Мәрлен Ғилымхан поэзиясының басты өзегі – адам болмысының мәңгілік ізденісі
Зейнолла Мүтиев, Айдарбек Ақболатов, Жангүлім Мұханбетова, Қания Галимова және Мерует Ешниязова сынды әдебиеттанушы ғалымдардың авторлығымен «Жайық-Каспий өңірі ақын-жазушыларының әдеби мұрасы мен қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиеті» атты монография жарық көрді. Бұл ғылыми еңбекте қаламгерлердің көркем туындылары жан-жақты талданып, салмақты ой-тұжырымдар ұсынылған. Оқырман қауымның назарына осы монографияның 2-томына енген жас ақын Мәрлен Ғилымханның шығармашылығына қатысты мақаланы ұсынып отырмыз.
Мәрлен Ғилымхан – ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол 1998 жылы 4 наурызда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дүниеге келген. 2015-2019 жылдар аралығында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филология факультетінде білім алған. 2016 жылы республикалық «Мен жастарға сенемін!» мүшәйрасында жеңімпаз атанып, оқу грантын иеленген. Соның нәтижесінде 1 жыл Алматы қаласында орналасқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыған. 2023-2025 жылдар аралығында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде магистратурада білімін тереңдетіп, профессор Зейнолла Мүтиевтің ғылыми жетекшілігімен «Ақын Өтежан Нұрғалиев поэзиясының көркемдік-поэтикалық ерекшеліктері, образдар жүйесі» тақырыбында магистрлік диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымдарының магистрі атанды. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты.
2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асқан «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында «Төбелер стихиясы» [1], 2025 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Үнсіздік айқайы» [2] атты жыр кітаптары жарыққа шықты.
Өлеңдері «Жауқазын жылда гүлдейді», «Қанатқақты», «Жанартау жыр», «Тәуелсіздік: сөз бен сурет», «Ақ Жайықтың аспаны», «Сыр сандық» секілді ұжымдық жинақтарда, республикалық әдеби басылымдарда жарияланған. Оған қоса бірқатар шетел қаламгерін қазақшалаған. «Жусан» психологиялық драмасының авторы.
Ақынның поэзиясы туралы зерттей отырып, оның әдебиетке қандай дайындық деңгейімен келгенін, интеллектуальдық әлемін де аңғару қиын емес. Жас болса да, Мәрлен Ғилымхан әдебиетке әу бастан үлкен дайындықпен аяқ басқанын байқауға болады. Оқушы, студент, жас журналист, әке, сүйікті жар, ал қазір ғылым қуған жас ақынның поэзиясы да осы сатыларды басынан өткеріп келеді. Ол бір сұхбатында әдебиетке келуі туралы былай дейді: «Марқұм атам Ғилымхан Ғабдоллаұлы қашан көрсем де, кітап оқып отыратын. Қырық жылдан астам уақыт бойы ұстаздық қызмет атқарған нағашы əжем Меңзипа Рамазанқызы кішкентайымнан əдеби кітаптарды оқытты. Əкем əн мəтіндеріне мəн беріп, оларды таңдап тыңдайды. Анамның ауық-ауық бір-екі шумақ жазып тастайтын əдеті бар. Өнерге ерекше құрметпен қарайтын басқа да ағайын-туыс менің өлеңмен шұғылданғанымды құптап, жетістіктеріме əр кез қуанды. Ата-анам алаңсыз шығармашылықпен айналысуыма мүмкіндік туғызды. Соның арқасында қазақ жəне əлем əдебиеті жауһарларымен танысқаныма шын қуанамын. Яғни, мен ештеңеге алаңдамай, тек қана əдебиетпен айналысуға моральдық-материалдық тұрғыда дайын болдым.
Студенттік шақтарда жазғы каникулда тəулігіне 12-13 сағат бойы кітап оқып, жазу-сызумен айналыстым. Бүгінде шығармашылыққа барынша уақыт тауып, жоспарларымды толыққанды орындап жүруге тырысамын. Маған Қадыр Мырза Əлидің табандылығы үлгі. Оқушы кезімде көрші балалар боранмен алысып, ойын қуып жүргенде, мен ішкі ойларыммен арпалысып, бірдеңе жазып жататынмын. Адам тағдырдан қаша алмайды, адам өз тағдырымен қашанда оңаша қалады» [3].
Міне, Мәрленнің атасы Ғилымхан Ғабдоллаұлының кітапқа құмарлығы, әжесі Меңзипа Рамазанқызының ұстаздық қызметі мен әдебиетке баулуы, сондай-ақ ата-анасының өнерге деген құрметі болашақ ақынның рухани дамуына тікелей ықпал еткен тәрізді.
Ақынның өмірбаян деректері мен сұхбаттарынан байқағанымыздай, оның әдеби ортасы өзі жоғары білім алған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қалыптасып, филология саласында маманданған жылдарынан бастау алады. Өзінің де жан дүниесімен шығармашылыққа құштарлығы студенттік кезеңнен бастап, әдеби орта қалыптастыруға белсенді қатысып жүрді. Оны өзіміз де байқап, көріп, куә болған болатынбыз. Оның унверситеттегі алғашқы әдеби шығармашылық кешін ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, марқұм Серікқали Ғабдешұлы Шарабасов өткізген болатын. Ол Мәрленді оқушы кезінен шығармашылық байқауларға қатысып жүрген шақтарында байқап, көзінде оты бар, сөзінде уәжі бар жас талантты танып, сөз өнерінің болашақ жарық жұлдызы өсіп келеді деген үмітпен қараған. Бұны жас ақын үнемі жылы лебізбен еске алып отырады. Мәрлен Оралда, Алматыда жүргенде-ақ өзімен пікірлес жас ақындармен шығармашылық байланыс орнатып, үнемі жастар арасындағы әдеби процестің қозғалыста болғанын қалады. «Мен жастарға сенемін» тақырыбында өткен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған шығармашыл жастардың байқауында бас жүлдені жеңіп алып, бір жыл білімін өзі оқушы кезінде баруды армандаған Алматыда жалғастырып, әдеби таным көкжиегін кеңейтіп, үлкен әдеби ортаны көруі – ақынның шығармашылық жолға түсуінің бетбұрыс кезеңі деуге болады.
Ақын аударма саласына да қалам тербеп, кейбір өзіне ұнаған шығармаларды қазақ тілінде сөйлетуге де ден қойып келеді. Ол жапон жазушылары – Юкио Мисиманың «Бозбала ақын» əңгімесін ақын А.Исламғалиевпен және Рюнэске Акутагаваның «Нақұрыстың өмірі» новелласын ақын А.Қалдыбаймен бірлесе аударды. Сонымен бірге батыс әдебиетінен (америкалық ақын Карл Сэндбергтің, қазақстандық неміс ақыны Эльза Ульмердің де бір топ өлеңін) шығармаларды қазақ тіліне тәржімалап, тәжірибе жасаған. Оның аудармалары да төл туындылары тәрізді, өлеңнің ішкі табиғаты, яғни түпнұсқа мәтіннің мазмұнын ғана емес, автордың ішкі әлемін, психологиялық ахуалын жеткізуге ерекше мән беретіні ерекше байқалады. «Қаламгердің нені аударатыны өз еркінде, алайда, қалам тербейтін тақырыбын зерттеп алғаны абзал! Аудармашының жан дүниесі мен аударылғалы тұрған туындының мазмұны арасында терең байланыс болуы тиіс!» [3], - дейді автор.
«Төбелер стихиясы» жинағына [1] ақынның Ақтөбе өңірінің арғы-бергі тарихына, белгілі тұлғаларының өмір жолына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты өлең-жырлары, поэмалары енгізілген. Атап айтсақ, «Тоғыз жолдың торабы», «Қасқыр сарқырамасы», «Қойлыбай қырғыны», «Бұлақ көзі», «Дала гүлі», «Айтулы батыр, аруақты ер», «Таңбалы тастар», «Белгісіздік», «Түсініксіздік», «Дала данышпаны», «Қыршын ғұмыр», «Домбыра» т.б. туындылары, өлеңдері, поэма, толғаулары топтастырылған.
«Тоғыз жолдың торабы», «Қасқыр сарқырамасы», «Қойлыбай қырғыны», «Бұлақ көзі», «Дала гүлі» сияқты туындылар арқылы автор туған жердің географиялық кеңістігін ғана емес, оның киелі рухын, өміршең дәстүрін суреттейді.
Ал «Айтулы батыр, аруақты ер», «Дала данышпаны», «Қыршын ғұмыр», «Домбыра» секілді өлеңдер мен толғауларда тарихи тұлғалардың ерлігі мен адамдық болмысы көркем тілмен сомдалған. «Белгісіздік» пен «Түсініксіздік» атты жырлар ақынның философиялық ой-толғаныстарын, заман мен адам арасындағы байланысқа қатысты экзистенциалдық ізденістерін танытады. Осылайша, жинақтағы әр шығарма туған топыраққа деген сағыныш пен сүйіспеншіліктің, тарих пен рухтың сабақтастығының айғағы ретінде көрінеді.
«Архетип» өлеңі Юнгтік философиямен үндеседі. Мұнда ақынның «қар астында көкшілденер сезігі», «бұлдыр шақтағы елестер», «өлгендердің түсіндегі бейнелер» сынды суреттері адам жанының бейсаналық қатпарларын ашып көрсетеді. Архетип – ұжымдық жадының көрінісі, ал ақын сол архетиптер арқылы өткен мен болашақты, тірі мен өлі арасындағы нәзік байланысты іздейді. Өлеңде «Жалған шүбәм – жазылмайтын сырқатым» деген жол – экзистенциалды түңіліс пен адамзаттық әлсіздіктің көрінісі [4].
Мәрлен Ғилымхан поэзиясында экзистенциалды мазасыздық, метафизикалық жалғыздық және рухани сағыныш айқын сезіледі. Оның «Құс жолы», «Туннель», және «Архетип» атты өлеңдері – өмір мен өлім арасындағы шекараны, сана мен бейсаналықтың түйісуін, адам рухының мәңгілік ізденісін бейнелейді.
«Құс жолы» өлеңі – өмірдің өткіншілігі мен рухтың шексіздігі туралы толғаныс. Ақын аспан мен жер арасындағы байланысты «мылқау маң», «кезбе бұлт», «секпіліңе жұмбақ қонған сері Ай» сияқты бейнелер арқылы жеткізеді. Бұл жерде «Құс жолы» тек ғарыштық кеңістік емес, сонымен бірге адамның өмірлік жолы, оның ойы мен сезімінің шексіздігі ретінде көрінеді. Өлеңнің соңында «Құс жолында құстай ұшып жүр ме екен, Ақындардың аруағы?!» деген сұрақ – рух пен поэзияның өлмейтіндігін айғақтайтын философиялық түйін. Мұнда ақын өз жанының мәңгі сапарын бейнелеп, уақыт пен кеңістік ұғымдарын рухани ізденіске айналдырады.
«Туннель» өлеңінде ақын жарық пен қараңғылықтың, өмір мен өлімнің арасындағы өтпелі сәтті суреттейді. Менің ғұмырым – қардың ғұмыры, / Қартамыс жерде аз аялдаған...» деген жолдар – адамның өмірі сәттік, еріп кететін қар секілді екенін меңзейді. Ақын «Өлімнен кейінгі Өмірді ойласам, / ...өзің келесің көздің алдына» деп, мәңгілік өмірдің бейнесін сүйіктісінің немесе рухтың символында көреді.
Сонымен қатар, Мәрлен Ғилымхан драматургия жанрында да өзін сынап көрген. Оның «Жусан» атты психологиялық драмасы қазіргі қоғамдағы діни радикализм мәселесін көтеріп, көрермен тарапынан әртүрлі пікір тудырды. «Жусан» драмасын тәуелсіздік заманында адасқан жастардың тағдырынан сыр шертетін, драма мен режиссерлік шеберлік тоғысқан туынды ретінде атауға толық негіз бар. Бұл шығарма автордың жеке ізденістері мен зерттеулерінің нәтижесінде туған көркем поэтикалық драма ретінде бағалы. Драманы жазу барысында автор «Жусан» операциясымен елге келген əйел адаммен сұхбаттасып, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен, дін мамандарымен кеңесіп, тіпті шизофрениялық, галлюцинациялық жағдайға түскен адамдардың жағдайларын зерттеп, оның көркем бейнесін жасауға тырысқанын айтады. Бұл туынды автордың драматургия жанрындағы алғашқы қадамы болғандықтан өзіндік ізденістің біршама жоғары нәтижесін көрсете білді.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясында жанрлық, поэтикалық өзгерістер негізі мәдени интенсияны кодтап, поэтикалық шығармашылыққа жеке-дара мағына беріп, қазіргі замандық мәтін аясындағы ұлттық және кірме жанрларды жақындастырып, қазіргі замандық тіл мәдениетінің көркем эстетикалық күшін ерекшелейді [5].
Осы үрдістің аясында қарастырсақ, бүгінгі жас ақындардың ізденісі, интеллектуалдық тұрғыдан біршама қарқынды дамып отыр. Ұлттық таным мен әлемдік әдеби құндылықтардың табиғи үйлесімін аңғартатын орта буын, жас буын шығармашылық иелері әдебиет алаңына шыққаны айқын.
Жаңа ғасыр қазақ поэзиясындағы негізгі тенденцияларды зерттеушілер бірнеше бағытта атап көрсетеді. Ең алдымен, ақпараттық технология ғасыры жас ақындардың әдеби кеңістікке еркін шығып танылуына мол мүмкіндік берді. Қазіргі жас ақындардың әлеуметтік желі арқылы оқырмандарға тез танылып, ешкімнің қолдауын күтпей-ақ еркін дамуына алаңның болуы цифрлық дәуірдің талаптары десек болады.
Қазіргі қазақ поэзиясындағы шығармашылық еркіндік жас ақындарға әлемдік әдеби кеңістікпен еркін диалог жасауына мол мүмкіндік туғызды. Сондықтан да қазіргі қазақ поэзиясында да әлемдік әдебиеттегі тәрізді «сезімдер поэзиясы», «рухани өлең» [6] және т.б. интеллектуалдық поэзия, яғни, оқырманның да ішкі шығармашылық ізденуін қажет ететін мәдени шығармашылық бағыттың белең алуы осындай әлемдік әдеби ықпалдастықтың әсері десек болар.
Ал, поэзиядағы классикалық дәстүрмен бірге, ұлттық сөз өнері мазмұн мен түр жағынан мүлдем жаңаша сипатта сөйлеуге бет алғандай. Поэзиядағы жастардың бет алысына қарап, батыл эксперименттерге барудың арғы жағында жастардың әдеби шығармашылық еркіндікке ұмтылған көркемдік ойлау кеңістігін көреміз. Жалпы нағыз шынайы өнер туындысы шығармашылық еркіндіктен туындайтынын ескерсек, жастар поэзиясындағы ұлттық таным әлемдік әдеби үлгілерді жатсынбай қабылдап, бойына сіңіре білуі байқалады. Шумақ, бунақ, тармақ, ырғақ, ұйқас сынды поэзияның негізгі канондарының қазіргі уақытта сақтала бермеуі, поэзияда түрлі көне түркілік және әлемдік мифологиялық танымның интерпретациялануы, гипермәтіндік, өткенге сілтеме жасау сынды постмодернистік элементтердің жиі бой көрсетуі бүгінгі әдебиеттегі қалыпты жағдай десек болады.
Қазақ поэзиясының жаңа бағыттырына мысал ретінде қазіргі заманғы ақындар Т.Толқынқызы, А.Елгезек, Т.Таңжарық, Е.Жүніс, Б.Сәрсенхан, т.б. ақындарды атап өтуге болады. Олар өз өлеңдерінде қазақтың бай поэтикалық дәстүрін сақтай отырып, жаңа ырғақтар мен бейнелеу тәсілдерін қолданады. Бұл ақындардың шығармашылығы қазақ поэзиясының дамуына жаңа серпін қосып, оқырмандардың қызығушылығын арттырды [7, 4 б.].
Міне, жоғарыдағы есімі аталған толқын әдебиетке тоқсаныншы жылдарды аяқтап, жаңа ғасырдың басында ерекше үнімен келсе, содан кейінгі толқын Исламғали Айбол, Талап Шерхан, Тілеген Асылан сынды батыстан шыққан ақындардың бел ортасында танылған таланттардың бірі – Мәрлен Ғилымхан.
Қазіргі жас ақындарда байқалатын үрдіс адам санасындағы ішкі психологиялық ахуал, күрделі философиялық түйіндерді беруге талпынушылық және поэзиядағы адам жанының оңашалығы, лабиринтті мәтін, уақыт пен кеңістік шеңберіндегі ішкі сана ағымында сан-сауалға шырмалған лирикалық кейіпкер әлімі Мәрлен поэзиясында да жиі байқалады. Оның лирикалық мені үнемі өзіне сұрақ қоя жүріп, риторикалық қайшылықты ұғымдарды уақыт пен кеңістік шеңберінде өзінше талдайды.
Ал, уақыт пен кеңістік ұғымдарына тоқталсақ, әдеби теориялық ұғым ретінде хронотоп деп беріледі. «Хронотоп – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақты бір бітімінің табиғи бірлікте көрініс табуы. Мұндай уақыт қоюланады, сығылады, сөйтіп көркемділігімен көзге түседі. Ал, кеңістік болса шоғырланады, тарихтың сюжеттік, уақыттық қозғалысына бағындырылады. Уақыттың белгілері кеңістікте ашылса, кеңістік уақытпен өлшеніп, уақыт арқылы ұғынылады» [8, 384 б.], - деп сипаттама беріледі.
Ендеше, М. Ғилымхан поэзиясында уақытқа ерекше мән беріледі. Себебі ол уақытты адамның физикалық дамуы тұрғысынан ғана емес, ол рухани сананың биіктік өлшемі ретінде көреді. Мысалы: «Уақыт» өлеңін алып қарастырайық.
Уақытты тыңда,
Уақыттан есті барлығын.
Күз бенен жазды,
Жаныңа тыныштық іздеген жазды.
Уақыт айтады:
Жалғыздық жыры оқылатынын,
Қасыңда кімнің отыратынын,
Ашынғаныңды,
Кеудеңе нені жасырғаныңды,
Жүректің қашан тоқтайтынын да,
Біреудің қатты жоқтайтынын да [2, 3-4 бб.].
(«Уақыт»)
Адам санасының ең күрделі формасы – уақытты сезіну арқылы ашылады. Бұл ақында уақыт хронологиялық өлшем емес, адамның жан тәжірибесі. Мысалы,
Сен неге кері қайтпайсың, Уақыт,
Сен не нәрсені айтпайсың, Уақыт?! [2, 4 б.] - дейді ақын жоғарыдағы өлеңнің түйінінде. Өлеңдегі уақыт – адам ішінде жүретін тірі нәрсе: бірде созылады, бірде үзіледі, бірде жараға айналады.
М. Ғилымхан мәтінінде «психологиялық хронотоп» өте айқын көрінеді. Ал, «псхилогиялық уақыт, негізінен алғанда, тек адамдарға тән. Психологиялық тұрғыдан уақыттың қайта оралушылығы бола береді. Мұндай уақытқа қатысты психологиялық сезім көбінесе адамның бейсаналық, транспсихикалық ахуалдарында болады. Мысалы, егер сіз жас кезіңде болған жерге қайта оралып, алғашқы махаббат оянған қайыңның жанында тұрсаңыз, өзіңіздің көңіл-күйіңізге байланысты сол балауса кезіңізге қайта оралғандай боласыз. Олай болса, психологиялық тұрғыдан уақыттың қайта оралғандай әсері адам өміріндегі жан дүниесінде терең із қалдырған бейнелі оқиғалармен байланысты» [9, 53 б.], - дейді уақыт концептісін арнайы зерттеген филология ғылымдарының докторы, профессор А. Жаңабекова.
Ендеше, жоғарыдағы тұжырымдарға сүйенсек, психологиялық уақыт кеңістігі шығармашылық тұлғаларға тән болатын құбылыс екен. Прозадағы лирикалық шегініс жасау, өткенге қайта оралып отыру әдеби шығармадағы автордың оқиғалардың бір-бірімен байланысып, сюжеттік желінің дамуын үшін арнайы қолданыс екенін білдірсе, поэзиядағы психологиялық уақыт концептісі, бір жағынан бейсаналы түрде де жүретін процесс деуге болады. Мысалы:
Жапырақ бүгін – сары, кеше – жасыл...
Беймәлім кеңістікке көшеді өмір.
Өлді екен осылайша неше ғасыр,
Солды екен осылайша неше көңіл?! [2, 7 б.],
- десе, енді бірде «Жоғалу» өлеңінде:
Ұмыттым бәрін расында,
Келмеске күндер кетті енді.
Қамыға береді екенсің,
Сағына берсең өткенді.
Осынау бес күн жалғанда,
Досым аз шығар... мүмкін көп?!
Жаныңда жүрген адамдар
Жоғалады екен біртіндеп [2, 12 б.].
(«Жоғалу»)
Жоғарыдағы лирикалық өлеңдердің шумақтарына мұқият назар аударсақ, лирикалық кейіпкер бүгін мен өткеннің арасында еркін алмаса алады, бірақ өткенге қарайлай отырып, дүниетанымның тереңдеу, сараптауы, бағалауыштық сипаты басым екенін көруге болады. Сондықтан поэзиядағы уақыт концептісінің аясында лирикалық кейіпкердің ішкі жан күйзелісі бар болуы заңды құбылыс. Сонымен қатар бұл мәтіндерде постмодернизмге тән ерекше сипат бар: мән біржақты емес, мағына ашық күйде қалады.
Уақытты тоқтатқым келді,
Бірақ ол менің ішімде жүр екен…
(«Жан уақыты»)
Бұл жерде уақыт – күнтізбелік өлшем емес, адамның ішкі жан қозғалысы. Ақын уақытты тоқтатқысы келеді – демек ол өмірдің өтпелілігінен шаршаған. Бірақ уақыт адамның ішінде жүр – демек, оны тоқтатуға болмайды, себебі ол адамның болмысының бір бөлігі. Бұл өлең оқырманды бір ғана қорытындыға байламайды: уақыт па жеңді, адам ба жеңілді – бұл сұрақ ашық қалады. Осы ашықтық – бүгінгі поэзияның постмодерндік сапасы. Демек, қазіргі қазақ жас ақындары поэзиясы – дәстүрге сүйене отырып, модерн мен постмодерннің көркем тәжірибелерін игерген жаңа эстетикалық кеңістіктің бар екенін әйгілейді.
Жалпы Мәрлен өлеңге оқушы кезінен дайындықпен келген, талантты ақын. Оның оқушы кезінде жазған өлеңдері мен студент кезінде жазған жырлары өзінің көркемдік қуатымен ерекшеленеді. Солардың бірнешеуін ғылыми талдау жасап өтсек, ақынның әу бастан-ақ өлеңге әркімнің-ақ бар таласы деген Абайдың ұғымындағы талантты әйгілейді.
Ақын Мәрлен Ғилымханның «Сен кетіп барасың...» атты лирикалық өлеңі – студенттік кезеңде жазылғанына қарамастан, мазмұндық тереңдігі мен көркемдік-эстетикалық құрылымы жағынан толық қалыптасқан поэтикалық туынды десек, артық болмас. Бұл өлеңнің өзі бір тұтас дүние, шумақтап бөліп, үзіп-жұлуға келмейтіндей, интонациялық әуенге бағынышты. Сондықтан түсінікті болуы үшін өлеңді тұтас келтіруді жөн көрдік. Мысалы,
Сен кетіп барасың...
Сұрағымды басыңа жүз бәле етіп,
Қимастықтан кеудең де сызға кетіп,
Қарға аунаған шақтардың ызғары өтіп,
Қайта оралмас сәттерді түстей құрап,
Қуанышың бойыңда піспей құлап,
Ешбіреуге тіс жармай, іштей жылап,
Өңіңменен жабырқау күйге кетпек,
Кескініңмен қабақты түйген ептеп,
Сағыныштың сұлбасын сүйрелектеп,
Боран ойың ұйытқып, таңда ысқырып,
Сезіміме амалсыз қар құштырып,
Жиі-жиі шаншытып жанды ішкі үміт,
Сұлу жүзден уайымды сорғалатып,
Соңыңдағы қалғандай жолда бақыт,
Жүрген сайын жүгіңді тонналатып,
Құштарлықтың қасына тағы аялдай,
Аңсап өтер күндерді санай алмай,
Артта қалған ауылға қарай алмай,
Уақытты ойлап екеуміз жолығыспақ,
Толқыныспен жаныңды соры қыспақ,
Бір ақынның жүрегін қолыңа ұстап,
Сен кетіп барасың... [10].
(«Сен кетіп барасың...»)
Өлеңде лирикалық кейіпкердің ішкі жан сезімі, жанының нәзік психологиялық күйі, әсіресе, айырылыс сәтіндегі ішкі драматизм мен қимастық сезімі кеңінен көрініс табады. Өлеңнің негізгі тақырыбы – сүйген жаннан ажырау сәтіндегі лирикалық кейіпкердің жан күйзелісі болса, идеялық өзегі – осы күйзеліс арқылы махаббаттың рухани салмағын, сағыныштың адам болмысындағы орнын ашу деп топшылауға болар... Бірақ өлең туған сәттегі ақын жанның тылсым жұбағы бір ғана Жаратылысқа аян!
Өлеңнің өзі композициялық құрылымы тұтастыққа негізделген, яки «Сен кетіп барасың...» деп басталған өлең осы жолдарға екпін түсіріп аяқталады. Осы аралықтағы мәтін тұтас поэтикалық және эмоционалдық даму желісі арқылы біртіндеп өрбиді. Бастапқы шумақтарда айырылыс сәтінің ауыртпалығы мен қимастық сезімі берілсе, келесі бөліктерде сағыныш, ішкі толғаныс, жалғыздық мотивтері тереңдей түседі. Соңғы шумақтарда үміт пен шарасыздық қатар өріліп, лирикалық кейіпкердің рухани күйінің күрделілігін айқындайды. «Сен кетіп барасың...» деген жолдың өлең басында және соңында қайталануы сақиналы композиция элементін қалыптастырып, шығарманың идеялық тұтастығын күшейтеді әрі аяқталмаған сезім әсерін қалдырады.
Көркемдік тұрғыдан алғанда, өлең метафоралық бейнелеу құралдарына бай. Ақын сағыныш пен қасіретті дерексіз ұғым ретінде емес, нақты сезілетін, салмақ түсіретін құбылыс ретінде сипаттайды. Мысалы, «сағыныштың сұлбасын сүйрелектеп», «жүгіңді тонналатып» [10] сияқты метафоралар лирикалық кейіпкердің ішкі ауырлығын заттық деңгейге дейін жеткізеді. Бұл тәсіл оқырманға эмоциялық әсерді күшейтіп, психологиялық күйді тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «боран ойың ұйытқып», «қар құштырып» тәрізді жолдар арқылы ақын табиғат құбылыстарын адам жанымен сабақтастырып, психологиялық параллелизм әдісін тиімді қолданады. Мұнда сыртқы табиғаттағы құбылыстар кейіпкердің ішкі әлеміндегі тұрақсыздық пен мазасыздықтың көркем баламасына айналады.
Өлеңдегі эпитеттер жүйесі де эмоциялық-экспрессивтік қызмет атқарып тұр. «Жабырқау күй», «сұлу жүз», «ішкі үміт» сияқты анықтаулар кейіпкердің жан дүниесіндегі нәзік өзгерістерді айқындай түседі. Сонымен бірге, етістіктердің мол қолданылуы (сызға кетіп, жылап, сүйрелектеп, құлап) динамикалық қозғалыс әсерін тудырып, өлеңнің ішкі ырғағын күшейтеді. Бұл тәсіл лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі үздіксіз толқуды, тұрақсыз күйді дәл жеткізеді.
Шығармадағы негізгі баяндау формасы – ішкі монолог. Лирикалық кейіпкер өз сезімін сыртқа шығармай, іштей тұншықтырып, жалғыздықта бастан кешіреді. «Ешбіреуге тіс жармай, іштей жылап» деген жолдар осы тұйық психологиялық күйді нақты бейнелейді. Бұл – қазіргі лирикаға тән субъективтілік пен ішкі рефлексияның айқын көрінісі.
«Сен кетіп барасың...» [10] өлеңі – Мәрлен Ғилымхан шығармашылығындағы көркемдік ізденістердің нәтижесін танытатын, адам жанының терең иірімдерін бейнелейтін мазмұнды туынды. Ақын қарапайым айырылыс сәтін күрделі психологиялық құбылыс деңгейіне көтеріп, оны метафоралық, символикалық және эмоциялық тұрғыдан байытқан. Осы арқылы шығарма оқырманға эстетикалық әсер ғана емес, рухани толғаныс сыйлайтын құнды лирикалық мәтін деуге толық негіз бар.
Ақын Мәрлен Ғилымханның жастық әуендермен жазылған, ескеруге тұрарлық өлеңдерінің бірі – «Иллюзия». Бұл өлең қазіргі қазақ лирикасындағы терең психологиялық иірімдерге құрылған, символдық және экзистенциалдық мазмұнға ие күрделі поэтикалық мәтіндердің бірі. Мысалы,
Ол отыр ма жарық көзін жұмғызбай,
Түн біреуді тәтті ұйқыдан тұрғызбай...
Ұстай қалсам сұлу Күннің «белінен»,
Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай [2, 40 б.].
(«Иллюзия»)
Жансыз табиғат құбылыстарын жандандыра суреттеуге келгенде ақынның өте шебер екенін аңғармау мүмкін емес.
Тыныштықта теректер ырғалады,
Тулап-тулап кеудеде жыр қалады.
Сетінеген сенімім секілденіп,
Байыз таппай бұлт көкте бұлданады [2, 14 б.].
(«Үнсіздік айқайы»)
Бұл өлең шумақтарындағы табиғат пен адам жанының паралельді бейнеленуі, психологиялық егіздеу лирикалық кейіпкердің ішкі жан әлемі, рухани күйзелісі, уақыт пен кеңістікке қатынасы, сондай-ақ махаббат пен жалғыздық феномені көркемдік тұрғыдан тұтастықта бейнеленеді. Өлеңнің негізгі поэтикалық мәні – адам санасының бөлшектенуі, сезімнің ауырлығы және рухани жалғыздықтың шексіз кеңістікте көрініс табуы арқылы ашылады.
Шығармада ең алдымен көзге түсетін ерекшелік – кеңістік пен уақыт категорияларының шартты түрде бұзылуы. «Түн», «Күн», «Ай» секілді астралдық бейнелер бір мезгілде қатар қолданылып, реалистік уақыт өлшемін жояды. Мәселен, «Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай» деген жолдарда табиғат заңдылығы бұзылып, иррационал кеңістік жасалады. Бұл тәсіл лирикалық кейіпкердің ішкі психологиялық күйінің тұрақсыздығын, дүниені қабылдаудағы субъективтілігін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, ақын поэтикасы модернистік және постмодернистік үрдістермен сабақтас.
Өлеңдегі бейнелеу құралдары жүйесінде метафора мен символ айрықша қызмет атқарады. «Тамшы ұшында дірілдеймін талып қап», «тар ойдың інін тінту», «жүрегіме сүмірейіп қарау» сияқты метафоралар адамның ішкі күйзелісін нақты әрі әсерлі жеткізеді. Бұл жерде сезім физикалық күйге, ал ой кеңістіктік бейнеге айналады. Ақын дерексіз ұғымдарды заттандыру арқылы (объективация) күрделі психологиялық процестерді оқырманға сезінуге мүмкіндік береді.
Жалпы жастар поэзиясында қоғамдағы хауос жеке адамның ішкі жан әлеміне өтіп кеткендей әсерде қалдырады. Өлеңнің екінші бөлігінде интонациялық және мазмұндық өзгеріс байқалады. Мұнда лирикалық кейіпкердің «мені» мен «сені» арасындағы диалог күшейіп, махаббат тақырыбы тереңдей түседі. «Өзегіңе шоқ құйдым-ау», «сау тамтығы қалмаған жүрегің» сияқты жолдарда махаббат деструктивті күш ретінде бейнеленеді. Бұл – қазіргі поэзиядағы махаббатты идеализациялаудан гөрі, оның ауыр, кейде жарақаттаушы сипатын көрсетуге ұмтылыс. Осы тұрғыдан алғанда, ақын поэтикасы әлем әдебиетіндегі экзистенциалистік бағытпен де үндеседі.
Сондай-ақ, өлеңде күнделікті тұрмыстық детальдардың («қарашада құрбыңмен тұрған үй», «жауын-шашын іргесін жепті») енгізілуі лирикалық кеңістікті нақтылай түседі. Бұл тәсіл жоғары поэтикалық абстракция мен реалистік нақтылықтың синтезін қалыптастырады. Мұндай синтез Есенғали Раушанов поэзиясында да кездеседі, алайда М. Ғилымхан шығармашылығында ол анағұрлым жеке психологиялық тәжірибеге бағытталған.
Өткен ғасыр поэзиясының көрнекті өкілі, ақын-философ Шәңгерей Бөкеев лирикасының тақырып аясы мен идеясына назар аударушы З.Мүтиев, А.Ақболатов «Ақын туындыларының негізгі арқауы өзі өмір сүріп отырған дәуірдің тынысымен байланысты боп келеді. Қай тақырыпты жырласа да шыншылдық, реалистік сипат басым. Әсіресе, философиялық бағытқа мойын бұратыны аңғарылады. Өмір туралы толғаныстарында көңіл күйлік сарынмен қоса философиялық көзқарастарын да байқатып отырады» [11, 135 б.], - дейді. Осы пайым тұрғысынан келгенде Мәрлен Ғилымханның лирикасында да қазіргі қазақ поэзиясындағы ортақ көркемдік ізденістер: терең психологиялық, символдық және философиялық ойлау көрінісі байқалатынын, яғни, аға буын дәстүрін жаңғырта жалғастырушы ақындар сапында екенін айтқан жөн. Ақын кеңістік пен уақыт категорияларын бұзу, метафоралық ойлау жүйесін күрделендіру, ішкі монологты тереңдету арқылы лирикалық поэзияның жаңа деңгейінде, ізденіс үстінде жүргенін айғақтайды. Оның басқа да замандас ақындармен типологиялық ортақ тұстары – жаңа заманның тілінде сөйлейді. Оның шығармашылығы дәстүрлі қазақ өлеңінің, ұлттық танымды сақтай отырып, оны модернистік-экзистенциалдық мазмұнмен байытуымен ерекшеленеді. Оның поэзиясынан адам жанының күрделі табиғатын, сезімнің көпқабатты құрылымын және рухани жалғыздық мәселесін табиғат құбылыстарымен егіздеп суреттеуде өзіндік көркемдік тұрғыдан терең ашатын маңызды поэтикалық мәтіндерді жиі кездестеруге болады.
Мәрленнің алғашқы жинағы «Төбелер стихиясы» мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан, «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» атты үлкен жобаның нәтижесі деуге болады. Жазушылар одағының жобаларының бірі жас қаламгерлерді қолдау мақсатында бірнеше жас ақындарға гранттар бөліп, әрбір өңірдің тарихи деректерін поэзия тілінде сөйлетті. Сол жас ақындардың қатарында Мәрлен Ғилымхан да енді. Сол жобаның аясында «Төбелер стихиясы» атты тұңғыш поэзиялық жинағы жарық көрді.
Мәрлен Ғилымханның «Төбелер стихиясы» атты поэзиялық жинағын әдеби-танымдық тұрғыдан саралап, оның қазақ поэзиясындағы орны мен маңызына, кейбір тұстарына өзінің сыни ойын білдірген ақын, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Құрманқұлов жоғары баға береді. Ол «Төбелер стихиясы» кітабының ішкі мазмұнына тоқталып, оның өңірлік тарихи деректердің өлең тілінде сөйлеткен автордың поэтикалық қуаты туралы: «Қалай десеңіз де, бір тақырыпқа бірнеше қырынан келу – бір ақынға оңай шаруа емес. Тіпті сол тақырыпқа қатысты тың деректер тауып берген күнде де оны бір-біріне ұқсамайтын мәнермен жазу қиын-ақ. Бұл ретте Сергей Есениннің «Парсы әуендерін» мысалға алуға болар еді. Сірә, әбден зерттесе керек, С.Есениннің осы мазмұнда жазылған өлеңдерінен расында да парсы поэзиясының лебі сезіледі. Немесе кешегі қырғи-қабақ соғыс кезінде, яғни 60-шы жылдары Америкаға сапар шеккен орыс ақыны Андрей Вознесенский кеңестік оқырман әлі көрмеген ел туралы жаңа түр, жаңа мазмұнмен жарқ-жұрқ еткен жаңаша өлеңдер жазғаны да сол кезде ештеңені көзден таса етпейтін ыждағатты оқырманның есінде.
Есенин мен Вознесенскийге жетпегенімен, сауаты жеткілікті Мәрлен де қаламын әр қияға салады екен. Қазіргі жас ақындар легінің ішінде М. Ғилымханның есімі де ерекше аталатындардың қатарында тұр. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, кітаптың бір ғана тақырыпқа арналуы жас ақынның өз қабілетін жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік бермеген сыңайлы. Әрине, жыр жинағы еш мінсіз болуы мүмкін емес. Әрі-беріден соң әдебиет айдынында еркін жүзіп үлгермеген Мәрленнің мұндай жауапты кітапты жазар тұста қадамын бірді-екілі жерде қағыс басып қалуы ат-шапан төлейтіндей айып та емес. Біздікі жақсы ықыласымыздың орта жолда қалмауын тілеудің көрінісі ғана. Қалай дегенде де, әдеби-танымдық панораманы жазуды жүктеуден бас тартпау – Мәрленге бір сын болса, сол жүкті жолда қалдырмай, жетер жеріне дейін әкелу – екінші сын еді. Алғашқы сынды Жазушылар одағы міндеттесе, екінші сыннан Мәрленнің өзі мүдірмей өтіпті» [12], – деп кітаптың ішіндегі өзі байқаған көркемдік дәрежесі жоғары деген тұстарын атап өтіп, ақынның поэма деп атау берген «Дала гүлі», «Таңбалы тастар», «Ноталар қалықтайды» деген туындыларының жанрлық тұрғыдан шағын екендігін, эпикалық кесек туындыға келіңкіремейтін тұстарына өзіндік пікірін білдіреді.
Жалпы айтсақ, туған жер тақырыбының ұлттық әдебиеттегі кең таралған дәстүрлі арна екенін баршаға аян. Алайда бұл тақырыпты игеру – тек эмоциялық деңгеймен шектелмей, тарихи деректерді, мәдени контексті және көркемдік талаптарды үйлестіруді қажет ететініне назар аударылады. Осы тұрғыдан алғанда, қарастырылып отырған жинақ – белгілі бір өңірдің, нақтырақ айтқанда Ақтөбе аймағының тарихи-мәдени кеңістігін поэтикалық тіл арқылы жүйелі түрде бейнелеуге бағытталған еңбек.
Жинақ құрылымдық жағынан бірнеше бөлімге бөлініп, әрқайсысы белгілі бір мазмұндық жүктемені атқарады. «Дала кескіндері» бөлімінде табиғат пен адам болмысының өзара байланысы аңыздық және мифологиялық сюжеттер негізінде көрініс табады. Мәселен, «Қасқыр сарқырамасы» туындысында автор хайуанат әлемі мен адам әрекетін салыстыра отырып, моральдық-этикалық мәселелерді көтереді. Бұл тәсіл поэзиядағы антропологиялық пайымдаулардың бір көрінісі ретінде бағалануы мүмкін. Ал «Қызкеткен» өлеңінде өмір мен өлім шекарасындағы экзистенциалды күй суреттеліп, қазіргі әдебиетте жиі кездесетін трансценденттік тақырыптарға үн қосады.
«Санадағы суреттер» бөлімінде тарихи тұлғалар бейнесі арқылы ұлттық жады мәселесі қарастырылады. Әсіресе, Әлия Молдағұловаға арналған «Дала гүлі» поэмасы соғыс тақырыбын лирикалық-психологиялық аспектіде ашады. Мұнда автор кейіпкердің ішкі жан дүниесін, оның тарихи жағдайлармен байланысын тереңірек көрсетуге ұмтылады. Сонымен қатар, қазақ тарихындағы батыр әйелдер мен ерлік иелерінің бейнелері арқылы ұлттық рух, патриотизм және тарихи сабақтастық идеялары айқын көрінеді.
Үшінші бөлім – «Ызғарлы түндер» – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған. Бұл бөлімде нақты тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы тоталитарлық жүйенің зардаптары, жеке адамның трагедиясы және рухани төзімділік мәселелері қозғалады. Аталған туындылар тарихи шындықты поэтикалық формада жеткізуге бағытталғанымен, олардың мазмұнында деректілік пен көркемдік арасындағы тепе-теңдік сақтауға тырысқан.
Жинақтың соңғы бөлімі жалпы идеялық тұжырымдарды бекітіп, адам жанының күйзелісі мен оны еңсеру жолдарын философиялық тұрғыда пайымдайды. Бұл ретте автор поэзияның тек эстетикалық құрал ғана емес, сонымен қатар рухани терапия қызметін атқара алатынын көрсетеді.
«Төбелер стихиясы» жинағы – аймақтық тарихты поэзия тілімен жаңғыртуға бағытталған, әдеби-танымдық құндылығы жоғары еңбек. Ол ұлттық әдебиеттегі тарихи жадыны сақтауға және оны жаңа буынға жеткізуге өзіндік үлес қосады.
Мәрлен Ғилымхан – қазіргі қазақ поэзиясындағы өз дауысы бар, күрделі метафораға құмар ақын. Оның екі жинағының атауы бірден көзге түседі. Мысалы: «Төбелер стихиясы» және «Үнсіздік айқайы». Екеуі де кездейсоқ қойылмаған сияқты. Бұл – ақынның шығармашылық концепциясы. Өлең жинақтарының атауы – бүкіл кітаптың кілті десе де болғандай. Ақын «айқайлап» жазбайды, аса көп даурықпайды. Бірақ әр өлеңінің астында тұншыққан арпалыс жатыр. Бұл – экзистенциалды үнсіздік. Қоғам, заман, махаббат, жалғыздық туралы т.б. әлеуметтік һәм ұлттық мәселелер хақында іштей өртеніп жазу.
Жинақтың («Үнсіздік айқайы») астарлы пафосы – «Мен бақырған жоқпын, бірақ менің үнсіздігім – айқайдан қатты естіледі» деген байлам жатыр. «Үнсіздік айқайы» деген тіркес – бір ғана теорияға сыймайды. Бұл бірнеше деңгейде жұмыс істейтін ұғым. Әдебиет теориясында ең тура келетіні – оксюморон. «Оксюморон (көне грекше: οξύμωρον, oxymoron - сөзбе-сөз мағынасында аңғырт тапқырлық) — бірін-бірі теріске шығаратын қарама-қайшы ұғымдардан, мағынасы жағынан қарама-қарсы сөздерден құралып, соншалықты соны, тапқырлық, көркемдік әсер, образды ұғым тудыратын біртұтас сөз тізбегі, стильдік тәсіл. Мысалы: тірі өлік, шал жігіт, алпыстағы бозбала, дәрменсіз алып, жақсы өлім» [13], - яки, оксюморон – бір-біріне қарама-қайшы, сыйыспайтын ұғымдарды қатар қойып, жаңа мағына тудыратын көркемдік тәсіл. Мысалы: «қайғылы қуаныш», «ыстық мұз», т.б. Міне, осы сынды «үнсіздік айқайы». «Үнсіздік» - дыбыс жоқ, «айқай» - қатты дыбыс. Екеуін қосқанда: дыбыссыз, бірақ жанды жегідей жейтін ішкі қарсылық, азап, наразылық деген жаңа мағына шығады. Егер көркемдік тәсіл бойынша қаузай берсек, метафора, градация, кейіптеу, астарлау, антитеза т.б. теориялық ұғымдарға байланарымыз хақ.
М.Ғилымханның «Үнсіздік айқайы» кітабына төл шығармаларынан өзге бірнеше шетел ақындарынан тәржімалаған өлең-жырлары да енген. Атап айтқанда АҚШ-тың халық ақыны, журналист, тарихшы Пулитцер сыйлығының үш дүркін иегері Карл Сэндбергтің (Carl Sandburg 1878–1967) - 4 өлеңін, француз поэзиясына төңкеріс әкелген ақын, модернизмнің әкесі саналатын Гийом Аполлинерден (Guillaume Apollinaire 1880–1918) - «Санте түрмесі», «Ғұмыр ғажайыбы» сияқты 2-3 шығармасын, австриялық жазушы, драматург, сценарист, эссеист, 2019 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған Петер Хандкеден «Бейкүнә сәби» атты 5 бөлімнен тұратын топтамасын аударды.
Сонымен бірге Мәрлен аудармасында орыс символизмінің ең ірі ақыны, «Күміс ғасырдың» бетке ұстар шайыры Александр Блоктың (1880-1921) 4 өлеңі, ХХҮ ғасырда өмір сүрген француз ақыны Франсуа Вийонның (Francois Villon 1431-1463) «Жорамал балладасы» деп аталатын шығармасы да аталған жинақтан орын тапты.
Ақынның бірқатар өлеңдері «Ақ Жайықтың аспаны» [14] атты жас ақындардың ұжымдық жинағына енді.
Қорытындылай айтқанда, қазіргі таңда Мәрлен Ғилымхан шығармашылық ізденіс үстінде жүрген ақын. Ол әдеби шығармашылықты ғылыми ізденіспен байланыстырып келеді. Өзінің туындыларын сирек жариялағанымен, әдеби сапаға жоғары талап қойып, ішкі цензураны қатаң ұстанатындығы байқалады. Жас қаламгер қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосып, жаңа буынның рухани-эстетикалық сұранысын қанағаттандыруға ұмтылып келеді.
Ақынның поэзиясында сыртқы оқиғадан гөрі ішкі әлемнің бұлқынысы, тағдыры «үнсіздік айқайын» салып тұрғандай, мені оқы, жұмбақ әлемді өзің шешіп ал дегендей, сезім мен сана қайшылығы, жалғыздық үні мен экзистенциалдық ізденіс еркіндік танытады. Оның өлеңдерінде классикалық қазақ поэзиясы мен заманауи дүниетаным еркін ұштасады, сондай-ақ қазіргі жастар поэзиясындағы заман ағымы, жаңа интеллектуальдық мазмұндық деңгейді көруге болады. Сонымен қатар, ақын шығармаларында әлем әдебиетімен рухани сабақтастық, аударма тәжірибесінің ықпалы және интертекстуалдық белгілер байқалады. Бұл қазіргі қазақ әдеби процесіндегі постмодернизм тенденциясын белгілілері екені даусыз.
Түйіндей екшесек, Мәрлен Ғилымхан поэзиясының басты өзегі – адам болмысының мәңгілік ізденісі мен рухани сағыныш. Ол өз өлеңдерінде дәстүрлі қазақ лирикасының ұлттық бояуын сақтай отырып, оны жаңа мазмұнмен, заманауи философиялық оймен байытады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Ғилымхан М. Төбелер стихиясы: өлеңдер мен поэмалар, циклдар. – Алматы: «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ, 2024. – 240 б.
2. Ғилымхан М. Үнсіздік айқайы. – Алматы: Sardar G, 2025. – 76 бет.
3. М. Ғилымхан. Адам өз тағдырымен оңаша қалады. (сұхбаттасқан: Ислам Қабулұлы) // Пайдаланылған сілтеме: URL https://adebiportal.kz/kz/news/view/marlen-gilymxan-adam-oz-tagdyrymen-onasa-qalady__23966 (Қаралған уақыты: 10.08.2025).
4. Ғилымхан М. Менің ғұмырым – қардың ғұмыры..., 04.03.2019, Пайдаланылған сілтеме: URL https://madeniportal.kz/article/2607 (Қаралған уақыты: 10.08.2025).
5. Ержанова С.Б. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының көркемдік тұтастығы мәселелері. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2009. – 384 бет.
6. Жаңа қазақ әдебиеті (дарынды жастардың шығармашылық жетістіктері). Ұжымдық монография. – Алматы: Evo press, 2024. – 316 бет.
7. Қазіргі поэзиядағы модификация: стиль, ырғақ, форма: Ұжымдық монография. – Алматы: Қазына, 2024. – 240 б.
8. Аймұхамбет Ж.Ә., Байтанасова Қ.М., Айтуғанова С.Ш. Структуралық әдебиеттану және мәтін талдау. Оқулық. – Алматы: Жазушы, 2025. – 388 бет.
9. Жаңабекова А.Ә. Қазақ тіліндегі «уақыт» ұғымының тілдік парадигмасы. – Алматы, 2012. – 508 б.
10. Ғилымхан М.. Сен кетіп барасың... // Пайдаланылған сілтеме: URL https://vk.com/wall-55116168_9214 (Қаралған уақыты: 10.08.2025).
11. Мүтиев З., Ақболатов А. Шәңгерей Бөкеев ақындығы: тақырып аясы, идеялық бағыты // Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Филология ғылымдарының» сериясы, №2(64), 2018 ж. (132-137 бб.).
12. Құрманқұлов Б. Төбелер стихиясы» – төрге шақырған төл тақырып // Пайдаланылған сілтеме: URL https://qalamger.kz/literature/zha-a-kitap/t-beler-stihiyasy-t-rge-sha-yr-an-t-l-ta-yryp/1123 (Қаралған уақыты: 10.08.2025).
13. Оксюморон // Пайдаланылған сілтеме: URL арастыру (Қаралған уақыты: 10.08.2025).
14. Ақ Жайықтың аспаны / Батысқазақстандық жас ақындардың ұжымдық жинағы. – Орал: Полиграфсервис, 2024. – 208 бет.
