Ақын Абай совет халықтарының өткендегі әдебиет данышпандарының бірі.Оның есімі кешегі Пушкин, Лермонтов, Щевченко, Руставели, Низами, Новаи сияқты ұлы ақындардың есімімен қатар түседі,оның шығармаларының әлеуметттік,көркемдік қуатының маңызы зор.
Абай біздің халқымыздың мақтанышы,оның бізге қалдырған мұрасы социалистік мәдениеттің игілігі. Оның көркем шығармалары әрі әсерлі, әрі терең мазмұнды, пікір сергіту азығы, әрі тәрбиесі - осы қасиеттері арқылы да біздің заманымызға Абай шығармалары қызмет етеді. Оның ақындық құсы мәңгі ұмытылмайды.
Пушкин туралы Белинский былай деді: «Пушкин мәңгі жасай береді, ол ілгері қарай өрлей береді, ол қзі опат болып қалған орнында тұрып қалмайды, ол әрбір қоғамның санасында өсіп өрлей береді». Абайға да осыны айтуға болады. Абай біздің санамыздан орын алып, бізбен бірге жасасып отыр.
Қазақ халқы Абайдың атын ардақтап, оның туғанына 95 жыл толғанын мерекелеп отыр, қазақ үкіметінің арнаулы қаулысы бойынша 1945 жылы оның 100 жылдығын өткізеді.
***
Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы 1845 жылдың 10 авгусында (жылан жылы) туды. Абайдың туған жері Семей облысының Шыңғыстау ауданы. Абайдың руы тобықты. Әкесі Құнанбай сол тобықтының рубасы, шонжары, шешені болған. Құнанбай шешендікпен бірге әкімшілікке ие болып, жұртқа өкіммен атағын шығарған, ол аға-сұлтандардың атағына ие болады. Ол ескі рухшылдық, феодалдық дәстүрді мақтап сақтаушы,ислам шариғатын сыртқа уағыздаушы ескішіл адам болды. Қазақ арасынан ең алғаш Меккеге барып, қажылық құрған - осы Құнанбай.
Абай өзінің балалық шағын осындай қатыгез әкенің қолында, сол билеген сүреңсіз ауылда өткізді. Әке тарапынан мейірімділік көрмеген Абай,шеше тарапынан мейірімділік тапты. Абайдың балалық ермегіне жол беріп өсірген сияқты анасы Ұлжан бәйбіше және әжесі Зере болды. Ұлжан бәйбіше атақты жерден шыққан. Оның арғы атасы Қаз дауысты Қазыбек шешендік пен орта жүзді аузына қаратқан, өз туысы Қонтай, Тонтай дегендер қара кесектің белгілі ділмәрі. Осы Қонтайдың жұрт аузында мынадай жыл сөзі аңыз болып қалған: Қонтай көп ауырыпты. Қожа-молдалар оның «көнілін» сұрап күнде келе беретін болған соң Қонтай: «жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесе болмас» депті. Ұлжан бәйбіше ақылды,парасатты болған Абай мейірімді анасының бауырында өсті, оның үстіне көпті көрген көне әжесі Зере қазақтың әңгіме-ертегілерін айтып, Абайдың ой-қиялын тербететін болады.
Абай жас күнінде (12-ге шейін) ауылда оқыды. Хат танып, кітап оқуды үйренді, өзінің зеректігі арқасында,аз оқыса да көп тоқыды. Баласы Абайдың ынта-талабын сезген Құнанбай, баласынан өзіне пайда келетінін үміт күтіп,оқуға береді. Абай 12 жасынан бастап, Семейдегі Ахмед-риза молданың медресесінде оқыды. Медреседе оқып жүріп, Абай 3 айдай орыс мектебінен өзі тіленіп сабақ тыңдайды.
Екі жылдан кейін,14 жасқа жеткен соң, әкесі Құнанбай Абайды ауылға қайтып әкетеді, сол кеткеннен Абай қайтып мектеп бетін көрмейді. Ауылға келгесін Құнанбай жас Абайды өз ісіне қолғанат етпек болады, әкесінің қатал мінезіне, әділетсіз қылықтарына наразы болған Абай, әкесіне жәрдемші болудан бас тарқысы келсе де, ел ісінің қиянкескі тартысы оны бұл іске еріксіз тартады, әділетсіздік пен мағынасыз тартыстармен, надандықпен күресу үшін Абай жастай-ақ әлеумет ісіне араласып кетеді, болашақ ұлы ақынды тағдыр әуелі осындай шырмауыққа тап қылады. Бірақ Абай ел тартысына араласқанымен, әкесі Құнанбай ұқсап, қара-дөкір кеудемен, өкім күшке сүйенбейді. Абай өзінің рухани қасиетімен, дарындылығымен жұрт көзіне түседі. Медреседен алған білімін өрістетіп, кітап оқитын болады. Ол араб, парсы, түрік тілдерін жақсы білетін болады, сол тілдер арқылы мұсылман шығысының тарихымен, мәдениет – әдебиетімен танысады. Өзінің табиғи дарындылығы арқасында Абай шығыс мәдениетін білгіш адам болады. Ол бүкіл әлемге аттары шыққан Фирдауси, Сағди, Физули, Новаи, Низами сияқты данышпан ақындардың шығармаларын оқып, көңіліне тоқитын болады, Шығыс ғалымдары – Абұлғазы, Ұлықбек, Әбуғалисиналардың өмірімен танысады. Олардың шығармаларындағы әділеттілік, адамгершілік пікірлер жас Абайдың ой-қиялының өзгеше қалыптана бастауына көп әсер етті.
Алайда Абай ол кезде ақындық жолын қуа алмады, ел ісінің шырмалып жатқан істері, дау-шары ақындықтан гөрі – шешендік, билік құруға бұрып әкетті. Абайдың бала кезінде шығарған өлеңдері өте аз, бірлі-жарым эпиграмма мен қызға жазған сәлемдемелері ғана болмаса, бала кезде шығарған өлеңдері көп сақталмаған.
Абайдың 20 жасынан бастап даңқы шыға бастады, оның аты бүкіл қазақ сахарасына жайыла берді, оның атағы әкесі Құнанбайдан аса берді. Сол кездегі ел билегендері мен ел қайраткерлерінің ішінде Абайдың тұлғасы ерекше болып көзге түседі.
Абайдың атағы шығып, ұлылық мәртебесі өсіп, ел ішінде қадірі асса да, ел ісінің жуандары, атқа мінер қулары, болыс-билері, қоса-молдалары, қысқасы, бүкіл кертартпа қауым болып, Абайдың соңына түседі. Абайдың әділетсіздігі турашылдығы, ескі әдет-ғұрыпқа қарсы келетіндігі – ескішілдерге, феодалдық-ақсақалдық ғұрыпты дәріптеушілерге ұнамайды. Абайдың олармен арасы ашыла бастайды. Алдымен Абай өз әкесі Құнанбаймен қиғаш түсіп отырады. Әкесі Құнанбай Абайды «сен құл-құтанға үйірсің, сен орысшылсың» деп сөгетін болған.
Әділдікті, турашылдықты көздеп, әлеумет ісіне араласқан Абай кертартпалыққа қарсы тартысқа түседі, сол кездегі қиын съездерде аты шулы болыстармен Абайдың қарсыласып қалатын кездері көп болған. Айтыс-тартысқа келгенде, Абай оларды ылғи жеңіп шығады. Пейілі бұзық алаяқтар бір ретте Абайды өлтірмек болып, жиылып келіп Абайды сойылға жығады, бұлар 1870 жылдары Абайды қаралап, сот алдына жауапқа тартқызады. Абай өзінің ақиқатшы өткір тілі арқылы атқа мінерлерді масқаралап, айыптан ақталып шығады. Абайға өштескен ел ішінің атқа мінер жуандары Абай үстінен өсек айтады, жала жабуды тоқтатпайды. 1885 жылы Қарамола деген жерде съезге жандарал келеді. Жандарал Абайды шақыртып алып, тергеуге алғанда, Абай оның сұрауына әділ жауап беріп, сөзден ұтады.
Жас кезінде аздап оқыған орысшасын жетілдіріп, өз бетінше орысша кітаптар оқитын болады. Мәдениет зауқын құрып, аулына әнші-күйші ертегіші – жыршыларды жинайды. Қазақ әдебиетін, қазақ тарихын жадына көбірек тоқып, шығыс әдебиетін, орыс әдебиетін жарастыра түседі.
Абай Семей қаласында Ресейден жер ауып келген Горсс, Михаэлис, Долгополовтармен танысады. Бұлар - Ресейдегі әлеуметтік қозғалысқа (60-жылдары) белсене қатысқан адамдар. Бұлардың ішінде орыстың атақты бұқарашыл революционер жазушысы Чернышевскиймен пейілдес болып, соның шәкірті болғандары да бар. Әсіресе Михаэлис үлкен ақыл иесі ғалым, заманындағы алдыңғы қатарлы ашық пікірлі адам болған.
Михаэлис аса үлкен личность еді, ол ғылымға берілген жалынды және зор ақыл иесі адам еді... Ол орыс қоғамының белгілі бір бөлігінің ой-пікірі мен ақыл-парасатының өсуіне көрнекті түрде себепкер болды («Императорлық география қоғамының Батыс Сібір бөліміне қарайтын Семей бөлімшесінің жазбалары» деген кітаптың VIII шығармасы, 1914 ж. Семей).
Михаэлис сияқты адамдермен дос болуы Абайдың ой-пікіріне жаңа жол ашты. Михаэлис Абайдың ұстазы сияқты болды. Қазақ арасынан шыққан Абайдың үлкен ақыл иесі және тамаша ақын екендігін сезген Михаэлис, шын жүрегімен оған достық ақылдар айтады. Ресейдегі жаңашыл пікірлерді насихаттады. Абай орыс әдебиетін, Батыс әдебиетін оқуға кіріседі. Абай Пушкинді, Тургеневты, Лермонтовты, Некрасовты, Белинскийді, Добролюбовты, Крыловты, Толстойды, Писаревты, Салтыков-Щедринді, Достоевскийді, сол сияқты орыстың басқа жазушыларының да шығармаларымен танысады. Орыс халқының сол кездегі алдыңғы қатарлы ой-пікірлерімен таныстырғандығына риза болып, Абай Михаэлиске өле-өлгенше алғыс айтып кетті. «Дүниеге көзімді ашуға үлкен себепкер болған кісі - Михаэлис», - деп айтты Абай кейін Михаэлис туралы. Абай жер жүзі әдебиетімен таныса бастады. Сократ, Платон, Аристотелдермен танысты. Спенсердің «Тәжірибелерін», Лиюстің «Позитив философиясын», Дрепердің «Еуропаның ақыл-ой жағынан өсуі», Чернышевский шығарған «Современник» журналындағы мақаларды Семей кітапханасынан оқып шығады. Абай Семей кітапханасының тұрақты оқушысы болып кетеді. Сібірге жер ауып келіп, Семейге жиналған орыс оқымыстыларының талабы бойынша, Семей кітапханасы кітапқа бай орынның бірі болады.
Бұл жөнде Семейге келіп, біраз уақыт тұрақтаған Американың саяхатшы журналисі Джорж Кеннен бұл кітапханада жер жүзіне аты әйгілі философтар мен ақын-жазушылардың шығармаларының көптігін айтып қайран қалады. Сол Джорж Кеннен Семей кітапханасының жақсылығын айта келіп, сол кітапханадан кітапты оқи беретін Абайға ғажаптанып былай дейді:
«- Ол кітапханадан қазақ екеш қазақ та пайдаланады. Мен қазақтың бір
қариясы Ибрагим Құнанбаев дегенді білемін. Ол кітапханаға барып қана қоймайды, ол Милль Бокл және Дрепер сияқты авторларға дейін оқып отырады.
- Сонымен Семейде Милль, Дреперлерді де оқып, түсінуге әлі келетін
қазақтың болғаны ма? - деді маған таңданған студент.
- Сіз сенерсіз деймін, ол жолығысымен-ақ, маған индукция мен дедукцияның айырмасы не деп сұрақ қойды, мен оған қайран қалдым. Оның ағылшын философтарын байыптап оқып, біліп жүргеніне және аты аталған авторларың бәрін оқығандығына кейін көзім жетті. Дрепердің «Еуропаның ақыл-ой жағынан өсуі» жөнінде мен оны екі кеш сынадым, оны түсінгендігіне көзім жетті («Сібір және айдалу», орыс тіліне аударылып 1906ж. Петербургте басылған, I том, 140-бет).
Сөйтіп, Абай сол замандағы қазақ арасынан асып шыққан аса білімді, ақылгөй адам болды. Білім, ақыл-ой, парасат жағынан және ақындық жағынан Абайға пар келетін ол заманда, одан соң да ондай ақын қазақ даласында болған емес. Қазақ түгіл, сол кездегі көршілес шығыс елдерінде де Абай сияқты зор білімді ақылгөй, ескішілдікке қарсы шыққан әлеуметшіл қайраткер кемде-кем.
40 жасынан былай қарай Абай өлең жазуды көбейте бастайды. Әлеумет тартысына өлең, әдебиет арқылы қатысуды әбден мойындап кіріседі. Сөйтіп, жүрек сырын өлеңмен шертеді. 40 жасына дейінгі азды-көпті өлеңдері біреу арқылы айтылып келеді, Көкбай атынан сол кездегі Омбыда шығатын «Дала Уәлаяты» газетінде де басылып жүреді. 40 жасынан бастап Абай өлеңді өз атымен шығарады. 40 жасқа келгенде жазған «Жаз» деген өлеңінен былай қарай қазақ даласы бұрынғы шешен, ділмар, ақылгөй Абаймен жарыса шыққан ақын Абайдың дауысын естиді.
Абай қалған өмірінің 20 жылын ақындық, жазушылық іске және өз бетімен білім алу ісіне жұмсайды. Өз жанынан шығарған өлеңдерінің үстіне орыс әдебиетінің атақты классиктерін қазақшаға аударады. Пушкин, Лермрнтов шығармаларын ең алғаш қазақ халқына таратады Абай. Абайдың шеберлігімен сұлу боп аударылған Пушкиннің «Онегин, Татьяна хаттары», Лермонтовтың «Ой», «Желкем», «Теректің сыйы», тағы басқа шығармалары қазақ халқының өз тума өлеңі ұқсап, ауыздан-ауызға тарап кетеді.
Абай өзінің сол шығармаларында ел жеріндегі жауыздықты, оны тудырушы болыс-старшын, атқамінер қуларды көбірек сынады. Патша өкіметінің әкімдеріне наразылықты күшейте берді. Сол себептен де Абайға деген шабуылды, өсек-жаланы атқамінер әкімдер көбейте берді. Семей жандаралына «Абай ақ патшаға қарсы үгіт айтты» деген арыздар да жауып жатады. Семейдің генерал-губернаторы, полицейлері патша өкіметіне қауіпті адам деп Абайды айрықша бақылауға алады. Саяси іспен айдалып келгендерді үйіне паналаттың, олармен дос болдың деп Абайдың үйіне тінту жасағандары да болған. «Дала Уәлаяты» газетінде «Абай ата жолын қумады, бұзылды» деп мақала басылды.
Осындай пәлелі қауымнан түңіле бастаған Абайға ауыр қазалар тап болып, жаралы жанын онан сайын улата түседі. 1895 жылы білімді және аса талапты баласы Әбдірахман қайтыс болады. Әбдірахман Тюмендегі реальный училищені бітіріп, Петербургтегі Михайлевский артиллерия мектебінде оқып жүргенде қайтыс болады. Өз халқыы үшін, келешек үшін үлкен қызмет істейді деп зор үміт күткен баласының өлімі Абайды қалайда жасытады. Осы қайғыда жүргенде, 1904 жылы Абайдың сүйікті перзенті Мағауия қайтыс болады. Мағауия өлгеннен кейін, 40 күндей еш пендемен тілдеспей, өзімен өзі болып, барлық қайғысын жеке жинайды. Ұлы ақын 23 июньде дүниеден сапар шегеді. Машхур Жүсіп Көпеевтің қолжазбасында Абайдың өлімі туралы мынандай ескерткіш бар: «Ибрагим Құнанбайұлы Мағауия деген баласы өлгеннен кейін, 40 күн қайғырып отырады, Мағауияның қырқын бергеннен кейін, мына сөзді айтып, жан тәсілім қылады:
Жүзге келген қариядай,
Халықтың қамын ойлаған.
Сәулем еді көзіме,
Жанған оттай жайнаған.
Дүние қалай тар едің,
Мағашымды қоймаған ...
Қапылдықта жүруші ем,
Ұсындым хаққа мойнымды.
Атам-анам, қара жер,
Аша бер, кірем, қойныңды.
Күнәһайым көп, қорқамын,
Жарылқа жалғыз орнымды, -
деп өтіп кеткен».
***
Абай өз заманын аума-төкпе заман деп атады. Абай заманында қазақ халқының жай–күйі өзгеше қалыпқа түсе бастайды. Бұл кезде патша өкіметі қазақ елін өзіне бағындырып алған еді. Ресейдің отаршылық әрекетіне қарсы жасалған ұлттық-азаттық көтерілістер қырғын жосынға ұшырап басыла қалған еді. Қазақ елін орыс отыршылдары жайлап алып, Ресей тілегіне сай келетін өзгеше тәртіптер жүрзгізе бастайды. Қазақ даласындағы бұрынғы феодалдық-ақсақалдық тәртіптерді Ресей үкіметі өз тілегіне сәйкес қайта құрып, оған жаңа өң, жаңа жол береді. Феодалдық-ақсақалдық дәстүрлерді де ауылдағы бұрынғы қожалық-билік тәртіпті түр жағынан ғана өзгертіп, бұрынғы үстемдік қалыпты күшейте түседі. Қазақ даласының тағдыры даладағы патша чиновниктері мен ауылдағы болыс старшындарының қолына көшеді.
Осындай аума-төкпе заманға кез болған Абай шығармаларында жоғарғы айтылған жайлардың шындығы айқын көрінеді. Бұл әлеуметтік жағдайлар Абай шығармаларындағы әлеуметтік мотивтерді туғызды. Қазақ ауылындағы қым-қиғаш шиеленіскен мәселелерге байланысты Абай шығармаларында қателіктер де жоқ емес, бірақ оған қарап Абайға екі ұшты баға беруге болмайды. Өз шығармасында әрі ескіні сынау сарыны, әрі кейбір «жаңалық» деген жайларға қарсы сын тағу сарындары дүниедегі ұлы жазушылардың көбінің басында бар. Советтік әдебиет зерттеу ғылымы мұндай жазушыларға кейінгі кезде марксистік баға бере бастады. Мысалы, ағылшынның ұлы жазушысы Шекспирді алайық: көп уақытқа дейін бір топ сыншылар: «Шекспир буржуазияшы жазушы, өйкені ол өзінің көп шығармаларында феодалдық қарым-қатынасқа қарсы шығады», - деді. Ал екінші біреулері: «Шекспир ескіні аңсаушы, феодалдық жазушы, өйткені ол бірсыпыра шығармаларында буржуазиялық жаңа тәртіптерді қатты сынады, жаңа ағымнан шошынады, - дейді. Шынында Шекспир шығармасында осы айтылған екі сарынның екеуі де бар. Бірақ Шекспир не байшыл, не феодалшыл жазушы болып шыққан жоқ. Совет әдебиет ғылымының зерттеу нәтижесі бойынша, Шекспир - сол екі тәртіптің екеуіне де қарсы шыққан кісі. Мұндай жайды Байронның да, Пушиннің де, Лермонтовтың да шығармасынан кездестіруге болады. Тап осы жай Абай шығармаларында да бар. Абай шығармасындағы түрлі астарлы сарындарды түсіну үшін сол кездегі тарихи шындықты, халық өмірін жақсы білу керек. Ал Абай шығармалары сол кездегі дәуірмен, қазақ халқының басындағы ауыртпалық күйлермен тығыз байланысты. Қазақ халқының феодалдық ескі салт-санадан, кертартпа шырмаудан құтқару мәселесі, қазақ халқының мәдениетін өркендету, отаршылдық-чиновниктік қысымнан құтқару, әділеттік-теңдік мәселесі қазақ халқының келешек тағдыры үшін сол кездегі тарихи маңызы зор мәселелер еді. Осындай тарихи шешуші мәселелердің бәрі де Абай шығармаларында кеңінен қамтылып, әбден айқын көрсетілген.
Абайдың әлеуметтік ой-пікірі осындай тарихи жағдайларға бірден байланыса шықса, екінші жақтан Ресейдің сол тұстағы әлеуметтік ой-пікірі қозғалысының да көп әсері болды. Әсіресе өзі ұстаз тұтқан Пушкиннің гуманистік пікірлері мен Лермонтовтың тұсындағы заманға деген қарсылық, наразылық және торығушылық сарындары, Салтыков-Щедриннің, Толстойдың өкіметті, әкімшілікті, дін-шіркеуді сынау, мінеу сарындары көп ықпалын тигізді.
Абай шығармаларында алдымен қазақ ауылындағы ескі әдет-ғұрыптың, феодалдық салт-сананың сыны айтылады, ақын осыған қарсы пікір айтады. Бұл жөнінде прогресті, жаңалықты, мәдениетті жақтап айтқан өлеңдерінен басқа да сол ескі әдет-ғұрыпты, феодалдық-рухшылдық әрекеттерді мінеп жазған шығармалары көп. Қазақ ауылындағы ру тартысы, ақсақалдық-феодалдық беделдің ықпалы, барымташылдық, ұрылық, қулық-сұмдық, әйел теңсіздігі ислам дінінің шырмауы, қараңғылық, надандық, мінез-құлықтағы ескілікті дәстүрлер феодалдық ауылда әбден орын тепкен жайлар еді. Абай осы айтылғандардың бәріне де қарсы шығып, сынға салды. Ескі тәртіпті қолдаушы қара күштің қолы, дөкір ақсақал билерге қарсы шығып, елді солардың ықпалынан сақтауға шақырды. «Сақалын сатқан қариядан ақылын сатқан бала артық» деп, рубасы ақсақал, билердің ежелден келе жатқан бет-пердесіне, беделдеріне тиісті. Сөйтіп, билердің кертартпа әрекеттерінен сақтану үшін жұртқа ой тастап, өмір мәселелерін аталық жолмен, сақалмен шешпей, ақыл-оймен, әділеттікпен шешуді жұртқа уағыз қылып айтты.
Бұрынғы феодал-рубасылармен Абай бетпе-бет күреске дейін барды, талай қиян-кескі айтыстарды ақиқатшылдық, турашылдықпен жеңіп шығып жүрді. Абай көкше руынан шыққан, Қаратай бимен айтысқанда бұрынғы заманды оның әдет-ғұрпын өлтіре сынап, феодалдық салттың кертартпалығын әшкереледі. Қазақ ауылын қараңғылық қысымында ұстауға және артта қалуына көп себепкер болған ислам діні еді, бұл дін қазақ ауылының феодалдық-ақсақалдық әдет-ғұрыптарымен қаттасып келіп, қазақ халқына рухани қысым жасады. Абай өзінің бірсыпыра шығармаларында жылы сөздер арқылы молдаларды ажуалап мінейді. Өмір ісінен, өнерден, ғылымнан ада болып, құр дінкәрлікке, шариғатқа көзсіз бой ұра берушіліктен сақтандырды.
«Молдалар тұрсын, әсіресе бұл заманның ишандарынан сақ болыңдар. Бұлардан залалдан басқа еш нәрсе шықпайды», - дейді Абай.
Феодалдық-рушылдық салттың бір әдеті барымта, ұрлық еді. Абай өз шығармаларының көп жерінде осы барымташылдыққа, ұрлыққа қарсы шықты. Абай ұрлық, барымташылық жалпы арам іс екенін қаралап өтіп, сол ұрлық, барымташылдықтың байдан шығатынын да ашып айтады. Шынында да ұрлықты, барымтаны жасаушы көбінесе атқамінер қулар мен азғын байлардың өздері болушы еді.
Қазақ ауылының сол кездегі әкімдік, қожалық түрлері - ескі феодалдық-ақсақалдық дәстүрі мен Ресей үкіметі енгізген чиновниктік-бюрократиялық системаның қосындысы. Осы қос қыртысты әкімдік, билік тәртібі ел ісіне қиян-кескі қайшылықты, сұмдық әрекеттерді туғызды, бұрынғы рушылдық тартыстың қазанын қыздыра түсті. Байлар, атқа мінерлер, патша үкіметінің чиновник правителдері қалың бұқараны сүліктей сорды, ел басына күйзеліс туғызды. Абай өзінің көп өлеңдерінде өткір сөз, ащы тілі арқылы осы болыс, билердің, атқамінерлердің мінез-қылықтарын өлтіре сынады. «Болыс болдым мінекей», «Мәз болады болысың» сияқты өлеңдерінде мансап үшін, елді жеу үшін далақтап шауып жүрген болыстар мен алаяқ атқамінерлерді масқаралайды.
Орыс съез шақырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер,
Өз жүрегін жалғайды.
Қазақ халқын сүліктей сорған «қу старшын, аш билерді» осылай әшкерелейді Абай. Бұлар патша үкіметінің қазақ елін талау үшін, бүлдіру үшін қойған жалдаптары еді.
Абай осы мәселеге байланысты Ресей үкіметінің отаршылдық әрекеттеріне де тиісе кетеді. Өз халқының ұлттық-азаттық мәселесі, Ресей патшалығының қысымынан құтылу мәселесі ұлы ақынның есінен шыққан емес. Ал Абайдың шығармаларында Ресей патшаларының отаршылдық әрекеттеріне наразылық білдірген пікірлерін де кездестіреміз. Ресей үкіметінің ұлықтарына жағымсақтанып, қазақ халқын талауға салған болыс, әкімдерді сынайды.
Мәз болады болысың Өзі ұлыққа,
Арқаға ұлық қаққанға Қадірі жоққа,
Жылтыратып орысын Қарамай өз халқына.
Шенді шекпен жапқанға Сөзді қайырмай,
немесе: Жөнді айырмай
... Ұрысса орыс, Жұртқа шабар талпынба.
Елге болыс,
Үйден үрген итке ұқсап...
Қазақ елін талауға, бүліншілікке салған, ел басына селебе түсірген Ресей патшалығының сұмдық әрекеттерін де ескертіп кетеді. Бір өлеңінде «қазақты жеген қайратты» ел деп Ресей патшалығын аңғартып қояды, екінші бір өлеңінде былай дейді:
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма,
Қорға, татулас!
Өтірік, ұрлық,
Үкімет, зорлық
Құрсын, көзің ашылмас!
Ұятың, арың оянсын
Бұл сезімді ойлансын.
(Сегіз аяқ, 1889 жыл)
Бір жағы патша үкіметі болып, бір жағы ел ішінің атқа мінер-болыс билері болып халық басына туғызған ауырпалықты, ащы зардапты Абай:
Бай алады кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жеріңді тек берем деп.
Би мен болыс алады күшін сатып,
Мен қазақтан кегінді ап берем деп.
Жан-жақтан талау, шырмауға түскен қазақ халқының күйі ол кезде осындай еді, данышпан Абай өзінің ақиқатшыл шығармаларында соларды айқын көрсетіп, соларға сын айтып, дабыл қақты.
Өмір шындығына деген ақиқатшылдық көзқарасты, өз халқына деген қамқорлық ой-пікірді Абай ауылдағы әлеуметтік теңсіздік мәселеріне де бөлді. Көп шығармаларында өз халқының жалпы теңсіздігін айта келіп, «Күз» деген өлеңінде Абай ауылдағы кедейдің теңсіздігін, кедей бұқарасының күйін суреттейді. Оған адамгершілік аяныш сезім білдіреді. Сонымен бірге кедейге зәбір көрсеткен залым байдың пейілін де сынға сала кетеді. Абайдың бұл өлеңі тарихи әлеуметтік маңызы жағынан Пушкиннің «Деревня» деген өлеңін аңғартқандай.
Қазақ ауылындағы теңсіздіктің бірі әйел теңсіздігі еді. Феодалдық әдет-ғұрыптан шыққан қалың мал, сүйгеніне бара алмаушылық, кәрілердің жас қызды малға сатып алып, күш көрсетуі Ресей үстемдігі кезінде де баяғы қалыпта болды. Абай қазақ ауылының осы ескі ата дәстүріне де қарсы шықты. «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде кәрі ханды сүймей, суға құлап өлген қызды жыр қыла келіп, әйел жөніндегі салт-санаға нәлет айтады. Жас әйелдің сүйгеніне баруын, өз басының теңдігің сақтауын арман етеді.
Сән салтанат жұбантпас жас жүректі,
Кімде болса тұрғысын көксемекті.
Мезгілі өткен дәуіріңді қуалаған
Неғылсын бір қартайған қу сүйекті.
Кәрі-жас дәурен өзге, татау емес
Епке көнер ет жүрек сату емес,
Кімде кім үлкен болса екі мүшел,
Мал беріп алған менен қатын емес.
Бай қартайса малына берер шылбыр,
Мал өмірді жаңғыртпас Құдай ұрғыр.
Біреудің қызын алып малға сатып
Баяғыны іздеген қандай құрғұр.
Әйел басының азаттығын айту кертартпа заманында аса қиын мәселе еді. Ұлы ақынның бұл өлеңі ауылдағы ескі әдет-ғұрып мәселелеріне көп жерлерде ереуілшіл пікірлерге де барып қалғандығын көрсетеді.
Абайдың негізгі көздеген мақсаты қазақ халқын қараңғылық, жауыздық дүниенің қысымынан құтқарып, мәдениетті елдердің қатарына қосу, қазақ халқының мәдениет арқылы өсіп өркендеуі, әділеттік, адамгершілік салт-санаға ие болуы еді. Абай осы мақсатты өмір бойы арман етіп өтті. Ресей үкіметінің отаршылдық қысымынан құтылуын көздеп, «қорған, бірлес» деп ереуілшіл жар салып бір шықса, өз тұсындағы қауымның пейілін түзеймін деп, өз халқын мәдениетпен өркендетем деп, үгіт-насихат айтып тағы шығады. Алдымен өз халқының артта қалып қалғандығына қынжылады:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Өмірді қайта жасауда өнер-білімнің зор құрал екенін Абай баса айтады. Шынында да, феодалдық–рухшылдық басым болған ауылға, дін мен қараңғылық қаптаған ауылға өнер-білімнің енуі үлкен өзгеріс енгізетін күш еді. Өзінің көп шығармаларында Абай халықты өнер-білімге шақырып жар салды. Ресей үкіметінің отаршылдық, әкімшілік әрекеттерін, елді аздыратын сын пейілдерін қатты сынаса да, Абай мәдениеттен, орыстың ұлы адамдарының ашық ой-пікірлерінен қашпады, қайта өзі сол кездегі Ресейдің прогресшіл мәдениетінің, асыл ой-пікірлерді қозғаушы аяулы адамдарының рухани досы болды. Сөйтіп келіп Абай қазақ халқын сол мәдениеттен пайдалануға үгіттеді. Феодалдық әдет-ғұрыпты, қараңғылықты жақтайтын ескішіл топтарға қарсы шығып орыстың өнер-ғылымын үйреніңдер, деп жар салды. «Орыстың ғылымы дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі, орыстың тілін білсең көкірек көзің ашылады» деп насихаттады Абай. Жалпы орыс атаулыдан үріккен және оның мәдениетінен ат тонын ала қашқан кертартпа қауымды мінейді:
Орыс теріс айтпайды,
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды.
Ұлы орыс халқының мәдениеті бүкіл адам баласы жасаған мәдениетке апаратын үлкен жол екенін әбден түсіндіріп айтты Абай. Абайдың бұл данышпандық ақыл-өсиеті өз тұсындағы кертартпа қауымға қарсы үлкен шабуыл болса, бертін келе байшыл-ұлшылдардың орыс халқы жөніндегі арам пейілдеріне де зор соққы болды, қазіргі заманда бұл пікірдің біздің мақсатымызбен тығыз байланысып жатқандығы өз өзінен түсінікті.
Орыстың өнер-ғылымын үйрегнуге адамгершілік мақсаттарды қоя келе Абай орыс оқуын оқуда шен құмарлық қуып жүргендерді сөгіп былай дейді: «Орыстың ғылымын баласына үйреткен хандар сол арқылы тағы да қазақты аңдысам екен дейді». Немесе мына өлеңін алайық:
Ойында жоқ олардың
Салтыков пен Толстой
Я тілмашшы, адвокат
Болсам деген бәрінде ой.
Жемқұмарлықты сөге келіп:
Қызмет қылма оязға
Жанбай жатып сөнуге, -
дейді де, оқыған жастарды халыққа қызмет етуді, Салтыковтар сияқты халық қамын ойлайтын ақылгөй болуды өсиет етеді.
Ғылым алуға, өнерлі болуға шақыру, өз халқына мәдениетті аңсау, надандықты сөгу – Абай шығармасындағы өзекті мәселелер. Ал өнерге ұмтылмаған жастарды Абай өз шығармаларында қатты сөкті. Қазақ жастарына батагөйлік ақыл айтып:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерің болса арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Тетігін тап та бар қалан!
Абайдың бұл данышпандық сөзінің мәнісі жас қауымды әлеумет өмірінің саналы қайраткері етуді көздеу еді. Сол арқылы өнерлі, білімді жастарды ескі кертартпа әдет-ғұрыптарға қарсы қою, аруағына, беделіне сүйенген ақсақал-билердің, бай-болыстардың дөкірлік істерін ақиқатшылдықпен, ой-парасатпен жеңдіру еді.
Сізге ғылым кім берер
Жанбай жатып сөнсеңіз
Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтсын, бай айтсын –
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой бермей,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Данышпан Абай кертартпа қауыммен күресіп жаңа өспірім, жас буынға ақиқатшылдықты, турашылдықты осылай үгіттейді. Сол арқылы қазақ аулына жаңалық енізуді көздеді.
Абай өзінің көп шығармаларында білімсіз, еңбексіз жүрген арамтамақтарды, қылжақбас жастарды қатты сынады.
Еңбегі жоқ еппенен мал табам деп
Сендіре алмай сене алмай сенделеді...
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас
Сұм нәпсің үйір болса тез тиылмас.
Адал еңбекпен өнер, қайратпен өмір жасауды насихаттайды. Феодалдық әдетті осылай қатты сынай келе, Абай өз халқын өнерге, еңбекке шақырады.
Абай - қазақ халқының ұлы ақылгөйі, қамқор ақыны. Өзінің жүректі тербеткен көркем шығармаларында ескі ой, асыл пікірлер айтып, сол кездегі қазақ қоғамындағы қым-қиғаш қарым-қатынастарға кемеңгер төреші, әділ сыншы, жарық жол іздеуші халықтың батагөйі болды. Феодалдық-буржуазиялық салтқа, пейілдерге қарсы шығып, әділеттік, адамгершілік ой-пікір түйіп көтерді. Қараңғылық, жауыздық дүниесіне қарсы шығып, мәдениет дүниесін арман етті. Жан-жақтан қысымға түскен халқының келешегін ойлап қайғырды. Сол шырмаудан құтылу үшін қазақ халқын мәдениетке, прогреске шақырды, жауыздыққа қарсы күресуге шақырды. Тар кезеңдегі өзінің асыл ой-пікірлерінің іске аспағандығына, өз халқының қараңғылықта қалғандығына қынжылды:
Адасып алаңдама жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық қамалмай.
Не ғылым жоқ, не еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал таба алмай.
Кемеңгер ақын айтқан түзу жолға шығуға қазақ халқының ол кездегі қоғамдық дамуының сатысы мүмкіндік бермеді. Ресей үкіметі болып ауылдағы болыс, билер болып қалың бұқараны шырмауға салып, қысым дүниесінде тұншықтырды. Ұлы ақынның тамаша идеяларының іске асуына өз заманасы, өз ортасы тұсау салды, ақынның ұлы жанына, ақыл ой-пікірлеріне шабуыл жасады. Сондықтан Абай шығармасында сол заманнан торығушылық, жалғызсыраушылық, мұңаюшылық сарындары туады.
Менсінбеуші едім наданды.
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме
Көп наданмен алысып,
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.
Ескішілдік әдетіне қарысқан надан болыс, билермен күрескен Абай осыдан келіп жалғыздық күйін шертеді. Патша Ресейінен түңіліп, күйікті болған Лермонтовтың басындағы жалғыздық мотиві Абайда да болды. Лермонтовтың осы сарындағы өлеңдерін аударғанда да Абай өз жанының күйі есебінде, қараңғы қазақ даласынан шығарған зар есебінде аударды. Абайдың қайғы-мұңы сол тұстағы халық басындағы ауыр күннен, зорлықшыл заманының сұмдық әрекеттерінен туды.
Жүрегім менің қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден
Қайтып қана қаласың сау,
Қайтқан соң көңіл әр неден, –
деп, зорлық, қиянат дүниесіне қарғыс айтты. Алайда Абай өз санасындағы тәтті қиялдан, ащы арманынан ешқашанда тоқыраған емес, өз халқына ізгі өмірді, әділетшіл кең тұрмысты аңсауды, қараңғылық дүниесіне лағнат айтуды ұлы ақын жад етіп өтті.
Абайдың қазақ әдебиеті үшін сіңірген еңбегі аса зор. Абай - біздің жаңа әдебиеттің басы, қазақ поэзиясын кең арнада салушы, біздің жазба әдебиетімізді жоғары көтеруші, асқан ақынымыз. Абай - қазақтың тіл тазалығын сақтап, әдебиет тілін өрістетуші ақын. Абай - қазақтың публицистикалық әдебиетіне негіз салған жазушы. Жалғыз-ақ замана жағдайларына байланысты Абай үлкен роман, драмалар жаза алмай кетті. Алайда Абайдың бізге қалдырған мұрасы үлкен. Абай әлі күнге дейін теңеуі жоқ көп өлеңдер және поэмалар жазып кетті. Пушкиннің, Лермонтовтың данышпандық шығармаларын аударып, оны бізге өнеге қып кетті. Абай шығармаларында бізге азық болғандай адамгершілік асыл пікірлер бар, біздің сезімімізге тиерліктей асқан сұлулық сымбаттар, қасиеттер бар. Бұл асыл қазынаның иесі - жаңа заманның адамдары біздерміз. Сол біз жасап отырған социалистік мәдениетке Абай мұрасы да келіп қосылады.
Данышпан ақын болашақ қауымға:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім.
Мыңмен жалғыз күрестім күнә қойма!
деп арыз айтады. Кешегі кер заманда өз халықының өркені, келешегі үшін қайғырып, әділеттік, адамгершілік туын көтерген ұлы ақынның бұл күйін әділетке, мәдениетке ие болып отырған қазақ халқы қастерлей біледі. Қазақ халқы өзінің ұлы ақынының тамаша идеялары мен асқан ой пікірлерін, тамаша шығармаларын зор бағалап, өзіне дос, өзіне серік, өзіне мәңгі өшпейтін мұра етеді.
Коммунист. – 1940. - № 9. – С.27-36.
Латын қарпінен қазіргі қаріпке аударып,
сайтқа дайындаған І курс студенттері:
Асқар Әсем, Абдрасил Наурызбай,
Нұрболқызы Айнұр