Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қара қылды қақ жарған Құнанбай би...

09.02.2024 1593

Қара қылды қақ жарған Құнанбай би

Қара қылды қақ жарған Құнанбай би - adebiportal.kz

Құнанбай Өскенбайұлына 220 жыл

Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы бұрынғы Семей облысы Шыңғыстаудың бауыр жағына құлай ағатын «Хан өзені» деген өзеннің жағасында ақпанның қақаған аязды күнінде туыпты. Әкесі Өскенбай Тобықты руының биі болған, әділдігімен танылған адам.

Ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы – Қазақстан тарихындағы із қалдырған тарихи тұлға, би, қоғам қайраткері болған адам. Қазақ шежіресінде Құнанбай бидің арғы ата-бабалары былайша таратылады:

Арғын – Қотан – Дайырқожа – Қарақожа – Кенжесопы – Тобықты – Рыспетек – Мұсабай – Сүйірбас – Сары – Кішік – Өйтек – Олжай – Айдос – Ырғызбай – Өскенбай –Құнанбай.

Ел аузындағы шежіре ақындарға қарасақ, осы аталардың бәрі де шетінен осал кісі болмағанын көреміз. Ең әуелі «Арғынның арғы атасы –Қотан ақын» деген қанатты сөз елге жайылып кеткен. 

Алашта Арғын ата туған зерек,

Өзгеден сол кісінің жөні бөлек.

Арғынның тұп атасы ақын Қотан,

Өлеңге бізден ұста болса керек, - деген Жанақ ақынның өлеңі бар. Демек, Арғын ұрпақтары шетінен ақын, әнші сөзге шешен-ділмар болып өсіп-өнгені көрініп тұр. Қотаннан кейінгі атасы Дайырқожа болса Әбілқайыр ханның сенімді биі екен. Оның шешендік әділдігі жөнінде ел «Ақжол би» деп ұрандап кеткен.

Дайырқожаның бәйбішесінен Қарақожа одан Кенжесопы туады. Қанжығалы мен Тобықты осы Кенжесопыдан екен. Бұл екеуінен де кезінде ел билеген мықты кісілер шыққан. Тобықтыдан Рыспетек одан Мұсабай би туған. Мұсабай би әйгілі – Әз-Жәнібек ханның белгілі, беделді шешен биі болған. Сол Мұсабайдан Сүйірбас, одан Әлі, Қожаберген, Сары деген батырлар шыққан. Олар атақты Есім ханның сенімді қолбасшы батырлары болып, талай жорық соғыстарға қатысқан. Түркістан шаһарын жауданазат етер кезде Әлі батыр Түркістан ханы Тұрсынның Қоңырбике деген қызын алып келіп, інісі Сарыға қосыпты. Сарының бәйбішесінен Мәмбет сопы мен Кішік туады. Кішікті ел келе-келе «Күшік» деп атап кетеді. Сол Кішіктің тоқалынн атақты Әнет (кейін ел «Әнет баба» деп кеткен) туады. Әнет баба – көріпкел әулие абыз екен. Ол алды артын болжап айта беретін қасиетті кісі болыпты. Әнет баба 1626 жылдары туып, 1723 жылғы жоңғар басқыншылығы кезіндегі бір соғыста алты баласымен бірге жау қолынан мерт болады. Екі қабат бір келіні аман қалып, одан ұл туады. Оның атын жақсы бабасының соңғы тұяғы деп «Бақай» қояды. Сол Бақайдан Әтек ата ұрпағы тарайды. Әйтектің бәйбішесінен Олжай, ал тоқалынан Байбөрі, Қалқаман туады. Байбөрі ел басқарған беделді кісі болған соң «Бөкең» аталып кеткен. Осы күнгі «Бөкең балалары» сол Байбөріден таралған. Ал Қалқаман өзі сері, әрі батыр жігіт екен. Ол өзінің Мамыр деген қарындасына ғашықтығынан жазықты болып қалады. Әнет би оны өлім жазасына кеседі. Бидің бұйрығы бойынша Қалқаман садақ кезеніп тұрған жігіттердің алдынан шауып өте бергенде, ауыр жараланып аман қалады. Қалқаман еліне өкпелеп, Алатау асып кетеді. Ол Жетісуды жайлап отырған нағашысы Үйсіндер ауылына жетіп пана табады. Осы күнгі Алматы жанындағы «Қалқаман ауылы» сол Қалқаманның қалған үрім-бұтақтары. 

Ал, Әйтектің үлкен баласы Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек тарайды. Жігітектің бәйбішесінен атақты Кеңгірбай би туған. Сол Кеңгірбайға билік тиген соң – ақ Тобықты еліне еркіндік орнаған. Оған дейін Тобықты әр елдің талауында боп жүреді екен. Айдос момын ғана шаруа болыпты. Оның Айпара деген бәйбішесі сол ауылды билеген да, беделі асқан, ақын ана болған екен. Айпара анадан Ырғызбай, Торғай, Көтібақ, Топай туады. Бұлардың ішінде Ырғызбай айбынды Абылай ханның айтулы биі болады. 

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты белгілі тарихи еңбегіне негізделе дайындалған шежіреде барлығы көрсетілген. 

Өскенбайдан басталатын билік бұл ұрпақтың қолында 150 жыл бойы тұрды. Кеңес үкіметі келгенге дейін Тобықты елінің билігін қолдарынан шығармады. 

Құнанбайдың анасы Зере ақылды, парасатты, кісі ренжітпейтін байыпты, кең мінезді болған. Бүгінгі күнге Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжан, әкесі Құнанбайдың суреттері сақталмаған. Ұрпақтарының айтуы бойынша салынған суретшілердің туындылары ғана бар. Оның ішінде Сидоркин туындылары және Н.Өтепбаев суреттері көпшілік жерлерде қолданылады. 

Жастайынан әкесінің жанында жүріп ел билеу ісіне араласып жөн-жосық көріп қалған Құнанбай билік жұмысын тез игеріп ілгері алып кетеді. Оның ел билеу әдістері әкесі Өскенбайдан ерекшелеу болады. Кейбір мінез, билік кесімдері әкесінен асып түседі. Қайсар, қатал мінезді Құнанбай би әрдайым алған бетінен қайтпайтын, алысқанын алып жықпай қоймайтын, жер дауы, жесір дауы, күң дауы және сондай ел арасындағы дау-жанжалдарға билік айтарда бұлтармай, жалтақтамай билікті кесе-кесе батыл айтатын адуынды да қатал би болған. Ел билеуі 1831жылы әкесінің орнына Күшік-Тобықты болысының старшындығына сайланудан басталады. Осыдан 1856 жылға дейін билік тізгінін қолынан шығармаған.

Құнанбай Өскенбайұлы 1846 жылы генерал Вишневскийдің Ұлы жүз қазақтарын Ресейдің боданы ету мақсатында жүргізген арнайы экспедициясына қатысты. омбыдан шыққан экспедицияның алдына бірнеше міндет қойылады. Басты міндет – Ұлы жүз басшыларымен Лепсі өзені бойында кездесу еді. Сол кезде Сібір қазақтары шекаралық бастық генерал Вишневский басқарған экспедицияның құрамына басқарманың канцелярисі (хатшы) болып істейтін Адольф Янушкевич кіреді. Осы экспедицияға Құнанбай Өскенбайұлы да қатысады. А.Янушкевич сапардан достарына хат жазып тұрады, сапар үстінде көрген-білгенін күнбе-күн қағаз бетіне түсіріп отырады. Соның ішінде ол осы сапарында көп уақыт бірге жүріп, үзеңгілес жолдас болған Барақ сұлтан мен Құнанбай Өскенбайұлы туралы жазғандарын білеміз. 

А.Янушкевич Құнанбай Өскенбайұлын алғаш рет көргенде оның табиғатынан асқан ойшылдық пен кемеңгерліктің, үлкен ақылдың иесі екенін бірден аңғарған. 

1846 жылы маусымның 11 күні түнде Аягөзде бір даулы іс біткеннен кейін, ол Польшадағы Густав Зелинскийге мынандай хат жазады: «...Ташкент – Бұхар қырғыздар арасындағы бұл дау маған өз халқының ішінде қадірі жүрген, бүкіл дала тайпаларының жарық жұлдызындай екі азаматты танытты. Мен саған Барақ сұлтан мен Құнанбай би жайында аз ғана әңгіме шертейін», - деп жазады. «Құнанбай би Барақ сұлтаннан бір-екі –ақ жас үлкен, бұл да бүкіл елге әйгілі адам. Қарапайым қара халықтан шыққан Құнанбай жаратылыстан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі, халқының қамын ойлайды, оған жақсылық жасасам дейді; елінің ежелгі жол – жобасына, Әлқұранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік; Ресей өкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережелеріне өте жетік; қара қылды қақ жарған әділ, адал азамат; Құнанбай халқының қасқоры, оны жұрт пайғамбарындай көреді, сондықтан одан ақыл-кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатады. Тобықты деген мықты рудың қалауымен ол болыстық қызметке сайланып қойған, елден ерек білгіштігінің арқасында бұл қызметті тасқаяқтай қағыстырып, тамаша жақсы атқарады, оның айтқаны екі болмайды, қабағын қақса, іс орнына келіп жатады», - дейді Құнанбай Өскенбайұлы туралы.

А.Янушкевич еліне келіп қайтыс болғаннан кейін, Есілде айдауда бірге болған ең жақын жосы Густав Зелинский оның хаттары мен күнделіктерін туыстарына тапсырады. Туыстары оның біраз материалдарын іріктеп, 1861 жылы поляк тілінде Парижде бастырады. Екінші басылымы 1875 жылы Берлинде жарық көреді. Музей қорында сақтаулы осы басылымның көшірмесі Санкт – Петербургтегі Салтыков-Щедрин атындағы ғылыми-көпшілік кітапханасынан алынған. Сонымен бірге Адольф Янушкевичтің саяхат туралы жазбаларынан үзінділер және 1979 жылы «Жалын» баспасынан Мұқаш Сәрсекеевтің аудармасымен қазақ тілінде жарық көрген «Күнделіктер мен хаттар» кітабы да бар. 

Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» кітабында: «...Құсбек алынған соң орнына Тобықты Құнанбай мырза Өскенбайұлы 1849 жылы, яки 50 жылы аға сұлтандыққа сайланады. Мұнан бұрын аға сұлтандар болар-кетер болып өткен болса, бұл сайланысымен, сол жылы-ақ мешіт салдырып, құрбандық шалып ресми ашты. Оның тәуір-ақ әділеттілігі мен жомарттығы да бар еді, алайда кешікпей жақындарымен бір даушарға килігіп қақтығыс болып, 1855 жылдары орнынан түсті. Құнанбай орнынан алынған соң, Тобықтының көбі Семейге қарап кетті»,-дейді. 

Қ.Өскенбайұлының болыстық және билік қызметі туралы архив деректерден таныс болуға болады. 

1842 жылы толтырылған анкетада:

- «Құнанбай сын Ускенбая, старшина, 36 лет, весьма умен, справедлив, пользуется от народа особенным уважением и доверием. Кучук – отделение – Айдос. От командира отдельного Сибирского корпуса за преданность к русскому правительству и нахождение при отряде в 1840 году посланном против мятежного султана Кенесары Касымова, награжден коричневым суконным халатом, обложенным галуном 6 июля 1840 года». (ҚР ОММ. Ф -374, о-1, 2892, 164б. об)

Сырттай Кенесары қозғалысына қарсы күрескер ретінде көрінгенімен, оған астыртын қолдау жасап, көмек берген. 

Мәскеудің әскери-тарихи архивінен алынған деректерден білетініміз:

- 1844 жылы 30 шілдеде – Күшік-Тобықты болысының управителі болып сайланады.

- 1846 жылы 11 маусымда Кенесары Қасымовтың қозғалысын басуға қатысқаны үшін хорунжий атағы беріледі. 

Патша өкіметінің қазақ даласына енгізген заңдары бойынша 1842 жылы ережеге дейінаға сұлтан лауазымы төре тұқымынан басқаларға берілмейтін. Қатардағы рубасы бидің төрелерді ысырып тастап мұндай мансапқа қол жеткізуі біріншіден, патша өкіметінің хандық биліктің негізі болған төрелердің беделін төмендетуге бағытталған, олардың қазақ қоғамындағы саяси ықпалын жоюды көздеген тереңнен ойластырылған астарлы саясаты болса, екіншіден, Құнанбайдың халықтың әдет-ғұрпы мен мұсылман шариғатын терең білуінің, дариядай шалқыған ақыл-ойының, туа біткен басшылық қабілетінің арқасы екендігінде. Ол қажет жерінде қатал да, қаһарлы да бола білген, бірақ адамға деген мейірімнен айырылмай, жетім жесірлерге қамқорлық та көрсеткен. Оның төңірегінде тіпті әр ұлттың өкілдері жүруі соның айғағы.

Музей қорында Құнанбай замандасы Көкшетау округінің аға сұлтаны болған Шыңғыс Уәлиханов түскен тарихи фотосурет те сақталған. 

Омбының облыстық тарихи архивінен алынған «Главное Управление Западной Сибири» По донесению справляющего должность Пограничного начальника сибирских киргизов о противозаконных поступках старшего султанаКаркаралинского округа и волостных управителей Ускенбаевых. Часть 1-ая. Часть 2-ая. 19 февраля 1854 – 30 марта 1861 гг. 882 л. Осы іс қағаздарының 380-381 беттерінде Шыңғыс Уәлихановтың ықпалымен Құнанбайды тергеуден босатып алғаны туралы жазылған Бұл тергеу 15 жылға созылады, ақыры шешемін таппай, ұмыт болып, Қ.Өскенбайұлы жазаға тартылмай, құтылып кету себептері де осындай адамдардың ықпал-әсерінен болса керек. 

Жоғарыда айтылған істің беттерінде аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының берген мәліметтерін растайтын мөрі қойылған. 

Сонымен қатар, Құнанбай Өскенбайұлының аға сұлтандық қызметін дәлелдейтін Мәскеудің тарихи-әскери архивінен алынған құжат «Формулярный список Хорунжего Кунанбая Ускенбаева». Бұл құжат 1859 жылы толтырылған. 

1822 жылы Ресей патшалығы «Сібір қазақтарын басқарудың уақытша ережелері» деген заң шығарды. Осы заң бойынша қазақ даласында хандық жойылып, оның орнына аға сұлтандық билігі орнады. Аға сұлтандар тек қана хандар, төрелер тұқымынан белгіленуге тиісті еді. Бұл кезде Қарқаралы округіне қарайтын. 

1824 жылы Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып подполковник Тұрсын Шыңғысұлы тағайындалса, 1844 жылы Тұрсын аға сұлтандықтан алынып, оның орнына Бөкейдің баласы Құспек аға сұлтан болып сайланды. Оның билік басында болуы алты жылға созылады. Кейін 1842 жылғы «Об избрании старших султанов в Киргизской степи» атты ережеге сәйкес, 1849 жылы төре тұқымы емес, қарапайым қазақ қоғамынан шыққан Құнанбай Өскенбайұлы аға сұлтан болып сайланады. Құнанбайдың аға сұлтан болған уақыты 1849-1853 жылдары сәйкес келеді. 

Аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының атын Үш Жүзге әйгілі еткен іс – әкесі Өскенбайға берген ұлы дүбір ас. Өскенбай би 1850 жылы 72 жасында қайтыс болады. «Құнанбай әкесіне берген Шыңғыстауда емес, жер ортасы Қарқаралы, Көкшетауға таяу кең, алқап, жазық жерде өткізеді. Бұл асқа қалың Арғынның жеті момын, бес мейрам руларын қосымша Уақ, Керей, Найман, Кіші жүз, Ұлы жүздің де бай бағландарын шақырады. Бұл ас бұрынғы, соңғы астардың ең ірісі болады», - деп жазады Ә.Жиреншин «Ақынның өмірі» атты мақаласында. 1851 жылы шілде айында Көкшетаудың Арғын ішінде Қамбар руы жайлаған Көкжайдақ жерде ас берілген. 

Асына Өскенбайдың ел жиналды,

Бас қосып үш жүз бірдей мұнарланды.

Бойында Қарқаралы, Қу, Ереймен,

Мың сан қол бұлтша шөгіп жатып алды.

Қайнаған қыбыр, қыбыр құрттай болып,

Сарыарқа мал мен басқа кетті толып.

Теңіздей жер қайысқан келген жанға,

Тұмандай шаң тозаңы көкті шолып.

Ілияс Жансүгіров

Құнанбайдың әкесіне ас бергені туралы көптеген деректер бар.

Шын мәнінде Құнанбай - тағылымы мол, бойында адамға тән жақсылық қасиет заманнан заманға үлгі боларлық, ұлттық сананы сақтап қалған тұлға. Оның балаларына жасаған әкелік қамқорлығы, қазақ үшін, бүкіл ұлтымыз үшін мақтан тұтарлық әке екендігі мұрағат құжаттарын  ақтарғанда айқын көрінеді. Балалардың дүниеге келуі мен өсуіне, олардың жастайынан бітім-болмысының жетілуіне көреген әке көп мән берген. Олардың рухани танымына бағыт берумен қатар, мінез – құлқының қалыптасуына қарай жағдай жасап, ақыл-кеңес беріп отырған.

Абайды ең алғаш шешендік өнерге баулыған, оның бойындағы асыл қасиеттерді байқап, оны дамыту үшін Абайды әр түрлі даулы мәселелерді шешуге бет бұрғызып, ел, жер көруіне себепші болған  –  әкесі Құнанбай еді.

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты.

Ескендір, Темір, Шыңғыстай

Мұсылманда атақты.

 

Мұқым қазақ баласы

Тегіс ақыл сұрапты.

Тобықтыны ел қылып,

Басын жиып құрапты.

Мекеде уақып үй салып,

Пәтер қып, жаққан шырақты.

Бір құдайдың жолына

Малды аямай бұлапты.

Ажал уақты жеткен соң,

Соның да гүлі қурапты.

Қажыны алған бұл өлім,

Сабыр қылсаң керек-ті.

                                                Абай

Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «Құнанбайдың денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы, қыр мұрын, сұлу болған. Балғын зор денесі – балуандыққа, өткір көзі – ерлікке, басы – ақылдылыққа сәйкестене біткен»,- деп жазған. 

Әрхам Кәкітайұлының естелігінде: «Құнанбай мұсылманша көп оқымаған адам. Өскенбай тұңғыш қызы Тойбаланы одан екі жыл кейін туған ұлы Құнанбайды ел ішінде зекет, садақа жинап, қошқар-теке алып жүрген бір қожаны қолына сақтап оқуға беріпті. Тойбала «әфтиектің» сүресін, Құнанбай «ежігін» оқып жүргенде қожа өз жайымен кетіп қалады да, бұларға оқу есігі жабылады. Шала оқып қалған Құнанбай намаз, ораза-зекет сықылды дін жолын ел ішіндегі шала молдалардан сұрап құрастырып біліп, ұстанып одан әрі қарай білуге құмартып жүреді», - дейді. Міне соның арқасында табиғатынан дарынды Құнанбай өздігінен оқып, шағатай тілін меңгеріп, түрікше жаза да білген. Кейін заманының талабына сай орыс тілінен де қара жаяу болмаған деген де деректер кездеседі.

Шәкәрім Құдайбердіұлы кейін шежіресінде: «...Қажы марқұм бұл елдің надан кезінде туып, шала хат танып қалса да, әкесі Өскенбай биге әр жақтан келген хаттарды оңашаға алып барып бірін-біріне салыстырып, өзінен-өзі оқып, түркі кітапты оқитұғын болыпты», деп айтқан сөздерінен мұсылманша хат танығанын білеміз.

Құнанбай Өскенбайұлы 1874-75 жылдары қажылық жолмен Меккеге барған. 

«Құнанбай ел басқару жұмысын балаларына қалдырып, өзі тағат, ибадат, ораза, намазға бой ұрып үйіне отырып қалды деп жоғарыда жазған едік. Енді ол кісі жетпіс бір жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағыбатолла, құдай үйіне – Меккеге барып тауап қып қайтайын деп едім»,-деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап беріседі.

Абай өзі басқарып Мекке жақтың жолын, жөнін жазып беріп және ауызша ұқтырып жібереді. Ол күнде жол қатынасы өте қиын, Семейден ат-арбамен шығып Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып поездге мініп, Қара теңізден параходқа отырып көп михнат көріп бір айдан асқанда Мекке қаласына жетеді», - деп жазады Әрхам Кәкітайұлы естелігінде. 

1911 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіренің» авторы – немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы. Атасы туралы «Құнанбай марқұм қажы» деп құрметпен, мақтанышпен жазады: «Шежіре түрікті» жазған Әбілғазы ханнан бізге қалған бір мирас, шежіре жазғанда өзімізді мақтап аз сөз жазбақ едік. Бірақ менің өзімді мақтарлық лайық ісім жоқ болған соң, ұлы атамыз Құнанбай қажы марқұм жайынан сөз сөз жазамын»,-деп атасы туралы сөзін бастайды да «1874 жылы қажыға барғанында қазақ қажылры түсетұғын Меккеде бір тәкиә, яғни үй сатып алып құдайы қылып еді. Осы күнде кіші тәкиә деп атайды. Марқұм қажының дін туралы қылған істерін түгел айтып, бұл кітапшаға сиғыза алмаспын, қазақ ішінде атын үш жүздің қазағы түгел білетұғын орны бар еді. Бірақ бұл күнде ертегі сөз сықылданып ұмытылған шығар», - дейді.

М.Әуезов жазбаларынан: «Сонымен қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң, 8-9 жыл өмірін ылғи дін жолындағы құлшылықпен өткізген. «Бұл жылдардағы өмірі өзінің жаратылысында бойына біткен қаттылық, беріктігінің белгісімен ерекше күнде өткен. Меккеден келген соң «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдқтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылуда болған... Осымен Құнанбай 1886 жылы 82 жасында қайтыс болған», - деп жазады. 

Құнанбай Өскенбайұлы өзінің қыстауы Кіші Ақшоқыда жерленді. 

Ақшоқы – Абай ауданының солтүстігіндегі тау, Абайдың қыстауы тұрған жер. Ақшоқы тауының Ералы жазығымен жлғасатын ортаңғы бөлігіндегі алыстан еңселене көрінетін екі шоқы – «Үлкен Ақшоқы», «Кіші Ақшоқы» деп аталады. Кейде «Шеткі Ақшоқы», «Құнанбай Ақшоқысы» деп бөлектейді.

Ақшоқының бауырындағы қырат үстіндегі үлкен бейітте Құнанбай қажы мен оның іні-балалары, ағайын-туыстары жерленген. 

2022 жылы Ақшоқыдағы  Құнанбай қорымының қабырғасынан табылған 1888-89 жылдары Қазан қаласындағы баспадан жарық көрген, Құран кітап музейге табысталды.

555 беттен тұратын Құранды 1977 жылы ғалым-дәрігер Ерментай Ысламұлы, Семейдегі досына келген сапарында тапқан. Ұзақ жылдар сақталған жәдігерді аманат етіп Абай елінің тумасы, техника ғылымдарының докторы, халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі Академиясының академигі Бақдәулет Құмарға тапсырған екен. Б.Кәкімұлы білікті мамандармен бірлесе отырып зерттеу жұмыстарын жүргізіп киелі кітапты өз еліне қайтарды. 

Б.Кәкімұлының айтуы бойынша Е.Сламның Мәскеудегі И.М.Сеченов атындағы №1 медициналық институтының аспирантурасында бірге оқыған Орынбасар Бейсенбин деген досы сол жылдары Семей медициналық институтының нефрология бойынша кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. Ақшоқыда өткен досының үйлену тойына Алматы қаласынан келген Е.Слам Құнанбай қажының қорымы барын естіп, құран оқып қайтуға зират басына барады. Жергілікті кірпіштен қаланған қорымды айнала жүріп, үш жақ қабырғасы құлағанын байқап, құламаған солтүстік жақ ұзын қабырғаның жоғарғы жағында таушалай қаланған, қобдиша тәрізді тесіктің аузын көрген екен. Сол жерге қолын созып көріп, ішінен қалың кітапты байқайды. Сыртқы беттері қатты, шеттері дымқылдау сарғайған құран кітабын көріп қатты толқыдым деп өз естеліктерімен бөліскен екен. Ақ орамалға орап Алматыға алып кеткен бұл қасиетті кітапты 45 жылға жуық өз жеке архивінде сақтайды.

2021 жылы ғалымдар жиналған тойда Бақдәулет Кәкімұлымен кездесіп, осы сырымен бөліскен.  Сол сәтте ұзақ жылдар сақталған құнды жәдігерді аманат етіп тапсырып, Абай еліне қайтаруын өтінген екен. 

Қолына түскен кітапты музейге тапсырмас бұрын Б.Құмар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қайдан, қашан шыққанын анықтап алуды жөн санапты. Осы орайда Құран ғаріптерін терең зерттеп шұғылданған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетіне қарасты «Жазба жәдігер рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зубайда Шадқам және «Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия» кафедрасының доценті Шынар Калиева үлкен қолдау білдірген. Сондай-ақ зерттеу барысында кітап ішінде бет көлемі кіші басқа құранның 14 беті де болғаны анықталған.

Ал қазіргі күні көгілдір экран арқылы ұсынылып жүрген Құнанбайға арналған фильм және еліміздегі театр сахналарында қойылып жүрген спектакльдерге келер болсақ.

Құнанбай фильмі — 2015 жылы шыққан қазақстандық тарихи драма, Құнанбай Өскенбайұлы туралы өмірбаян-фильм. Премьерасы 2015 жылы болды. Сценарий авторы Таласбек Әсемқұлов. Режиссер Досхан Жолжақсынов.

Фильмді түсірген Д.Жолжақсынов бір сұхбатында: «Көкейімізде Құнанбайды айтсақ – Абай, Абайды айтсақ – Құнанбай тұрады. Оған қоса, киноны сонда яғни, Абай ауданында түсірдік. Көпшілік сахнасына қатысқан – сол жер. Кино түсіруді бастамас бұрын алғаш барып, сол жердегі ақсақалдардың батасын алдық; Құнекеңнің басына барып, ту бие сойып, құран бағыштадық; бәйгесін бердік. Енді фильмнің алғашқы тұсаукесерін сол жерден бастау - менің азаматтық парызым», - деді.

Спектакль бойынша 2021 жылы елімізде екі театр Құнанбай Өскенбайұлына арнап қойылымның премьерасын өткізді. Бірі Астана қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры. Сценарийін Таласбек Әсемқұлов жазған «Құнанбай» атты  драмасымен Қаллеки театрының репертуары толықты. 

Тағы бірі Ақтау қаласында Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Құнанбай мен Абай» пьессасы сахналанды. Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында, театрдың арнайы тапсырысы бойынша жазылған ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушановтың «Құнанбай мен Абай» пьесасында «Құнанбай мен Абай сырласады»,- дейді театр актерлары.  Қойылымда Абай қазынасының заман мен уақыт төрелігіне бағынбайтын мәңгілік, өзекті, өміршең, сарқылмас мұрасы – поэзиясы, әндері мен ғақлиялары қолданылды. 

Сонымен қатар, Құнанбай тақырыбында бірқатар ғалымдар зерттеу жүргізіп, кітап болып басылып шығып жатқан еңбектер бүгінгі күні жас зерттеушілерге жол көрсетуде. 

Арай Талғатқызы

Абай музейінің жоғары дәрежелі маманы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар