төрт бөлімнен құралады. Күй ауқымы бас буыннан үлкен сағаға барып қайтады. Ауқымы кең, толғанысы терең, ойлы, ғибраты басым, әуені сазды болып келеді.

Күйші домбыраның орындау дәстүрін, аспаптық дыбысын және техникалық бар мүмкіндіктерін мейлінше дұрыс қолдана білген. Оң қолдың қимыл-қозғалысы күйдің әуендік тілін айқындауда басты тетік болып келеді. Нұкең күйлеріндегі тағы бір ерекшелік – композитор күйлерінің дамып, шарықтау шегіне барғанда ортаңғы саға мен үлкен сағаның бар мүмкіндігін өзінше дұрыс пайдалана білген. Алайда домбыра тартудың түрлері қаншалықты құбылып, тыныс-демі қаншалықты өзгеріп отырғанымен, Нұкеңнің күйлерінің саз-сарынында таң қалдырар логикалық тұтастық, әуен бүтіндігі үнемі сақталып отырады.

Күй шерту ерекшелігі жағынан оның күйлері шертпе күйлер, төкпе күйлер және теріс қағыпа үлгісінде тартылатын күйлер, тоғыспалы күйлер деп төрт түрге бөлініп, өзіндік даралық дәстүр байқатады. Нұкеңнің күйлеріндегі әрбір күйді терең шерту алдында алдымен шығарманың тақырыбына, мазмұнына, көңіл-күйіне, қағыс түрлеріне, ырғақтарына, сондай-ақ қатаң (f), ұяң (p) музыкалық түрлі шартты белгілерін түсініп шерткенде ғана күйдің нағыз характері шығады.

Егер белгіленген әдістер бойынша орындалмай, өз қалауларынша орындалса, күй мазмұн қасиетінен, сарын-сазынан айырылып, авторлық қолтаңбасын жоғалтады. Оның күйлері оң бұрау және сол бұрау (теріс бұрау) мәнерінде орындалады.

1. Шертпе күйлері

Нұкеңнің шертпе күйлері көбінде асықпай, баяу, баппен орындауды талап етеді. Шертпе күйлері қағыс түрлерімен ерекшеленеді. Өйткені қағыс – күйдің кілті іспетті. Әрбір дәстүрдегі күйлерді шерту алдында күйлердің қағыстарын дұрыстап біліп алып, мелодиялардың қатаң ұяңдығына, қол-қойылымдардың перне басу ерекшеліктеріне мән беріп, көңіл-күйін тауып орындауға тура келеді. Тек сонда ғана күйдің білдірмек болған ойы айқындалып, әсері күшейе түспек. Нұкеңнің шертпе күйлері әртүрлі қағыстармен орындалады.

Кейбір күйлері ту бастан басталғанда-ақ ұқсас қағыстармен басталып, қос ішекті бойлай жүреді де, ұзаққа бармай астыңғы жалаң ішекті перне бойлай жүру шерту тәсілімен толғай тарту керек болады. Күйдің саздық желісі дами келе бір-біріне жалғасып, үстіңгі жалан ішекке ауысып барып, қайта қос ішекте алма-кезек жүреді де, соңында үндестік дыбыстарға келіп тоқтайды.

Кейбір күйлері «ә» деп басталғанда-ақ алма-кезек қағыстармен басталып, күйдің саздық желісі қос ішекте тең жүреді. Көп өтпей әртүрлі қағыстарға өзгеріп, музыка мәтіндері (мелодиялары) құбылады. Осы кезде домбырадағы қос ішекті алма-кезек даралап шертіп, пернедегі кездесетін безендіргіш дыбыстарды (ноталарды) қағыс қалттырмай шертуге талап етеді.

Ішінара күйлердің қағыстары күйдің характеріне қарай сан құбылып өзгеріп отырады. Музыка мәтіндері (мелодиялар) қос ішекте астын-үстін жүреді де, бірде үстіңгі жалан ішекке ауысып, тағы бірде астыңғы жалан ішекке ауысып жүреді. Күй ақырласар кезде пернені бойлап қос ішекте тең жүріп барып, үндестік дыбыстарға келіп тоқтайды. Міне, Нұкеңнің шертпе күйлерін осы талаптарды негіз етіп, көңіл-күйлерін тауып орындағанда ұғымға жеңіл, жүрекке жылы, көңілге қонымды естіледі.

Шертпе күйлер тобына «Сағыныш», «Қос аға», «Құстар салтанаты», «Ата мекен», «Әсем толғау», «Дала сыры», «Ана мейірі», «Шашу», «Өкініш», «Әлди бөпем», «Сырласу», «Жалған-ай» қатарлы күйлері кіреді.

«Құстар салтанаты» атты күйінде арнайы «◇» дыбыстық белгі кездеседі. Бұл белгі жасанды (флажолет) сықырма деп аталады. Бұл белгі кездескен күйлерді тартқанда перне басқан саусақтың жұмсақ етін пернеге тиер-тимес етіп, нотаның ыңғайына қарай жөткесеңіз, бір түрлі қоңыраулы дауыс шығады. Бұл дыбыс таң сәріде сайраған бұлбұл үніне, бірде саңқ еткен, бірде шаңқ еткен дауыстарға ұқсайды.

«Өкініш» атты күйінде «+» (ішекті саусақпен іліп тарту)  белгісі кездеседі. Бұл белгі кездескенде ноталарды перне басқан саусақпен ішекті іліп тартуды талап етеді.

«Өкініш» атты күйімен «Әлди бөпем» атты күйлерде тағы «□» (ашық ішекті тұту) белгілері кездеседі. Бұл белгі перне басқан саусақпен ашық ішекті ұстау (тұншықтыру) керек екендігін көрсетеді. Міне, осы сияқты кездескен белгілерді кезегі келген жерде дұрыс қолданып шерту керек.

2. Төкпе күйлері

Нұкеңнің төкпе күйлері орындау техникасы жағынан үлкен шеберлікті талап етеді. Төкпе күйлері бастан-аяқ ұқсас қағыстарда тартылып, күйлер өзгерісті бір темпте жүреді де, жылдам екпінде тартылады.

Төкпе күйлерінде безендіргіш ноталар көп істетіледі. Күйлер ашық ішекте басталып, көп өтпей күй сазы қос ішекте тең жүреді. Күй формасы дами келе кіші сағадан өрлеп, үлкен сағаға дейін барып қайтады.

Бір бөлім төкпе күйлері орташа қарқынмен басталып, жігерлі тартылады. Қағыс түрлері бастан-аяқ өзгермейді. Күйлер өзгеріссіз бір темпте жүреді. Ашық ішекте көп тоқтамайды. Негізгі мелодиялар домбыраның қос ішегінде тең жүріп, күй ақырласатын кезде үндестік дыбыстармен қоса өріліп, ақырласады.

Ішінара төкпе күйлері асықпай, терең оймен күңірене тартылады. Күйлердің қағыстары мен ұрдаулары бастан-аяқ сан құбылып, өзгеріп отырады.

Күй сазы қос ішекте тең жүріп барып, негізгі мелодиялар астыңғы жалан ішекке ауысып барып дараланып тартылады. Осы кезде үстіңгі жалан ішек бастан-аяқ ашық ішекте жүріп ақырласады.

Күй сазы бірде төкпе дәстүрінде тартылса, енді бірде шертпе дәстүріне ауысып барып, қос ішекте алма-кезек тартылып, соңында ашық ішек (нота) сол күйінде тоқтайды.

Төкпе күйлер оң қолдың қағу, төгу ырғағымен өзін айғылейді. Сол үшін төкпе күйлердің тартылу ерекшелігінен күй қасиетін танып, мелодиялардың қатаң ұяңдығына, қол қойылымдардың басу ерекшеліктеріне мән беріп, көңіл-күйін тауып орындағанда барып күйдің нағыз қасиеті шығады. Төкпе күйлеріне «Таңжарыққа арнау», «Шалқыма», «Текес толқыны», «Ғасыр аунаған», «Арман-ай» қатарлылар жатады.

3. «Теріс қағу» үлгісіндегі күйлер

«Теріс қағу» үлгісіндегі күй тарту халық арасында бұрыннан сақталып келе жатқан бар дәстүр. Кезінде халық музыканттары күй тартуды бірінен-бірі тыңдап, есте ұстау арқылы үйреніп, дәстүрлі мұра ретінде меңгерген. Халық арасында домбыра тартудың алуан түрлі озық үлгілері сақталған.

Нұрымбай Сүлейменұлы «теріс қағу» үлгісінде күй тарту дәстүрін бала кезінен бастап үйреніп, өзіне мықтап қалыптастырған. Репертуары дами келе осы дәстүрде бірнеше құнды туындыларды жаратып, халықпен бет көрістірді. Ол еліміз қазағында тұңғыш рет «теріс қағу» үлгісінде күй шығарып, күй шерткен сазгер-күйші. Оның «теріс қағу» үлгісінде тартылатын күйлері үлкен жағынан шертпе күй дәстүріне жатады. Орындау әдістері жағынан өзіндік сипат, даралық дәстүр байқатады. Оның «теріс қағу» дәстүрінде тартылатын күйлері баяу, терең, толғана тартуды талап етеді. «Қайран әке», «Ыстық ұя», «Қарт толғауы», «Керуен» қатарлы күйлерін орындағанда домбыраның тиегінің артына май алақанды басып, қос ішекте тербеліс тудырып, сұқ саусақтың жұмсақ етімен ішекті өзгеше біріңғай сипай қағады. Кейде сұқ саусақпен ортаңғы саусақты дыбыс ырғағына қарай дірілдетіп, термелеп алма-кезек тартқанда барып күй ыңырана толғайды. Нұкеңнің «теріс қағу» дәстүріндегі күйлері орындаушылық мәнері жағынан өте күрделі күй. Оны нақышына жеткізіп орындау кез келген домбырашының қолынан келе бермейді.

Жоғарыда аталған күйлері өз мәнерінде орындау үшін домбырадағы қос ішектің үнін игере білу керек. Ішекті үстінен саусақтардың қырымен сипай қағып, содан шыққан үнге «жан бітіру» қажет. Домбырадағы үнге «жан бітіру» үшін музыка тіліндегі «вибрация» деп аталатын толқын басты рөл атқарады. «Вибрация» көптеген күйлерде перне басудағы діріл арқылы беріледі. Ал «Қайран әке», «Ыстық ұя», «Қарт толғауы», «Керуен» қатарлы күйлерінде бұл діріл екі қолға да керек. Қағатын қолдың буынында да «вибрация» жүріп отырады. Міне, сонда ғана домбырадағы үнге «жан бітеді» де, ол сөйлей бастайды.

Орындаушылық өнерінің осындай бір күрделі түрінен басқа әдіспен тартуға «Қайран әке», «Ыстық ұя», «Қарт толғауы», «Керуен» күйлері көнбейді. Басқадай кез келген әдіспен орындалса, күй өз табиғатынан айырылып, авторлық қолтаңбасын жоғалтады. Жинақтағы «Қайран әке», «Ыстық ұя», «Қарт толғауы» атты күйлерінде арнайы қағыс белгілері кездеседі. Бұл белгілер кездескен ноталарды сұқ саусақпен және ортаңғы саусақпен алма-кезек термелеп тартқанда ғана күйдің нағыз қасиеті шығады.

«Қайран әке» атты күй сазы ортаңғы буыннан көтеріліп, кіші сағаға өрлеген кезде арнайы белгі кездеседі. Бұл белгі кездескен ноталарды тартқанда перне басқан саусақтар мен ішектерді бірінен соң бірін тізбектеп қағу керек.

Автордың «теріс қағу» күйлерінің ішінде төкпе күйлер көптеп кездесіп отырады. Ол осы екі түрлі күй тарту дәстүрін бір қалыпқа сыйғызып, күй формасына жасампаздық жаңа стиль сипаттары арқылы содан жол салып, аспаптық музыкамыз – домбыраның орнын жоғарылай бір белеске көтереді.

«Қарт толғауы», «Керуен» атты күй-поэмаларының бас-аяғы бүтін, ауқымы кең, қуатты туындылар болып, күй қорымызға жаңа бір түс енгізіп, тың сарын қосады.

Жоғарыда аталған «Қарт толғауы», «Керуен» атты күйлерін орындау үшін алдымен «теріс қағу» дәстүрімен басталады. Кезегі келген жерлерде төкпе дәстүріне ауысып тартылады да, бір-біріне жол беру арқылы алма-кезек орындалады. Орындау барысында күй құрылымына үлкен ықпал жасамайды. «Қайран әке» күйімен «Ыстық ұя» атты күйлері бастан-аяқ ұқсас қарқында баяу, мұңды тартылады. Тек күйлердің ара-тұра жерлерінде ғана қағыс түрлері өзгереді. Басқа уақыттарда негізінен ұқсас қағыстармен тартылады.

«Қарт толғауы» атты күйінің құрылысы үлкенді-кішілі төрт бөлімнен құралады. Күйдің ауқымы кең, толғанысы терең, әуені сазды болып келеді. Кейде күй тулап, өз арнасынан асып жатады. Күйдің алғашқы бөлімінде негізгі мелодия желісі үстіңгі ашық ішекпен басталып, «теріс қағу» дәстүрінде баяу, терең, толғана тартылады да, бір ойды күңірене толғайды. Күйдің бірінші бөлімі екінші бөліміне қарағанда бір есе ұзақ.

Күйдің екінші бөліміне ауысқанда төкпе дәстүріне өтіп, орташа екпінде тартылады. Күй сазы домбыраның қос ішегінде тең жүріп, бірімен-бірі ұстасып жатқан көңілді дыбыс әуендері пернені бойлай шарықтап, бірте-бірте тездеп, үшінші бөлімге ауысады.

Күйдің үшінші бөліміне келгенде қайтадан төкпе дәстүріне ауысып, тез, екпіндете, жылдам тартылады. Күй сазы екінші бөліміне қарағанда бір есе ұзақ болып, техникалық орындаушылық шеберлікті талап етеді. Ортаңғы буыннан көтеріліп, кіші сағаға өрлегенде күй ырғағы мен әуендік құрылымы да недәуір өзгеріп, күй сазы бөлекше бір ойды бүкпесіз айтқандай болып өрлеп, өршіп барып үлкен сағаға көтеріледі.

Күй шарықтау шыңына шыққанда негізгі мелодия астыңғы жалан ішекке ауысып, өзгеше бір ойды толықтап сыр шертеді. Осы кезде үстіңгі ішек бос қойыла беріліп, ашық ішекте жүреді. Күй ырғағы үлкен сағадан кері қайтқанда негізгі әуен қайталанады да, өз жүйесімен оралып, ортаңғы буынға келіп тоқтайды. Көп өтпей күйдің төртінші бөліміне ауысады. Күй сазы үшінші бөліміне қарағанда бір есе қысқа болып, үлкен ой айтылмайды. Әуелгі сарынға қайта оралып, алғашқы әуен ырғағын күңіренте толғайды да, үндестік дыбыстарға келіп ақырласады.

Күйші орындаушылық ерекшелігі мен күй шығару өнерін шебер шендестірген. Мелодияларының бейнелеу тәсілдері де айқын, өзіндік күй формасын дараландыра түскен, Нұрымбай Сүлейменұлы тек күй орындау, күй жарату мен шектеліп қалмай, өнерлі шәкірттер тәрбиелеп отырған аяулы ұстаз. Оның өз қолынан тәрбиелеп шыққан шәкірттерінен қазіргі Іле облыстық ән-би үйірмесінің мемлекеттік бірінші дәрежелі әртісі, сазгер-күйші Құрманжан Зікірияұлы, Нұрымбайдың бала кезіндегі шәкірті, бұдан сырт төл шәкірттері: Кеңес Әбдуәлиұлы, Тілеужан Тоқтақынұлы, Бөкей Мұнапиғаұлы қатарлылар.

«Ұлағат отбасынан басталады» дегендей, Нұкең Айбүбі, Нұрбүбі, Айнұр, Нұрила қатарлы төрт қызын көркемөнер оқытты. Мұнда Нұрбүбі Іле облыстық ән-би үйірмесінде музыкант болса, Нұрила үйірменің жүргізушілік кәсібімен шұғылданады. Ал Айбүбі Текес аудандық толықсыз орта мектепте музыка мұғалімі болып істесе, Айнұр Тоғызтарау аудандық толықсыз орта мектептің музыка мұғалімі болып қызмет істейді.

Нұкең қашанда қолға келтірген табыстарына қанағаттанып көрген емес. Қайта өзіне қатаң талап қойып, халық сүйіп тыңдайтын ән-күйлерді жаратып қана қалмастан, аймақ, облыс, автономиялық аудан жағынан өткізілген көркемөнер байқауларына сан мәрте қатынасып, үздік туынды жаратушы, шебер орындаушы болып марапатталып келеді.

Айталық, 1997 жылы автономиялық аудан бойынша өткізілген кәсіптен тыс көркемөнер байқауына қатынасып, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» атты күйін орындап, «Шебер орындаушы» болып сыйланса, 1997 жылы 6 айда Іле облысы бойынша аймақ дәрежелі кәсіптік байқау Құлжа қаласында өткізілген. Осы байқауда Құрманжан Зікірияұлы Нұрымбай Сүлейменұлының «Қарт толғауы» атты күй-поэмасын жеке домбырада орындап, үздік нәтижеге қол жеткізді. Автордың «Қарт толғауы» атты күйі екінші дәрежелі орындау-жасампаздық сыйлығына ие болды. Нұкең 1998 жылы Іле облыстық 12-кезекті ақындар айтысында «Қарт толғауы» атты күйін орындап, жоғары бағаланады.

Нұрымбай Сүлейменұлының күйлері 1980 жылдары сахарада жеке домбырамен орындалып келсе, міне, бүгін салтанатын тауып, театр сахналарында, әуе толқындарында, телеэкрандарында алуан түрлі ұлттық музыка аспаптарының сүйемелдеуімен оркестрлік күйге айналып, өз кереметімен таныла түсуде, Орталық халық радио станциясы, Шыңжаң халық радио станциясы және Шыңжаң телевизиясының алтын қорына жазылып, еліміз ішіне-сыртына таратылып, халық сүйіп тыңдайтын өміршеңдік қуатқа бай рухани байлыққа айналды.

2004 жылы тамызда Орталық Ұлттар баспасынан «Қайран әке» атты ән-күй жинағы CD табағымен бірге басылып таратылды. 2011 жылы Қазақстанның Мәдениет министрлігі жағынан бекітіліп, Құрманғазы атындағы консерваторияның Қаршыға Ахмедияров, Баян Игілік қатарлы мамандарының сараптауы арқылы құрастырылған «Алыстағы шұғыла» атты Шыңжаңдағы қазақ композиторларының күй жинағына Нұрымбай Сүлейменұлының өмірбаяны таныстырылып, жинаққа «Қайран әке», «Шашу», «Сырласу», «Ыстық ұя», «Дала сыры» қатарлы бес күйі енгізілген. Сонымен бірге Нұрымбайдың еңбектері мен өмірбаяны Шыңжаңнан шыққан «Жиырмасыншы ғасыр Қытай қазақ сазгерлері» атты кітапқа енгізілді.

Нұрымбай Сүлейменұлының «Қайран әке» атты күйін Іле облыстық ән-би үйірмесінің мемлекеттік бірінші дәрежелі композиторы Сымағұл Бөдөнбайұлының оркестрге түсіруімен 2002 жылы Қазақстан мемлекеттік «Отырар сазы» ұлттық аспаптар оркестрінің белгілі дирижері Жалғасбек Бегендіковтің дирижерлығында тұңғыш рет Қазақстанда орындалып, Қазақстандағы өнерсүйер қауымның жақсы бағасына ие болды.

Нұрымбай күй жазудың сыртында әсем әндер жазып, халық қалауының үдесінен шыққан сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі. Оның жазған «Қара жоным», «Гүл үздім саған», «Ақмаңдай», «Текесім, гүл қаламсың», «Асыл ару», «Ілем менің» қатарлы әндері Бөкей Мұнапиғаұлының, Тілеужан Тоқтақынұлының, Әбдібақыт Сұлтанбекұлының, Байра Айдарқызының, Айнұр Әбілеметқызының орындауында алыс-жуыққа кең таралумен бірге, автономиялық аудан дәрежелі жарыстарда орындалып, 2-3-дәрежелі сыйлықтарды да еншілеп үлгерді. Нұрымбай жазған ән-күйлердің өн бойына ұлтымыздың байырғы әуен-ырғақтары сіңіріліп, өзіндік даралық қасиеті арқылы тыңдармандарына жеткізілген.

Нұрымбай Сүлейменұлының күйлері дәуірлік ерекшелігі жағынан да, ұлттық бояуы тұрғысынан да алдағы күндерде барған сайын құны артып, құпиясын зерттеуді қажет етіп отырған қасиетті рухани қазынаға айналмақ.

Иә, «Өнерлінің өрісі кең» деп халқымыз айтқандай, өнер сапарында өрісі кеңейе түскен өнерпаз ұстазымыздың табыс биігінен үздіксіз көріне беретініне сеніміміз кәміл!

Құрманжан Зікірияұлы, 

композитор, музыкант.

Іле облыстық ән-би үйірмесі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan