Өнерім - өрге бастар жан мерейім
Аға буын айтыскер ақын Егеухан Мұхамәдиқызының әр жылдарда жазған өлең-толғауларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Жадырап бір жаның шөлі қанар ма?!
Өмір айдын - толқыны мол, кең арна,
Адам аққу айдынына қонарға.
Өз қамысын өз ұясын тербетіп,
Жадырап бір жаның шөлі қанар ма?!
Еру елім елегенің елдігің,
Кеңесетін, келісетін келді күн.
Төскейде мал, төсекте бас қостырған,
Үш жүз жылда қолға тиген теңдігім.
Кеттік рас жер бетіне таралып,
Қанымызда ыстық ағыс бары анық.
Өркен жайсам да өзің кетпей өзектен,
Текті ұрпақ тегін тапты оралып.
Елім деген, еңіреген ер келді,
Ол да әлемнен тапқан мекен жерлерді.
«Қайда қалмас жиған мүлкі адамның»,
Атажұртын шыбын жанға теңгерді.
Асыға аңсап келген шақта ортаңа,
Биязы қыз, бұла жігіт, қарт ана.
Өзді-өзіңе қажет тұстас сырласы,
Аңсағаны жан тынысы тамсана.
Әр ұлтты елде, әр қилы өсті әр кісі,
Бар өзіндік жеке салты дағдысы.
«Ат сатсаң да ауылыңмен» деген бар,
Ауылында, ағайында жан күші.
Мұндай күйді әуел баста сезді кім,
«Төрле ағайын», «кел, кел», - десті тез бүгін.
Үш ағайын үш ауданға бөлінді,
Ескермеді жалғыз жалтаң көздігін.
Әр адамды өз тұстасы тұтар пір,
Тұстасына шешіледі көл-көсір.
Бала жастан бірге өскен бөлінсе,
«Қырық қадам шықсаң депті мүсәпір».
Ойлан халқым ортақ көңіл толды ма?!
Сіңісті ме? - алаң көңіл орныға.
Кіналама көшкен елде көп сыр бар,
Ұғам десең өзіңді қой орнына.
Өзім-өзің ажырамас бірге есім,
Өзіменен бекітсін ел іргесін.
Өзіңді-өзің өзегіңнен итер сен,
Өзгелерге өнеге емес, елге сын.
Атам қазақ бір-бірінсіз өспейді,
Ел рухы таза қаннан өшпейді.
Пір тұтпасаң тілің-ділің, дініңді,
Ата-баба аруақтары кешпейді.
Абир-Әлі
«Абир-Әлі» таулары айқасып тұр,
Тарих-дастан шайқасқан сынасып тұр.
Ер шекіспей, бекітпес деген рас,
Достасып жақпарына бүгісіп сыр.
Күн шықса күлімдейді жадырайды,
Түн болса түнереді тұтып қайғы.
Екеуін егер ертіп егестірген,
Ақ толқын «Ақтас» сұлу нұр шырайлы.
Ақ толқын Ақтас сұлу сылқ-сылқ күліп,
Құлай ағып жөнелген ойды ұғып.
Жалғыз тау жанды өртеген ғашығы еді,
Бекінбесе «Абир-Әлі» салар бүлік.
«Жалғыз тауға» мұң шағып егiлiпті,
Жалғыз тау жан сауғалап шегініпті.
«Екеуіне кезіксек жазым етер»,
Айлакер Абирден де, Әлі мықты.
Абир, Әлі бес қару асынытты,
Ақтас та Жалғыз тауға асығыпты.
Ерен күші екіленіп дауыл тұрып,
Ару жетпей гүл болып шашылыпты.
Әлде кім әр нәрсені ойға түйген,
Аңызды баян етіп айтты білген.
Бір тал көде тоқшылық шұрайлы жер,
Арудың денесінің сөлі сіңген.
Бұл өлке «Арқа» ерлердің аты қалған,
Аталса ел ұмытпай есіне алған.
Өтіпті ертеректе Егеубай бай,
Арқаның бір саласын қоныстанған.
Егеубайда жайдық біз керегені,
Тәңірдің табиғаты берегені.
Қоныс бізге, ірге елге құтты болсын,
Еңбек-бірлік көсеге көгереді.
1992 жыл
Кәпке
(Өзімнің 70 жас мерей тойымда оқылған өлең)
Өмір-керуен - жеткізбес ұзақ сапар,
Күдірлі өр-ылдилы сынақ жасар.
Өнердің айдынында арпалысып,
Елу үш жыл, жарасып жүздік қатар.
Өмірдің қызықтадық шуақ нұрын,
Сан қилы, салиқалы шерттік сырын.
Елу үш жыл бір соққан қос жыр жүрек
Айдында сынар аққу сияқтымын.
Елу үш жыл бірге өтті тәубә деймін
Өнерім - өрге бастар жан мерейім.
Қасиетті қазағым халқым менің,
Еміренген еліме еркелеймін.
2010 жыл Көкөзек
Үш салалы сағыныш
Үйрек, ұшып, қаз қонған көлім әсем,
Айдын шалқар шалқыған тынысы кең.
Құс базары.
Құжынап көлдің беті,
Шуға толған құстардың қаңқылымен.
Қос-қос аққу жүзеді маңғаз көрік,
Жұбын жазбайд жаралған өмірсерік,
Қос аққудай жарасқан елу үш жыл,
Жарсыз көңіл сыздады мұны көріп
Жасымыздан аққудай жүзген көлім,
Жырақтан жыл құсымен бір келгенім.
Қос аққу мойнын бұрып иілгені-ай,
Сыңар жанның сезді олар сезім селін.
Аққу мен арман мүдде сырлас жаным,
Сейілмей сері көңлін мұң басқанын
Аққулы көл,
Туған жер
Сыңар сыры
Үш сағыныш салалап ұштасты әнім.
2014 жыл
Көшіп келдім
Көшіп келдім табынып, Тәңір ием,
Ер Жәнібек шапағат берсін киең.
Қолдай гөр, өнерде өз тұяғыңмын,
Сүйінбай, Жамбыл, Бұқар – әруағыңмен.
Көшіп келдім, егеменді ел сүйінер,
Елдің қамын ойлаған ер сүйінер.
Адамнан адам артық ана ғұрлым,
Қаны таза қазағым қадір білер.
Көшіп келдім, ағайын, көшіп келдім,
Айқара ашты құшағын іргелі елім.
Өзің шашқан тарының талшығы едім,
Топырағыңда дән алдым басқа жердің.
Көшіп келдім, өзіңе көшіп келдім,
Атажұртқа асығып алаң көңілім.
Жел аударған қаңбақтай тағдыр айдап,
Өлмеу үшін өзгеден нәсіп терім.
Көшіп келдім, «кел» деген үніңді естіп,
Қилы-қилы тағдырда өмір кештік.
Өзге жұртта мәпелеп аялады,
Сонда да жетпей тұрды бір үндестік.
Көшіп келдім, ата-ана бата алғалы,
Қазақстан перзенті атанғалы.
«Өзім» десең сіңермін өзіңдей боп,
Тұтанып тұр қызуым от алғалы.
Көшіп келдім, ағалар, қарындасың,
Ұзағанда қалып ед жарым жасың.
Тең өстік, телі еміп ана сүтін,
Уыз дәмі таңдайдан арылмасын.
Көшіп келдім, жеңгелер еркең едім,
Обал қане өзгеге де еркеледім.
Әйел жолы жіңішке, жаны нәзік,
Жан күйімді толғанып шерте келдім.
Көшіп келдім, ұғыншы жан сырымды,
Талантым талып кейде тасқа ұрылды.
Қасиетті қазақтың қанын сақтап,
Өзге жұртқа қоспадым тағдырымды.
Көшіп келдім, ауылдас абысыным,
Таңырқама тап өзің таныс үнім.
Туралған бас тартпайды дәстүрлі ойла,
Ниетің мен шай құйсаң ризамын.
Көшіп келдім, әзілде замандасым,
Құбылған алмағайып заманда шын.
Келдім Моңғол елінен,
Мен Қазақпын!
Байқа! тілдің қадама ақ алмасын.
Көшіп келдім, айқасты құшақ бүгін,
Топырағына қандырып ұшқан гүлін.
Елдің қамын ер ойлап қабыл алды,
Бәз біреудің қайтемін ұсақтығын.
Көшіп келдім, қалды артта орманды, өзен,
Сәби, жастық, аналық талай кезең.
Ата-анам күмбезі, кіндік қаным,
Тамған жерде, қимастық барын сезем.
Көшіп келдім, қалды тау, асқар шыңым,
Жас шағымда көңілдің шаққан мұңын.
«Цамбагариг», «Бесбоғда» көз алдымда,
Балапаны-ем ұшырған ұясының.
Көшіп келдім, ұрпақ пен ұрпақ таныс,
Келешек сендерсіңдер бірлікте күш.
Өстің бәрің әр елдің әуенімен,
Біріңнен бірің ұғын алып дәріс.
Көшіп келдім, бала, ене, жарымменен,
Ағытылды шабытты арын да өлең.
Айналайын Атажұрт үлгіңді алып,
Жүректегі жалынның нәрін берем.
Өзің шашқан тарының талшығымын,
Атамекен татайын бал шырынын.
Өзіңнің өзегіңде өркен жайып,
Бой көтерсін мәуелеп тал шыбығың.
1992 жыл, шілде.
Көк ала жорға
(Толғау)
Алысып ауыздықпен жерді қауып,
Есінеп, елегізіп ауық-ауық.
Көк ала көлбеңдейді киікше ойнап,
Құрбыңмен той-думанда құрсаң сауық.
Жүрісі бейне бесік тербегендей,
Екпіні қыран қанат сермегендей.
Дариға шаттанады шалқып көңіл,
Өмірде еш жабығып көрмегендей.
Көк ала енесінен жорға туған,
Тілерсегі бүгіліп зорға туған.
Жорғаның белгісі сол аяқтанбай,
Үш төрт күнде орнынан әзер тұрған.
Аяқтары салалы ұзын тұрқы,
Құлын мүше арса-арса, қиқы-жиқы.
Кең танау, саптыаяқтай салпы ерін,
Сауыры қақпан белден сәл шығыңқы.
Жануар төрт аяғы тең жорға еді,
Тақымға да толымды қатты белі.
Тамбайтын тар жолда да жорғасынан,
Жарыстарда теңгерген ылди өрді.
Кең танау, тесік өкпе, тынысы кең,
Таңдандырған тайпалған жүрісімен.
Көк алаға бесік ап тойға барам,
Сүйікті еді үрікпейтін мінезімен.
Бөтен жанды жанына жуытпайтын,
Өзіме бесікті иіскеп жуықтайтын.
«Мал тартқан иесіне майталман» дейд,
Иесінің ғажайып қылығы айқын.
Өзекте өкінішті өшпес арман,
Тарихта талай тартыс өтті жалған.
Атадан алшықты бір белгі болып,
Көк ала жорға осы қолда қалған.
Әкем көзі көк ала жорға дейтін,
Әкемнен тірі айырылған зорға дейтін.
Әкемнен қалған ақ көк айғыр ұрқы,
Көк ала атпен жеңілді қайғы дертін.
Ұлы сөз ұлағатты ұғарыңа,
Таңырқап тақыр шапта тұмарына.
Құсайын бақсы айтқан құмалақ сап,
«Бесікпен мінгіз мұны сыңарыңа»
Өмір дастан өрнегін қарап тұрсақ,
Ақын болдық екеуміз шабыт бұрқап.
Жорға, жүйрік атбегі атандырды,
Көк аланың жалында өсті ұрпақ.
Сіміріп дала ауасын еркіндеген,
Жан бар ма сәйгүлікпен желпінбеген.
Елімнің қыз бозбала, сал серісі,
Үкілеп, жорға мінген селкілдеген.
Шұлғытып мінгенде ол жарасатын,
Көтеріп жігіт ару парасатын.
Ер жігіт
Жақсы әйел
Ат қазына
Халқымыз қастерлеген ер қанатын.
Үржардың мекендедім Көкөзегін
Армысың? – Үржар халқы, қандастарым?!
Өнердің жарқылдатып алды аспанын.
Тарихынан тағылым таныр ұрпақ,
Қарияңда ұлағат, жаста жалын.
Өмір қымбат сан қилы қырыменен,
Ұға білсең адамның сыры терең.
Көшуде де көп сыр бар дастандатқан,
Көңіл толқып, толғанып тебіренем.
Көкөзек таулы, орманды, әсем көрік,
Тасқынды тау суына жаным жерік.
Көк өзек – жер жанаты жазиралы,
Қойнына қоныстандым көшіп келіп.
Тарбағатай бауыры құт дарыған,
Аю, арқар, тауешкі, қаптаған аң.
Қусақ өзен арқырап арындайды,
Жан-жануар мерейлі шөлі қанған.
Шынары шырқау шыңмен таласады,
Мыңғырып бес түлігі қыр асады.
Ауылда қызу, қимыл ырыс тасып,
Жарасқан ұйымшылдық ынтымағы.
Еңбекпен ел көгерер жан мұраты,
Сәулетті тамсандырған салтанаты.
Халқым десе қанымда от ойнайтын,
Қастерлі қазағымның жұрағаты.
Жайқалып жасыл орман ырғалады,
Көрікті көз тартады нұрлы алабы.
Бас изеп бәйек болып қол бұлғайды,
Құшағын ашып «кір» деп ымдағаны.
Үржардың мекендедім Көкөзегін,
Шұрайлы жер, толайым өнген өнім.
Қарақат, мойыл, шие, өрік, алма,
Дәмін таттым шырынды бүлдіргеннің.
Гүл атады Көкөзек атырабы,
Құлпырған жас арудай бұла шағы.
Қандас ел құрақ ұшып құшақ жайса,
Иіліп ұялы орман жапырағы.
1994 жыл, 22-сәуір. Көкөзек
Егеухан Мұхамәдиқызы
