«Өлеңнен кейінгі өлең» шымыр дүние

Аслан Қанғожин поэзиясындағы терең сыр мен тұнық сезім. Ақын болмысын оның жырларынан оңай тануға болады. Себебі, шынайы поэзияның өн бойында айтылмай қалған сыр көбірек сезіледі. 

177

«Өлеңнен кейінгі өлең» шымыр дүние - adebiportal.kz

Аслан Қанғожиннің өлеңдерінде де осындай ішкі сыршылдық, салмақты ой мен сөз өнеріне деген іңкәрлік басым. Асланның осы жылдың басында «Қарлығаш» баспасынан жарық көрген «Өлеңнен кейінгі өлең» атты тұңғыш жыр жинағы студенттік шақтан бастап, бүгінге дейінгі шығармашылық ізденісін тоғыстырған шымыр дүние екен. Ондағы лирикалық өлеңдер мен балладалардан ақынның өзіндік поэтикалық үні айқын көрінеді.

Аслан поэзиясының басты өзегі – адамның ішкі әлемі, туған жер, табиғат, уақыт, жастық, махаббат. Бір қарағанда, мұның бәрі жаңалық емес сияқты. Бірақ бұл тақырыптарды ақын жалаң баяндаудан аулақ. Ол сыртқы құбылысты адамның ішкі сезімімен астастыруға бейім. Сол себепті кітапты оқып отырып, табиғат та, туған жер де, тіпті өлеңнің өзі де ақынның жан дүниесін танытатын көркем кеңістікке айналып кеткенін аңғарасың.

Олай болса, Асланның «Өлеңнен кейінгі өлең» атты өлеңін оқып көрейікші.

Тап-таза болдым, тазардым,

Ғажабын сезіп ғазалдың.

Жаныма біткен нала жыр,

Сені де емдеп жазармын.

 

Жүдеткеніңді түсінем,

Жүректің мұңын ішіп ем.

Жеттің бе екен асығып,

Періштелердің ішінен.

 

Тамаша таң бұл ұққанға,

Ауасы, 

мөлдір шықтар да.

Жауысы бөлек шіркіннің,

Жұмақтан жеткен бұлттар ма?!

 

Тазарып мендік жан-әлем,

Шертеді көңіл жаңа әуен.

Жауынға тұрмыз шомылып,

Табиғат, өлең және мен.

Мұнда табиғат, поэзия және адам біртұтас рухани кеңістікке бірігіп кеткен. Өлеңнің соңғы жолындағы «Табиғат, өлең және мен» деген тіркес шығарманың бүкіл философиялық түйінін береді. Жауыннан кейінгі мөлдір ауа қалай тазарса, ақынның көңілі де өлең арқылы жаңарады. Осы тұрғыдан алғанда, «Өлеңнен кейінгі өлең» атауының өзі символдық мәнге ие. 

Аслан поэзиясының тағы бір ерекшелігі өлеңге деген іңкәрлік дер едім. Бұл әсіресе «Түсіме өлең кірді» атты шығармасынан анық көрінеді. Мұнда өлең ақынның еріктен тыс жасап алатын дүниесі емес, жүрегіне өзі келіп қонатын тірі құбылыс тәрізді.

Сонымен бірге бұл шығармада қуаныш пен мұң қатар өрілген. Ақын өлеңге қуанады, оған деген іңкәрлық бар, сосын мөлдір мұң  байқалады. Бірақ сол сәттің өткіншілігін де сезінетіндей. «Тәуір түс, әдемі өлең...» деген соңғы жолдардағы көп нүкте осы сезімнің жалғасын оқырманның өзіне қалдырады. Өлең аяқталғанымен, ақынның толғанысы аяқталмағандай әсер береді. Онда мархаббат:

Түсіме өлең кірді,

Тізіліп шумақтары.

Сұлудай гүл ерінді,

Тулатқан жүрегімді,

Кештіріп терең мұңды,

Естіліп ырғақтары.

 

Түсіме өлең енді,

Ұйқасы құйылып тұр.

Самалдай өбіп мені,

Жанымды еліткені,

Сәтімдей ең елеулі,

Бағыма бұйырып тұр.

 Тәуір түс,

әдемі өлең...

Жоғарыда мысалға келтірген екі шығармада да поэзия ақынның өмір сүру формасына айналып кеткендей. Оның өлеңдерінде оқиғадан гөрі сезім, сыртқы әрекеттен гөрі ішкі қозғалыс басым сияқты. Сондықтан ақынның лирикасын оқығанда оқырман белгілі бір оқиғаны ғана емес, сол оқиғаның адам жанына түсірген сәулесін сезінеді.

Ақын өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі – тілінің қарапайымдылығы мен бейнелілігі. Ол күрделі философиялық ұғымдарды ауыр терминдермен немесе тым күрделі метафоралармен жеткізуге ұмтылмайды. Керісінше, мөлдір шық, жауын, бұлт, Бірақ қарапайым образдардың астарына терең мағына сыйғызған.

Мысалы, «Ауыл. Сайтанкөл. Үш аққу» өлеңінде ауылдың қарапайым тіршілігі мен үш аққудың бейнесі қатар алынады. Аққу мұнда табиғаттың бір бөлшегі ғана емес, сұлулық пен тазалықтың символына айналады. Осылайша Аслан Қанғожин өзінің поэтикалық ойлау жүйесіне тән тәсілмен қарапайым детальдан үлкен мағына іздейді.

Балладаға бергісіз осы бір тоғыз шумақ өлеңнің өн бойында тіршілік бар. Ішкі қозғалысы, тынысы сезіледі.  Мысал ма? Мысал жетерлік: «Көркем де емес дара бір, Көркейтіп тұрған көк белді. Білерім оны бар ауыл, Сайтанкөл атап кеткенді», «...Тіршіліктің бір талшығы, Жыртығын жамар ауылдың», «...Көктем ел сол табанға, Көтерем малын айдайтын», «...Ішетін оның зәр суын, Өрістен қайтқан табын да». Сүйткен «Сайтанкөлге» бір күні үш аққу келіп қонады. Бірақ сұрақ көп. Оның жауабын да лирикалық кейіпкер өзі береді.

«Жұптасушы еді үнемі,

Мұнысы несі апыр-ау?!

«Қаратүбекте» біреуі

Балапан басып жатыр-ау...».

Өлеңде туған ауыл әсіре сұлу суреттелмейді. Керісінше, оның тым қарапайым, кей тұста жұпыны, бірақ өмірге толы шынайы болмысы бар. Ал ақынның сол қарапайымдықтың өзінен сұлулық іздеуі оның туған жерге деген сағынышы мен іңкәрлігін аңғартып тұр. Сондықтан бұл өлеңдегі негізгі құндылық – ауыл арқылы ақынның өз жанын көрсетуінде жатыр.

«...Және де басқа ырым көп,

Жадыдан өшкен бұл күні.

Көрінген шығар сұлу боп,

Ауылдың қоңыр тірлігі».

Олай болса, Аслан үшін ауыл сағыныштың абстрактілі мекені емес. Ол көңіл көзіңізге нақты адамдарымен, табиғатымен, тұрмыс-тіршілігімен көрінеді. Сондықтан оның ауыл туралы жырларында жасанды пафос жоқ. Қоңыр тіршіліктің өзінен ақындық бояу таба білген. 

Жалпы, Аслан қай тақырыпты жырласа да айғайсыз, сабырмен қалам тартатын қаламгер. Оның поэзиясында даңғаза пафостан гөрі ішкі толғаныс басым. Сондықтан оның жырлары бірден дүр етіп әсер етуден гөрі, оқығаннан кейін санада біраз уақыт бойы сақталып, біртіндеп ашыла түсетін қасиетке ие.

Ақынның ұйқас пен ырғақ жүйесі де осы табиғатқа сәйкес келетіндей. Лирикалық өлеңдерінде дәстүрлі қазақ өлеңіне тән ұйқас үлгілері сақталғанымен, кей тұста жолдарды әдейі қысқартып, жеке сөздерді бөлек орналастыру арқылы интонациялық екпін жасап отырады. Мәселен, «Ауасы, / мөлдір шықтар да» немесе «Тәуір түс, / әдемі өлең...» тәрізді құрылымдар өлеңнің ішкі тынысын өзгертіп отырады. Бұл тәсіл ақынға сезімді қарапайым баяндаудан гөрі, кідіріс пен үн арқылы жеткізуге мүмкіндік беретінін байқадық.

Көркемдік тұрғыдан алғанда, Аслан Қанғожин тамаша теңеулерді, кейіптеу мен метафораны сәтті қолдана білетін ақын. Бұл пікірімізге мына жолдар даусыз дәлел болары анық: «Сұрқай күздей суықпын, Сұр жебедей өткірмін», «Жұмақтан жеткен бұлттар ма?!», «Мендегі мөлдірлік жүректе, Уытты шеріме былғанған», «Шекемді ойып, сақылдап бақ күледі», «Санадағы сөгіт мұңның іргесін», «...өмір деген өтпелі іңір». Жансыз дүниеге тірі сипат беріп отыратын мұндай тіркестер Асланда аз емес. 

Ақын өлеңдеріндегі тағы бір ұтымды қасиет – артық сөзге бармай, сезімді бейне арқылы жеткізуі. Ол оқырманға дайын қорытынды ұсына бермейді, керісінше белгілі бір көңіл-күй тудырып, оның мәнін оқырманның өз түйсігіне қалдырады. Оны енді «Өлеңнен кейінгі өлеңді» оқысаңыз оңай байқарыңыз сөзсіз.

Аслан Қанғожин поэзиясының құндылығы да осында. Ол оқырманды таңғалдырудан бұрын ойландыруға, айғай салудан бұрын сезіндіруге, дайын жауап беруден бұрын көңілге сұрақ тастауға бейім. Өлеңнің өміршеңдігі кейде дәл осындай жақсы әсерден басталмай ма?

Мұхарбек Жәкейұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan