Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Перизат Сары. «Қазір ешкім де уақыт өткізу үшін кі...

Перизат Сары. «Қазір ешкім де уақыт өткізу үшін кітап оқымайды...»

26.10.2025

4445

Перизат Сары. «Қазір ешкім де уақыт өткізу үшін кітап оқымайды...» - adebiportal.kz

«Ақыл жастан, асыл тастан» дейді дана халқымыз. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетін оқып жатқан, Орал қаласының тумасы Перизат Сары қарындасымыздан аз-кем сұхбат алған едік, енді сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

-Бүгінгі оқырман кім деп ойлайсыз? Сіздің ойыңызша қазіргі қазақ оқырманы қай деңгейде? Олар не іздейді: эстетикалық ләззат па, мотивация ма, әлде жай ғана уақыт өткізу тәсілі ме?

-Қоғамды бақылап отырсаң бұрын әр дүние өз қазанында бөлек-бөлек қайнайтын, қазір бір қазанның ішінде араласып, быламық болып піспей жатқандай. Сондықтан қазіргі құбылыстарға осындай деп тамырын дөп басып бағалай салу қиындау. Бірақ түйсігімізге, алған  азғантай білімімзге, шығармашылық қабілетімізге сүйеніп кейбір дүниелерді түсінуге және түсіндіруге болады. Жалпы адам баласының мынау дүниеге деген білімі артқан сайын қоғамдағы және табиғаттағы құбылыстарға тереңдеп қарай бастайды. Өйткені осы уақытқа дейінгі әлемнің көптеген құпияларына адамзат баласының қараңғылығында тасада қалып, көзге ұрып тұрған дүниелерге күмәнмен, қорқынышпен қарап келгені жасырын емес. Сол себепті алдымен қазақ оқырманы кімді, қай жанрды оқып жүргенін айтпас бұрын, оқырман деген кім деген сұраққа жауап беріп көрелік.

Бұдан он шақты жыл бұрын мен медицина саласы бойынша білім алып жүрген кезім едім. Екінші курста «Акушер ісі» деген пәнді бір семестр оқыдық. Сол пәннің соңында алған білімімізді іс жүзінде көру үшін бізді перзентханаға апарды.

Жас әрі тәжірибесіз студент кезім. Әр бөлмеден естілген жаңа туған сәбилердің даусы мен босанып жатқан әйелдердің ауырсынған сәттері маған ерекше әсер етті. Ал жаны қиналып жатқан әйел одан әрі қинағандай болған акушердің шалт қимылын көріп, қорқақтай бөлмеге әрең кіргенім бар еді.

Сонда мен алғаш рет жаңа өмірдің жарық дүниеге келген сәтін көрдім. Сол мезетте баласын аман-есен өмірге әкелген анамен бірге мен де ерекше бір сезімге бөлендім жүрекке жылы, биік, түсіндіру қиын қуаныш сезімі.

Сол сәттен байқағаным ана баласын тоғыз ай бойы жүрегінің астында мәпелеп көтереді, ал дәрігер мен акушер оның амандығына, сәбидің денсаулығына жауап береді. Дегенмен, бала жарық дүние есігін ешкімнің көмегінсіз өзі ашады. Яғни бұл Құдайдың әуелден жаратқан үйлесімді табиғи процесі.

Оқырман дегеніміз осы мензелдес, ата-ана өмір сыйлап, ұстаз жазу үйреткенімен ол әлемді өзі таниды. Неміс философы Артур Шопенгауэр айтқандай: «Оқырман – аяқталмай қалған шығарманы жазып бітіретін автор», - дейтіні бар еді. Оқырманның қалыптасуы баланың құрсақта өсіп-жетілуі секілді ұзақ, күрделі процесс. Платонның «Мемлекет» еңбегінің VII- кітабында, ғылымда «Платон үңгірі» деп аталып кеткен үңгірде қол-аяғы шынжарланып, саңылаудан түсіп тұрған жарықтан өзінің көлеңкесін ғана көріп тұрған адам, сыртқа жарыққа шығып, бірден күнге қараса соқыр болып қалу қаупі бар екенін жазып қалдырған. Платон тас соқырлықтан сақтану үшін ең алдымен адам күн батқаннан кейін қараңғы түнге қарап, содан кейін жердегі заттарға және оның көлеңкесіне қарап барып, күнге қарау керектігін жазады. Оқырманның әрекеті де осылай жүреді. Яғни адамның асқақ өнерге келу жолы  әртүрлі болады. Біз кезінде осылай оқыдық сендер де осылай оқыңдар деп бір шарттылыққа салу ғылымның категориясы емес. Қоғамның қозғалысына қарай оқырман да өзгеріп тұрады және бұған түнделетіп бейсауат жүретін адам тақылеттес байбалам салмай, өнер ретінде қабылдауымыз керек.

Бүгінгі қазақ оқырманын зерттеп жүрген кәдуілгі маман емеспін, бірақ жастармен бірге оқып жүрген қатардағы студент ретінде жауап беруге болады. Қазір мойындау керек қазақ қоғамында жоғарыда жазып кеткеніміздей философ-оқырман жоқтың қасы. Оқырман деген тек академиялық ортада жүрген студент, оқытушы, профессормен шектелмейді. Тіпті академиялық ортаның өзінде кітап оқымайтын адамдарды көріп жүрміз. Бұл дегеніміз қоғамда оқуға талаптандыратын дүние жоқ деген сөз. Егер адамды тек оқырман ретінде емес жәй ғана тірі жеке индивид ретінде қарастырсақ, қазіргі жастардың бойында білімге, өнерге ұмтылыс бар.  Аристотель «Метафизика» еңбегін бірінші кітабын: «Барлық адам табиғатынан білімге ұмтылады», - деп жазып бастайтыны бекер емес. Біреуі керемет қылқаламмен сурет салады, басқасы жадынан өлең шығарады, енді біреуі сол өлеңді Мұхаммед пайғамбар құранның аятын әдемі әуезге айналдырғандай оқиды немесе ән салады. Яғни бәрінің бойында өлмеген рух бар, бірақ қажетіне жарататын бірегей орта қалыптаспаған. Өйткені айналасын оқусыз, дарынсыз дүниелер қоқыстай қоршап жатыр. Оны түсініп отырған жас та өзінін еркінен тыс шешім қабылдайды. Қазіргі жас, еркінмін деп ойлайды, бірақ бәрібір ол кейбір шешімді өзінің қалауынан гөрі, қоғамның сұранысын орындап отырғанын өзі де түсінбеуі мүмкін. Кітап оқудағы талғамы да дәл солай.

Меніңше қазір ешкім де уақыт өткізу үшін кітап оқымайды. Өйткені бос уақытты толтыратын түрлі заттардың күннен-күнге көбейіп келе жатқанын өзіңіз де көріп отырсыз. Жалпы қазір «эстетикалық ләззат» түсінігінің аясы тарылып, мотиві жоқ мотивациялық  және Құдайды танудан гөрі, Құранды сөзбе-сөз тәпсірлейтін кітаптар құмырсқадай қаптап кетті. Мойындасақ та, мойындамасақ та осындай кітаптарға сұраныс бар және ол орыс тіліне аударылған шетел кітабы. Эстетиканы көшеде немесе модерн дәуірінде қалыптасқан сәнді жерде кітап оқу деп түсінетін жастар бар. Меніңше бұған байбалам сала беруге болмайтын секілді. Оқырман осылай түрлі заттар арқылы оқу мәдениетін қалыптастырып, терең әдебиетке келуі мүмкін. Әрине, бәріне күйе жаға беруге болмайды. Әдебиеттің эстетикасын түсініп оқитын санаулы жастар да бар. Олармен диалогқа түсіп, құлақ түрсең  кесек-кесек ойлар айтып, таң қалдырады. 

-Жастардың әдеби талғамы – білімсіздіктен бе, әлде мәдениеттің өзгеруінен бе? Қазіргі жастардың әдебиетке деген қызығушылығы мен таңдауын көргенде, мұны жүйесіз білім беру жүйесінің салдары деп қабылдаймыз ба, әлде бұл жаһандық мәдени ауысымның көрінісі ме?

-Жоғарыда айтып кеткенімдей, қоғамдағы құбылысқа дәл осы себепті деп дөп басып айту қиындау. Сіз айтып кеткен себептің барлығы да белгілі бір деңгейде әсер ету мүмкін. Қазіргі жастарды білімсіз деп тым төмендете беруге болмайды. Олардың білім алу жолы біздің уақыттағы классикалық жүйеден айрықша. Дұрыс па, бұрыс па оны уақыт көрсетеді, бірақ ол қоғамда бар. Қазіргі жастың психологиясы Мигель Сервантестің «Дон Кихот» романындағы Санчо Панчоның образдық кейіпкеріне келеді. Дон Кихот әр кезде әртүрлі болатын Кафканың құбылмалы шаяны тектес. Бірде жалғыз өзі көпке қарсы тұратын батыр, бірде данышпан, бірде тор ішіне қамалған арыстанның өзін жеп қоятынын біле тұра, қарусыз шабатын ақымақ бола алады. Ал Санчо Панчо оған ештеңе керек емес, ол өзі бір тұтас әлем секілді. Ол мына әлемнің әуелдегі Шәкерім Құдайбердіұлының: «Келдім қайдан?»,  «Нетсем пайдам?», «Өлгеннен соң не болады?»деген күрделі сұрақтарына жауап іздеп басын қатырмайды. Оған саяси, тарихи тіпті Дон Кихоттың өзі оны тұлға ретінде қызықтырмайды. Бірақ Дон Кихоттың қиялындағы өмірге сеніп, өлгенше бірге болып, әлемдегі оқиғалар оның қатысуынсыз-ақ өзгеріп жатады. Қазіргі жастарды елдің болашағы деп сенім артқанымызбен, олар өзі тіршілік кешіп жүрген орта үшін жауапкершілікті арқалағысы келмейді. Оларға ең бастысы өз таңдауы маңызды. Ал оның таңдауы ырықты, ырықсыз жүріп жатыр ма бізге беймәлім.

Білім берудегі жүйесіздік ол қашан да болған. Өйткені, ол әуелден жеке адамның ішкі қалауына сай жоспарланбаған. Бізге дейінгі тарихи тұлғаларға қарасақ, ешқайсы жарытып мектепте білім алмаған адамдар. Заманның қиындығы сол қазіргі жас өзі үшін бөлек ізденеді, жүйе үшін бөлек оқиды. Қайырып айтқанда өз – өзіңе ұстаз боласың. Бірақ, үнемі олай бола бермейді, қабырғасы қатпаған балаға нағыз ұстаз керек. Иран режиссері Аббас Киаростамидің «Ұстаздарға құрмет көрсетейік» атты 1977 жылы түсірілген қысқа метражды деректі фильмінде Тегеран университетіндегі оқытушының істеп жүрген жұмысына мамандық деп емес, өнер ретінде еркін қарайтын айтатын монологы бар. Тұлға болып қалыптасқан ұстаз қоғамның қырыққабат сияқты бойына жасырған құпиясын, иірімдерін біліп жас шәкіртке мінберден қарамай, субьект ретінде санасып, білім берсе көп нәрсе өзгереді. Нағыз ұстаздың сабағынан студент өзінің ештеңе білмейтінін түсініп шығады.

Кітап оқу – деген тек образдық кейіпкердің өмірде бар болуға тырысқан жанның әрекеті емес, автор кейіпкер арқылы эстетикалық құралды (жанр, стиль т.б)  қолдана отырып, өзі өмір сүрген қоғамның күйін ашады. Орыстың әдебиет сыншысы Ю.Б.Боревтің «Эстетика» кітабында өнердегі түрлі дадаизм, экспресионизм, кубизм, романтизм, реализм, сюрреализм соц.реализм т.б  жанрдың қалыптасуы саяси-тарихи оқиғаларға, ғылымдағы жаңалықтарға байланысты өмірдің өзгеруіне қарай өнердің де құбылуы екенін алға тартады. Ескі изм  жаңа изм-нің дүниеге келуімен аяқталып отырады. Қоғамда дәл солай біз өзімізге дейінгі дәуірдің формасы өзгерген түрі ғанамыз. Сол себепті қазіргі жастың әдеби талғамынан бөлек, оның әдебиетке қызығушылығын арттыратын түрлі жол іздеу керек.

-Батыс қоғамында қазір шоу-бизнес пен танымал өнер иелерін пайдаланып, жастарды «нағыз өнерге» әкелудің «аярлық» жолдары қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

Қойған сұрағыңыз өте орынды. Сізбен осы сұхбатты жазуға қозғау болған осы жөнінде facebook парақшама қаймықпай жазба жариялаған едім. Ол жазбаның жазуыма ирландиялық әнші Дуа Липа парақшасына британдық жазушы Дэвид Солойдың кітабын оқырманмен бірге талдап отырған суреті түрткі болды. Жалпы Хәлливуд жұлдыздарының арасында кітап клубын ашып жанкүйерлерімен бірге емен- жарқын асықпай шәй ішіп отырып кітап талдайтын үрдіс әуелден қалыптасқан. Өйткені батыс елдерінде: «XX ғасырдың екінші жартысы әдебиеттің орнын керексіз ойын-сауық басты», - деп, дабыл қаға бастаған кезі қазақ әдебиетінде 60-70 жылдары әдебиеттің алтын ғасырымен тұспа-тұс келеді. Қателеспесем «Қара аққу» фильмінде ойнаған актриса Натали Портманның өзінің оқыған кітаптарын жанкүйерімен талдайтын бөлек инстаграм парақшасы бар. Философ Жан Поль Сартр «Әдебиет дегеніміз не» атты кітабында жазғандай, театрға, киноға сүйікті актерын көру үшін келетін көрерменді үлкен әдебиетке тарту үшін, аудитория жинай алатын жұлдыздарды әділ пайдалану әдісінің бір түрі болса керек. Оған шетел жазушылары өмір сүріп отырған дәуірді түсініп, ішкі менін ысырып қойып, академиялық ортамен шектелмей, халыққа осындай төте жол арқылы шығуды ар санамайды. Өйткені Дюма, Бальзактың қаншалықты ұсқынсыз, сымбаты жараспаған болса да, артынан қырық қыз іздеп келіп, оқығанынан ләззат алып хат жазатын заман өтті. Тіпті танымал болу үшін аузы дуалы әдебиет сыншысына жазғанын жорта сынатып, жаздыратын  заман да кетті. Қалаберді, тарихта аты қалу үшін графинямен көңілдес болып, қоғамға танылу үшін патшағарлық жасайтын жымысқы дәуір де кетті.

Еуропаның XX ғасырда бастан кешкен сөз өнерінің жоғалмау үшін күресі қазақ қоғамына енді келді. Сондықтан қазіргі ел алдында жүрген жасы бар, жасамысы бар танымал адамдардан осындай үрдіс – Бальзак шығармашылығының алғашқы жылындағыдай жыртық қалтасын жамау үшін әдебиеттегі жеңсікқойлық әдісіне бармай, байыпты қарау керек. Бізде XX ғасырдың екінші жартысында: «Қазақтың оқуда кеткен есесі көп», - деп ғалым, күйші, әнші, актер, режиссер, сазгердің бәрі бір арнаға тоғысып өнер жасады. Қазір біз әлі күнге дейін сүйіп көретін, тыңдайтын, оқитын өнер туындыларын қалдырды. Бұл да болса «Халық үшін өнер жасаудың» бір түрі. Өйткені халықтың қатысуынсыз рухани, ізгі өмір қалыптасыру мүмкін емес. Бұны Ю.Б.Борев те «Эстетика» еңбегінде зиялы қауымының халықтың алдында бір адым алға жүре отырып, халыққа қарсы келетін формализмнен сақтану керектігін жазған. Кітапханада тек зиялы қауым жиналып алып, алдын-ала жоспарланған конференция өткізетін заман кетіп барады. Бұндай конференцияға халық қатысып, рухани құмарын қандырмаса, бәрі бекер.

Қазіргі жазарман қауым, менің жазып жүргенім:«Нағыз өнер» деп ойлауы мүмкін. Бірақ ол «Нағыз өнерге» жатпауы да мүмкін. Өйткені өнерді талдайтын эстетикалық ғылым әлемнің, өнердің, түрлі «изм» дердің келуімен ол ерікті, еріксіз түрде өзгеріп тұрады. Еркіндік, адам еркі деген біртұтас түсінік, әйел еркіндігі, нәсіл, ұлт, сенім еркіндігі іспеттес адамның өмір сүрген ортасына, тарихи оқиғаларға байланысты бөлініп кетті. Әуелде адамды Құдайға ұқсатып, жасампаз, ізгі қылып біртұтас болмыс етіп жаратқан. Қазір ол адамнан әуелгі болмысынан ажыраған Альбер Камюдің «Өгей» повесіндегідей ішкі және сыртқы меннің өзгерісі өзінің қатысуынсыз-ақ өмір сүріп жатқан көшірме адам ғана қалды. Өнер сол сияқты әуелде адамның табиғатпен, Құдаймен үйлесімді болып, адамның түйсігіне, санасына, ақылына, өмірлік тәжірбиесіне қарай мақсатсыз өнер болды. Қазір сол өнердің мақсатын айқындайтын категориялар қалыптасты. Яғни өнерді өзі заман тудырған талапқа сәйкес «Қолданбалы» және «Нағыз өнер» деп екіге жарылды. Қазіргі заманда біз қазақ қоғамын нағыз өнерге қолданбалы өнер арқылы қайта оралта аламыз. Басқа жол жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шықты, оқырман өзі іздеп оқиды дейтіндей, өкінішке қарай біздің қоғамда ондай мәдениет қалыптаспаған. Өйткені адам қартайған сайын, оның жүйесі де, жаңалығы да осы заманға жараймай қалады. Біздер ұлы адамдарға сілтеме жасап, ұлықтай отырып өз мақсатымыздан жаңылмауымыз керек.

-Тағы да батыс қоғамында болып жатқан дүниелерден сөз қозғайық. Танымал тұлғалардың әдебиетке бет бұруы – популизм бе, әлде мәдени жауапкершілік пе?

-Меніңе ойымша шетел жұлдыздары өз-өздеріне кітап оқу арқылы популизация жасайтын әдіске тіптен зәру емес. Біріншіден, риясыз, шынайы ішкі қызығушылықтары бар әмбе кітап оқу арқылы эстетикалық білімі толығады. Екіншіден, жасап жүрген өнеріне де пайдалы, тың идея келуі мүмкін. Үшіншіден, жанкүйерлерімен кездесу ұйымдастырудағы мақсаты өзінен гөрі жазушының шығармашылығына басты назар аударып, оқырманды тәрбиелейді. Бізде мен мұндай процес көрмедім. Яғни, поп жұлдыз бен көп ізденген жазушының кітап талдап отыруы қоғамға бейәдеп көрінетін секілді. Бізге қазіргі мақсат адамның танымалдылығы емес, оның халық алдындағы осындай батыл қайраткерлігі маңызды.

Сөзді соза бермей, мысалы келтіріп көрелік. Осыдан екі-үш ай бұрын Димаш Құдайберген тарихи тұлға Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» өлеңіне бейнеклип түсіріп, көпшілікке таратты. Сол кезде пікір екіге жарылды, ол әрине қалыпты құбылыс. Сондағы қарсы пікір айтқандардың ойы: «Осындай трагедияға толы тағдырлы әнді ойнақы етіп шығарғаны несі» секілді сөздер айтылды. Ал, сіз қисынға салып ойлап көріңіз, ол біздің, яғни қазақ қоғамының кінәсі. Өйткені Димаштың артында тыңдаушының  психологиясының тамырын басып отырған үлкен команда бар. Неге Димаш ұлы тұлғаның әнін драматургиялық музыка жанры операға салып бейімдеп жазбады. Айтпаса да түсінікті, оны тыңдайтын халық жоқ. Димаш өнерді адамзаттық эстетикаға жеткізем дегенмен, ішінде үні қазаққа жеткенін қалайды. Қазақ осы ән арқылы ең болмаса С.Сейфуллиннің кім екенін және «Тау ішінде» деген өлеңі бар екенін, қала берді қолданыстан шыққан  қазақтың «Сүмбіл шаш» деген әдемі сөзі бар екенін білді. Өкінішке қарай біздің деңгей осы.

-Біздің қазіргі қоғамды көріп отырсыз. Мемлекеттің үлкен тағдыр шешті мәселесінде көптеген интеллектуалдар үнсіз – бұл жүйенің кінәсі ме, әлде олардың өз таңдауы ма?

-Сұрағыңыз өте күрделіБіріншіден, мен жеке адамның таңдауына жауап бере алмаймын. Қоғам қозғалыссыз, үнсіз деп те айта алмаймын. Өмір бар жерде қозғалыс болады. Бірақ, ол қозғалыс, көрінбейтін Құдай секілді қозғалыс. Медицинада «тазадан ласқа қарай», «төменнен жоғары қарай»  деген ұғым бар. Ол әр медициналық ем, ота алдында теріні төменнен жоғары қарай залалсыздандырып, болғаннан кейін медициналық қалдықтарды ластан тазаға қарай сүртіп, залалсыздандырып, келесі науқасқа таза орын дайындайды. Өнер де солай, айтып кеткенімдей оспадарлыққа салмай, төменнен жоғары қарай, ластан тазаға қарай адамды үлкен, асқақ өнерге жетелеу керек. Мен көріп жүрген ортада осының кері бағыты жүріп жатыр. Сәулесі жарқырып, жанып тұрған адамға үстінен шуақ шашу  абсурд секілді. Бізге жарық түспеген, қараңғы, тас түнек жерге сәуле шашу керек. Егер  өнердің дағдырысынан құтқаратын төте жол болмаса, әрине уыздай жас бала оның орнын толтыратын басқа дүниелерді іздейді. Ал, ондай дүниелер біздің қоғамда жетіп артылады. Солардың бірі адамның ақымақтығын, ақкөздігін пайдаланатын ақыл сатушылар.

Қазіргі үкімет, зиялы қауым, халық бір-бірінің үстінен арыз жазып, араласпайтын көршілер секілді. Ұстазымыз түркітанушы Аманқос Мектеп-тегі ағайдың алғаш рет – қауіпсіздік комитетінің (КГБ) мұрағатынан Алаш идеясының басты құралы болған «Қазақ» газетінің қолжазбасын Мәскеуден жазып алып келген еді. Сол қолжазба «Таң – Шолпан» әдеби – көркем журналының 04 (149) шілде-тамыз, 2025 ж санында: «Ғасыр қылмысы» атты ғылыми мақала болып жарияланды. Мақалада 1973 жылдың аяғында Іле өзенінің бойынан Таңбалытасты арнайы көруге келген мектеп оқушылары шатқалды аралап жүріп, біреуі жер астынан шығып жатқан таңбалы бітік тас тауып алғаны жазылған. Біздің ежелгі мәдениетіміз, тарихымыздың дәйегі болған «Қыз Жібек» фильмінің сценарийіне енгізілуі керек еді. Бірақ сол кездегі қызыл саясат тас бітікті академияның қосымша ғимаратын тұрғызу үшін іргетасына қаланатын тасқа араласытырып уатып жоқ қылған. Осындай оқиғалар жазылып, жазылмай жатқаны бар қазақ қоғамында жетерлік. Мұның басты себебі – жоғарыда айтып өткенімдей бір біріне кәрін шашып жүрген көршілер негізгі түйін айтылмай, қоғамның басты мәселесі осылай кез келген ғимараттың астында уатылып көміліп жатыр.

-Коучтар мен желідегі жалған мотивация берушілердің белең алуы, ал нағыз ойлы тұлғалардың тасада қалуы – бұл ақпараттық дәуірдің трагедиясы ма, әлде қоғамның өзі интеллектуалды тұлғаларды қажет етпейтіндігінен бе?

-Өздерін «арзан психолог» деп мойындаған ақыл айтушы коучтар толып кетті, әрине, ойбай салу көп. Олар неге жерге төгілген су секілді жайылып, қоғамның санасына тез кеуіп жатыр. Өйткені, нағыз интеллектуал отыратын орын бос тұр. Сондықтан осындай бос қуысқа қауашағында дым жоқ адамдар сонадай қаптайды. Яғни, олардың ысырып шығатын Мартин Иденнің нағыз адамдары үнсіз. Ешкімнің еңбегін құнсыздандырғым келмейді, бірақ ұлттық арнаға сұхбат беріп, газетке мақала жариялау аздық ететін секілді. Өйткені көк жәшік пен газет тәрбие, тіпті ақпарат таратын құрал болудан қалды десе де болады. Екіншіден, қазіргі контент жасаушыларға үйде отырған қариялардан гөрі белсенді жастардың талабы, қалауы маңызды. 

Эрнст Гомбрихтің «Өнер тарихы» атты шумерлік дәуірден қазіргі заманғы кескіндеме, сәулет өнерінің қысқаша тарихын баяндайтын толымды еңбегі бар. Сол кітапта Қайта өрлеу дәуірінен кейін XVI ғасырдың аяғы Италиядағы кескіндеменің даму шегіне жеткенін бірауыздан мойындап, өнердің дағдарысқа түсіп «маньеризм» жанры яғни, тән мен рухтың, адам мен табиғаттың үйлесімділігі жоғалған белгісіздік кезеңін баяндайды. Кескіндеме өнерінде антикалық үздік шеберлерден асып, бейнелеу дәлдігі мен формалды тұтастықтың келісімді үйлесіміне қол жеткіздік деп өнерде жаңалық ашуды тоқтатқан. Осы дағдарыстан «Исаның айқышқа керілуі», «Мария ананың Исаның ұстап тұрған бейнесі», атақты байлардың, шенеуніктердің автопортретін тапсырыспен салу секілді дәстүрлі тақырыпты, Эль Греко, Караваджо, Рубенс, Симон де Влигер сынды суретшілер нәзік түс пен жарықты үйлесімді етіп, адамның, табиғат құбылыстарын шынайы кескіндей бастады. XVII ғасырда ғылымның бөлінуі мамандықтардың пайда болуына әкеліп, сурет өнерінде академиялар ашыла бастады. Өзіне дейінгі атақты суретшілердің босағасында қызмет жасай жүріп үйренетін ұзақ процестің орнын академиялар басты. Соның арқасында адамның мінез-құлқының ерекшелігін, жан азабын, суреттейтін кескіндеменің түрлі компазициясы, экспрессионизм, сюреаллизм жанры пайда болды. Сонымен қатар осы кітапта өнердің тарихынан бөлек, өнердің құралдары да бірге өзгеріп отырғанын байқайсыз. Мысалы, жазуға ыңғайлы етіп тасты теріше илейтін  шеберлер жоғалған кезде, Гомердің «Иллиада», «Одиссея» шығармасынан үзінді бейнелерді қыш ыдыстың сыртына, ғимараттың қасбетіне сурет салу дәстүрі қалыптасқан. Менің субьективті ойым қыш ыдысты жасау тасты илеуден әлдеқайда оңай және адамның күнделікті тұтынатын дүниесі үнемі көз алдында тұрады. Сондықтан бұл да бір өнердің халықтың тұрмысымен бірге біте қайнауы деп түсіндім

Белгілі дінтанушы Карен Армстронгтің «Иудаизм, христандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» кітабында Құдайды танудың жылдар бойы қалыптасқан тарихын жазып шығады. Әуелдегі адамның жалғыздығы мен бостығынан туындаған сенім, адамның ақиқатқа ұмтылу жолында шашырап кеткен хаосқа ұласады. Яхуди, христиан, ислам, Құдайы пұтқа айналған буддизм, адамиланған Құдай, мистиктер құдайы, үстемдік үшін ер құдайдың пайда болды. Бұлар адамның әуелгі жолынан ажырап тарихи оқиларға байланысты ұлы ақиқаттың өзгеруін автор рационалды пайымдайды. Құдай, адам, табиғат әуелден  ұқсап бірлікті құраса, қазір ол жер босап үмітсіздік күйге түскенін жазады. Өнер де сол сияқты заманға қарай адамды бостықтан алып шығу үшін рухани түлеу керек. Соны түсініп орыстың қазіргі жазушысы Евгений Жаринов Набоковты адал асқа теңеп, Пелевинді боққа теңеп мойындамаса да, осы дәуірдің құралын пайдалану арқылы ақылсыздарға (инфосығандар) өзіне тиесілі жерді бермей отыр. Басында баласы Николай Жаринов ашқан ютуб арна, қазір түрлі подкаст, телеграм, жабық курстар ашып, арнасы кеңейіп жатыр. Евгений Жаринов алпысты еңсеріп, жасы жетпіске жетсе де өнерге қызығатын топпен бірге Толстойдың, Пушкиннің, Достаевскийдың жүріп өткен жеріне экскурсия жасап, автордың шығармашылығына басқа есіктен кіріп, сұлу сөзбен тамжылтып түсіндіреді. Сәйкесінше сондай дүниелер жасағысы келетіндер көбейеді және көбейіп те жатыр. Евгений Жаринов аузынан шыққан әрбір лепесінен: «Пушкин ұлы, ұлылығы соншалық өзге тілге аударуға болмайтын көркем әдебиетке жатады», - деп үнемі заржақтанып айтып отырады. Ал қазақта өзге тілден бұрын , Қалихан Ысқақтың «Тұйық», Асқар Сулейменовтың «Бесатар», «Адасқақ» деген кітабын алдымен қазақ халқы түсінетін тілге аудару керек. Кинотанушы «шетел агенті» атанған Антон Долин өзін елінен  бөлек кетсе де, кеңістік пен уақытқа бағынбайтын еркін өмірді өз еліне үлгі етіп көрсетіп отыр. Мен сол кісінің подкасын тыңдап, кинодағы түс, жарық, табиғаттың дыбысы секілді дүниелерге мән беріп көре бастадым. Адам осылай өнердің эстетикасына жанама құралдар арқылы тереңдей береді. 

-Қазақ қоғамының мәдени эстетикасын көтеру үшін не жетіспейді? Көркем туындылар ма, әлде жаңа буын авторлар ма? Бізге жаңа әдеби қозғалыс керек пе, әлде ескіні жаңғырту  керек пе?

-Мен «Ана тілі» газетінен тәжірбиеден өтіп жүрген кезімде әдебиеттің постмодернизм бағытын зерттеп жүрген Гүлмира апай Сәулембектен сұхбат жазып алуға тапсырма алдым. Ол кісімен сұхбаттас болмас бұрын мен де әдебиет, философия жалпы асқақ дүние «Тыныш бөлмесінен шықпау керек» деп ойлап жүрдім. Жоғарыда айтып кеткен пікірдің көбісі сол кісінің парасат – пайымынан түйгенім десе де болады. Жалпы елімізде миымызды өзіміздің өнімімізбен толтыратын интеллектуалдар баршылық. Жақында драматург Әннес Бағдаттың «Шежірелі құлақ қүй» деген бағдарламасы шықты. Күйтанушы Раушан Нұртазаның қазақтың өнерінде ешқашан алдын – ала тапсырыс беріп жазатын өнердің түрі болмаған, яғни адамның өмірде сол уақытта кешкен күйінен шығатын эстетикалық күй ол тек қазақта ғана бар екені мені күй өнеріне үңілуіме түрткі болды. Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романында: «Қазаншының еркі бар – қайдан құлақ шығарса» дегені Махамбеттің хан баласына мені мақтап өлең шығар деген құзырына бағынбай айтатын жері, қазақтың Еуропа суретшілері секілді мақсатты өнері болмағаның бір дәлелі. «Өтікен» деген Таласбек Әсемқұловтың шығармашылық мұрасын насихаттайтын сайтында күйші Рустем Нұркеновтің «Таласбек Әсемқұловтың мелосферасы – көңіл түкпіріндегі күй» мақаласында: «Күй тыңдаушыға бірдей әсер ете бермейді. Кейбір тыңдаушы күйге «үңіліп», тереңдей алса, енді бірі селт етпеуі де мүмкін. Бұл күйдің кемшілігі емес, тыңдаушының ішкі есту сезімімен тікелей байланысты құбылыс. Күй тек сол дыбысты өз ішінде сақтап жүрген адамға ғана әсер етеді. Басқаша айтқанда, тыңдаушыда соған сай мелосфера болуы керек», - деп жазғанындай қазақтың өзіне тереңдеп үңіле берсе түрлі рухани дыбыс естиміз.

Юрий Боревтің «Эстетика» кітабының екінші басылымында әр халықтың өмір сүрген ортасы әрқилы болғанымен, адамзатқа ортақ материялдық әлем бір деген сыңаржақ пікір бар. Мүмкін сол кезеңнің саясатының оң жағына келетін ой болса керек. Бірақ, олай болу мүмкін емес. Неге күйші Құрманғазы азалы, қайғылы, шерлі күйді жеткізетін үн Еуропа, тіпті көршілес орыс елінде жоқ. Өйткені қазақтың ақиқат туралы түйсігі бөлек. Торе Янсонның «Тіл тарихы» деген кітабында ежелгі сақ, ғұн тайпасынан жеткен далада іздері сайрап жатқан біздің төл руна жазуымызды  ғалым түп тамырын герман, англо-саксон тайпасына тірейді. «Британиядағы руналар» деп аталатын тарауында біздің бітік тас туралы мүлде айтылмай, ғалымның жазудың философиясын тереңінен зерттемегені мәтіннің текстологиясынан байқалады. Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» атты философия тарихын түгендеген еңбегінде мұсылман философиясына кішкентай ғана тарау арнаған. Бірақ, Аристотельдің теориясына категориялар арқылы түсінік берген, ал Әбу Насыр әл- Фарабидің аты аталмайды. Тіпті ғалым мұсылман философтарын файласуф ретінде мойындамай, жәй ғана пікіршілер деген мағынаға келтіріп жазған. Міне, осындай үңіле берсек, ғылымда жұмсақ күш арқылы батыс мәдениеті шығыстың дүниетамын ескермей жазатын теориялар баршылық. Күйші - іздеген құмның астына көмілген, біздің түйсігімізден жоғалған үнді өзімізге қайта оралтса керек.

Осы сұхбатты жазбастан бұрын Пәкістан елінің әйелдер мен балалардың білім алу құқығын қорғап жүрген Нобель сыйлығының ең жас иегері Малала Юсуфзайдың «The tonight Show Starring Jimmy Fallon» кешкі софт стилдегі шоудағы сұхбатын көрдім. Сұхбатқа жаңадан басып шығарған кітабын ала келген. Жақсы, әдептен озбаған, әдемі сұхбат болды. Кешке келіп отырған тұлғаны түсініп отырған тілші Джимм Фэллон да әзілді жарастырып, сұрақ қойып отырды. Сол секілді ел білетін адамдар подкаст, шоуларға ақын-жазушыларды қонаққа шақырып, жаңадан шыққан кітабын таныстырып отырса, ең болмағанда жастар өзінің өмір сүріп отырған қоғамында осындай жазушының бар екенін біліп, қала берді сол жерден автордың қолтаңбасы бар кітабын сатып алар еді. Америка астрофизигі Карл Саган 1980 жылы жарық көрген «Космос» атты кітабын халыққа таныстырмас бұрын, ең бірінші деректі фильм түсіреді. Яғни, кітап оқымайтын қоғамды алдымен түрлі космостық бейнелер арқылы ынтықтырып, дайындап алады. Деректі фильмді көрсеңіз, тұнып тұрған поэзия, өте әсерлі көріп отырып кітапты еріксіз оқығың келеді. Мүмкін Әлия Әшім секілді аудиториясы көп адаммен бірігіп, осындай түрлі жоба жасауға болар еді. Өнерде кеңістік, уақыт, шеңбер маңызды емес, сол секілді өнерді насихаттау да осы дүниелерді алдыңғы планнан алып тастайтын уақыт келген секілді.

Негізі өнердің историографиясын әртүрлі жолмен талдайтын болсақ, өнерді жасау бір бөлек, көпшілікке жеткізу екінші бөлек тағдырлы тарихы бар. Мысалы кеңес үкіметі кезінде социалистік реализм бағыты белең алды. Тұрған өлкесіне, табиғатына байланысты қалыптасатын әртүрлі ұлт бір идеологияға біріктіретін жанр Мұхтар Мағауиннің «Алдаспан» кітабын баспадан екі рет турап тастайды. Сол кезде Әнуар Әлімжановтың 1981 жылы Қазақстанның өз еркімен қосылуға келісімге қол қойғанына 250 жыл толуы қарсаңында арнап «Жаушы» деген романын шығарды. Романның сюжетінен бұрын, «Қолына жұққан қаннан қалай құтыларын және білмейді, өлген жауының қоңсыған тер иісіне дейін сезіп тұр», - деген текстологиясына мән берсек автордың не мақсатпен, қалай ашынып жазғанын байқауға болады. Сол секілді жоғарыда айтып кеткенім осы меңзелдес жаудың қанынан құтылу әдісі.

-Бізді жастардың ой талғамы, ұстанымы қызықтырады. Әлдеқашан университет бітіріп кеткен біздер үшін жастар кейде саяз ойлы, жылтырақ қуғыш секілді көрінеді. Ал, жастар заман жайлы, қоғам жайлы, болашақ туралы пайымы қалай?

-Шынымды айтсам менің биологиялық жасым мен шығармашылық жасым бір біріне сәйкес келмейді, сондықтан қазіргі жаспен бірге бір аудиторияда отырсам да олардың психологиясын толық түсіне алмауым мүмкін. Өйткені менің көрген балалық кезім мен жас кезім басқа және ол келмеске кетті. Менің түпсанамда сақтаулы. Оқуға алғаш түскен жылдары мен де сіз тақылеттес оларды түсінбей, ойлары саяз, шүйкебас тоғышарлар деп ойладым. Мен өзімнен отыз-қырық жас үлкен қартамыс адамдармен дидарласқанда бір бірімізді түсіне беретінбіз. Ал өзімнен бір мүшел кіші жастармен арамызда үлкен шыңырау жатқандай сезілетін. Уақыт өте келе алған білімім мен көргенімді біріктіріп түсінуге тырыстым. Олар әлі тым жас, өмірдің түрлі қатпарынан өтіп буындары енді қатайып келе жатыр. Бойкүйез деп айтуға болмайды, қоғамдағы белең алған оқиғаларды іштей сезіп, әркім әрқалай түйсінеді.  Кейде сыртынан бақылап отырып телефонға телміріп алтын уақытын бағаламайтын секілді көрінеді. Бір күні ол телефоннан да зерігіп, қозғалатын уақыт келеді.

И.В. Гетенің «Түс туралы» атты ғылыми еңбегі бар. Сонда біз көріп жүрген қызыл, жасыл, сары түстер шынымен біз көрген түс болмауы мүмкін деп тоқталады. Өйткені түс күннің қай жақтан түсіп тұрған сәулесіне, қасындағы өзге түсті заттардың болуы оның шынайы түсін өзгертеді деп пайымдаған. Бақсам, қазір жаз мезгілі адам үшін де, жануарлар үшін де тіпті тұтас табиғаттың өзіне ең бір жайдарлы мезгілі секілді. Бірақ сол жаздың өзі Алматы қаласында сұлулығы өңсіз, сұр, кеспірсіздей көрінеді. Ал Орал қаласында жазды қоя тұрып, күз мезгілінің өзі өте қияпатты көркем, нағыз суретшінің өмір сүретін отаны. Өйткені астрофизиктермен сұхбаттасқанда Алматы қаласының ауасынан күн сәулесінің өзі қатты ластанып көрінеді. Оны мен салыстырмалы түрде астрономиялық телескоппен фильтр арқылы көргенде көз жеткіздім. Қазіргі жас ертең ересек адам болып әр саланың, қоғамның табиғатына қарай өзгеріп тұратын шынайы түсін көзімен көріп, ажырата білетін жасқа келеді. Тек соған дейін оның қатты арқасынан да қақпай, кеудесінен итермей белін буып өзімізге тарта беруіміз керек.

-Тұщымды әңгімеңізге көп-көп рахмет.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan