Хусеин Рахми Гөрпынар. Әйелдер

Шекуре ханым жай сөзін құлақ қоя тыңдамаған әйелдерге тағы да соңғы амал ретінде енді көңіл айта келгендерге «баланы әңгіме қылмайсыңдар» деп ант-су ішкізді. Бірақ бұдан да еш пайда болмады.

82

Хусеин Рахми Гөрпынар. Әйелдер - adebiportal.kz

Кішкентай табытты үйден шығарып жатқанда Вехие ханым:

– Ах, кішкентай торғайым, әке-шешеңді тастап қайда барасың? – деп жүректі тілер ащы дауыспен айқайлап жылай бастады. Содан соң ес-түссіз аласұра айқайлап, әйнектерді сындырды. Ақырында есінен тана жерге құлады. Вехиені көрген анасы Шекуре ханым немересінің қайғысын ұмытып, жанұшыра қызына қарай жүгірді. Қасына келген әйелдердің жәрдемімен Вехиеге лимон иіскетіп, аузына су тамызды. Қолдарын уқалады. Вехие жайлап көздерін ашты. Ол айналасындағыларға саусағымен жүрегін нұсқап, адам жаны төзбейтін күйіктің оттай жандырып бара жатқанын жеткізгісі келді. Ақ кебінге оралып, енді есіктен шығарылып жатқан табыттың соңынан кеткісі келетінін, сол табытпен бірге жерге көмілгісі келетінін қарлыққан баяу даусымен айтып жоқтап жатты.

Ол жоқтау зарының арасында:

 – Аһ, Кемалым! Құлыным, тірі болса беске толатын еді. Не болғанын білмей қапыда қалдым-ау! Кімнің көзі өтті, көзі шыққыр? Құлыным күйіп-жанып, дәрігер мен дәрі арасында бір апта жатты. Қатты қиналды ғой. Қас қақпай бір апта күзеттім. Молда дем салғанша қолымыздан ұшып кете барды ғой. Аһ, жәннат құсы болған кішкентай қошақаным! Аллам маған бір нәрсені білдірген екен. Мен бір нәрсенің болатынын сезген ем. Мен мұны айтып ем ғой. Мектепке баратын күні бөркіне алмастарын жарқылдатып тағып, кеудесіне шәлі байладым. Өзі сол сәтте сондай сүйкімді болып еді-ау! Ақбөкеннің көзіндей көздері мен ұзын қайқы кірпіктері, албыраған алқызыл алма бетін айтсаңшы! Сол күні оны құшағымнан шығармай, екі бетінен кезек-кезек сүйіп тоя алмадым. Сонда айтып едім, бұл бала мынандай сұлулығымен, мынандай ақылымен ұзақ өмір сүрмес дедім. Баламның әдемілігін көргендер «Тіл-аузымыз тасқа» деді. Сол күні жоғары жақтағы тамда молданың алдында сүрелерді жатқа оқыған еді...

Көршілердің бірі:

– Қоя ғой, Вехие қарағым-ау! Ол бала тегін бала емес еді?! Тірі болса Платоннан да асқан ақылды болатын еді. Өмірде мұндай ақылдылар көп жасамайды. Бір күні естеріңде ме, керек-жарақ алу үшін бәріміз артынып-тартынып қалаға, базарға барған едік қой?! Кемал да бізбен барған еді ғой. Біз базарды таба алмай адасып жүргеніміз естеріңде ме? Марқұм, жатқан жері жарық болғыр, ол да бір жәннат құсы ғой, баратын жеріне кетті. Сонда осы Кемалжан, Басташы Румды көре сала бірден біліп, «Апа, мынау базар емес пе?» деген еді ғой.

Басқа әйел де оның сөзін іліп алып:

– Ақылды еді ғой, ақылды. Айтпа, ол бала өте ақылды болатын. Есімнен әлі күнге дейін кетпейді. Мен бір күні есік алдындағы бақшаның саудагерінен бұршақ алып жатқанмын. Оған ақша ұсатам деп тұрғанымда есептен жаңылысыппын. Мен саудагерден 70 лира алуым керек болатын. Ол маған тоқсан берді. Содан мен «Әй, бақалшы саудагер! Сақалың сапсиып мені неге алдайсың? Сен маған 70 беруің керек еді, неге 90 лира беріп тұрсың?» деп айқайға бастым. Бақалшы саудагер «Ханым! Сенің ақылың жоқ па? 70 пен 90-ның қайсысы көп?» деді. Менің миым жетпеді. Қайсысы көп екенін біле алмадым. Дәл сол кезде көше бойында Кемалжан құлдыраңдап шауып барады екен. Айғайлап оны жаныма шақырдым. «Кемал балам, мына бақалшы саудагер мені алдағалы тұр. 70 көп пе, әлде 90 көп пе?» деп сұрадым. Ол кішкене көздерін маған қадап, біраз ойланды да, «70 үлкен» деді. Сосын мен: «Мен білгенмін, сен сұмырайдың қулығын. Мына кішкентай бала болмаса, мені алдап кететін едің!» деп саудагерсымақты қуып шықтым.

Осылайша жалғыз баласынан айрылған ананың зарына көрші әйелдердің еске алулары қосылып, Кемалдың артынан жоқтау айтылды. Әйелдердің біразы жылауды қойып, сабасына түсе бастағанда, 5-6 жасар баласын ертіп көрші әйел келді. Ол есіктен кіре бергенде бір әйел баланы қолымен нұсқап:

– Әй, қатын, Мехметті мұнда неге әкелдің? Ол Кемалмен құрдас емес пе? Оны көрсе Вехие ханымға қиын болады ғой! Бейшара енді ес жиып келе жатыр еді, – деп еді, жаңағы әйел:

– Не істейін? Үйде қалдырайын десем, қарайтын адам жоқ. Біздің үйдегі де жаназаға кетті. Енем үйде, оның өзі де бала, орнынан тұра алмайды, аурумын дейді, әдейі істей ме, әлде шынымен сондай ма, білмеймін ғой. Бүгін тағы да көрпеден көрпе қоймады. Түні бойы көз ілместен астындағы көрпесін ауыстырумен болдым. Бұл кемпірден көрген мехнатымды қырық жыл айтып тауыса алмаспын, – деп аузы аузына жұқпай жылпылдап сөйлеп кеткенде, Вехие ханым анадайдан Мехметті көріп жанына жетіп келді де, шешесінің қолынан жұлқып тартып алып, бауырына басты. Баланы құшақтап, бар даусымен жоқтау айта жөнелді. «Аһ, балам, Кемалым! Мехметпен құрдас еді» деп аһ ұра жылап, баланы бас-көз демей сүйе бастады. Вехие жоқтау айтып, Мехметті кеудесіне қысқанда, баланың тұла бойы қалшылдап, қызарып кетті. Қорыққанынан көздері алақандай болды. Вехие ханымның «Аһ, Кемалым!» деген зарлы үніне Мехметтің «Ойбай, апа-ау, қайдасың? Мен өліп бара жатырмын ғой!» деген жан даусы қосыла шықты. Вехие есінен танып қала жаздады. Ақыл-естен айырылғандай күй кешіп:

– Менікі менен кетті. Сақтай алмадым, өлді. Алланың әмірі осы екен, не істейін? Басқалардікі аман болсын. Қызғанбаймын. Қызығын көр, бауырым! –деп қолындағы безек қаққан баланы әлдебір зат секілді жерге тастай салды. Мехмет көрпешеге басымен түсті. Әйелдің қыспағынан құтылған бала маңдайының ауырғанын да елемей, жүгіріп барып шешесінің ұзын етек көйлегінің астына қойып кетті.

– Апа, айтшы, Вехие ханымға не болды? Кемал қайда?

Апасы жай ғана:

– Кемал өлді ғой.

– Кемал өлді ме? Өлсе қайда әкетті?

– Тыныш. Молаға әкетті.

– Ол жерде не істейді?

– Қазір аузыңды бұзамын. Молада өлікті не істейтін еді? Жерге көмеді дағы...

Бала бар даусымен айқайға басты:

– Апа, мен өлсем, мені көмбеңдер. Онда қараңғы ғой. Мен қорқам.

Мұны естіген Вехие ханым даусы қарлыға жылай сөйлеп, маңдайын төмпештеді:

– Аһ, жамағатым-ай! Менікін көмді. Кемалымды қара топыраққа берді. Мақтадай аппақ, алмадай тәтті балапаным қайда? Қара жердің астында қалды-ау... – деп өксік ата жылай бастады.

Ақ шашты бір кемпір:

– Қызым, Вехие, бұлай таусылуың жөн емес. Алланың әміріне риза емессің бе? Алла оны сенен де жақсы көреді екен, алды, амалың бар ма?! – деп басу айта бастап еді, оның сөзін жасамыстау бір қатын бөліп жіберді.

– Айша ханым! Сіз тиіспеңіз, жыласын, жылағаны жақсы, ішіндегі шерін шығарсын. Нәжует өлгенде менің көзімнен жас шықпады. Содан қарным таудай боп ісіп кетті. Біздің үйдегі мені емшіге апарды. Емші «Көзінің жасы ішіне аққан» деді.

Сол сәтте Вехие ханымның «Әй, шешелер, қайтейін-ай, ішім күйіп бара жатыр ғой?!» деген зар дауысы құлақты жарып кетті. Әлгі әйел:

– Сол да сөз боп па? Дауыс салып жыла, ішіңдегі запыраның кетсін. Әйтпесе томардай боп ісіп кетесің, – деп білгішсіне сөйледі.

– Ханым, сіз олай демеңіз. Өліктің артынан жылауға болмайды, бұл – күнә. Осылай деп кітапта да жазылған. Сен немене Қызылташтағы Гөтышелейптің уағызын тыңдамаған болдыңыз ғой, – деп жиналғандар бірінен бірі өтіп ақыл айтуға кірісті.

Қайғылы ананы жұбату үшін көңіл айта келгендер легі үш-төрт күнге дейін үзілмеді. Көңіл айтушылардың міндеті жылағанды жұбату болса, бұлардың арасында оны жүдете сөйлетіп жылатуға себеп табатындар да баршылық еді. Көңіл айтушылар көбейген сайын Вехие ханымның шері қозғалып, бейшара әйел жылай-жылай, әбден титықтап, апта соңында жанарында бір тамшы жас қалмады. Көздері құп-құрғақ. Көңіл айта келген әйелдердің алдында жыламаса тағы болмайды. Ол тілсіз сұрақтарға, азаға ұшыраған ананы бордай үгітіп, болаттай қайрат беретін жұбатуларға жыламау ұят болатын, ұят болмаса да, дәстүр бойынша айып саналатынын білетін. Бұл бірінші аптада көрші-қолаң келіп бітеді. Енді кезек баланың өлім хабарын кештеу алған ұзақтағы ағайындарға келеді. Көңіл айту үшін алыстағы аудандардан, тіпті теңіз асып келген әйелдер де болды. Баланың өлгеніне жиырма шақты күн өтсе де, соңғы келгендер – бұл оқиғаны жаңа естігендер. Олар үшін бұл оқиға – жаңалық. Келгендер күшті дауыс салып, қайғырғандарын көрсете, өздерін соншалықты жақын екендіктерін сездіріп, есіктен кірер-кірместен:

– Келе алмағанымыз үшін кешірім өтінеміз. Құдай ақы, жаңа ғана естідік. Ой, бауырым! Мына жерлерді шаң қылып, томпаңдап жүгіріп жүретін Кемал құлыншағымыз енді жоқ де. Айтуға адамның аузы бармайды. Ой, бауырым!..

Бұл зар үні жүректегі терең жараны тырналап, ханым ханыммен, қызметші қызметшімен көріседі. Келгендердің жақындық дәрежесіне қарай көрісу рәсімі басталады. Артынша көз жасы аралас жоқтауға кіріседі. Бұл әлі сыртта жасалатын рәсімдер. Бір-екі күн осылай өтеді. Бірақ Вехие ханымда жылайтын дәрмен қалмады. Ұрты суалып, әбден жүдеп кетті. Күйеуі мен анасы оның жағдайын ойлап алаңдай бастады. Дәрігерге қаратты. Дәрігерлер Вехиенің қайғы-мұңға берілмей, таза ауада серуендеуі, күтінуі туралы кеңес беріп, баланы ұмытуға көмектесіңдер деп айтады.

Шекуре ханым таусылмайтын «көңіл айтқыштарға» дәрігердің жылауға тыйым салғанын айтып, Вехие ханымды көп мазаламауларын сұрайды. Бірақ әйелдердің бәрі бірдей бұл өтінішке құлақ аса қоймайды. Бұл сөз бес әйелдің екеуінің көңіліне қонса, үшеуінің миына жетпей қалар еді. Тілдері сумаңдап айтарын айтып отырады. Осылайша мың мәрте ескертпемен Вехие ханымға көңіл айтуға келген әйелдер Шекура ханымның көзі тайып кетсе:

– Бейшара торсықтай еді. Аяқ астынан не болды екен? Сұрауға тілім батпай отыр. Қалай сұрайын? Дені сап-сау. Шауып жүрген бала. Е, бүгін бар, ертең жоқ дүние ғой. Ажал жетсе, мынау арық, мынау семіз деп таңдайды дейсің бе?

Вехие кеуіп кеткен еріндерін әрең қозғалтып жауап беруге тырысты.

– Иә, торсық шеке аппақ ұл еді. Құлыншақтай құлдыраңдап шауып жүретін. Бір күні кешке мектептен келді. Басын тіземе сүйеді. Қарасам, мазасы жоқ. «Апа, жаурап барамын» деді, көрпемен қымтап жатқыздық. Содан денесінің қызуы көтеріліп кетті, жүрегі айнып құсты. Басы ауырды-ау деймін, балапаным маңдайын, басын көрсетіп жатты. Көздері үрейленіп жан-жағына жалтақтап қараумен болды. Зәреміз ұшты. Көрсетпеген тәуіп-молда, бақсы-балгеріміз қалмады, баспаған тауымыз, ішпеген дәріміз жоқ. Бір күні дәрі беріп жатқанымда, уһ, жаным-ай, дұшпаныма да тілемеймін, қарашығымның түрі өзгеріп сала берді. Сөйтсем, ол қиналып жатыр екен ғой. Ұшып кетті ғой, балапаным! Аһ, Кемалым! – Сөзінің соңына келгенде Вехие ханым Кемал жаңа ғана жан тапсырғандай солқылдап жылай бастады. Шекуре ханым бөлмеге жүгіріп жеткенше қызы талып қалды.

Шекуре ханым жай сөзін құлақ қоя тыңдамаған әйелдерге тағы да соңғы амал ретінде енді көңіл айта келгендерге «баланы әңгіме қылмайсыңдар» деп ант-су ішкізді. Бірақ бұдан да еш пайда болмады. Бұл өлім хабарын кеш алғандар кешіккендеріне қиналып, достықтарына лайық көрмей, өздерін ақтау үшін көңіл айтуға асығады. Сыртқы есіктен кіргенде бұлардың алдынан шыққан Шекуре ханым оларға қаралы Вехиенің әбден қажығанын, жас баласы Кемалдың өлімі туралы сөз қозғамау туралы дәрігерлердің тапсырғанын қайталап айтады. Көңіл айта келгендерін сөзбен болмаса да, түр-сипаттарымен аңғартатын Вехиеге қадалған көздері: «Аһ, бейшара! Қалай жүнжіп кеткенсің? Балаңнан айрылып әбден сорлап қалыпсың ғой» деп тұрғандай көрінетін. Вехие оларға, олар Вехиеге қарап, қайғылы мұңды жанарлары түйіскенде көкірегі қарс айрылған ана байғұс шыдай алмай ақырындап: «Еһе-еһе» деп жылап қалады. Бұны келгендердің «Оһ-оһ» деген дауыстары көтеріп әкетеді. Сосын беторамалдарын шығарып, көз жастарын сүртіп, біраз аза тұтады. Бұдан соң әйелдер «Алла сабыр берсін» айтады. Өлген баланың қылықтары, оған қатысты жайттар термелей айтылса да, қайғыдан көкірегі қарс айырылып, отырған ананың халі әлсірей берді. Қызының бұл халін көрген Шекуре ханым енді есікті ешкімге ашпауға бел байлады. Үйдегі аспазшы, қызметші әйелдердің бәріне көңіл айтушыларға есік ашпауларын бұйырды. Бірақ бұл сияқты кішкене үйлерде бұйрықтың орындалуы оңай емес еді. Қызметшілер бұл бұйрықты екі-үш рет мүлтіксіз орындаса да, соңында ескертуді жайына қалдырып, есік-терезені қарамай-ақ аша салатын болды. Сылтаулары «Ойбуу, менің тарс есімнен шығып кетіпті, қара басып ұмытыппын» деседі. Бейшара Шекуре ханым не істесе де, қызын көңіл айтушылардан құтқара алмады. Вехиенің есі кіресілі-шығасылы болып, халі нашарлап кетті. Қаралы үй тағы да қара жамылды. Кемалдың өмірден өткеніне қырық күн толғанда, бұл үйден екінші өлік шығарылды. Бұл өлік – мына дүниеде баласыз жаны жай таба алмаған, жан-жүрегін көңіл айтушылар жылатып-жылатып өлтіріп тынған бақытсыз ананың өлігі еді.

Шекуре ханым отынқораға кіріп алып шықпай қойды. Ол өзіне көңіл айтуға бірінші боп жеткен ең жақын доссымағына естен кетпес таңба салуға деп үлкен бір таяқты таңдап алды.

– Сенің айдай нұрлы жалғызың Вехие қайда кетті? Анасын аңыратып, күйеуін күңірентіп, Кемалының соңынан мәңгілікке кеткені ме? Бұл қара жер кімдерді жұтпаған? Байғұс, маңдайынан соры айрылмаған Шекуре?! Не деген сорлы тағдырың бар еді?! Адам шыдамас қайғың бар басыңда. Аллам саған сабыр берсін! Бақырып жыла, іштегі запыраның шықсын! – деп дауыс салып отынқораға кіре берген көңіл айтушыларды жаралы жолбарыстай аласұрған Шекуре ханым қолындағы таяғымен бас-көз демей сабалап, біразын көкала қойдай қылып сабап тастады. Үймелеген жұрттың біразы ішіне тұнған қайғы-қасіреттен екі иығын жұлып жегелі тұрған Шекуре ханымды, қолындағы қорағаштай таяғын көріп, тым-тырақай жан-жаққа қаша жөнелді. Содан сұмдығы сол, жамағайын-жұрты кішкентай немересі мен қызының қайғылы қазасына шыдай алмай Шекире ханым жынданып кетіпті деп, байғұс кемпірді жындыханадан бір-ақ шығарды.

...Ал Шекуре ханымның таяғының дәмін тата алмағандар да, ұзақтан келген көңіл айтушылар да ол үйден «Алла сабыр берсін» деп жылататын ешкімді таба алмай, ұнжырғалары түсіп мұңайып қалды. Олардың арасында әлі күнге дейін Кемалдың өліміне көңіл айтып келіп жатқандар да бар еді. Бұлар Вехиенің өлгенін, шешесінің басына келген бәлені естіп, «Ойбай, Вехие өліпті, шешесі Шекуре жынданып жындыханаға түсіпті. Көңіл айтуға үйінде адам жоқ екен. Енді жындыханаға барып көңіл айтпасақ болмас» деп, өзіне қарай бет алып келеді екен деген ұзынқұлақ хабарды естігенде, Шекуре ханымның жүзі қуарып, тұла бойы ызадан қалшылдап кетті. Қап-қара жаулығын басынан жұлып алды да, жерге атып ұрды. Сосын қатты ышқына айқайлап жылап жіберді. Ол шынымен де жынданып кетті...

Түрік тілінен аударған: Маржан ЕРШУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan