Қабдеш Жұмаділовпен бір сапар

Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің өмір жолындағы бір белес туралы бұл естелік мақалаға әйгілі ақын Дулат Бабатайұлының зираты қалай табылғаны, т.б. арқау болған.

232

Қабдеш Жұмаділовпен бір сапар - adebiportal.kz

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтың есімі оқырман қауымға кеңінен танымал. Он роман, жиырма бір повесть, жетпістен астам әңгіме жазған тарлан талант мұнымен қоса қоғамдық құбылыстарға да дер кезінде үн қосып, қалам тербеген қабырғалы қаламгер. Жазушының жазғандарының қай-қайсысын оқысаңыз да ойланбай, толғанбай қала алмайтыныңыз шындық. Қаламгер шығармаларындағы көркем тіл, көрікті ой сізді еріксіз баурап алады. Барлығы нанымды, көңілге қонымды. Әр сөз, әр сөйлем өзінің орнында. Шашау шыққаны, орнын таппай одағай тұрғаны жоқ. Жазушы нені жазса да оқырманын баурап алатындығы неліктен? Жұрттың бәрі білетін қарапайым сөздер боямасыз өмір шындығымен өріліп, жазушының ой-сана елегінен өтіп, қағаз бетіне түскенде құлпырып сала беретіні қалай?

Қаймағы бұзылмаған қазақтың салт-дәстүрі сақталған ортада өскен, көкейін көк жүзінде еркін самғаған қырандай асқақ мұрат, асыл арман тескен Қабдештің тап осындай тарлан талант иесі болып өсуіне оның өмір сүрген ортасы әсер етті десек артық айтпаймыз. Ол өскен орта көсемдіктің, шешендіктің бағын асырып, бәсекесін арттырған орта болатын. Ол өмірге келген әулет сол елге қызмет еткен ел ішіндегі тағылымды әулет болды. Арғы ата-бабалары – әйгілі Бұқа батырдан бастап Бәйімбет, Баймұрат батырлар тарихтың қойнауына кеткен сонау бір ел басынан өткен алмағайып, қиын-қыстау күндерде елін, жерін жолбарыстай жортқан жоңғар басқыншыларынан корғаған қайтпас-қайсар батырлар болғандығы жұртқа мәлім. Одан бергі аталары – Сымайыл зәңгі мен Күдері билер де елдің сөзін ұстаған, жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, жоқ жітікке қол ұшын берген, демеу болған марқасқалар. Өз әкесі Жұмаділ де қатардағы қаражаяу қазақ емес, бабаларынан үлгі-өнеге алған, әділеттің жолын ұстанған ақ сүйек қаракөктің тұқымы. Осылардың қай-қайсысы да қара сөзге ұста шешендігімен дараланған жандар. 

Жастайынан жан сарайы ашық, көкірегі ояу Қабдеш ағамыз осындай өмір мектебінен өткендігі мәлім. Табиғатынан құйма құлақ, зейінді бала естігенін, көрген-білгенін көңіліне түйіп өсті. Адамның жас күнінде естігені, көргені мен білгені, көңілге тоқып-түйгені тот баспас асылдай келе-келе өзіне қызмет етеді екен. Қабдеш ағаның қара сөзге келгенде ешкімге дес бермейтін қасиеті бала күнінен өскен орта, туған топырақтың ықпалы арқылы орнығып, қалыптасқан қасиет деп ойлаймын. Қабаңмен бірнеше рет сапарлас болған кездегі тағы бір байқағаным, ол кісінің еске сақтау қабылетінің ерекше екендігі. 

Қабаң көзбен көріп, құлақпен естігенін ешқашан ұмытпайтын адам екен. Кейбір жазармандар секілді көрген-білгенін қойын дәптеріне қондырып, диктофонға жазып алмаса да қаз-қалпында санасына сақтай алатындығына куәгер болғаным бар. Бұл енді былайғы адамдарда көп кездесе бермейтін таң қалдырмай қоймайтын Алла сүйегіне дарытқан қабылет дер едім. 

Өз басым жаратылысы бөлек жайсаң жанның атын ертерек естігенім бар. Ол кезде біздің үй Тарбағатайдың күнгейіндегі Еміл өзенінің бойында отыратын. Бір Анар әжем аяқ астынан Тыныбай үкірдайдың ауылына қонаққа баратын болды. Сол жылғы қоңыр күздің жаймашуақ күндерінің бірінде сәскеге таман өзіміз «Көк байтал» атап кеткен қолдағы бар жалғыз мініс көлігі көк биені әкем өрісте жүрген жерінен алып келіп ерттеді де әжемді үкірдайдың ауылына қарай жолға салды. Ол ауыл біздің үйден онша алыс емес, төбесі көрініп тұратын үш-төрт шақырым жерде ғана еді. Содан түс ауа әжем қайтып оралды. Қоңыр күздің шуақты күніндей әжемнің жүзі жарқын, көңілі көтеріңкі көрінді. Алдынан шығып, атын ағашқа байлап, айылын босаттым да, ілесіп үйге ендім. Әжем үйге кірісімен қуанышын әке-шешеммен бөлісіп жатыр екен. Мен кірген соң бір сәт тына қалды. «Келер көктемде осы ел советке қарай қотарыла көшетін көрінеді» деген әжемнің самбырлаған сөзін ап-анық естіп қалдым. Қастарында біраз отырып едім, ешқайсысы тіс жарып ештеңе айытпады. Әңгіменің тақырыбын мүлде басқа жаққа бұрып, өзара әлде нені әңгімелесіп отырды. Демек мен естуге тиіс емес әңгіме. Біраздан соң мен қулыққа басып, ұйқым келіп тұр деп жатып қалдым.

Мені әбден ұйықтады-ау деп ойласа керек, үлкендердің әңгімесі шәй ішіп отырып қайта жалғасты.

– Үкірдайдың ауылына барғандағы үлкен жаңалықты жаңа айттым. Келесі көктемде ел советке қарай қотарыла көшетін көрінеді. Оны өзім жақсы танитын, бұрын Шәуешекте тұрған, ана жылы совет гражданы ретінде ата жұртына көшіп кеткен Хасен деген қарияның өз аузынан естідім. Оның айтуынша бұл істі бастаушы ана бір жылдары Совет пен Қытайдың дос кезінде Алматыға оқуға барған, кейін ел арасы бұзылған тұста Қытай қайта шақырып алып, Үрімжіде бірнеше жыл сүргінде болған атақты Күдері бидің немересі Қабдеш деген азамат көрінеді. Сол азамат елдің қазіргі ауыр жағдайын айтып Мәскеуге, дүркін-дүркін хат жазып, шекараны ашып, мұндағы халықты қабылдауды сұрапты. Совет өкіметі оның сөзінің шындығына көз жеткіп, жұрттың аужайын түйіп қайтуға бұрын осы жақта болған өзі сияқты бірнеше жансызды жіберіпті. Қабдеш баламыз болса, қылғұрт )ытайдың тарапынан қатаң бақылауда көрінеді. Сондықтан азаматтың атын атауға абай болу керек дейді ол. Немерем қанша дегенмен бала ғой, бірде болмаса бірде байқамай айтып қоюы мүмкін, - деді әжем сыбырлай сөйлеп. Өтірік ұйықтап жатқан мен бұл сөздерді анық естідім.

Келер жылдың көктемін елмен бірге біз де асыға күттік. Тарбағатайдың күнгейіндегі қалың қотарыла көшті. Кейіннен білдік, сәуірдің 10-ы мен мамырдың 1-іне дейінгі аралықта екі елдің арасындағы 5 заставадан өткен атты-арбалы, жаяу-жалпылы көш күндіз-түні толассыз ағылған. Сол салқар көштің соңын ала біздің үй де шекарадан өтті-ау. Жарықтық менің әкем Көксеген – ел дегенде едігедей жанын үзетін адам еді. «Көке» десе болды көлиіп түсіп, қоң етін кесіп беруге дайын тұратын ол, ежелгі әдетімен алдымен шекарадан ауылдастарының ішіндегі үлкен адамдары бар, жағдайы ауыр отбасыларын көшірісіп, біздің үйелмен елдің ең соңынан қозғалған едік. Әлі есімде, темір торы алынып тасталған шекарадан өткен кезде әлгі тор дереу қайта құрылып, шекара жабылды. Сондағы қуанғаным мен мұңайғаным есімнен кетпейді. Қуанғаным – бала күнімнен аңсаған ата мекенге табанымыз тиді. Мұңайғаным – ең алғаш осы көштің қуанышын біздің шаңыраққа жеткізген аяулы әжем Анардың бізден бөлініп, жат жердің топырағын жамылып, артта қалғандығы. Шекарадан өтерден екі ай бұрын өзінің көрген түсін өзі жорып: «Сендер елге аман-есен өтесіңдер, маған осы жерден топырақ бұйратын тәрізді» дегені бар еді асыл әжемнің. Өзінің көріпкелдік қасиеті бар қарт әжемнің осы айтқаны айнымай келді.

Шекарадан өткен соң біз Шыңғыстаудың күнгейіндегі Шұбартау жеріне табан тіредік. Келген жеріміз ақын Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» дейтін әйгілі өлеңі жазылған Байқошқар өлкесінің бойындағы Байқошқар ауылы еді. Ол кезде ұлы хәкім Абай жазған «Жаз» атты өлеңнен бейхабармыз. Қаражартас деген Байқошқар өзенінің бойындағы табиғаты тамаша бұйраттың күнгейіне түсіп, әкемнің арғы беттен көшерде тастамай ала келген ата-бабасынан келе жатқан қараша үйін тігіп отырдық. Сонда отырғанымызда осыдан бір жыл бұрын Емілдегі қонысымызда атын әжемнен естіген Хасен деген қарт іздеп келді. Әке-шешеммен жөн сұраса келіп, осыдан бір жыл бұрын кеңес өкіметінің астыртын тапсырмасымен арғы бетке барғанын, онда Тыныбай үкірдайдың ауылында өткен жиында сол елдің жұртқа сөзі өтер беделді адамдарымен кездескенін тілге тиек етті. Ақсақал әжемнің арманына жете алмай дүниеден өткенін естіп, әке-шешеме көңіл айтып, аруағына құран бағыштады. Содан соң осы елдің көшуіне ерекше күш салған, Смайыл зәңгінің, Күдері бидің ұрпағы Жұмаділдің баласы Қабдырашиттен хабарларыңыз бар ма, бері өте алды ма деп сұрады. Саясаттан хабары жоқ қарапайым шаруа адамдары ол жағын қайдан білсін. Менің әке-шешем ештеңе айта алмады. Сонда «Есіл ер қытайдың қақпанына түспей, елмен бірге өте алса жарар еді» - деді қарт терең күрсініп. Мен Сымайыл зәңгінің, Күдері бидің немересі «Қабдырашит деген кім?» деп ойландым.

Қабдырашидтің – Қабдеш Жұмаділов екенін кейіннен білдік. Осы бір жайсаң жанды жақсы ағамен кейінде талай мәрте дәмдес, тұздас, сапарлас та болдым. Ол кісінің қаламынан туған таңғажайып талай шығармаларын сүйсіне оқыдым. Алматыда оқыған студент кезімде оқта-текте көшеде кездесіп, амандасып жүргенім болмаса жақын араласа қоймағанмын. Тек 1990 жылы өткен Республика Парламентінің сайлауы қарсаңында ғана алғаш рет жақынырақ жүздесудің сәті түсті. Өйткені ол кісі сол кездегі Семей облысы бойынша Парламентке депутаттыққа ұсынылған үш кандидаттың бірі ретінде Шұбартау халқымен кезесуге келген-ді. Соның алдында ғана Семей облысынан ұсынылған тағы бір кандидат Әкежан Қажыгелдиннің жұрт сенген өкілі болған едім. Алайда ауылыңа рухани жақын ағам келіп жатқанда алдынан қалай шықпайсың. Қабаңды қасындағы жора-жолдастарымен бірге қарсы алып, шаңырағыма шақырдым да қадірменді қонақ ретінде қал-қадерімізше төредей күттік. Құрметімізге риза болған болар, Қабаң ас үстінде алғысын білдіре келіп, менің ҚазМу-дің журналистика факультетінде білім алғанымды есіне алды. Жұмыс жағдайымды сұрап, шығармашылық туралы да айтып өтті. Мен ептеп өлең, әңгіме жазатынымды айттым. 

– Шығармашылықпен айналысатын адам үшін ескі жыр-дастандарды, қазақтың қара өлеңін көп оқу керек, - дей келіп Қабаң, ескінің есті сөздеріне көбірек зер салып, тасбұлақтың суындай қайнардан мейірің қана сусындауың қажет деген ақылын айтты. Ақын, жазушы боламын деген адамға алтынға бергісіз асыл сөздің мәйегі сонда жатыр деп бағыт-бағдар берді. Cірә «жақсыдан шарапат» деген халқымыздың жақсы сөзі осындайда айтылған болар.

Одан кейінде Қабдеш ағамен телефон арқылы ара-тұра хабарласып тұрдым. Қабаң сондай кездерде ел мен жердің жағдайын, бала-шағаның амандығын тәтпіштеп сұрайтын. Ағалық ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беретін. 1997 жылы Семей облысына қарасты аудандар ірлендіріліп, Шұбартау ауданы тарап, Аягөз ауданына қосылған тұста ағамен телефон арқылы тағы да тілдескен едім. Себебі сол қарсаңда Аягөз ауданында әкім болған Айбек Каримовтың қабылдауында болып, осы уақытқа дейін атқарған қызметім, аудандық мәдениет бөліміне меңгеруші болуға шақырылған едім. Ел мен жерге бауыр басып қалғандықтан ба, бір шешімге келе алмай, келісім бере алмай қайтқанмын. Қабдеш ағадан осы жайында ақыл сұрағанымда бірден: «Аягөз тоғыз жолдың торабы ғой, шырағым. Сенің ол жерге баруың керек. Себебі аякөздік ағайындар Абайдың ұстазы, әйгілі ақын-жырау Дулат Бабатайұлының қай жерде жерленгенін білмей жатыр. Біреу анда, біреу мында дегенді айтады. Әзірге ешкім тап басып айта алмай отыр. Ал енді өмірі сол өңірде өткен Дулат бабамыз аспанға ұшып кетті деймісің, Ақшатау маңында жатқандығы анық. Олай болса жыр жампозының жатқан жерін тауып, нақтылау қажет. Аякөзге бар да осы іске ат салыстын бол. Мұнымен қоса Аякөз, сенің Алматыда оқитын балаларыңның жол азабын тартпай келіп-кетуіне де қолайлы, өздеріңнің де жүріп-тұруларыңа ыңғайлы жер. Айбек ініміз енді шақырса тартынба», - деді Қабаң кеңес беріп. 

Сол күні Семей облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мәулемғазы Масалимов ағамыз да телефон соғып, менің Аякөзге баруымның қажеттігін айтты. Ол аудан әкімі Айбек Каримовтың: «Бір жыл ішінде мәдениет бөлімінің төрт бірдей басшысын айырбастадым. Біреуінің жұмысы көңілімнен шықпады», - деген сөзін есіне алып, оған сенің кандидатураңды ұсынған мен едім, неге бірден келісім бермедің. Аякөз шалғайда жатқан Шұбартау емес қой. Темір жолдың бойында, тоғыз жолдың торабында жатқан жер. Былай барсаң Алматы, былай жүрсең Семей, шығысыңда Үржар мен Мақаншы, батысыңда – өзің өскен Шұбартау. Саған бұдан артық қандай қолайлы қоныс керек. Жұмысты жаңа істеп жүрген жоқсың. Ақсаған шаруаны көтеру сенің қолыңнан келеді. Қобалжыма, қажет кезде өзім көмектесемін. Сен оданда бүгінгі күннің проблемасы болып тұрған Дулат Бабатайұлы бабаңның жатқан жерін табуға ат салыс. Бұл туралы миниср Еркеғали Рахмадиевке де айттым. Өзіңде телефоны бар шығар. Жоқ болса берейін. Еркеғали ағаңа хабарлас», - деді Мәкең қадап айтып. 

Туған жері Шұбартау ауданы, орта мектепті Баршатастан бітірген Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиевпен сөйлестім. Ол кісі де Аякөзге барып жұмыс істеуімнің керектігін айтты. Мәулемғазы ғана емес, осында бізде – нақтырақ айтқанда Қабдеш, Мұхтар ағаларың мен Несіпбек бауырың болып осылай ұйғарып отырмыз деді. Расында мені бала күнімнен бері білетін Мұхтар Мағауин ағам да, Несіпбек бауырым да Аягөзге баруымды құптап отыр екен. Сонымен дәм тартып, Аягөзге келіп, жұмыс істей бастадым.

Ол жылдар қиын кез еді ғой. Ауылдың ажары кетіп, адамдар не істерін білмей дағдарып тұрған кезең болатын. Қайда барсаң да жұрт көшіп кеткен, есік-терезелері аңқай-саңқай, алаң-ашық үңірейген үйлер кездесетін. Осындай кезде әсіресе көп зардап шеккен мәдеиет саласының ғимараттары болғандығы жасырын емес. Бір кездері қызық-думанның базарындай болған қайран ғимараттар әбден бүлінген-ді. Бірінің есігі, енді бірінің терезесі жоқ. Тіпті басқа-басқа бір кездері шаруасы дүрілдеген кеңшардың орталығы болған – Мыңбұлақ ауылындағы мәдениет үйі өртеніп, шаңырағы ортасына түскен екен. Оған көршілес Ақшәулі ауылындағы мәдениет үйі де кетеуі кетіп, әбден бүлініпті. Орындықтардан жұрдай мәдениет үйінің еденіндегі тақтайларға дейін түгі қалмай қолды болыпты. Төбесіндегі шиферлар шұрық тесік. Андыздап аспан көрінеді. Себебі төбенің жапқан тақтайлары да тоналған. Сыртқы кіре беріс бөлмесінің қабырғасы шалқайып құлаудың аз-ақ алдында тұр. Мәдениет үйі мен паралел салынған спорт залдың «П» әрпі тектес екі ортасын қосатын бұрын көркемөнерпаздар шешініп киінетін бөлме мен кітапхана болған ғимараттың қабырғасының жартысы жоқ.

 Олардан бергі үлкен күре жолдың бойындағы Нарын ауылдық мәдениет үйі де өртеніпті. Тарбағатай ауылындағы жаңадан салынып пайдалануға әне-міне берілгелі тұрған қос қабатты жаңа типтегі мәдениет үйі орнымен тып-типыл. Ақшидегі жаңадан салына бастаған мәдениет үйінде де сондай көрініс. Ондағылар тіпті кітапхананың қайда болғандығын да білмейді. Сол сияқты Бейімбет Майлин атындығы, Ақшатау ауылдық округіндегі мәдениет ошақтары оқыралаған сиырдың, шыбындаған жылқының көлеңкелейтін орнына айналған. Ал Қарағаш ауылдық округында бұрыннан бәлендей мәдениет ошағы болмапты. Тарлаулы мен Қопа ауылдық округіндегі ғимараттар да талан-таражға түскен. Қысқасы жау шапқандай жағдай. Себебі аталған мәдениет орындарындағы қызметкерлер бұл ауданда әлдеқашан оңтайландырудың өткір қайшысына ілігіп, қысқарып қалыпты. Иесіздіктің салдары әлгіндегідей.

Ол кезде көлік дегенің қат. Ауылдардың арасына қатынайтын қоғамдық көліктер атымен жоқ. Бір ауылдан екінші ауылға жету күш. Машина ма, трактор ма, кез-келген көлікке отырып баруға тырысасың. Осындай жағдайда әр ауылға барып, мәдениет ошақтарының жағдайымен танысу қиынның қиыны болғандығын айтып жатудың өзі артық. Дегенмен табандылық танытып, әр ауылға барып, жағдайды көзбен көруге тырыстық. Осындай жұмыстармен жүргенде көне көздерден Дулат Бабатайұлы бабамыздың жатқан жерін анықтау мақсатында сұрау сала жүруді де әсте естен шығармадық. 

Сол жылдары ауылдарды айтпағанда, Аякөз қаласындағы аудандық жалғыз мәдениет ошағы саналатын бұрынғы темір жолдың иелігіндегі, қазіргі «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мәдениет үйінің де халі мүшкіл жағдайда еді. Аудан орталығындағы жалғыз мәдениет ошағының өзі жаңбыр жауса жабындысы әбден тозғандықтан төбесінен сорғалаған су бірінші қабаттағы фоэсінің еденін көлге айналдыратын. Несін жасырайын, сол кездері жаңбыр жауған сайын төбесі қашан ортасына опырылып түсер екен деп алаңдайтынмын. Біртіндеп уақыт өтіп, қоңыр күз келді. Одан соң қыр астынан қылышын сүйретіп қыс та жетті. Жылу жүйесі бұдан бұрынғы жылдарда жарылып қалғандықтан атымен жоқ. Үлкен зал мен фоэнің қиюы қашып, әбден ескірген есік-терезесінен ішке саулап кірген суықпен қоса иненің жасуындай жерден саңылау табатын борасыннан бұрыш-бұрышты қар мен қырау басатын. Мәдениет бөліміндегі бірді-екілі қызметкер мен кейіннен жаңадан жұмысқа алынған өнерпаз жас буынның күшімен төбені де, есік-терезелерді де ақысыз-пұлсыз өз қолымызбен ептеп-септеп, жамап-жасқап, жылылаған болдық. Сөйтіп жүріп суық залда бір емес, бірненше рет өзіміз алғаш ұйымдастырған «Баян сұлу» ән-би ансамблінің, «Аягөз» ұлт аспатар оркестірінің концерттерік бағдарламасын жұртшылық назарына ұсындық. Сондағы өнерпаздардың алатын жалақысы да мардымсыз, 0,25 проценттік ставка болатын...

***

Сонымен қанша жыл бойы белгісіз болып келген Дулат Бабатайұлы бабамыздың жатқан жерін айтқан кім дейсіздер ғой? Ол кісі – Аякөздің байырғы тұрғыны Ғабдылахмет Шәкеров ақсақал. Жұма сайын мешітте жұрттың ортасынан табылатын, айттарда қоңыр дауысымен күңіренте құран оқитын, аузында Алласы, қолында қасиетті Құраны бар, жұрт ерекше сыйлап құрметтейтін қадірменді қарт. Мен ол кісіні бұған дейін де бір емес, бірнеше рет аудан әкімі Айбек Каримовтың алдынан көрген едім. Дулат Бабатайұлы бабамыздың жатқан жерін бір білсе осы көшелі қарт білер деген оймен үйіне арнайы іздеп келдім. Бұйымтайымды білген соң ақсақалдың жүзі жайдарланып сала берді. 

– Дулатты да сұрайтын, іздейтін жан баласы болады екен-ау, - деп қарт қатты қуанды. 

Біреу арнайы келіп сұрамаса, іздемесе абыз қарттың көкірегіндегі алтын сандықтың кілті қалай ашылсын. Көкірегі даңғыл қарт төгілтіп қоя берді. 

Тегімді менің сұрасаң,

Қалың найман нуынан.

Жырымды менің сұрасаң,

Сары алтынның буынан.

Сырымды менің сұрасаң,

Тұманың тұнық суынан.

Кеудеме қайғы толған соң,

Тұнық жырмен жуынам.

Сорғалаған нөсердей,

Жырын тыңда Дулаттың, - 

деп жырлаған бабаларың ғой ол. 

Дулаттың «Қайғылыны уаттым» деген осынау толғауын тоқтаусыз төкпелеген ол Дулат бабасының бұдан басқа да жұрт біле бермейтін жырларының бірнешеуін бірінен кейін бірін аса бір көтеріңкі көңіл күймен айтып шықты. Содан соң сәл тыныстап:

– Бабаларың баяғы ата қонысы мына Ақшатаудағы Лебайдың Қызыл ағашы деген жерде жатыр, - деп біз көптен күткен жаңалықты айтты.

– Бәрекелді! – дедік біз де қуанып. – Анық қой... 

– Ап-анық. Оны маған осыдан оншақты жыл бұрын Дулат бабаларыңа туыс болып келетін Асқар деген адамның қызы Шәрбан апаларың айтқан. Бұл күнде 95 жастағы Шәрбан апаларың жүріс-тұрыстан қалып, қарттық жеңген жағдайда. Дегенмен қаланың осы «ет комбинат» аталатын ауылда тұрады. Ол кісімен де ауызба-ауыз сөйлесіп жағдайды нақтылай түсулеріңе болады, - деді.

Ертеңінде біз Шәрбан апаның үйіне бардық. Ол кісіні біздің адымызда бірер күн бұрын Таңсықта тұратын балалары алып кетіпті де кездесудің орайы келмеді. Дегенмен Ғабдылахмет ақсақалдан барлық жағдайға қанығып алған соң Алматыдағы ағаларға шүйінші сұрап телефон соқтық. Еркеғали Рахмадиев шетелге іс сапармен кетіп бара жатыр екен. Бұл мәселені назарынан тыс қалдырмай әр сөйлескен сайын елеңдеп отыратын Қабдеш ағамыз сол күні-ақ поезға билет алып, жолға шығатындығын айтты. Мұхтар Мағауин: «Қабаң барса, ол кісіден асатын жұмыс жоқ қой», - деді. Ертесінде Қабаңды пойыздан қарсы алдық. Үйге келген соң Қабаң дастарқан үстінде Ғабдылахмет ақсақалдың хал-жағдайын сұрады. «Денсаулығы жақсы, бақуатты, тың», - деген бізге: «Қабаң, үйінде телефоны бар ма?» - деп сұрады. Мен телефоны төсегінің жанында, дәл қасында екендігін айтып едім бірден қарияға хабарласты. Аудан әкімі Айбек Мүталлапханұлы машина жіберіп, қартты дереу алғызды.

Сол күні жазушы мен қарт емен-жарқын ұзақ әңгіме-дүкен құрды. Ертеңінде абыз ақсақал Ғабдылахмет пен Қабдеш аға бастаған, жиыны оншақты адам жолға сенімді көліктерге мініп, Ақшатау өңіріндегі Лебайдың Қызыл ағашы деген жердегі Дулат Бабатайұлы мәңгілік тыныс тапқан жерді бетке алып жолға шықтық. Ақшатаудан өткен соң қос қапталдағы қоңыр таудың ортасындағы дала жолымен батыс солтүстікке қарай тарттық. Мезгіл дала жасыл түске еніп жасанған мамыр айының соңғы күндерінің бірі болғандықтан, жолаушылардың көңілдері көтеріңкі. Қалың бұйрат тау ішіне сұғына кіргеннен кейін-ақ ақ қайың, қызыл қайың тұтаса өскен жықпыл-жықпыл сай-саладан көз ала алмай келеміз. Алуан түрлі алқызыл гүлдер өскен қалың шөбі белуардан келердей қау болып өскен өңірдегі адам аяғы баспаған ескі жол қаншалықты көмескілене түскенімен, көкірегі даңғыл қарт бағыт-бағдарынан айрылмай межелі жерге адастырмай алып келді. 

– Лебайдың Қызыл ағашы деген осы ара, - деді қарт бағанадан бергі тал-қайыңды бұйрат белдерді артқа қалдырып, көлденең жатқан көк өзектен өткен тұста. Көліктер солға бұрылған жолмен тағы да алға біраз жер жүріп барып, қарсы беттегі қоңыр тауға тірелетін қарағанды өзектің оң жақ қабағына келіп тоқтады. Содан соң:

– Ал айналайындар, бабаларыңның жатқан жері осы, - деді Ғабдылахмет қарт қарағанды өзектің біз тоқтаған тұсындағы төмпешікті иегімен нұсқап. Әлгі жердің қарағанының биіктігі соншалық, арасына өзге түлік түгілі, өркеші баладай атан түйе кірсе де көрінбей қалатындай екен. Сол арада сәл тұрған соң мен төмпешікке жақындап, биік қарағандарды біртіндеп қайырып, алға жылжып қарасам, әлгі төмпешік біз ойлағандай қабыр емес, едәуір аумақты зираттың бір жақ қабырғасы сияқты көрінді. Менің соңымнан өзге жас жігіттер ерді. Ақыры үсті-басымызды бұтаға ілдіріп, алты қырлы ескі зиратты бірнеше айналып шықтық. Соңғы жолы тобымызға Қабдеш аға да қосылып, мазардың солтүстік батыс жақ төріне сол маңайдағы беткейден біз әкеліп қолына ұстатқан ат басындай ақ тасты қойып, қаншама жыл көзден де, көңілден де таса болып келген Дулат бабамыздың мәңгілік мекенін тапқанымызға ерекше қуандық. Қабдеш аға бізге маңайын қалың жыныс қарағаннан тазалауды тапсырды. Үйткені алдағы 2003 жылы Дулат Бабатайұлы бабамыздың туғанына 200 жыл толатын.

Ертеңінде Қабдеш аға Шыңғыстаудың теріскей бөктеріндегі «Құндызды», «Жүрекадыр» жеріндегі әйгілі жырау Ақтамберді Сарыұлының басына тәуап етуге барды.

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз..., - 

деген небәрі екі жолға көшпенді жұрттың көкірегіндегі күллі арманын сыйдырған ғажайып жыраудың тоқсаннан асқан шағында мәңгілік тыным тапқан жері еді бұл. Ақтамберді зираты төрт құлақты шағын ғана бейіт екен. Маңындағы басқа қорым-зираттардың тастары шашылып, жермен жексен тегістеліп кетіпті. Жырауға тұрғызылған белгі де тым қораш, арзанқол көрінді. Оның үстіне бір кезде осы өңірге орнаған совхоз үйлерінің бір шеті жырау жатқан қырқаға тым жақын салынғандықтан әлгі қорымдар мен зират өрістен қайтқан мал аяғының астында қалыпты. О баста айналасын қоршап, аруақты құрметтеу ешкімнің ойына келмеген сияқты. Қабдеш аға осы жайларға жаны күйзеліп, қатты қынжылды. Бірге жүрген ел ағаларына басшылықтағы азаматтарға жеткізіңіздер деп біраз өтінішін айтты.

Бұдан соң жазушы Жүрекадырдың шығысындағы жазық далада қыш кірпіштен тұрғызылған Кенжеғұл бидің күмбез кесенесіне барып зиярат етті. Бұл бүгінгі сапарда бірге жүрген Абай, Шұбартау аудандарында басшылық қызметте болған, Мақаншы ауданындағы Арқалды кеңшарын ұзақ жыл басқарған, есімі Ертістің Семей өңіріне танымал Қайыртай Қажығұлов пен Аягөз ауданында кеңшар басшысы болған Рамазан Нашановтың аталары екен. Ал Кенжеғұл болса – Қу дауысты Құттыбайдың немересі. Оны Қабаң кезінде таратып жазған-ды. Ұрпағының айтуынша кімге болсын айтарын бет-беделіне қарамастан тура айтатын тілі ащы, шешен кісі болыпты. Бұрын бұл жер сыбанның жері екен. Ақтамберді жыраудың Жүрекадырда жатуының себебі де сондықтан.

Жазушы сапарының келесі күнін Ащысу, Жыландыдағы Барақ төре мен Әріп ақынның кесенелерін аралауға арнады. Одан соң Еңірекей, Үш биік, Арқат тауларының маңын аралап, осындағы жаңкөбек сыбандар жайлаған қыстау-қоныстардың орнын көрді. Оның сыртындағы Апатай бұлағының басындағы Ақтайлақтың балалары: Әкімбай, Кеңесбай, Жарасбай, Сабырбайлар, олардан туған Жарқынбай, Түгелбай, Жұмахан, Өзбахандар қойылған бейне бір пантеон іспетті қалың қорым зираттарды аралап, аруақтарға құран бағыштады. Одан әрі екі-үш кезең астындағы әйгілі ақын Шәкір Әбеновтің басына да тәуап етті. Зираттың іші-сырты ақтыққа толы екен.

Қабаң осы сапарында көптен бері көкейінде жүрген тағы бір жаңа романның сұлбасын сомдап, айқындай түсуді алдына мақсат еткен-ді. Ол ойын жазушы осы сапар кезінде жанында жүрген абыз қарт Ғабдылахмет ақсақалға жасырмай айтқан. Ежелгі Аякөз жерінің бұрынғы және кейінгі аумағын аралап шығып, оның бар болмыс панарамасын көз алдынан өткерген күндерде сол ойына, алдына қойған мақсатына жетіп, жан-дүниесі жадырай түскен.

Осы маңнан бір кездері Семейден шығып Аякөзге келетін күре жол өткен екен. Көптен бері ешкім жүрмей, қоғалана өскен қалың шөп басқан жол тағанымен бір кездері тартылған телеграф бағаналарының тас тұғырлары сол өткен күндердің белгісіндей әлі де бәз-баяғы қалпында тұр. Ақтамберді мен Ақтайлақтың іздері қалған, кейін Абай мен Шоқан, Потанин мен Янушкевич, Дулат пен Түбек, Әріп пен Әсет болған даңғыл ғой бұл. Сол жолмен жүрген Қабдеш аға бір кездері ары-бері өткен жолаушыларға ат дайындап тұратын Арқат пен Еңірекей бекеттерінің орнында да болды. Олардан өткен күндердің ізін көргендей көп нәрсені көкейіне түйді.

Келесі күні жазушы Аякөз жеріндегі Биесыймас, Қайрақты, Қызылтас жайлауларын аралады. Мұнда Байқара би мен Байқара ұлы әйгілі Ақтайлақтың зираттары осы өңірде болатын. Нақтырақ айтқанда Қайрақты мен Балтақара өзендерінің түйілісінде. Барақтың әкесі Солтабай төре мен қарадан шығып, Хан Қисық атанған, қазақ халқы үшін аса бір күрделі кезеңде Көкпекті дуанына аға сұлтан болған Қисық Тезекұлының кесенесі де ол жерден онша алыс емес, осы өңірде. 

Жазушы онда аудан әкімі Айбек Каримовтың тікелей башылығымен Байқара мен Ақтайлақ билердің басына бұған дейін бұл өңірде болмаған өзгеше жобамен ақ кірпіштен әдемілеп тұрғызылып жатқан күмбездерді аралап көрді. Әрқайсысы сегіз қанат қазақ үйдің аумағындай күмбездердің сыртын орай айналып тұрғызылып жатқан жаңа кесенелер жазушыға ұнады. Сонда осы кесенелердің жобасынан бастап барлық жұмысына өзі араласып, басшылық жасап отырған Айбектей аудан басшының ісіне дән риза болған еді. 

Одан әрі Солтабай төренің бейітіне зиярат жасады да, Хан Қисықтың жатқан жерін бетке алды. Оған барар жолда оңтүстік шығыс жақтағы Тарбағатайдың сілемінен басталатын бұйрат белдерден ағып шығатын Еспенің жайылма суынан өтуге тура келді. Жүргізушілер су жағасында аялдап, асты езіліп кеткен шығар, машиналар батып қалуы мүмкін десті. Сол сәт жазушы төбесі көрініп тұрған баба зиратына бармай кеткенді жөн көрмей аяқ киімін шешіп, балағын түре бастады. Қабаңа қарап бәрімізде солай істедік. Сол сәт мен ел арғы беттен ата жұртқа өткен кездегі тас-талқан болып тасып жатқан өзеннен осы Қабаңды арқалап өткен Қажытай Ілиясов ағамыздың ерлігі есіме түсіп:

- Аға мен сізді арқалап өтейін, - дедім. 

Мезгіл мамыр айы болса да су әлі суық еді. Жолаушылап жүргенде ауырып қалармын деді ме, ағамыз келісті. Мен жазушыны судан арқалап өттім. 

Сол бір күндерде бастарынан өнегелі өмір, қилы күндер өткерген ағалардың арасында талай әңгімелер шертілді. Шетінен шежіре, ділмар, шешен жандар бірінің сөзін бірі сабақтап, талай дүниенің басын қайырған. Әсіресе көпті көрген көненің көзі Ғабдылахмет Шәкерұлы ақсақал мен Жазушы Қабдеш Жұмаділовтың әңгімелері айыз қандырды...

Сапардың келесі күні өзгелер қалып, жазушы екеуміз тағы да жолға шықтық. Жазушы бұл жолы аудандар ірілендірген тұста көршілес Үржар ауданына қарап кеткен бұрынғы Таскескен ауданына қарасты таңбалы тастары бар Тарбағатайдың күнгей бетін аралады. Ол таңбалы тастарды аралаған кезде кейбір тастардың тұсына тоқтап, оларға зер сала қарап:

– Мынау еркек тас, ал мынау ұрғашы тас екен, - деді. – Тіпті кемпір тас, келіншек тас дегенді де сол жолы жазушының аузынан естідім. Ол әрбір тастың тұсынан өтіп бара жатып, оның сыртқы пошымына қарап-ақ әлгі тастарды бір-бірінен ажыратты. Қабаңныңайтуынша айналадағы табиғат, жан-жануар, күллі дүние бәрі-бәрі жұп құрайтын көрінеді.

Таскескеннен қайтар жолда жазушы жұрт аузында «92» деген атпен аталатын жерге аялдап: 

– Адам баласы мәңгілік емес қой бауырым. Есіңде болсын, мен дүниеден өткенде халқым мені осы бір тоғыз жолдың торабына қойсын, - деген мұңайыңқырап. Бұл сөзді ел ардағы сол сапарда ой түйіп алғаш рет маған айтты ма, әлде менен бұрын да өзгелерге айтты ма, ол жағын білмеймін. Жақсы аға қазір сол өзі қалаған қасиетті мекен – «92» шақырымда мәңгілік мекенінде жатыр. 

Ақаш Көксегенов 

Аякөз ауданы,  Абай облысы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan